Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ өкілі қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей.
АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей Қазақстандықтарды тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Ордвейдің қазақ және орыс тілдерінде құттықтау сөзі жазылған видео АҚШ елшілігінің интернеттегі парақтарында жарияланды.

«Биылғы жылы Қазақстан өз тәуелсіздігінің 22 жылдығын атап өтетін болады. АҚШ Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі болып, Қазақстанның адал досы және сенімді әріптесті болып қала бермек. Мен АҚШ үкіметі, АҚШ халқының атынан және өз атымнан барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, саулық, бақыт пен шаттық тілеймін» деді Джон Ордвей.

Бұдан 22 жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Жоғары кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдаған еді. Қазақстан СССР құрамында болған республикалар ішінен өз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған.

АҚШ үкіметі 1991 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды. 26 желтоқсанда екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Ал 1992 жылы қыркүйекте АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ашылды.

Ресми деректер бойынша, соңғы жиырма жыл ішінде АҚШ Қазақстан экономикасына 24 миллиард доллар инвестиция салған. Қазақстанда экономиканың жетекші салаларында 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.

АҚШ сенімді өкілі Джон Ордвейдің қазақстандықтарды құттықтауы:

Қызылордада жаңа түрме ашылды

Көрнекі сурет.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда қаласында бір мың жазасын өтеушіге арналған жаңа түрме ашылды. Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте: «жаңа түрме Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2012-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды» деп жазылған.

Сот үкімі бойынша қамау жазасына кесілген азаматтарға лайықталып жаңадан салынған түрме кешенінде үш қабатты үш жатақ ғимараты, 350 орындық асхана, екі қабатты оқу ғимараты, азық-түлік сақтайтын және шаруашылық мақсатындағы нысандар бар.

Астанада Жаңаөзен құрбандарын еске алды

Астаналық белсенділер екі жыл бұрын Жаңаөзен мен Шетпеде құрбан болғандарға құран бағышап отыр. Астана, 14 желтоқсан 2013 жыл.
Қазақстан тәуелсіздігі күні Астанада бір топ қоғамдық белсенді осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында құрбан болғандарды еске алды. Олар бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші тұрған, ал қазір Қазақстан бас флагштогы орналасқан жерге гүл қойып, марқұмдарға құран бағыштады.

Шараға қатысқан белсенділер Жаңаөзендегі қанды оқиға 1986 жылы Алматыдағы қазақ жастарының қарсылық шеруін басып-жаншу оқиғасы сияқты әлі күнге түбегейлі зерттеліп, ашылмай келе жатқанын айтты.

2011 жылы Маңғыстау облысында мұнайшылар еңбекақы өсіріп, әлеуметтік жеңілдік көрсету туралы талап қойып, бірнеше айға жалғасқан наразылық акциясын ұйымдастырған еді. Ереуіл 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі алаңда полицияның жұртқа оқ атуына ұласты. Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалардан 17 бейбіт тұрғын мерт болып, 100-ден аса адам жараланған.

Кейін «Жаңаөзен ісі» бойынша 30-ға жуық мұнайшы мен қоғамдық белсенді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айыппен, сол сияқтыбірнеше жергілікті шенеунік пен полиция қызметкері «қызмет бабын асырған» деген айып бойынша сотталған еді.

Шыңжаңда полициямен қақтығыста 16 адам өлді

Шыңжаңдағы қытай әскері. Көрнекі сурет
Қытайдың билік орындары 15 желтоқсан күні Шыңжаңда болған қақтығыс кезінде 14 тұрғын, 2 полицей қаза тапқанын хабарлады. Бұл автономиялық аудан тұрғындарының басым көпшілігі - этникалық ұйғырлар.

Жергілікті билік орындарының ақпаратына сәйкес Қашқар қаласының полициясы қылмыс жасады деп күдікке ілінгендерді тексермек болып қала түбіндегі елді мекенге бара жатқанда оларға қаруланған топ шабуыл жасаған.

“Полиция шешімді түрде қарымта қайтарған” деп хабарлайды жергілікті билік орны. Ресми мәліметке сәйкес қақтығыс кезінде жалпы саны 16 адам өліп, 2 адам қамауға алынған.

Өткен айда Қашқарда осыған ұқсас және бір қақтығыс болып 9 бейбіт тұрғын мен 2 полицей өлген еді.

Қытайдың Шыңжаңдағы қауіпсіздік шараларын күшейте түскені биылғы қазанда Пекинде болған оқиғадан соң байқалды. Пекиннің орталығында жүрген қалың туристерді күтпеген жерден бір көлік келіп қаққан кезде бес адам қаза тапқан еді.

Қытай билігі бұл шабуылдарды Шыңжаңнан шыққан Шығыс Түркістан исламшыл қозғалысы мен "жиһадшы экстремистер" жасады деп санайды. Пекин аймақтағы мұсылмандар түрлі қысымға ұшырап келеді деген сын-ескертпені қабылдауға құлықсыз.

Адам құқығын қорғау ұйымдары мен Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылман этникалық топтардың өздері мәдениеті, тілі мен дініне қатысты көп шектеу көретінін айтып шағынады.

Алматыда Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қойды

Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қою рәсіміне жиналғандар. 16 желтоқсан, 2013 жыл.
16 желтоқсан күні Алматыда бір топ қоғамдық белсенділер мен саясаткерлер орталық алаңдағы Тәуелсіздік монументі мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрметіне орнатылған ескерткішке гүл қойды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Гүл қоюға келгендер алдымен Қазақстанның тәуелсіздігі жолында марқұм болғандарға арнап құран бағыштады. Тәуелсіздік монументі жанында дыбыс күшейткіштен естілген музыка жаңғырығы алаңды кернеп тұрды. Алаңға жапсарлас көшелерде қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтілгені байқалды.

Дүйсенбі күні гүл қою шарасына Алматы қаласы әкімінің орынбасары да қатысты. Қазақстан тәуелсіздігі күні мерекелік шаралар Астана мен басқа қалаларда да өтті.

Бұдан 22 жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Жоғары кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдаған еді. Қазақстан СССР құрамында болған республикалар ішінен өз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанға сырт жақтан жаңа басшы тағайындаған СССР коммунистік билігінің шешіміне қарсылық танытқан қазақ жастары Алматыда орталық алаңға шыққан еді. Бірақ совет үкіметі жастар наразылығын күшпен басып-жаншыды.

Желтоқсанның 16-ы мен 17-сі Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде демалыс күндері болып белгіленген.

Алматы маңында жол апатынан төрт адам мерт болды

Тас жолдағы көлік апаты. (Көрнекі сурет)
Жексенбі күні Алматы облысы аумағында автокөлік апатынан төрт адам қаза болды деп хабарлайды Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі.

Оқиға 15 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 21.20 кезінде Ұзынағаш-Бесмойнақ тас жолында болған. "ВАЗ" және "Лексус" маркалы жеңіл көлік соқтығысып, "ВАЗ" көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушы сол жерде жан тапсырған.

Апат салдарынан жарақат алған "Лексус" жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.

Қазақстан тәуелсіздік күнін тойлап жатыр

Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдындағы гүл шоқтары. 16 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін - Қазақстан тәуелсіздігі күні. Осыған орай елде әртүрлі мерекелік шаралар өткізіледі.

Мереке қарсаңында, жұма күні Астанада салтанатты жиын өтіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік күніне орай бір топ адамға мемлекеттік наградалар тапсырған.

Бұдан 22 жыл бұрын, 1991 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Жоғары кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдаған еді. Қазақстан СССР құрамында болған республикалар ішінен өз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған.

Желтоқсанның 16-ы мен 17-сі Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде демалыс күндері болып белгіленген.

БҰҰ Сирияға жәрдемді Ирак арқылы жеткізе бастады

Сирия-Ирак шекарасындағы сириялық босқындар. (Көрнекі сурет)
БҰҰ Сирияға гуманитарлық жәрдем жүгін Ирак арқылы әуе жолымен жеткізуді бастады.

Азық-түлік тиелген алғашқы ұшақ Ирактың Курдистан аймағындағы Арбил қаласынан ұшып шығып, Сирияның солтүстік-шығысындағы Камишли қаласына қонған. БҰҰ Сирияға жедел түрде жеткізілуі тиіс жәрдем жүктерін алдағы 12 күн бойы ұшақпен тасып бермекші.

Гуманитарлық миссияны Ирак пен Сирия билігі мақұлдаған. Алғашқы жүк өткен аптада жеткізілуі тиіс еді, бірақ ауа райының қолайсыздығы ұшуға бөгет жасады.

Әуелде БҰҰ Сирияға жәрдем жүгін автокөлік жолдарымен жеткізуді жоспарлаған. Бірақ Сирияда қарулы күрес жүргізіп жатқан түрлі топтармен келіссөздер өткізу қиынға түскендіктен, гуманитарлық жүкті әуе арқылы жеткізуді дұрыс деп тапты.

Сирияда азаматтық соғыс оты басталғалы бері 100 мыңнан аса адам қаза тауып, ел ішінде алты жарым миллион адам босқынға айналды. Екі миллионнан аса адам шетелге кетуге мәжбүр болған.

Франсуа Олланд Сочидегі олимпиадаға бармайды

Франция президенті Франсуа Олланд.
Франция президенті Франсуа Олланд және осы елдің жоғары лауазымды ешбір шенеунігі Ресейдің Сочи қаласында өтетін олимпиада ойындарын тамашалауға бармайды.

Бұл туралы "Europe 1" радиостанциясына берген сұхбатында Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус мәлімдеген, бірақ оның себептерін түсіндірмеген.

2014 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізгелі отырған Ресейдегі адам құқықтары ахуалының нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірген Франция мен батыстың өзге де елдері Кремльдің жүргізіп отырған саясатын, Ресейде "гомосексуализмді насихаттауға" қарсы қабылданған заңды сынап келеді.

Өткен аптада Германия биік орындары осы елдің президенті Йоахим Гауктың Сочидегі ойындарға бармайтыны туралы хабарлаған еді.

Фюле: ЕО Киевпен арадағы келіссөзді тоқтатты

Еурокомиссия мүшесі Штефан Фюле.
Еурокомиссия мүшесі Штефан Фюле Twitter-де "Еуропа Одағы Украинамен арадағы серіктестік туралы келіссөздерді тоқтатты" деп жазды.

Ол "Украина үкіметі мен президентінің сөзі мен ісі қабыспайды" дейді. Осы апта Украина үкіметінің бірінші вице-премьері Сергей Арбузовпен Брюссель қаласында кездескен Фюле әріптесіне "бұдан арғы келіссөздер Киев серіктестік келісіміне қол қойғаннан кейін ғана жалғасатынын" айтқан.

Ал Киевте Украина билігінің ЕО-мен серіктестік келісімін жасаспай қойғанына наразы азаматтар шерулерін жалғастырып жатыр. 15 желтоқсанда Киевтегі Еуропа алаңына президент Виктор Янукович пен премьер-министр Николай Азаровтың жақтастары шықты.

Бангладеш оппозициясы ереуілі бүлікке ұласты

Ер адам Абдул Кадер Мулланың өлім жазасы орындалғаннан кейін өртенген көліктердің арасымен келе жатыр.
Бангладеште 15 желтоқсанда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде кем дегенде сегіз адам қаза тапты. Бүлік исламшыл топ жетекшісі Абдул Кадер Мулланың өлім жазасы орындалғаннан кейін басталған еді.

Оппозициялық «Жамағат-и-Ислами» партиясын жақтаушылар халықты жалпыұлттық ереуілге шығуға шақырды. Полиция мәліметі бойынша, осымен үшінші күн бүлікшілер тәртіпсіздік жасауды тоқтатпай, полициямен қақтығысып келеді. Исламшылдар билікті жақтайтын адамдардың үйлерін өртеп кетіп жатыр.

Абдул Кадер Мулла сот үкімі бойынша дарға асылды. Сот оны 1971 жылы Пәкістаннан тәуелсіздік алу жолында болған соғыс кезінде ауыр қылмыстар жасаған деп таныды. Исламшылдар бұл істің саяси астары бар деп біледі.

Бейсенбіден бері Бангладеште 20 адам зардап шеккен.

Чилиде президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр

Чили экс-президенті Мишель Бачелет (сол жақта) пен бұрынғы еңбек министрі Эвелин Маттеи.
15 желтоқсан күні Чилиде президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр. Бұл бәсекеге екі әйел - экс-президент Мишель Бачелет пен бұрынғы еңбек министрі Эвелин Маттеи түсіп отыр.

Сауалнама нәтижесі бойынша, солшылдар кандидаты Бачелет басым дауыспен жеңеді. 17 қарашада өткен бірінші турда оған сайлаушылардың 47 пайызы дауыс берген еді. Ал оңшыл консерваторлар өкілі Маттеи 25 пайыз дауыс жиған.

Мишель Бачелет 2006 жылдан 2010 жылға дейін Чили президенті болған. Конституция бойынша бір адам қатарынан екі рет президент бола алмайды. Президенттіктен кеткеннен кейін ол «БҰҰ-әйелдер» ұйымының атқарушы директоры болды.

Йеменде жапон дипломаты жараланды

Йеменде полицей автокөліктерді тексеріп тұр. Сана, 6 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Йемен астанасы Сана қаласында жапон дипломатына шабуыл жасалды.

Йемен қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздердің хабарлауынша, шетелдік дипломатты белгісіз адамдар алып кетпекші болған. Жапония елшілігі "жараланған дипломатқа бес жерден пышақ салынғанын" хабарлады.

Шетелдік азаматтарды ұрлау - Йеменде жиі жасалатын қылмыс. Ондай қылмыстарды көбінше исламшыл содырлар немесе жергілікті тайпа өкілдері үкіметке тұтқындарды босату туралы талап қою үшін немесе басқа да келіссөздер жүргізу үшін жасайды.

Киевте «халық құрылтайы» өтеді

Киевтегі шеру. 15 желтоқсан 2013 жыл.
Украина «халық құрылтайын» («народное вече») оппозиция шақырған. Оған қатысушылар қазір Киевке жиналып жатыр.

Ұйымдастырушылар Украинаның барлық тұрғындарын шеруді қолдауға, «адамның қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға» шақырды.

«РИА Новости» ақпарат агенттігінің мәліметіне қарағанда, «Киевте үкіметті қолдаушылар жиыны тыныш өткен». Ал «Еуромайдан» акциясына қатысып жатқан шерушілердің көбі Тәуелсіздік алаңынан әлі кетпеген. Мұнда шатырлар тігіліп, асханалар жұмыс істеп тұр, ол жерден адамдар тегін бутерброд, шай, кофе алады.

«Интерфакс-Украина» агенттігі 15 желтоқсанда «Еуромайдан» акциясына АҚШ сенаторлары Кристофер Мерфи мен Джон Маккейн келетінін хабарлады. Джон Маккейн сенбі, 14 желтоқсан күні Украина билігін «азаматтардың өз талаптарын бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтеуге» шақырды.

Украинадағы шерулер 21 қараша күні, ел президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне қол қоймай тастағаннан кейін басталды.

14 желтоқсанда ішкі істер министрлігінде өткен жиналыста осы ведомствоның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы Станислав Рогозин «милицияға Киевте бір топ радикалды адам шерушілерге қарсы арандату әрекеттерін жоспарын жасап жатқаны туралы ақпарат түскенін» мәлімдеді.

Украина ішкі істер министрлігі сайтында «Братство» партиясының жетекшісі Дмитрий Корчинскийге халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған. Оған «1 желтоқсанда Киев орталығындағы Банк көшесінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырды» деген айып тағылып отыр.

Бүгін Украинада Жоғарғы Радаға (парламент) бес округте қайта сайлау өтіп жатыр.

Сирия жөніндегі конференция нәтиже береріне Париж сенбейді

Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус.
Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиус «БҰҰ өткізгелі отырған Сирия қақтығысын бейбіт жолмен шешу жөніндегі конференциядан бір нәтиже шығарына күмәнім бар» деп мәлімдеді.

Фабиустің айтуынша, «Батыс қолдап отырған «ұстамды оппозиция» үкімет әскерінің де, Асадқа қарсы соғысып жатқан исламшыл содырлардың да шабуылына ұшырап отыр». Франция министрі «Сирияның болашағына күмәнмен қарайтынын» айтты.

Сирия басшылары мен оппозициясы өкілдері, аймақтағы басқа елдердің делегациялары Швейцарияда қаңтардың аяғында кездеседі. Франция «ұстамды оппозицияны» қолдап отырған ықпалды елдердің бірі саналады. Париж «Сирия халқының жалғыз өкілі деп оппозицияны танитынын» мәлімдеген еді.

Түркіменстанда парламент сайлауы өтіп жаттыр

Дауыс беріп жатқан түркімен қарты. Ашхабат, 15 желтоқсан 2013 жыл.
Түркіменстанда тәуелсіздік алғалы сайлауға бірнеше партия қатар түсіп отыр.

Президентті қолдайтын Демократиялық партиядан бөлек, бұл сайлауға Өндірісшілер және кәсіпкерлер партиясы да кандидат қосқан. Бұл партия оппозициялық ұйым болып саналмайды. Кезінде ол Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің рұқсатымен құрылған.

Түркіменстанның бірпалаталы парламенті - Меджлисте 125 депутаттық орын бар. Сайлауға үкіметті қолдайтын ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері қатысып жатыр. Барлығы - 280 кандидат. Олардың түгелі кезінде коммунистік партия негізінде құрылған, қазір билікте отырған Демократиялық партияны қолдайды.

Сайлау алдында халықаралық құқық қорғаушы Amnesty International ұйымы түркімен билігін сынаған есебін жариялады. Онда елдегі адам құқықтарының нашар ахуалы айтылған.

Оппозиция Киевте жаңа шеру ұйымдастырады

Шеруге шыққан әйел. Киев, 15 желтоқсан 2013 жыл.
15 желтоқсанда Украина астанасы Киевте үкіметке қарсы және оны қолдайтын екі шеру қатар өтпек.

Оппозиция өз жақтастарын Тәуелсіздік алаңына шақырып отыр. Олар Украина үкіметінің Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне қол қоймағанына наразылық білдірмек.

Николай Азаров басқаратын үкімет пен президент Виктор Януковичтің қолдаушылары Киевтің Еуропа алаңына жиналмақ.

АҚШ сенаторы Джон Маккейн сенбі күні Киевтегі оппозиция лидерлері және шерушілермен кездесіп, Украина билігін "азаматтардың өз талаптарын бейбіт түрде білдіру құқығын құрметтеуге" шақырды.

Сенбі күні Украина президенті Янукович Ұлттық қауіпсіздік кеңесі хатшысы және қорғаныс министрінің орынбасары Владимир Сивкович пен Киев қалалық әкімдігінің басшысы Александр Поповты отставкаға жіберді. Оларға Украина бас прокуратурасы "30 қарашада, «Еуромайдан» акциясын тарату кезінде қызметтерін асыра пайдаланды" деген айып тақты. Күдіктілер қатарында 30 қараша күні Киев милициясының басшысы қызметін атқарған Валерий Коряк пен оның орынбасары Петр Федчук бар.

ОАР-да Нельсон Манделаны жерлейді

Нельсон Манделаның сүйегін әкеле жатқан салтанатты қарауыл. ОАР, 15 желтосан 2013 жыл.
Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) 15 желтоқсанда елдің бұрынғы президенті Нельсон Манделаны жер қойныyа тапсырады. Ол өзі туған Куну ауылына жерленеді.

Марқұммен қоштасу шаралары он күнге созылды. Осы күндер бұл елде ұлттық аза тұту жарияланды. Оңтүстік Африка Республикасының алғашқы қара түсті президенті, апартеидке қарсы күресуші, Нобель сыйлығының иегері 2013 жылы 5 желтоқсанда, 95 жасында қайтыс болды.

Нельсон Манделаны жерлеу рәсіміне төрт мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған, оның ішінде кей мемлекеттердің басшылары мен танымал саясаткерлер бар. Мандела коса халқының ғұрыптары бойынша жерленеді.

"Аморелла" фин кемесі қайраңнан шығарылды

Viking Line компаниясы кемелерінің бірі.
Viking Line компаниясының көппалубалы "Аморелла" кемесі сенбі күні қайраңнан шығарылды. Ол Аланд аралдарының Мариенхамн портына кетті.

Компанияның баспасөз хатшысы Йохан Бойер-Сванстрем "кеменің жөндеуге жіберілетінін" айтқан.

Турку қаласынан Стокгольмге бара жатқан кеме Балтық теңізіндегі Аланд аралдарының маңында 14 желтоқсан күні қайраңға тұрып қалған еді. Екі мыңға жуық жолаушының ешқайсысы зардап шекпеген, олар қазір қауіпсіз жерге шығарылған.

Viking Line компаниясының хабарлауынша, "Аморелла" электр жүйесінен ақау шыққаннан кейін жартасқа соғылған. Бірақ теңіз суы кемеге кірмеген".

Швеция мен Финляндия арасында жүзетін кемелер Аланд аралдарының Мариехамн айлағына тоқтайды. Автономиялық аралдар Еуропа Одағына кірмейді. Сондықтан бұл аралдарда кеме дүкендері салықсыз сауда жасайды.

"Аморелла" кемесі 1988 жылы жасалған. 2 мың 480 жолаушы мен 450 көлік алып жүзе алады.

Қытай аппараты Айға қонды

Қытай Айға ұшырған "Юйту" аппараттының моделі. Шанхай, 5 қараша 2013 жыл.
Желтоқсанның 14-і күні Қытайдың алғашқы робот аппаратының Ай бетіне қонған сәті Пекиндегі ұшуды басқару орталығынан компьютерлік бейнелеу арқылы телеарналардан көрсетілді.

Қытайдың "Юйту" ("Көкшіл қоян") деп аталатын Айда жүретін аппараты елдің оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында орналасқан Сичан ғарыш айлағынан 2 желтоқсанға қараған түні ұшырылған еді.

Оны ғарышқа алып ұшқан "Чанъе-3" зымыранының бөлшектері жер бетіне, ғарыш айлағынан мың километрден астам қашықтыққа - Хунань провинциясындағы 11 ауылдың аумағына түскен. Зымыран бөлшектері құлаған аймақта 160 мыңнан астам халық тұрады. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген, тек екі үйдің шатыры ғана қираған деп хабарланды.

Роботтың атауы Қытайдың ертедегі Айда мекендейтін қоян туралы мифінен алынған. Алты дөңгелекті аппарат 90 күн бойы Айдың беткі қабатында 10 шаршы шақырымды зерттемек.

Қытай 2007 жылы Жердің табиғи серігіне алғашқы аппаратын ұшырып, ол Айдың беткі қабатын суретке түсіріп алған еді.

Қытайдың коммунистік басшылығы елді АҚШ және Ресеймен қатар тұратын ғарыштық державаға айналдыруды көздеп отыр.

Алматыда Жаңаөзен құрбандарын еске алды

Жаңаөзен оқиғасын еске алу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00
Жүктеп алу
Бүгін Алматыдағы "Астана" қонақ үйінде 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиғаның құрбандарын еске алу жиыны өтті деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Оған қоғамдық белсенділер, саясаткерлер, бірнеше ақын-жазушы қатысты.

Еске алу жиынында Жаңаөзен оқиғасы туралы "Жаңаөзен күнделігі" ("Жанаозенский дневник") атты жаңа деректі фильм көрсетілді. 44 минуттық фильмде Жаңаөзендегі оқиғаның себептері мен салдары баяндалады.

Сонымен бірге сенбі күнгі шараға қатысушылар 1986 жылы желтоқсанда советтік биліктің шешіміне қарсы бас көтерген қазақ жастарын да еске алды. Кеш барысында күй тартылып, өлеңдер оқылды.

Еске алу шарасы кезінде жиналған қаржы Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккендердің отбасына көмек ретінде берілетіні хабарланды. Осы күні Маңғыстау облысы Теңге ауылында да Жаңаөзен құрбандарына арнап ас берілген.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полицияның қолынан 16 адам қаза тапқан еді. Ертеңінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе стансасының тұрғындары темір жолды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беруді талап етіп келген. «Жаңаөзен ісі» бойынша «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі де сотталды.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Президент Назарбаев қызы Дариғаны орденмен марапаттады

Қазақстан президенті сайлауында жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) қызы Дариғаның бетінен сүйіп тұр. 5 желтоқсан 2005 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында елдегі бірқатар мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау, спорт, құқық қорғау, бизнес өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік орден-медальдармен марапаттады деп хабарлайды президенттің ресми сайты.

Мемлекеттік наградаға ие болған парламент мәжілісінің бір топ депутаты арасында президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да бар деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары".

Парламент мәжілісінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқаны үшін» мәжіліс депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, депутаттар Ерсұлтан Бектұрғанов, Мейрам Пішембаев пен Мұхтар Тінікеев - «Парасат» орденімен марапатталған.

Сонымен бірге парламент мәжілісі аппаратының бір топ қызметкеріне орден және медальдар табыс етілген.

Жаңаөзен құрбандарына Теңгеде ас берілді

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келгендер зират басында құран бағыштап отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.
Бүгін Маңғыстау облысындағы Теңге әулие басында 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиға құрбандарына ас беріліп, құран бағышталды. Бұл туралы Теңге ауылынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жаңаөзен қаласынан 12 шақырым жердегі Теңге ауылындағы асқа 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде құрбан болғандардың туған-туыстары, оқиғадан зардап шеккендер, "Өзенмұнайгаз" кәсіпорны жұмысшылары, Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов пен "Өзенмұнайгаз" кәсіпорынының бас директоры Мақсат Ибағаров, сонымен бірге осы шараға Ақтаудан, Алматыдан, Оралдан арнайы келген қоғам өкілдері қатысты.

Осыдан екі жыл бұрын Жаңаөзенде оққа ұшқан 16 жастағы Рахат Көшеровтың анасы Алтын Көшерова қазақ салтымен жоқтау айтып, жалғыз ұлынан айрылған соң өзіне өмір сүрудің мәнісі қалмағанын жырға қосты.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полицияның қолынан 16 адам қаза тапқан еді. Ертеңінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе стансасының тұрғындары темір жолды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беруді талап етіп келген. «Жаңаөзен ісі» бойынша «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі де сотталды.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Софроний әкей Қазақстаннан кетті

Свято-Сергиевский ғибадатханасының игумені Софроний. Алматы облысы, 24 шілде 2013 жыл.
Желтоқсанның 14-іне қараған түні Софроний әкей Қазақстан аумағынан шығып, Ресейге кеткен. Бұл туралы бүгін Азаттыққа оның адвокаты Владислав Мадзигон хабарлады. Осы ақпаратты алматылық журналист Анрей Щербаков та растады.

13 желтоқсанда Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің (ОПШ) басшысы митрополит Александр Свято-Сергиевский ғибадатханасының игумені Софронийді Ресейдегі епархияның біріне жұмысқа ауыстыру туралы бұйрық шығарған.

Бұған дейін Қазақстандағы ОПШ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде «жұмыста жіберген қателігі үшін игумен Софроний 20 мамыр 2013 жылы балаларды паналататын орынның директорлығынан, ал 1 маусым 2013 жылы – Свято-Сергиевский ғибадатханасының басшысы қызметінен босатылғаны» айтылған.

Қазақстандағы діни жұмысы мен мұқтаж адамдарға қамқорлық қызметін аяқтағанға дейін Софроний әкейдің басы дауға қалған еді. Соңғы бір жылда игуменнің жеке өзіне және ол басқаратын балалар мен қарттар паналайтын орынға қарсы талап арыздар бойынша бірнеше рет сот өткен.

АҚШ-та «жиһад жасамақ болған» күдікті ұсталды

Уичито қаласындағы ұшақ құрастыратын өндіріс орны. Канзас штаты, АҚШ. (Көрнекі сурет)
АҚШ билік орындары жұма күні Канзас штатында террорлық жарылыс жасамақ болған деген күдікпен бір адамның ұсталғаны туралы хабарлады.

Ресми ақпаратта Терри Ли Лоуэн есімді 58 жастағы ер адамның Уичито қаласындағы әуежай терминалына «автокөлікпен барып соғылуды жоспарлағаны» туралы айтылады. Осы әуежайда авиация технигі болып жұмыс істеген Лоуэн ол терминалдың «ішінде жарлығыш зат бар» деп ойлаған.

Тергеу орындарының хабарлауынша, «араб түбегіндегі «Әл-Қаида» ұйымын қолдап АҚШ-қа қарсы жиһад жасауға ниет білдірген» күдікті арнайы қызметтің назарына ілініп, оны бірнеше ай сырттай бақылаған.

Көлікпен әуежайға келе жатқанда ұсталған Лоуэнге «жаппай қырып-жою қаруын қолданғысы келді» және «Әл-Қаида» террорлық ұйымына жәрдем танытпақ болды» деген айыптар тағылды.

Тағы

XS
SM
MD
LG