Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Украинадағы шеру жалғаса түсті

Киевтегі президент әкімшілігі маңындағы наразылық. 24 қараша 2013 жыл.
Жексенбіде Киевте мыңдаған адамның биліктің Еуропа Одағымен келісімнен бас тартқанына наразылық білдірген шеруі жалғасты. Шеруге шыққандар акция мерзімсіз жалғаса беретінін жариялаған.

Кеш болғанына қарамастан, кабинет министрлігінің алдында палатка тігуге әрекет қылып жатқандар бар. Полициямен қақтығыс болып, көзден жас ағызатын газ қолданылғаны хабарланып отыр. Бұдан алдын шамамен 10 мыңдай адам Еуроодақ пен Украинаның туын ұстап Киев орталығынан жүріп өткен.

Мұндай жиын Украинада бейсенбіден бері өткізіліп келеді.

Жоғарғы Рада 21 қарашада қамаудағы бұрынғы премьер Юлия Тимошенко және өзге де тұтқындардың емделуіне мүмкіндік жасайтын алты заң жобасын кері қайтарды. Украина оппозициясы президент Виктор Янукович заң жобаларын әдейі қабылдатпауға тырысып бағуда деп айыптап отыр.

Құжаттың қабылданбай қалуы Украинаның Еуроодақпен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу мүмкіндігін азайтады. ЕО Киевке келесі аптада Вильнюсте өтетін саммитте еркін сауда туралы келісім жасасу үшін құқықтық және демократиялық реформалар жүргізу туралы шарт қойған еді. ЕО Украина билігіне Юлия Тимошенконы босату туралы да шарт қойған. Брюссель Тимошенконың ісін "саясиланған" деп санайды.

2005-2007 жылдары Украина премьері болған Юлия Тимошенко 2011 жылы қазанда «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған.

Иран атомы келіссөзінде келісімге қол жетті

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (ортада) "алтылық" келіссөзінде. Женева. 22 қараша 2013 жыл.
Жексенбіде Иран мен «алтылық топ» арасындағы Иранның ядролық ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзде келісімге қол жетті. Бұл туралы Еуропа Одағының сырты саясат бойынша комиссары Кетрин Эштон хабарлады. Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф те өзінің Twitter парақшасында осындай мәлімет таратқан.

Азаттық радиосының Парсы қызметінің хабарлауынша, Иран өкілі Аббас Аракчи Иранның уран байыту құқығы ресми түрде мойындалғанын мәлімдеген.

Келіссөзде Иран жағы бес пайыздан көп уран байытуды уақытша тоқтатып, оған қарсы санкция "босаңситын" болып келісілді.


Женевада осы айдың басында өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтижесіз аяқталған еді. Бұдан алдын АҚШ сенатындағы көпшілік орынға ие демократтар жетекшісі Гарри Рид желтоқсанның басында Иранға қарсы санкцияларды қатаңдататын заң жобасын ұсынатынын айтқан.

Батыс елдері Иранды уран байыту бағдарламасынан бас тартқызғысы келеді. Бірақ Тегеран өз ядролық бағдарламасы "бейбіт мақсатқа" құрылғанын айтады.
Бұл келіссөздерге Иранмен бірге "алтылық тобы" аталған - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия қатысып отыр.

Украина ашаршылық құрбандарын еске алды

Украинадағы ашаршылықтың 80 жылдығына орай құрбандарды еске алу шарасына қатысушылар. Киев, 23 қараша 2013 жыл.
Украинада 1932-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандарын еске алып жатыр. Бүгін бүкіл ел көлемінде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, облыс орталықтарында азалы жиындар өтті.

Кейбір деректер бойынша, совет билігі кезінде Украинада төрт миллионнан он миллион адамға дейін ашаршылық салдарынан қайтыс болған. Украин тарихшылары сталиндік режимнің саналы түрде, әсіресе шаруаларға қарсы жүргізген саясаты жаппай ашаршылыққа апарып соққан деген пікірде. Совет баспасөзі ашаршылық туралы хабарламаған.

Азатттық радиосына берген сұхбатында тарихшы Владимир Вятрович 1933 жылдан соң Украинада өлім-жітім туралы дерек-құжатттар әдейі жойылып, ашаршылықтың шынайы көлемін жасыру әрекеті болғаны туралы айтты.

2006 жылы Украинаның Жоғарғы радасы Голодоморды (ашаршылық) украин халқына қарсы жасалған геноцид деп танитыны туралы заң қабылдады. Кейін бұл құжаттты әлемнің 24 елі ресми түрде таныды. Бірақ олардың арасында Ресей жоқ.

Украинадағы ашаршылық туралы фотогалерея:

Алматыда жерасты дүмпулері тіркелді

Жер сілкінісін тіркейтін құралдың жазбасы. (Көрнекі сурет)
Бүгін Алматыда жерасты дүмпулері тіркелді деп хабарлады Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі.

Жергілікті уақыт бойынша 15 сағат 42 минутта тіркелген жер сілкінісінің кіндігі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 133 шақырым қашықта, Қырғызстан аумағында болған.

MSK-64 бағаны бойынша күші 3 балл жерасты дүмпулері Алматы қаласында сезілген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, зардап шеккендер туралы деректер түспеген.

Назарбаев Латвия президентіне көңіл айтты

Шатыры құлап, көп адамды басып қалған "Maxima" супермаркеті. Рига, 21 қараша 2013 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Латвия президенті Андрис Берзиньшке Рига қаласындағы «Maxima» сауда орталығы төбесінің құлап түсуі салдарынан көп адамның қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ригадағы қайғылы жағдай туралы хабарды күйзеле отырып қабылдағаны атап өткен Назарбаев Латвия президентіне Қазақстан халқы атынан және жеке өз атынан көңіл айтып, қаза тапқандардың отбасылары мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша Латвия халқына қайғыларына ортақтастығын білдірген.

Латвия астанасында 2011 жылы салынған супермаркеттің шатыры 21 қараша күні кешке, адам шоғыры көп мезгілде құлап түскен еді. Сенбі күнгі мәлімет бойынша, төтенше оқиғадан 52 адам қаза болып, ондаған адам жарақат алған.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты Латвияда 23 қарашадан бастап үш күн бойы аза тұту жарияланды. Сонымен бірге Латвиямен көрші Литва мен Эстония 24 қарашаны азалы күн деп жариялады.

Алматыда Халық өкілдерінің құрылтайы өтті

Халық өкілдерінің құрылтайы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00
23 қарашада Алматыда Халық өкілдерінің құрылтайы алғашқы жиынын өткізді деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Жиынға ақын-жазушылар Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, қоғам қайраткерлері Ғазиз Алдамжаров, Балташ Тұрсымбаев, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, режиссер Еркін Рақышев, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин және басқалар – жиыны 100-ден аса адам қатысты.

Жиын барысында Ұлттық кеңес құрылып, тұжырымдамасы бекітілді. Ұлттық кеңестің жетекшісі болып ақын Мұхтар Шаханов сайланды. Ол ұйымның бірлестік немесе қозғалыс ретінде тіркелмей әрекет ететінін айтты.

Тұжырымдамада Қазақстан конституциясында қазақ халқының мәртебесін «мемлекет құраушы ұлт ретінде айқындау қажеттігі», жаңа ұйым Қазақстанды «ұлттық демократиялық бағытта дамытуға күш салатыны» айтылған.

Жылына кемінде екі рет шақырылатын Ұлттық кеңеске құрылтайдың атынан билік органдары, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдармен қатынас жасауға өкілеттілік берілді. Сонымен бірге, билікке 23 тармақтан тұратын талаптар да мақұлданды. Онда қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Еуразиялық одақ құру идеясына қарсылық, жастар саясаты сияқты мәселелер қамтылған. Бірақ бұл талаптар жиын кезінде толық оқылған жоқ, кейін баспасөзде жарияланатыны хабарланды.

Бұған дейін құрылтай елдегі қазақ ұлт-патриоттық қозғалыс өкілдерінің басын біріктіру мақсатында өткізілетіні туралы айтылған еді. Бірақ сенбі күні Алматыдағы жиынға олардың бірсыпырасы қатысқан жоқ.

Қытайда мұнай құбырындағы апаттан 44 адам өлді

Мұнай құбырының жарылыс болған тұсы. Циндао қаласы, Шаньдун провинциясы, Қытай, 22 қараша 2013 жыл.
Қытайдың шығысында Шаньдун провинциясы Циндао қаласында мұнай құбырында болған жарылыс салдарынан кемінде 44 адам қаза тауып, 150-дан аса адам жараланған. Төтенше оқиға жұма күні болған.

Жарылыс болардың алдында құбырдың мұнай төгілгені анықталған тұсын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жарылыс пен өрт салдарынан жергілікті билік мұнай терминалының жұмысын тоқтатуға мәжбүр келген.

Қытайдың өндіріс орындарында қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы себепті төтенше оқиғалар жиі болады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарының дерегі бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында өндірістегі апаттар салдарынан елде 28 мың адам мерт болған немесе хабарсыз кеткен.

Ресей 29 Greepeace белсендісін кепілге босатты

Ресейде қамауда отырған Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының белсендісі, Австралия азаматы Колин Рассел Санкт-Петербург сотында. 18 қараша 2013 жыл.
Ресейде қамауда болған Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының 29 белсендісі абақтыдан кепілге босап шықты. Тек Австралия азаматы Колин Расселді Ресей билігі әзір қамауда ұстап отыр. Оны босату туралы адвокаттардың өтініші алдағы аптада қаралмақ.

Германияның Гамбург қаласында орналасқан халықаралық трибуналы жұма күні Нидерланд елінің өтінішін қанағаттандырып, «Ресей «Арктик Санрайз» кемесі мен ұсталған Greenpeace белсенділерін босатуы тиіс» деген ұйғарымын жариялады. Бұл қаулы халықаралық арбитраж сотының шешімі шыққанға дейінгі уақытша шаралар аясында қаббылданған. Бірақ бұған дейін Ресей Гамбургтегі трибуналдың шешімдерін заңды деп танымайтыны туралы мәлімдеген еді.

19 қыркүйекте Нидерландының Arctic Sunrise кемесімен Арктикадағы ресейлік «Газпромның» мұнай платформасына бара жатқан Greenpeace ұйымының 18 мемлекеттен шыққан 28 белсендісі мен екі журналисті Ресейдің жағалау күзеті тұтқындаған еді. Экология белсенділері «Газпром» компаниясының Арктикадан мұнай өндіруіне қарсылық танытқан.

Ресей билігі әуелде оларға «қарақшылық жасады» деген айып тағып, бірақ кейін оны «бұзақылық» бабымен ауыстырған. Халықаралық ұйымдар Мәскеуді экологиялық белсенділерді қамаудан босатуға шақырған еді.

Норвегиялық Магнус Карлсен - шахматтан әлем чемпионы

Шахматтан әлемнің жаңа чемпионы Магнус Карлсен. Ченнаи, Үндістан, 22 қараша 2013 жыл.
Шахматтан әлем жеңімпазы атағы үшін өткен сайыста 22 жастағы норвегиялық Магнус Карлсен үндістандық Вишванатан Анандтан басым түсіп, спорттың бұл түрінен әлемнің жаңа чемпионы атанды. Бұл кездесу Анандтың отанында, Ченнаи қаласында өтті.

Карлсен бәсекелесін 12 партиялық ойынның үшеуінде ұтып, жеті партияны тең аяқтады. Осылайша ойын мерзімінен бұрын бітті. Карлсен бір миллион 340 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай жүлдені жеңіп алды. Анандқа 896 мың доллар беріледі.

43 жастағы Ананд 2007 жылдан бері шахматтан әлем чемпионы атағын сақтап келген еді.

Шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен гроссмейстер атағына 13 жасында ие болған.

Ригада супермаркетте қаза болғандар 48-ге жетті

Шатыры құлап, көп адамды басып қалған "Maxima" супермаркетінде құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Рига, 22 қараша 2013 жыл.
Латвия астанасында "Maxima" супермаркетінің шатыры құлауы салдарынан мерт болған адамдар саны 48-ге жетті. Олардың үшеуі - өртке қарсы күрес қызметкерлері.

Апат болған жерде құтқару жұмыстары жұма күні жалғасты. Рига қаласының мэрі Нил Ушаков үйінді астында қалғандар саны 30-ға жуық адам болуы мүмкін деп мәлімдеді. Қала басшылығы тұрғындарды төтенше оқиғадан зардап шеккендерге донор болып, қан тапсыруға шақырды

2011 жылы салынған супермаркеттің шатыры бейсенбінің кешінде, адам шоғыры көп мезгілде құлап түскен еді. Бұл оқиғадан 36 адам жарақат алғаны хабарланды.

Тергеушілер оқиғаның себептерін анықтап жатыр. Бірақ ресми орындар супермаркеттің шатырында қысқы бақ салынып жатқанын айтады.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты Латвияда 23 қарашадан бастап үш күн бойы аза тұту жарияланды.

Украинада билік шешіміне наразылық жалғасып жатыр

Украина билігінің шешіміне наразылық жиынын бақылап тұрған полицияның арнайы жасағы. Киев, 22 қараша 2013 жыл.
Украинада Еуропа одағымен (ЕО) ассоциация туралы келісім жасасудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылық акциялары жалғасып жатыр.

Жұма күні Киевтің Тәуелсіздік алаңына Украина мен ЕО туларын ұстап шыққан жүздеген адам үкіметке келесі аптада Вильнюсте өтетін «Шығыспен әріптестік» саммитінде ЕО-пен келісімге қол қою туралы талап қойды. Түрмеде отырған Украина оппозициясының жетекшісі Юлия Тимошенко халықты ЕО-пен келіссөздерді тоқтату туралы билік шешіміне наразылық акцияларына шығуға шақырды.

Жұма күні үкіметтің ұстанымына наразылық жиыны Львов, Черкассы, Луганск және басқа қалаларда да өттті.

Украинаның Кеден Одағына қосылғанын жақтайтын Ресей президенті Владимир Путин «Еуроодақ Украинаға қысым көрсетіп жатыр» деп мәлімдеді.

Киев бейсенбі күні ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеген. Украина премьер-министрі Николай Азаров мұны «экономикалық мүдделерге байланысты» деп түсіндірген.

Үкіметтің мәлімдемесінен бірер сағат бұрын Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамай тастаған еді.

Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен ЕО қойған шарттардың бірі – түрмеде отырған Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау болған.

АҚШ-та Джон Кеннедиге қастандықты еске алды

АҚШ президенті Джон Кеннеди. Берлин, 26 маусым 1963 жыл.
АҚШ-та бүгін Джон Кеннедидің қастандықтан қаза тапқанына 50 жыл болғанына байланысты мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсірілді.

АҚШ президенті Барак Обама Кеннедидің "америка тарихында өзіндік орнын қалдырғанын" атап өту үшін ол қаза тапқан 22 қарашаны еске алу күні деп жариялаған. Қастандықты тексерген арнайы үкіметтік комиссия Кеннедиді Ли Харви Освальд өлтірді деп таныған. Бірақ кейбір америкалықтар Кеннеди "астыртын сөз байласудың құрбаны болды" деп санайды.

Барак Обама мен экс-президент Билли Клинтон осыдан екі күн бұрын Вашингтонның маңындағы Кеннеди жерленген Арлингтон зиратына гүл шоқтарын қойған. Ол бүгін Кеннеди құрып кеткен Бейбітшілік корпусы өкілдерімен кездеспек.

АҚШ президенті Джон Кеннеди 1963 жылы 22 қарашада АҚШ-тың Даллас қаласында қастандықтан қаза тапқан еді.

Қытай алғашқы пилотсыз ұшағын сынады

Қытайдың пилотсыз ұшағы. 13 қараша 2012 жыл.
Қытай алғашқы пилотсыз басқарылатын, радардың бақылауына түспейтін ұшағын сынақтан өткізді. Қытай мемлекеттік агенттіктерінің хабарлауынша, "Цзяньли" ("Өткір семсер") деп аталатын пилотсыз ұшақ 21 қарашада Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чэнду провинциясында сынақтан өткен.

Интернетте жарияланған бейнежазбаларға қарағанда, дельта пішіндес ұшақ АҚШ-тың жойғыш ұшақтары сияқты реактивті қозғалтқышпен жабдықталған.

Қытай ақпарат құралдары "сынақтан сәтті өткен" пилотсыз ұшақ "Қытайдың батыс елдерімен әскери әуе күштері саласындағы ара күш алшақтығын азайта түскенін" хабарлаған.

Қытай бірнеше жылдан бері әскери техникасын жетілдіруге баса мән беріп келеді. Бұл ел әскери бюджеті көлемі жағынан әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұр.

Оксфорд ғалымдары Қашаған апатын тексереді

Қашағандағы жасанды арал. Каспий теңізі, Қазақстан, 21 тамыз 2013 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кен орнында болған төтенше оқиға себебін анықтауға Оксфордтағы ғылыми орталықтың ғалымдары да кірісті.

Қыркүйекте алғашқы мұнай өндіріле бастаған Қашағанда екі рет төтенше оқиға болған еді. Теңіздегі жасанды аралдан "Болашақ" зауытына баратын құбырдан осыған дейін екі рет - қыркүйек пен қазанда газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, мұнай өндіру тоқтатылған.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Оксфордтағы ғылыми орталыққа газ сыртқа шығып жатқан құбыр бөлшегі сараптамаға жіберілген.

Қарашаның 13-і күні Қазақстан мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашағаннан мұнай сараптамасы жұмыстары аяқталған соң, желтоқсанның ортасынан бастап қана қайта өндіріле бастауы мүмкін екенін айтқан. Кейін Атырау облыстық экология департаменті Қашағанды игеріп жатқан консорциумды жоспардан тыс тексеруді бастаған.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары ондағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалайды. Кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсалған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді.

Қашаған жобасында қазақстандық "ҚазМұнайГаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алған.

Ригада супермаркетте қаза тапқандар 25-ке жетті

Ригада шатыры құлаған "Maxima" супермаркеті. Латвия, 21 қараша 2013 жыл.
Ригада супермаркеттің шатыры құлауы салдарынан қаза тапқандар саны 25 адамға жетті.

2011 жылы салынған "Maxima" супермаркетінің шатыры бейсенбінің кешінде, адам шоғыры көп мезгілде құлап түскен еді. Бұл оқиғадан 36 адам жарақат алғаны хабарланды.

Үйінді астында қалып қойған жандарды құтқару жұмыстары бүгін де жалғасты. Қала басшылығы тұрғындарды төтенше оқиғадан зардап шеккендерге донор болып, қан тапсыруға шақырды. Қаза тапқандардың үшеуі - құтқарушылар.

Қазір оқиға себептері анықталып жатыр. Бірақ ресми орындар супермаркеттің шатырында қысқы бақ салынып жатқанын айтады.

Латвия ішкі істер министрі Рихард Козловскистің айтуынша, супермаркеттегі жөндеу жұмыстарында "құрылыс талаптары орындалмаған".

Молдова: ЕО-мен интеграция саясатын ұстанамыз

Молдова премьер-министрі Юрий Лянкэ.
Молдова премьер-министрі Юрий Лянкэ Кишиневтің Украинаның Еуропа одағымен (ЕО) ассоциация келісімінен бас тарту шешіміне "құрметпен қарайтынын", бірақ өз елі ЕО-мен интеграциялану саясатын ұстана беретінін мәлімдеді. "Біз Украинамен бұрынғыдай жақын байланыста болып қала береміз" деді Юрий Лянкэ.

Молдова келесі аптада Вильнюсте өтетін ЕО-ның Шығыс ынтымақтастығы саммитінде ЕО-мен ассоциация туралы келісім жасаспақ. Бірақ Мәскеу Молдова мен Украинаны Ресей, Қазақстан және Беларусь құрған Кеден одағына кіргізуге мәжбүрлеп отыр.

Молдованың бұрынғы президенті, коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі Владимир Воронин кеше Молдова "Украинаны үлгі тұтып, ЕО-мен келіссөздерді тоқтатуы тиіс" деген.

Киевте үкіметке наразылық шарасы өтті

Киевтегі наразылық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:16 0:00
22 қарашаға қараған түні Киевтің орталығындағы Тәуелсіздік алаңына мыңға тарта адам жиналып, үкіметтің Еуропа одағымен ассоциация туралы келісім жасасудан бас тартқанына наразылық білдірді.

Украина үкіметі кеше ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеген. BBC-дің хабарлауынша, үкімет мұны "Ресей және Кеден одағына мүше елдермен, ТМД-мен экономикалық байланыстарды дамыту қажеттілігімен" түсіндірген. Украина үкіметінің ұйғарымынша, ЕО-мен келісім жасасуға дайындықты тоқтату шешімі "ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан" қабылданған.

Үкіметтің мәлімдемесінен бірер сағат бұрын Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамай тастаған еді.

Наразы жұрт жиналған жерге қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері тартылған. Оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк, Виталий Кличко және Виталий Тягнибок жиналғандар алдында сөз сөйлеп, 24 қарашада ары қарай да жаппай демонстрациялар өткізуге үндеді.

Оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко президент Виктор Янукович "Еуропа одағы алдындағы беделінен айырылғанын" айтты. "Янукович Еуропа комиссиясы басшысына, Германия мен Польша президенттеріне уәделер берген болатын. Қазір ол барлық беделінен айырылып отыр" деді Кличко.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон Украина билігінің шешіміне қатысты мәлімдемесінде "Бұл - Еуропа одағы үшін ғана емес, украин халқы үшін де күтпеген жағдай болды деп ойлаймыз" деді. Бірақ ол Еуропа одағының "Украин азаматтарына адал болып қалатынын" жеткізген.

АҚШ мемлекеттік департаменті де мәлімдеме таратып, онда Вашингтонның "Украина Еуропа одағымен интеграцияланса экономикалық даму мен демократияға қол жеткізетініне сенімді екенін" айтқан.

ЕО Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен еді. ЕО қойған шарттардың бірі - түрмеде отырған Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау болған.

Оңтүстік Қазақстанда 360 көлік жолда қалды

Көрнекі сурет.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы "Алматы-Ташкент" тас жолында көктайғақ пен жолдың нашар көрінуінен 360-тан астам көлік жүре алмай, жиналып қалды деп хабарлады бүгін төтенше жағдайлар министрлігі.

Министрліктің ақпаратына қарағанда, 21 қарашадан бастап 22 қараша күнгі таңертеңге дейін осы тас жолдың 593-611 километр аралығындағы бөлігінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылған. Бүгін таңертеңге дейін тұрып қалған көліктердің көпшілігі жолға шығарылған. Зардап шеккендер жоқ деп хабарланды.

Көліктерді жолға салуға облыстық төтенше жағдайлар департаменті "Қазавтожол" кәсіпорнының техникалары мен қызметкерлері жұмылдырылған.

Иран келіссөздері үшінші күнге жалғаспақ

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (сол жақта) пен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон. Женева, 20 қараша 2013 жыл.
Женевада өтіп жатқан Иран мен "алтылық елдерінің" келіссөздері бүгін үшінші күнге жалғасады.

Кеше келіссөздерді жүргізуші, Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен жүздескен. Кездесуді Эштон мен Зариф "маңызды болды" деп бағалаған.

Бірақ Жавад Зарифтің орынбасары Аббас Аракчиге сілтеме жасаған Иран ақпарат құралдары "келіссөздерден нәтиже шығу мүмкіндігі аз" деген ақпарат таратып жатыр. Бұған дейін Жавад Зариф те "маңызды мәселелерге қатысты келіспеушіліктер әлі де барын" айтқан. Келіссөздер бүгін аяқталмақ.

Женевада осы айдың басында өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтижесіз аяқталған еді. Келіссөздерде негізінен Иранның уран байыту жұмыстарын алты айға тоқтатып, есесіне батыс елдерінің санкциясын жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр.

Кеше АҚШ сенатындағы көпшілік орынға ие демократтар жетекшісі Гарри Рид желтоқсанның басында Иранға қарсы санкцияларды қатаңдататын заң жобасын ұсынатынын айтқан.

Батыс елдері Иранды уран байыту бағдарламасынан бас тартқызғысы келеді. Бірақ Тегеран өз ядролық бағдарламасы "бейбіт мақсатқа" құрылғанын айтады.

Бұл келіссөздерге Иранмен бірге "алтылық елдері" - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия қатысып жатыр.

Ригада супермаркет шатыры құлап, 6 адам мерт болды

Ригадағы қазалы оқиға
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:24 0:00
Латвия астанасы Рига қаласында бейсенбі күні супермаркеттің шатыры құлап, алты адам қаза тапты. Ондаған адам үйінді астында қалып қойған. Жергілікті биліктің хабарлауынша, 30-ға тарта адам жарақат алған. Қаза тапқандар арасында бір құтқарушы бар.

Рига мэрі Андрис Амеркистің айтуынша, супермаркетте 50-ге тарта адам қамалып қалған. 2011 жылы салынған супермаркетте бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шатырдың не себептен құлағаны әзірге белгісіз.

Төтенше оқиға болған жерде ондаған құтқарушы жұмыс істеп жатыр.

Квасьневский: ЕО Киевпен келісім жасаспайды

ЕО өкілі Александр Квасьневский Украина парламентіндегі дауыс беруден кейін. Киев, 21 қараша 2013 жыл.
Вильнюсте өтетін саммитте Брюссель Украинамен ассоциация туралы келісімге қол қоймайды деп мәлімдеді Еуропа одағының (ЕО) арнайы өкілі Александр Квасьневский.

Журналистермен кездесуінде Квасьневский Украина Жоғарғы Радасы түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заңды қабылдамауына байланысты ЕО Киевпен келісім жасаспайтынын айтты.

Украина билігі де келісім жасасуға дайындықты тоқтататынын хабарлады.

Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасьневский мен ирландиялық саясаткер Пат Кокс ЕО атынан Вильнюсте өтетін саммит қарсаңында Украинадағы жағдайды бақылаған еді. Еуропа одағы өкілдерінің айтуынша, олардың Киевтегі миссиясы аяқталған.

Еуропа одағының сыртқы кеңею істері бойынша комиссары Штефан Фуэле 21 қарашаға Украинаға жоспарлаған сапарынан бас тартты.

ЕО Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен еді. ЕО қойған шарттардың бірі - түрмеде отырған Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау болған.

Каримованың Twitter-дегі парақшасы жабылды

Гүлнара Каримованың Twitter-дегі парақшасынан скриншот. 21 қараша 2013 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың Twitter-дегі парақшасы жабылып қалды. Парақшасындағы соңғы жазба 21 қарашада шықты. Онда Каримова соңғы апталарда өзінің жазбаларын қарап жүргендерге алғыс білдірген.

20 қарашада Каримова парақшасында өзінің "Келажак овози" (Болашақ даусы) жастар жобасының бірнеше қызметкері экстремизм айыбымен тұтқындалғанын хабарлаған еді. Ол осыған байланысты қызметкерлерін босатып алу үшін полиция бөлімшесінде жүргенін жазған.

Соңғы бірнеше аптада Гүлнара Каримова Twitter-дегі аккаунтын бақылауындағы бірнеше радио және телеарналар қызметінің тоқтатылғанын, өзінің Terra Group медиахолдингіне қатысты тексеру жүргізіліп, арнайы қызметтің бұрынғы бірқатар қызметкерінің тұтқындалғанын хабарлау үшін пайдаланған еді.

Гүлнара Каримова әкесі Ислам Каримовтың ықтимал мұрагері саналатын.

Бас прокуратура БАӘ-де ұсталғандар туралы айтты

Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның бас прокуратурасы "29 қазанда Біріккен Араб Әмірлігінде (БАӘ) ұсталған азаматтар сол жақта жауапкершілікке тартылып жатқандықтан оларды елге қайтару мүмкін емес" екенін хабарлады.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары бас прокуратураның бірінші орынбасары Иоганн Меркельге сілтеме жасай отырып, БАӘ-де ұсталған азаматтар жайлы "өлім жазасына кесілуі не елге қайтарылуы ықтимал" деген ақпарат таратқан.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, Иоганн Меркель жергілікті арнаға берген сұхбатында 29 қазанда ұсталған қазақстандықтар туралы емес, "Қазақстанда қылмыс жасап, сол үшін Интерпол арқылы іздестіріліп жатқан БАӘ-дегі қазақстандықтардың экстрадициясы" туралы айтқан.

"Меркель түсініктеме берген жағдайдың БАӘ билік орындары 29 қазанда ұстаған Қазақстанның өзге азаматтарына ешқандай байланысы жоқ" дейді бас прокуратура.

Биыл қазан айының соңында Дубайда он шақты (бас прокуратура дерегінше, 12 адам) қазақстандықты БАӘ полициясы ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Ол елдегі Қазақстан азаматтары ұсталғанын Оралда тұратын туыстары да растаған. Дубай полициясы Азаттыққа "олар туралы әзірше ешқандай мәлімет бере алмайтынын" айтқан.

Иракта жарылыстан 25 адам қаза тапты

Бағдадта болған жарылыстардың бірінен кейінгі көрініс. Ирак, тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін Ирактың Дияла провинциясындағы Садия ауданында кісі көп шоғырланған базарда жарылыс болып, кемінде 25 адам қаза тапты.

Көлікке орнатылған бомбаның жарылуынан жараланғандар саны 40-қа жуықтайды. Провинция Бағдадтан солтүстік-шығысқа қарай 65 километр қашықтықта орналасқан.

Иракта соңғы жылдары жарылыстар мен шабуылдар күрт көбейді. Тек қазан айының өзінде ел аумағында жарылыстардан 1 мыңнан астам адам мерт болған.

Өзбекстанда "шииттік исламды насихаттаушы" сотталды

Ташкенттегі мешіттердің бірі. (Көрнекі сурет)
"Өзбекстан-Иран" достық қоғамының Самарқанд облысы филиалының жетекшісі Равшан Гулямов "заңсыз миссионерлік қызметі" үшін бес жылға сотталды.

Өзбекстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, Гулямов "Иранның Ташкенттегі елшілігінен исламның шииттік тармағын насихаттайтын әдебиеттер алып, оларды Самарқанд және Жизақ облыстарының мешіттерінде таратқан".

Өзбекстанның дін істері жөніндегі комитеті сарапшыларының айтуынша, Гулямов пен оның серіктерінен тәркіленген діни әдебиеттерде "сүнниттік исламды ұстанатын мұсылмандарға тіл тигізетін материалдар бар".

Өзбекстандағы 30 миллион халықтың 90 пайыздан астамы ислам дінің сүнниттік тармағын ұстанады.

Тағы

XS
SM
MD
LG