Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәскеуде Путин саясатына қарсы пикет өтті

Көрнекі сурет.

Бүгін Мәскеудегі «Новослободская» метро бекеті жанында Ресейдің Украинаға басқыншылық саясатына қарсы өткізілген пикетке жиырмаға жуық адам қатысты. Жергілікті биліктің рұқсатымен өткен акцияны «Солидарность» қозғалысы ұйымдастырған.

Бір жарым сағатқа жалғасқан пикет барысында ары-бері өтіп жатқан адамдардың кейбірі акцияға қатысушылар ұстап тұрған жазуларды жұлып алмақ болды, оларды жанжалдасып, төбелесуге арандату әрекеттерін жасады деп жазды Facebook әлеуметтік желісінде «Солидарность» белсендісі Елена Глушко.

Бұған дейін, 21 қыркүйекте Мәскеуде Украинадағы соғысқа қарсы «Бейбітшілік шеруіне» шыққандар Пушкин алаңынан академик Сахаров даңғылына дейін жүріп өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сол жолғы акцияға елу мыңнан жүз мыңға дейін адам қатысқан. Полиция ол жолғы маршқа бес мың адам қатысқан дейді.

Брэнсон: Ғарыш туризмі жобасы жалғасады

Ричард Брэнсон (оң жақта) және Арнольд Шварценеггер SpaceShipTwo ғарыш кемесін таныстыру шарасы кезінде. (Көрнекі сурет)

АҚШ-та коммерциялық ғарыш туризмі саласын дамытуды көздейтін Virgin Galactic компаниясының басшысы миллиардер Ричард Брэнсон Калифорния штатындағы қайғылы апатқа қарамастан, жоба жалғаса беретінін мәлімдеді.

Бренсон жұма күні сынақ кезіндегі ғарыш кемесінің апаты өзіне төбеден жай түскендей әсер еткенін айтты. «Бірақ, біз қашанда білетініміздей, жұлдыздарға жол әрқашан өте қиын болады» деді ол.

Virgin Galactic компаниясы ғарышқа алғашқы коммерциялық туристерді 2015 жылы ұшыруды жоспарлаған еді. Жекеменшік ғарыш кемесі бортына алты жолаушыға дейін сиятындай етіп жасалған. Бір билетінің құны 200 мың доллар деп жарияланған ғарыш сапарына баруға ниет білдіріп, алдын ала жазылып қойғандардың саны қазірдің өзінде 500 адамнан асқан.

Жұма күні Калифорния штатының оңтүстігіндегі Мохаве даласында көп рет пайдалануға арналған SpaceShipTwo жеке меншік ғарыш кемесі әуеге көтеріле бергенде жарылып, салдарынан ұшқыштардың бірі мерт болып, екіншісі жараланған еді. Virgin Galactic компаниясы апат себебін анықтау үшін билік орындарына қажетті барлық мәліметтерді беруге дайын екенін мәлімдеген.

Мәскеуде ресейлік санкцияларға қарсы акция өтті

Мәскеудегі жабылған McDonald's терезесінен қарама-қарсы беттегі Кремль сұлбасы көрінеді. 21 тамыз 2014 жыл.

Бүгін Мәскеуде ондаған адам Ресей үкіметінің шетелдік жекелеген азық-түлік өнімдерін елге әкелуге тыйыс салған шешіміне наразылық акциясын өткізді.

Билік орындары «техникалық себептерге» байланысты жауып тастаған Пушкин алаңына жақын маңындағы McDonald's дәмханасының алдында жұрт кезекке тұрды. Оқиға куәгерлерінің Twitter арқылы хабарлауынша, кезек пайда болысымен ол жерге полицияның көлігі келген. Полицейлер ол жерде шара өткізуге жергілікті биліктің рұқсаты жоқ болғандықтан жұртты «жүргіншілердің жолына бөгет болмай» тарауға шақырған соң жиналғандар қабырғаға арқаларын тіреп тұруға көшкен. Ақыры полиция оқиғаға араласпай, сырттай бақылап тұрған.

Тамыз айында Ресей билігі Украинаның шығысындағы оқиғаларға байланысты кейбір ресейлік шенеуніктер, кәсіпорындар мен банктерге батыс елдері салған санцияларға жауап ретінде Еуропа Одағы мен АҚШ-тан кейбір азық-түлік өнімдерін әкелуге шектеу енгізген. Одан соң Роспотребнадзор мекемесі америкалық McDonald's мейрамханаларын тексеруді бастап, ел аумағында олардың оннан астамын бір мезгілде уақытша жауып тастаған. Роспотребнадзор мекемесі оларда «санитарлық талаптар орындалмағанын», тексерулердің барлығы «жоспарға сәйкес» жүргізілгенін айтып, мұндай ешқандай саясат жоқ деп мәлімдеген еді.

ЕО мен Украинаның ассоциация келісімі ішінара күшіне енді

Украина мен Еуропа Одағының тулары. (Көрнекі сурет)

Қарашаның 1-інен бастап Украина мен Еуропа Одағы арасында жасалған ассоциация келісімі ішінара күшіне енді. Осы күнге байланысты Украина президенті Пётр Порошенко Twitter әлеуметтік желісі арқылы отандастарын құттықтады.

Бұдан бір күн бұрын таратылған президент Порошенко мен Еуропа одағының және Еурокомиссия жетекшілерінің бірлескен мәлімдемесінде әзірше ассоциация туралы келісімнің құқық басымдылығы, қылмыс пен коррупцияға қарсы күрес сияқты маңызды салаларда қолданыс табатыны айтылған.

Екі тарап еркін сауда аймағын құру туралы бөлігін бір жылға кейінге – 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдыруға келіскен болатын. Бұған қоса Еуроодақ украиналық тауарларға преференция режимін тағы бір жылға созған.

Еуропа Одағымен ассоциация жайлы келісімді Украина Жоғарғы Радасы 16 қыркүйекте бекіткен.

Былтыр күзде Украинаның бұрынғы билігінен Еуропа Одағымен ассоциация және еркін сауда аймағы туралы келісімін бекітуді талап етуден басталған билікке қарсы жаппай наразылықтардың соңы елде жоғарғы биліктің ауысына алып келген еді.

Буркина-Фасо елінде билікке талас күшейді

Burkina Faso -- Burkina Faso's President Blaise Compaore waits prior to meeting relatives and acquaintances of the victims of the Air Algerie crash at the Presidential Palace in Ouagadougou, July 26, 2014

Африкадағы Буркина-Фасо елін 27 жыл билеген президент Блэз Компаоре отставкаға кетісімен әскери басшылық арасында алауыздық туды.

Компаоре қызметінен кеткен соң президенттік гвардия басшылығындағы екінші адам – подполковник Исаак Зида мемлекет жетекшісі қызметін атқару міндетін өзіне алатыны туралы мәлімдеді. Оның алдында ғана Буркина-Фасо армиясының қолбасшысы генерал Оноре Траоре халыққа үндеу жасап, өзін уақытша президентпін деп айтқан еді.

Подполковник Зиданы қолдайтын әскери қызметкерлер ел астанасы Уагадугу қаласына кіреберіс жолдарға тосқауыл бекеттерін орнатқаны туралы хабар тарады.

Блэз Компаоренің қызметтен кетуіне оның билігіне қарсы осы аптада тұрғындар наразылығының өршіп кетуі себеп болған еді. Компаорені бесінші мерзімге президент болып сайлауға мүмкіндік беретін заң жобасын қарап жатқан парламент ғимаратына оның билігіне наразы демонстраннтар өрт қойған болатын.

Украинада төрт мыңнан аса адам мерт болған

Мариуполь порты маңындағы аумақты минадан тазартып жүрген украин сарбазы. 23 қазан 2014 жыл.

БҰҰ жұма күні жариялаған жаңа есеп бойынша, Украинаның шығысында үкімет күштері мен сепаратистер арасындағы әскери қақтығыстар салдарынан төрт мыңнан аса адам мерт болған.

Ұйым есебінде алты айдан астам уақытқа жалғасқан қарулы жанжал барысында қаза тапқан 4035 адам жайлы нақтыланған деректері бары, қыркүйек айында атысты тоқтату туралы жасалған келісімге қарамастан соңғы 10 күн ішінде 300-ге жуық адамның опат болғаны айтылған.

Минскіде жасалған келісімнен соң әскери іс-қимылдар бәсеңдегенімен, екі тараптан да адам шығыны туралы күн сайын ақпарат түседі. Әңгіме ең алдымен Донецк әуежайындағы, сондай-ақ Луганск мен Мариуполь маңындағы қақтығыстар жайында болып отыр.

БҰҰ сарапшылары қарулы іс-қимылдар салдарынан Донецк және Луганск облыстарынан көшуге мәжбүр болғандар саны 930 мың адамнан асып кеткенін айтады. Бұлардың жартысына жуығы бассауғалап көршілес елдерге, негізінен Ресейге барған.

Вашингтон: Шығыс Украинада сайлау өткізу - заңсыз

Ресейшіл сепаратистер мінген әскери танк автокөлік жолымен келе жатыр. Красный Луч елді мекені, Луганск облысы, Украина. 28 қазан 2014 жыл.

АҚШ билігі Украинаның шығысында сепаратистер бақылауындағы аймақтарда сайлау өткізу туралы жоспарды айыптады.

АҚШ президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңестің баспасөз хатшысы Бернадетт Миэн аталған аймақтарда сайлау өткізу Украина конституциясына қайшы және қыркүйек айында АҚШ-тың қатысуымен Минскіде жасалған оқ атпау туралы уағдаластықты бұзады деп сипаттаған. АҚШ заңсыз деп санайтын сайлауды мойындамайтынын және халықаралық қауымдастықты да соған шақыратынын мәлімдеген.

Вашингтон Мәскеуді сепаратистер өткізетін «сайлау» нәтижесін Украинаның шығысына әскер кіргізуге сылтау ретінде пайдалануға болмайтынын ескерткен.

Бұған дейін Украинаның Донецк және Луганск облыстарындағы сепаратистер жетекшілері осы облыстарда өздері жариялап алған «халық республикаларында» 2 қараша күні жеке парламент пен басшыларының сайлауларын өткізетіні туралы хабарлаған еді. Ресей билігі Украинаның шығысындағы «сайлауды» заңды деп тануға дайын екендігін мәлімдеген.

Қытай шенеунігінің үйінен 33 миллион доллар алынған

Қытай ақшасы. (Көрнекі сурет)

Қытайда коррупциялық іске байланысты жүргізілген тінту кезінде күдіктінің үйінен 33 миллион АҚШ долларына тең сомадағы ақша табылған.

Бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқан бас прокуратура үлкен көлемдегі ақшаны Қытай ұлттық энергетика жөніндегі басқармада қызмет істейтін жоғары лауазымды шенеуніктің үйінен тауып айтқандарын айтады.

Табылған қаражатты санау барысында ақша санайтын төрт аппатар үстен шығып қалған.

Қытай жетекшісі Си Цзиньпин 2012 жылдың соңынан бастап елде коррупцияға қарсы кең көлемді кампания жариялаған.

Шекара қызметі басшысы міндеті Дархан Ділмановқа жүктелді

Көмекбаев ауылында жүрген қазақстандық шекарашылар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Қазақстан президентінің өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділмановқа Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры міндетін уақытша атқару жүктелді.

Ділманов бұған дейін шекара қызметінің тәрбие, әлеуметтік-құқық және кадрлармен жұмыс бас басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет істеген.

Президенттің өкімі бойынша, Нұрлан Жоламанов Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры қызметінен босатылған. Сәрсенбі күні Ақмола гарнизонының әскери соты Жоламановты желтоқсанның 27-сіне дейін қамауқамауға алу туралы санкция шығарған.

Нұрлан Жолманов қазанның 27-і күні «ҰҚК шекара қызметінің лауазымды тұлғаларының қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану фактілерін тексеру аясында» күдікті ретінде ұстағаны хабарланған еді. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап шекара қызметін басқарған.

АҚШ пен Еуроодақ Мәскеу мен Киевтің газ келісімін құптады

Газ туралы келісімге қол қойылған соң Ресей мен Украина энергетика министрлері - Александр Новак пен Юрий Продан (алдыңғы қатарда) қол алысып тұр. Брюссель, 30 қазан 2014 жыл.

АҚШ пен Еуропа Одағы Ресей мен Украина арасындағы газға қатысты келіспеушілікті реттейтін келісімге қол қойылуына қолдау білдірді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки келісімге қол қоюды «позитивті қадам» деп атады.

Жұма күні Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд, Украина президенті Петр Порошенко және Ресей президенті Петр Порошенко телефон арқылы төртжақты келіссөздер өткізіп, газ жөніндегі келісімге оң баға берген.

Сол күні Ресейдің «Газпром» компаниясының өкілі Сергей Куприянов төртінші тоқсанда Ресейдің Украинаға газды бұған дейін айтылғандай әр текше метрін 385 доллардан емес, 379 доллардан сататыны туралы хабарлаған. Оның сөзінше бұл әлемдік нарықта мұнайдың арзандауымен байланысты есептелген баға.

«Газпром» басшысы Алексей Миллер Украинаға газды алдын ала төлем келіп түскеннен кейін 48 сағаттың ішінде жіберуге уәде еткен.

30 қазанда Мәскеу мен Киев алдағы қыста Ресей газын Украинаға экспорттауға кепілдік беретін келісімге қол қойған еді. Украина мен Ресейдің энергетика министрлері және Еуропа Одағының энергетика жөніндегі комиссары қол қойған келісім 2015 жылдың наурызына дейінгі мерзімге арнап жасалған.

Савченконы емханадан абақтыға жөнелткен

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко сот залында. Воронеж, Ресей, 27 тамыз 2014 жыл.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченконы Мәскеудің Сербский атындағы ауруханасынан тергеу абақтысына ауыстырды. Бұл туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы хабарлаған оның адвокаты Марк Фейгин тұтқының денсаулық жағдайына сараптаманың аяқталғанын айтып, Севченконың ақыл-есі дұрыс деп танылғанына сенімді екенін жазған.

27 қазан күні Мәскеудің Басман соты Савченконы тұтқында ұстау мерзімін 13 ақпанға дейін ұзартып, тұтқын әйелді психиатриялық тексеруден өткізуге жіберген.

Ресей тергеу комитеті қамаудағы ұшқышты Украинаның шығысында 17 маусым күні қаза тапқана ресейлік екі журналистің өліміне айыпты санайды. Тергеушілер Савченко Ресей аумағына «босқын кейпінде келген соң ұсталған» дейді. Бірақ Надежда Савченко өзін Украина жерінен ұрлап әкеткендер Ресей шекарасынан еркінен тыс жасырын алып өткенін айтады.

Украинада 26 қазанда өткен кезектен тыс Жоғарғы Рада сайлауында Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенко жетекшілік ететін «Батькивщина» партиясының тізімі бойынша Надежа Савченко парламент мүшесі болып сайланған.

АҚШ-та ғарыш кемесі апатынан ұшқыш қаза тапты

SpaceShip жеке меншік ғарыш кемесі алғашқы сынақ кезінде. Калифорния штаты, АҚШ. 10 қазан 2010 жыл.

АҚШ-та жеке меншік ғарыш кемесі әуеге көтеріле бергенде апатқа ұшырап, салдарынан ұшқыштардың бірі мерт болып, екіншісі жараланған.

Калифорния штатының оңтүстігіндегі Мохаве даласында болған төтенше оқиғаның куәсі болған фотограф Кен Браун журналистерге ғарыш аппараты әуеде ұшақтан ажыраған кезде жарылыс болғанын айтқан.

Көп мәрте пайдалануға арналған SpaceShipTwo жеке меншік ғарышын кемесін алғашқы сапарға шығар алдында сынақтан өткізіп жатқан еді. Ол 20 километр биіктікке ұшақ көмегімен көтерілген соң одан ажырап өздігінен ұшуы тиіс болған. Экипажы екі ұшқыштан тұратын SpaceShipTwo кемесі бортына алты жолаушыға дейін алып ұша алатындай етіп жасалған. Ол алғаш рет сынақтан 2010 жылы өткізілген еді.

Бұл осы аптада АҚШ-та апатқа ұшыраған екінші ғарыш аппараты болып отыр. Бұның алдында, 28 қазан күні Вирджиния штатының жағалауындағы Уоллопс аралындағы ғарыш айлағынан ұшырылған Antares жеке меншік зымыраны әуеге көтеріле бере жарылып кеткен еді.

Әкімдік Алматыда бензин қоры азайғанын жоққа шығарды

Бензолонкада кезекте тұрған көліктер. (Көрнекі сурет).

Алматы қалалық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі бүгін кейбір қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған «Алматыдағы бензин қоры 5 күнге ғана жетеді» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Өзін Азаттық тілшісіне кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері деп қана таныстырған азамат "ҚазМұнайГаз", Helios және Sinooil компаниясына тиесілі жанармай бекеттері бензиннің алпыс пайызын қамтамасыз етеді. Және аталған компанияның қорларында бензин жеткілікті. Тек тасымалдаушы бензовоздардың кешігу салдарынан бензин жетіспей жатыр» деді.

Басқарма өкілі «Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланған ақпаратта түсініспеушілік кеткен. Егер компаниялардың бензин қоры таусылып, ешқандай мүмкіндік болмай қалды деген жағдайдың өзінде Алматы қаласындағы бензин қоры бес күнге дейін толық жетеді» деп түзету жасады.

Бүгін бірқатар ақпарат құралдарында қалалық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Еркімбаевқа сілтеме жасай отырып «Алматыда бес күндік бензин қоры ғана қалғаны» айтылған болатын.

Парижде Қазақстан мәдени маусымы өтіп жатыр

Париж. (Көрнекі сурет).

Қазақстанның Париждегі мәдени маусымына орай бүгін қаланың орталығындағы «Пале Рояль» алаңында "қазақ ауылы" тігілді.

Бұл жайында Азаттыққа телефон арқылы хабарлаған Қазақстаннның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, екі елдің президенттерінің өзара келісімі бойынша Қазақстанның мәдени маусымы Парижде бірінші рет өткізіліп отыр.

«Орталықтағы «патшалар сарайы» алаңында киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылды. Париж уақытымен 11.30-да ашылу салтанаты өтеді» дейді елшілік қызметкері.

Мәдени маусым 20 қыркүйекте «Астана Балет» хореографиялық ұжымының Париждегі қойылымымен басталған болатын.

Бұл шара қарашаның 9-ында аяқталады.

Тәжікстанда кей сайттар тағы ашылмай тұр

Көрнекі сурет.

Тәжікстанда Facebook пен басқа да әлеуметтік желілер кезекті рет бұғауланды.

Тәжікстандағы интернет қолданушылардың айтуынша, Facebook-тен өзге жергілікті Topnews.tj порталы мен Ресейдің "Вконтакте" әлеуметтік желісі және Yandex іздеу жүйесі де қазанның 30-ынан бері бірқатар интернет провайдерлерінен ашылмай тұр. Вейсайттардың не себепті бұғауланғаны белгісіз.

Соңғы жылдары тәжік билігі ақпараттық және әлеуметтік вебсайттарды, оның ішінде Азаттықтың Тәжік қызметін жиі бұғаулап, кейін қайтадан ашып жүр. Бұл - бір айдың ішіндегі үшінші бұғаулау әрекеті.

Тәжікстанның коммуникациялар агенттігі сайттардың бұғаулануына қатысы жоғын айтады. Бұған дейін де коммуникациялар агенттігі сайттардың бұғаулануына қатысы жоғын айтып, мәселені техникалық ақаумен байланыстырған.

Азаттықтың Назарбаев туралы мақаласы ашылмай тұр

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақтау, 30 қыркүйек 2014 жыл.

Азаттықтың оқырмандары Қазақстанның әр өңірінен хабарласып, қазанның 23-і күні жарияланған «Қазақ мемлекеттілігі хақындағы Назарбаев пікірінің «эволюциясы» атты мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын оқи алмай жатқандарын айтты.

Бұл мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақта бұрын мемлекет болды ма?" деген мәселеге орай қарама-қайшы пікір айтқаны туралы жазылған.

Биыл тамызда Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Назарбаевтың "қазақтарда тәуелсіздік алғанға дейін мемлекеттілік болған жоқ" деген пікірін қайталап айтқан еді. Ал таяуда Қазақстан билігі келесі 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге шешім қабылдаған.

Мақаланың Қазақстан аумағында ашылмай тұрған орысша аудармасын Азаттықтың Facebook-тегі парақшасынан оқуға болады.

Елдегі ең ірі интернет провайдерлерінің бірі "Қазақтелеком" компаниясы Азаттықтың бұл мақала не себепті ашылмай тұрғанына қатысты сауалына әзірге жауап берген жоқ.

Маңғыстау соты бұрынғы мұнайшы шағымын қанағаттандырмады

"Маңғыстау мұнай-газә компнаиясына қарасты "Жетібай мұнай-газ өндіру" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшысы Нұрболат Себепов. Ақтау, 31 қазан 2014 жыл.

Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қарасты "Жетібай мұнай-газ өндіру" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшысы Нұрболат Себеповтің компаниядан денсаулығына байланысты өтемақы төлеу туралы талап-шағымын қанағаттандырмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Нұрболат Себеповтің айтуынша, ол 1997-2007 жылдары аралығында "Маңғыстау мұнай-газ" компаниясына қарасты "Жетібай мұнай-газ өндіру" кәсіпорнында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, еңбек қабылетінен айырылған.

"Санкт-Петербургте басымдағы қатерлі ісікті алу үшін операция жасаттым, ресейлік дәрігерлер дертімді "мұнай өнімдерінің әсерінен пайда болған" деген қорытынды шығарды, оны Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі растады. "Маңғыстау мұнай-газ" компаниясы бұған қатысты маған айлығымның отыз пайызы көлемінде ай сайынғы жәрдемақы тағайындаған. Бірақ компания мен сақтандырушы компания келісім-шарт бойынша жұмыс кезінде еңбек қабылетімнен айырылғандықтан маған төленуі тиіс үш жылдық табысымның көлеміндегідей бір реткі төлемді жасамай отыр" дейді ол.

Ақтау қалалық соты бұған дейін Себеповтің "Маңғыстау мұнай-газ" бен "Халық банкінің" еншілес "Halyk Life" компаниясынан бір реткі төлемді өндіру жайлы шағымын қанағаттандырмаған.

Нұрболат Себепов енді апелляциялық сот шешіміне қарсы кассациялық шағым беретінін айтады.

Алматыда "Ара-бал" жәрмеңкесі ашылды

Бал сатушы, омарташы. Алматы, 31 қазан 2014 жыл.

Бүгін Алматыда «Ара-бал» атты жәрмеңке ашылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Омарташылар одағының қызметкері Ердос Тұрсабаевтың айтуынша, бал жәрмеңкесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50-ге жуық омарташы келген.

«Батыс Қазақстан облысынан басқа өңірлердің барлығынан омарташылар келді. Қазақстанда басты проблема омарта ұстау емес, өндірілген балды сату. Сондықтан соңғы бес жылдан бері омарташылардың өнімдерін өткізу мақсатында тұрақты жәрмеңке ұйымдастырып келеміз» дейді омарташылар одағының қызметкері.

Ердос Тұрсабаев Батыс Қазақстан облысынан омарташылардың келмеуін «табиғи жағдайына байланысты омарташылық дамымай отыр» деп түсіндірді.

Алматыдағы бал жәрмеңкесі қарашаның 2-сіне дейін созылады.

Астана: БҰҰ-да адам құқығы есебін сәтті қорғадық

Қазақстан делегациясы БҰҰ-да адам құқығы есебін жариялап отыр. Женева, 30 қазан 2014 жыл. (Скриншот webtv.un.org сайтынан алынды).

Қазақстан БҰҰ-да адамның негізгі құқықтары мен бостандығын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерінің орындалуы туралы екінші есебін сәтті қорғап шықты деп мәлімдеді бүгін сыртқы істер министрлігі.

Қазанның 30-ында Женевада БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Дүниежүзілік кезеңдік шолу жұмысшы тобының 20-сессиясында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі есебі тыңдалған. Қазақстан делегациясның құрамында әділет министрлігі, президент әкімшілігі, орталық сайлау комиссиясы, жоғарғы сот, бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, білім және ғылым министрлігі өкілдері болды.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан алғашқы есебін қорғаған 2010 жылдан бері "сот және пенитенциарлық жүйені реформалап жатқанын, балалар мен мүгедектер құқықтарын қорғау шаралары жүргізіле бастағанын, қылмыстық және әкімшілік заңнамалар жетілдіріліп жатқанын" айтады.

Қазақстандық делегация есебін тыңдаған БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанға адам құқықтарына қатысты бірнеше ескерту мен ұсыныс жасады.

Пекинде Ауғанстан туралы жиын өтіп жатыр

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (сол жақта) мен Қытай премьер-министрі Ля Кэцяннің кездесуі. Пекин, 29 қазан 2014 жыл.

Пекинде бүгін Ауғанстандағы қауіпсіздік және осы елдің қалпына келтіруге арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.

Стамбул министрлер кеңесі деп аталатын жиынды қазанның 28-інен бері Қытайда сапарлап жүрген Ауғанстанның жаңа президенті Ашраф Ғани ашты. Ауғанстан мен Қытай бірлесе өткізетін жиынға оннан астам елдің, оның ішінде АҚШ өкілдері қатысуда.

Қытай қазанның 29-ы күні Ауғанстанға 330 миллион АҚШ доллары көлемінде көмек беретінін және алдағы бес жылда 3500-ден астам ауған мамандарын оқытуға грант бөлетінін хабарлаған.

Қытай Ауғанстанның басты инвесторы саналады. Пекин 1 триллион АҚШ долларына бағаланатын минералды ресурс қоры бар Ауғанстанмен мұнай және тау-кен өндірісі саласында ауқымды келісімдер жасасқан.

Ауғанстан мен Қытайдың ортақ шекарасы 76 километрді құрайды.

Көкшетау әкімі қайтыс болды

Ақмола облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Көкшетау қаласының әкімі Жомарт Нұрғалиев жүрек талмасынан көз жұмды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 57 жастағы Жомарт Нұрғалиев қазанның 30-ы күні кешке аруханада жүрек талмасынан қайтыс болған. Ресми орын оның жұмыс үстінде денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтады.

Жомарт Нұрғалиев Көкшетау әкімі болып 2014 жылдың маусымында тағайындалған.

Ақтауда халықаралық театр фестивалі аяқталды

Маңғыстау облыстық дарама тетары әрітстері фестиваль ашылуында жапондық кабуки театры қойлымын сахналап тұр. Ақтау, 25 қазан 2014 жыл.

Ақтауда Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық бесінші театр фестивалі аяқталды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, фестивальге қатысқан театрлар мен олардың актерлеріне бірнеше номинация бойынша дипломдар мен ақшалай жүлделер табысталды. Фестивальдің 300 мың теңге көлеміндегі гран-при жүлдесі Астананың жастар театры мен Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына берілді. 150 мың теңге көлеміндегі жүлде М.Ғафури атындағы Башқұрт академиялық драма театрына табысталды.

Астананың жастар театрының актері Дәурен Серғазин "Ең үздік ер адамның рөлі үшін", Қуанышбаев атындағы театрдың актері Айнұр Бермұхамбетова "Ең үздік әйел адамның рөлі үшін" 100 мың теңгеден алды.

Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының үш актеріне Қосалқы пландағы ең үздік рөлі" номинациясы бойынша, Тәжікстанның Мухаммаджанов атындағы Хатлон музыкалық комедия театрының екі актері мен Өзбекстанның Ташмухамедов атындағы Қашқадария облыстық музыкалық драма театрының актері "Ең үздік актерлік дуэт" номинациясы бойынша 75 мың теңгеден ақшалай жүлде алған.

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына Маңғыстау облыс әкімі әкімінің арнайы сыйлығы 1 миллион теңге берілді.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бекбол Базарбаев бұған дейін "фестивалдің мақсаты – театрлар арасындағы шығармашылық бастамаларды ынталандыру, театрлық үрдістің заманауи түріне көрермен назарын аудару" екенін айтқан.

Қазанның 25-інде ашылған фестивальде театрлар М.Әуезов, Н.Гоголь, А.Абушахманов, М.Юсуф, И.Усмонов, А.Қодири, С.Досанов шығармаларын сахналады.

Сот "Башнефть" акциясын мемлекетке қайтаруға шешті

Ресейлік миллиардер Владимир Евтушенков.

Мәскеудің арбитраждық соты қазанның 30-ында "Башнефть" мұнай компаниясының акцияларын мемлекетке қайтаруға шешім шығарды. Мұндай шешім шығаруға не себеп болғаны белгісіз. Сот шешімінің үстінен бір ай ішінде шағымдануға болады.

Ақпараттарға қарағанда, Мәскеу соты бас прокуратураның талабы бойынша Евтушенковтың "Система" және Система-Инвест" холдингтік компанияларына тиісті "Башнефть" компаниясының акцияларын қамауға алған. Ресей бас прокуратурасының ресми өкілі Марина Гриднева "бас прокуратура жүргізген тексерулерде Башқұртстан республикасының басшылығы кәсіпорынды мемлекеттің меншігінен заңсыз жолмен шығарғаны анықталды" деп мәлімдеген.

Владимир Евтушенковқа өткен айда "Башнефть" компаниясының акциясын талан-таражға түсіру бойынша айып тағылып, қамауіға алынған. Оның тұтқындалуы Ресейдің мемлекеттік ең ірі мұнай компаниясы "Роснефть" "Башнефть" компаниясының акцияларын тартып алуы мүмкін деген болжамдар тудырған.

Евтушенков - Ресейдегі ең бай бизнесмендердің бірі. Оның активтері 9 миллиард АҚШ долларына бағаланады.

Ресей Қырғызстан азаматтарын төлқұжатпен ғана кіргізбек

Ресей төлқұжаты мен Қырғызстанның жеке басын куәландыратын құжаты. (Көрнекі сурет).

Қырғызстан билігінің хабарлауынша, 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ел азаматтары Ресейге жеке басын куәландыратын құжатпен бара алмайтын болады. Ресей территориясына кіру үшін енді төлқұжат қажет болады.

Бұл өзгеріс Ресейде жұмыс істеп жүрген жүздеген мың қырғыз мигранттарына да қатысты. Бұған дейін Ресей билігі Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағына кірмейтін постсоветтік елдердің азаматтарының елге кіру ережесін күшейтетінін мәлімдеген.

Мамыр айында Қырғызстан 2014 жылдың соңына дейін Кеден Одағына кіру туралы жол картасына қол қойған. Қазір Кеден Одағына Ресей, Қазақстан және Беларусь кіреді.

Лазебник: Украина Қазақстаннан газ сатып алуға дайын

Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник.

Украина Қазақстаннан тікелей, Ресейдің араласуынсыз газ сатып алуға дайын деп мәлімдеді Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник "Астана" телеарнасына берген сұхбатында.

"Украина Ресей газын алуға мүдделі болса, Ресей де өз газын Украинаға өткізуге мүдделі. Еуразия экономикалық одағы жұмыс істей бастаған соң Қазақстан энегетикалық инфрақұрылымдарды пайдалануына жол ашылып, газын қалаған жағына тасымалдай алады. Укаринаның Қазақстаннан газды тікелей сатып алғысы келетінін тағы да қайталап айтамын" деген Лазебник.

Украина дипломатының сөзінше, Киев 2018 жылы Украинаға кейбір Еуропа елдерінен және Ресейден тасымалдайтын газды 30 пайыздан асырмауға ниетті. Ол бұл мәселемен Украина парламентінде құрылатын коалиция айналысатынын айтады.

Тағы

XS
SM
MD
LG