Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Чехиядағы Палестина елшісі жарылыстан өлді

Прага қаласы. Көрнекі сурет
Чехия астанасы Прага қаласында 1 қаңтар күні жарылыстан зардап шеккен Палестина дипломаты қайтыс болды. Жергілікті полиция болған оқиғаны "кездейсоқ болған бақытсыздық" деп сипаттады.

56 жастағы Палестинаның Чехиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы Джамал әл-Джамал 20 жылдан астам уақыт құлыптаулы тұрған сейфті ашпақ болған. Чех полициясы сейфке арнатылған арнайы қауіпсіздік құрылғысы іске қосылып кеткен деп болжайды.

"Сейф елшіліктің көне ғимаратының бір бөлмесінде қараусыз тұрған. 20-25 жыл оған ешкім тимеген" деп мәлімдеді Палестинаның сыртқы істер министрі Рияд Малики AP агенттігіне. Палестиналық ресми өкілдер марқұм елшінің сейфті елшіліктің ескі ғимаратынан жаңа ғимаратына ауыстырмақ болғанын айтады.

Әл-Джамалдың 52 жастағы зайыбы деп сипатталған әйел де жарылыстан соң ауруханаға түскен.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Праганың Сухдол шағынауданындағы үйде болған жарылыстан басқа ешкім зардап шекпеген.

Палестина билігі оқыс оқиғаны тексеріп жатқан Чехия полициясына көмектесу үшін арнайы делегация жіберетінін хабарлады.

БҰҰ мен Израиль палестиналықтардың өкілі ретінде мойындайтын Палестинаны азат ету ұйымы (PLO) Еуропаның бірқатар қаласында дипломат ұстайды. Прагада олардың миссиясы орналасқан. Қаза тапқан Палестина елшісі былтырғы қазан айында қызметке кіріскен болатын.

Прагада жарылыстан Палестина елшісі жараланды

Прага қаласы. Көрнекі сурет
Палестинаның Прагадағы дипломатиялық миссиясының басшысы 1 қаңтар күні үйінде болған жарылыстан жарақаттанып қалды. Бұл туралы жергілікті және халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 56 жастағы Джамал әл-Джамал есімді дипломат Сухдол шағын ауданындағы резиденциясында сейфін ашпақшы болған кезде жарылғыш зат іске қосылып, қол-аяғы жараланған. Жарылыстан одан өзге ешкім зардап шекпеген.

Полиция өкілі AFP агенттігіне дипломаттың қатты жараланып, ауруханаға жеткізілгенін растаған.

"Мен палестиналық дипломаттың үйінде жарылғыш заттың іске қосылғанын ғана растай аламын. Дипломат қатты жараланып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның себептерін тексеріп жатырмыз" деген полиция өкілі Андреа Зоулова.

БҰҰ мен Израиль палестиналықтардың өкілі ретінде мойындайтын Палестинаны азат ету ұйымы (PLO) Еуропаның бірқатар қаласында дипломат ұстайды. Прагада олардың миссиясы орналасқан. Чехиядағы Палестина елшісі былтырғы қазан айында қызметке кіріскен.

Грузия бас прокуроры айыптан соң отставкаға кетті

Грузия бас прокуроры Отар Парцхаладзе.
Грузияның осыдан біраз бұрын тағайындалған бас прокуроры Отар Парцхаладзе бұрын сотталғаны туралы ақпарат тарағаннан соң отставкаға кетті.

Биліктегі "Грузия арманы" партиясының мүшесі Парцхаладзе бас прокурор қызметіне алты апта бұрын ғана тағайындалған еді. Бірақ бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің серіктері Парцхаладзенің 2001 жылы Германияда ұрлық жасап сотталғаны туралы ақпарат таратқан.

Парцхаладзе Германияда неміс полицейіне бағынбай қойғандықтан сотталғанын айтып, "өмірбаянына қатысты сұрақтар туындап жатқандықтан, үкімет атына кір келтірмеу үшін" отставкаға кеткенін мәлімдеген.

Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Парцхаладзенің өтінішін қабылдаған.

"Грузия арманы" партиясының басшылары "Парцхаладзеге қарсы айыптар Саакашвили тұсындағы үкімет өкілдері үстінен жүріп жатқан тергеулерге кедергі келтіру үшін жарияланып отыр" дейді.

Израиль палестиналық 26 тұтқынды босатты

Палестиналықтар Израиль түрмеден босатқан азаматтарын қарсы алып жатыр. Палестина, 29 қазан 2013 жыл.
Израиль АҚШ ұсынған Таяу Шығыста бейбітшілік орнату келісімдерін қолдау мақсатында бүгін палестиналық 26 тұтқынды босатты. Израиль түрмеде отырған 106 палестиналықты төрт кезеңге бөліп, біртіндеп шығарып жатыр.

Тұтқындардың алғашқы екі легі тамыз және қазан айында босатылған. Босатылған тұтқындарға "израильдіктерді өлтірді" деген айып тағылып, 19 және 28 жыл мерзімдерге сотталған.

Палестиналықтардың босатылуы Израильде қарсылықтар тудырды. Израильдіктердің кейбірі тұтқындарды "аса ауыр қылмыстар жасаған террористер" деп санайды.

Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауы, Газа секторы мен Иерусалимнің шығыс бөлігін басып алған 1967 жылғы соғыстан бері мыңдаған палестиналық Израиль түрмелерінде отыр. Олардың көпшілігіне "кісі өлтірді, жарылыстар мен атыстар ұйымдастырды және басқа да шабуылдар жасады" деген айыптар тағылған.

АҚШ пен Ресей олимпиада қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етеді

Волгоградта жарылыс болған маңда жүрген қауіпсіздік қызметінің адамдары. Волгоград, 30 желтоқсан 2013 жыл.
АҚШ Сочи олимпиадасын өткізу кезінде болуы ықтимал қауіп-қатерлер туралы ақпаратын Ресеймен бөліседі. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментіндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

АҚШ ресми өкілдерінің мәлімдеуінше, екі ел билігі Сочиде 2014 жылы ақпанда өтетін қысқы олимпиада ойындарында қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруда ұдайы байланыс орнатып отырмақ.

30 желтоқсан күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі "Біз қысқы олимпиада ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген шаралар атқарамыз" деді.

АҚШ-тың Ресейге олимпиада кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтамақтастық орнату туралы бұған дейін жасаған ұсынысы екі жағдайға байланысты орындалмай келген. Оның алғашқысы - Бостондағы марафон кезіндегі жарылысқа ағайынды этникалық шешендердің қатысы болуы, екіншісі - Ресейдің АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы тыңшысы Эдвард Сноуденге уақытша баспана беруі болған.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің айтуынша, бұл даулы мәселелерге қарамастан АҚШ пен Ресей арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық олимпиада қарсаңында жақсарған.

Ресейде Волгоград қаласында 29 және 30 желтоқсанда екі жарылыс болып, 33 адам қаза тапқан еді. 60-қа жуық адам зардап шеккен. Жарылыстардан соң Ресейде қысқы олимпиада кезіндегі қауіпсіздікке алаңдаушылық туындай бастаған.

Ауыл шаруашылық министрлігінің тағы бір басшысы қамалды

Ауылшаруашылық министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің басшысы Мақсұт Бақтыбаев "аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен тұтқындалды. Қаржы полициясы бұл туралы 30 желтоқсан күні хабарлады. Бақтыбаев 28 желтоқсан күні ұсталған.

Құзырлы орган Мақсұт Бақтыбаевты "Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-зерттеу орталығы" кәсіпорнының басшысынан мемлекеттік сатып алу келісіміне көмектесу үшін 720 мың теңге пара алды" деп айыптайды. Бұдан өзге оған "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген де айып тағылған. Екі айып бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 30 желтоқсан күні сот санкциясымен тұтқынға алынды.

Бұған дейін ауылшаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміраев кәсіпкерден мемлекеттік тендерді ұтып алуына көмектесу үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен қамалған еді. Оның да үстінен "аса ірі көлемде пара алды" деген баппен қылмыстық іс қозғалған.

Бішкек мұражайынан танымал суретші картинасы жоғалды

Иван Айвазовскийдің Швеция аукционында сатылған "Бомарсунд шайқасы" картинасы. (Көрнекі сурет).
Қырғызстанның ұлттық өнер мұражайынан Ресейдің 19-ғасырдағы ең танымал суретшілерінің бірі Иван Айвазовскийдің картинасы ұрланды.

Бішкектегі құқық қорғау органдарының деректері бойынша, "Қырымдағы теңіз көрінісі" деп аталатын картинаның қолды болғаны туралы 27 желтоқсан күні белгілі болған. Мұның алдында мұражайда жаңажылдық корпоратив кеші өткен.

Мұражай директоры Юристанбек Шигаевтің Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, картинаның құны қанша тұратыны белгісіз. Картина 1955 жылдан бері мемлекет меншігінде болған.

Этникалық армян Айвазовский өз кезеңінің ең танымал суретшілерінің бірі болды. 1900 жылы қайтыс болған суретшінің қолынан шыққан алты мыңнан астам өнер туындысы бар.

2012 жылы сәуірде Лондондағы Sotheby's аукционында оның "Константинополь мен Босфор көрінісі" картинасы 5 миллион 200 мың АҚШ долларына сатылған.

Швейцария Ходорковскийге виза берді

Михаил Ходорковский. Берлин, 22 желтоқсан 2013 жыл.
Швейцария ЮКОС компаниясының бұрынғы басшысы Михаил Ходорковскийге виза берді. Бұл туралы Швейцарияның Германиядағы елшілігі 30 желтоқсан күні хабарлады.

Елшіліктің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Ходорковскийге виза үш ай мерзімге берілген. Виза оған Еуропаның Шенген аймағына кіретін мемлекеттері арасында еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Шенген аймағына Швейцария да кіреді.

Ходорковскийдің ұлы Швейцарияда оқиды және онда өзінің де жұмыстары бар.

Михаил Ходорковский Ресей президенті Владимир Путин рақымшылық жасағаннан кейін, 20 желтоқсан күні түрмеден босатылып, Берлинге ұшып барған.

Германия үкіметі оған бір жылға виза берді.

Биыл 50 жасқа толған Михаил Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Жақтастары Ходорковскийге тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.

ҰҚК генералы 13 жылға сотталды

Бүгін Алматыдағы ауданаралық әскери сот ҰҚК "Батыс" шекара әскерінің бұрынғы басқарма бастығы, генерал Әбдіразақ Ілиясовты жемқорлыққа жол берді, қылмыстық топ құрды және өкілетін асыра пайдаланды деген айып бойынша 13 жылға соттады.

Оның қарамағында жұмыс істеген капитан Айдос Ғабдуллин – 11 жылға, аға сержант Абай Есімов – 10 жылға сотталды. Подполковник Думан Елемесов қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес "шын өкінгені" үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Елемесовтен өзге сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Сот-тергеу материалдары бойынша генерал Әбдіразақ Ілиясов қарамағындағы қызметкерлермен бірге қылмыстық топ құрып, Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге баратын шетелдік кәсіпкерлерден шекарадан өту үшін ақша бопсалаған. Прокурордың мәлімдеуінше, «Бейнеу», «Тажен Авто» және «Сырым Авто» атты үш өткізу бекеті арқылы қылмыстық топ шетелдіктерден 100 миллион теңгедей (660 мың АҚШ долларындай) қаржы бопсалап алған.

Генерал Ілиясов, капитан Ғабдуллин және аға сержант Есімов қазір Алматы абақтысында отыр. Подполковник Елемесовке қатысты қолданылып келген үйқамақ шектеу шарасы жойылды. Елемесовтен басқа сотталушылардың адвокаттары шағымданатындарын айтты. Сотқа алқабилер қатысты.

Шыңжаңда полицияға шабуылдан 8 адам оққа ұшты

Қытай полицейі, Шыңжаң провинциясы. Көрнекі сурет.
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында бүгін полиция "террорлық шабуыл" кезінде сегіз адамды атып өлтірді. Reuters агенттігінің жетгілікті билік орындарына сілтеп хабарлауынша, оқиға Шыңжаңның оңтүстігіндегі Қашғар қаласына жақын Яркенд кентінде болған.

Жергілікті билік таратқан ақпаратқа қарағанда, 30 желтоқсан күні таңертең пышақпен қаруланған тоғыз адам Яркенд кентіндегі полиция бекетіне шабуыл жасап, жарылғыш заттар лақтырған және полиция көліктеріне от қойған.

"Полиция дереу қарсы әрекет жасап, сегіз адамды атып тастап, біреуін қолға түсірді. Террористік шабуыл қазір тексеріліп жатыр" делінген ресми ақпаратта.

Осы айдың басында полиция Қашғардағы тәртіпсіздіктер кезінде 14 адамды атып тастаған еді. Ол оқиғадан тағы екі полицей қаза тапқан.

Ал қарашаның ортасында пышақ және балтамен қаруланған топтың полиция бекетіне шабуылы кезінде 11 адам қаза тапқан еді.

Қытай билігі Шыңжаң аймағында болған кейбір шабуылдарды исламшыл қарулы топтардан көреді.

Қытайдың Шыңжаң аймағының байырғы тұрғындары – этникалық ұйғырлар. Ұйғыр өкілдері көптеген жылдар бойы Пекин саясатына қарсылық танытып келеді. Бұл жылы да Пекинде бір инцидент, провинцияда бірнеше қарулы қақтығыстар болды.

"Әл-Жазира": Египет журналистерімізді босатсын

Al-Jazeera телеарнасының белгісі. Көрнекі сурет.
Египет қауіпсіздік күштері "Әл-Жазира" телеарнасына жұмыс істейтін үш журналисті - Питер Грест, Мухаммад Фатми және Мухаммад Фаузиді тұтқындады. Египет ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, журналистер тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" қозғалысының өкілдерімен кездескен" және "елдің ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ақпарат таратқан" деген күдікпен 29 желтоқсанда ұсталған.

Каирдегі қонақүйде тұрып жатқан журналистердің камералары, бейне және аудио жазбалары мен өзге де материалдары тәркіленген.

Питер Грест бұған дейін BBC телекомпаниясында жұмыс істеп, Сомали туралы деректі фильмі үшін 2011 жылы танымал Peabody сыйлығын иеленген.

Катарда орналасқан "Әл-Жазира" телеарнасы журналистерін дереу босатуды талап етті.

Египет билігі мен "Әл-Жазира" телеарнасының арасы шиеленісіп тұр. Телеарнаның бірнеше журналисі қазір Египет түрмелерінде отыр.

Египет билігі өткен аптада әскерилер жазда биліктен тайдырған президент Мұхаммед Мурсиді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" қозғалысын террористік деп танып, қызметіне тыйым салған.

Ресейдегі троллейбус жарылысы құрбандары 14-ке жетті

Волгоградтағы троллейбус жарылған орын. Ресей, 30 желтоқсан 2013 жыл.
Волгоград қаласында бүгін таңертең троллейбуста болған жарылыстан қаза тапқандар саны 14-ке жетіп, жараланғандар саны 30-ға жуықтады.

Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің айтуынша, троллейбустағы жарылысты жанкешті жасаған. Жарылысты жасаған адамның денесі генетикалық сараптамаға жіберілген.

Бүгін таңертең адам қарасы молайған уақытта троллейбуста жарылыс болған еді. Жарылыстың күштілігінен троллейбус түгелдей қирап, айналадағы үйлердің терезелері сынған.

Волгоградта соңғы екі күнде осымен екінші рет жарылыс болып отыр. Кеше, 29 желтоқсанда теміржол вокзалында да жарылыс болып, 17 адам қаза тауып, 40-қа жуық адам жараланған еді.

Волгоградтағы бұл жарылыстардан кейін тұрғындар арасында үрей туды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, полицияға "тағы да жарылыс болады" деген сыңайда ақпарат түсе бастаған. Қала тұрғындары қоғамдық көлікпен жүруден қорқып, жаяу жүруге көшкен. Қаладағы кейбір мекемелер қызметкерлерін өздерінің көліктерімен тасымалдай бастады. Қала басшылығы тұрғындарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырды.

Волгоград облысында 30 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін қаралы күн жарияланып, барлық жаңа жылға арналған мерекелік шаралар өтпейтін болды.

Шумахер ауыр халде жатыр

"Формула-1" жарысының жеті мәрте чемпионы Михаэль Шумахер.
"Формула-1" жарысынан әлемнің жеті мәрте чемпионы, 43 жастағы Михаэль Шумахер ауыр халде ауруханада жатыр. Францияда тау шаңғысы шипажайында басынан алған жарақатынан кейін ол осындай жағдайға душар болған.

Гренобль қаласы ауруханасының хабарлауынша, Шумахерге жедел түрде нейрохирургиялық операция жасау қажет.

Михаэль Шумахер Марибель курортында шаңғымен сырғанап жүріп басын тасқа соғып алған. Құлаған кезде басында қорғаныш шлемі болған.

2012 жылы спорттан кеткен Шумахер жеті чемпиондық атағынан өзге 91 жарыста жеңіске жеткен. Ол жарысқа негізінен Benetton Ferrari көліктерімен қатысқан.

СІМ: Ресейдегі жарылыста қазақстандықтар зардап шеккен жоқ

Волгоград қаласының теміржол вокзалының жарылыстан кейінгі көрінісі. 29 желтоқсан 2013 жыл.
Ресейдің Волгоград қаласында 29 желтоқсан күні теміржол вокзалында болған жарылыстан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Волгоград қаласында теміржол вокзалында болған жарылыстан соңғы мәлімет бойынша 16 адам қаза тауып, 40 -тан астам адам жараланған. Жарылыстан бір - Тәжікстан, бір Армения азаматы зардап шеккен деген ақпарат тарады. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, жарылғыш құрылғы вокзалға кіреберісте тұрған металл іздейтін құралдың жанында жарылған.

Ресейдің антитеррорлық комитеті "жарылысты жанкешті әйел жасаған болуы мүмкін" деп хабарлаған. Бірақ тергеу орындары жарылысты ер адам жасаған деп болжайды. Әзірге жарылысты ешкім мойнына алған жоқ.

БҰҰ Волгоградтағы жарылысты айыптап, мәлімдеме таратты.

CPJ: 2013 жылы әлемде 70 журналист қаза тапты

Committee to Protect Journalists веб-сайтынан скрин-шот. Көрнекі сурет.
Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" ұйымының (Committee to Protect journalists) 2013 жылдың қорытындысы туралы есебінде "биыл әлемде кемінде 70 журналист қаза тапқаны" айтылған.

Журналист ең көп қаза тапқан алғашқы үш ел - Сирия, Ирак және Египет. Ұйым дерегінше, Сирияда биыл 29 журналист мерт болған. Иракта - 10 журналист, Египетте 6 журналист қаза тапқан.

Ұйым директорының орынбасары Роберт Махони: "Таяу Шығыс журналистер құрбан болатын майданға айналды. Сириядағы соғыс пен Ирактағы дінаралық шиеленістің қайта күшеюі журналистер қазасын көбейтті" дейді.

Махони қарулы топтарды ақпарат құралдары қызметкерлерінің азаматтық құқықтарын құрметтеуге, халықаралық қауымдастық пен үкіметтерді журналистерді өлтіргендерге қысымды күшейтуге шақырды.

Украина оппозициясы: "Демонстрация тоқтамайды"

"УДАР" оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко демонстранттар алдында сөйлеп тұр. Киев, 29 желтоқсан 2013 жыл.
Украина оппозициясының жетекшілері халықты жаңа жыл мерекесінен кейін жаппай демонстрациялар мен наразылық акцияларына шығуға шақырды. Оппозиция жетекшілері бұл туралы мәлімдемені 29 желтоқсан, жексенбі күні Киевтегі Тәуелсіздік алаңында болған үкіметке қарсы шерулерде жасады.

"УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко биліктің "Еуромайдан" акциясы біртіндеп өздігінен тарайды деп үміттенгенін айтып, шерушілерді демонстрацияларды тоқтатпауға үндеді.

Түрлі ақпарат құралдары жексенбідегі наразылық акцияларына ондаған мың адам қатысты деп хабарлағанымен, жиылған халықтың саны бұған дейінгі шерулерден аз болды.

Киевте Украинаның Еуропамен интеграциясын қолдаған наразылық акцияларының басталғанына бір айға жуықтап қалды. Демонстранттар биліктің Еуропа Одағымен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартуына наразылық білдіріп, елде мерзімінен бұрын президент және парламент сайлауын өткізуді талап етеді.

Ресейде жарылыстан соң қауіпсіздік шаралары күшейді

Жарылыстан кейінгі теміржол вокзалының маңы. Волгоград, 29 желтоқсан 2013 жыл.
Волгоградта 29 желтоқсан күні болған жарылыстан кейін Ресейде теміржол және автокөлік вокзалдарында, әуежайлар мен басқа қоғамдық орындарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Волгоград қаласында теміржол вокзалында болған жарылыстан 16 адам қаза тауып, 40 -тан астам адам жараланды. Құқық қорғау орындарының мәліметі бойынша, жарылғыш құрылғы вокзалға кіреберісте тұрған металл іздейтін құралдың жанында жарылған.

Ресейдің антитеррорлық комитеті "жарылысты жанкешті әйел жасаған болуы мүмкін" деп хабарлаған. Бірақ тергеу орындары жарылысты ер адам жасаған деп болжайды. Әзірге жарылысты ешкім мойнына алған жоқ.

БҰҰ Волгоградтағы жарылысты айыптап, мәлімдеме таратты.

Алматыда мейрамхана өртенді

Өрт сөндіру көлігі. Көрнекі сурет.
Алматының Жетісу ауданында мейрамхана, кафе, сауна және бильяр залы бар "Трезор" деп аталатын кешенде үлкен өрт болды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт мейрамхананың шатырында 29 желтоқсан күні кешкі сағат алты жарымдар шамасында тұтанып, көршілес тұрған жекеменшік жер үйдің шатырын да шарпыған. 62 адам мен 16 көлік жұмылдырылған өрт 30 желтоқсанға қараған түні сағат үш кезінде сөндірілген.

Өрттің аумағы 650 шаршы метр болған.

"Академик Шокальскийге" көмекке мұзжарғыш аттанды

Антарктида. Көрнекі сурет.
Ресейдің Антарктидада мұз құрсауында қалып қойған "Академик Шокальский" зерттеу кемесінің экипажы мен жолаушыларына көмекке Австралияның Aurora Australis мұзжарғыш кемесі аттанды. "Академик Шокальский" кемесі мұз құрсауына 24 желтоқсанда тап болған. Бұған дейін кемені құтқаруға жасалған екі әрекет те сәтсіз аяқталған.

Ресей кемесінің бортында 22 экипаж мүшесі мен 52 жолаушы - ғалымдар мен туристер бар. Олардың көпшілігі - Австралия азаматтары.

"Академик Шокальский" австралиялық зерттеуші Дуглас Моусонның осыдан тура 100 жыл бұрын жасаған сапарын қайталамақ болған.

Мәскеуде Pussy Riot жайлы фильмді көрсетуге тыйым салды

Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова баспасөз мәслихатында отыр.
Мәскеудегі Гоголь орталығында бүгінге жоспарланған Pussy Riot туралы фильм көрсетілімі және осы панк-топтың жақында түрмеден шыққан мүшелерімен кездесу өтпейтін болды.

Гоголь орталығының сайтында Pussy Riot мүшелері Мария Алёхина және Надежда Толоконникова қатысады деп жоспарланған кездесуді өткізбеу туралы бұйрықты Мәскеу мәдениет департаменті бергені айтылған.

Гоголь орталығының көркем жетекшісі Кирилл Серебренников Facebook әлеуметтік желісінде мәдениет департаменті бастығы Сергей Капковтың хатын жариялапты. «Қоғамды арандатуға негізделген іс-әрекеті әртүрлі реакция туғызатын адамдардың атымен мемлекеттік мекеме үндесіп кетпеуі тиіс екенін терең сезінемін» деп жазған Капков.

Надежда Толоконникова ресейлік режиссер Максим Поздоровкиннің «Показательный процесс: История Pussy Riot» атты фильмін көрсетуге тыйым салуды «биліктің тиімсіз іс-әрекеті» деп бағалады. Толоконникова бұл фильмді көрерменге жеткізуге талпынатындарын айтты.

Pussy Riot тобының үш мүшесі – Надежда Толоконникова, Мария Алехина мен Екатерина Самуцевич 2012 жылғы тамыз айында діни жеккөрушілік негізінде бұзақылық жасады деген айыппен 2 жылға сотталған. Олар "Құдай, Путинді құрта гөр" атты дұға-әнге клип түсірмек болып Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында ән айтып, би билеген еді. Кейін Самуцевичтің жазасы шартты болып өзгертілген.

Надежда Толоконникова мен Мария Алехина Ресейде жарияланған рақымшылықпен 23 желтоқсанда түрмеден бостандыққа шықты.

Бейрутте қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бейрутте автокөлікте жарылыс болды. 27 желтоқсан 2013 жыл.
Ливан астанасында белгілі саясаткер Мұхаммед Шаттахты жерлеуге байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Шаттах жұма күні Бейрутте автокөлік жарылысынан опат болған.

Соңғы деректер бойынша, жарылыс салдарынан 7 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам зардап шеккен.

Әзірге шабуылды ешкім мойнына алған жоқ. 2005 жылы қастандық құрбаны болған экс-премьер Рафик Хариридің ұлы Саад Харири бұл жарылысқа қатысы бар деп «Хезболла» радикалдық шитттер тобын айыптады. «Хезболла» басшылары бұндай айыптауды жоққа шығарды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен АҚШ Бейруттегі шабуылды айыптады.

Ливанның бұрынғы қаржы министрі және АҚШ-тағы елшісі болған Мұхаммед Шаттах Сирия президенті Башар Асад режимі мен оның одақтасы – Ливандағы «Хезболла» радикалдық шитттер ұйымын бірнеше рет сынаған еді. Сирия билігі Бейруттегі шабуылға өзінің қатысы жоғын мәлімдеді.

Волгоградта жарылыстан бірнеше адам мерт болды

Жарылыс болған Волгоград темір жол вокзалының ғимараты. Ресей, 29 желтоқсан 2013 жыл.
Ресейдің Волгоград облысы үкіметі келтірген алдын ала мәліметтер бойынша, бүгін Волгоград қаласында темір жол вокзалында болған жарылыс салдарынан 18 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккен.

Бұған дейін Ресей ішкі істер министрлігінің ақпаратында жарылыстан 13 адам мерт болып, бірнеше адам жараланғаны туралы айтылған еді. Ұлттық антитеррорлық комитет жарылысты жанкешті әйел жасаған болуы мүмкін деп хабарлады.

Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин Волгоград темір жол вокзалындағы жарылысқа байланысты «террорлық акт» және «заңсыз қару мен оқ-дәрі айналымы» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«РИА Новости» агенттігі жарылыс ғимараттың бірінші қабатындағы турникет пен вокзалға кіретін есік арасында болған деген ақпарат таратты. «Интерфакс» жарылғыш зат вокзалға кіре берісте тұрған метал іздейтін құралдың жанында іске қосылған деп хабарлады.

Волгоград вокзалындағы жарылыс туралы видео:

БҰҰ: Сирия химиялық қаруды жоюда кешігеді

БҰҰ-ның химиялық қару жөніндегі сарапшылары Сирияда.
БҰҰ сарапшылары Сириядағы химиялық қарудың ең қауіпті бөлігін халықаралық келісімге сәйкес жыл соңына дейін елден алып шығуға ресми Дамаскінің үлгеруі екіталай деп санайды.

БҰҰ мен Халықаралық химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның мәлімдемелерінде Сириядағы улы қаруды жою жолында «елеулі прогреске» қол жеткені, бірақ белгіленген мерзімге сәйкес болуы үшін Башар Асад үкіметіне үлкен күш-жігер қажет болатыны айтылған. Сонымен бірге сарапшылар қарулы жанжал жалғасып жатқан елде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етудің қиынға соғатынын мойындайды.

Биыл Ресей мен АҚШ-тың қатысуымен жасалған жоспарға сәйкес, Сирия үкіметі алдағы жылдың ортасына дейін химиялық қарудан толық арылуға келісім берген еді. Жоспардың қалай жүзеге асатынын халықаралық бақылаушылар қадағалайды.

Израильге Ливаннан қос зымыран атқан

Зымыран түскен жер. Израиль, Нагария. 22 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүгін Ливан аумағынан Израильге екі зымыран атылғаны туралы ақпарат тарады. Бұған жауап ретінде Израиль жағы зымыран шыққан тұсқа қарай зеңбіректерден атқылаған.

Израиль әскерилерінің хабарлауынша, Ливаннан атылған қос зымыраннан ешкім зардап шекпеген, ғимараттар бүлінбеген.

Өткен айда Ливан армиясы мергені атқан оқтан израиль сарбазы қаза тапқан соң екі елдің шекарасындағы жағдай шиеленісіп кеткен еді. Ол жолы БҰҰ бітімгершілік күштері басшылығы екі тарапты да сабыр сақтауға шақырған деп жазады Reuters.

2006 жылы Израиль мен ливандық «Хезболла» шииттер тобы арасында бір айдан астам уақытқа жалғасқан қарулы жанжалдан кейін, екі елдің шекарасында жағдай негізінен бірқалыпты еді.

Британ жағалауы маңында паромда өрт болған

Солтүстік теңіз. (Көрнекі сурет)
Солтүстік теңізде өрт шыққан MS King Seaways паромынан екі жолаушы мен экипаждың төрт мүшесі әскери тікұшақтардың көмегімен Ұлыбритания жағалуына жеткізілген. Оларға паромдағы өрт салдарынан иіс тиіп қалған.

Сенбіде түнге қарай өрт шыққан паромда барлығы 946 жолаушы мен команда мүшелерінен 127 адам болған. Жалын он бес минуттан соң сөндірілген. Экипаж осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жолаушылардың бірін ұстаған.

Паромның каюталар орналасқан бөлігіндегі бұл өрт қасақана жасалған іс-әрекет пе, жоқ әлде оған басқа нәрсе себеп болды ма – ол жағы әзірге белгісіз деген полиция өкілі Эндрю Диксон.

MS King Seaways паромы Ұлыбритания мен Нидерланды арасында қатынайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG