Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Египетте жарылыстан он әскери қаза тапты

Солтүстік Синай провинциясында болған жарылыстардың бірі. Египет, шілде 2013 жыл.
Египеттің Солтүстік Синай провинциясында бүгін жарылыс болып, кемінде 10 әскери қызметкер қаза тапты. Ондаған адам жараланғандар санатында.

Египет билігінің хабарлауынша, шекараға жақын Рафах Әл-Ариш қаласынан провинция орталығына келе жатқан жолда офицерлер мінген шағын автобустың жанындағы көлік жарылған.

Египетте әскери құрылым қызметкерлеріне қарсы шабуыл шілдеде әскерилер исламшыл президент Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттеткеннен кейін жасалып отыр.

AI: Ресей заңы ҮЕҰ-ны тұншықтырып отыр

Amnesty International ұйымының логотипі. Көрнекі сурет.
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы бүгін Ресейде бір жыл бұрын қабылданған "шетел агенті туралы" заң осы елдегі тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) "тұншықтырып отыр" деп мәлімдеді.

Ұйым заң қабылданған бір жылда 1 мыңнан астам ҮЕҰ тексеріске ұшырағанын айтады. Тексеру жасалған ондаған ҮЕҰ ескерту алып, кейбір адам құқықтарын қорғаушы танымал ұйымдарға тыйым салынған, кейбір ұйымдар "шетел агенті" ретінде қайта тіркелуден бас тартқан соң қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.

Ресейде 2012 жылдың соңында қабылданған заң бойынша, шетелден қаржылай көмек алатын және саяси қызметпен айналысатын кез-келген ҮЕҰ "шетел агенті" ретінде қайта тіркелуі тиіс. Amnesty International бұл заңды Владимир Путин екінші рет президенттікке келгелі бері "Ресейде қабылданған ең қатал заң" деп сипаттайды.

Ұйым "заң Ресейдегі адам құқықтарын қорғау, сайлауға бақылау жасау және басқа да қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың беделін түсіруге арналған" дейді.

Қазақстан мен Ресей премьерлері КО жайлы кеңесті

Қазақстан мен Ресей премьер-министрлері Серік Ахметов (сол жақта) пен Дмитрий Медведев. Мәскеу, қараша 2012 жыл.
Санкт-Петербургте ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі жиынында Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов пен Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездесті.

Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде премьерлер екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Кеден одағы (КО) мен Бірыңғай экономикалық кеңістігінің қызметіне қатысты проблемаларға қатысты пікірлескен.

Серік Ахметов бүгін Санкт-Петербургте Армения премьері Тигран Саркисянмен де кездесті. Премьерлер Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды, оның ішінде сауда-экономикалық және мәдени әрі гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылаған.

Кездесуде Саркисян Арменияның Кеден одағына қосылуы үшін "жұмысшы тобы құрылып, сарапшы, мамандар тиісті келіссөздер жүргізуге кірісіп кеткенін" айтқан.

Софронийге айыппұл салынды

Православ миссионері Софроний.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бүгін православ миссионері Софронийге (азаматтық аты-жөні - Петр Евтихеев) қатысты шешім шығардыдеп хабарлады Софронийдің адвокаты Владислав Мадзигон.

Сот Софронийді "балаларға арналған мекемесінде кәмелетке толмаған қызға қол жұмсады" деп айыптап, 50 айлық есептік көрсеткішке тең (86 мың теңге көлемінде) айыппұл салған.

Ресей азаматы Софронийдің Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылындағы балалар мен қарттарға арналған баспанасы бар. Бұған дейін Іле аудандық соты оны төлқұжат ережелерін бұзды деп айыптап, Қазақстаннан депортациялауға шешім шығарған еді. Бірақ кейін кассациялық сот оның күшін жойған.

Софроний әкейдің паналау орны аталып кеткен мекемеде кәмелетке толмаған 132 бала мен 120 мүгедек қария тұрады. Іле аудандық білім беру бөлімі ондағы тәрбиеленуші балаларды жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне тарату ниетімен өткен аптада баспананың үстінен сотқа талап-арыз түсірген.

Алматыда қардан жол апаты еселенді

Kazakhstan - regional map of Almaty city. 28May2013
Алматыда бүгін қар жаууына байланысты жол апаты еселенді. Бұл туралы қалалық ішкі істер депратаменті жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

"Таңертең қар жауа бастағаннан бері осыншама жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әдеттегі күндері жол-көлік оқиғасы бұдан екі есе аз, шамамен 25-тей болатын" дейді баспасөз қызметі. Жол апатынан барлығы 3 адам зардап шеккен. Адам шығын жоқ.

Синоптиктердің болжамынша, Алматыда ертең, 21 қарашада жаңбыр жауады.

Сирияның химиялық қаруы теңізде жойылуы мүмкін

Сирияда химиялық қару қолданылғанын тексеруге барған БҰҰ сарапшыларының көліктері. Дамаск, қыркүйек 2013 жыл.
Сирияның химиялық қаруы теңізде жойылуы мүмкін деп хабарлады Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымындағы (ХҚТҰ) дереккөзіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Бұған дейін АҚШ Албанияда химиялық қару-жарақтарды жоятын зауыт салуды ұсынып, Албания оны қабылдамай тастаған еді. Батыс дипломаттары мен ХҚТҰ өкілдері бұдан соң Сирияның химиялық қаруларын теңіздегі бұрғылау орындарында немесе кемеде жою жолдарын қарастырып жатқанын айтқан.

АҚШ пен Ресей жасасқан келісім бойынша, Сирия химиялық қаруын 2014 жылдың көктеміне дейін халықаралық қауымдастыққа тапсыруы тиіс. ХҚТҰ Сирияның химиялық қару нысандарын қазан айының соңына түгел тексеріп шыққан.

HRW: Иран ауған босқындары құқықтарын бұзады

Ауғандық босқындар. Көрнекі сурет.
Human Rights Watch (HRW) ұйымы Иранды Ауғанстаннан баратын босқындардың құқықтарын бұзып отыр деп айыптады. Бұл туралы ұйымның арнайы даярлап, бүгін Кабулде жариялаған баяндамасында айтылады.

HRW Иранды "мыңдаған ауғандық босқынды қауіп төнген елдеріне депортациялаған" деп сынайды. Ұйым дерегінше, көптеген ауған босқындары Иранды бірнеше жылдан бері тұрып келе жатқанымен, соңғы жылдары Иран билігі оларды отанына қайтаруға мәжбүрлеп отыр.

Бұған қоса, соңғы кездері Ауғанстандағы зорлық-зомбылықтан бас сауғалаған ауғандықтарға Тегеран босқын мәртебесін бермей келеді.

HRW Иран "отыз жылдан астам ауған босқындарын қабылдап отырғандықтан босқындарға қатысты халықаралық талаптарды орындауы қажет" дейді.

Наразы азаматтар Алматы сотына хат тапсырды

Қалалық сотқа хат тапсырғандар адамдар. Алматы, 20 қараша 2013 жыл.
Бүгін Алматыда сот шешіміне наразы бір топ зейнеткер қалалық сотқа судьяларды ауыстыру туралы өтінішпен хат тапсырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалалық сотқа туыстарына қатысты судьялар шығарған шешімдермен келіспейтін азаматтар жиналған. Олар хатта судьяларды ауыстыруды сұрап, олай болмаған жағдайда азаматтардың құқықтары бұзыла беретінін айтқан. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданынан келген зейнеткер Сафия Ибрагимованың айтуынша, жиналғандар негізі талаптарын айтуға сот төрағасымен кездеспек болған. Бірақ төрағамен кездесе алмай, тек хат тапсырған.

Сот ғимараты маңына полиция мен өрт сөндіру, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері де барған.

Осы шара кезінде оны видеоға түсірмек болған азаматтық белсенділер Андрей Цуканов, Андрей Свиридов, Дмитрий Щелоковті полиция ұстап алып, соңынан босатқан.

Бүгін Астанада Қазақстан судьяларының съезі өтіп жатыр.

Босния 10 "әскери қылмыскердің" ісін қайта қарайды

Босния және Герцеговина картасы. Көрнекі сурет.
Босния және Герцеговина соты әскери қылмыс жасады деп сотталған 10 адамды босатуға үкім шығарды. Сот олардың үстінен жүрген алғашқы сотта қылмыстық кодекс дұрыс қолданылмады деген ұйғарым жасаған.

Босатылған 10 адамның алтауы 1995 жылы Сребреница қырғыны кезінде 8 мыңға тарта мұсылманның қырылуына қатысы бар деп айыпталған еді. Қалған төртеуіне Босния соғысы кезінде бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыс жасады деп айыпталған. Бұлар 28 жылдан 33 жыл мерзімге дейін сотталған еді.

Страсбургтегі Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты биыл шілде айында тұтқындар қылмыс жасаған кезде күшінде болған қылмыстық кодекспен емес, кейін қабылданған қатаңдатылған қылмыстық кодекспен сотталып құқықтары бұзылды деген шешім шығарған еді. Енді Босния және Герцеговина соты олардың ісін 2003 жылы қабылданған босниялық кодекс негізінде емес, Югославияның 1976 жылы қабылданған қылмыстық кодексімен қайта қарауы тиіс.

Бейруттағы жарылыста Иран дипломаты мерт болды

Бейруттегі жарылыстар
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00
Бейруттағы Иран елшілігі маңында болған жарылыстардан Иранның осы елдегі мәдени істер жөніндегі атташесі Ибрахим Ансари қаза тапты.

Кеше Ливан астанасының оңтүстік бөлігіндегі Иран елшілігі маңында қатарынан екі жарылыс болған еді. Көлік пен мотоциклге орнатылған бомба жарылысынан 23 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Иран елшісі Газанфар Рукн Абадидің өзі аман.

Елшілік Бейруттағы Иран мен Сирия қолдайтын шииттік "Хезболла" ұйымы бекінген ауданында орналасқан. Жарылысқа жауапкершілікті Ливанда орналасқан "Әл-Қаидамен" байланысы бар ұйым мойнына алды.

Елшілік орналасқан аудан бұған дейін де Сирия көтерілісшілерінің шабуылына ұшыраған еді. Сириялық көтерілісшілер шабуылды "Хезболланың" Башар Асадты қолдауына жауап деп түсіндірген.

"Хезболла" ұйымы маусымның басында Сирия үкіметі әскерінің Ливанмен шекарадағы Кусейр қаласында көтерілісші топтарға қарсы ұрыстарда үлкен жеңістерге жетуінде маңызды рөл атқарған.

Армения мен Әзербайжан келіссөзді жалғастырмақ

Таулы Қарабах аймағының картасы. Көрнекі сурет.
Әзербайжан мен Армения президенттері Серж Саркисян мен Ильхам Әлиев 19 қарашада Венада Таулы Қарабах аймағына қатысты мәселені талқылады.

ЕҚЫҰ-ның Франция, Ресей және АҚШ тең төрағалық ететін Минск тобы таратқан мәлімдемеге қарағанда, Саркисян мен Әлиев таяу арада Таулы Қарабах аймағына қатысты дауды бейбіт жолмен шешу келіссөздерін жүргізу үшін тағы да кездесуге уағдаласқан.

Бұдан өзге, Әзербайжан мен Минск тобына төраға үш ел 5-6 желтоқсанда Киевте өтетін ЕҚЫҰ министрлер кеңесінің шеңберінде кездесетін болды.

АҚШ, Ресей және Франция өкілдері Таулы Қарабахқа 2013 жылдың соңына дейін барып қайтуды жоспарлап отыр.

1990 жылдары Таулы Қарабахты армян сепаратистері қақтығыстар нәтижесінде Ереванның қолдауымен Әзербайжаннан бөліп алғаннан бері екі ел арасындағы бұл аймаққа қатысты жанжал шешімін таппай келеді, оны дипломатиялық жолмен шешу әрекеттері еш нәтиже бермеді. Әлемде бір де бір ел Таулы Қарабахтың тәуелсіздігін мойындаған жоқ.

АҚШ ғарышқа 29 спутник ұшырды

Уоллопс ғарыш айлағынан зымыран ұшыруы сәті. Вирджиния штаты, АҚШ, 6 қыркүйек 2013 жыл. Көрнекі сурет.
АҚШ 20 қарашаға қараған түні ғарышқа бортына 29 спутник тиеген зымыран ұшырды. Вирджиния штатындағы Уоллопс ғарыш айлағынан ұшырылған бұл зымыран "Минотавр-1" деп аталады. Зымыраннан шыққан от жалыны түнгі аспанда АҚШ-тың шығысындағы жағалауларынан бастап солтүстікте Канадамен шекара маңына, оңтүстікте Флорида штатына дейінгі кеңістікте байқалған.

Ғарышқа ұшырылған спутниктердің ең үлкені - STPSat-3 спутнигі.Өзге наноспутниктер әскери мақсатта ұшырылған. Тағы бір спутникті Вирджиния штатындағы орта мектептің оқушылары құрастырған. Мектеп оқушылары мен басқа да қызығушылық танытқандар бұл спутникпен байланыс орнатып, ғарыштан келген ақпаратты ала алады.

"Минотавр-1" зымыранын Orbital Sciences Corp жекеменшік компаниясы жасап шығарған. "Минотавр-1" болашақта осындай зымырандарды коммерциялық мақсатта пайдалануға сынақ ретінде ұшырылып отыр.

Қазандағы ұшақ апатының себебі айтылды

Татарстан төтенше жағдайлар қызметкерлері мен өрт сөндірушілері Boeing 737 ұшағы құлаған жерде жүр. Қазан, 17 қараша 2013 жыл.
Алдын-ала тергеу тергеу деректеріне қарағанда, "Қазанда "Татарстан" әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына пилоттың қателігі себеп болуы мүмкін".

Мемлекетаралық авиациялық комитеттің хабарлауынша, Боинг-737 ұшағының экипажы белгісіз себептермен төмен биіктікте ұшып келе жатып жылдамдықты азайтқан. Осының себебінен жерге тігінен құлаған. Комитет дерегі бойынша, пилот қону алаңына түзу келе алмай, екінші алаңға қонуға тырысқан. Ұшақтың жеткілікті жылдамдық ала алмағанын біліп, олар ұшақты апатқа әкеп соқтырған бірнеше маневр жасаған.

Комитет "ұшақтың двигателі мен басқа да тетіктері ұшақ жерге құлағанға дейін дұрыс жұмыс істеп тұрған" дейді.

17 қараша күні кешке қарай Мәскеуден Қазанға ұшып келе жатқан Боинг-737 ұшағы әуежайға қонар кезде жерге құлап, апатқа ұшыраған еді. Апаттан ұшақ бортында болған 44 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі түгел қаза тапқан.

Greenpeace-тің тағы 9 өкілі кепілге босатылды

Greenpeace белсендісі, италиялық Кристиан Д'Алессандро. Ресей, 19 қараша 2013 жыл.
Санкт-Петербург соты Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының қамаудағы тоғыз мүшесін кепілге босатты. Олардың арасында бразилиялық Анна Паул Альминхан Масиель, Жаңа Зеландия азаматы Джон Хоссман, Аргентина азаматтары Эрнан Перес Мигель мен Камил Эспесиале, польшалық Томаш Демьянчик, италиялық Кристиан Д'Алессандро мен канадалық Пол Разык бар. Босатылғандардың әрқайсысы үшін екі миллион рубль көлемінде кепіл төленді.

18 қарашада сот ресейлік Екатерина Заспа мен Денис Синяковты және Андрей Аллахвердовты босатқан.

Ұйымның 30 белсендісі қыркүйекте Арктикада мұнай өндіруге наразылық танытқандары үшін ұсталып, қамауға алынған еді. Оларға әуелде "қарақшылық жасады" деген айып тағылған. Бірақ кейін ол "бұзақылық" бабымен ауыстырылған.

Торонто мэрінің өкілеттігі шектелді

Роб Форд, Торонто мэрі, Канада.
Канаданың ең ірі қаласы және экономикалық маңызы бар орталығы саналатын Торонтоның қалалық кеңесі қала мэрі Роб Фордтың өкілеттігін шектеуді қолдап дауыс берді. 44 жастағы Роб Форд бұған дейін есірткі қолданатынын және маскүнемдікке салынғанын мойындаған еді.

Өткен аптада қалалық кеңес Роб Фордтың билігін шектеуді қолдаған. 19 қараша күнгі соңғы дауыс беру нәтижесі оны өкілеттіктерінен іс жүзінде айырды. Бірақ Форд өзін сайлаған тұрғындардың қолдауына сүйенетінін айтып, қызметі үшін күресетінін мәлімдеді.

Жөн-жосықсыз қылықтарымен танымал мэр қалалық кеңестің шешімін "Ирактың Кувейтке басып кіруімен" салыстырып, кеңес мүшелерімен сөз таластырды.

Америкалық журналистерге берген сұхбатында ол Канада премьер-министрі қызметіне сайлауға түскісі келетінін айтты.

Испания соты Цзян Цземиньді қамауға ордер берді

Цзян Цземинь, Қытайдың бұрынғы басшысы.
Испания соты Қытайдың бұрынғы басшысы Цзян Цземиньді және қытайлық тағы төрт шенеунікті Тибеттегі геноцидке айыптыларға қатысты тергеу аясында қамауға ордер берді.

Испания мемлекеттік соты Тибет құқық қорғаушыларының шағымын қарап, Цзян Цземиньді, экс-премьер Ли Пэнді, құқық қорғау органдарының бұрынғы басшысы Цяо Ши мен Қытай коммунистік партиясының Тибеттегі бұрынғы өкілі Чэнь Куйяньді және бұрынғы отбасын жоспарлау министрі Пэнь Пелюньді қамауға алуға ордер берді.

Қытайдың Мадридтегі елшілігі әзірге сот шешіміне қатысты түсінік берген жоқ. Бірақ бұған дейін Пекин бұл тергеуді өзге елдің ішкі ісіне араласу деп бағалап, айыптауларды жоққа шығарған.

Ресей министрі: Гомосексуализмге қатысты заң ерте қабылданды

Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко.
Ресейдің спорт министрі Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындары қарсаңында гомосексуализмді насихаттауға тыйым салатын заңның қабылдануы "қателік болды" деп мәлімдеді.

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, спорт министрі Виталий Мутко "билік заңды сәл кешірек қабылдауы керек еді" деген. Ол "батыс елдерінің заңның қабылдануына қалай қарайтынын және шетелдердің заңға қарсылығы Ресейдің жұмсап жатқан күш-жігеріне қаншалықты әсер ететінін бағамдауға болатынын" айтқан.

Маусымда Ресей президенті Владимир Путин кәмелетке толмағандар арасында "дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды" насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойған еді. Заң халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырады.

Құқыққорғаушылар "бұл заң гейлерге қарсы бағытталған" деп санайды.

Путин бұған дейін "Сочи олимпиадасында гей атлеттер мен жанкүйерлер өздерін қауіпсіз сезіне алатындай жағдайдың барлығы жасалады" деп уәде берген.

Атырау тұрғыны терроризм айыбымен 20 жылға сотталды

Атырау қалалық ішкі істер басқармасы іздеу жариялағандар тізіміндегі Орынбасар Мұнатовтың суреті. Атырау,11 қыркүйек 2012 жыл.
Атыраудың мамандандырылған ауданаралық соты қаланың 26 жастағы тұрғынын терроризм айыбымен 20 жылға соттады деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

Сот отырысы жабық түрде өткен. Сот айыпталушы Орынбасар Мұнатовты 20 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге және дүние-мүлкін тәркілеуге үкім шығарған.

Сот таратқан ақпаратқа қарағанда, Мұнатовқа "террористік топ қызметіне араласты және теракті жасады", "террористік мақсатта қылмыстық топ құруға қатысты", "жарылғыш құрылғылар мен заттарды пайдаланып жарылыс жасауға дайындалды" деген бірнеше айып тағылған.

Бұған дейін сотталушының "экстремистік бағыттағы діни топ мүшесі" екендігі және оның маусымда Пәкістаннан депортацияланғаны хабарланған еді.

Ливандағы Иран елшілігі жанында жарылыс болды

Бейруттегі жарылыстар
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00
Бүгін Ливан астанасы Бейрут қаласында Иран елшілігінің маңында екі жарылыс болып, 15 адам қаза тапты.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан елшіліктің бас қақпасы қирап, үш қабатты ғимарат бүлінген. Жарылыстың неден болғаны әзірге белгісіз. Кейбір ақпараттар бойынша, оқиға болған аумаққа зымыран түскен, ал басқа бір ақпарат көздері көлікке қойылған бомба жарылғанын айтады.

Қаза тапқандардың немесе зардап шеккендердің арасында елшілік қызметкерлерінің бар-жоғы белгісіз.

Иран - ливандық "Хезболла" ұйымының негізгі қолдаушысы саналады. Бұл ұйым Сирия президенті Башар Асад күштеріне көтерілісшілермен соғысуға жауынгерлерін жіберіп, көмек көрсетіп отыр.

"Хезболла" ұйымы Бейруттың оңтүстігі мен Иран елшілігі орналасқан аймаққа бекінген. Соңғы айларда бұл аймақтарда бірнеше жарылыс болған.

Сириядағы соғыс Ливандағы дінаралық қақтығыстарды шиеленістіріп жіберген.

"Хезболла" ұйымы маусымның басында Сирия үкіметі әскерінің Ливанмен шекарадағы Кусейр қаласында көтерілісші топтарға қарсы ұрыстарда үлкен жеңістерге жетуінде маңызды рөл атқарған.

АҚШ-Ауғанстан келісімі жобасы белгілі бола бастады

Ауғанстан президенті Хамид Карзай.
АҚШ әскері Ауғанстаннан шыққаннан кейінгі екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын реттейтін америка-ауған келісімінің жобасының кейбір тұстары белгілі бола бастады. Бұл туралы АҚШ конгресіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап Associated Press агенттігі хабарлады.

АҚШ Ауғанстанда негізгі күштері шығарылғаннан кейін онда қалатын америкалық әскери қызметкерлер мен келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін әскерилердің іс-әрекетіне толық бақылау жасағысы келеді. Бұдан өзге жобада Ауғанстанда жұмыс істейтін америкалықтарды жергілікті салықтардан босату, Ауғанстандағы АҚШ азаматтарын бұл елде сотқа тартпау, ал айып тағылған жағдайда олардың ісі АҚШ сотында қаралатыны туралы жазылған.

Бұл жеңілдіктердің қарымтасы ретінде Вашингтон америкалық әскерилердің түнгі мезгілде тексеру жүргізбеу және ауғандықтардың үйлеріне кірмеу туралы Кабулдың айтқан өтінішімен келіскен.

2014 жылы НАТО әскері шығарылғаннан кейін Ауғанстанда америкалық қанша әскери қалатыны әзірге хабарланбады. АҚШ ауған қауіпсіздік күштерін оқыту және "Әл-Қаида" содырларына қарсы операциялар жүргізуге дайындау үшін бұл елде 10 мыңға дейін сарбазын қалдырғысы келеді.

Осы аптада Ауғанстан президенті Хамид Карзай америка-ауған келісімі жобасын бүкілауғандық ақсақалдар кеңесі - "Лойя джирга" құрылтайының қарауына ұсынуы тиіс.

Кабул мен Вашингтон келісімге қатысты келіссөздерді 2012 жылдан бері жүргізіп келеді.

Италияда 14 адам циклоннан қаза тапты

Көрнекі сурет.
Италияның Сардиния аралында тұрған Клеопатра циклонынан 14 адам қаза тапты.

18 қараша күні кешке жақын тұрған циклоннан аралдың солтүстік-шығысындағы Ольва қаласы қатты зардап шекті. 56 мың адам тұратын қаланың көп бөлігі су астында қалды. Қала мэрі Джанни Джиованелли қалада тұрған "алапат дауылдан" көпірлер қирап, кей жерлерде өзен суының деңгейі 3 метрден асып кеткенін айтады.

Метеорологтар бүгін нөсер жаңбыр жауады деп ескерту жасап, мектептер жабылды. Табиғи апат салдарынан аралда үзіліп қалған электр қуатын қайта қосу жұмыстары атқарылып жатыр.

Оксфорд сөздігі "жыл сөзін" жариялады

Оксфорд сөздігі. (Көрнекі сурет)
Ағылшын тіліндегі Оксфорд сөздігін құрастырушылар "Selfie" сөзін биылғы "жыл сөзі" деп атады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, редакцияның мұндай ұйғарым жасауына бұл сөздің былтырғымен салыстырғанда 2013 жылы ең жиі қолданылуы себеп болған.

Оксфорд сөздігінде "Selfie" сөзі смартфон, веб-камера арқылы өз-өзін суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге қойылған фотосурет деп тәржімаланады. Бұл сөз алғаш рет Австралияда қолданылған.

Оксфорд сөздігінде "жыл сөзі" атануға үміткер сөздердің арасында виртуалды валюта - "bitcoin" сөзі де бар. 2009 жылы пайда болған бұл валютаға соңғы уақытта сұраныс күрт артқан.

АҚШ әділет министрлігі виртуалды валютаны заңды ақша деп таныды. Ал Қытайда валютаның бұл түріне жаңа пәтерлер мен үйлер сатыла бастаған.

Ресей: Иран мәселесін шешуге нақты мүмкіндік бар

Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Иран президенті Хассан Роуханиге Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұзаққа созылған мәселені шешуге "нақты мүмкіндік бар" деді.

Кремльдің хабарлауынша, Путин мен Роухани телефон арқылы сөйлескен. Роухани Ресейдің проблеманы реттеуге күш жұмсап жатқанын жоғары бағалаған.

Иран мен "алтылық елдері" (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді біраздан бері жүргізіп келеді.

Батыс елдері Тегеранды ядролық қару жасауға ұмтылады деп, уран байытудан бас тартқыздырғысы келеді. Иран ядролық қару жасау ниеті барын жоққа шығарады.

Египетте үлкен наразылық шерулері өтпек

Египеттегі әскерилер билігіне қарсы наразылық шерулері. Каир, 11 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін Каирде әскери билікке қарсы шыққан 42 адамның өліміне екі жыл толуына орай үкіметке қарсы үлкен наразылық шерулері өтпекші. Шеруді елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар ұйымдастырып отыр.

Кеше Каирдің Тахрир алаңында жүздеген адам жиналып, 2011 жылғы әскери билікке наразылықтардың басталғанына екі жыл толғанын атап өтпек болған. Жиналғандар армияның билігіне қарсы ұрандар айтып, үкіметтің алаңда орнатқан ескерткішіне қызыл бояу шашты.

Үкімет ескерткішті Египетте бұрынғы президент Хосни Мүбәрактың билігіне қарсы халық толқулары басталғаннан бері шерулерде қаза тапқандарға арналады деп таныстырған.

Былтыр Египетте демократиялық жолмен өткізілген сайлау нәтижесінде мемлекет басшылығына келген Мурсиді биыл 3 шілдеде әскерилер биліктен кетірген еді. Содан бері қамауда отырған Мурсиге "зорлық-зомбылыққа жол берді" деген айып тағылып, ісі сот қарауына берілген.

Керри: "Монро доктринасы" дәуірі келмеске кетті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Вашингтон, 15 қараша 2013 жыл.
АҚШ-тың сыртқы саясатта ұстанған "Монро доктринасының" дәуірі келмеске кетті және Вашингтон Латын Америкасы елдерін тең әріптес санайды. Бұл туралы Америка мемлекеттері ұйымының Вашингтондағы штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеді.

1823 жылы АҚШ президенті Джеймс Монро жария еткен доктрина әлемді еуропалық және америкалық ықпал ету аймағына бөлген. Бұл концепция бойынша АҚШ Еуропа елдерінің ішкі ісіне араласпауға міндеттеме алған. Ал Еуропа елдері Батыс жартышардағы елдердің ішкі ісіне араласпауы және ондағы территорияларға көз тікпеуі тиіс болды.

Биыл жыл басында Джон Керри Конгрессте Батыс жартышарын "біздің артқы есігіміз" деп атағаны үшін Латын Америкасы елдерінің сынына ұшыраған еді. Бұдан соң Боливия президенті Ево Моралес өз еліндегі АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) өкілдігін жабуға бұйрық берген.

Соңғы айларда АҚШ пен Латын Америкасының кейбір елдері арасындағы қарым-қатынас шиеленісе бастаған. Оған ақпарат құралдарындағы АҚШ арнайы қызметінің Латын Америкасы елдері басшыларына электронды тыңшылық жасағаны туралы хабарлар себеп болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG