Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Брюссель музейіндегі қылмысқа күдікті ұсталды

Белгісіз адам оқ атқан Еврей музейі жанында тұрған полиция қызметкерлері. Брюссель, 24 мамыр 2014 жыл.
Брюссельдегі Еврей музейіндегі төрт адамның қазасына қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы ер адам Францияда ұсталды.

Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, Франция азаматы Мехди Неммуше Марсельдегі темір жол вокзалында тұтқындалған.

Амстердамнан Брюссельге баратын автобуста ұсталған күдіктіден Калашников автоматы мен тапанша табылғаны айтылады.

24 мамыр күні Бельгия астанасы Брюссель қаласының орталығындағы Еврей музейінде Израильден барған ерлі-зайыптылар мен бельгиялық ер кісі және Франция азаматы әйел адамға әлдекім қарудан оқ атып, мерт қылған еді. Кейін Бельгия полициясы музейдегі қылмыс бойынша бір күдікті ұсталып, тағы бір адам іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатын.

Иран билігі саяси тұтқынды дарға тартты

Голамреза Хосрави Саваджани.
Иранда шетелдегі оппозициялық топпен байланысы үшін Голамреза Хосрави Саваджаниге шығарылған өлім жазасы бүгін орындалғаны туралы хабар тарады.

Бұған дейін халықаралық қауымдастық Иран билігін диссидентке шығарылған үкімнің күшін тоқтатуға шақырған еді.

IRNA агенттігінің хабарлауынша, Саваджани Иран Ислам республикасына қарсы күресіп жүрген Иран халқы моджахедтері ұйымына ("Моджахедин-э Халк") материалдық жәрдем көрсеткені үшін 2010 жылы өлім жазасына кесілген. Саваджани 1980-жылдардың басынан бері бірнеше рет тұтқындалып, бірнеше жыл түрмеде отырғаны айтылады.

Amnesty International және басқа халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар Саваджаниге қарсы сот процесі әділетсіз болғанын айтып, сынға алған еді.

Киев: Мәскеу Порошенконың жеңісін мойындасын

Украина сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Андрей Дешица.
Мәскеу және Еуропа Одағы өкілдерімен газ мәселесіне қатысты үшжақты келіссөздер қарсаңында Киев Украинаның халық сайлаған президенті Петр Порошенконы Ресейдің мойындауы қажет деп санайды. Бұл туралы Украина сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Андрей Дешица мәлімдеді.

Оның айтуынша, 25 мамыр күні өткен сайлаудағы Порошенконың жеңісін Мәскеу мойындауы керек.

Украинадағы сайлауға дейін Ресей президенті Владимир Путин украиналық сайлаушылардың таңдауын құрметтеуге уәде берген.

Бірақ оның орнына Мәскеу Порошенконың жеңісін мойындамауға бағытталған ақпараттық науқанды бастап кетті дейді Дешица.

Батысшыл Порошенко жеңіске жеткен соң Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер белсенділігін айтарлықтай күшейткен. Билік 31 мамыр күні Донецк әуежайына бүлікшілер жасаған екі шабуылдан Украина әскері қатарынан шығын болған жоқ деп хабарлады.

Сенбі күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сепаратистер қолына түскен өз бақылаушыларының екі тобы жайлы бұрынғысынша хабарсыз қалып отырғанын айтқан еді.

Ресейде тасқын судан мыңдаған адам көшірілді

Көрнекі сурет.
Ресейдің оңтүстік Сібір аймағында тасқын су салдарынан он мыңнан аса адам тұрғылықты жерінен көшірілді.

Алтай аймағында су басқан елдімекендерден 7600 адам көшірілді деп хабарлады Ресей төтенше жағдайлар министрлігі.

Алтай аймағы мен Алтай республикасы, Хакасия және Тувада жарты жүздей елдімекен, төрт мыңнана аса тұрғын үй мен 12 автокөлік жолы су астында қалған. Табиғи апат салдарынан алты көпір бүлінген.

Бұған дейін Алтай аймағы мен Алтай республикасында тасқын су апатынан 6 адам мерт болып, бірнеше адам хабарсыз кеткені туралы ақпарат тараған еді.

Ресейде тікұшақ құлады

Ресейлік Ми-8 тікұшағы. (Көрнекі сурет)
Жексенбіде Ресейдің Мурманск облысында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырағаны туралы РИА-Новости агенттігі хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, тікұшақ бортында барлығы 18 адам болуы мүмкін. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Қалған адамдардың тағдыры белгісіз. Кейбір деректерге қарағанда, тікұшақта аймақтық билік өкілдері, кәсіпорын басшылары отырған.

Тікұшақ адам жетуі қиын аймақта апатқа ұшыраған. Құтқару жұмыстарына 96 адам қатысып жатқаны айтылады.

Түркияда полиция шеруді газ бен су шашып таратты

Таксим алаңына барар жолда полиция шашқан жас ағызатын газдан зардап шеккен шерушілер. Стамбул, Түркия, 31 мамыр 2014 жыл.
31 мамыр күні Түркиядағы бірнеше қалада полиция жасағы үкіметке наразылық шерулерін күшпен таратты.

Стамбулда биліктің ескертуіне қарамастан қаладағы Таксим алаңына үкіметке қарсылық шеруіне шыққан жүздеген адам полицияның тосқауылына кезікті. Үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен шеруге қатысушыларға полиция көзден жас ағызатын газ бен су шашқан.

Ел астанасы Анкара қаласында да полиция шерушілерге қарсы жас ағызатын газ бен су қолданған. Сенбі күні билікке наразылық шерулері Түркияның тағы бірнеше қаласында өткен.

Бұдан тура бір жыл бұрын Стамбулдағы Гези саябағындағы құрылыс жұмыстарына қарсылық акциясы Түркияда соңғы бірнеше жылдың көлеміндегі ең ірі жаппай наразылықтарға ұласқан еді. Наразылықтар барысында бірнеше адам мерт болған.

Кейін Түркия соты Стамбулдағы Таксим алаңын көркейту жоспарына тыйым салды.

Қырымда тағы бір белсенді хабарсыз кетті

Симферополь темір жол вокзалы ғимаратынан украин тіліндегі жазулар алынып жатыр. 22 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымдағы Симферополь қаласында украинашыл тағы бір белсенді жоғалып кеткені туралы хабарланды. 33 жастағы Сейран Зинединов осы апта ішінде хабарсыз кеткен үшінші адам болып отыр.

Әйелінің айтуынша Зинединов мамырдың 26-сы күні жоғалып кеткен серіктесі Тимур Шаймардановты іздестіру жұмыстарымен айналысып жүрген. Ол 30 мамыр күні кешке Шаймардановтың туыстарымен кездескен, бірақ сол күні үйіне оралмаған. Қазір оның мобиль телефоны өшіп тұр.

Бұған дейін, 25 мамыр күні Қырымда украинашыл белсенді Леонид Корж хабар-ошарсыз кеткен еді. Шаймарданов сияқты Корж да үйінен шыққан соң қайтып оралмаған.

Туыстары мен достары белсенділердің жоғалуын олардың Қырымды Ресейге қосуға қарсы болғанымен байланыстырады.

Бес жыл тұтқында болған АҚШ сарбазы босатылды

Ауғанстанда бес жыл тұтқында болған АҚШ сержанты Боу Бергдал.
Ауғанстанда бес жыл тұтқында болған АҚШ сержанты Боу Бергдал сенбі күні бостандық алды. АҚШ үкіметі оны Кубадағы Гуантанамо базасында түрмеде отырған Талибанның бес адамына айырбастаған.

АҚШ президенті Барак Обама Бергдалдың туған жеріне оралуын отандастары қуанышпен күтіп отырғанын мәлімдеді. 28 жастағы сержанттың тұтқыннан босап шыққаны туралы оның ата-анасына президенттің өзі хабарлаған.

Ауғанстанның шығысындағы Пәкістанмен шекаралас аймақта Бергдалды қайтарып алу операциясына АҚШ арнайы әскерінің ондаған сарбазы қатысқан. Ресми ақпарат бойынша, Баграмдағы әскери база ауруханасына жеткізілген соң Бергдалдың денсаулығын дәрігерлер тексереді. Оның денсаулық жағдайы қалыпты екендігі хабарланды.

АҚШ сержантына айырбасталған Гуантанамода тұтқында болған бес адам осы іс бойынша келіссөздерде арағайындық жасаған Катар билігіне тапсырылады.

Боу Бергдал осы уақытқа дейін Ауғанстан территориясында талибтердің тұтқынында қалып келген жалғыз АҚШ сарбазы деп хабарланған. Оның тұтқынға қалай түскені осы күнге дейін белгісіз. Бұған «Хаккани» террористік тобының қатысы бар болуы мүмкін деген болжам бар.

Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген бостандыққа шықты

#FreeOrken хэштегімен бірге Facebook әлеуметтік желісінде тараған Өркен Жоямергенді қолдау суреті. Авторы - Ардақ Қатарбаев есімді қолданушы.
Астанада әкімшілік соттың шешімімен төрт тәулікке қамауға алынған Азаттық тілшісі Өркен Бисенов (лақап аты – Жоямерген) 1 маусым күні таңертең бостандыққа шықты.

Мамырдың 27-сі күні Астана маңындағы Ильинка кентінде Еуразия Одағына қарсы жергілікті белсенділердің жиынына хабар дайындауға барған Өркен Бисеновті полиция ұстаған еді. Полиция ұсталғандардың үстінен бірнеше тұрғыннан шағым түскенін айтқан. Шағым иелері Еурпазия Одағына қарсы жиынға қатысушылар өздерін балағаттап, кейбірі тіпті «қол жұмсағаны» туралы арызданған. Істі түнімен қараған әкімшілік сот «ұсақ бұзақылық жасаған» деген айыппен он адамды үш тәуліктен төрт тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған еді.

Қамалған журналистер мен белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамай, оларға қарсы жазылған шағымды «Еуразия Одағына қол қойылатын күн қарсаңындағы арандатушылық» деп сипаттады.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы компаниясы тілшісі Өркен Бисеновтің қамауға алынуын айыптап, бұл оқиғаны сөз бостандығын бұзу деп атады.

Абхазияда кезектен тыс президент сайлауы белгіленді

Сухумидегі оппозиция шеруі. 31 мамыр 2014 жыл.
Грузияның жікшіл Абхазия аймағының орталығы Сухуми қаласында оппозицияны қолдайтын жүздеген адам президент сарайы алдындағы алаңнан тарамай тұр.

Сенбі күні демонстранттар Абхазия парламенті қабылдаған биыл тамыздың 24-і күні Абхазияда кезектен тыс президент сайлауын өткізу және оған дейін президент міндетін атқаруды Халық жиналысы жетекшісі Валерий Бганбеге жүктеу туралы шешімін құптаған болатын.

Абхазия президенті Александр Анкваб Ресейдің Гудаутадағы әскери базасын паналап отырғаны туралы хабарды бұған дейін Абхазия премьер-министрі Леонид Лакербая растаған. 27 мамыр күні Сухумиде оппозицияшыл шерушілер Абхазия президенті кеңсесі орналасқан ғимаратты басып алып, президент Анквабты үкіметті таратуға уәде берген соң ғана босатқан. Шерушілер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Уақытша халық кеңесі құрылатындығын мәлімдеген.

Наразылар президент Анкваб пен премьер-министр Лакербаяның отставкаға кетулерін талап еткен еді.

Бірақ 29 мамыр күні Ресей билігі өкілдерімен кездескеннен соң Анкваб өзінің отставкаға кетпейтінінін және үкіметті таратпайтынын мәлімдеп, президент кеңсесін басып алуды «қарулы бүлік» деп атаған. Лакербая Абхазия парламентінің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін «конституцияға қайшы» деп мәлімдеген.

Назарбаев Порошенконы құттықтады

Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті лауазымына сайлануына байланысты Петр Порошенкоға құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы сенбі күні Ақорда сайты хабарлады.

Қазақстан басшысы жеделхатында Украинадағы президент сайлауының нәтижелері "өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, ішкі саяси тұрақтылыққа қол жеткізіп, қоғамды біріктіруге бағытталған Порошенконың сайлауалды бағдарламасының кеңінен қолдау тапқандығының айғағы екенін" атап өткен.

Назарбаев Порошенконың жауапты қызметіне табыс, ал бауырлас украин халқына татулық, тұрақтылық және бақ-береке тілеген.

Майдан белсенділері баррикадаларды бұздырмады

Майдандағы өрт. Киев, 31 мамыр 2014 жыл.
БАҚ ақпараттарына қарағанда, Украина астанасы Киев қаласында шерушілер биліктің Тәуелсіздік алаңындағы баррикадаларды бұзу жоспарына наразылық ретінде көлік дөңгелектерін жағып, жанғыш зат құйылған құмыралар лақтырды.

Майдан шерушілері өрт сөндірушілерді жанып жатқан дөңгелектерге өткізбей қойған. 1 маусым күні Майдан белсенділері "вече" (халық жиыны) өткізбек.

Мұның алдында Майдан еріктілері 31 мамыр күні Киевтегі алаңды тазалаймыз деп мәлімдеген еді.

Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына құран оқылып, ас берілді. Тоғанас ауылдық округі, Дәдем ата-Жұмағазы Хазрет зираты, 31 мамыр 2014 жыл.
31 мамыр - Қазақстанда 20-ғасырдың 20-50-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Бүгін Алматы, Астана қалаларында, Қазақстанның басқа аймақтарында сталиндік репрессия құрбандарын еске алу шаралары өтті. Бұл шаралар көбінесе азаматтардың қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюы, құран оқуы түрінде болды. Кейбір аймақтардағы еске алу шараларының фотогалереясын мына сілтеме арқылы көре аласыз.

Ал Батыс Қазақстан облысында репрессия және ашаршылық құрбандарына ас берілді. Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округі, Дәдем ата-Жұмағазы хазрет зираты (Орал қаласынан 80 километр) басында өткен асқа жүз шақты адам қатысты. Ас беру шарасында сталиндік репрессия туралы ғылыми баяндамалар жасалып, келген жұрт «Ашаршылық» деректі фильмін көрген. Асты Жаһанша Досмағамбетов атындағы және "Дәдем ата хазрет" қоғамдық қорлары ұйымдастырған.

Сталиндік қуғын-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан 4 миллиондай Қазақстан азаматы зардап көрді. 1920-30-жылдардағы ашаршылықтан түрлі дерек бойынша қазақ халқының жартысына жуығы қырылды. Тек Қазақстанда 20 мыңнан астам адам түрмеге қамау, ату сияқты қатал жазаға кесілді. Осы жылдары немістер мен чешендер, Қырым тартарлары және басқа ұлттар Қазақстанға жаппай жер аударылды.

Оппозиция «Азаматтық кеңес» құрды

Қазақстан демократиялық күштерінің құрылтайына қатысушылар. Алматы, 31 мамыр 2014 жыл.
31 мамыр күні Алматы қаласындағы «Қазақ концерт» залында «Ел билігін халыққа қайтарайық» деген ұранмен Қазақстан коммунистік партиясы (ҚПК) мен Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар қатысуымен жиын өтті.

Жиынға Қазақстаннның түрлі өңірінен 1000-ға тарта адам қатысып, Қазақстанның қазіргі экономикалық саясаты мен авторитарық режимін сынаған баяндамалар жасалды. Жиын соңында «жалпыұлттық азаматтық жиналыс» құрылғаны және оның екі тұрақты құрылымы – азаматтық кеңес пен төралқа жұмыс істейтіні мәлімденді.

«Азаматтық кеңесті» басқаратын президиум сайланып, оның құрамына ЖСДП лидері Жармахан Тұяқбай, ҚПК жетекшісі Ғазиз Алдамжаров, «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақыт Түменова, Қазақстанның адам құқықтары бюросы жетекшісі Евгений Жовтис, баспасөзді қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы басшысы Тамара Калеева және басқалар кірді. Кеңестің лидері болмайтыны, оны осы азаматтар бірігіп басқаратыны айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтық кеңес «президенттің өкілеттіктерін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, конституциялық сотты қалпына келтіру, шикізат өндіруші кешендерді кезең-кезеңімен мемлекеттің меншігіне қайтару» т.б. бағытта жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Жиында мамырдың 29-ы күні Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері қол қойған «Еуразия экономикалық одағы туралы» келісім де сөз болып, белсенділер «пайдасынан зияны көп интеграцияны» сынады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, «жалпыұлттық азаматтық жиналысты «Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қоюдан бұрын өткізуге билік тарапынан тосқауыл қойылып, жиын өткізетін орын берілмеген».

Қазақстанда бұл тақілеттес «құрылтайлар» оқтын-оқтын өтіп, «жалпыұлттық» қозғалыстар құрылып тұрады. 2005 жылы, парламент сайлауы қарсаңында «Әділетті Қазақстан үшін» жалпыұлттық оппозициялық қозғалысы құрылды. Оның лидері болып Жармахан Тұяқбай сайланды. Бірақ сайлау нәтижесі бойынша, бұл құрылымның бірде-бір өкілі парламентке өте алмады. Бұдан арғы жылдары қозғалыстың белсенділігі байқалмай кетті.

2013 жылы қарашаның 23-і күні Алматыда Мұхтар Шахановтың жетекшілігімен «Халық өкілдерінің құрылтайы» өтіп, «Қазақ ұлттық кеңесі» құрылған еді. «Халық өкілдерінің құрылтайына» қатысқандардың кейбірі - Балташ Тұрсымбаев, Ғазиз Алдамжаров бүгінгі жиынға да қатысты.

2013 жылдың желтоқсан айында Алматыда бір топ қоғам және оппозиция белсенділері 2014 жылдың ақпан айына қарай «Қазақстан болашағы үшін!» жалпыхалықтық құрылтай ұйымдастыру туралы мәлімдеме жасаған еді.

АҚШ: Қытайдың территорияға таласуы қатерлі

АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел.
АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел "Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі территорияларға таласуы аймақтағы жағдайды шиеленістіреді, халықаралық тәртіпке қатер төндіреді" деп мәлімдеді.

31 мамыр күні Сингапурдағы қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеген Хейгел "АҚШ-тың бұл қауіптен жалтармайтынын", ал Қытайдың "үркітіп-қорқыту" және "біржақты әрекет ету" тәсілдерін қолданып отырғанын айтты. Оның ойынша, Қытайдың мұнысы навигацияға кедергі келтіреді әрі халықаралық нормаларды бұзады.

Хейгел Қытайды "кибертыңшылық жасап отыр" деп те айыптады. Екі апта бұрын АҚШ "бес Қытай офицерінің коммерциялық құпияларды білу үшін америкалық компаниялардың сайттарына бұзып кіргенін" хабарлаған еді.

Хейгел "Пекиннің Солтүстік Кореяның ядролық және баллистикалық зымырандар бағдарламасын қысқарту мәселелері бойынша Вашингтонмен ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс екенін" ескертті. Оның айтуынша, бұл ядролық бағдарламалар да аймақтағы жағдайды шиеленістіреді әрі Қытай мүддесіне қауіп төндіреді.

Медведев Украинаға ТМД-дан шықпауды ескертті

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен оның орынбасары Игорь Шувалов ТМД үкімет басшыларының жинында отыр. Беларусь, Минск, 30 мамыр 2014 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев "Украинаның ТМД құрамынан шығып кете алатынын, бірақ мұны істеген жағдайда еркін сауда аймағының артықшылықтарынан айырылатынын" айтты.

Медведев бұл мәлімдемесін 30 мамыр күні Минск қаласында өткен ТМД үкімет басшыларының отырысында жасады.

Украина билігі парламент қарауына 14 наурыз күні ТМД құрамынан шығу туралы заң жобасын енгізген еді.

Медведевтің айтуына қарағанда, Украинаның ТМД-дан шығу мәселесі Киевтен жоғары лауазымды өкілдердің келмеуіне байланысты қаралмаған.

ТМД-ның Минск отырысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан үкімет басшылары немесе олардың орынбасарлары қатысты.

Ресей президенті Владимир Путин Киевті "қантөгісті тоқтатып", шығыс аймақтар өкілдерімен (үкімет күштерімен қақтығысып жатқан сепаратистерді айтады - ред.) "диалог бастауға" шақырып отыр.

Ресейде шылым шегуге рұқсаттың соңғы күні

Шылым шегіп тұрған Мәскеу тұрғыны. (Көрнекі сурет)
Ресейде барлар мен ресторандарда шылым шегуге салынған тыйым ертең, 1 маусым күні күшіне енеді.

Ресейде 44 миллион адам темекі тартады. 31 мамыр - ресторандар мен барларда темекі шегуге болатын соңғы күн.

Ресейде салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында қабылданған ресторандар мен барларда, пойыздар мен қонақүйлерде шылым шегуге тыйым салатын заң 1 маусым күні күше енеді.

Яғни, ертеңнен бастап дүкендерде шылым жарнамасын көрсетуге болмайды, киоскілерде енді темекі сатылмайды.

Мемлекеттік думаның қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басшысы Сергей Калашников "заң бұзған адамдардың жазаланатынын" айтады.

Ресторан мен бар қожайындары бұл тыйымға наразы. Олардың 80 пайыздан астамы "бұл тыйымның кесірінен клиент азаяды" деп ойлайды.

Абхазия президенті Ресей базасын паналады

Абхазия президенті Александр Анкваб. 28 мамыр 2014 жыл.
Шерушілерден қашқан Абхазия президентінің Ресей әскери базасын паналағаны белгілі болды.

Абхазия премьер-министрі Леонид Лакербая 30 мамыр күні "Александр Анквабтың Ресейдің Гудаутадағы әскери базасында болғанын" растады. Ол "президенттің Ресей базасына жеке басының қауіпсіздігін сақтау мақсатында барғанын, оған қас адамдардың бар екенін" айтты.

27 мамырда аймақ орталығы Сухуми қаласында оппозицияшыл шерушілер Абхазия президенті Александр Анквабтың кеңсесі орналасқан ғимаратты басып алып, президент үкіметті таратуға уәде берген соң ғана босатқан еді.

Бірақ Ресей билігінің өкілдерімен кездескеннен соң, яғни 29 мамыр күні Анкваб өзінің отставкаға кетпейтінінін және үкіметті таратпайтынын айтып, президент кеңсесін басып алуды "қарулы бүлік" деп атаған. Наразылар Лакербаяның да отставкаға кетуін талап еткен еді.

Украина Ресейге қарызының жартысын төледі

ЕО энергетикалық комиссары Гюнтер Эттингер.
Украина Ресейге газ қарызының жартысын төледі. ЕО-ның энергетикалық комиссары Гюнтер Эттингер 30 мамыр күні Берлиннен "Украинаның қарызының жартысын төлегенін, келіссөздердің келесі раунды 2 маусым күні жалғасатынын" хабарлады.

Украина энергетика министрі Юрий Продан "Нафтагаз" компаниясының ресейлік "Газпромның" есеп-шотына 786 миллион доллар аударғанын, ол соманың ақпан мен наурызда алынған газдың қарызын жабатынын" айтты.

Ресей Украинадан "30 мамырға дейін былтырдан қалған қарыздан бастап, берешегін түгел қайтаруды" талап етіп, оның 2 миллиард доллар болатынын хабарлаған еді.

Ресей энергетика министрі Александр Новак "Украинаның ақпан және наурыз айларының қарызын қайтарғанын" растады. Бірақ ол мұны жұма күні кешке айтып, "Газпром" есеп-шотын енді 2 маусымға дейін (демалыс күндері) тексере алмайтынын білдірді.

Обама мен Украина президенті Порошенко кездеседі

АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенкомен оның ұлықтау рәсіміне дейін, яғни ресми түрде қызметіне кіріскенге дейін-ақ кездесе бермек.

Ақ үйдің хабарлауына қарағанда, Барак Обама Петр Порошенкомен 4 маусым күні Варшавада кездеседі. АҚШ президенттері әдетте ұлықтау рәсімі әлі болмаған, қызметіне ресми түрде кіріспеген мемлекет басшыларымен кездеспейтін.

Порошенко Украина президенті қызметіне 7 маусым күні кіріседі. Ақ үйдің кеңесшісі Бен Родс 30 мамыр күні "Варшаваға Порошенкодан бөлек, Қырым татарлары лидерлері де шақырылғанын, Обаманың олармен де кездесетінін" айтты.

Солтүстік Кореяда христиан уағызшы сотталды

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ун (ортада) әскери ұшақтарды тексеріп жүр. 22 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Солтүстік Корея христиан дінінің уағызшысын соттап, оған өмір бойы түрмеде қара жұмыс істеуге үкім шығарды.

Миссионер Ким Чон Вук - Оңтүстік Корея азаматы. Солтүстік Корея билігі оған "тыңшылық жасады", "астыртын әрекет ететін діни ұйым құрмақшы болды" деген айыптар таққан.

Солтүстіккореялық БАҚ ақпараттарына қарағанда, мемлекеттік прокуратура оны өлім жазасына кесуді сұраған. Кимге прокурорлар "мемлекетті төңкеруге тырысты", "мемлекетке қарсы насихат жүргізді", "ел аумағына заңсыз кірді" деген айыптарды да таққан.

Белсенділердің айтуынша, Ким Солтүстік Кореядан қашқан босқындарға шекарада орналасқан Қытайдың Даньдун қаласында баспана мен азық-түлік беріп, көмектескен.

Олардың дерегіне қарағанда, Ким 2013 жылы қазан айында солтүстіккореялық босқындарды іздеу мақсатында Ялуцзян өзенінен (Солтүстік Корея мен Қытай шекарасы осы өзен бойымен өтеді - ред.) өткен. Осы кезде Қытай билігі оны (Даньдун қаласы маңынан) Солтүстік Кореяға ұстап берген.

Google іздеу жүйесінен мәлімет өшіруге мәжбүр

Google іздеу жүйесі. (Көрнекі сурет).
Google компаниясы Еуропа азаматтарына интернеттегі іздеу жүйесінен жеке мәліметтерін өшіріп тастауын сұрайтын жаңа қызмет енгізді.

13 мамырда Еуропа соты іздеу жүйесіндегі "қажетсіз немесе ескірген мәліметтер" сұраныс бойынша өшіріліп тасталуы тиіс деген шешім шығарған еді.

Бірақ Google деректерді өшіру туралы әрбір сұранысты "жеке басқа қол сұғылмаушылық құқығы мен қоғамның ақпаратты білу және тарату құқықтарын назарға ала отырып" қанағаттандыратынын айтады. Компания бұған қоса мемлекеттік лауазымды тұлғалардың "қаржылық алаяқтық жасағаны, сотталғаны, қызметіне немқұрайлы қарағаны немесе қоғамдық бет-бейнесі" сияқты ақпараттар да назарда болатынын ескертті.

Еуропа сотының шешімінің АҚШ-та қалай орындалатыны әзірге белгісіз. Себебі сот шешімі АҚШ конституциясындағы сөз бостандығына кепілдік берілетіні туралы Бірінші түзетуге қайшы келеді.

Google-дің жаңа қызметін Еуропа Одағына мүше 28 мемлекет пен Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцария тұрғындары пайдалана алады.

Ресей: Қырымда "Оңшыл сектор" мүшелері ұсталды

Ресей "Оңшыл сектор" ұйымының мүшесі" ретінде ұстағанын хабарлаған адамдардың бірі - украиналық режиссер және сценарист Олег Сенцов.
Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) арнайы қызмет орындары украиналық "Оңшыл сектор" ұйымының мүшелері делінген төрт адамды Қырымда теракті жасауға дайындалды деген күдікпен ұстағанын хабарлады.

ФСБ таратқан хабарламада ұсталғандардың аты-жөні келтірілген. Олардың арасында украиналық режиссер және сценарист Олег Сенцов та бар. Ол "Симферопольде 11 мамырда теракті жасауға дайындалды" деген күдікпен ұсталған.

Хабарламада күдіктілердің "айыптарын мойындайтын" жауап беріп жатқаны айтылады. Ұсталғандардың үстінен "заңсыз қару сақтады", "террористік ұйым құрып, теракт жасамақ болды" деген айыптармен іс қозғалған.

ФСБ-ның айтуынша, ұсталғандар Симферополь, Ялта және Севастополь қалаларында "теракт жасамақ болған". Ресей арнайы қызметі оларды "бірнеше қоғамдық маңызды орындарды, теміржолдар мен көпірлерді, электр қуатын тарату желілерін жармақ болған" дейді.

"Тінту барысында ұсталғандардан жарылғыш заттар, атыс қарулары, оқ-дәрілер, жанғыш заттар, құрылыс каскалары, улы газдан қорғайтын түтікшелер табылған" дейді ресейлік арнайы орындар.

Ресей Қырғызстанға қаржы бөлмек

Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариев.
Ресей Қырғызстанға Кеден Одағына (КО) кіру үшін 1,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы беретін болды деді Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариев. Оның айтуынша, қаржының 1 миллиард доллары Бішкекке несие ретінде, қалған 200 миллион доллары Қырғызстанның Кеден Одағына кіруінің "жол картасын" іске асыру үшін грант ретінде беріледі.

Қырғызстанынң Кеден Одағына кіруінің "Жол картасына" 29 мамырда Астанада Қырғызстан президенті мен Кеден Одағына мүше елдер (Ресей, Қазақстан және Беларусь) президенттері қол қойған еді.

29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойған.

Абхазияда уақытша президент тағайындалмақ

Оппозиция жақтастары президент кеңсесі алдында шерулетіп тұр. Сухуми, 29 мамыр 2014 жыл.
Грузияның жікшіл аймағы Абхазияда оппозиция 30 мамырда парламенттің төтенше отырысында аймақтың уақытша басшысын тағайындауға бекініп отыр. Бірақ қазіргі президент Александр Анкваб өз еркімен отставкаға кетуден бас тартады.

29 мамыр күні кешке парламент премьер-министр Леонид Лакербаяға сенімсіздік білдіріп, президент Александр Анквабты да өз еркімен отставкаға кетуге шақырған.

27 мамырда аймақ орталығы Сухуми қаласында оппозицияшыл шерушілер Александр Анквабтың кеңсесі орналасқан ғимаратты басып алып, президент үкіметті таратуға уәде берген соң ғана босатқан.

Бірақ Ресей билігінің өкілдерімен кездескеннен соң 29 мамырда Анкваб өзінің отставкаға кетпейтінінін және үкіметті таратпайтынын айтып, президент кеңсесін басып алуды "қарулы бүлік" деп атаған.

Оппозиция 29 мамырда Сухумидің орталығында елде тәртіп сақтау үшін уақытша халықтық кеңес құрылғанын жариялап, Беслан Бутбаны премьер-министр қызметіне ұсынған.

Тағы

XS
SM
MD
LG