Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Курамшиннің үкімі өзгеріссіз қалды

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
14 ақпанда Тараз қалалық сотының судьясы Ләззат Рамазанова азаматтық белсенді Вадим Курамшинді ақтау үкімін кері қайтарған прокуратура шешімін қайта қарап, оны заңды деп тапты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне белсендінің адвокаты Рәзия Нұрмашева хабарлады. Адвокаттың айтуынша, Курамшинді сот отырысына қатыстырмаған.

Вадим Курамшиннің қамауда қалғаны туралы азаматтық белсенді Андрей Цуканов та бейсенбі күні кешке Twitter-де жазған болатын.

2012 жылғы 28 тамызда Тараз қалалық соты «бопсалау» бабы бойынша айыпталған Вадим Курамшиннің бостандығын бір жыл шартты түрде шектеу туралы үкім шығарған.

Сол жылы 31 қазанда Жамбыл облыстық апелляциялық соты прокуратура шағымы бойынша тамызда шыққан шешімнің күшін жойып, белсендіні қайта қамауға алуға рұқсат берген.

Курамшин 2012 жылы 7 желтоқсанда бұрынғы айып бойынша 12 жылға сотталды.

Вадим Курамшин – түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді.

Әзербайжанда билік партиясының өкілі қамалды

Әзербайжан депутаты, биліктегі "Ени" партиясының өкілі Гүләр Ахмедова.
Әзербайжан саясаткері, биліктегі "Ени" партиясының ықпалды мүшелерінің бірі Гүләр Ахмедова сыбайлас жемқорлыққа қатысты даудан соң тұтқындалды.

Бейсенбіде Баку соты Гүләр Ахмедованы екі айға қамауға ордер берді. Бас прокуратураның хабарлауынша, Ахмедоваға "қызметін жеке мақсатқа пайдалануға тырысты" деген айып тағылмақ.

2012 жылдың қыркүйегінде интернетте Әзербайжан халықаралық университетінің бұрынғы ректоры Эльшад Абдуллаев парламент депутаты Гүләр Ахмедовамен арада болған әңгімесінің видеосын жариялады. Абдуллаев "бұл видеода Ахмедова 2005 жылғы сайлау алдында парламенттегі орынды саудалап отыр" дейді.

Әзербайжанда сыбайлас жемқорлық кең тарағанымен, мұндай оқиға бұрын болмаған еді. Егер Ахмедова айыпты деп танылса, 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Пәкістанда саяси және діни партиялар бас қосты

Бейсенбіде Пәкістандағы барлық саяси және діни партиялардың өкілдері пәкістандық "Талибан" ұйымының бейбіт келіссөздер өткізу туралы ұсынысын талқылау үшін Исламабадқа жиналды. Жиынға барлығы 26 саяси және діни партияның жетекшілері қатысып жатыр.

Бірақ "Талибанға" жақтас екі ұйым - "Жамаат-е Ислами" мен "Техрик-е Инсаф" партияларының өкілдері жиынға қатысудан бас тартты.

Хайбер Пахтунхва провинциясының ақпарат министрі Миан Ифтихар Хусейннің айтуынша, басқосуда жасалған ұсыныстар Пәкістан президенті мен елдің әскери басшылығына жеткізіледі.

Осы айдың басында "Талибан" ұйымының Пәкістандағы тармағы Исламабадқа бейбіт келіссөздер жасасуды ұсынған еді. Бұдан соң Пәкістанның зайырлы Ұлттық халықтық партиясы алдымен барлық партияның басын қосып, "Талибанмен" келіссөздерде күн тәртібіне шығаратын мәселелерді бір талқылап алуды ұсынған.

Испанияда "компьютер алаяқтары" ұсталды

Хакерлік шабуыл жасайтын Anonymous тобының бетперде киген мүшесі. (Көрнекі сурет).
Испания билігі мен Еуропа полициясы компьютерлік вирус арқылы жалған айыппұл жинап келген қылмыстық топ мүшелерін (Ресей, Украина және Грузия азаматтары) ұстады.

Топ компьютерлерге вирус енгізіп, интернет қолданушыларды "балалар порнографиясын көрдің" немесе "порнографиялық файлдар алмастың" деп айыптап, миллиондаған доллар жалған айыппұл жинады деген күдік бар. Ресми орындар топтың жалған айыппұлдардан жылына бір миллион еуроға дейін қаржы жинап отырғанын айтады.

Топ құрамында 11 адам болған. Топты құрған және компьютерлік вирустарды жасаушы 27 жастағы ресейлік Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталған. Топтың өзге мүшелері - Ресейдің 6 азаматы, Украинаның 2 азаматы, Грузияның 2 азаматы Испанияда ұсталған.

Тергеушілер бұл топтың алаяқтық әрекетіне Еуропаның 30 елінде жүздеген мың адам алданып қалғанын айтады.

Украинада жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Апатқа ұшыраған ұшақ бөлшектері. (Көрнекі сурет).
Сәрсенбі түнге қарай Украинаның Донецк қаласында футбол жанкүйерлері ұшып келе жатқан "Ан-24" ұшағы әуежайға апатты жағдайда қонып, өртеніп кетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, 5 адам қаза тауып, 12 адам жараланған. Ұшақ бортында барлығы 45 адам болған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ қонарда алаңнан шығып кетіп қираған. Ұшақ апатқа ұшырайтын мезгілде әуежай маңы тұман болған.

"Оңтүстік әуе желісі" компаниясына тиесілі "Ан-24" ұшағы Одессадан ұшып шыққан еді. Жолаушылардың көпшілігі сәрсенбіде украиналық "Шахтер" (Донецк) футбол клубы мен германиялық "Боруссия" (Дортмунд) клубы арасындағы чемпиондар лигасының матчына келе жатқан жанкүйерлер болған.

Футбол матчы ұшақ апатынан қаза тапқандарды үнсіз еске алумен басталды.

Украина түркімен газын қайта импорттамақ

Түркіменстан мен Украина президенттері Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Виктор Янукович. Ашғабад, 13 ақпан 2013 жыл.
Украина Түркіменстанмен табиғи газ импорттауды қайта жалғастыру туралы алдын ала келісім жасасты. Украинаның энергетика министрі Эдуард Ставицкий жасаған мәлімдеме бойынша, келісім-шартқа Украина мен Түркіменстан президенттері Виктор Янукович пен Гурбангулы Бердімұхамедовтің Ашғабадтағы кездесуінен соң қол қойылған. Ставицкийдің айтуына қарағанда, екі ел келіссөзді әлі жалғастырып жатыр.

Түркіменстан 2006 жылға дейін Украинаны жылына 36 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етіп келген еді.

Келісім-шарт түпкілікті жасалу үшін транзитті ел ретінде Ресей мен Қазақстанның келісімі керек. Украина қазір газды Ресейден өзге елден импорттауды қарастырып жатыр.

Өткен айда ресейлік "Газпром" компаниясы Киевтен газға қарыз 7 миллиард АҚШ долларын төлеуді талап еткен еді. Украина бұл талапты заңсыз деп санайды.

ЕО елдерінде сиыр етіне ДНҚ сараптама жасалады

Сиыр еті өнімдері. Франция, 23 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Еуропа Одағының денсаулық сақтау комиссары Тонио Борг одақтың барлық мемлекетін сиыр етін құрамында жылқы еті бар-жоғын анықтау үшін ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы) сараптамасынан өткізуге шақырды. Бұл туралы ол Брюссельде жылқы етіне қатысты дауға ұрынған елдердің ауыл шаруашылығы министрімен кездесуінде айтты

Германия елдегі ет өнімдеріне сараптама жасауды бастап та кеткен. Ал Ұлыбритания, Франция, Голландия, Швеция және Швейцария супермаркеттердегі "сиыр еті қосылған" тағамдарды құрамында жылқы еті бары анықталған соң саудадан алып тастаған.

Франция сиыр етінің орнына жылқы еті сатылғанын етпен жабдықтайтын румыниялық компаниялардан көрмек болған. Бірақ Румыния оған өз компанияларының қатысы жоғын айтты.

Жылқы етіне қатысты дау қаңтардың ортасында Ирландиядағы супермаркеттердің бірінде сиыр етіне жылқы етін қосып сатқаны анықталғанда басталды. Содан бері Ұлыбритания, Франция және Швецияның мұздатылған ет өнімдерінің кейбірінен 100 пайызға дейін жылқы еті табылды. Бұл өнімдер басқа ЕО елдеріне де таралуы мүмкін деген күдік бар.

Еуропаның бірқатар елдерінде жылқы етін жемейді.

Атырауда «террористік топ» ұсталғаны хабарланды

"Полицияға шабуыл жасады" деген күдіктілерді ұстауға барған арнайы жасақ. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Атырау облыстық прокуратурасы «облыстың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы бірқатар террористік актілерді жасауды жоспарлаған террористік топ ұсталғанын» хабарлады.

- Ақпанның 6-сы күні ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті топ басшысы саналған 30 жастағы Ким Рамизге, топтың басқа да белсенді мүшелеріне «террористік топ құрды, басқарды және оның қызметіне қатысты» деген айып тағып, қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

Атырау облыстық прокуратурасы ұсталған адамның нақты санын айтқан жоқ.

Прокуратураның мәлімдеуінше, «топ мүшелері негізінен Құрманғазы ауданының тұрғындарынан құрылған», ұсталған топтың тұрақтарынан «2 аңшы мылтығы және қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардың компоненттері табылған».

Прокуратура тергеу-жедел іздестіру шаралары жалғасып жатқанын айтты.

Бішкекте "Ата-Жұрт" партиясын қолдаған шеру өтті

"Ата-Жұрт" партиясы жақтастарының наразылық шеруі. Бішкектің орталық алаңы, 13 ақпан 2013 жыл.
Бішкектегі парламент үйінің алдында өткен бүгінгі шеруге шамамен үш мыңға тарта адам қатысты. Олардың көпшілігі "Ата-Жұрт" партиясының жақтастары.

Шеруге қатысқандар парламенттік комиссияның 2010 жылғы сәуірдегі халық толқуларында болған тонаушылықтарға "Ата-Жұрт" партиясының басшылығы кінәлі деген қорытындысына қарсылық білдіріп, оны жоюды талап етті.

Сәуір оқиғасын зерттеу үшін құрылған комиссия зерттеу қорытындысын өткен аптада жариялаған. Сәуірдегі наразылықтар кезінде негізінен сол кездегі президент Құрманбек Бакиев пен оның отбасы мүшелерінің дүние-мүліктері зардап шегіп, бірнеше үй өртелген еді.

Демонстранттар басқа партиялардың депутаттары да сол кезде тонаушылық ұйымдастырып алып, енді оның айыбын "Ата-Жұрт" партиясына жауып отыр деп санайды. Олар сондықтан бұл іске президент Алмазбек Атамбаевтың араласуын да талап етіп отыр.

"Ата-Жұрт" партиясы "Ар-Намыс" партиясы және Социал-демократиялық партиясымен бірге парламенттегі басқарушы коалиция құрамында.

2010 жылғы сәуірдегі оппозицияның жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруы нәтижесінде сол кездегі президент Құрманбек Бакиев орнынан кетіріліп, елде билік ауысқан.

Серік Бүркітбаевтың қамаудан босағаны енді хабарланды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арт жағында тұрған адам - Серік Бүркітбаев. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынған).
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі, алты жылға сотталған Серік Бүркітбаев қамаудан мерзімінен бұрын босап шықты.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов хабарлады. Оның айтуына қарағанда, Серік Бүркітбаев 2012 жылдың 16 қарашасында босатылған.

"Бүркітбаев Ақмола облысының Гранитный түрмесінде отырған. Сол жерде өзін жақсы қырынан көрсетіп, өзін босату туралы арыз жазды. Зеренді ауданының соты оны қанағаттандырып, 16 қарашада шартты түрде мерзімінен бұрын босатты" деді ол.

Серік Бүркітбаевты Ақмоланың әскери соты 2009 жылы наурызда қылмыстық кодекстің 173-бабы 3-бөлімінің а,б,г тармақтары бойынша ("сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету") айыпты деп танып, алты жылға соттаған еді.

БҰҰ: Сириядағы қақтығыста 70 мың адам мерт болды

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссары Нави Пиллэй Қауіпсіздік кеңесінің жиынында сөйлеп отыр. Нью-Йорк, 12 ақпан 2013 жыл.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссары Нави Пиллэй Сириядағы қақтығыстарда қаза тапқандар саны 70 мыңға жетті деп хабарлады. Бұл туралы ол ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтты.

Пиллэй осыдан бір ай бұрын "екі жылға жуықтап қалған халық толқулары мен қақтығыстарда 60 мыңнан астам адам құрбан болды" деген еді. Қауіпсіздік кеңесінің жиынында ол қақтығыстарда бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу қажет екенін айтты.

Нави Пиллэй Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдердің қақтығысты реттеуде әрекет қылмай отырғанын, оның "қарапайым сириялықтар үшін зардабы үлкен болып жатқанын" ескертті.

Ол бұған қоса Қауіпсіздік кеңесін Сирияны халықаралық сотқа беруге тағы да шақырды.

Ресей мен Қытай Қауіпсіздік кеңесінің Дамаскіге қарсы санкциялар салуды ұсынған қарарына бұған дейін үш рет вето қойған еді.

АҚШ сенаты комитеті Чак Хейгелге дауыс берді

АҚШ қорғаныс министрлігіне ұсынылған Чак Хейгел. Вашингтон, 31 қаңтар 2013 жыл.
АҚШ сенатының қарулы күштер жөніндегі комитеті президент Барак Обаманың Чак Хейгелді қорғаныс министрі ету ұсынысын қолдады. Республикашылдар партиясының мүшесі Хейгелдің кандидатурасын 14 депутат қолдап, 11-і қарсы дауыс берді. Қарсылардың арасында республикашыл партия өкілдері де бар.

Республикашыл партия сенаторлары Небраска штатынан сайланған бұрынғы сенатор, Вьетнам соғысының ардагері Хейгелді "АҚШ-тың одақтасы Израильді аса қолдай қоймайды және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қатаң саясат ұстана алмайды" деп сынаған еді.

Сенаттың толық құрамы Хейгелдің кандидатурасына келесі аптада дауыс береді.

Обама: Ауғанстандағы соғыс 2014 жылы аяқталады

АҚШ президенті Барак Обама конгрес өкілдері алдында сөйлеп тұр. Вашингтон, 12 ақпан 2012 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама конгресте жасайтын жыл сайынғы жолдауында Ауғанстандағы соғыстың 2014 жылдың соңына қарай тоқтайтынын мәлімдеді.

Обама бұған қоса келесі жылға қарай Ауғанстандағы АҚШ әскерінің жартысынан көбі - 34 мың әскердің шығарылатынын да айтып, одан соң Ауғанстандағы операциялардың тоқтайтынын хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Ауғанстанда "Әл-Қаида" ұйымының бұрынғы "құдыретінің тек көлеңкесі ғана қалған". Обама Иран басшыларын ядролық проблемасын дипломатиялық жолмен шешуге көндіруге тырысып, АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналын қысқарту туралы келіссөздерді қайта жалғастыратынын да айтты.

Ресей парламенті темекіге тыйым салатын заңды қолдады

Темекі шегіп отырған адамдар. (Көрнекі сурет).
Ресей мемлекеттік думасы қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Құжатты 441 депутат қолдап, 1 депутат қарсы болды. Енді жобаны парламенттің жоғарғы палатасы бекітуі керек. Одан соң ол президенттің қол қоюына жіберіледі.

Заң жобасы бойынша, кафе, мейрамхана, университеттер мен басқа да қоғамдық орындарда темекі шегуге, темекіні жарнамалауға тыйым салынады. Бұған қоса темекі өнімдеріне салынатын салық көбейіп, темекінің бағасы қымбаттамақ. Егер заң түпкілікті қабылданып жатса, 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс.

Қазір Ресейде бір қорап темекіні бір АҚШ долларына сатып алуға болады.

Ресейде қазір 44 миллион адам темекі шегеді. Бұл - жалпы халықтың үштен біріне жуық адам.

Сирия көтерілісшілері әскери базаны алғаны хабарланды

Сирия көтерілісшілері үкімет әскерімен ұрыста. Алеппо, 5 ақпан 2013 жыл.
Сириялық белсенділер президент Башар Асад режиміне қарсы қарулы күрес жүргізіп жатқан көтерілісшілер Алеппо провинциясындағы әскери әуе базасын басып алғанын хабарлады.

Ұлыбританияда орналасқан Сирия адам құқықтарын қорғау ұйымы таратқан ақпаратқа қарағанда, көтерілісшілер бірнеше күнгі ұрыстан соң сейсенбіде Әл-Джарра әуе базасын бақылауға алған. Мұның алдында көтерілісшілердің Раха провинциясындағы Евфрат өзенінде орналасқан елдегі ең ірі су электр станциясын басып алғаны хабарланған еді.

Дүйсенбіде Түркияның Сириямен шекарасындағы өткізу бекетінде сириялық нөмірі бар шағын автобус жарылып, 13 адам құрбан болды.

БҰҰ-ның дерегі бойынша, Сириядағы екі жылға созылған қақтығыста 60 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Құрманбек Бакиевке сырттай үкім шықты

Құрманбек Бакиев, президент болып тұрған кезі. 23 наурыз 2010 жыл.
Қырғызстанның Бішкек қаласы гарнизонының әскери соты экс-президент Құрманбек Бакиев пен оның інісі, мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы басшысы Жаныш Бакиевті сырттай соттады. Олар Бакиев билігі тұсында көз жұмған президент аппаратының жетекшісі Медет Садырқұловтың қазасына қатысы бар деп айыпталып отыр.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, сот Құрманбек Бакиевті 24 жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеу жөнінде, ал Жаныш Бакиевті өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Бұған қоса, Жаныш Бакиевтің дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, өзі генерал-лейтенант әскери атағынан айырылады.

Құрманбек Бакиев 2010 жылғы сәуірде болған халық толқулары нәтижесінде биліктен қуылған. Кейін оған «қызметін асыра пайдаланды және демонстранттарға оқ атуға бұйрық берді» деген айыптар тағылған еді.

Қазір Құрманбек Бакиев Беларусьте тұрып жатыр. Қырғыз билігі оны қайтаруды бірнеше мәрте сұрағанымен, ресми Минск жауап бермеді.

Министр: Ауру мал шығынын шетел компаниясы өтейді

Херефорд сиыры фермасы. Ақмола облысы Мамай ауылы, 14 маусым 2011 жыл.
«Австриядан әкелінген, ауру екені анықталған 722 бас сиырдан келген шығынды ірі қараны әкелген венгриялық компания өтейді» деп мәлімдеді бүгін Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

«Бұл малдар қазір карантинде тұр. Келісім-шарт бойынша, сиырлар карантиннен шыққанша оларды жеткізген компанияның меншігі болып саналады. Сондықтан барлық шығын осы венгриялық компанияның есебінен өтеледі» деді ол үкімет отырысынан соң журналистерге.

Оның айтуынша, барлық заңды талап, шағымдар малды жеткізуші компанияға және Австрияның ветеринарлық қызметіне жіберіледі.

Министр бұған қоса сиырға жұққан Шмалленберг ауруының вирусы олар каратинде тұрған кездің өзінде анықталғанын айтады.

Өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысындағы "Леонов" шаруа қожалығы мен "Полтавское" кәсіпорнына Австриядан әкелінген 722 бас сиырдан вирустық диарея мен Шмалленберг ауруы табылған еді.

Шекара академиясы басшысы өлімінің «себебі» айтылды

Шекара қызметі академиясының бұрынғы басшысы, генерал-майор Талғат Есетов. Алматы, 3 қаңтар 2013 жыл.
Шекара қызметі академиясының басшысы, 31 қаңтарда қаза тапқан генерал-майор Талғат Есетовтің "өз-өзіне қол салуына қызмет бабын теріс пайдаланды деген күдікке ілінгенінен кейін пайда болған эмоциялық күрделі көңіл-күй себеп болды" деп хабарлады бүгін бас әскери прокуратура.

Прокуратура таратқан ақпаратқа қарағанда, ұлттық қауіпсіздік комитеті авиациялық техникаларды жөндеу жұмыстарында шекара қызметінің кейбір жоғары лауазымды басшыларының қызмет өкілетін заңсыз пайдаланғаны жөнінде қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бұл іс бойынша шекара қызметінің бұрынғы және қазіргі басшыларының, оның арасында Есетовтің де украиналық кәсіпорын өкілдерінен пара алуға қатысы барлығы тексеріліп жатқан.

Қазір Талғат Есетовтің "өз-өзіне қол салуына" байланысты қылмыстық тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Прокуратураның айтуынша, желтоқсанда Шымкент маңында құлаған шекара қызметінің Ан-72 ұшағын күрделі жөндеу жұмыстарына генерал-майор Есетовтің қатысы жоқ.

Тергеу шаралары аяқталған соң прокуратура түпкілікті шешімді қосымша хабарламақ.

Талғат Есетов 31 қаңтарда қаза тапқан еді. Ресми орындар "ол жұмыс кабинетінде өз-өзіне қол салып, атылып өлді" деп хабарлаған.

Солтүстік Корея ядролық сынақ өткізді

Солтүстік Корея ұшырған "Унха-3" зымыраны. 13 қаңтар 2013 жыл.(Көрнекі сурет).
Солтүстік Корея үкіметінің өкілі елде бүгін үшінші рет жерасты ядролық сынағы жасалғанын әрі оның сәтті өткенін орталық ақпарат агенттігі арқылы хабарлады.

Сейсмологиялық агенттіктер сейсенбіде Солтүстік Кореяның ядролық полигоны орналасқан аймақта қуаты 5 балға жететін жер сілкінісі болғанын хабарлаған еді. БҰҰ мұны "ядролық жарылыс әсерінен болды" деп сипаттаған. Ал Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі "Пхеньян қуаты 6-8 килотоннаға жететін ядролық жарылыс жасауы мүмкін" деп мәлімдеген.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сейсенбіде Нью-Йоркте осыған орай төтенше жиын өткізеді.

БҰҰ Солтүстік Кореяға ядролық қару жасауы мүмкін деген қауіппен ядролық және баллистикалық зымырандар ұшыруға, сынауға тыйым салған еді. Пхеньян бұған дейін екі рет - 2006 және 2009 жылдары ядролық сынақ жасаған.

Қария өзін сабаған жігітті кешірді

Зейнеткерлерді соққыға жықты деп айыпталған Бақытжан Бопатаев Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұр. Алматы, 8 ақпан 2013 жыл.
Алматыда көшедегі бұзақылығы үшін жауапқа тартылған қала тұрғыны, 32 жастағы Бақытжан Бопатаевқа қатысты іс жабылды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне істі қараған Алмалы аудандық сотының судьясы Арман Шәмшиевтің хатшысы хабарлады.

Сот хатшысының айтуынша, жәбір көрген зейнеткер Гүлханым Асратова сотқа өзін соққыға жыққан Бопатаевты кешіретіні туралы өтініш жазып, іс жабылған.

Қаңтар айында интернетте көлік ішінде отырған қарт кісіні және оған араша түсуге ұмтылған егде әйел адамды ұрып жатқан жас жігіт туралы видео тараған еді. Қаңтардың 10-ы күнгі ол оқиға көшеде өтіп бара жатқан көліктің видео-регистраторына түсіп қалған. YouTube желісінде жарияланған видео-жазба қызу пікірталас пен қоғамдық айыптауға түрткі болды.

Ақпанның 8-і күні Алмалы аудандық сотында Бақытжан Бопатаевтың ісі қаралуы тиіс еді. Алайда жәбірленушілер сотқа келмей қалып, процесс кейінге шегерілген.

Иранда оппозиционерлердің балаларынан жауап алынды

Иран оппозициясы жетекшілері Мир Хусейн Мусави (оң жақта) мен Мехди Карруби.
Иран билігі оппозицияның жетекшілері - бұған дейін президент сайлауына түскен саясаткерлер Мир Хусейн Мусави мен Мехди Каррубидің балаларын қамаудан босатты.

11 ақпанда қауіпсіздік қызметі Мусавидің қыздары Наргез бен Захраның үйлерін тінтіп, оларды тергеуге әкеткен еді. Бұдан соң полиция Каррубидің ұлы Мохаммад Хусейн Каррубидің үйіне де тінту жүргізіп, оны да ұстап әкеткен. Ресми орындар ақпарат құралдарына оппозиционерлердің балаларын "кейбір сұрақтарға түсінік алу үшін" ұстап әкеткенін хабарлаған.

Мусави мен Каррубидің балалары әкелерін үйқамақтан босатуға тырысып жүрген еді.

Екі оппозиционер де 2009 жылы өткен президент сайлауына қатысып, "сайлау бұрмаланды" деп сынаған соң билік оларды 2011 жылдан бері үйқамаққа алған.

11 ақпанда БҰҰ сарапшылары да Тегераннан Мусави мен Каррубиді үйқамақтан босатуды сұрады.

Түркия-Сирия шекарасында жарылыс болды

Сириямен шекарадағы автобус жарылған жер. Түркия, 11 ақпан 2013 жыл.
Түркияның Сириямен шекарасындағы Чилвегозу бекетінде, Рейханли қаласына жақын маңда сириялық нөмірі бар шағын автобус жарылды. Кейбір ақпараттарға қарағанда, 13 адам мерт болған. Олардың арасында түрік азаматтары да бар. Жарылыстан ондаған адам жараланған.

Түркия премьер-министрінің орынбасары Бүлент Аринчтың мәлімдемесі бойынша, билік шекара бекетіндегі жарылыстың себептерін анықтап жатыр. Үкімет жарылысқа себеп болуы мүмкін барлық істі, оның арасында жанкешті жасауы мүмкін деген болжамды да тексеріп жатыр.

Чилвегозу - сириялық босқындардың Түркияға кіретін негізгі шекара бекеті. Анкара Сирия көтерілісшілерінің президент Башар Асадқа қарсы екі жыл бойына жүргізіп келе жатқан қарулы күресін қолдайды.

Қазір Түркия аумағында мыңдаған сириялық босқын тұрып жатыр.

Рим Папасы қызметінен кетпек

Рим Папасы XVI Бенедикт. Ватикан, 11 ақпан 2012 жыл.
Ватиканның хабарлауынша, Рим Папасы XVI Бенедикт ақпанның 28-і күні қызметінен кетеді.

Рим Папасы бүгін діни кеңеске қарата айтқан сөзінде «ұлғайған жасына байланысты күш-қайраты қызметін толық атқаруға мүмкіндік бермейтінін», өзі қызметтен кеткен соң орны босайтынын айтты.

Ресей АҚШ-тан ет импортына шектеу қойды

Ет.
Бүгін Ресейдің АҚШ-тан ет импорттауға салған тыйымы күшіне енді.

Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі бұған дейін америкалық ет өндірушілердің сиыр, шошқа және тауық етінің салмағын көбейту үшін рактопамин затын қоспау туралы талаппен келіспегенін айтып, АҚШ-тан келетін етке шектеу қою туралы шешім қабылдаған.

Ресей тұтынушылар құқығын қорғау қызметінің басшысы Геннадий Онищенко бүгін АҚШ етке рактопамин затын қосуды тоқтатпайынша, шектеу алынбайтынын, оның ұзаққа созылатынын ескертті.

БҰҰ-ның азық-түлік стандарттарын жасау агенттігі етке аз мөлшерде қосылған рактопамин адам денсаулығына зиян тигізбейді деген қаулы шығарған. Бірақ бірқатар елдерде, оның арасында Қытайда рактопаминге тыйым салынған.

Каспий теңізіне Әзербайжан тікұшағы құлады

Ми-8 әскери тікұшағы.
Әзербайжан ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ми-8 әскери тікұшағы Баку қаласына жақын жерде Каспий теңізіне құлаған. Апаттан экипаж мүшелері - 3 адам қаза тапқан.

Тікұшақтың неден құлағаны белгісіз. Оқиға болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG