Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот Жанұзақовтың ісін заңсыз деп танымады

Марат Жанұзақов, азаматтық белсенді. Алматы, 3 шілде 2014 жыл

Алматы қалалық соты азаматтық белсенді Марат Жанұзақовтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Бұдан бұрын аудандық сот Жанұзақовтың қаржы заңдастыру айыбы бойынша өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі заңсыз деп тану туралы өтінішін қабыл етпеген еді.

2013 жылы "заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастырды" деген айып бойынша қозғалған қылмыстық істе Жанұзақов куәгер ретінде қарастырылған. Былтырғы желтоқсанда іс жабылып, биылғы 30 сәуірде қайта жанданған. Бұл жолы Жанұзақовқа айып тағылып, Алматыдан кетпеу туралы шектеу салынған.

Жанұзақов өзінің азаматтық іс-шараларын оппозициялық тұлға, Францияда қамауда отырған қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов қаржыландырды деген айыптың негізі жоқ деп санайды.

Апелляциялық сот отырысынан соң Марат Жанұзақов пен адвокаты Елена Савинова Азаттықа бұл шешімнің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсіретіндерін айтты.

Марат Жанұзақов - "Балға" қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол қызметіне біржола тыйым салынардан сәл бұрын оппозициялық "Алға" партиясын да басқарған. "Алғаның" жетекшілерінің бірі Владимир Козлов 2012 жылы экстремизм бабы бойынша айыпталып, сотталған еді.

Ондаған өзбек қауіпсіздік қызметкері ұсталды

Өзбекстанда Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 40-қа жуық офицері қызметтен босатылып, тұтқындалды. Өзбекстан үкіметіне жақын дереккөзінің 2 шілдеде Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлауынша, тұтқындалғандар арасында ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі ең ықпалды шенеуніктердің бірі полковник Жавдат Шарифходжаев бар.

Бірақ әзірге қауіпсіздік қызметі офицерлерінің қызметтен босатылғаны, я тұтқындалғаны туралы ресим ақпарат жарияланған жоқ.

Маусым айының басында Өзбекстанда мемлекеттік кеден комитетінің 100-ге тарта қызметкері коррупциялық айыптармен қызметтен босатылып, тұтқындалған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, тұтқындалғандар арасында ұлттық қауіпсіздік қызметінің контрабандамен күрес департаментінің басшысы Азиз Абдурахмонов пен оның орынбасары Азиз Хасанов та бар.

Козловтың жұбайының шағымын қанағаттандырмады

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова ұлы Аленмен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

3 шілде күні Алматы қалалық соты оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың Алмалы аудандық сотының 11 мамыр күнгі шешіміне берген апелляциялық шағымын қарады.

Алмалы аудандық соты 11 мамыр күні Тұрысбекова мен оның жасқа толмаған баласы тұрып жатқан үйін арестен шығару туралы берген шағымын қанағаттандырмай тастаған еді. Алматы қалалық соты да бүгін Тұрысбекованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Алмалы аудандық сотының Козловтың ісі бойынша үйі тәркіленсін деген шешімін күшінде қалдырды.

Тұрысбекованың адвокаты Ольга Ким "Қазақстан заңдары бойынша жалғыз баспанадан айыруға тыйым салынғанын" айтады.

Бірақ прокурор Сара Жылқыбаева сотта "Козлов ісі бойынша шыққан үкімнің преюдициалдық күші бар екенін айтып, бұл сот ол үкімге қарсы шешім қабылдай алмайтынын" ескертті.

Владимир Козлов 2012 жылы күзде жеті жарым жылға сотталған. Ол сот үкімі бойынша тәркіленуі тиіс үй мен басқа да жылжымайтын мүліктердің иесі болып танылған.

Үкім шыққан уақыттан бері үйден басқа, кәмпескеленуі тиіс барлық мүлік мемлекет қазынасына алынған. Ал шағым берілген үйге арест қойылған.

Сенімхат арқылы күйеуінің мүддесін және баласының мүддесін қорғап жүрген Әлия Тұрысбекова қазір осы үйде тұрып жатыр.

Славянск мен Краматорскіні атқылап жатыр

Блокпостта тұрған ресейшіл сепаратист. Славянск, Украина, 1 шілде 2014 жыл.

Украинада 3 маусымға қараған түні Славянск және Краматорск қалалары арттилериядан атқыланды деп хабарлап жатыр әлеуметтік желілерде оқиғаға куә болғандар.

"Краматорскіні сілкілеп жатыр. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ясногорка селосы оқтың астында қалды" деп жазады куәгерлер.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ресейшіл сепаратистер Краматорскінің маңын "Град" қондырғысынан атқылап жатыр. Атқылаудан 30 жеке үй. өнеркәсіптік газ құбыры, қойма мен жанармай станциясы, супермаркеттер бүлінген. Жанармай станциясында жүргізуші қаза тапқан.

Сепаратистер Славянск қаласын да атқылауды жалғастырып жатыр. Оларға украин әскері де артиллериядан оқ жаудыруда. Қалада әлі жарық, су жоқ, байланыс қызметінде де іркіліс бар.

Украин әскерилері Луганск облысының украин-ресей шекарасындағы "Должанский" шекара бекетіне қайтадан бақылау орнатып, жұмысын қайта қалпына келтірген.

"Ақпараттық қарсыласу" тобының жетекшісі Дмитрий Тымчуктың Facebook-те хабарлауынша, 3 шілдеде украин әскерилері ішінде сепаратистері бар автомобильдер тізбегін атқылаған. Бес "Камаз" көлігі қираған. Тымчук бұған қоса 2 шілдеде ұрыста бір украин сарбазы қаза тауып, 18-і жараланғанын айтады.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің дерегі бойынша, елдің шығысында әскери опеарциялар басталған 15 сәуірден бері 200 сарбаз қаза тауып, 619 сарбаз жараланған.

Украинаның қорғаныс миинстрлігінің ақпаратына қарағанда, сепаратистердің қолында 29 әскери отыр.

Жапония Солтүстік Кореяға салған кейбір санкциясын жоймақ

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Токионың Солтүстік Кореяға салған санкцияларының бірқатарын алып тастайтынын хабарлады. Бірақ ол нақты қандай санкциялардың алынып тасталынатынын атап айтпады.

Пхеньян бұдан бұрын осыдан ондаған жылдар бұрын солтүстік кореялық агенттер ұрлап әкеткен жапондықтардың тағдырына қатысты тексеру жүргізуге келісім берген.

Қытай басшысы Си Цзиньпин 3 шілдеде Оңтүстік Кореяға сапармен барған. Келіссөздерде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын дамыту жайы да талқыланбақ.

Солтүстік Корея өткен аптада қысқа қашықтыққа ұшатын бірнеше зымыранын сынаған.

АҚШ шетелдік әуе рейстерінде қауіпсіздікті күшейтеді

Көрнекі сурет.

Таяу күндері бірқатар елдердің әуежайларында АҚШ-қа тіке ұшатын рейстерде қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілетін болды деп мәлімдеді 2 шілдеде АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілдері.

Бірақ министрлік өкілдері нақты қай мемлекеттер мен әуежайларда қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін айтпады. Министрлік тек қауіпсіздік шарасы террористер қазіргі бақылау құралдары анықтай алмайтын жаңа және жетілдірілген жарылғыш құрылғылар жасап жатыр деген ақпаратқа жауап ретінде қабылданғанын айтады.

"Біз жаңа қауіпсіздік шараларын жолаушыларға қосымша ыңғайсыздық танытпайтындай етіп істейміз. Қазір шетелдік құзырлы органдармен тың ақпарат алмасып жатырмыз. Әуе индустриясының басшылығымен де кеңесеміз" деп мәлімдеді министрлік.

Жаңа қауіпсіздік шаралары келесі аптадан бастап енгізілуі мүмкін. АҚШ-тың ішкі рейстерінде қауіпсіздік шаралары бұрынғы күйінде қалады.

Сирияның соңғы химиялық қару-жарағы Италияға жеткізілді

АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Джон Кирби.

АҚШ қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Сирияның химиялық қару-жарағының соңғы партиясы 2 шілдеде даниялық кемемен Италияның солтүстігіндегі Джоя Тауро портына жеткізіліп, одан ары америкалық кемеге тиелді.

Сириядан жеткізілген жүздеген тонна химиялық, оның ішінде нерв жүйелерін зақымдайтын зарин газын жасауда қолданылатын шикізат пен қыша газы енді жойылуға әкетіледі.

Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирбидің айтуынша, химиялық қару-жарақты зарарсыздандыру процесі "бірнеше аптада аяқталуы тиіс".

Сирия өткен жылы АҚШ Дамаск маңында көтерілісшілер мен бейбіт тұрғындарға химиялық қару қолданылды деп, әскери соққы бермек болған соң соң өзінің химиялық қару-жарағын жоюға келіскен. Келісім АҚШ пен Ресейдің қатысуымен, БҰҰ-ның бақылауымен жасалған.

Ресейде қырғызстандық ірі қылмыскер ұсталды

Қырғызстандық қылмыскер Азиз Батукаевтың түрмеде отырған кезі. Нарын, Қырғызстан.

Қырғызстандық ірі қылмыскер, өткен жылы жалған себеппен бостандыққа шығарылған Азиз Батукаев Ресейдің Солтүстік Осетия аймағында ұсталды. Қырғызстан ішкі істер министрлігі өкілінің Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, Бішкек қазір Азиз Батукаевты экстрадициялау мәселесімен айналысып жатыр.

Азиз Батукаев 2006 жылы бірнеше ауыр қылмысқа, оның ішінде депутат пен ішкі істер министрлігінің қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен 17 жылға сотталған еді. 2013 жылы сәуірде Батукаев отырған түрме басшылығы оны аққан ауруымен ауырады деп, босатып жіберген. Бірақ кейін оның денсаулығына жасалған медициналық тексеру қорытындысы жалған екендігі анықталған.

Батукаевтың босатылуына байланысты туындаған жанжалдан ішкі істер вице-министрі Шамиль Атаханов отставкаға кетіп, омбудсмен Турсунбек Акун қызметінен босатылған.

Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев Батукаевты экстрадициялау барлық халықаралық құқықтық талаптарға сай жасалатынын мәлімдеген.

Қытай билігі Шыңжаңда оразаға шектеу қойды

Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласындағы мешіт. (Көрнекі сурет).

Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен студенттерге ораза ұстауға тыйым салды.

2 шілде күні Шыңжаңдағы мемлекеттік мекемелер мен мектептердің сайттарында жарияланған мәлімдемеде оразаға тыйымның мақсаты "азаматтардың игілігін қорғап, оқу орындары мен үкіметтік мекемелерде діншілдікке жол бермеу" екені айтылады.

Қытай коммунистік партиясының жергілікті бөлімшесінің сайтында "партия мүшелері де ораза ұстамауы тиіс" деп жазылған.

Қытай билігінің мұсылман ұйғырлар көп тұратын Шыңжаңда ораза ұстауға тыйым салып келе жатқанына көп жыл болды. Оразаға тыйым соңғы айларда болған бірнеше шабуыл мен жарылыстан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілген кезде салынып отыр.

Ұйғырлардың көпшілігі "құқықтарымызды бұзады" деп Қытай билігіне наразы.

Төрт мемлекет Украинада бітім жасауға келісті

Украина сыртқы істер министрі Павло Клименко (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 2 шілде 2014 жыл.

Украина, Ресей, Германия және Францияның сыртқы істер министрлері Украинаның шығысындағы қақтығыстарды тоқтатуға шара жасауға уағдаласты.

2 шілде күні Берлинде өткен келіссөздерден кейін министрлер бірлесе жасаған мәлімдемеде 5 шілдеден кешіктірмей Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылауымен бейбіт келіссөздер бастау қажеттігі айтылған.

Ресей жағы бітім жарияланғаннан кейін украиналық шекарашыларға шекараның түйісетін тұстарын бақылауға көмектесуге келіскен.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Берлинде өткен келіссөздерді "конструктивті" деп атап, оған қатысушы тараптар "өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінетінін" айтты.

30 маусым күні Украина президенті Петр Порошенко уақытша бітім режимін ұзартудан бас тартып, армия ресейшіл сепаратистерге шабуылдарын қайта жалғастырған.

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің басшысы ұсталды

Қаржы полициясы 2 шілдеде табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановтың ұсталғанын хабарлады.

Құзырлы орган таратқан ақпаратта Оспановтың 1 шілдеде "табиғи монополиялар субъектісіне қамқорлық пен көмек көрсеткені үшін 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен тұтқындалғаны" айтылады.

Қаржы полициясы ресми сайтындағы ақпаратында: "Оспановтың үстінен аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр" деп жазылған.

Әзірше Оспанов пен оның қорғаушылары тарапынан ешқандай мәлімет таратылған жоқ.

Соңғы жылдарда Қазақстанда "жемқорлықпен күрес" науқаны аясында бірнеше министр мен ведомство басшылары "ірі көлемде пара алу" айыбымен ұсталып, істі болған. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 2011 жылы "қызмет бабын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды және мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған еді. 2013 жылы наурызда ол мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

2008 жылы Астанада ұсталған бұрынғы білім және ғылым миинстрі, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сот шешімімен сол жылы күзде «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2009 жылы қарашада ол түрмеден босап шықты.

Статистика агенттігінің бқрынғы төрағасы Анар Мешімбаева да 2014 жылы ақпан айында "бюджет қаржысын жымқырған және қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке қаржылық зиянын келтірген» деп танылып, 7 жылға сотталған.

Алматыда жаңадан сегізінші аудан құрылды

Алматының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Алматы қалалық маслихатының 2 шілде күні өткен кезектен тыс 26-сессиясында Наурызбай деп аталатын сегізінші аудан құру туралы шешім қабылданды.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессияда әкім Ахметжан Есімов "жаңа аудан құру қажеттігі Алматы аумағына облыстан 23 мың 200 гектар жердің қосылуынан туғанын" айтқан.

Есімов "Таяуда қалаға 23 мың 200 гектар аумақтың қосылуынан тек ресми есеп қана бойынша қала халқының саны 1 миллион 665 мың адамға көбейді. Біз президентке қалада жаңа аудан құруды ұсындық, президент оны қолдады" деген.

Наурызбай ауданының аумағы - 6 мың 976 гектар жер. Оған Әуезов ауданының бір бөлігі мен жаңадан қосылған территориялар кіреді. Жаңа ауданда ресим дерек бойынша шамамен 157 мың халық тұрады.

Жаңа ауданның әкімі болып бұған дейін қалалық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметін атқарған Қуаныш Қашқымбаев тағайындалды.

Ресей украин олигархын тұтқындауға сырттай үкім етті

Украинаның Днепропетровск облысының губернаторы, олигарх Игорь Коломойский.

Мәскеудің Басман аудандық соты 2 шілдеде жабық отырыс өткізіп, Украинаның Днепропетровск облысының губернаторы, олигарх Игорь Коломойскийді тұтқындауға сырттай санкция берді.

Ресей билігі Коломойскийді сырттай "кісі өлімін ұйымдастырды, соғыс жүргізудің тыйым салынған әдіс-тәсілдерін қолданды, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді" деп айыптап отыр.

21 маусымда Ресей Игорь Коломойский мен Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваковқа халықаралық іздеу жариялаған. Ресейдің тергеу комитеті Коломойскийге таққан айыптар бойынша Аваковтың үстінен де қылмыстық іс қозғаған.

Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің айтуынша, таяу уақытта тергеушілер Аваковты тұтқындау туралы материалдарды сотқа жібереді.

Маркиннің сөзінше, Аваковтың ісі бойынша Украинадан Ресейге барған үш жарым мыңнан астам адамнан жауап алынып, олардың жартысы жәбірленуші деп танылған.

Коломойский маусымның басында Украина президенті Петр Порошенкоға Донецк, Луганск және Харьков облыстарының Ресеймен шектес 1900 километрге созылатын шекарасына берік қамал салуды ұсынған.

Burger King: Қырымда ресторан ашпаймыз

Симферопольдегі McDonald's мейрамханасы. Көрнекі сурет

Америкалық Burger King жедел тамақтану мейрамханалары Қырымда ашылмайтын болды. Ресейлік "Известия" басылымына Burger King Worldwide компаниясының өкілі Брайсон Торнтон мұндай шешімді компания акционерлері қабылдағанын айтқан.

Burger King-тің Қырымда мейрамхана желісін ашу жоспары сәуірде белгілі болған. Бірақ ол кезде америкалық тағы бір фаст-фуд желісі McDonald's Ресей Қырымды аннексиялаған соң бұл аймақтағы мейрамханаларын жапқан еді.

McDonald's мейрамханалары 3 сәуірде "өндірістік себептерге байланысты" жабылған. Қырымда желінің барлығы үш мейрамханасы - Симферополь, Севастополь және Ялтада болған. Жабылған мейрамханалардың қызметкерлеріне Украина қалаларына ауысу ұсынылған.

Ресейлік франчайзинг ассоциациясының директоры Юрий Михайличенко түбектің мәртебесі заңды түрде танылмағандықтан бір де бір Батыс компаниясы Қырымда жұмыс істеуге рұқсат бермейтінін айтады.

"Известияның" дерегінше, Қырымда батыстық желілердің орнына ресейлік жедел тамақтану орындары ашыла бастаған. Бірақ олар логистика проблемасына тап болып жатыр.

Мухортова қайта психиатрия ауруханасына жатқызылды

Адвокат Зинаида Мухортова

Адвокат Зинаида Мухортованы 2 шілде күні Балқаш қаласындағы психиатрия диспансеріне күштеп жатқызылды. Оның туысы Екатерина Мухортованың Азаттыққа хабарлауынша, таңертең "энергетика компаниясының өкіліміз" деген алты адам есік қаққан. Олар аз уақытқа келіп кетпек болған, 3 шілде Ресейге қайтуға дайындалып жатқан Зинаида Мухортованы Балқашқа ала жөнелген.

"Оның мұнда неге келгенін білмеймін. Жарты жыл үйінде болмаған, қатты сағыныпты. Ісін жапты деп ойлап қалса керек" дейді Екатерина Мухортова.

Балқаштағы психиатрия диспансері бас дәрігерінің орынбасары Рысбек Ысқақов Азаттыққа Зинаида Мухортованың осы емдеу мекемесіне түскенін растады. Оның сөзінше, Мухортованы диспансерге мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімінің негізінде әкелген.

Адвокат Мухортованың басындағы шырғалаң 2009 жылы басталған еді. Ол Балқаштың тағы 5 тұрғынымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаев пен "Нұр Отан" партиясына парламент депутатының үстінен шағымданып хат жазған. Көп ұзамай Мухортованың үстінен "Әдейі жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары кезінде оған "психикалық ауытқуы бар" деген диагноз қойылған. Мухортова қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі түрде емделуі үшін психиатрия диспансеріне жөнелтілген еді.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін Зинаида Мухортовадан олардың пайымдауынша "саяси астары бар" айыптауларды алып тастап, бөлекше ойлайтындарды психиатрия ауруханасында емдету практикасын тоқтатуға шақырған.

Ирак Күрдістаны: Тәуелсіздік референдумын өткіземіз

Ирактың Күрдістан жартылай автономиялы ауданының басшысы Масуд Барзани.

Ирактың Күрдістан жартылай автономиялы ауданының басшысы Масуд Барзани бірнеше айдың ішінде аймақтың тәуелсіздігі туралы референдум өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

BBC-ге берген сұхбатында Барзани "Ирак әлдеқашан тиімді түрде бөлшектеніп кеткендіктен" референдум өткізетін уақыт келгенін айтты. Ол референдумның нақты мерзімі әлі белгісіз болғанымен, мәселе бірер айда шешілетінін жеткізді.

Масуд Барзанидың сөзінше, тәуелсіздік туралы референдум өткізу туралы соңғы шешімді Күрдістан автономиясының парламенті қабылдайды.

"Америка дауысы" радиосына берген сұхбатында Барзани Ирактағы қазіргі жағдайды "хаос және үрейлі" деп атады.

"Қазір 1050 километрге созылатын шекарада біз өзімізге белгісіз террористерге және радикалдық топтарға тап болып отырмыз. Бұл - жаңа ахуал. Ирактың енді қайтып бұрынғы күйіне қайта оралатынына күмәнім бар. Не боларын ешкім білмейді" деді Барзани.

Өздерін сүннитпіз дейтін "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының содырлары өткен айдың басында Ирактың солтүстігі мен батыс аймақтарын басып алған. Сирияның Алеппо провинциясының біраз бөлігін бақылауда ұстайтын ұйым 30 маусымда басып алған аймақтарында "ислам халифатын" орнататынын жариялаған.

"Антигептил" белсенділері наразылық акциясын өткізді

"Антигептил" қозғалысының белсенділері Ресей елшілігінің алдында тұр. Астана, 2 шілде 2014 жыл.

Астанада 2 шілдеде "Антигептил" қозғалысының оннан астам мүшесі Ресей елшілігінің алдында Байқоңыр ғарыш айлағынан улы гептил отыны қолданылатын ресейлік "Протон" зымыран тасығышын ұшырмауды талап етіп, акция өткізді.

Белсенділер 120 адам қол қойды делінген "Протон" ұшырмауды талап еткен хатты Ресей елшілігінің қызметкеріне тапсырған.

Бүгін ресейлік "Протон" зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшырыла бере апатқа ұшырағанына бір жыл толады. Белсенділер апаттан төгілген гептил отынынан зардап шеккендерге арнап дұға оқыды. Дұғада белсенділер өткен айда онкологиялық аурудан қайтыс болды делінген "Роскосмостың" бұрынғы басшысы Владимир Поповкиннің де атын атады.

"Антигептил" өкілдерінің пікірінше, "Протон" апатқа ұшыраған соң бірден Байқоңырға барған Поповкин "гептилден уланған".

Белсенділердің акциясы жарты сағатқа жуық уақытқа созылды. Акцияны полицейлер сырттай бақылап тұрды, бірақ кедергі келтірген жоқ.

2013 жылы 2 шілдеде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. Көп ұзамай 2013 жылғы шілде айында астаналық бір топ эколог пен белсенді "Антигептил" қозғалысының құрылғанын жариялаған.

Борышкерлер Ұлттық банк алдына тағы жиналды

Ұлттық банк ғимаратындағы жазу. Алматы. (Көрнекі сурет)

Бүгін, 2 шілде күні Алматыдағы Ұлттық банк ғимараты алдына Қазақстанның бірнеше облысынан өздерін "борышкерміз" деп атаған 40 шақты адам жиналды.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразылар банктерден ипотекаға алған үйлерінің қарызын жоюды, үйлерін тартып алмауды талап етіп, Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетовпен кездесуге барған. Бірақ банктің күзет қызметі наразыларды ғимарат ауласына кіргізбей, олармен сөйлесуге Келімбетовтің кеңесшісі Гүлбану Зарлыққызы шықты. "Келімбетовтің Алматыда жоқ екенін" айтқан Гүлбану Зарлыққызы "банк басшылығы наразыларды сағат 2-де қабылдайтынын" айтты.

Наразылармен сөйлескен кеңесші "коммерциялық банктердің борышкерлердің қарызын өндіріп беруді сұрап, олардың істерін сотқа жібергенін, ал Ұлттық банк ол банктердің жұмысына араласа алмайтынын" айтады.

Жиын кезінде өзін прокуратура өкілі деп атаған адам наразылар жиыны заңсыз екенін ескертіп, тарауды сұрады. Бірақ наразы жұрт банк басшылығымен кездеспейінше тарқамауға бекінгендерін мәлімдеді.

Азаттық тілшісі Ұлттық банк маңында наразылық жиынын полицейлердің бақылап жүргенін көрді.

Франция экс-президенті Саркозиге айып тағылды

Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози.

Франция прокуратурасы 2 шілде күні бұрынғы президент Николя Саркозиге "пара алды" және "қылмыстық тергеу кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылғанын хабарлады.

Николя Саркози 1 шілде күні Нантер қаласында ұсталып, коррупциялық қылмысқа қатысты 15 сағатқа жуық тергелгеннен соң айыпталып отыр. 30 маусым күні Саркозидің адвокаты мен екі магистраты тергеуге алынған.

Франциялық ақпарат құралдары 59 жастағы Саркозидің магистраттардың бірінен басқа бір қылмыстық іс бойынша "құпия ақпарат алған" деген күдікке ілінгенін хабарлайды. Кейбір ақпараттар бойынша, Саркозидің сайлау компаниясын Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафи қаржыландырған, прокуратура осыны тексеріп жатқан көрінеді.

ЕО Ресейге қарсы жаңа санкцияларын кідірте тұрмақ

Еуропа Одағының туы. (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) Украина дағдарысына байланысты Ресейге жаңа санкциялар салмай қоя тұрмақ. ЕО бұл шешімін аймақтағы жағдайдың әзірге "екіұшты болып тұрғанымен" түсіндіреді.

ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің елшілері санкция салу мәселесін 1 шілде күні Брюссельде талқылады. Бірақ еуропалық кейбір дипломаттардың сөзінше, ЕО елдері "санкциялар салуға дайындықты" жеделдетуге келіскен.

Дипломатттардың бірі "7 шілде күні елшілердің тағы кездесетінін" айтқан. Кейбір деректер бойынша, сарапшылар жекелеген азаматтар мен компанияларға қарсы "жаңа санкциялар пакетін" даярлап жатыр.

27 маусым күні ЕО басшылары Ресейге Украинаға қатысты саясатын өзгертуге үш күн мерзім беріп, талап орындалмаған жағдайда санкцияларды қатаңдататынын ескерткен.

Бұған дейін ЕО Ресей мен Украинаның 60 азаматына және Қырымдағы екі энергетикалық компанияға қарсы санкция салып, олардың активтерін бұғаулап, виза беруге тыйым салған.

Венгрия: Ресейдің газ құбырынан бас тартпаймыз

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан. Белград, 1 шілде 2014 жыл.

Венгрия билігі Украинаны айналып өтіп Еуропаға газ тасымалдайтын "Оңтүстік ағын" (South Stream) құбырының өз территориясынан өтетін бөлігін салатынын мәлімдеді.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Сербияға сапарында сөйлеген сөзінде "Бізге "Оңтүстік ағын" жобасына қатыспаңдар дейтіндердің барлығы энергиясыз қалай өмір сүрудің жолын көрсетсін" деді.

Орбанның мәлімдемесі Еуропа Одағына мүше елдердің арасында Ресейден Қара теңіз, Сербия, Венгрияны кесіп өтіп, Австрияға дейін тартылатын газ құбыры жобасына қатысты келіспеушіліктің тағы бір қырын аша түсті. Еуропа комиссиясы Ресейдің "Газпром" компаниясымен жасалған келісім Еуропаның бәсекелестік туралы заңдарын бұзады деп, еуропалық елдерді Кремльдің қысымына көнбеуге шақырған болатын.

Өткен айда Болгария "Оңтүстік ағын" жобасының өз территориясы арқылы өтетін бөлігінің құрылысын тоқтатқан.

Ал 24 маусымда австриялық OMV компаниясы "Газпроммен" құбырдың Австриядағы желісін салу туралы келісім жасасқан. 17 маусымда Сербия үкіметі құбыр жобасына қатысу ниеті барын тағы мәлімдеген.

Ирактағы ИШИМ мұсылмандарды күреске шақырды

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымы содырлары әскери парад кезінде. Сирия, Ракка провинциясы, 30 маусым 2014 жыл.

Ирак пен Сирияның біраз бөлігін басып алған "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымының жетекшісі Абу Бакар әл-Бағдади әлем мұсылмандарын "әскеріне қосылып, ислам мемлекетін құру үшін бірге соғысуға" шақырды.

1 шілде күні онлайн түрінде пайда болған аудио-жазбада әл-Бағдади өзін "әлем мұсылмандарының басшысы" атайды.

Ирак әскері өткен айда осы ұйымның содырлары басып алған Тикрит қаласын қайтарып алу үшін шабуылдарын жалғастырып жатыр. 30 шілде күні ИШИМ басып алған аймақтарында "ислам халифаты" құрылғанын жариялады.

1 шілде күні Ирактың жаңа парламентінің алғашқы сессиясы өтті. Сессияда депутаттар парламент спикерін сайлай алмай тарқасты.

Берлинде Украинаға қатысты жиын өтеді

Донецкідегі атыс. 1шілде 2014 жыл.

Франция дипломаттарына сілтеме жасаған ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2 шілде күні Берлинде Украина, Ресей, Франция және Германияның сыртқы істер министрлері Украинадағы дағдарысты талқылайды.

30 маусым күні Петр Порошенконың уақытша бітім режимі аяқталып, Украина армиясы мен ресейшіл сепаратистер ұрысты қайта жалғастырған.

Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдеуінше, Петр Порошенко Украинада соғыс қимылдарының қайта жалғасқаны үшін "жауапкершілікті мойнына алған". Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауына қарағанда, сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен телефон арқылы сөйлескенінде Порошенконың уақытша бітім мерзімін ұзартпау шешімі "Украина мемлекетін жаңа қантөгістерге әкеп соқтырған".

БАҚ: Славянскіде 250 сепаратист қаза тапты

Славянскіде блокпостта тұрған ресейшіл сепаратист. Украина, 1 шілде 2014 жыл.

"Украинаның шығысындағы Славянск қаласының түбінде украин армиясының шабуылынан 250-ден астам ресейшіл сепаратист оққа ұшты" деп хабарлайды әскери шенеунікке сілтеме жасаған LB.ua интернет басылымы.

Офицерлердің бірінің айтуынша, сепаратистердің жаттығу лагеріне Днепропетровскінің 25-әуе десантының жеке бригадасы шабуыл жасаған. Офицер "қазір Украина армиясы Новоалександровка ауданындағы сепаратистердің позицияларын атқылап жатыр" дейді.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, сепаратистер Украина әскерінің Карачун тауындағы шебіне шабуыл жасап жатыр.

30 маусым күні Украина президенті Петр Порошенконың атысты тоқтату мақсатында енгізген уақытша бітім режимі аяқталып, ұрыс қайта жалғасқан.

Астанада үлескерлер митингісі өтті

«Тұлпар-8» тұрғын үй кешенінің үлескерлері наразылық шарасын өткізіп тұр. Астана, 1 шілде 2014 жыл

«Тұлпар-8» тұрғын үй кешенінің 30-дан астам үлескері Астанада рұқсат етілген наразылық жиынын өткізді. Олар 6 жыл бойы үй салып бітпей жатқан ASI құрылыс компаниясының мүлкін тұтқындауды талап етті.

Бірнеше ай бұрын құрылыс салушы 49 үлескермен келісім-шартты үзгенін хабарлаған. Компания жер учаскесін алу кезінде қиындық көріп, пәтерлерді салып бітпегенін мәлімдеген.

"2008 жылы дағдарыс кезінде бұл пәтерлерді сатып алғанда біз алғашқы жарна төлегенбіз. Көбіміз - жалақысы аз мемлекеттік қызметкерлерміз. Жиырма пайыздық алдын ала төлемді жабу үшін кейбіріміз несие алдық. Күте-күте шаршадық, пәтерімізді берсін" деді Азаттыққа үлескер Мәдина Балғабаева.

Азаматтық белсенді Махамбет Әбжанның сөзінше, үлескерлер қала әкімдігінен бұл мәселені бақылауға алып, құрылыс компаниясының мүлкін (жерін, есеп-шоттары мен салынып бітпеген секцияларды) тұтқындауды сұрамақшы.

Наразы үлескерлер ASI құрылыс компаниясына бірнеше мәрте арызданса да, еш нәтиже шықпағанын айтты.

Тағы

XS
SM
MD
LG