Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мен Қытай 22 құжатқа қол қояды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қытай жетекшісі Си Цзиньпиннің Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 30 миллиард долларға жуық 22 келісім-шартқа қол қойылады. Бұл туралы сенбі күні Астанада өткен брифингте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

– Біз Қазақстанға қажетті мұнай өңдейтін зауыт құрылысы жөнінде уағдаластық. Үлгілі-тәжірибелік шаруашылық құру жоспары бойынша аграрлық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткіздік. Көлік және коммуникациялар саласында келешектегі нысандар құрылысы талқыланды, – деген Назарбаев.

Бұған қоса ол Қазақстан Қытайды аймақтық қауіпсіздікке, экстремизмге, терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес мәселелері бойынша қолдайтынын айтқан. Назарбаев Қазақстан үшін Қытайдың Ляньюньган порты арқылы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі көлік инфрақұрылымына шығу маңызды екенін атап өткен.

Си Цзиньпин Қазақстан президентімен нәтижелі келіссөздер өткізіп, стратегиялық серіктестікті нығайту жөніндегі бірлескен декларацияға бірге қол қойып, алдағы жылдардың бағдарын белгілегенін айтқан.

– Мен өзара тауар айналымының көлемін 2015 жылға қарай бірлескен күш-жігер жұмсау арқылы 40 миллиард долларға дейін ұлғайта алатынымызға сенімдімін, – деген Қытай басшысы.

Си Цзиньпин Қытай Қазақстанмен арадағы трансшекаралық суларды пайдалану жөніндегі келіссөздерді өзара түсіністік негізінде жүргізетінін мәлімдеген.

Назарбаев осы кезге дейін Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы 20 миллиард долларға жеткенін мысалға келтіріп, көрші ел Қазақстан экономикасына инвестиция салудан барлық шетелдердің арасында үшінші орында тұрғанын атап өткен. Астанадағы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысында президент Назарбаев Қазақстан арқылы Еуропа мен Азия арасында телекоммуникациялық арналар үшін ақпарат жеткізудің қысқа әрі тиімді желіні пайдалану мүмкіндігі барын айтып, бұл орайда Қазақстан өзіндегі әлеуетті дата-орталықтарының қызметін ұсынуға әзір екенін жеткізген.

Сонымен бірге сенбі күні Астанада Қытайдың CNPC мұнай компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» арасында Қашаған кен орнының акциясын сатып алу жөнінде келісім-шартқа қол қойылғаны туралы «ҚазМұнайГаз» төрағасы Сауат Мыңбаев хабарлаған. «Барлық процедуралар аяқталған соң қытай жағы 8,33 % акцияның иегері атанады. Келісімнің құны - шамамен 5 миллиард доллар» деген Сауат Мыңбаев.

Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Қытай төрағасы Си Цзиньпин сенбі күні Астанадағы Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Пекиннің Орталық Азияға қатысты саясаты туралы айтқан еді.

Орталық Азияға тұңғыш сапарын 3 қыркүйекте Түркменстаннан бастаған Си Цзиньпин Ресейде өткен «Үлкен жиырмалық» (G-20) саммитінен соң Қазақстанға келіп отыр. Қазақстаннан кейін ол Өзбекстан мен Қырғызстанға барады.

Қытай 2010 жылдан бастап Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесі атанып келеді.

Сутягинскийдің жазасын өзгерткен судья қамалды

Алматы қалалық соты апелляциялық сот алқасының судьясы Күлпәш Өтемісова, 18 қаңтар 2012 жыл.
Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісованың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол жұма күні қамауға алынған. Бұл туралы Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Алматы қаласының кассациялық сот алқасы аппеляциялық сатыда судья Өтемісованың Ресей азаматы Александр Сутягинскийге шығарған қаулысының күшін жойып, наурыз айында шыққан сот үкімін күшінде қалдырған еді. Сондай-ақ судья Өтемісоваға қатысты жеке қаулы шығарған.

Алматы сотының апелляциялық сот алқасының судьясы Күлпәш Өтемісова 12 тамыздағы қаулысымен Александр Сутягинскийдің іс-әрекетін қайта саралап, оған шартты түрде 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сонымен бірге «Сутягинскийдің атыс қаруын және оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны дәлелденбеді» деп тауып, бұл бап бойынша оған тағылған айыпты алып тастаған еді.

28 наурызда Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Сутягинскийді «бизнестегі серігі Михаил Гаркушкинге қастандық ұйымдастырғаны және заңсыз қару сақтағаны үшін айыпты» деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Сутягинский жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болған.

Александр Сутягинский – Омскінің «Титан» компаниялар тобы иелерінің бірі. Ол Қазақстанда үдемелі-индустриалдық жобалар ретінде ашылған екі өндіріс орнының – «Биохим» кәсіпорыны мен SiliciumKazakhstan кремний зауытының жетекшісі болған. Кәсіпкердің әріптестері оның қудалануын Қазақстандағы бизнесін тартып алу әрекеті деп санайды.

Апелляциялық сот алқасының қаулысынан соң түрмеден босап шыққан Сутягинскийдің қазіргі уақытта қайда екендігі беймәлім. Қазақстан өткен айда оған іздеу жариялаған.

Австралиядағы сайлауда оппозиция озды

Австралия премьер-министрі Кевин Радд (оң жақта) парламентте сөйлеп тұр. Канберра, 27 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Сенбі күні Австралияда өткен парламент сайлауында оппозициялық коалиция жеңіске жетті деп хабарлады жергілікті баспасөз құралдары.

Тони Абботт бастаған коалиция өкілдер палатасындағы 150 орынның 90-нан астамын иемденуі мүмкін. Соңғы алты жыл бойы Кевин Раддтың басшылығымен билікте болған Лейбористік партияға енді парламенттен 51 орын ғана тиюі ықтимал.

Елдің қорғаныс министрі Стефен Смит лейбористердің жеңілгенін мойындады.

Кевин Радд биыл маусымда Джулию Гиллардтың орнына премьер-министр болып тағайындалған еді. Джулию Гиллард үкіметінің 2011 жылы енгізген "көмірқышқыл салығы" сайлаушылардың одан сырт айналуына әсер етті. Салықтың бұл түрі климаттың өзгеруіне қарсы күрес шарасы ретінде енгізілген болатын.

Тони Абботт егер Австралияда үкімет басына өзі келсе, ол салықты алып тастауға уәде берген.

Пәкістан ауғандық жеті тәліпті түрмеден босатты

Пәкістанның Пешавар қаласындағы орталық түрменің сыртқы көрінісі. (Көрнекі сурет)
Пәкістан билігі осы елде түрмеде отырған ауғанстандық «Талибан» қозғалысына мүше жеті адамға бостандық берілгені туралы мәлімдеді.

Пәкістан сыртқы істер министрлігі «бұл Ауғанстанда бейбітшілік орнату процесіне септесетін қадам» деп атады.

Тамыз айының соңында Ауғанстан президенті Хамид Қарзай Пәкістанның астанасы Исламабадта бейбіт келісімге келу үшін «Талибан» қозғалысымен байланыс орнату мақсатында келіссөздер өткізген.

Биыл қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Даби қаласында өткен баспасөз мәслихатында Пәкістанның халықаралық істер жөніндегі хатшысы Джалил Жилани ауғанстандық «Талибан» қозғалысына мүше деген айыппен Пәкістанда абақтыда отырғандар түгелдей бостандыққа шығарылады деп мәлімдеген еді.

Былтыр Пәкістан билігі «Талибан» байланыста болған жиырмадан астам адамды түрмеден босатқан.

Қазақстанда киіктер жаппай қырылған

Далада қырылған киіктерді инспекторлар жинап жүр. Батыс Қазақстан облысы, 22 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында үш мыңға жуық киік (ақбөкен) қырылып қалған. Бұл туралы 7 қыркүйек күні Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Теңіз көлінің оңтүстік, батыс және солтүстік жағалауларында 1,5 мыңға жуық киік өлекселері табылған. Қырылған киіктер жазық далада да кездескен.

Қазір қоршаған ортаны қорғау министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне бағынышты қызметтердің мамандары Биоқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты және Қарағанды облыстық мал дәрігерлік қызметімен бірге киіктер қырылған аумақты тексеріп, бұл оқиғаның ауқымын және себептерін анықтап жатқаны хабарланды.

Қызыл кітапқа енген бұл жануарлардың жаппай қырылуына байланысты қоршаған ортаны қорғау министрлігінде шұғыл кеңес өтккен.

Қазақстанда киіктердің қырылуы соңғы жылдары жиі қайталанды. Былтыр мамыр айында Қостанай облысында өліп қалған мыңға тарта киік табылған еді. Кейін Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің жаппай қырылуына пастереллез ауруының қоздырғышы себеп болды деп хабарлаған.

2011 жылы 500-ге жуық, ал 2010 жылы – 12 мыңға жуық киік қырылған кезде де ресми органдар осыған ұқсас «диагноз» қойған еді.

Былтыр сәуір айында мамандар жүргізген санақ мәліметі бойынша, Бетпақдала популяциясында шамамен 110 мың бас киік бар.

Қытай Ұлы Жібек жолын жаңғырту жолдарын ұсынды

Қытай басшысы Си Цзиньпин. 8 қараша 2012 жыл.
Қытай Ұлы Жібек жолын жаңғырту үшін Орталық Азия елдеріне саяси келісімді күшейтуді, бірыңғай жол желісін белсенді дамытуды және сауда байланыстарын нығайту қажеттігін ұсынады. Бұл туралы сенбі күні Астанада Назарбаев университетiнде студенттер алдында сөйлеген Қытай басшысы Си Цзиньпин мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Қытай Орталық Азияның мәселелерінде үстемдік етуге және жаңадан ықпал жасауға ұмтылмайды деп мәлімдеген Си Цзиньпин. Ол Қытайдың бейбіт даму жолын ұстанып, тәуелсіз, дербес және бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін атап өткен.

«Біз бір бірімізге мықты қолдау танытып, адал әрі сенімді дос болуымыз қажет» деген Қытай төрағасы жиынға қатысып отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтқан сөзінде.

«Біз Орталық Азиядағы елдердің ішкі ісіне ешқашан араласпаймыз. Бір бірімізге толық құрметпен қарауға тиіспіз» деген Си Цзиньпин.

Сонымен бірге ол аймақтағы елдерге экономикалық даму стратегиялары жөнінде пікір алмасып, бір пікірге тоғысуды және аймақтық әріптестікті дамытудың бағдарламалары мен шараларын әзірлеуді ұсынған. Қытай жетекшісі Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында бірыңғай жол желісі құрылысын салудың маңыздылығын атаған.

Ұлы Жібек жолының бойында «үш миллиардқа жуық адам тұрып жатқан әлеуеті зор» аймақа сауда-инвестициялық әріптестікті дамыту үшін «кедергілер мен шығындарды азайтудың» жолдарын қарастыру қажет деп есептейді Си Цзиньпин.

Бұған қоса Қытай басшысы Қазақстанға екі ел арасында ұлттық валюталармен төлем жасау туралы ұсыныс айтқан. Бұл орайда ол Қытайдың Ресей және басқа да елдермен мұндай тәжірибесі барын атап өткен.

«Біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, жинаған тәжірибеміз де аз емес. Бұл тәжірибені қолдану аумағын кеңейту қажет деп санаймыз» деген Си Цзиньпин.

Оның айтуынша, өзара есепте ұлттық валюталарға көшу – «қаржы операцияларының шығынын айтарлықтай азайтады және бұл елдердің қаржы тәуекеліне қарсы тұру қабілетін нығайтып, аймақтық экономиканың халықаралық бәсекелестік деңгейін көтермек».

Қытай төрағасы алдағы 10 жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің азаматтарына қытай тарабы 30 мың үкіметтік білім беру стипендияларын беретінін мәлімдеді. Ол Назарбаев университетінің 200 оқытушысы мен студентін келесі жылы Қытайға жазғы лагерьлерге шақырды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапармен жұма күні кешке келген.

Қытай басшысы Қазақстанға келді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин жұма күні кешке Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапарымен келді деп хабарлады Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.

Олар бүгін Астанада шағын және кеңейтілген құрамда екі жақты келіссөздер өткізбек. Қытай және Қазақстан басшылары сыртқы және аймақтық саясат туралы пікір алмасып, келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз өкілдеріне брифинг өткізбек.

Осы жолы Си Цзиньпин Астанадағы Назарбаев университетінде сөз сөйлеп, Пекиннің Орталық Азияға қатысты саясаты туралы мәлімдеме жасайтыны хабарланып отыр. Қытай 2010 жылдан бастап Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесі атанып келеді.

Орталық Азияға тұңғыш сапарын 3 қыркүйекте Түркменстаннан бастаған Си Цзиньпин Ресейде өткен «Үлкен жиырмалық» (G-20) саммитінен соң Қазақстанға келіп отыр. Қазақстаннан кейін ол Өзбекстан мен Қырғызстанға барады.

Биыл наурызда Қытай басшысы болып жаңадан сайланған Си Цзиньпин Орталық Азия елдері мен Қытайдың мұнай-газ, сауда және экономикалық қатынастарын кеңейтумен бірге Ауғанстаннан 2014 жылы халықаралық коалиция күштері шығарылғаннан кейінгі аймақтық қауіпсіздік мәселесін де талқылайды.

Алдағы аптада Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Бұл ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай мен Ресей мүше.

Анар Мешімбаева Қазақстанға экстрадицияланды

Анар Мешімбаеваға іздеу жарияланғаны туралы Қазақстан қаржы полициясының ресми сайтындағы ақпарат.
Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды. Сенбі күні ол ұшақпен Астана әуежайына жеткізілді деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Мешімбаеваны 2013 жылы 6 ақпанда Ресей құқық орындары Қазақстанның сұратуы бойынша Мәскеуде тұтқындағаны хабарланған еді. Оған дейін, 2012 жылы сәуірде парламентте сөйлеген Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель «Анар Мешімбаева Біріккен араб әмірліктері аумағында жасырынып жүр» деп мәлімдеген.

2010 жылы қаңтарда Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) «2009 жылдың ақпан және наурыз айларында жүргізілген халық санағы кезінде бюджет қаржысын жымқырған» деген айып бойынша Мешімбаеваның үстінен іс қозғап, прокуратура оған іздеу жариялаған

Анар Мешімбаева 2009 жылы күзде халық санағына қатысты дау туындаған соң Қазақстанның статистика жөніндегі агенттігінің төрайымы қызметінен отставкаға кеткен болатын.

Прокуратураның ақпараты бойынша, қазір Анар Мешімбаева Астана қаласы ішкі істер департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалған.

Арменияда екі белсенді соққыға жығылды

Азаматтық белсенділер Сурен Сагателян мен Айкак Аршамян.
Арменияда танымал белсенділер Сурен Сагателян мен Айкак Аршамянды белгісіз біреулер соққыға жығып кетті. Ереванда 5 қыркүйек күні кешке жақын үйлерінің маңында шабуылға ұшыраған екі белсенді де ауруханаға түсті.

Сагателян мен Аршамян құқық қорғау қызметімен айналысады, олар үкіметтің атына бірнеше рет сын айтқан.

4 қыркүйекте белсенділер ел президенті Серж Саргсян мәлімдеген, "Арменияның Кеден Одағына кіру жоспары бар" деген шараға қарсылық акциясына қатысқан.

Оппозициялық Армян ұлттық конгресі құқық қорғаушыларға жасалған шабуылды айыптады.

Соңғы екі аптада Ереванда алты белсенді соққыға жығылды. Бірақ шабуылдарға қатысты ешкім тұтқындалған жоқ.

Амур өзенінде су деңгейі 8 метрден асты

Комсомольск қаласы маңындағы су басқан үйлер. Ресй, Қиыр Шығыс аймағы, 3 қыркүйек 2013 жыл
Ресейдің Қиыр Шығысында Амур өзенінің Комсомольск қаласы тұсындағы судың деңгейі үздіксіз көтеріліп келеді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпарат бойынша, соңғы бір күнде су деңгейі 13 сантиметрге көтеріліп, 8 метр 61 сантиметрге жеткен. Егер су деңгейі тағы бір метрге көтерілсе, онда аймақтан 30 мың тұрғынды көшіруге тура келмек. Гидрологтар су деңгейі 9 метрден асады деп болжайды.

Өзен арнасынан шыққан су мұнай өңдеу зауытына да жеткен. Экологиялық қауіп туындамас үшін, зауыттың кейбір нысандары электр желісінен ажыратылған.

300-ден астам тұрғын үйді су алған Комсомольск қаласында азық-түлік тапшылығы шықты. Жергілікті билік қалаға тұтыну тауарларын үздіксіз жеткізіп, азық-түлік бағасын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Египет "Мұсылман бауырларды" таратпақ

Мұхаммед Мурсиді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" қозғалысының өкілдері наразылық танытып тұр. Каир, 30 тамыз 2013 жыл.
Египет үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген исламшыл "Мұсылман бауырлар" қозғалысын таратуға шешім қабылдады деп хабарлады үкіметшіл Al-Akhbar газеті әлеуметтік ынтымақтастық министрлігінің өкілі Хан Маханға сілтеме жасап.

Хан Маханның айтуынша, қозғалысты тарату туралы шешім шығып қойған. Ол туралы келесі аптаның басында баспасөз жиынында жария болмақ.

"Мұсылман бауырлар" қозғалысы наурыз айында үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген еді.

Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк 2011 жылы халық толқулары кезінде биліктен кеткен соң оның орнына "Мұсылман бауырлар" қозғалысы атынан Мұхаммед Мурсиді президент болып сайланған. Шілденің 3-і күні әскерилер оны халықтық толқулар кезінде биліктен алған. Содан бері Мурсиді жақтайтын қозғалыс өкілдері мен полиция арасында қақтығыстар болып, жүздеген адам қаза тапқан.

Ұйым 1928 жылы құрылған. 1954 жылы Египетте оның қызметіне тыйым салынған.

Ауғанстанда үнді жазушысын атып кетті

Сушмита Банержи, Үндістан жазушысы. Наурыз, 2003 жыл
Үндістан жазушысы, өзінің 1990 жылдары "Талибан" қозғалысынан қалай қашып кеткені туралы кітап жазған Сушмита Банержиді Ауғанстанда атып кетті. Полицияның дерегі бойынша, жазушыны Пактика уәлаятындағы үйінің маңында 5 қыркүйекке қараған түні өлтіріп кеткен. Оның денесін медресе маңына тастап кеткен.

49 жастағы жазушының өліміне жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ. BBC-дің хабарлауынша, Саед Камала есімімен де танымал Сушмита Банержи денсаулық сақтау саласында қызмет еткен және ауған әйелдерінің өмірінен деректі фильмдер түсірумен айналысқан.

Жазушы ауғандық бизнесменге тұрмысқа шығып, Ауғанстанға 1989 жылы барған. Оның "Талибан" ұйымынан қашқаны жайлы кітабы Үндістанда бестселлерге айналған. 2003 жылы Болливудта кітап желісімен көркем фильм түсірілген.

Ресейде гейлерді ата-ана құқығынан айыруды ұсынды

Суретші Константин Алтуниннің полицияның гейді ұрып жатқанын бейнелеген картинасы. Санкт-Петербург, 23 тамыз 2013 жыл.
Ресей депутаты Алексей Журавлев мемлекеттік думаға гейлерді ата-аналық құқығынан айыратын заң жобасын ұсынды. Жобада гомосексуализмді нашақорлық пен балаларды жәбірлеу сияқты теріс құбылыстармен теңестіру қарастырылған. Гейлерден балаларын тартып алу шарасы да ұсынылған.

Таяуда ғана Ресейде "кәмелетке толмағандар арасында гомосексуализмді насихаттауға" тыйым салатын заң қабылданған. Құқық қорғаушылар "заң азаматтарды жыныстық белгісіне қарай кемсітеді" деп наразылық танытқан.

Иран: ядролық келіссөзді СІМ жүргізеді

Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 4 қыркүйек 2013 жыл
Иран президенті Хассан Роухани елдің ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздерін жүргізуді сыртқы істер министрлігіне (СІМ) тапсырды. Бұл туралы 5 қыркүйекте Иран президентінің ресми сайты хабарлады.

Келіссөздерді жүргізу жайлы егжей-тегжейлі ешнәрсе айтылмаған. Бірақ Роуханидің жарлығында ендігі келіссөздерге Иранның атынан сыртқы істер министрі Мухаммад Жавад Зариф немесе министрлік өкілі қатысатыны айтылған.

Бұған дейін келіссөздерді жүргізу міндетін Иран ұлттық қауіпсіздігінің жоғарғы кеңесі басшысы атқарып келген еді.

Роуханидің жарлығына қарағанда, енді келіссөздерге үкімет тікелей араласып отырмақ.

Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесімен (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) және Германиямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Батыс елдері Иранды "ядролық қару жасауға әрекеттеніп отыр" деп айыптайды. Тегеран оны жоққа шығарады.

20 ел саммитінде Сирия басты тақырыпқа айналды

"Үлкен жиырмалық" елдерінің саммитіне қатысушы мемлекет басшылары. Санкт-Петербург, 5 қыркүйек 2013 жыл
Санкт-Петербургте өтіп жатқан дамыған және дамушы 20 елдің саммиті (G20) бүгін, 6 қыркүйекте жалғаспақ.

5 қыркүйекте басталып, екі күнге созылатын саммитте негізінен экономикалық мәселелер талқыланады деп жоспарланғанымен, Сирияға әскери операция жасау, я жасамау мәселесі саммиттегі басты тақырыптардың бірі болды.

АҚШ президенті Барак Обама Сирия үкіметін химиялық қару қолданды деп айыптап, ел президенті Башар Асад әскеріне қарсы әскери операция жүргізбек ниетте. Бірақ Ресей ол жоспарға қарсы болып отыр.

Вашингтон "Сирия үкіметінің әскері 21 тамызда Дамаск маңында бейбіт тұрғындарға қарсы улы зарин газын қолданып, одан 1400-ге тарта адам қаза тапты" дейді.

Кейбір хабарларға қарағанда, Обаманың саммитте Путиннің қонақасына кешігіп баруының өзі екі президенттің қарым-қатынасы жақсы емес екенін білдіреді.

Саммитте Қытай, Еуропа Одағы, БРИКС елдері (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) мен Рим Папасы Франциск Сирияға қарсы әскери операция жүргізуге қарсылықтарын білдірді. Қытайдың қаржы вице-министрі "Сирияға шабуыл әлемдік экономикаға кері әсер етеді" деп мәлімдеді. Папа Франциск жиырма ел басшыларының атына жолдаған хатында "әскери операциядан бас тартуға" шақырған.

Еуропа Одағының басшылары Дамаскіде химиялық қару қолданылғанын айыптағанымен, "Сириядағы дағдарыс әскери жолмен шешілмейтінін" мәлімдеді.

Саммитке қатысушылар трансұлттық компаниялардың салық төлеуден жалтаруымен күрес және басқа да мәселелерді талқылады.

Жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып жатыр.

RWB: "Харламовтан барлық айып алынсын"

Александр Харламовтың Өскемен абақтысынан босатылған сәті. 4 қыркүйек 2013 жыл
"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders - RWB) ұйымы қазақстандық журналист, адам құқығын қорғаушы Александр Харламовтың түрмеден босағаны туралы хабарға разылық танытты. Бірақ ұйым Харламовқа тағылған барлық айыптардың алынып тастауын сұрайды.

5 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде "Шекарасыз тілшілер" Харламовтың алты ай бойы кінәсі дәлелденбей абақты мен писхиатриялық емдеу орнында жатқанын сипаттайды.

Мәлімдемеде: “Прокуратура сұратқан қосымша тексеруден соң сот Харламовқа тағылған айыптарды жасанды деп танып, оған өтемақы төлетеді деп үміттенеміз" деп жазылған.

Ұйым белсендіні психиатриялық емдеу мекемесіне жіберу тәсілін Қазақстанда советтік сорақы айлы-шарғыларды қайта жандандыруға теңейді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында тұратын журналист, әрі құқық қорғаушы Александр Харламов «діни араздық қоздырды» деген айыппен биылғы наурыз айынан бері қамауда отырды. Бұрын прокурор соттан Харламовты төрт жылға түрмеге кесуді сұрағанымен, 4 қыркүйекте көп айға созылған процестің соңы көрініп, оның ісі қайта тергеуге жіберілген.

"Эйр Астана" Пәкістанда қондырылған ұшақ жайын айтты

Көрнекі сурет
"Эйр Астана" бірнеше күн бұрын Пәкістанда қонуға мәжбүр болған ұшағы туралы мәлімет жариялады. Компанияның "Интерфакс-Казахстан" агенттігі арқылы таратқан ақпараты бойынша бұған дейін ұшақтың шұғыл түрде қондырылуы туралы қате мәлімет жазылған.

Әуе компаниясының хабарламасында: "3 қыркүйек күні "Эйр Астананың" КЗР936 рейсі бойынша ұшағы Куала Лумпурдан Алматыға әдеттегі бағыты бойынша ұшып келе жатқан. Әуе кемесі пәкістандық биліктің талап етуі бойынша осы елдің территориясы арқылы ұшып өту процедураларының өзгеруіне қатысты мәжбүрлі түрде қонған. "Эйр Астананың" Пәкістанның үстімен ұшуға рұқсаты бар болғандықтан бір сағаттан соң ұшақ Алматыға қарай жолын жалғастырған" деп жазылған.

Сол күні Алматыға жеткен ұшақтың бортында 89 жолаушы сапар шеккен.

Компания жолаушылар әуе кемесін пәкістандық әскери жойғыш ұшақтар күштеп қондырыпты деген хабардың негізсіз екенін айтады.

"Эйр Астана" - 2002 жылы құрылған Қазақстандағы ең ірі жолаушылар таситын әуе компаниясы. Компанияның екі үлескері бар: акцияның 51 пайызы Қазақстан үкіметіне, 49 пайызы ұлыбританиялық BAE Systems компаниясына тиесілі.

Египет ішкі істер министріне қастандық жасалды

Египеттің ішкі істер министрі Мұхаммед Ибрахим.
5 қыркүйекте Египеттің ішкі істер министріне қастандық жасалып, лауазым иесі аман қалды. Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, министр Мұхаммед Ибрахим үкімет үйі орналасқан Наср ауданынан өте бере көлік маңында кенеттен бомба жарылған. Бірақ министр зардап шекпеген.

Жарылған бомбаның көлікке жасырылғаны, я алыстан басқарылғаны әзірге белгісіз.

Ішкі істер министрі полицияға биліктен кетірілген бұрынғы президент Мұхаммед Мурсидің исламшыл жақтастарының наразылығын басып-жаншуға тапсырма берген еді.

Наср - Мурсидің "Мұсылман бауырластар" қозғалысы бекінген аудан.

Мурси биліктен кетірілген 3 шілдеден бері оның жақтастары мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстарда жүздеген адам опат болды.

ЕО: Грекияға тағы қаржылай көмек керек

Еуропа Одағы қаржы министрлері тобының жетекшісі, Нидерландының қаржы министрі Йерун Дейсселблум. 26 наурыз 2013 жыл.
Еуропа Одағы (ЕО) қаржы министрлері тобының жетекшісі, Нидерландының қаржы министрі Йерун Дейсселблум Грекияға тағы қаржылай көмек қажет екенін хабарлады. Оның сөзінше, "Грекиядағы қаржылық дағдарыс 2014 жылға дейін толық шешілмейді".

Грекия 2009 жылдан бері банкрот болуға тақап, ЕО мен Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) бірнеше рет қаржылай көмек алған. ЕО мен ХВҚ бұған дейін Грекияға экономикасын қалпына келтіріп, экономикалық және әлеуметтік реформалар жасауға 316 миллиард АҚШ долларын бөлген.

Алайда 4 қыркүйекте Грекия қаржы министрі Яннис Стурнарас елге келесі жылға қосымша 13 милилард АҚШ доллары қажет екенін айтқан.

Молдова ЕО-мен тығыз байланыс орнатпақ

Николае Тимофти, Молдова президенті
Молдова президенті Николае Тимофти Еуропа Одағымен жақын қарым-қатынас орнатуға тырысатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол сәрсенбіде Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин Молдоваға ЕО-мен ынтымақтасу туралы келісім жасасу жоспарына орай ескерту жасағаннан кейін айтты. Николае Тимофти "молдовалықтар қысым мен қауіп-қатерде өмір сүре алмайды" деді.

Дмитрий Рогозин дүйсенбіде ЕО-мен жақындасу Молдовадан бөлінген Приднестровье аймағының мәселесін шешуді қиындатып жіберетінін айтқан. Ол бұдан өзге Молдова ЕО-мен келісім жасаса, "Ресейдің арзан газынан қағылатынын" да ескерткен.

Мәскеудің қолдауына ие Приднестровье аймағы Молдовадан іс жүзінде 1990 жылдардың басында бөлініп кеткен.

Ресей пост-советтік елдерді, оның ішінде Украинаны ЕО-мен жақын қарым-қатынастан бас тартқызғысы келеді. Осы аптада Армения Кремльдің қысымымен көбіне Ресей үстемдік ететін Кеден Одағына кіретінін жариялаған.

"Атамекен": Кәсіпкер облыс әкімін айыптағанына өкінді

Бөрілі аудандық соты кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевті (оң жақта) қамауда ұстау туралы шешім шығарды. 22 шілде 2013 жыл. (Видеодан скриншот)
Батыс Қазақстандағы кәсіпкер, "салық төлеуден жалтарды" деп айыпталып, қамауда отырған Барлық Меңдіғазиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің атына айтқан айыптарынан бас тартты деп хабарлады "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасы ресми сайтында.

Астанада өткен брифингте "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасы төрағасының бірінші орынбасары Рақым Ошақбаевтың айтуынша, Меңдіғазиев "қызуқандылықпен және үшінші бір адамдардың арандатуымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына негізсіз айып таққанына өкінетінін" айтып, палатаға хат жазған.

"Атамекен" басшысының орынбасарының сөзінше, соттың салық дауына қатысты шешімі күшіне енгендіктен, Меңдіғазиев тиісті салық төлемдерін төлеп тастаған.

"Осы жайттарды ескере келе біз Барлық Меңдіғазиевтің бұдан ары қамауда отыруын негізсіз және ол тергеу абақтысынан дереу босатылады деп санаймыз" дейді Рақым Ошақбаев.

250 жұмысшысы бар "KSS building" кәсіпорнының басшысы Барлық Меңдіғазиевке "ірі көлемде салықтан жалтарды" деген айып тағылған еді. Бұған дейін ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген кәсіпкер шілденің 12-сі күні Алматыға барғаны, яғни Оралдың жанындағы Ақсай қаласы аумағынан шығып кеткені үшін 22 шілдеде Бөрілі аудандық сотының шешімімен қамауға алынған.

Бірақ Барлық Меңдіғазиев өзінің тексеріске түсуіне "облыс әкімімен арада туған жанжал және экология туралы мәлімдемелері әсер еткенін" айтқан. Кәсіпкер шілденің 12-сі күні Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, "өзіне қарсы қозғалып жатқан қылмыстық істің артында Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев тұр" деп мәлімдеген еді. Бірақ әкімдік оның бұл сөздерін жоққа шығарады.

Украинада еврейлер жаңа жылы аталып жатыр

Хасид еврейлері Рош ха-Шана жаңа жылын мерекелеп жатыр. Умань, Украина, 4 қыркүйек 2013 жыл
Әлемнің 15 елінде тұратын 26 мыңға тарта хасид еврейлер Украинаның Умань қаласында иудейлердің дәстүрлі жаңа жылы - Рош ха-Шана мерекесіне жиналды. Сәрсенбіде олар хасид еврейлердің Брацлав қозғалысының негізін салушы Нахманның зиратында құлшылық жасауды бастады.

Құлшылық аспанда алғашқы жұлдыз көрінгенге дейін созылады. Иудей дәстүрі бойынша, бұл кезде жаңа 5774 жыл кіреді. Шара кезіндегі қауіпсіздікті Израильден келген 12 полицей мен украиналық 400-ге тарта құқық қорғау қызметкері қамтамасыз етіп тұр.

Қазақстандық олигарх, бұған дейін Еуразиялық еврей конгресін басқарған Александр Машкеевич, Украина еврей конгресінің басшысы Вадим Рабинович те Умань қаласында жүр.

Рош ха-Шана жаңа жылын Нахман зиратында мерекелеу дәстүрі Совет Одағы құлағаннан кейін жанданған.

Армения: ЕО-мен келісімге келуіміз мүмкін

Армения президенті әкімшілігінің басшысы Виген Саргсян.
Армения президенті әкімшілігінің мәлімдеуінше, Ереван биыл Еуропа Одағымен (ЕО) ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы келіссөздерді бастаудан үмітті.

3 қыркүйекте президент Серж Саргсян Арменияның Ресей, Қазақстан және Беларусь мүше болып отырған Кеден Одағына кірмек ниеті барын мәлімдеген еді. Еуропалық шенеуніктер "Арменияның бұл шешімі Ереванның қарашада ЕО-мен келісімге қол қоюына кедергі келтіреді" деп ескерткен.

Армения президенті әкімшілігінің басшысы Виген Саргсян Азаттыққа берген сұхбатында Армения Кеден Одағына кіргенде ЕО-мен еркін сауда аймағын құруға қажетті шарттарды сақтауға тырысатынын айтты. Ол "бұл шарттар орындалмайтын жағдайда Ереван ЕО-мен диалогты ары қарай жалғастыра беруге дайын екенін" білдірді.

АҚШ сенаты комитеті Сирия туралы қарар қабылдады

АҚШ сенаторы Джон Маккейн журналистердің Сирияға қатысты сауалдарына жауап беріп тұр. Вашингтон, 4 қыркүйек 2013 жыл
АҚШ сенатының халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті Сирияда әскери операция жүргізуді мақұлдайтын қарар қабылдады. Қарарда "әскери операция мақсаттарының бірі - қарсыласушы екі жақ арасындағы күш ара салмағын өзгерту болуы тиіс" екені айтылған. Құжат оған қоса Ақ үйдің сириялық көтерілісшілерге көрсететін әскери және басқа да көмек көлемін ұлғайтуды қарастырады. Он сенатор қарарды қолдап, жеті сенатор қарсы дауыс берген.

3 қыркүйекте дайындалған қарардың алғашқы нұсқасында әскери операция мерзімі 90 күннен аспауы және америкалықтардың Сирияда құрлықтағы соғысқа қатыспайтыны туралы екі шарт қана бар еді. Кейін республикашыл сенатор Джон Маккейн "Сириядағы америкалық әскери операцияның мақсаты көтерілісшілердің Башар Асад режимімен күресіне қолдау көрсету болуы тиіс" деп, қарарға өзгерістер енгізген.

Қарардың соңғы жобасы енді сенатқа түседі.

АҚШ конгресі де Сирияға соғыс ашу туралы қарарды қарап жатыр.

Санкт-Петербургте "Үлкен жиырмалық" саммиті басталады

"Үлкен жиырмалық" елдері басшыларының кездесулерінің бірі өтетін Константиновский сарайының залы. Санкт-Петербург, 26 тамыз 2013 жыл
Санкт-Петербургте дамыған және дамушы 20 елдің (G-20) саммиті басталады. Әлемдік экономиканың 90 пайыз үлесіне ие 20 елдің басшылары саммитте экономикалық өсім, сауда, банк саласының жариялылығы, салық төлеуден жалтару мәселелерін талқылайды.

АҚШ президенті Барак Обама саммиттің күн тәртібіне "химиялық қару қолданғаны үшін" Сирия президенті Башар Асад әскеріне қарсы әскери операция жүргізу мәселесін де қосады деген болжам бар.

АҚШ президенті Барак Обама G-20 саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспейді. Ол Ресей билігінің америкалық барлау қызметі құпияларын жария еткен Эдвард Сноуденге уақытша баспана бергені үшін Мәскеуге барудан да бас тартты.

Барак Обама Ресейде гомосексуализмді "насихаттауға" тыйым салатын заңға байланысты ресейлік құқық қорғаушылармен кездесуді жоспарлап отыр.

Саммит екі күнге созылады.

Тағы

XS
SM
MD
LG