Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Меркель Путинді ЕҚЫҰ өкілдерін босатуға көмекке шақырды

Германия канцлері Ангела Меркель мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 16 қараша 2012 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен кезде одан Украинада ұсталған ЕҚЫҰ бақылаушыларын босатуға көмектесуін сұраған.

Кремльдің дерегінше, Путин Украинаның солтүстік-шығысындағы әскерді әкету, зорлық-зомбылықты тоқтату, конституциялық реформа жайлы ұлттық диалог жүргізу маңызды екенін айтқан. "Мемлекет басшыларының әңгімелесуіне Германия бастамашы болғаны" хабарланды.

ЕҚЫҰ-ның сегіз бақылаушысын (төртеуі - Германиядан, өзгесі - Швеция, Польша, Дания мен Чехиядан) 25 сәуірде Украинаның Славянск қаласындағы ресейшілдер ұстап әкеткен еді. Кейін олар Швеция азаматын денсаулығына байланысты босатқан.

Киевте 1 мамырға арналған шеру өтті

Киевтегі 1 мамыр шеруі. 1 мамыр 2014 жыл.
Украина астанасы Киевте социалистік партияның, бірнеше солшыл партия мен қоғамдық ұйымдардың жақтастары халықаралық еңбекшілер ынтымақтастығы күніне орай шеру өткізді.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, министрлер кабинеті ғимараты маңында өткен шараға 2 мыңдай адам қатысқан.

Украина социалистік партиясының басшысы Николай Рудьковский билікті 25 мамырда өтетін президент сайлауымен қабаттас тағы бір саяси науқанды - орыс тілінің бұл елдегі екінші мемлекеттік немесе ресми тіл ретіндегі дәрежесі туралы және Украинаның унитарлық құрылысы жайлы референдум өткізуге шақырды.

Рудьковский Украинаның ядролық статусын қайтаруға, ауыл шаруашылығы жерін сатуға тыйым салуға, айлық пен әлеуметтік төлемдерді көбейтуге, билік шығынын азайтуға да үндеді.

Оралдағы мерекелік шеруге наразылар да қатысты

1 мамыр мерекелік шеруіне қосылған наразылар. Орал, 1 мамыр 2014 жыл.
Қазақстанның батысындағы Орал қаласында 1 мамыр күні мерекелік шеру өтті. Билік ұйымдастырған бұл шеруге мыңдаған қала тұрғындарымен қатар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен наразы азаматтар да қатысты.

Оралдық блогер Асқар Шайғұмаровтың айтуынша, "Билік ұйымдастырған шеру таңғы сағат 10-да басталды, оған түрлі мекемелердің мыңдаған өкілдері қатысты. Ал наразылар мерекелік шеруге бөлек колонна болып қосылған".

- Наразылар - 60 шақты адам. Қолдарына "Жемқорлық жойылсын", "Ұрлықты тоқтатыңдар" деген орыс тіліндегі плакаттар ұстап шықты. Қарапайым азаматтар, "Абырой", Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болды, - деді блогер.

Ал "наразылар колоннасында" жүрген, ҚПК-нің Батыс Қазақстан обкомы хатшысы Оксана Терновскаяның айтуынша, шеруге бір күн қалғанда - 30 сәуір күні ҚПК өкілдеріне белгісіз біреулер хабарласып, қастандық жасайтындарын айтқан. Партия өкілі "бұл қоқан-лоқы - шеруге шығармаудың амалы" дейді.

Терновскаяның айтуынша "мерекелік шеруге қосылған наразылар колоннасына Орал қалалық прокуратура өкілі Арон Ақпанов келіп, "бұларың - рұқсат етілмеген митинг, лозунгтарды көтермеңдер" деген. Бірақ оған наразылар "мерекелік шеруге кез келген Қазақстан азаматы қатысып, пікір білдіре алатынын" айтып, талабын орындамаған. Терновская полиция ешкімді ұстамағанын айтады.

Орал қалалық және Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы ресми сайттарында көрсетілген контактілер бойынша прокуратура өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады.

Оралдағы шеру сағат түскі бірлер шамасында аяқталған. 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні.

Мәскеудегі шеруде сепаратистерді қолдады

Мәскеу қаласында «Справедливая Россия» партиясы 1 мамыр күні мерекелік шеру өткізді. "Интерфакс" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл шеруге үш мыңдай адам келген. Шерушілер «Славянск, Донецк, Луганск – мы с вами» («Славянск, Донецк, Луганск - біз сендермен біргеміз»), «Юго-восток Украины, мы своих не бросаем» («Украинаның оңтүстік-шығысын жалғыз тастамаймыз») деген плакаттар ұстап алған.

Бүгін Мәскеуде 1991 жылдан бері тұңғыш рет Қызыл алаңдағы кәсіподақтар шеруі өтті. Акцияны Ресей тәуелсіз кәсіподақтары федерациясы ұйымдастырды. ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, кәсіподақтар шеруіне жүз мыңдай адам қатысуы тиіс.

Мәскеуде бүгін басқа да партиялар мен ұлтшыл ұйымдардың шерулері өтеді.

Қытайда террорға қарсы шаралар күшейтіледі

Қытай басшысы Си Цзиньпин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Шыңжаң аймағындағы Үрімжі теміржол вокзалында болған жарылыстардан кейін терроризмге қарсы "қатаң шаралар" іске асырылатынын мәлімдеді.

Үрімжі қаласының теміржол вокзалында жарылыстар болғаны, үш адам қаза тауып, 79 адамның жараланғаны мамырдың 1-іне ауған түні хабарланды.

Куәлер сөзіне қарағанда, станцияда екі жарылыс болған. Бұл аймаққа Қытай басшысы Си Цзиньпиннің сапары бір күн бұрын - 30 сәуірде аяқталған еді.

Қытай басшысының мәлімдемесінде "қатаң шаралардың террористердің еркінсуін тыятыны" айтылған.

Шыңжаң аймағында мұндай шабуылдар болып тұрады. Аймақты негізінен этникалық ұйғырлар мекендейді. Олардың көбі Қытай билігіне қарсы. Кейбірі ұйғырлардың Қытай билігінен қысым көріп отырғанын айтады.

Үрімжіде 2009 жылы болған тәртіпсіздіктер кезінде 200-ге тарта адам опат болды.

Сноуден Ресейде қала беруге тырысады

Эдвард Сноуден.
Былтыр Ресейге қашып кеткен АҚШ-тың бұрынғы барлаушысы Эдвард Сноуден өзінің осы елдегі босқын мәртебесін ұзартуға тырысады. Бұл туралы оның адвокаты Джесселин Радак 30 сәуір күні хабарлады. Сноуденнің Ресей визасының мерзімі маусым айында бітеді.

Reuters ақпарат агенттігі Радактың "Сноуден АҚШ-ты сағынды, еліне оралғысы келеді, бірақ оның оралуы әзірге мүмкін емес" деген сөздерін жариялаған.

АҚШ-та барлау қызметінде істеген бұрынғы тыңшы Эдвард Сноуден АҚШ ұлттық барлау агенттігінің құпия құжаттарын ұрлап алып, жариялап жіберген еді. Оған "құжаттарды ұрлады", "құпия ақпараттарды таратты" деген айыптар тағылып отыр. Сноуден қазір бұл айыптардың жойылғанын қалайды. Бірақ АҚШ билігінің оған келісетін түрі байқалмайды.

Джессилин Радак "Егер АҚШ әділет министрлігі Сноуденмен келіссөздер жүргізсе, ол сөйлесуге дайын. Бірақ ол сотқа тартылатын болса, елге оралмайды" деді.

Ресей Эстония шекарасында әскери жаттығу бастады

Ресейдің Mi-24 әскери тікұшақтары. (Көрнекі сурет)
Ресей қарулы күштерінің Батыс әскери округінің армия авиациясы тікұшақтары Псков облысында оқу-жаттығу шараларын бастады. Бұл туралы "РИА Новости" ақпарат агенттігі 30 сәуір күні хабарлады.

Оқу-жаттығуға Ресейдің Эстония мен Латвия мемлекеттерінің шекарасы маңындағы армия авиациясының бригада экипаждары қатысып жатыр. Бұл жаттығуларда әуеден соққы беретін әскери тікұшақтардың түрлі эскадрильялары бірінші рет бір мезетте аспанға көтеріледі. Ол эскадрильялар құрамында Ресейдің Ми-28Н және Ка-52 әскери тікұшақтары бар.

Экипаждар ұшу, далалы жерге қону және аэронавигация машықтарын, әуедегі және жердегі нысананы ату шеберлігін жетілдірмек. Жаттығуларға транспорттық-десанттық Ми-8МТВ-5 және Ми-26Т тікұшақтары да қатысып жатыр.

Байден: Ресей халықаралық тәртіпті құрметтесін

АҚШ вице-президенті Джо Байден Вашингтонда, Атлантикалық кеңес отырысында сөйлеп тұр. 30 сәуір 2014 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден "Ресей халықаралық тәртіпті құрметтеуі тиіс, олай етпеген жағдайда бұл ел бұдан ары оқшаулана береді" деп мәлімдеді.

30 сәуір күні Вашингтонда, Атлантикалық кеңес отырысында сөйлеген Байден "Ресей мен халықаралық қауымдастықтың ынтымақтастығы барлық тараптарға пайдалы болар еді" деді.

Вице-президент "Ресейдің халықаралық интеграциядан тек барлық тараптар мойындаған тәртіп пен ережелерді сақтағанда ғана пайда көретінін" ескертті. Байден "АҚШ-тың Ресейді осымен бірнеше мәрте Украинадағы жағдайды тыныштандыруға ықпал етуге, қазіргі бағытын өзгертуге шақырғанын" айтты.

Вице-президент "АҚШ президенті Барак Обаманың маусым айында еуропалық турне аясында Польшаға баратынын" хабарлады. Сол кезде Обама G7 ("үлкен жетілік") саммитіне қатысып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтас елдер әскерінің Нормандияға түсуіне 70 жыл толуына орай Францияда өтетін салтанатты кездесуге барады.

Украина әскері толық дайындыққа келтірілді

Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов. Киев, 30 сәуір 2014 жыл.
Бұл туралы 30 сәуір күні Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов мәлімдеді. Ол мәлімдемесін 30 сәуір күні ресейшіл сепаратистер Горловка қаласы полициясының штаб-пәтерін басып алған соң жасады.

Турчинов "Ресеймен соғыс қаупінің шындыққа айнала бастағанын" айтып, елдің қарулы күштерінің толық жауынгерлік дайындыққа келтірілгенін хабарлады.

Горловкадағы сепаратистердің полиция штаб-пәтерін басып алуы кезінде ешкім қаза таппаған.

Украинадағы ресейшіл сепаратистер соңғы апталарда елдің шығысындағы ондаған қаладағы полиция және үкімет ғимараттарын басып алды. Сепаратистер бұл қалалардағы жергілікті билікке автономия беру немесе Ресейге қосылу туралы референдум өткізу туралы талап қойып отыр.

Иракта жарылыстан екі адам мерт болды

Ирак тұрғыны парламент сайлауында дауыс беріп тұр. Бағдад, 30 сәуір 2014 жыл.
30 сәуірде Иракта парламент сайлауы өтіп жатқанда елдің солтүстігіндегі Киркук қаласына жақын жерде сайлау учаскесінде жарылыс болып, екі әйел қаза тапты. Ел астанасы Бағдадтың батыс бөлігінде де сайлау учаскесіне жақын маңда екі снаряд жарылды.

Сайлауда дауыс беруге Ирактың 21 миллионға жуық азаматының құқығы бар. Депутаттық мандаттың көбін премьер-министр Нури әл-Маликидің "Құқықтық мемлекет" альянсы иеленеді деген болжам жасалып отыр. Болжам бойынша, күшті оппозицияның жоқтығынан әл-Малики премьер-министр қызметіне үшінші рет сайлануы мүмкін.

Бірақ жаңа үкіметті жасақтау үшін оған сүнниттік, шииттік топтар мен күрдтердің қолдауы қажет болмақ.

Ирак сайлау комиссиясы өкілдерінің хабарлауынша, кейбір аудандары радикалды исламшылдар бақылауында тұрған Анбар провинциясының 70 пайызында ғана дауыс беріліп жатыр.

Сепаратистер Украинада қалалық кеңесті басып алды

Горловка қалалық кеңесі, Украина. (Көрнекі сурет).
Украинада ресейшіл сепаратистер Горловка қалалық кеңесі мен қалалық милиция бөлімдерін басып алды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Горловка қалалық әкімшілігі қалалық кеңесті қарулы 20 шақты ер адамның басып алғанын растаған.

29 сәуірде Луганск облысының Красный Луч қаласының қалалық кеңесіне Ресей туы тігілген еді.

29 сәуірде милиция арнайы жасағы мен антитеррористік орталық қызметкерлері Донецк облысы Славянск ауданына қарасты Черкасск ауылы мен Славянск қаласы маңындағы өткізу бекеттерін қарулы топтардан босатқан. "Украинская правда" агенттігінің хабарлауына қарағанда, операция кезінде ешкім зардап шекпеген.

Ауғанстанда 60 содырдың көзі жойылған

Ауғанстан картасы.
Ауғанстан ұлттық қауіпсіздік басқармасы бүгін ауған қауіпсіздік күштері елдің оңтүстік-шығысында Пәкістанмен шекараға жақын маңда батыс елдерінің әуе күштерімен бірігіп 60 содырдың көзін жойғанын хабарлады.

Қауіпсіздік басқармасының дерегінше, 300-ге тарта "Хаккани" тобы мүшелері мен шетелдік содырлар Пактика уәлаятының Зирук ауданында ауған әскерінің бөлімшесін басып алмақ болып шабуылдаған.

Ауғанстан қорғаныс министрлігінің хабарлауына қарағанда, қарулы қақтығыстардан кемінде бес ауған сарбазы қаза тапқан. Алты сарбаз жараланып, содырлар бір сарбазды ұрлап әкеткен.

Пактика уәлаяты Пәкістанның тайпалық және заңға бағынбайтын аймағымен шекаралас орналасқан. "Хаккани" тобы мен шетелдік содырлар бұл шекараның екі жағында да белсенді әрекет етеді.

Жабылған газет журналистері сайт ашты

Жаңадан ашылған "Накануне.kz" интернет порталының редакторы Гузяль Байдалинова.
Қазақстанда сот шешімі бойынша жабылған "Ассанди-Таймс" газетінің журналистері "Накануне.kz" деп аталатын жаңа интернет порталының ашылғанын жария етті.

Интернет жоба редакторы Гузяль Байдалинова "Ассанди-Таймс" басылымын жабу туралы сот шешімінде қандай да бір адамдардың журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынбағандықтан журналистер заңды түрде әрекет етеді" деп санайды.

Журналистердің айтуынша, бүгін жаңа интернет порталдың алғашқы беті ғана ашылған. Ал 10 мамырдан портал толықтай жұмыс істей бастамақ. Портал материалдары түрлі форматта, қазақ және орыс тілдерінде таратылады.

21 сәуір күні Алматының Медеу аудандық соты "Ассанди-Таймс" газетін елде тыйым салынған "Республика" оппозициялық басылымының құрамдас бөлігі ретінде танып, газеттің жұмысын тоқтатқан еді.

2012 жылдың соңы мен 2013 жылдың басында «K-плюс» телеарнасы мен «Республика» газеті бастаған 28 БАҚ сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылып, түгел жабылған. Өткен жылдың соңында Қазақстан жоғарғы соты қызметіне тыйым салынған БАҚ өкілдерінің шағымын қанағаттандырмай тастаған.

«Ассанди-Таймс» газетінің тиражы 7500 дана, онға жуық қызметкері болған.

Ресейде әскери қоймадағы жарылыстан 10 адам өлді

Ресейдің Забайкалье аймағының Большая Тура және Кадахта ауылдарында оқ-дәрілер сақталған әскери қоймада болған жарылыс пен өрттен қаза тапқандар саны 10 адамға жеткені хабарланды. Жарылыстан 23 адам жараланған.

Ішкі істер министрлігінің аймақтық басқармасы қазір полиция Карымск және Шилкинск аудандарында снарядтарды іздестіріп жатқанын, жарылыстан эвакуацияланған жақын маңдағы тұрғындар үйлеріне тексерістен соң орала алатынын хабарлады.

Жарылыс болған әскери қоймаға жақын орналасқан Большая Тура ауылы қоршауға алынған.

Қоймада жарылыс пен өрт 29 сәуір күні басталған еді. Төтенше оқиғадан қоймаға жақын маңда тұратын екі мыңға тарта тұрғын басқа жаққа эвакуацияланды.

АҚШ пен Ресей Украинаға қатысты бір-бірін айыптады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.
АҚШ пен Ресей Украинадағы "тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды" деп бір-бірін айыптап жатыр.

29 сәуір күні Вашингтондағы Атлантикалық кеңес орталығында сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Мәскеуді "Женавада жасалған келісімді орындаудың орнына Украинадағы дағдарысты шиеленістіріп отыр" деп айыптады.

"Қырымды алып, соңын ала Украинаның шығысында тұрақсыздық орнату арқылы Мәскеу шығыс Еуропадағы қауіпсіздік ландшафтын өзгерткісі келеді" деген Керри Ресейдің әрекетін АҚШ пен оның НАТО-дағы серіктері үшін "алаңдатарлық дабыл белгісі" деп атады.

Ресей президенті Владимир Путин де 29 сәуір күні "Батыс елдері Украинада проблемаларды қоздырып, енді оған айыптыларды іздеп жатыр және сол себепті де Ресейге қарсы санкциялар салды" деді.

БҰҰ: ЕҚЫҰ бақылаушылары босатылсын

БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Джеффри Фельтман.
БҰҰ Украинаның шығысында ЕҚЫҰ бақылаушыларының кепілге алынуын тағы да айыптап, кепілге алғандарды еуропалық бақылаушыларды босатуға шақырды.

29 сәуір күні БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Джеффри Фельтман Славянск қаласында ұсталған ЕҚЫҰ-ның жеті бақылаушысы "дереу, ешқандай талап-шартсыз және дін-аман күйде босатылуы тиіс" деді. Ол БҰҰ-ның Украинадағы жағдайға қатысы бар барлық тарапты бақылаушылардың дереу босатылуына ықпал етуге шақыратынын айтты.

Славянск қаласын бақылауға алған ресейшіл сепаратистер 25 сәуірде ЕҚЫҰ-ның әскери бақылаушыларын "НАТО тыңшылары" деп тұтқындаған еді.

Бақылаушылардың бірі кейін денсаулығына байланысты босатылды.

Сот: Қашағанға қатысты айыппұл - заңды

Қашаған кенішіндегі жасанды арал. (Көрнекі сурет)
Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соты Қашаған кен орнын игеріп жатқан "Аджип ККО" және "North Caspian Operating Company" компанияларының облыстық экологиялық департаменттің қоршаған ортаны ластағаны үшін экологиялық айыппұлдар төлеу туралы шешіміне қарсы шағымын қанағаттандырмады.

Облыстың сот таратқан ақпаратқа қарағанда, сот 29 сәуір күні компаниялардың Қашаған кенішіндегі апаттан кейін ондағы газ құбырларының ақауын тексерген соң айыппұл салынуына қарсы шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігі экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің Атырау облыстық департаментінің қос компанияға айыппұл салу туралы актісін күшінде қалдырған.

Бірақ сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Компаниялар сот шешіміне қарсы шағым беретіндерін айтады.

Наурыздың басында облыстық департамент улы газдың жануынан ауаға лас заттар тарап, экологияға келтірілген зардапты өтеу туралы акт шығарған. Экологтар апаттан қоршаған ортаға келген зардап көлемін 134,2 миллиард теңге деп бағалаған.

Қашаған кенішінен құрлыққа Каспий теңізінің табанымен тартылған 90 километр екі құбырдан былтыр қыркүйекте, кеніштен алғаш мұнай өндіріле бастағаннан кейін көп ұзамай ақау табылған еді. Құбыр мұнайдан шығатын улы газдан зақымданып, мұнай өндіру тоқтатылған.

Қашаған кенішіндегі өндіруге болатын мұнай қоры - 13 миллиард баррель деген болжам жасалған. Алайда кенішті игеру жобасы белгіленген мерзімнен 10 жылға кешігіп отыр. Кенішті игеру құны әуелде 50 миллиард АҚШ долларына бағаланған еді. Бірақ кейін ол сома 135 миллиард АҚШ долларына дейін көбейді.

KazEOSat-1 спутнигі ұшырылды

Көрнекі сурет.
Оңтүстік Америкадағы Француз Гвианасының Куру ғарыш айлағынан қазақстандық KazEOSat-1 спутнигі ұшырылды деп хабарлады қазақстандық ақпарат құралдары 30 сәуірде.

Қазақстандық спутник тиелген еуропалық "Вега" зымыран тасығышы Астана уақыты бойынша сағат 07:35-те әуеге ұшырылған. Спутник енді Жерден шамамен 700 километр қашықтықтағы орбитаға шығарылмақ.

Жерді қашықтан зондылауға арналған KazEOSat-1 спутнигі "Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы" мен француздың Airbus Defence and Space компаниясы арасындағы келісім бойынша жасалған.

KasEOSat-1 спутнигін ұшыру әуелде 29 сәуірге жоспарланған болатын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшыру бір күнге кейінге шегерілді.

28 сәуір күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышымен қазақстандық "ҚазСат-3" спутнигі де ұшырылып, бірнеше сағаттан соң спутниктің Жер орбитасына шығарылғаны хабарланған еді.

Минскіде Еуразия экономикалық кеңесі жиыны өтті

Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында. Минск, 29 сәуір 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 сәуірде Минскіде Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынына қатысты деп хабарлайды президенттің ресми сайты. Жиынға Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко да қатысты.

Кездесуде үш ел басшылары Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық кеңістігіне қатысты мәселелерді талқылап, Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жобасына дайындықтың соңғы жұмыстарын пысықтаған.

Ресми ақпарат бойынша, Назарбаев кездесуде Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жобасын дайындауда тағы бір пысықтауды қажет ететін жайттар барын, "одақ құратын елдердің мүдделері мен барлық құқықтық нормалардың сақталуы керегін" айтқан.

Ол Еуразия одағын құруға қатысты барлық маңызды сұрақтар мен келіспеушіліктер "шешімін табатынына сенім білдірген".

Биыл мамыр айында Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері үш ел интеграциясының Кеден Одағынан кейінгі кезеңі - Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты соңғы рет пысықтап, қол қоюды жоспарлап отыр.

Келісім-шарттың 800 беттік жобасы интернетте жарияланды. Ресей экономикалық даму министрлігінің сайтында жарияланған нұсқасында Кеден Одағына мүше елдердің ескертпелері бар. Қазақстан да кейбір мәселелер бойынша келіспейтінін білдіріп, ескертулер жасаған.

Ал Украинадағы дағдарыс күшейе түскен соң қазақстандық кейбір саясаткерлер "Еуразиялық интеграцияны тежей тұру" туралы айта бастаған еді. Қазақстанда бірқатар қоғамдық ұйымдар мен белсенділер елдің мұндай одаққа қосылуына қарсылық білдіріп келеді.

Иракта парламент сайлауы өтеді

Ирак парламенті сайлауына үміткерлердің жарнамасы. Бағдад, 8 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
30 сәуірде Иракта парламент сайлауы өтеді. Парламенттегі 328 депутаттық орынға 277 саяси блоктар мен партиялардан 10 мыңнан астам үміткер таласады.

Бұл сайлауға дауыс беруге Ирактың 20 миллионнан аса азаматы қатыса алады. Депутаттық мандаттың көбін премьер-министр Нури әл-Маликидің "Құқықтық мемлекет" альянсы иеленеді деген болжам жасалып отыр. Болжам бойынша, күшті оппозицияның жоқтығынан әл-Малики премьер-министр қызметіне үшінші рет сайлануы мүмкін.

Бірақ жаңа үкіметті жасақтау үшін оған сүнниттік, шииттік топтар мен күрдтердің қолдауы қажет болмақ.

2010 жылы парламент сайлауларынан кейін үкіметті жасақтауға бірнеше ай кеткен еді.

Ресейде жеке интернет жүйесін құруды ұсынды

Көрнекі сурет.
Ресей федерация кеңесінің Липецк облысынан сайланған депутаты Максим Кавджарадзе Ресейдің АҚШ және Еуропа Одағының қолданушылары кіре алмайтын өз ішкі интернет жүйесін құрып, оны "Чебурашка" деп атауды ұсынды.

Парламентте блогтарды ақпарат құралдарымен теңестіретін заң жобасын талқылау кезінде сөйлеген депутат: "АҚШ-тың қол астынан шығу үшін Ресей өз жеке интернет жүйесін құруды ойластыруы керек. Олай болмаған жағдайда ақпарат ұрлана береді" деп мәлімдеген.

Кавджарадзе Ресей өз интернет желісін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттермен және Шығыс Азия елдерімен бірлесе құруына болатынын айтады.

Заң жобасы талқылауда мақұлданып кетті.

Қазір әлемде Солтүстік Кореяның өз интернет жүйесі бар. Иран да жеке интернет желісін құрумен айналысып жатыр.

Түркіменстан тұрғындарға тегін жанармай беруді тоқтатпақ

Көрнекі сурет.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 1 шілдеден бастап тұрғындарға ай сайын тегін бензин үлестіруді жою туралы жарлық шығарды. 2008 жылдан бастап елдегі әр автокөлік иесі ай сайын 120 литр жанармайды тегін алуға хақылы болатын.

Президент жарлығы ақпарат құралдарына 29 сәуір күні жарияланды. Онда бұл шешім "ұлттық экономиканың өсіміне қолдау көрсету, мұнай өнімдерін орынды пайдалану және жанармайды ішкі нарықта тиімді түрде сату" мақсатында жасалғаны айтылады.

Түркіменстанда бес жарым миллион халық тұрады. Тұрғындар су, электр қуаты сияқты бірқатар әлеуметтік қызметтерді тегін пайдаланады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Түркіменстан - әлемдегі ең жабық әрі репрессивті режимдердің бірі. Бұл ел әлемде табиғи газ қорынан төртінші орында тұр.

Луганскіде ресейшіл топ үкімет кеңселерін басып алды

Милиция бөлімшесі маңында тұрған қарулы адамдар. Луганск, Украина, 29 сәуір 2014 жыл.
Украинаның шығысындағы Луганск қаласында бірнеше мың ресейшіл демонстранттар облыстық әкімшілік ғимаратын, прокуратура, милиция бөлімшесі мен жергілікті телемұнараны басып алды.

Шерушілер алдымен облыстық мэрияны алды. Бұдан соң жүздеген адам прокуратураға, басқа да мекемелерге басып кірді. Милиция бөлімшесін басып аларда атыс болғаны туралы ақпарат бар.

Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов ішкі істер министрлігінің Луганск мен Донецкідегі бөлімдерінің басшыларынан отставкаға кетуді талап етті. Турчинов оларды "әрекетсіз отырды, әлсіздік танытты, кейбір кездерде қылмыстық опасыздық жасады" деп айыптады.

Лондонда Украина активтеріне қатысты жиын басталды

АҚШ бас прокуроры Эрик Холдер.
Ұлыбритания астанасы Лондонда 29 сәуірде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович билігі тұсында талан-таражға түсті делінген украин активтерін қайтаруға арналған келіссөздер басталды.

Екі күнге созылатын жиынға Ұлыбританияның ішкі істер министрі Тереза Мэй, Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков, АҚШ бас прокуроры Эрик Холдер, прокурорлар, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысып отыр.

Келіссөздерді Активтерді қайтару жөніндегі Украина форумы ұйымдастырған. АҚШ пен Ұлыбритания бастаған бұл халықаралық топ "мемлекет қаржысын талан-таражға салғандар жазасыз қалмайды" деп санайды.

Эрик Холдер "халықаралық топ Украина жетекшілері мен азаматтарының коррупцияға қарсы күресі мен елде тұрақтылық орнатуға деген ұмтылысын қолдауға құрылған" дейді.

"Газпром": Батыс санкциясынан зардап шегеміз

Көрнекі сурет.
Ресейдің мемлекеттік "Газпром" компаниясы Батыс елдерінің Мәскеудің Украинадағы саясатына қатысты санкцияларды күшейтуі компанияның бизнесі мен акцияларының бағасына кері әсер етеді деп мәлімдеді.

"Газпром" қаржылық есебінде Киевпен газ бағасына қатысты келіспеушіліктер компанияның Украина арқылы өтетін құбырлармен Еуропаға газ экспорттауына кері ықпал ететінін айтады.

АҚШ 28 сәуірде Ресейдің сегіз шенеунігі мен 17 компаниясына қарсы санкциялар салған еді. 29 сәуірде Еуропа Одағы да Ресейдің лауазымды 15 азаматына қатысты санкциялар салған. Бірақ санкция салынған ресейлік шенеуніктер мен компаниялар тізімінде "Газпром" компаниясы мен оның басшылығы жоқ.

"Газпром" Еуропаның табиғи газға деген сұранысының 30 пайызын өтейді.

Жапония үкіметі де ресейлік 23 шенеунікке виза беруге тыйым салатынын мәлімдеген.

Тағы

XS
SM
MD
LG