Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ресей өкілі Астанаға кеңес берді

Ресей президентінің бала құқығы бойынша өкілі Павел Астахов. Астана, 17 шілде 2013 жыл.
Ресей президентінің бала құқығы бойынша өкілі Павел Астахов Қазақстан билігіне "жастар арасындағы өзін өзі өлтіретіндер санын азайту үшін Ресей тәжірибесін
қолдану керек" деген ақыл айтты. Астаховтың сөзінше, Қазақстанда 2012 жылы 211 адам өз-өзіне қол салған, 544 адам өлмек болған. Ал Астанада төрт адам өз-өзін өлтірген, 40 адам өлмек болған.

Қазақстандағы шиеленісті жер мектеп екенін айтқан өкіл "мұнда Ресейдегі сияқты балалар арасындағы дауды шешетін комиссия құру керек" дейді. Астахов Қазақстанды да "Балаларды денсаулықтары мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заң қабылдауға шақырды.

Қазақстанға екі күндік сапармен келген Павел Астахов әділет министрімен, білім және ғылым министрлігі бала құқығын қорғау комитеті төрағасымен, жоғарғы сот судьяларымен, Қазақстан президентінің бала құқығы жөніндегі өкілімен кездесті.

Қырғызстан Қазақстанға ағатын суды ашты

Тұрғындар бөгеп қойған «Быстроток» (Көксай) каналы. Қырғызстан, 8 шілде 2013 жыл.
17 шілде күні жергілікті уақыт бойынша 17 сағат 45 минутта Қырғызстаннан Қазақстанға тартылған «Быстроток» (Көксай) каналы бойынша су беру қалпына келтірілді деп хабарлады Қазақстан үкіметінің сайты.

Бұдан бұрын Қазақстан мен Қырғызстанның премьер-министрлері Серік Ахметов пен Жантөрө Сатыбалдиевтің мемлекетаралық «Быстроток» су арнасы төңірегіндегі жағдайды талқылағаны хабарланған еді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы су дауы 7 шілдеде басталған. Сол күні Қырғызстанның Талас облысы Қарабура ауданы тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, өзеннен тартылған «Быстроток» су каналын бөгеп, Қазақстанның Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған.

Суды бөгеген азаматтар Қазақстандыкі деп танылған, ұзындығы 13 шақырым, аумағы 4,5 мың гектар жерді Қырғызстанға қайтару; екі ел арасында 2012 жылғы келісім бойынша бөлінген 2,6 мың гектар жердегі белгілерді алып тастау; екі ел шекарасын өзен арқылы өткізу туралы талап қойған еді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, екі тарап та оны ресми түрде мойындаған.

Путин: Ресейге Сноуденнен гөрі АҚШ маңызды

Ресей президенті Владимир Путин. 16 шілде 2013 жыл.
"Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы арнайы қызмет төңірегіндегі әңгімелерден гөрі маңызды" деді Ресей президенті Владимир Путин АҚШ қауіпсіздік қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден жайлы сұраған тілшілерге.

АҚШ-пен қарым-қатынасты оңалтуды мақсат еткенін айтқан Путин Сноуденді Мәскеу мен Вашингтон арасын суытатын іске жібере қоймайтынын ескертті.

16 шілдеде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни Ресейден Эдвард Сноуденді беруді тағы да сұраған еді. Ол Сноуденді «саяси қуғынға түскен құқық қорғаушы да емес, диссидент те емес» деп атаған.

Маусымның 23-і күні Гонконгтен Ресейге ұшып келгеннен бері Шереметьево әуежайының транзит аумағында тұрып жатқан Эдвард Сноуденге АҚШ-та барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін «тыңшылық жасады» деген айып тағылып, іс қозғалған.

Эдвард Сноуден 12 шілдеде Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Ресейлік және шетелдік құқық қорғаушылармен кездескен кезде өзін паналатуға келіскен Латын Америкасындағы елдердің біріне жеткенге дейін Ресейден уақытша баспана сұрамақ жоспарын хабарлаған.

«Протон-М» орнын залалсыздандыру ісі аяқталды

«Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшырау сәті. 2 шілде 2013 жыл.
Байқоңыр ғарыш айлағында «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жерді улы заттан залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі ақпарат таратты.

Залалсыздандырудың нәтижесін бағалау мақсатында улы заттың күшін жоятын ерітіндімен өңделген аумақтың топырағынан енді он күннен соң сынамалар алынбақ. Агенттік ғарыш айлағындағы 90 алаңда зымыран тасығышының қалдықтарын жинау және шығару бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын да хабарлады.

Бұған дейін «Қазғарыш» залалсыздандырылатын аумақ көлемі 13,1 мың шаршы метрді құрайды деп хабарлаған. Қазақстандық мамандар апат орнында пайда болған шұңқырда зымыран тасығыштың отыны - гептилмен ластану деңгейі шекті мөлшерден 527 есе, кейбір маңда мөлшерден 3039 есе артық деп хабарласа, Ресей мамандары ластану мөлшері бұдан да көп деген деректер келтірген.

Шілденің 2-сі күні «Глонасс» спутнигі тиелген ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апаттан соң Ресейдің «Роскосмос» агенттігінің басшысы апат себебін анықтайтын комиссияның жұмысы аяқталғанша «Протон-М» зымыран тасығышын ғарышқа ұшыру уақытша тоқтатылатынын мәлімдеген.

Қазақстанда қоғамдық белсенділер отыны улы Ресей зымыран тасығышын Байқоңырдан ұшыруды біржолата доғаруды талап етіп наразылық шараларын өткізген.

Египеттің уақытша үкіметі ант берді

Египеттің уақытша үкіметінің мүшелері. Каир, 16 шілде 2013 жыл.
Египетте премьер-министр міндетін атқарушы Хазем әл-Беблави басқаратын уақытша үкімет мүшелерінің ант беру рәсімі өтті.

Бұрынғы президент Мұхаммед Мурсиді биліктен кетіруге күш салған генерал Абдел Фаттах әл-Сиси премьер-министрдің орынбасары әрі қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сыртқы істер министрі қызметі уақытша Набиль Фахмиге жүктелді, ол 1998-2008 жылдар аралығында Египеттің АҚШ-тағы елшісі болып істеген.

Осыған дейін ішкі істер министрі болып келген Мұхаммед Ибрагим қызметінде қалды, кейбір белсенділер оған қарсы болған еді. Ganope мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Шериф Исмаил енді мұнай және газ министрлігін уақытша басқаратын болды. Ал уақытша үкіметте өнеркәсіп және сауда министрі болып либералды көзқарастағы саясаткер, христиан дінін ұстанатын Мунир Факри Абдел тағайындалған.

Елдің бұрынғы президенті Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлар» қозғалысы уақытша үкіметті «заңсыз» деп атады.

Египетте халық көтеріліске шығып, саяси жағдай ушыққан соң, шілденің 3-і күні әскерилер президент Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттетіп, конституцияның күшін жойған еді. Билікті қолына алған уақытша үкімет жаңа конституция түзіп, сайлау өткізуге шақырды. Бірақ «Мұсылман бауырлар» партиясы мен оның одақтастары Мурси билікке қайта келмейінше наразылық шерулерін жалғастыра беретіндерін мәлімдеген.

Сейсенбіде Каирдегі қақтығыстар салдарынан 7 адам мерт болып, 200-ден астам адам жарақат алғаны хабарланды.

АҚШ Ресейден Сноуденді тағы сұрады

Эдвард Сноуден (ортада) Шереметьево әуежайында Ресейлік және шетелдік құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. Мәскеу, 12 шілде 2013 жыл.
Вашингтон АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденді беруді Ресейден тағы да сұрады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни Сноуденді «саяси қуғынға түскен құқық қорғаушы да емес, диссидент те емес» деп атады.

«Ол АҚШ-қа қайтып, мемлекеттің меншігін ұрлады және құпия мәліметтерді жариялады деген айыптар бойынша сот алдында жауап беруі тиіс» деп мәлімдеді Карни.

Ресейдің федералдық миграция қызметі Сноуденнің Ресейден уақытша баспана сұрап 16 шілдеде берген өтініші алдағы үш ай мерзім ішінде қаралатынын хабарлаған. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин «өз іс-шараларымен Сноуденді біздің елде қамап қойды» деп АҚШ-ты кінәлаған еді.

Эдвард Сноуден 12 шілдеде Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Ресейлік және шетелдік құқық қорғаушылармен кездескен кезде өзін паналатуға келіскен Латын Америкасындағы елдердің біріне жеткенге дейін Ресейден уақытша баспана сұрамақ жоспарын хабарлаған.

Маусымның 23-і күні Гонконгтен Ресейге ұшып келгеннен бері Шереметьево әуежайының транзит аумағында тұрып жатқан Эдвард Сноуденге АҚШ-та барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін «тыңшылық жасады» деген айып тағылып, іс қозғалған.

Биыл Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын жұртшылыққа жария еткен. Бағдарлама халықаралық деңгейде жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген.

Әблязов отбасына бола Италия шенеунігі қызметінен кетті

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны Қазақстанға депортациялауға қатысы бар Италия ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды шенеунігі Джузеппе Прокаччини қызметінен кетті.

Италия билігінің мәлімдеуінше, ол елдің ішкі істер министрі Анджелино Альфано қарамағындағылардың Шалабаеваны алты жастағы қызымен қоса Қазақстанға бергені туралы кеш естіген. Бұл оқиғаға жауапкершілікті Прокаччини өз мойнына алған.

Италия шенеунігі Мұхтар Әблязовқа экономикалық қылмыс жасаған деген айып тағып іздеу салған Қазақстан билігінің сұрауы бойынша әрекет еткен деген болжам айтылып отыр. Бұған дейін Әблязовтың отбасын депортациялау оқиғасы саяси дау-дамайға ұласып, Италияда министр Альфаноның қызметтен кетуін талап еткені туралы хабарланған еді.

Өткен аптада Италия үкіметі Мұхтар Әблязовтың отбасын Қазақстанға депортациялау туралы заңсыз шешімнің күшін жоятынын мәлімдеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Алма Шалабаева мен оның қызын депортациялау туралы шешім «Италияның ішкі мәселесі» екенін айтқан. Қазақстан билігі қазір Алматы қаласында әке-шешесімен бірге тұрып жатқан Алма Шалабаевадан «күйеуі Мұхтар Әблязовтың туысқандарына заңсыз берілген қазақстандық төлқұжаттар туралы жеке істің фигуранты ретінде тергеу аяқталғанша елден кетіп қалмауын қамтамасыз ету мақсатында тілхат алынғанын» хабарлаған.

«БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді. Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Ол соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды. Қазір бизнесменнің қайда екені белгісіз.

Қазақ-қырғыз шекара аймағында су дауы шешілген жоқ

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай кедені. Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл облысындағы ауылдардың тұрғындары сусыз қалған егіс алқаптары қурап кете ме деп алаңдап отыр. Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев Қазақстан аумағына келетін өзен суын бөгеп тастаған қырғыз жағымен тағы да келіссөздер өткізгендерін хабарлады Азаттыққа.

– Қызыларық және Ақтөбе ауылдары бір жетіден бері сусыз отыр. Біз қырғыздар қойған барлық талаптарды орындап жатырмыз, тіпті біздің шекараға кіріп мал жаюларына дейін рұқсат бердік. Бірақ су мәселесі әлі шешілмей жатыр. Кеше Жамбыл облысының әкімі Қырғызстанның Талас облысының губернаторымен кездескен, – деді Батырбек Құлекеев шілденің 16-сы күні Азаттық тілшісіне.

Бүгін Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі қырғыз билігін «Быстроток» су каналын қайтадан тезірек қалпына келтіруге шақырып, бұндай іс-әрекеттердің заңсыз екендігін және екі ел арасындағы бұған дейін жасалған келісімдерге қайшы келетіні туралы мәлімдеме таратты.

Осы аптада Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов жұмыс сапарымен Бішкекке барады деп хабарланған.

Бұған дейін Қырғызстанның Талас облысы Қарабура ауданына қарасты Көксай ауылының тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, шілденің 7-і күні өзеннен тартылған арықты бөгеп, Қазақстанның Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған еді.

Олар Қазақстандыкі деп танылған, ұзындығы 13 шақырым, аумағы 4,5 мың гектар жерді Қырғызстанға қайтару; 2012 жылғы келісім бойынша бөлінген 2,6 мың гектар жердегі белгілерді алып тастау; екі ел шекарасын өзен арқылы өткізу туралы талап қойған.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, екі тарап та оны ресми түрде мойындаған.

«Богви» компаниясы басшыларына қарсы тағы бір іс қозғалды

Ақмола облысында астық орып жүрген комбайн. Көрнекі сурет.
Қазақстан қаржы полициясы Солтүстік Қазақстан облысындағы «Управляющая компания Богви» ЖШС лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Күдіктілерге 2012 жылдың басында егістік алқабы бар туралы жалған мәлімет беріп, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» арқылы бюджеттік несие есебінен 115 миллион теңге (766 мың АҚШ доллары) алған деген айып тағылған.

Өткен аптада қаржы полициясы «Қазақстан астық компаниясы» кәсіпорнына тиесілі жалпы сомасы 710 миллион теңгені (4,73 миллион доллар) құрайтын 18,5 мың тонна бидайды талан-таражға салған деген айып бойынша «Богви» ЖШС директоры Виктор Богданецтің үстінен қылмыстық іс қозғаған.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан аймағындағы ондаған астық элеваторлары мен шаруашылықтарды біріктірген ірі агрокомпанияның иесі Виктор Богданец биыл мамыр айының басында сот шешімімен екі айға қамауға алынған.

Маусым айының соңында Астанада «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың қамауға алынғаны хабарланды. Оған «Богви» агрокомпаниясына заңсыз жолмен жеңілдік жасап, бірнеше миллиард теңгені құрайтын мемлекет қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылған.

Путин Сноуденге қатысты АҚШ-ты айыптады

Эдвард Сноуден (ортада) "Шереметьево" әуежайында құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. 12 шілде 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің қазіргі жағдайына АҚШ-ты кінәлады.

«Өздері барлық басқа елдерді үрейге салған соң, енді ешкім оны алғысы келмейді, осылайша олар іс жүзінде оны біздің жерімізде құрсап қойды» деді Путин дүйсенбіде ресейлік студенттермен кездесуде.

Бұл жолы ол Ресейдің Сноуденге баспана беру-бермеуі жайында ештеңе айтпады. Бұған дейін Путин «егер америкалық әріптестерімізге қарсы әрекетін доғарса» Ресейдің Сноуденге баспана беруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Эдвард Сноуден шілденің 12-і күні Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Ресейлік және шетелдік құқық қорғаушылармен кездескеннен соң, оны паналатуға келіскен Латын Америкасындағы елдердің біріне жеткенге дейін Ресейден уақытша баспана сұрағаны хабарланған.

Вашингтон «Құпия мәліметтерді жария етті» деп айыптаған Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын әшкере қылған еді. Бағдарлама халықаралық деңгейде жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген.

АҚШ-та Эдвард Сноуденге барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін «тыңшылық жасады» деген айып тағылып, іс қозғалған. АҚШ Сноуденді беруді сұрап отыр.

Маусымның 23-і күні Гонконгтен Ресейге ұшып келген Сноуден содан бері Шереметьево әуежайының транзит аумағында тұрып жатыр.

Египетте наразылық жалғасып жатыр

Египеттегі қарсылық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00
Египетте биліктен шеттетілген президент Мұхаммед Мурсиді қызметіне қайтаруды талап етіп Каирдегі 6-қазан көпіріне қарсылық шеруіне шыққандарды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданды.

Бұған дейін, шілденің 15-і күні АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Уильям Бернс Каирде Египеттің қазіргі билік өкілдерімен келіссөздер өткізген еді. Египетте билік ауысқалы бері ресми Вашингтонның атынан келіссөздер өткізуге алғаш келген АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Египеттің әскери басшылық өкілдері және уақытша үкімет мүшелерімен кездесті.

Бернс Египеттегі жік-жікке бөлінген фракцияларды өзара диалог өткізуге және елдегі зорлық-зомбылықты тоқтатуға, билікті – саяси тұтқындауларды доғаруға шақырды.

Исламшыл саяси қозғалыстар, солардың қатарында Мұхаммед Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлар» партиясы, сонымен бірге Мурсиге қарсы болып отырған реформашылар АҚШ-тың ресми өкілімен келіссөздер өткізуге ықылас танытпады.

Египетте халық көтеріліске шығып, саяси жағдай ушыққан соң, шілденің 3-і күні әскерилер президент Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттетіп, конституцияның күшін жойған еді. Билікті өз қолына алған уақытша үкімет жаңа конституция түзіп, сайлау өткізуге шақырды.

Бірақ «Мұсылман бауырлар» партиясы мен оның одақтастары Мурси билікке қайта келмейінше наразылық шерулерін жалғастыра беретіндерін мәлімдеген.

Тәжік журналисін Ресейге кіргізбеді

Тәжік журналисі Додожон Атавулло.
Ресейге Чехиядан ұшып келген тәжікстандық оппозициялық журналист Додожон Атовуллоны Мәскеудің Шереметьево әуежайына кіргізбей қойды. Азаттық радиосына билік өкілдерінің айтуынша, әуежайдағылар Атовуллоға қайтадан Прагаға ұшаққа билет алуға кеңес берген.

Тәжік журналисін Ресейге кіргізбеуге не себеп болғанын әуежай қызметкерлері түсіндірмеген. Бұл іске тәжік билігінің қатысы жоқ деп мәлімдеді Тәжікстан бас прокуратурасының орынбасары Азаттық радиосына.

Соңғы 20 жыл бойы Ресей астанасында тұрып жатқан Додожон Атовуллоға былтыр қаңтарда Мәскеудегі мейрамханалардың бірінде шабуыл жасалған. Сол жолы денесіне пышақ тиіп ауыр жарақат алған журналист шабуылға өзінің кәсіби қызметі себеп болды деген болжам айтқан еді.

Додожон Атавулло – Мәскеуде орналасқан Тәжікстан оппозициялық «Чароги Руз» басылымының бас редакторы және «Ватандор» оппозициялық қозғалысының жетекшісі. Мақалаларында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды және оның отбасы мүшелерін сынап жүрген журналист.

Алматыда наразылық білдірген жұмысшы краннан түсті

Айдар Меңлібеков наразылық танытып шығып алған құрылыс краны. Алматы, 15 шілде 2013 жыл.
Дүйсенбі күні Алматыда құрылыс кранының басына шығып наразылық білдірген Айдар Меңлібеков бірнеше сағаттан соң жерге түсіп, журналистердің сұрағына жауап берді деп хабарлайды оқиға орнынан Азаттық тілшісі.

Меңлібеков өзі жұмыс істейтін «А-Та строй» құрылыс компаниясында еңбек заңдылығы мен еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмайтындығына наразы болғандықтан осындай төтенше қадамға барып, қоғам назарын аударғысы келгенін айтты.

«Компания еңбек келісім-шартының кейбір баптарын орындамай отырғаны туралы алдыңгүні мен оларға жазбаша талап бергенмін. Бірақ олар өзіме жала жауып, қарсы шағым ұйымдастырды, сосын амалсыздан осындай шараға баруға мәжбүр болдым. Қазір енді талаптарымды орындаймыз деген соң краннан түстім» деді Айдар Меңлібеков.

Бұл мәселеге байланысты «А-Та строй» компаниясының әкімшілігі журналистерге түсінік берген жоқ. Компания Алматыдағы Сейфуллин және Мақатаев атындағы көшелердің қиылысындағы MEGA сауда орталығының құрылысын жүргізіп жатыр.

Қазақстанда кейбір азаматтардың өз құқын қорғау үшін құрылыс кранына шығып наразылық танытуы бұған дейін де болған.

Алматыда жұмысшы кранға шығып наразылық білдірді

Кран басындағы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00
Алматыда құрылыс кранының басына шығып алған Айдар Меңлібеков есімді азамат өзін еңбек қорғау инспекторымен жолықтыруды талап етіп отыр деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Ол өзі жұмыс істейтін "А-Та строй" құрылыс компаниясында еңбек заңдылығы мен еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмайтындығына наразы екенін мәлімдеген. Компания Алматыдағы Сейфуллин және Мақатаев атындағы көшелердің қиылысындағы MEGA сауда орталығының құрылысын жүргізіп жатыр.

Қазір оқиға орнында қала әкімдігі мен полиция, прокуратура, жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар тұр, алайда наразылық білдіруші өзімен тек құрылыс компаниясының өкілдері келіссөз өткізіп жатқанын айтқан.

Қазақстанда кейбір азаматтардың өз құқын қорғау үшін құрылыс кранына шығып наразылық танытуы бұған дейін де болған.

Қызылорда облысында Ан-2 ұшағы құлады

Ан-2 ұшағы. Көрнекі сурет.
15 шілде күні Қызылорда облысында күріш алқабына химиялық дәрі шашып жүрген Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады деп хабарлады «Новости-Казахстан» агенттігі.

Төтенше оқиға жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат сегіз кезінде Шиелі ауданында болған. «Астана Флоен Спур» компаниясының иелігіндегі ұшақтың экипажындағы екі адам да зардап шекпеген деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар қызметі.

Бұған дейін, маусымның 28-і күні Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентіне жақын маңда химиялық жұмыстар атқарып жүрген Ан-2 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ол жолы ұшақ командирі қаза тауып, екінші ұшқыш ауыр жараланған.

Қазақстанда 2012 жылғы желтоқсан айынан бері бірнеше ұшақ апатынан жиыны 50 адам мерт болған.

Әблязовтың әйеліне қатысты Италия министрі айыпталды

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны Қазақстанға депортациялау туралы шешімі үшін Италияда ішкі істер министрі, экс-премьер Сильвио Берлусконидің жақтасы Анджелино Альфаноның отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы бүгін Ұлыбританияның Тhe Times басылымы хабарлады.

Италия премьер-министрі Энрико Летта шілденің 12-cі күні Алма Шалабаева мен оның қызы Алуаны Қазақстанға депортациялау шешімінің күшін жоятындығын айтқан.

Осыдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі 14 шілде күні мәлімдеме жасап, Алма Шалабаева мен оның қызын депортациялау туралы шешім «Италияның ішкі мәселесі» екенін айтқан. Қазақстан билігі қазір Алматы қаласында әке-шешесімен бірге тұрып жатқан Алма Шалабаевадан «күйеуі Мұхтар Әблязовтың туысқандарына заңсыз берілген қазақстандық төлқұжаттар туралы жеке істің фигуранты ретінде тергеу аяқталғанша елден кетіп қалмауын қамтамасыз ету мақсатында тілхат алынғанын» хабарлады.

Бұған дейін Қазақстан бас прокуратурасы Алма Шалабаеваның Италияда «Оңтүстік Африка республикасының жалған төлқұжатымен жүргені анықталғаны» туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Қуғындағы қазақ оппозициялық саясаткері, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева 5 жасар қызы Алуамен бірге Италияда мамырдың 28-і күні ұсталып, үш күннен соң Қазақстанға депортацияланған еді.

Қазақстан 410 тонна меланжды Ресейге жөнелтті

Жақын қашықтыққа зымыран ұшыратын әскери қондырғы. Көрнекі сурет.
Қазақстан зымыран отынының құрамдас бөлігі ретінде пайдаланылатын 410 тонна меланжды (концентрацияланған азот қышқылы мен амил араласқан тотықтырғышты) Ресейге жөнелту жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы бүгін қорғаныс министрлігі жанындағы қару-жарақтардың қысқартылуын бақылау орталығының бастығы Амангелді Әубәкіров мәлімдеді деп хабарлады Қазақпарат.

Әубәкіровтың айтуынша, өте улы және қауіпті сұйық заттың ұзақ уақыт тұрып қалуы тұрғындар мен табиғатқа қатер төндірген.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің қауіпті затты аймақтан әкетуге жәрдем сұраған өтінішін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қанағаттандырған.

Жобаның негізгі бөлігі Қазақстанның есебінен қаржыландырылған, ал бір бөлігіне донор ел ретінде Испания ақша берген.

СССР кезінде орташа және жақын қашықтықтағы зымырандар мен зымыран кешендеріне пайдаланылатын меланж отынының үлкен қоры Совет одағы тараған соң бұрынғы одақтас елдердің аумағында қалып қойған.

Қазақстан бұл отын қорын Алматы облысындағы Сарыөзек кентіне жақын жерде қорғаныс министрлігінің арнайы қоймасында сақтап келген.

Обама нәсіларалық дау бойынша сабырға шақырды

Джордж Циммерман ақталып, сот залынан шығып барады. Флорида. 13 шілде 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама қарусыз қара нәсілді жасөспірімнің өлімі бойынша сотталған адам ақталған соң азаматтарды сабырға шақырды. Бұл үкім елде наразылық тудырып, митингілер ұйымдастырылған еді.

Сенбіде айыпталушы Джордж Циммерман ақталған болатын. Ол 2012 жылы Флоридада 17 жастағы Трейвон Мартинді атып өлтірген.

АҚШ президентінің жазбаша үндеуінде "Мартиннің өлімі тұтас Америка үшін трагедия болғаны" айтылған. Обама сот үкімі шығып қойған соң америкалықтарды өткен іс туралы "байыппен ойлануға" шақырды.

Сот процесі қара нәсілді америкалықтарға қатысты әділдік мәселесінде сауалдар туындатқан. Джордж Циммерман Трейвон Мартинді саналы түрде атқанын айтқан. Оны жақтаушылар "Циммерман өзін-өзі қорғады" дейді.

Мәскеуде 15 шілде - жол апатына байланысты қаралы күн

Мәскеу маңындағы автобус апаты. 13 шілде 2013 жыл.
Подольск қаласына жақын жердегі ірі жол апатынан соң Мәскеуде дүйсенбі, 15 шілде қаралы күн болып жарияланды.

13 шілдеде Мәскеу түбіндегі Подольск қаласына жақын жерде 41 адам мінген автобусты қиыршық тас тиеген жүк көлігі қағып кетті. Апат салдарынан 18 адам қаза тауып, 40-тан астан адам жарақат алды.

Қазір ауруханада 30-дан аса зардап шеккен адамның жатқаны хабарланды. Олардың 16-сының жағдайы ауыр.

Бүгін қаза тапқандар анықталып жатыр. Марқұмдардың 14-інің кім екені әлі анықталған жоқ.

Қазақстан СІМ: Шалабаеваның депортациясы - Италияның ішкі ісі

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мұхтар Әблязовтың жұбайы мен қызын депортациялаудың күшін жою шешіміне қатысты мәлімдеме жасады.

Италия премьер-министрі 12 шілде күні Алма Шалабаева мен оның қызы Алуаны Қазақстанған депортациялау шешімінің күшін жоятындығын айтқаны белгілі. Осыған қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде бұл мәселе «біздің ойымызша, Италияндық биліктің оларға осы елге келешекте қайта кіруге рұқсат бергені деп саналады» делінген.

Мәлімдемеде депортация туралы шешімнің Италияның «ішкі мәселесі» екендігі айтылған.

Биыл мамырдың соңында қуғындағы қазақ оппозициялық саясаткері, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева 5 жасар қызы Алуамен бірге Италиядан Қазақстанға депортацияланған еді. Алматыға жеткізілген соң полиция Алма Шалабаевадан қаладан ешқайда кетпеу туралы қолхат алған.

Каримова дипломатиялық иммунитетінен айрылды

Гүлнара Каримова.
Өзбекстан ел президентінің қызы Гүлнара Каримованы Франциядағы қозғалмайтын мүлік дауынан кейін дипломатиялық иммунитетінен айырды.

Бұл туралы сенбі күні ВВС хабарлады. Швейцария сыртқы істер министрлігі Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың осы елдегі дипломатиялық қызметі тоқтатылғанын да мәлімдеген.

Каримованың Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы өкілеттігі тоқтатылған.

Швейцария федералды сыртқы істер министрлігі бұдан басқа мәлімет бермеген.

Гүлнара Каримованікі делінген Твиттердегі аккаунтта осыған жауап жазылған. Онда ол өзінің Өзбекстанда қоғамдық істерден босамайтынын, сондықтан Швейцвариядағы дипломатиялық қызмет оған "оншалықты керек емес" екендігі айтылған.

Бұдан алдын "Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримоваға қатысы бар" деп айыпталған TeliaSonera компаниясының басшысы коррупцияға байланысты жұмысынан кеткен болатын.

Швед журналистері TeliaSonera мен Гүлнара Каримованың арасындағы "заңға қайшы байланыстарға" арнап телебағдарлама түсіріп, оны мамырдың 22-сі күні Швецияның SVT ұлттық телеарнасынан көрсеткен еді.

Қырғызстанда Қазақстанға ағатын канал ашылмады

Қазақ-қырғыз жер дауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00
Қырғызстанның Талас облысы Көксай ауылында тұрғындар суы Қазақстанға қарай ағатын «Быстроток» каналын әлі ашпады.

Жұма күні Көксай ауылына қазақстандық ақсақалдар келіп, каналды ашуды өтінген. Бірақ көксайлықтар өз талаптары орындалғанша канал ашылмайтынын айтқан.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне жергілікті белсенді Расул Насирдинов білдіргендей, жергілікті тұрғындар шекараны бұрынғыдай Талас өзені бойымен бөлуді қалайды және өздері қырғыз жағына кіріп тұр деп есептейтін 13 шақырымдық жерді қайтарып алуды талап еткен.

«Быстроток» каналының суы 7 шілдеде бөгелді.

Жергілікті тұрғындар соңғы кездері Қырғызстан билігінен Қазақстанға өтіп кетті делінген 4,5 мың га жерді қайтаруды талап етіп келеді. Вице-премьер Токон Мамытов олармен кездесіп, мұндай жер бөлінісі 2001-2008 жылдары екі ел парламенттері тарапынан қуатталғанын айтқан.

Қытайда шеруден соң уран зауытынан бас тартты

Уран рудасы. Көрнекі сурет.
Қытай билігі жүздеген адам наразылық білдіріп, шеру өткізгеннен кейін уран өңдеу зауытын салу жоспарынан бас тартты.

Бұл туралы сенбі күні ел оңтүстігіндегі Хешан қаласы әкімшілігінің ресми сайтында жарияланды.

Онда жергілікті биліктің «халық тілегіне құлақ аса келе» Қытай ұлттық ядролық корпорациясының жобасын қолдамайтындығы айтылған.

Жұма күні жүздеген адам қала көшелеріне шығып, уран өңдеу зауытын салуға қарсылық акциясын өткізген еді. Уранды конверсиялау және байытуды қоса қамтитын бұл жобаның құны 6 млрд доллар деп хабарланған.

Қытайда 30 жылдан бергі өндіріс салдарынан ластану деңгейі өсіп, соңғы кездері экология мәселесін көтерген шерулер мен шаралар жиілей түсті.

Италия Әблязовтың әйелін депортациялау шешімінің күшін жояды

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Италия үкіметі Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны депортациялау туралы ордердің күшін жоятынын мәлімдеді. Бұл туралы Италия премьер-министрі Энрико Летта 12 шілдеде хабарлады. Летта «әу бастан әдеттен тыс жағдайдың толық эпизодтарын үкіметке хабарламау айтарлықтай қателік болды» дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов шілденің 13-інде Азаттық тілшісіне Италия үкіметінің шешімі туралы әзірге түсінік бере алмайтынын, мәселенің анықталып жатқанын хабарлады.

Биыл мамырдың соңында қуғындағы қазақ оппозициялық саясаткері, банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева кәмелетке толмаған қызы Алуамен бірге Италиядан Қазақстанға депортацияланған еді. Алматыға жеткізілген соң полиция Алма Шалабаевадан қаладан ешқайда кетпеу туралы қолхат алған.

Қазақстанның бас прокуратурасы Алма Шалабаеваның Италияда «Оңтүстік Африка республикасының жалған төлқұжатымен жүргені анықталғаны» туралы мәлімдеме жасаған. Сонымен бірге прокуратура бұған дейін Қазақстанда Алма Шалабаева мен қызына Қазақстан азаматтығы туралы құжатты заңсыз жасау фактісі анықталып, Алма Шалабаеваның ол іске қатысы бар-жоғы анықталып жатқанын хабарлаған.

Обама мен Путин Сноуден жайлы талқылады

Эдвард Сноуден транзит аумағында отырған "Шереметьево" әуежайының сыртқы көрінісі.
АҚШ және Ресей президенттері жұма күні телефон арқылы Эдвард Сноуден туралы сөйлесті.

Ақ үй бұл туралы ресми мәлімет таратты. «Екі ел басшылары АҚШ пен Ресей арасындағы екіжақты қатынастың маңыздылығын атап көрсетті. Олар қауіпсіздік және екіжақты мәселелерді, соның ішінде Сноуден мырзаның мәртебесі, Сочидегі қысқы олимпиада ойындары қарсаңындағы терроризммен күрес мәселелерін талқылады» делінген ресми мәлімдемеде.

Бұдан алдын Вашингтон Сноуденнің елге қайтарылуына мүдделілік танытқан болатын.

Вашингтон "Құпия мәліметтерді жария етті" деп айыптаған Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын әшкере қылған еді. Бағдарлама халықаралық деңгейде жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген. АҚШ-та Эдвард Сноуденге барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін "тыңшылық жасады" деген айып тағылып, іс қозғалған.

Гонконгтен Ресейге 23 маусымда келген Эдвард Сноуден содан бері "Шереметьево" әуежайының транзит аумағында отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG