Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Египетте президент сарайы маңында жарылыс болды

Египет президенті сарайы алдында зеңбіректен салют беріп жатқан әскерилер. Каир, 8 маусым 2014 жыл.

Каирде бүгін президент сарайына жақын маңда жарылыс болып, полиция қызметкері қаза тапқан. Тағы бірнеше адам жараланған.

Египет ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жарылғыш заттармен жұмыс істейтін мамандар оқиға орнына қашық емес жерден табылған жарылғыш құрылғыны зарарсыздандырып жатқанда өзге бомба жарылған. Жарылыс кезінде резиденцияда президент Абдель Фаттах әл-Сисидің болғаны, я болмағаны әзірге белгісіз.

Бірнеше күн бұрын "Ажнад Миср" деп аталатын радикалды исламшыл тобы Каирдің жарылыс болған ауданында қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне шабуыл жасау үшін бірнеше бомба орнатқандарын мәлімдеген еді.

Экстремистердің шабуылы "Мұсылман бауырлар" қозғалысынан сайланған президент Мұхаммед Мурси былтыр жазда биліктен кетірілгеннен бері жалғасып келеді. Бірақ "Мұсылман бауырлар" қозғалысының мүшелері ол жарылыстарға қатысы барын жоққа шығарады.

Үндістанда құлаған ғимарат орнында құтқару шарасы жүріп жатыр

Құлаған көп қабатты ғимарат орнындағы адамдарды құтқару жұмыстары. Хайдарабад, 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Үндістанның оңтүстігіндегі Ченнаи қаласында құлаған көп қабатты ғимарат астында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Тамилнад штатындағы 11 қабатты жаңадан салынып жатқан ғимарат құрылысы 29 маусымда құлап, 17 адам қаза тапқаны хабарланған еді. Қазірге дейін 30-дан астам адам құтқарылған. Апат болған кезде құрылыс ішінде 90-ға тарта жұмысшы болған.

Штаттың бас министрі Джалалитха Джаярам ғимарат құрылыстың дұрыс салынбауынан құлаған болуы мүмкін дейді.

Полиция алты адамды, оның ішінде құрылысқа жауапты инженерлерді қамауға алған.

Үндістанда ғимараттар жиі құлайды. Сарапшылар оның себебін құрылыс материалдарының сапасыздығы мен қауіпсіздік талаптарының қатаң еместігімен байланыстырады.

Ченнаидағы апаттан бірер сағат бұрын ел астанасы Нью-Делиде де тұрғын үй құлап, 10 адам мерт болған.

Донецкіде тағы бір ресейлік журналист мерт болды

Украина картасы. (Көрнекі сурет).

Украинаның Донецк облысында Ресейдің мемлекеттік "Первый канал" телеарнасының операторы Анатолий Клян қаза тапты. 68 жастағы оператор тележурналистер тобы Донецк облысының украин әскері бекінген бөлімшеге таяу маңға хабар түсіруге барғанда ішінен оқ тиіп мерт болған.

Александр Клян - Украинаның қақтығыс жүріп жатқан шығысын аймағында оққа ұшқан ресейлік үшінші журналист. Бұған дейін 17 маусым күні Луганск облысының түбінде ресейлік "Россия-1" телеарнасының тілшісі Игорь Корнелюк пен операторы Антон Волошин қаза болған еді.

20 маусым күні Украина президенті Петр Порошенко маусымның 30-ына дейін атысты тоқтату режимін жариялағанына қарамастан украин әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында ұрыс жалғасып жатыр.

Солтүстік Корея тағы да зымыран сынады

Солтүстік Корея зымыраны. (Көрнекі сурет)

Солтүстік Корея 30 маусым күні кезекті рет зымыранды сынақтан өткізгенін растады. Бұл туралы хабарлаған ресми KCNA агенттігі зымыранның тек "тактикалық және асқан дәлдіктегі басқарылатын зымыран" екенін ғана айтты. Сынаққа президент Ким Чен Ын қатысқан.

Оңтүстік Корея әскерилері 29 маусым күні Солтүстік Корея қысқа қашықтыққа ұшатын екі "Скад" зымыранын ұшырғанын хабарлаған еді.

Солтүстік Корея бірнеше күн бұрын да қысқа қашықтыққа зымыранын сынақтан өткізген.

26 маусым күні Оңтүстік Корея территориясындағы суларға қарай Солтүстік Кореяның қысқа қашықтыққа ұшатын үш снаряд атқанын хабарлаған.

Солтүстік Корея өткен айда Оңтүстік Корея президентін "жезөкше" деп айыптап, доқ көрсеткен. Ал Оңтүстік Корея "Пхеньян тарапынан арандатушылық әрекет болса қатаң соққы берілетінін" ескерткен.

Қазақстан парламенті демалысқа шықты

Депутаттар жаңа қылмыстық кодекс жобасын талқылау кезінде. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламентінің қос палатасы - мәжіліс пен сенат бүгін, 30 маусым күні үшінші сессиясының жұмысын қорытындылап, қыркүйек айына дейін демалысқа шықты.

Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, үшінші сессия жұмысы кезінде парламент 154 заң жобасын қараған. Олардың 114-ін үкімет, 11-ін депуттардың өздері ұсынған. Парламент барлығы 104 заң жобасын мақұлдап, оның 80-іне президент қол қойған.

Парламенттің үшінші сессиясында мақұлданып, күшіне енген заңдар арасында "Жол жүрісі туралы" заң, үй мен көлік салығына қатысты түзетулер мен өзгерістер, кәсіподақ туралы заң бар. Құқық қорғаушылар бұл заңдардың кейбірін адам құқықтарын шектейді деп, президенттен оларға қол қоймауды сұраған еді.

Президентке қол қоюға жіберілген заң жобалары арасында қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, әкімшілік кодекстері де бар.

Израиль премьері күрдтердің тәуелсіздігін қолдады

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз елін "күрд халқының тәуелсіздікке ұмтылысын" қолдауға шақырды. 29 маусым күні Тель-Авивте сөйлеген сөзінде Нетаньяху күрдтерді "өздерінің саяси ұстамдылығы мен беріктігін дәлелдеген жауынгер халық" деп атады.

Күрдтер Иран, Ирак, Сирия және Түркия территориясын мекендейді. Ирактың солтүстігінде күрдтердің жартылай автономиясы бар. Нетаньяхудың айтуынша, "Әл-Қаиданың" қолдауына ие сүнниттік топтар мен Иран қолдайтын шииттік күштердің белсенділігінің артуы "аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге" мүмкіндік береді.

Израиль премьері бұған қоса көршілес Сирия мен Ирактағы қақтығыстардың таралу қаупі туындап отырған Иорданияға көмек беру қажетін де айтты. Нетаньяху таяу болашақта Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауында әскери әлеуетін сақтап қалуы тиіс дейді.

Донецкіде украин әскері сепаратистер қоршауын бұзып шықты

Украина мен оның Донецк және Луганск облыстарының картасы. (Көрнекі сурет)

Донецк облысының Ленинск ауданында 29 маусым күні ресейшіл сепаратистер тағы бір әскери бөлімді басып алуға әрекеттеніп жатыр деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі.

Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Facebook-тегі парақшасында өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" өкілдері үш айға жуық уақыт қоршауда тұрған украин әскерилеріне қаруларын тастап, сепаратистерге қару-жарақ қоймасын тапсыру туралы ультиматум қойған деп хабарлады.

Аваковтың айтуынша, командир өз бұйрығымен қойманы жарып жіберіп, әскери бөлім территориясынан Ұлттық гвардияның бастан-аяқ қаруланған 300-ден астам сарбазын автоколонналармен алып шыққан. Украин әскерилері сепаратистердің блокпостын бұзып өтіп, антитеррористік операция күштеріне қосылған.

29 маусым күні антитеррористік операцияның баспасөз орталығының өкілі Алексей Дмитрашковский "Украинская правда" басылымына сепаратистер Донецкідегі әуе қорғанысы күштерінің бөлімін басып алып, бірнеше әскериді тұтқынға алғанын хабарлаған.

Ал "Донецк халық республикасының" өкілдері "Интерфакс" агенттігіне зениттік зымыран кешенін басып алғандарын айтқан.

"Ақпараттық қарсыласу" тобының дерегінше, Луганск облысындағы Счастье қаласында украин әскерилерінің тірек пунктіне де шабуыл жасалған. Әзірге адам шығыны туралы ақпарат жоқ.

Египетте ораза кезінде уағыз тақырыбына шектеу қойылды

Каирдегі мешіттердің бірі. (Көрнекі сурет).

Египет билігі мұсылмандар ораза ұстайтын рамазан айында уағыздар тек сенім мен мораль жайлы ғана болуы тиіс деген уәжбен діни уағыз тақырыптарына шектеу қойды.

Египеттің дін істері жөніндегі министрі Мухаммад Мохтар Гомааның мәлімдеуінше, мұсылмандар үшін қасиетті рамазан айында уағыздар адамдарды "бөлуді емес, біріктіруді көздеуі тиіс".

Жаңа шектеу биліктің өткен жылы исламшыл президент Мұхаммед Мурси биліктен кетірілгеннен кейін елдегі діни қызметті бақылауға алудың кезекті әрекеті болып отыр. Соңғы айларда Египеттің жаңа билігі Мурсидің "Мұсылман бауырлар" қозғалысын "террористік ұйым" деп жариялап, қызметіне тыйым салған. Бұған қоса елде наразылық акцияларын өткізуді шектейтін заңдар да қабылданған.

Египеттің дін істері жөніндегі министрі бұған дейін мешіттерде уағызды тек діни қайраткерлердің рұқсатын алған адам ғана оқуына құқық беретін бұйрық шығарған.

Әлемдегі 1.3 миллиардқа жуық мұсылманның көпшілігі үшін рамазан айы биыл 29 маусымда кірді.

Меркель мен Олланд Украина-Ресей келіссөзіне қосылды

Антитеррористік операцияларды жалғастыруды талап еткен шеру. Киев, 29 маусым 2014 жыл.

Еуропа Одағы елдерінің басшылары Украинаның шығысындағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы уақытша бітім мерзімі аяқталар алдында Ресей және Украина президенттерімен келіссөздер жүргізді.

Француз билігінің хабарлауынша, Франция президенті Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Петр Порошенко арасындағы телефон арқылы келіссөздер екі сағаттан астам уақытқа созылған. Келіссөздер кезінде Киев ұсынған "атысты тоқтату мерзімін ұзартып, бітімгерлік жоспарын іске асыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шараларын жасау қажеттігі" талқыланған.

Кремльдің мәлімдемесінде президенттер Порошенконы Украинаның шығысындағы 30 маусымда аяқталатын бітім мерзімін ұзартуға шақырған. Украина президентінің айтуынша, ол бүгін Путин, Меркель және Олландпен жаңа келіссөздер өткізеді.

Бірақ, келіссөздерге қарамастан Украинаның шығысында қақтығыстардың жалғасып жатқаны туралы хабарланды. Ал Киевте мыңдаған демонстранттар атысты тоқтату режимін жойып, антитеррористік операцияларды жалғастыруды талап еткен акциялар өткізді.

Иракта содырлар "ислам халифатын" жариялады

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының мүшесі. Ирак, Мосул, 23 маусым 2014 жыл.

Ирак пен Сирияның бір бөлігін басып алған "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымы өз бақылауындағы аймақтарда "ислам халифаты орнатылғанын" жариялады.

SITE мониторинг жасау қызметінің хабарлауынша, ұйым содырлары бұл мәлімдемені аудио жазба арқылы жасап, интернетте таратқан.

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының өкілі Абу Мухаммад әл-Аднани ұйым жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдади бұдан былай "халиф" және "барлық мұсылмандардың басшысы" саналатынын жария еткен. Әл-Аднанидің айтуынша, "халифат" Сирияның Алеппо провинциясынан Ирактағы Дияла провинциясына дейінгі аумақты қамтиды.

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымы Сирияда Иракпен шекаралас Дейра-эз-Зор қаласының бір бөлігін, Рака қаласын және Алеппо провинциясының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр. Осы айдың басында ұйым Ирактың солтүстік және батыс территорияларын басып алған.

Мұхит Тұрсынов "Қазақстан барысы" атағын жеңіп алды

«Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне берілетін белдіктер. Сурет kazakhstanbarysy.kz сайтынан алынды.

Бүгін Астанада «Қазақстан Барысы» балуандар турнирінің ақтық кезеңі өтті. Елдің ең мықты балуаны атағы үшін 28 адам өзара сынға түсті.

Биылғы жарысқа Қарағанды облысынан қатысқан Асыл Барменов пен Шығыс Қазақстан облысының өкілі Мұхит Тұрсынов арасында өткен финалдық жекпе-жектің негізі уақытында бір-бірін ала алмаған қос балуанға қосымша уақыт белгіленді. Төреші белгі берісімен жылдам қимыл танытқан Тұрсынов, ережеге сәйкес, қоян-қолтық белдесуде қарсыласын белбеуден қапсыра ұстап шеңберден шығарып жіберді.

Дзюдо және самбодан спорт шебері. қазақ күресінен 2011 жылғы әлем кубогының иегері Мұхит Тұрсынов биылғы «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алды.

Ал қола жүлдені қызылордалық балуан Руслан Әбдіразақов иеленді.

Ирак әскері Тикриттен шегінді

Ирак премьер-министрінің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өкілі генерал-лейтенант Кассем Атта баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Бағдад, 28 маусым 2014 жыл.

Иракта үкімет әскері Тикриттен оңтүстікке қарай шегінуге мәжбүр болды. Танктері мен бронетранспортерлері бар, әскери авиация қолдауына сүйенген Ирак армиясы «Ирак және Левант ислам мемлекеті» (ИЛИМ) радикалды тобы басып алған Тикрит қаласын қайтадан шабуылдауға дайындалып жатыр.

Батыс ақпарат агенттіктері қала орталығына баратын жолға ИЛИМ жасағы миналар орнатып тастағаны туралы хабарлады.

Елдің солтүстігі мен солтүстік-батысындағы аумақтарды басып алған исламшылдарды ол жерден ығыстыру үшін Ирак үкіметі ресейлік СУ-25 әскери ұшақтарын пайдаланбақшы. Бұл ұшақтардың алғашқы партиясы Иракқа бүгін жеткізілгені туралы хабар тарады.

Кейбір ақпараттар бойынша, осы ұшақтарды сатып алу туралы Ирак үкіметі жасаған келісім-шарт құны 500 миллион долларға бағаланады.

Шығыс Украинада ұрыстар жалғасып жатыр

Украиналық әскерилер қолға түсірген ресейшіл сепаратистер ұрысқа пайдаланған әскери танк, 27 маусым 2014 жыл.

Өткен тәулікте Украинаның шығысында сепаратистермен болған ұрыста украиналық әскерилерден 5 адам қаза тауып, 17 кісі жараланған. Бұл туралы аймақтағы антитеррорлық операцияның баспасөз хатшысы Алексей Дмитрашковский хабарлады.

Ол Славянск маңындағы әскерилер блок-постын сепаратистер минометтен атқылағанын айтады. Бұл шабуылдан украиналық үш әскери қаза тауып, тағы төртеуі жараланған.

Луганск облысындағы Нижняя Ольховка елдімекені маңында колоннаға жасалған шабуылдан екі әскери қызметші мерт болып, сегіз адам жараланған. Және сепаратистер орнатқан фугас жарылысына тап болған жаяу әскер машинасында отырған украиналық бес сарбаз контузия алған.

Бұған дейін Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысындағы атысты тоқтата тұру мерзімі 30 маусым күнгі сағат 22-ге дейін ұзартылатынын мәлімдеген еді. Бірақ аталған аймақта үкімет күштері мен өздерін өздері жариялаған «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасы» өкілдері арасында қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр.

Ресей Украинаға гуманитарлық жүк жөнелтті

Сібірдегі Красноярск қаласындағы Қызыл Крест ұйымында Шығыс Украинадағы тұрғындарға арналған гуманитарлық жүкті әзірлеп жатқан адам. 20 маусым 2014 жыл.

Гуманитарлық жәрдем жүгі тиелген Ресей төтенше жағдайлар министрлігі Ногинск құтқару орталығының он бір автокөлігі Мәскеу түбіндегі Ногинск ауданынан Ростов облысына қарай шықты. Жалпы салмағы 90 тоннаға жуық жүк негізінен азық-түлік пен ең қажетті тұрмыс заттарынан тұрады, ол Украинаның шығысындағы көмекке мұқтаж жандарға жеткізілмек деп хабарлайды ресейлік ИТАР-ТАСС агенттігі.

Сенбі күні Украина сыртқы істер министрлігі «түпкілікті қабылдап алушы кім екендігі айқын болмауына байланысты» ресейлік гуманитарлық жүкті қабылдау мүмкін еместігін айтып Ресей дипломатиялық мекемесіне нота жолдаған. Бұған қоса Украина тарабы Ресей жағының назарын Біріккен Ұлттар Ұйымы «босқын» деп басына төнген қауіп-қатерден Отанынан тысқары кетуге мәжбүр болған және өз мемлекетінің қорғанышынан қол үзгендерді атайтындығына аударған.

«Донецк және Луганск облыстары Қырым автономиялық республикасы тәрізді Украинаның ажырамас бөлігі болғандықтан, бұл аумақтағы Украина азаматтары босқынға жатпайды» делінген Киевтің Мәскеуге нотасында.

Оған дейін, 27 маусым күні Украина сыртқы істер министрлігі Донецк және Луганск облыстарына және босқындар бар басқа да аймақтарға Ресей тарапының гуманитарлық жүк жіберу ниеті бары жайлы Ресей сыртқы істер министрлігінен нота алған еді.

Үндістанда биік ғимарат құлады

Көпқабатты ғимарат құрылысындағы апаттан зардап шеккен адамды зембілмен әкетіп барады. Хайдарабад, Үндістан, 5 ақпан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Үндістанның оңтүстігіндегі Ченнаи қаласында жаңадан салынып жатқан 11 қабатты ғимарат құрылысы құлады.

Келіп түскен ақпаратта апат салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы 25 адамның қиранды астында қалып қойғаны айтылады. Зардап шеккендердің басым көпшілігі – құрылысшылар. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат құлаған сәтте қатты жауыннан құрылысты қалқалап тұрған өзге адамдар да болған.

Қазіргі уақытта апат болған жердегі құтқару жұмыстары барысында 27 адамның құтқарылғаны хабарланды.

Ғимарат құрылысына жауапты екі адам – құрылыс компаниясының иесі мен оның ұлы қамауға алынған.

Гонконгте бейресми референдум өтіп жатыр

Қытай Халық Республикасы құрылған мемлекеттік мереке күні демократиялық талаптар жазып алып шыққан адамдардың жолын полиция бөгеп тұр. Гонконг, 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Үш жарым миллион сайлаушысы бар Гонконгте демократиялық реформалар өткізу және атқарушы билік басшысын сайлап қою туралы бейресми референдум өтіп жатыр.

Қазіргі кезде атқарушы билік басшысын 1200 адамнан тұратын алқа сайлайды. Қытай билігі жергілікті басшыны тікелей халық сайлайтын жүйені 2017 жылы енгізуге уәде беріп отыр. Бірақ Қытай үкіметі басшылыққа кандидаттар тізімін өз ықпалында ұстағысы келеді.

Бейресми референдумге қатысушылар басшылыққа ұсынылған кандидаттың алдын ала биліктің мақұлдауынан өткенін қолдайсыз ба, әлде қарсысыз ба деген сауалға жауап береді.

Ресми Пекин Гонконгтегі бұл референдумді «заңсыз» деп атады.

19 ғасырдан бастап жүз жылдан аса уақыт британ империясына бағынышты болып келген Гонконг 20 ғасырда Азиядағы ең ірі қаржы орталықтарының біріне айналды. 1997 жылы шілденің 1-інен бастап Қытайға қайтарылды. Содан бері Гонконг арнайы әкімшілік аудан мәртебесіне ие.

Уимблдон: Зарина Дияс 1/8 финалға шықты

Қазақ теннисшісі Зарина Дияс.

Әлемнің 70-ракеткасы саналатын қазақ теннисшісі Зарина Дияс Уимблдон турнирінің үшінші кезеңінде ресейлік Вера Звонореваны ұтты. Алғашқы сетте 7:6 есебімен қазақстандық ұтса, екінші сетте ресейлік теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Ал шешуші үшінші сетте 6:3 есебімен Зарина Дияс жеңді.

Бұған дейін Зарина Дияс осы турнирдің екінші кезеңінде әлемнің 15-ракеткасы испандық Карло Суарес Наварроны ұтқан.

20 жастағы Зарина Дияс осыған дейін Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңіне дейін жеткен еді.

Ерлер арасында әлемнің 53-ракеткасы қазақстандық Михаил Кукушкин үшінші кезеңде әлемдің екінші ракеткасы сербиялық Новак Джоковичтен ұтылып, жарысты аяқтады (7:6. 3:6. 1:6. 1:6).

Уимблдон – теннистен әлемдегі Grand Slam (Үлкен шлем) сериясына кіретін ең ірі төрт турнирдің бірі. Лондонда өтетін жарыстың жүлде қоры 25 миллион фунт стерлингті құрайды.

Теннис турнирі 6 шілде күні аяқталады.

Аргентина вице-президентіне жемқорлық айыбы тағылды

Аргентина вице-президенті Амадо Буду (сол жақта) Армения парламенті жетекшісі Овик Абрамянмен (оң жақта) кездесіп отыр. Буэнос-Айрес, 26 қараша 2013 жыл.

Аргентина вице-президенті Амадо Будуге қарсы коррупцияға қатысты ресми түрде айып тағылды.

Тергеу орындары Буду бұған дейін елдің экономика министрі болып тұрған уақытта ақша басып шығаратын компаниямен мемлекеттік келісім-шартқа отырған кезде жасалған алаяқтық оқиғаларға қатысы бар деген айып таққан.

Қызметте отырған вице-президентке коррупцияға қатысты айып тағу – Аргентина тарихында алғаш рет болып отырған жайт.

Амадо Буду өзіне тағылған айыпты түгелдей жоққа шығарып отыр.

Луганскіде кепілдегі ЕҚЫҰ өкілдерін түгел босатты

Сепаратистер кепілінен босап шыққан ЕҚЫҰ бақылаушыларының бір тобы Донецкідегі қонақүйге жеткізілді. 27 маусым 2014 жыл.

Украинаның Луганск облысында ресейшіл сепаратистер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) соңғы төрт бақылаушысын кепілден босатқаны хабарланды.

Бұл туралы ақпаратты ЕҚЫҰ-ның Украинада мониторинг жүргізетін миссиясы интернеттегі парағында жариялады.

Бұған дейін сепаратистер маусымның 27-іне қараған түні кепілдегі ЕҚЫҰ бақылаушыларының алғашқы тобын – төрт адамды босатқан еді.

Украина президенті Петр Порошенконың Донбастағы жанжалды реттеуге арналған бейбіт жоспарындағы сепаратистерге қойған шарттардың бірі – ресейшілдердің кепілде ұстап отырған барлық адамдарды босатуы жайлы болатын.

ЕҚЫҰ-ның сегіз бақылаушысы бір айдан аса уақыт кепілде ұсталды. Оларды мамыр айының соңында Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер ұрлап әкеткен еді.

Донецк облысында Украина әскеріне шабуыл жасады

Ресейшіл сепаратистер .Донецк, 26 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Донецк облысында маусымның 28-не ауған түні сепаратистер Украина әскерінің екі бекінісіне қарулы шабуыл жасаған. Бұл туралы УНН хабарлады. Адам шығыны туралы ақпарат жоқ.

Түні бойы Краматорск аэродромын атқылаған миномет дыбысы жаңғырып тұрған. "Ақпараттық қарсылық" ("Информационное сопротивление") қоғамдық тобының мәліметіне қарағанда, әскер арасында қаза тапқандар жоқ.

Мұның алдында Украина президенті Петр Порошенко атысты тоқтату туралы біржақты режимді (үкімет әскері оқ шығармайды - ред.) 72 сағатқа, яғни 30 маусымға дейін ұзартқан еді. Киев ЕҚЫҰ миссиясы бақылауымен атысты тоқтатуды, Украина-Ресей шекарасында тәртіп орнатуды, кепілге алынған тұтқындарды босатуды талап етеді.

Өздерін өзі жариялаған Донецк және Луганск "халық республикаларының" өкілдері Порошенконың бұл ұсыныстарын Донбасс аймағынан Украина әскері әкетілген жағдайда ғана орындайтындарын мәлімдеді.

27 маусым күні Брюссельде Украина президенті Петр Порошенко Еуропа Одағымен еркін сауда туралы келісімге қол қойды. Ол "Украина бұл келісім үшін тым қымбат құн төледі" мәлімдеді.

Ирак әскері содырлар басып алған Тикритке келді

Тикриттегі содырлар үкімет полициясынан тартып алған көлікпен жүр. 12 маусым 2014 жыл.

Ақпараттарға қарағанда, мыңдаған Ирак солдаттары ұшақтар мен танкілер көмегімен Тикрит қаласына келген.

Ирак әскері шенеунігінің хабарлауынша, 28 маусым күні тікұшақтар қалаға шабуыл жасаған. 26 маусым күні әуе әскерлері Тикрит университетінің кампусына түскен еді. Десант сол күні содырлармен қақтығысқан.

Осы аралықта Ирак астанасы Бағдат қаласының аспанында АҚШ-тың пилотсыз ұшақтары ұшып жүрді. Ирак қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қарулы пилотсыз ұшақтар Иракқа таяуда келген АҚШ әскерінің қауіпсіздігін бақылауға жіберілген. Америка сарбаздары Иракқа елдегі ахуалды анықтап отыру үшін келген еді.

Кейінгі екі аптада "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының сүннит содырлары елдің солтүстігі мен батыс өңірлерін басып алды. Олар тіпті ел астанасы Бағдатқа жақындап қалған болатын.

Moody's Ресейдің несие рейтінгін төмендетті

Көрнекі сурет.

Халықаралық рейтинг агенттігі Moody's Ресейдің несие нарығы болжамын "тұрақтыдан" "жағымсызға" төмендетті.

Бұл Ресейдің несие рейтингі келешекте тағы құлдырауы мүмкін дегенді білдіреді. Агенттік сарапшылары Ресей экономикасының болашағына жақсы болжам жасап отырған жоқ. Оны эксперттер "Ресейдің Украинаға жасап отырған қысымынан осылай болды" дейді.

Moody's Қырымдағы қақтығыстың Украинаның шығысына жайылуы Ресейдің геосаяси жағдайына әсер етіп тұр, болашақта Батыс Ресейге бұрынғыдан да қатаң санкциялар салуы мүмкін дейді.

БҰҰ: Украина шығысында босқын көбейді

Украина-Ресей шекарасындағы босқындар. Луганск облысы, 20 маусым 2014 жыл.

Украинаның шығысында 16 жарым мың адам үй-жайын тастап, бассауғалап кеткен. Мұны БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі комитеті хабарлады. Бұл елдегі босқындардың жалпы саны сонымен 54 мың адамға жетті.

БҰҰ өкілі Женевада журналистерге Украинаның қақтығыс болып жатқан аймағында босып кеткен елдің соңғы күндері күрт көбейгенін айтқан. Мелисса Флеминг ел ішіндегі босқындардан бөлек, жыл басынан бері 110 мың азаматтың Украинадан Ресейге қашқанын хабарлаған. Оның 11 мыңы Ресей билігіне пана болуға өтініш түсірген.

БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинаның 700-ге жуық тұрғыны Польшаға, Беларуське, Чехияға, Румынияға кетіп қалған.

Астанада мемлекет қажетіне жер алуды тексеруді сұрады

Жерлерін мемлекет қажетіне алуға қарсы тұрғындар. Астана, 28 маусым 2014 жыл.

Астананың 20-дан астам тұрғыны 28 маусым күні жерлерін мемлекет қажетіне алуға және сол жерде тұрған үйлерін бұзуға қарсы митинг өткізді.

Бұл - мемлекет қажетіне алынып жатқан жерлерін даулаушы азаматтардың билік рұқсат еткен төртінші акциясы. Митингіге келген азаматтар президенттік "Нұр Отан" партиясының жанынан мемлекет қажетіне жер алудың қалау жүргізіліп жатқанын тексеретін арнайы комиссия құруды сұрады.

Митингіге келген тұрғынның бірі Ольга Рубахова "бейбіт шеру өткізбек болғандарын, бірақ Астана әкімдігі қаланың шетіндегі арнайы орында митинг өткізуге ғана рұқсат бергенін" айтты.

- "Нұр Отан" партиясы мен жемқорлықпен күрес комитеті жанынан комиссия құрып, мемлекетке қажет деген желеумен жер алу фактілерін тексеруді сұраймыз, - дейді Ольга Рубахова.

Наразылардың айтуынша, билікке айтқан шағымдарынан ешқандай нәтиже шықпаған, енді олардың Астана қаласы аумағына қосылған бұрынғы саяжай территориясындағы жерлерін мемлекет қажетіне алып, үйлерін күреп тастамақ. Наразылар "жер телімдері тым арзан бағаланады және ол мемлекет қажетіне емес, басқа адамдардың қажетіне алынып жатыр" дейді.

Сәуір айында Астана қаласы тұрғын үй басқармасы 2014 жылы қаладағы 17 мыңға жуық саяжайдың биыл 741-і бұзылатынын мәлімдеді. Астана әкімдігі деректері бойынша 2011-2013 жылдары «мемлекет қажетіне» алынған 1 мың 800 бау-бақшаның 1 мың 300 жер телімінде үй-жайлар бар. Жердің арзанға бағалану себебі - олар тұрғын үй құрылысына арналмаған, бақшалық учаскелер.

Қала әкімдігінің айтуынша, бұл жер телімдері коммерциялық мақсатпен емес, «мемлекет қажетіне» ғана алынады. Билік олардың орнына «жаңа ғимараттар, жолдар, парктер мен мәдени-әлеуметтік және тұрмыстық объектілер салынады» дейді.

Эрцгерцог Франц Фердинанд қазасына 100 жыл толды

Австрия эрцгерцогы Франц Фердинанд пен оның әйелі София. Сараево, 28 маусым 1914 жыл. Сурет Сараево музейінен түсірілді.

28 маусым күні Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына түрткі болған, Австрия эрцгерцогы Франц Фердинанд пен оның әйелі Софияның кісі қолынан қаза табу оқиғасына 100 жыл толды.

Оларды серб ұлтшылы Гаврило Принцип Сараево қаласында атып өлтірді. Бұл оқиғаны Боснияда, Сараево қаласында Вена филормониясының концертімен атап өтпек. Шараға Австрия президенті Хайнц Фишер қатыспақ.

Сербия мен босниялық сербтердің кейбір лидерлері бұл концертке бойкот жариялады. Олар эрцгерцогті өлтірген Принципті "славяндар азаттығы үшін күрескен қаһарман" санайды.

Боснияның сербтер тығыз қоныстанған Серб республикасы автономиясы президенті Милорад Додик "Босния халықтарының Франс Фердинанд өліміне қатысты әлі де бір пікірге келмегенін, бұл оқиғаға әркім әртүрлі қарайтынын" айтты.

27 маусым күні Сараево қаласының сербтер көп тұратын шығыс бөлігінде эрцгерцогті өлтірген Гаврило Принципке ескерткіш орнатылды. Бұл шараны Додик ұйымдастырды.

Тағы

XS
SM
MD
LG