Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Киевте мыңдаған адам көшеге шықты

Киевтегі Тәуелсіздік алаңы. 1 желтоқсан 2013 жыл.
Жексенбі күні Украина астанасында билікке наразылық білдірген ондаған мың адам Тәуелсіздік алаңына тағы жиналды. Олар кешеден бері алаңға ешкімді жібермей тұрған милиция қоршауын бұзып өткен. Оппозиция өкілдері президент Виктор Янукович пен үкімет жетекшісі Николай Азаров отставкаға кетсін деген талаптар айтты.

Бұған дейін Киев соты 7 қаңтарға дейін Тәуелсіздік алаңында шерулер өткізуге тыйым салатын шешім шығарған еді.

Президент әкімшілігі ғимараты маңында милиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ шашып, екі жақ қақтығысып қалған. Жергілікті телеарна бет-жүзін жасырған жас адамдардың милицияның «Беркут» арнайы жасағына тас лақтырып жатқанын көрсетті. Оппозиция өкілдері жиналған жұртты арандатуға бармауға, милицияға шабуыл жасамауға шақырды.

Наразылық білдірушілердің бір тобы Киев қалалық мэриясына кірген.

Сенбіде Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропа Одағымен ассоциация келісімін жасаудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылар шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған.

Украина президенті Виктор Янукович Тәуелсіздік алаңында болған оқиғаға «қатты қапалы» екенін мәлімдеп, бас прокуратураға «кінәлілерді анықтап, жазалауды» тапсырды.

Украина оппозициясы «ұлттық жиын» (вече) өткізетіндерін мәлімдеген. Кейбір оппозиция қайраткерлері «бүкілхалықтық ереуіл» бастауға шақырды.

АҚШ сенбі күнгі Киевтегі бейбіт жиынға күш қолдануды айыптады.

Таиландта полиция шеруге cу мен газ шашты

Үкіметке қарсылық танытушылар қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері аумағында жүр. Бангкок, 29 қараша 2013 жыл.
Таиланд полициясы Бангкокта үкімет үйінің ғимараты мен полиция басқармасына басып кірмек болған шерушілерге көзден жас ағызатын газ бен су шашты.

Таиландта премьер-министр Йинглак Чинаваттың отставкаға кетуін талап еткен наразылық шерулері бір ай бұрын басталып, бастапқыда бейбіт жағдайда өрбіген еді деп хабарлайды France Presse агенттігі. Бірақ өткен сенбіде Бангкокта үкіметті қолдайтындар мен қарсыластары арасында болған қақтығыстардан соң жағдай шиеленісе түсті. Белгісіз адамдар оқ атып, тәртіпсіздіктер барысында үш адам қаза болған. Ондаған адам жарақат алған.

Шеруге шыққандар Йинглак Чинават үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптайды. Қазір шетелде тұратын Таксин Чинаваттың үстінен Таиландта «коррупция» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланған» деген айыптар тағылған.

Египет конституциясына өзгерістер қаралып жатыр

Каирда өткен шеруге қатысушылар. 30 қараша 2013 жыл.
Египетте ел конституциясына өзгерістер әзірлейтін комиссия екі жүз елудей өзгертулерді дауысқа салып жатқанына бүгін екінші күн. Дауыс беру сейсенбіге дейін жалғаспақ.

3 шілдеде Египеттің тұңғыш рет демократиялық жолмен сайланған президенті Мұхаммед Мурсиді қызметінен кетіріп, билікке келген әскери басшылық бірнеше айдан соң жаңа Конституция жобасы әзірленіп, бүкілхалықтық референдумға ұсынылатынын айтқан еді. Конституциялық комиссия құрамындағы 50 адам – үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, әскерилер, полиция мен түрлі діни топтардың өкілдері.

Бұл түзетулер комиссия мүшелерінің мақұлдауынан өткен соң елдің уақытша президенті Адли Мансур бір ай мерзім ішінде жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға ұсынуы тиіс.

2014 жылы Египетте парламент және президент сайлауларын өткізу жоспарланған.

Хорватия: неке ұғымын референдум айқындайды

Хорватияда неке ұғымына қатысты референдумға шығарылған сауал жазылған бюллетень.
Бүгін Хорватияда бір жынысты адамдар арасындағы неке мәселесі бойынша референдум өтіп жатыр. Конституцияда жазылған неке деген ұғым тек ер мен әйелдің жұбайлық одағын білдіре ме, жоқ болмаса бір жыныстылар арасындағы одаққа қатысты да айтыла ма деген даулы сауалға шешуші жауапты референдум нәтижесі бермек.

Сенбі күні ел астанасы Загребте жүздеген адам жиналып, бір жыныстылар некесіне қарсылық білдірген.

Бір жыныстылар некесіне қарсы болып отьрған католик шіркеуі мен оппозициялық Хорватия демократиялық одағы партиясы бұл мәселені бүкілхалықтық референдумда дауысқа қою арқылы шешу туралы бастаманы қолдаған. Үкімет, құқыққорғаушылар мен елге танымал бірқатар тұлғалар референдум өткізу идеясына қарсы болған еді.

Қоғамдық пікірді зерттеу мақсатында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, тұрғындардың басым бөлігі бір жыныстылар некесін заңдастыруға қарсы.

Еуропа Одағына кіргеніне көп болмаған Хорватияның қазіргі солшыл центристер басқаратын үкіметі болашақта бір жыныстылар некесі заңдастырылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Қазақстанда тұңғыш президент күні өтіп жатыр

Қазақ ССР президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Алматы 1 желтоқсан 1991жыл.
Бүгін Қазақстан қалаларында тұңғыш президент күніне арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр.

2011 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күшіне енген заң бойынша 1 желтоқсан - Қазақстанның тұңғыш президенті күні - мемлекеттік мереке болып табылады. Биыл бұл күн жексенбіге дөп келгендіктен, мейрам күндері туралы заңға сәйкес, одан кейінгі жұмыс күні, яғни 2 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болып жарияланған.

1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет жалпыхалықтық төте сайлау жолымен сол кездегі Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес жылдық мерзімге президент болып сайланған еді.

Содан бері Назарбаев осы қызметте Қазақстанды басқарып отыр.

АҚШ Киевтегі күш қолдануды айыптады

Милиция операциясы кезінде зарап шеккен адамға жәрдем көрсетіп жатыр. Тәуелсіздік алаңы, Киев, 30 қараша 2013 жыл.
АҚШ сенбі күні Украина астанасында Тәуелсіздік алаңындағы бейбіт жиынға қатысушыларға милицияның күш қолданғанын айыптады. Украина билігін азаматтардың пікір еркіндігі мен жиын өткізу бостандығын құрметтеуге шақырған АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде екі ел арасындағы қарым-қатынас – жалпыға ортақ құндылықтарды құрметтеуге байланысты екендігі айтылған.

Сонымен бірге АҚШ «еуропалық өркенді демократияға» қол жеткізуді аңсаған Украина азаматтарының ынта-тілегіне қолдау білдірген. Украина үшін «еуропалық интеграция – экономикалық даму және демократияны нығайтудың ең сенімді жолы» делінген мәлімдемеде.

30 қараша күні таңға жуық Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропа Одағымен ассоциация келісімін жасаудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылар шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған.

Украина президенті Виктор Янукович Тәуелсіздік алаңында болған оқиғаға «қатты қапалы» екенін мәлімдеп, бас прокуратураға «кінәлілерді анықтап, жазалауды» тапсырды.

Украина оппозициясы үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, «ұлттық жиын» (вече) өткізетіндерін мәлімдеді. Кейбір оппозиция қайраткерлері «бүкілхалықтық ереуіл» бастауға шақырды.

Таиландта жағдай шиеленісіп тұр

Үкіметқа қарсы шеруге шыққандар Таиланд қарулы күштері штаб-пәтерінің алдына келді. Бангкок, 29 қараша 2013 жыл.
Таиландта үкімет үйін полиция күші қоршауға алып күзетіп тұр. Жексенбіге қараған түні ел астанасы Бангкокте атыс естілгені туралы хабар тарады.

Бұған дейін оппозиция жетекшілері жексенбі күні наразылық шеруіне шығып, үкімет кеңсесін басып алатындарын мәлімдеген еді.

Сенбі күні полиция мен шерушілер, сондай-ақ билікті қолдайтындар мен қарсы жақ арасында болған қақтығыстар салдарынан бір адам мерт болып, оннан аса адам жарақат алған.

Бангкокте үкіметке қарсы наразылық акциялары апта бойы жалғасып жатыр. Жағдай шиеленіскен соң премьер-министр Йинглак Чинават жақын күндерге жоспарланған бірқатар ресми шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болды.

Оппозиция Йинглак Чинават үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптап, үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

2010 жылы Таксин Чинаваттың мыңдаған жақтасы Бангкоктің көп бөлігін басып алып, екі ай бақылауда ұстаған еді. Екі айда 90-нан астам қаза тапқан. Кейін Йинглак Чинават үкімет басына келген.

Глазгода тікұшақ апатынан 8 адам мерт болған

Көрнекі сурет.
Шотландия полициясы Глазгода тікұшақ апатынан құрбан болғандар саны сегіз адамға жеткенін хабарлады.

Апат салдарынан зардап шеккен 14 адам ауруханада жатыр.

Екі полиция қызметкері мен ұшқыш отырған тікұшақ жұма күні кешке Глазгодағы пабтың (сырахана) шатырына құлап түскен еді.

Тікұшақтағы үш адамға қоса пабта болған жүзден аса адамның бесеуі мерт болған.

Наразылар Киевте басқа алаңға жиналды

Суретте оң жақта: Тәуелсіздік алаңындағы оқиғада зардап шеккендердің бірі. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Киевтің Тәуелсіздік алаңынан милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатқан соң жүздеген адам Михайлов алаңына, княгиня Ольга ескерткішінің маңына жиналды. Олардың арасында сенбі күні Тәуелсіздік алаңында милиция арнайы жасағының операциясы кезінде зардап шеккендер де бар.

Бұған дейін оппозициялық «УДАР» партиясының жетекшісі Виталий Кличко АҚШ және Батыс елдерін Украина президенті Виктор Янукович пен үкімет өкілдеріне санкция енгізуге шақырған.

Жергілікті ақпарат құралдары сенбі күні президент әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лёвочкиннің отставкаға кеткені туралы хабарлады. Бірақ әзірге ресми орындар бұл ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратындай түсініктеме берген жоқ.

30 қараша күні таңға жуық Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропа Одағымен ассоциация келісімін жасаудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылар шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған. Украина ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі алаңда ұсталған 35 адамға әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама толтырылған соң милиция олардың барлығын босатқанын хабарлады.

Украинадағы АҚШ елшілігі Тәуелсіздік алаңындағы бейбіт жиынға қатысушыларға қарсы күш қолданылғанын айыптады.

Украин оппозициясы жексенбіде Киевте мыңдаған адам қатысатын наразылық шеруін өткізетінін мәлімдеді.

Қанат Ислам он бесінші кездесуін де жеңіспен аяқтады

Қазақ боксышысы Қанат Ислам. (YouTube видеосынан скриншот)
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам өзінің кезекті кездесуінде колумбиялық Эмилио Хулио Хулионы ұтты.

Эквадордың Кито қаласында, Астана уақытымен жексенбі күні таңғы сағат бесте басталған жекпе жек Қанаттың жеңісімен аяқталды. Бұл – Қанат Исламның кәсіпқой рингтегі он бесінші кездесуі және он бесінші жеңісі.

Қазір қазақ боксшысы АҚШ-тың Майами қаласында жаттығып жүр. Промоутері – «Nelsons» компаниясының менеджері Нельсон Мендес.

Қанат Ислам WBA (Дүниежүзілік бокс ассоциациясы) тұжырымы бойынша орташа жеңіл салмақта Fedecaribe (Америка және Кариб теңізі аймағы чемпионы) титулының иегері.

«Nelsons» компаниясының дерегіне сүйенсек, Қанат Ислам келесі он алтыншы кездесуін 14-ші желтоқсанда АҚШ-тың Майами қаласында өткізеді. Қарсыласы әзірге белгісіз.

АҚШ елшілігі Киевтегі оқиғаны айыптады

Украина милициясының «Бүркіт» (Беркут) арнайы жасағы Тәуелсіздік алаңындағы шеруді күштеп тарқатты. Киев, 30 қараша 2013 жыл.
Украинадағы АҚШ елшілігі сенбі күні Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы бейбіт жиынға қатысушыларға қарсы күш қолданылғанын айыптап мәлімдеме таратты.

«АҚШ Тәуелсіздік алаңында наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдануды айыптайды. Біз Украина үкіметін стратегиялық әріптестігіміздің негізі болып табылатын аса маңызды демократиялық құндылықтар – азаматтық құқықтар және сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі принциптерін құрметтеуге шақырамыз. Біз азаматтардың өз пікірін ашық білдіру және бейбіт жиындарға қатысу құқығын қолдаймыз» делінген елшілік мәлімдемесінде.

30 қараша күні таңға жуық Киевтегі Тәуелсіздік алаңындағы наразылық шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатты. Куәгерлердің айтуынша, милиция алаңда тұрғандарды резеңке таяқпен сабап, ондаған адам жарақат алған. Милиция алаңда ұсталған 35 адамға әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама толтырылған соң олардың көпшілігін босатып қоя бергенін хабарлады.

Әзірге Украина билік орындары оқиғаға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Жұма күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында мыңдаған адам жиналған шеруде Еуропа Одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Янукович отставкаға кетсін деген талап айтылған еді.

Украин оппозициясы алдағы жексенбіде Киевте украин билігінің шешіміне қарсы мыңдаған адам қатысатын жаңа шерулер өткізуді жоспарлаған.

Туарегтер Мали үкіметімен бейбіт келісімнен шықпақ

Мали астанасындағы сарбаздар. Бамако, 21 наурыз 2012 жыл.
Малиде жұма күні туарегтер үкіметпен арадағы бейбітшілік келісімінен шығатынын мәлімдеді. Келісім бес айға жалғасқан еді. Reuters агенттігі «Азавад бостандығы қозғалысының» мәлімдемесінде туарегтер жасағы ұрысқа әзір тұрғаны жайлы айтылғанын хабарлады.

Бір күн бұрын елдің солтүстігіндегі Кидаль қаласына Мали премьер-министрінің сапары кезінде туарегтер үкімет әскеріне тас лақтырып қарсылық көрсеткен.

2012 жылы Малиде болған мемлекеттік төңкеріс барысында елдің солтүстік бөлігі исламшыл қарулы топтың қолына өткен. Биыл жыл басында Франция мен Батыс Афирка елдерінің біріккен күші үкімет әскеріне «Әл-Қаида» ұйымымен байланысы бар қарулы топты солтүстік өңірден ығыстыруға көмектесті, ал туарегтер Кидаль қаласына бақылау орнатқан.

Маусым айында Мали билігі туарегтерді қарусыздандыру және солтүстікке үкімет әскерін қайта орналастыру жөнінде сепаратистік қозғалыс өкілдерімен келісімге келген еді.

Киевте милиция алаңдағы шеруді күшпен тарқатты

Шеруді күшпен тарқату
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00
Киевтің орталығындағы Тәуелсіздік алаңындағы наразылық шеруін милицияның арнайы жасағы күшпен тарқатып, ол жерді билік күштері өз бақылауына алды.

Оқиға орнынан белсенділердің хабарлауынша, милиция шерушілерге көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке таяқтармен ұрған. Жергілікті телеарнаға куәгерлер алаңға келген милиция сол жердегі адамдарға қарсы күш қолданғанын айтқан.

Ассошейтед пресс агенттігі Тәуелсіздік алаңында жедел жәрдем көлігі тұрғанын, кейбір адамдардың қолы-басында жарақат іздері байқалатыны туралы хабарлады.

Жұма күні Тәуелсіздік алаңына жиналған мыңдаған адам Еуропа Одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Януковичтің отставкаға кетуін талап еткен еді.

СІМ: Каспийде ұсталған ресейліктер шекара бұзған

Каспийде заңсыз балық аулаған браконьерлерден тәркіленген қайық. (Көрнекі сурет)
Қазақстан Каспий теңізінде қазақстандық шекарашылар ұстау барысында оққа ұшқан ресейлік азаматтың қазасына қатысты Ресейдің нотасына белгіленген тәртіппен жауап жібереді. Бұл туралы жұма күні Астанада өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

«Аталған оқиға Қазақстанның «Мемлекеттік шекара» туралы заңына сәйкес, Қазақстанның аумағы болып табылатын 12 мильдік теңіз аймағында болғанын атап айтамыз. Сондықтан Қазақстан шекара қызметі өкілдерінің іс-әрекеттері еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға бағытталған» деді ол.

Үсеновтің айтуынша, Каспий теңізіндегі Қазақстанға тиесілі «ерекше қорғалатын қорық аумағында браконьерлікпен айналысқан мемлекеттік шекараны бұзушылар құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талаптарына әдейі бағынбаған». Сонымен бірге ол «Қазақстан өз шекарасының мызғымастығын, заңнамасының сақталуын және өз ұлттық мүдделерінің барлық заңды жолдармен қорғалуын қамтамасыз етіп отырғанын және болашақта да қамтамасыз ете беретінін» атап өткен.

25 қарашада Каспий теңізінде қазақстандық шекарашылар ұстаған екі қайықта болған ресейлік сегіз азаматтың біреуі оққа ұшып, тағы біреуі жараланған. 26 қарашада Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанға жолдаған нотасында «ресейлік балықшыларға қатысты қазақстандық шекарашылардың қару қолдануы жалғыз бұл еместігін» айтып, бұл оқиғаларды түбегейлі тексеруге және «алдағы уақытта ресейлік азаматтарға қарсы атыс қаруын қолдануға жол бермеуге» шақырған еді.

Совет диссиденті Наталья Горбаневская дүние салды

Наталья Горбаневская (оң жақтан екінші) Қызыл алаңда ресейлік белсенділер өткізген шара кезінде. Мәскеу, 25 тамыз 2013 жыл.
СССР кезіндегі диссиденттік қозғалыс өкілі, құқыққорғаушы Наталья Горбаневская 77 жасында Парижде өмірден озды.

Горбаневская СССР кезінде ресми баспасөзде айтылмайтын хабарлар жарияланатын «Хроника текущих событий» атты қолдан басылып таратылған (самиздат) бюллетеньді шығарушылардың бірі болды.

Чехословакияға әскер енгізген совет үкіметінің саясатына наразылық танытып, 1968 жылы 25 тамызда пікірлестерімен бірге Мәскеудің Қызыл алаңына шыққан Наталья Горбаневскаяны совет билігі екі жылдан астам уақыт жабық психиатриялық мекемеде қамауда ұстады. 1975 жылы Францияға эмиграцияға кеткен соң ол бірқатар басылымдарда жұмыс істеді.

Наталья Горбаневская биыл тамызда 45 жыл бұрынғы оқиғаны еске алу үшін Қызыл алаңға шыққан белсенділердің арасында болған еді.

Алматыда Award.kz-2013 сыйлығы тапсырылды

Көрнекі сурет.
Жұма күні Алматыда жыл сайын берілетін Award.kz ұлттық интернет байқауының биылғы жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйлық тапсыру шарасы өтті.

«Масс-медиа» аталымы бойынша Tengrinews.kz бас жүлдені иемденді. Бұл номинацияда екінші орын Kinozavr.kz, үшінші орын – Forbes.kz сайтына берілді.

«Мемлекеттік тілдегі ең үздік сайт» атағын Massaget.kz жеңіп алды. Екінші орынға Kinostan.kz, үшіншіге – «Алаш айнасы» газетінің сайты ие болды.

«Дене мәдениеті және спорт, медицина мен денсаулық, саяхат пен демалыс» номинациясы бойынша бірінші орынды Vesti.kz сайты иеленді. Екінші жүлде Kikumatsuri.kz, үшінші орын – Sports.kz сайтына бұйырды.

Байқау қазылар алқасының ұйғарымы бойынша Tengrinews.kz – Казнеттің ең үздік сайты деп танылды.

Ташкентте ШЫҰ үкімет басшылары жиыны басталды

ШЫҰ жалауы. (Көрнекі сурет)
Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің үкімет басшыларының жиыны басталды. Жиында әуелі ұйымға мүше елдердің - Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның премьер-министрлері кездеседі. Кейінірек жиынға ШЫҰ бақылаушысы мәртебесіне ие елдердің - Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістанның өкілдері қосылады.

Жиында аймақтағы экономикалық байланыстарды дамыту, 2014 жылы Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылғаннан кейінгі қауіпсіздік мәселелері талқыланбақ.

ШЫҰ 1996 жылы "Шанхай бестігі" деген атаумен құрылған. Кейін 2001 жылы ұйымға Өзбекстан қосылған соң атауын өзгертті.

Иракта ұрланған 18 адамның мәйіті табылды

Ирак картасы.
Ирак полициясы бүгін бірнеше сағат бұрын белгісіз біреулер үйлерінен ұрлап әкеткен 18 ер адамның мәйіттерін тапты.

Арнайы қызмет өкілдері мен дәрігерлердің мәліметі бойынша, мәйіттер Бағдадтан солтүстікке қарай 20 километр қашықтықтағы сүнниттер тұратын Мишахда қаласы маңынан табылған.

Мерт болғандардың барлығы бастарынан атып өлтірілген.

Құрбандарды ұрлаған белгісіз адамдар әскери киім киіп, әскери көліктермен келген. Күдіктілер өздері ұстаған адамдардың туыстарына "олар түрлі қылмыстық іс бойынша күдікті болғандықтан тергеуге алынатындығын" айтқан.

Иракта соңғы уақытта зорлық-зомбылық күшейіп отыр. Кеше елдің бірнеше қаласында көліктерде болған жарылыстардан кемінде 30 адам көз жұмды.

Таиланд шерушілері қорғаныс министрлігіне келді

Үкіметке қарсылық танытушылар қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері аумағында жүр. Бангкок, 29 қараша 2013 жыл.
Таиланд астанасы Бангкокте үкіметке қарсы шеруге шыққан мыңнан астам адам қарулы күштердің штаб-пәтері орналасқан аумаққа басып кірді. Қорғаныс министрлігі өкілінің хабарлауынша, наразылық танытушылар ғимаратқа кіре алмаған. Басқарушы партия кеңсесінің алдына да наразылық танытушылар жиылды.

Кеше Таиланд парламенті премьер-министр Йинглак Чинаватқа сенімсіздік вотумын білдіруге қарсы дауыс берген.

Таиландта 24 қарашадан бері үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен шерулер өтіп келеді. Шеруге шыққандар Йинглак Чинават үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптайды. Демонстранттар кепілге алады деген қауіппен бірнеше министр басқа жаққа әкетілді.

2010 жылы Таксин Чинаваттың мыңдаған жақтасы Бангкоктің көп бөлігін басып алып, екі ай бақылауда ұстаған еді. Екі айда 90-нан астам қаза тапқан. Кейін Йинглак Чинават үкімет басына келген.

Sports.kz шағымын қайтарып алды

"Мегаполис" газетінің спорт шолушысы Леонид Юрьев.
Sports.kz порталы «Мегаполис» газетінің спорт шолушысы Леонид Юрьевтің үстінен түсірген шағымын қайтарып қалды.

- Шағымды қайтарып алу туралы кеше кешкісін сотқа өтініш түсірдік. Қанағаттандырды. Себебіне қатысты ешқандай түсініктеме бере алмаймыз, - дейді порталдың заңгері Ғалымжан Нұрпейісов Азаттық тілшісіне.

Мұны журналист Леонид Юрьев те растады.

- Өтініштің қаралмауына еш қарсылығым жоқ деп бүгін өтініш жазып бердім. Іс жабық. Мүмкін, олар басқа нәрсе бойынша шағым дайындап жатқан болар, - дейді журналист.

Бұл шағымға журналист Леонид Юрьевтің биыл маусым айында Facebook парақшасына жариялаған жазбасы себеп болған еді. Ол sports.kz порталын «ресейлік блогшының интернеттегі материалын сілтеме жасамай қолданып отыр» деп айыптап, портал өзінің де авторлық құқығын бірнеше рет бұзғанын жазған.

Пост жарияланғаннан кейін sports.kz сайты «ар-намысты қорғау» бабы бойынша сотқа азаматтық шағым түсірді. Шағым иесі журналистен жария түрде кешірім сұрауды, 1 миллион теңге төлеуді талап еткен.

Душанбеде есірткі саудасына қатысты жиын өтті

Есірткі саудасына қатысты халықаралық жиынға қатысушылар. Душанбе, 29 қараша 2013 жыл.
Тәжікстан астанасы Душанбеде бірнеше мемлекет пен халықаралық ұйымдардың қатысуымен есірткі саудасына қатысты халықаралық бейресми жиын өтті. Оған Орталық Азияның бес елі (Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан) мен Ауғанстан, Қытай, Иран, Пәкістан, Ресей, Түркия, АҚШ, БҰҰ мен Еуропа одағының есірткімен күрес органдарының делегациялары қатысты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, жиынға қатысушылар 2014 жылы Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылғаннан кейін аймақтағы есірткі саудасына қарсы күрестің ортақ амалдарын жасауға уағдаласқан.

Тәжікстан - есірткі тасымалданатын транзиттік ел. Көршілес Ауғанстаннан шығатын есірткі осы ел арқылы Ресейге, одан ары Еуропаға жөнелтіледі.

Грузия Еуроодақпен ассоциация келісімін жасады

ЕО-ның "Шығыс ынтымақтастығы" саммитіне қатысушылар. Вильнюс, 28 қараша 2013 жыл.
Вильнюсте өтіп жатқан Еуропа одағы "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде Грузия мен ЕО арасында ассоциация туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа қол қою салтанатына Грузия сыртқы істер министрі Майя Панджикидзе мен ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон қатысты.

Екі жақ бұған қоса Грузияның ЕО-дағы дағдарысты реттеу операцияларына да қатысуы туралы келісім жобасына қол қойды.

Саммит аясында Әзербайжан мен ЕО арасында виза тәртібін жеңілдету туралы да келісім жасалған.

Грузияның ЕО-мен ассоциация туралы келіссөздері былтыр қарашада басталып, биыл шілдеде аяқталған.

Грузияда 2008 жылдан бері ЕО бақылаушылар миссиясы жұмыс істейді. Грузия ЕО-ның қауіпсіздік және қорғаныс миссиясының бенефициары болып саналады. келісімге қол қойған соң Грузия ЕО-мен әріптестік қарым-қатынас жасай бастайды.

Грузия ЕО-ның миссияларына, оның ішінде Африка елдеріндегі миссияларына қатысуға шақыру алған. Ол ұсынысқа Тбилиси келісім берген.

Вильнюс саммитінде Украина да ЕО-мен еркін сауда айналымы және саяси ассоциация келісіміне қол қоюы қажет еді. Бірақ соңғы сәтте ресми Киев келісімге дайындықтан бас тартты.

"Болашақ" бағдарламасының форумы өтіп жатыр

Астана қаласының картасы.
Астанада "Болашақ" халықаралық стипендиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай форум өтіп жатыр. Форумға бағдарлама түлектері мен стипендиаттары, президент әкімшілігі мен үкімет өкілдері, депутаттар, дипломатиялық миссиялар өкілдері қатысып отыр.

Форумда сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, "Болашақты" бітірген әрбір екінші түлек мемлекеттік және жекеменшік компанияларда жұмыс істейді. Бағдарлама түлектерінің 19 пайызы ұлттық компанияларда, шамамен 4 пайызы халықаралық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарады.

"Болашақ" бағдарламасы 1993 жылы 5 қарашада Қазақстан президентінің жарлығымен құрылған. Бағдарлама бойынша 20 жылда 6 мыңнан астам қазақстандық шетелдерде білім алды.

Украинада "Еуромайдан" акциялары жалғасып жатыр

Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы наразылық акциялары. Украина, 28 қараша 2013 жыл.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңында Еуропамен интеграцияны жақтаушылардың наразылығы жалғасып жатыр.

Бүгін Украинаның бірнеше қаласында өтіп жатқан, "Еуромайдан" деп аталатын акцияға қатысушылар Киевтегі Еуропа алаңынан елдің Польшамен шекарасына дейін созылатын тізбек құруды жоспарлап отыр. Ол үшін кем дегенде 500 мың адам бір-бірімен қол ұстасып тұрулары қажет.

Алдағы жексенбіде Киевте украин билігінің Еуропа одағымен (ЕО) ассоциация келісіміне дайындықтан бас тарту шешіміне қарсы мыңдаған адам қатысатын жаңа шерулер өтеді деп жоспарланған.

Оппозиция үкімет үйін қоршап, премьер Николай Азаровтың үкіметін отставкаға кетіруді көздеп отыр.

Жұмаға қараған түні жүздеген адам Киевтегі алаңда түнеп шықты. Демонстранттар полициямен қақтығысқа барған жоқ.

Кеше Вильнюсте ашылған ЕО "Шығыс ынтымақтастығының" саммитінде ЕО өкілдері Киевті ассоциация келісіміне қол қоюға шақырған. Бірақ ресми Киев ұстанымын әзірге өзгерткен жоқ.

Украинаның ЕО-мен еркін сауда айналымы және саяси ассоциация туралы келісімге қол қоюы Вильнюстегі саммиттің басты оқиғасы болуы тиіс еді. Бірақ Киев 21 қарашада "экономикалық жағдайдың қиындығы" және "Ресеймен сауда байланыстарының нашарлап кеткенін" айтып, Еуроодақпен келісімге дайындықтан бас тартқан. Содан бері Украинада билік шешіміне наразылық акциялары жалғасып жатыр.

МАГАТЭ: Иран Арак реакторын тексеруге шақырды

Юкия Амано, МАГАТЭ басшысы.
Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Иран БҰҰ инспекторларын келесі айдың басында ядролық реакторын тексеруге шақырғанын хабарлады.

МАГАТЭ директоры Юкия Амано 28 қарашада БҰҰ-да Иранның ұйым сарапшыларын Арак қаласында салынып жатқан ядролық реактор құрылысына желтоқсанға шақырып отырғанын айтты.

Иран мен әлемдік державалар 24 қарашада Женевада қол жеткізген уақытша келісім бойынша, Тегеран уранды бес пайызға байытуды алты айға тоқтатып, Арактағы ядролық реакторын іске қоспауға келіскен. Оның есесіне Иранға салынған халықаралық санкциялардың біразы жойылатын болған.

Аманоның айтуынша, келісімнің іске асуына негізінен МАГАТЭ бақылау жасамақ.

Аракта салынып жатқан зерттеу бағытындағы ядролық реактор халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырып отыр. Себебі онда отын ретінде пайдаланылатын қосалқы өнім - плутоний ядролық қару жасауға жарамды саналады.

Тағы

XS
SM
MD
LG