Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Дін істері агенттігіне жаңа төраға тағайындалды

Айт намазын оқып тұрған жұрт. Алматы, 15 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Дін істері агенттігінің төрағасы қызметіне Марат Әзілханов тағайындалды деп хабарлады Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты. Марат Әзілханов бұрын осы агенттік төрағасының орынбасары болған.

Агенттіктің бұрынғы төрағасы (2011, маусым - 2013, қазан) Қайрат Лама Шариф өткен айда Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі болып кеткен.

Лама Шариф агенттікті басқарған тұста, 2011 жылдың соңында Қазақстанда діни ұйымдарды қайта тіркеу туралы заң қабылданған. Заң талабы бойынша 2012 жылдың соңына дейін Қазақстандағы барлық діни ұйымдар қайта тіркеуден өткен еді.

Халықаралық ұйымдар, кейбір Батыс елдері, қазақстандық құқық қорғаушылар бұл заңның сенім бостандығын шектейтінін айтқан.

Косово президенті сайлау учаскесіне шабуылды айыптады

ЕҚЫҰ бақылаушылары белгісіз адамдардың шабуылына ұшыраған сайлау учаскесінен кетіп бара жатқан сәті. Митровица, Косово, 3 қараша 2013 жыл.
Косово президенті Атифете Яхьяга сайлау учаскесіне шабуылды айыптап, оны жасағандарға «орталық үкіметке қарсы әрекеттерге» бармауды ескертті.

3 қарашада Косовода жергілікті сайлаулар өтіп жатқанда Митровица қаласының солтүстігіндегі сайлау учаскесіне шабуыл жасалған. Беттеріне маска киген бірнеше адам көзден жас ағызатын газ шашып, сайлау бюллетендері салынған жәшіктерді жойған. Оқиғаның салдарынан Митровицадағы бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беру тоқтатылып, сайлау учаскелерінің өкілдері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары эвакуацияланған.

Кейін сайлау комиссиясының өкілдері шабуылдан бүлінген сайлау жәшіктерін Приштинадағы дауыс санайтын орталыққа жеткізуге жәрдем беруін сұрап, ЕҚЫҰ-ға өтініш жасаған.

Мәліметтерде солтүстіктегі аудандарды есепке алмағанда Косовода жексенбіде өткен жергілікті сайлауға дауыс беруге сайлаушылардың 46 пайызы қатысқаны айтылады.

2008 жылы Сербиядан тәуелсіздігін жариялаған Косовоның егемендігін Батыс елдерінің көпшілігі таныған.

Приштина (ел астанасы - ред.) билігін мойындай бермейтін солтүстік аймақтарда тұрғындардың басым бөлігін сербтер құрайды.

Косово тәуелсіздігін әлі мойындамай келе жатқан Сербия үкіметі биыл Косовода тұратын сербтерді осы сайлауға қатысуға шақырған еді. Бұл – 2012 жылы Еуропа Одағы (ЕО) қатысуымен жасалған бейбіт келісімдерге сәйкес жасалған әрекет. ЕО ұйымға мүше болғысы келетін Сербияға Косовомен қарым-қатынасын жақсарту талабын қойған.

Тегеранда АҚШ-қа қарсы шеру өтті

АҚШ-қа қарсы шеруге шыққандар. Тегеран, 4 қараша 2013 жыл.
Иран астанасы Тегеранда 1979 жылғы 4 қарашада болған оқиғаны атап өтуге мыңдаған адам жиналып, бұрынғы АҚШ елшілігінің жанымен жүріп өтті. Иран бұқаралық ақпарат құралдары шерушілердің кейбірі «Америкаға өлім келсін!» деген жазу ұстап шыққанын хабарлады.

Иранда мұндай шеру жылда қайталанады. Бірақ Иранның қазіргі президенті Хассан Роуханидің Тегеран мен Батыс елдері арасындағы қырғи-қабақ саясатты жұмсартуға бағытталған талпынысына байланысты биылғы жиын ерекше назар аудартып отыр. Қыркүйек айында Роуханидің АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлескені туралы хабарды Иран консерваторлары күдік-секеммен қабылдаған.

1979 жылы қарашада Тегерандағы АҚШ елшілігіне баса-көктеп кіргендер ондағы америкалық азаматтарды кепілдікке алған соң Иран мен АҚШ арасында дипломатиялық дағдарыс орнаған. Сол жолы елшілікті басып алғандар ондағы 52 қызметкерді 444 күн бойы кепілдікте ұстап, сосын босатқан еді.

Саакашвили экс-министріне рақымшылық жариялады

Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі Бачо Ахалая. Тбилиси, 6 қараша 2012 жыл.
Грузия президенті Михаил Саакашвили елдің бұрынғы ішкі істер министрі Бачо Ахалаяға рақымшылық жариялады. Экс-министрдің адвокаты Гиорги Онианидің айтуынша, рақымшылық туралы өтінішті Ахалаяның өзі емес, оның отбасы берген. Ахалая өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Тбилиси соты 28 қазандағы үкімімен «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырған Бачо Ахалая – Михаил Саакашвилидің түрмеге жабылған алғашқы серігі. Сот оны «түрме жүйесінің басшысы болып тұрған 2006 жылы түрмедегі бүлікті басуда шектен тыс күш қолдануда қызмет бабын асыра пайдаланған» деп таныды. Түрмедегі сол бүлік кезінде жеті тұтқын қаза тапқан еді.

Михаил Саакашвилидің президенттік өкілі енді екі аптадан соң аяқталады. Оның саяси бәсекелесі премьер-министр Бидзина Иванишвили өткен аптаның соңында, өзі жақында отставкаға кеткен соң орнына Грузияның қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили қалатынын мәлімдеген.

Грузияда 27 қазанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, Саакашвилидің бәсекелесі Иванишвилидің жақтасы Георгий Маргвелашвили жеңіске жеткен.

Иванишвили бұған дейін «президенттік өкілеті біткен соң Михаил Саакашвили де жауапқа тартылуы мүмкін» екенін айтқан еді. Саакашвилидің тағы бірнеше серігін алда сот күтіп тұр.

AIBA рейтингісінде 4 қазақ боксшысы алда тұр

75 килограмм салмақ бойынша әлем жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлы (көк формада) мен әзербайжандық Солтон Мигитинов арасындағы сайыс. Алматы, 19 қазан 2013 жыл. (Суретті әлем чемпионатының баспасөз қызметі ұсынған)
Халықаралық бокс федерациясы (АІВА) Алматыда әуесқойлар арасында өткен әлем чемпионатынан кейін боксшылар рейтингісін жаңартты. Жаңа рейтингте төрт қазақ боксшысы бірінші орында тұр.

49 килограмға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған Біржан Жақып сегіз саты жоғарылап, бірінші орынға шықты.

Алматыдағы чемпионатта 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткен Данияр Елеусінов бесінші орыннан біріншіге көтерілді.

75 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әлем жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлы сегізінші сатыдан біріншіге жоғарылады.

Әлем чемпионатында 81 килограмдық салмақта күміс медаль алған Әділбек Ниязымбетов те - бірінші орында. Ол әлемдік жарысқа дейін рейтингте екінші орында тұрған еді.

Сонымен бірге, 64 килограмда әлем чемпионы атағын жеңіп алған Мерей Ақшалов жеті саты жоғарылап, қазір екінші орында тұр.

91 килограмнан жоғары салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иван Дычко да екінші орынға шықты. Ол бұған дейін төртінші сатыда тұрған еді.

Ал әлем чемпионатында 60 килограмм салмақ дәрежесінде қола медаль алған Берік Әбдірахманов үшінші (ол он саты жоғарылаған), 56 килограмм салмақ дәрежесінде қола жүлде алған Қайрат Ералиев жетінші орында (ол 19 саты жоғарылады) тұр.

Мурси мен 14 адамға қарсы сот тыңдауы басталады

«Мұсылман бауырлар» қозғалысын қолдаушылар Мұхаммед Мурсидің суретін ұстап тұр. Каир маңы, Египет, 1 қараша 2013 жыл.
Египет астанасы Каир қаласында елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиге және оны қолдайтын «Мұсылман бауырлар» қозғалысына мүше 14 адамға қатысты қозғалған іс бойынша сот тыңдауы басталмақ.

Сот процесі өтетін Каирдегі полиция академиясының ғимаратына Мурсиді тікұшақпен жеткізгені хабарланды.

Оларға қарсы іс 2012 жылдың желтоқсанында Мурсидің жақтастары мен қарсыластары арасында болған қақтығыстарға, ондағы адам шығынына байланысты қозғалған. Егер сот айыпты деп тапса, олар өмір бойы түрмеге қамалуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Мурсидің жақтастары оларға «әділетсіз айып тағылғанын» айтып, жұртты жаппай наразылық танытуға шақырған.

2012 жылы жазда Египет президенті болып сайланған Мұхаммед Мурсиді 2013 жылы шілде айында әскерилер биліктен шеттеткен еді. Ол содан бері қамауда отыр.

БАӘ-де ұсталғандар туыстары оқиғаны растады

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
«Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) ұсталған қазақстандықтар» деп аталған адамның бірі – Батыс Қазақстан облысының тумасы Асылбек Шукранов екенін туыстары растады. Оның әпкесі Жұлдыз Шукранованың Азаттыққа хабарлауынша, Асылбек Шукранов бірнеше жылдан бері сол елде отбасымен бірге тұрып жатқан.

– Асылбектің не үшін тұтқындалғанын, тіпті қайда отырғанын да білмейміз. Байланысу мүмкін емес. Ешкім ештеңе айтпайды. Қазір Астанадағы БАӘ елшілігінде жауап күтіп отырмыз. Асылбек ел астанасы Дубайда алты-жеті жылдан бері отбасымен бірге тұрып жатыр. Жеке фирмасы бар, бизнесі де заңды. Бес уақыт намаз оқиды, - деді Жұлдыз Шукранова дүйсенбіде Азаттыққа.

Жұлдыз Шукранова Дубайда інісімен бірге тағы бір Қазақстан азаматы ұсталғанын, оның аты-жөні Қуаныш Нұрым екенін растады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов 4 қараша күні Азаттыққа «әзірге БАӘ-ден ешқандай жауап келмегенін» айтты. СІМ өткен аптаның соңында «Дубайда ұсталған қазақстандықтар» туралы хабарды анықтау үшін сол елдің билік органдарына сұрау жіберген.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде 30 қазанға қараған түні БАӘ-де оннан аса Қазақстан азаматын жергілікті билік орындары ұстап әкеткені туралы хабар тараған еді. Қазақстандық «Уральская неделя» газеті «ұсталғандардың екеуінің аты-жөндері Асылбек Шукранов және Нұрым Қуаныш екені белгілі» деп хабарлады. Басылым бұл ақпаратты редакцияға БАӘ-ден аты-жөнін атағысы келмеген қазақстандық хабарласып, жеткізгенін айтады.

Таиландта паром апатынан жеті адам қаза болды

Таиландтағы паром апаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00
Жексенбі күні Таиландта туристер мінген паром жағалаудан жарты шақырымдай маңда теңізде суға батып, апат салдарынан кемінде жеті адам қаза болған.

Паттайядағы Ко-Лан аралынан шыққан паромның двигателінде ақау пайда болған соң жолаушыларды екінші қабатқа шығарған. Олардың салмағынан паром бір жақ бүйіріне ауып, суға батып кеткен. Полицияның хабарлауынша, 150 жолаушы алып жүруге лицензиясы бар паромда апат болған сәтте 200 адам отырған.

Таиландтағы Ресей елшілігінің өкілі Андрей Дворников паром апатында қаза болғандардың арасында ресейлік үш азамат (бір әйел және екі ер адам) бар екенін хабарлаған.

Таиландтың құтқару қызметі мен әскери-теңіз күштері апат болған аймақта іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Нацистер иеленген мыңнан астам сурет табылды

Пабло Пикассоның «Мария Тереза Вальтер» атты туындысы. 1937 жыл. (Көрнекі сурет)
Германияның Мюнхен қаласындағы пәтерлердің бірінен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер иеленген бір жарым мыңға жуық картина табылған. Олардың арасында Матисс пен Пикассоның туындылары да бар.

1930-1940 жылдардағы өнер туындыларын жинайтын коллекционердің ұлының пәтерінен табылған бұл картиналардың жалпы құны 1 миллиард еуроға жуық деп бағалайды германиялық Focus апталық басылымы. Өткен ғасырда өмір сүрген әйгілі суретшілер шығармаларының ішінде Эмиль Нольде, Франц Марк, Макс Бекман және Макс Либерман сияқты неміс суретшілерінің картиналары да бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және оған дейін бүкіл Еуропада көптеген өнер туындылары нацистердің қолына өткен еді. Олар туындылардың көбін иелерінен тәркілеп алған немесе арзан бағамен сатуға мәжбүрлеген.

Кубада жекеменшік кинотеатрлар жабылады

Куба президенті Рауль Кастро мінбеде сөйлеп тұр. 2012 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)
Куба билігі ондаған жекеменшік кинотеатрлар мен ойын салондарын шұғыл түрде жабу туралы бұйрық шығарды. Үкіметтің 2 қараша күні таратқан мәлімдемесінде кинотеатрлардың "рұқсаты жоқ екені", бұл салада "тәртіп орнауы қажет" екені айтылды.

Куба президенті Рауль Кастро 2008 жылы ағасы Фидель Кастродан билікті алғаннан кейін коммунистік аралда бірқатар нарықтық реформалар жүргізді.

Ол лицензия негізінде жұмыс істейтін такси, шағын мейрамхана сияқты 200-ге жуық ұсақ кәсіп түріне рұқсат етті. Бірқатар кәсіпкерлер бұл лицензияларды алғаннан кейін жасырын фирмаларын көбейтіп, көлеңкелі ойын-сауық бизнесі пайда болған.

Нью-Йоркте қауіпсіздік шаралары күшейді

Нью-Йорк. (Көрнекі сурет)
3 қараша күні Нью-Йоркте марафон өтеді. Қала билігі қауіпсіздік шараларын күшейтіп отыр. Мақсат - Бостондағыдай жарылыстарды болдырмау.

Марафон ұзындығы 42 километрден асады. Осы жолдың бойында жүгірушілердің қауіпсіздігін бірнеше мың полицей мен аквалангист, бірнеше тікұшақ пен иттер, мыңдаған видеокамералар бақылайтын болады.

Полиция комиссары Рэй Келли бұл марафонның қауіпсіздігі Бостон жарылысының ертеңінен - 16 сәуірден-ақ жоспарлана бастағанын айтты. Бостон марафонында болған жарылыстан үш адам өліп, 264 адам жараланған еді. Бұл жарылысқа қатысты қазақстандық екі азамат - Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев та айыпталды.

Жексенбі күнгі Нью-Йорк марафонына 48 мың адам қатысуы мүмкін. Бұл қалада Сэнди дауылына байланысты былтыр марафон өтпей қалған. Сэнди 2012 жылы 29 қазан күні Нью-Йорк аудандарын қиратып кеткен еді.

Сауд Арабиясы: түрмеде бүліктен екі тұтқын жараланды

Сауд Арабиясының солтүстігіндегі түрмеде 2 қараша күні бүлік болды. Тәртіпсіздікті басуға тырысқан күзетшілер қару қолданған. Одан екі тұтқын оқ тиіп жараланған.

Сауд Арабиясындағы жергілікті ақпарат құралының хабарлауынша, Бураида қаласының түрмесінде болған бүлік кезінде бірнеше камерадан өрт шыққан.

Түрмедегі тәртіпсіздік себебі әзірге белгісіз. Сауд Арабиясы ресми өкілдерінің хабарлауынша, түрмеде өрт шыққан, бірақ ол көп ұзамай өшірілген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл түрмеде бұзақылығы үшін сотталған адамдар отырады.

Ал үкіметке қарсы шараларды ұйымдастырғаны үшін сотталғандар бүлік шыққан абақтының жанындағы басқа түрмелерге қамалады.

Африкада екі француз журналисі қаза тапты

Радикалды исламшыл топтармен соғысып жүрген Мали солдаттары. Мали, 28 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Франция сыртқы істер министрлігі Малидің Кидаль қаласында қарулы топ тұтқынға алған екі француз журналисінің қаза тапқанын хабарлады.

Министрлік дерегі бойынша, "Малиде "Франс Интернасьональ" радиосы (RFI) тілшілері Клод Верлон и Жислен Дюпонның мәйіттері табылған".

Франция президенті Франсуа Олланд мұндай қылмыстың "жиренішті" екенін мәлімдеді. Кидаль - Мали астанасы Бамакодан 1 мың 500 километр қашықта, Алжирмен арадағы шекараға жақын жатқан қала. Әдетте бұл аймақта туарег тайпасының ұлт-азаттық қозғалысы өкілдері жүреді.

Дюпон - RFI-дың африка елдеріне маманданған тілшісі. Ол Кидаль қаласынан президент сайлауы туралы баяндама жасауды жоспарлаған.

Сотталған Pussy Riot мүшесінің қайда екені белгісіз

Pussy Riot тобының мүшесі Надежда Толоконникова сот залында тұр. Ресей, 26 шілде 2013 жыл.
Федералдық жаза орындау жүйесінің Мәскеудегі ғимараты алдында белсенділер жалғыз-жалғыздан пикет өткізуді бастады. Олар жазалау жүйесі өкілдерінен Pussy Riot мүшесі Надежда Толоконникованың қайда екенін айтуды талап етіп жатыр.

Толоконникованың туыстары мен адвокаттары оның қайда екенін 18 қазаннан бастап білмейтіндерін айтады.

Федералдық жаза орындау жүйесінің баспасөз қызметі "Толоконникованың түзету колонияларының біріне ауыстырылғанын" хабарлады. Ресей заңдары бойынша, тұтқын тиісті орынға жеткізілген 10 күннің ішінде оның туыстарына хабар берілуі тиіс.

Федералдық жаза орындау жүйесі ғимаратының алдындағы пикеттер 2 қараша күні басталған. Надежда Толоконникованың жақтастары пикеттерді оның қайда екені хабарланғанша жалғастыра беретіндерін мәлімдеді.

Толоконникова Мәскеудің кафедралдық соборында Ресей президенті Владимир Путинге қарсы ән айтқаны үшін екі жылға сотталған.

Ол қыркүйек айында түрме басшыларының "тұтқындарға шамадан тыс жұмыс істетуіне және өлтіретіндерін айтып, қорқытуына қарсы" аштық жариялаған еді.

АҚШ-та "әуежайда атысқан" күдіктіге айып тағылды

Лос-Анджелес әуежайы. (Көрнекі сурет)
АҚШ прокурорлары Лос-Анджелес қаласының әуежайына қарулы шабуыл жасады деген күдікті - 23 жастағы Пол Сиансияға "кісі өлтірді, халықаралық әуежайда адамзатқа қарсы қылмыс жасады" деген айып тақты.

Егер ол айыпты деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін. АҚШ федералдық қауіпсіздік агенттігінің мәліметіне қарағанда, 1 қараша күні жасалған шабуылдан АҚШ федералдық қауіпсіздік агенттігінің бір қызметкері қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Сиансия қазір полиция оғынан жараланып, ауруханада жатыр.

Лос-Анджелес халықаралық әуежайы қалыпты жұмысына кіріскен. Бұл шабуылдың кесірінен 167 мың жолаушы дер кезінде ұша алмай қалған еді.

Косово аймақтарында сайлау өтіп жатыр

Приштина.
Косовода бүгін жергілікті билік органдарының сайлауы өтіп жатыр. Аймақтардағы сайлау Косово тәуелсіздік алғалы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Косово 2008 жылы Сербиядан тәуелсіздігін жариялаған еді.

Бақылаушылар дауыс беру барысын мұқият қадағалап отыр. Сарапшылар назары сербтер көп тұратын, Приштина (ел астанасы - ред.) билігін мойындай бермейтін солтүстік аймақтарға ауған.

Сербия Косово тәуелсіздігін әлі мойындаған жоқ. Алайда Белград (Сербия астанасы - ред.) Косовода тұратын сербтерді сайлауға қатысуға шақырды. Бұл - 2012 жылы Еуропа Одағы (ЕО) қатысуымен жасалған бейбіт келісімдерге сәйкес жасалған әрекет.

ЕО сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон сайлауға "Косово болашағы үшін жасалған маңызды қадам" деген баға беріп, "бұл сайлауды Сербия мен Косово қатынастарын жақсартатын процестің бірі ретінде санайтынын" мәлімдеді.

ЕО ұйымға мүше болғысы келетін Сербияға Косовомен қарым-қатынасын жақсарту талабын қойып отыр.

Грузия премьері орнына қалатын адамды атады

Грузияның қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили. Тбилиси, 17 қараша 2012 жыл.
Грузия премьер-министрі алдағы апталарда отставкаға кетеді. Премьер орнына қалатын адамның атын жариялады. Ол - Грузияның қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили.

Отставкаға кететін Грузия премьері Бидзина Иванишвили өзінің орнына қалатын Гарибашвилиді үкімет мүшелерімен ақылдаса отырып, "Грузия арманы" атты өзі басқаратын коалиция мүшелерінің қолдауымен таңдағанын мәлімдеді.

Иванишвили 17 қараша - жаңа сайланған президент Георгий Маргвелашвили ант қабылдайтын күні отставкаға кететінін айтқан. Заң бойынша Гарибашвилидің кандидатурасын парламент ұсынып, Маргвелашвили бекітуі керек. Бірақ бұл рәсімдердің Иванишвили жоспарлағандай орындалатынына ешкім шүбә келтірмейді. Өйткені, парламентте ол басқаратын коалиция көпшілік орынға ие болып отыр. Оның үстіне, жаңа президент Маргвелашвили - Иванишвилидің одақтасы.

Маргвелашвили өткен айда президент сайлауында жеңіске жеткен еді. Ол енді Иванишвилидің қарсыласы Михаил Саакашвилидің орнына келеді. Грузия конституциясына жасалған соңғы өзгерістер бойынша президенттің көптеген құқықтары премьер-министрге берілді.

Головкин бокстан әлем чемпионы атағын қорғап қалды

Геннадий Головкин. 17 қаңтар 2013 жыл.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Нью-Йоркта АҚШ боксшысы Кертис Стивенспен бокстасты. Кездесу Астана уақытымен айтсақ, 3 қараша күні сағат 9:00-де басталды.

12 раундтық жекпе-жек 8-раундтан кейін аяқталды. Бапкерлері Стивенс ногдауннан кейін Головкиннің соққыларына тиісті дәрежеде тойтарыс бере алмай жүрген соң рингке ақ орамал тастап, оның ары қарай бокстаспайтынын білдірді.

Осылайша, Головкин WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) версиялары бойынша орта салмақ (49-72,5 килограмм) бойынша бокстан әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Бұл - Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы 28-кездесуі. Осы кездесулерінің бәрінде ол қарсыластарын жеңіп келеді. Қазақстандық боксшы 25 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған.

Головкин 2013 жылы қаңтарда америкалық Габриэль Росадомен кездескен еді. Ол кездесуде Росада да Головкиннен ақ орамалмен құтылған.

Ал наурызда жапониялық Нобухиро Ишиданы, маусымда британдық Мэттью Маклинді нокаутпен жеңген.

Головкин - 2011 жылдан бері (WBA) әлем чемпионы. Ол осымен бұл атағын тоғызыншы рет қорғап қалды.

СІМ Дубайға «ұсталған қазақстандықтар» туралы сұрау салды

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) «ұсталған қазақстандықтар» туралы хабарды анықтау үшін сол елдің билік органдарына сұрау жіберді. Бұл туралы сенбі күні Азаттыққа СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов хабарлады.

– Олардың ұсталғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін әзірге айта алмаймын, бірақ БАӘ-дегі біздің бас консулдығымызға олардың туыстарынан өтініш түскені рас. Қазір консулдық ресми тәртіппен БАӘ-нің тиісті органдарына сұрау жолдады. Әзірге оған ресми жауап келген жоқ, - деді ол.

Айтмаханов БАӘ-дегі Қазақстанның бас консулдығына қанша адамнан және кімдердің өтініш бергенін Азаттыққа айтпады.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде 30 қазанға қараған түні БАӘ-де оннан аса Қазақстан азаматтарын жергілікті билік орындары ұстап әкеткені туралы хабар тараған еді. Қазақстандық «Уральская неделя» газеті «ұсталғандардың екеуінің аты-жөндері Асылбек Шукранов және Нұрым Қуаныш екені белгілі» деп хабарлады. Басылым бұл ақпаратты БАӘ-нен, өз аты-жөнін атағысы келмеген қазақстандық хабарласып жеткізгенін айтады.

Шет мемлекеттерде «терроризмге қатысы бар» деген айыппен ұсталған немесе оққа ұшқан қазақстандықтар қатары жыл сайын өсіп бара жатқаны туралы Азаттық бұған дейін жазған.

Хан Саид Сажна - Пәкістандық Талибанның жаңа басшысы

Хан Саид Сажна (Халид). «Техрик-е-Талибан Пәкістан» тобы 2 қараша 2013 жылы жария еткен сурет.
Бүгін Пәкістанда үкіметке бағынбайтын қарулы топтар басшылары жиналып, осыдан бір күн бұрын қаза тапқан Хакимулла Мехсудтың орнына Хан Саид Сажнаны «Техрик-е-Талибан Пәкістан» қозғалысына басшы етіп сайлаған. Бұл туралы Машааль радиосы (Азаттықтың Пәкістандық қызметі) хабарлады.

Хан Саид Сажна (Халид деп те атайды) – Пәкістандағы қарулы топтар арасында белгілі тұлға. 2012 жылы Пәкістанның солтүстік-батысындағы түрмеге шабуылды осы адам ұйымдастырған деп саналады. Сол жолы түрмеден төрт жүзге жуық тұтқын қашып кеткен еді. Сондай-ақ басқа да шабуылдарға, соның ішінде 2011 жылы Карачидегі әскери-теңіз базасына жасалған шабуылға да Хан Саид Сажнаның қатысы бар делінеді.

Соңғы кезге дейін «Техрик-и-Талибан Пәкістан» қозғалысын басқарып келген Хакимулла Мехсудты 1 қараша күні Солтүстік Вазиристан провинциясында АҚШ-тың пилотсыз ұшағы әуеден соққы беріп өлтірген еді.

Қытайда фабрикада болған жарылыстан 11 адам өлген

Көрнекі сурет.
Қытайдың оңтүстігіндегі пиротехникалық заттар фабрикасында болған жарылыс салдарынан 11 адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жараланған. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдары бұл оқиға жұма күні Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында болғанын хабарлады.

Полиция осы кәсіпорынға қатысы бар деген болжаммен екі кәсіпкерді ұстаған. Жарылысқа не себеп болғаны анықталып жатқаны хабарланды.

Қытайда пиротехникалық бұйымдар шығаратын кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталмауы салдарынан оқыс оқиғалар жиі қайталанады. Биыл маусым айында фейерверк зауыттарында болған екі жарылыс салдарынан 14 адам қаза болған. Оның алдында, ақпанда Хэнань провинциясында фейерверк артқан жүк автокөлігінде жарылыс болып, салдарынан оннан аса адам мерт болған еді.

Еуропа Кеңесі Бакуді саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс. Мәскеу, 11 сәуір 2013 жыл.
Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс Әзербайжанды Еуропа Кеңесіне төрағалық етпес бұрын елде либералдық өзгерістер жасауға шақырды.

Азақттық радиосына берген сұхбатында Мужниекс ресми Бакуді негізсіз айыптаулар бойынша түрмеде отырған әзербайжандық белсенділерді, журналистер мен оппозиция өкілдерін бостандыққа шығаруға, сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігін іс жүзінде құрметтеуге үндеді.

Еуропа Кеңесіндегі ауысым принципі бойынша, 2014 жылы мамырда Әзербайжан жарты жылға осы кеңеске төрағалық міндетін атқаруға кірісуі тиіс.

Өткен айда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мұсылмандардың Құрбан айт мерекесіне орай 152 тұтқынға рақымшылық жариялаған соң билікті сынаушы бірқатар тұлғалар түрмеден босап шыққан еді. Бірақ оппозиция белсенділері мен құқық қорғаушылар рақымшылыққа «саяси себептермен сотталған» өзге де тұтқындар ілінбей қалғанына наразылық білдірген.

Әзербайжанда биыл 9 қазанда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 85 пайызының қолдауына ие болған Ильхам Әлиев осымен үшінші мерзімге Әзербайжан президенті болып сайланды. Оппозиция сайлаудың ресми нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары «дауыс беру процесі кезінде кемшіліктер мен бірқатар мәселелер ұдайы байқалғанын» айтқан еді. АҚШ үкіметі ЕҚЫҰ бағасына қолдау білдірген.

Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясы «сөз бостандығына қатысты кейбір мәселелер болғанына қарамастан сайлау ашық, әрі демократиялық түрде өтті» деп баға берген.

Тәжік оппозициясы президент сайлауына бойкот жариялады

Президент сайлауы туралы жарнама. Қорғантөбе қаласы, Хатлон облысы, Тәжікстан. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан социал-демократиялық партиясы (ТСДП) осы айда өтетін ел президенті сайлауына бойкот жариялады.

Жұма күні жариялаған мәлімдемеде оппозициялық партия сайлау науқаны «Конституцияны бұзып, мемлекеттік дәрежеде бұрмалаушылыққа жол беруге негізделіп» отырғаны туралы айтқан. Сонымен бірге ТСДП сайлауға түсуге ниет білдірген кандидаттардың шетелде жұмыс істеп жатқан тәжік азаматтарынан қолын жинауға тосқауыл қойылып, «бір жарым миллионнан астам тәжік мигранттарының» құқығы аяқасты болғанын айтады.

Бұған дейін Тәжікстан оппозициясы президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған Ойнихол Бобоназарованы сайлау комиссиясы тиісті мерзімге дейін тіркеуге қажетті 210 мың адамның қолын жинай алмады деп тіркемей қойған еді. Бобоназарова Азаттыққа берген сұхбатында сайлауға түсуден бас тартатыны туралы мәлімдеген.

Тәжікстанда 6 қарашада өтетін президент сайлауына үміткер алты адам тіркелген. Олардың арасында қазіргі президент Эмомали Рахмон да бар.

Сноуден АҚШ Конгресіне куәлік айтқысы келеді

АҚШ барлау қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден (сол жақта) мен Германия парламентінің депутаты Ханс-Кристиан Штребеле. Мәскеу, Ресей, 31 қазан 2013 жыл.
АҚШ барлау қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден АҚШ Конгресі алдында электрондық тыңшылыққа қатысты куәлік беруге ниетті. Бұл туралы Германия парламентінің депутаты Ханс-Кристиан Штребеле мәлімдеген. Ол бейсенбіде Сноуденмен Мәскеуде кездескен.

Жұма күні Германия ішкі істер министрі Ханс-Петер Фридрих осы елдің канцлері Ангела Меркельдің телефон әңгімелерін АҚШ Ұлттық агентігі жасырын тыңдап келгені туралы мәліметтерге қатысты Сноуден Германия билік орындарына куәлік беруге дайын екенін жеткізгенін айтқан болатын. Журналистерге әлгіндей деректерді Сноуден берген.

1 қарашада АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки «Эдвард Сноуден отанына тезірек қайтарылуы тиіс» деп мәлімдеген. Ол Сноуденге АҚШ заңнамасына сай құқықтық қорғау кепілдігі берілетінін айтқан. Бұған дейін Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни де осындай мәлімдеме жасаған еді.

Биыл жазда Ресейден уақытша баспана алған Эдвард Сноуден қазір сонда тұрып жатыр. АҚШ Сноуденді Ресейден қайтарып беруді сұрап отыр. АҚШ билігі Сноуденге «мемлекеттік құпияны жариялаған» деген айып таққан.

Жамбыл облысында көлік апатынан 3 адам мерт болды

Жол апатына түскен жолаушылар көлігі. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның Жамбыл облысында «Мерседес» маркалы шағын автобус пен «Камаз» жүк көлігі соқтығысып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 6 адам жараланған.

Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің (ҚТМ) хабарлауынша, оқиға 2 қарашада Астана уақытымен түнгі сағат 12.20-да Алматы – Ташкент тас жолының 441-шақырымында, Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында болған.

«Жол-көлік апаты салдарынан шағын автобуста отырған үш жолаушы сол жерде мерт болған. Автобус жүргізушісі мен бес жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алған, олар ауруханаға жеткізілді» делінген ҚТМ ақпаратында.

«Қаза болған үш әйелдің екеуінің аты-жөні белгісіз» деп хабарланды.

Бұған дейін, 31 тамызда Жамбыл облысында Алматы – Ташкент тас жолының бойында жүк көлігі мен жолаушылар автобусы соқтығысып, 10 адам мерт болған еді. Оның алдында, 25 тамызда Жамбыл облысының Қордай кенті маңында, Алматы – Ташкент тас жолындағы жол апатынан 10 адам опат болған.

Қазан айында үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр елде жол-көлік апаттарының көбейіп кеткенін, былтыр 2145 адам қаза болса, биыл жыл басынан бері 2273 адам мерт болғанын айтып, көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін күшейтуді тапсырған.

Тағы

XS
SM
MD
LG