Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕҚЫҰ өкілі Төлетаева жайлы шешімге алаңдады

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос. Алматы, 11 маусым 2014 жыл.

ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның өзін түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші орындалмағанына өкініш білдірді.

Изабель Сантос жуықта Қазақстанға барған сапарында ресми тұлғалардың "Төлетаеваның мерзімінен бұрын босату туралы өтініші орындалуы мүмкін" деген уәделерін еске салып, бұл шешімге таңырқағанын айтады. Ол бұл істі және елдегі басқа да осындай оқиғаларды бақылап отырмақ.

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының өкілі Исабель Сантос биыл маусымда Қазақстанға барған сапарында түрмедегі оппозиционер Владимир Козловпен жолыққан, ал Жаңаөзен мұнайшылары белсендісі Роза Төлетаевамен кездесе алмаған.

2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарда аяқталуы тиіс.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Украина премьері отставкасы қабылданбады

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк парламентте сөйлеп тұр. Киев, 17 маусым 2014 жыл.

Украина парламенті басым көпшілік дауыспен премьер-министр Арсений Яценюктің отставкасын қабылдамай тастады.

31 шілдеде өткен сессияда қатысып отырған 311 депутаттың 295-і Яценюктің отставкаға кетуіне қарсы дауыс берді. Премьердің отставкасын тек 16 депутат қана қолдады.

Парламент премьердің отставкасына дауыс берер алдында елдің шығысындағы сепаратистерге қарсы әскери операцияны қаржыландыру үшін маңызды заң жобасын мақұлдаған.

Арсений Яценюк 24 шілдеде үкіметтік коалициядан екі партия шығып кеткне соң отставкаға кететінін мәлімдеген. Бірақ отставкаға кету үшін ол парламенттің мақұлдауынан өтуі тиіс болған.

Украина президенті Петр Порошенко парламент пен үкіметті ымыраға келіп, парламенттің жұмысын жалғастыра беруге шақырған.

Еуропа соты: Ресей ЮКОС үшін өтемақы төлесін

Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты бүгін, 31 шілде күні Ресейді ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы акционерлеріне екі жарым миллиард еуро өтемақы төлеуді міндеттейтін шешім шығарды. ЮКОС-тың бұрынғы акционерлері 2011 жылы компанияға заңсыз тексеру жасап, басып алды деп шағымданған еді. Шағым бойынша шешім соттың ресми сайтында жарияланды.

Бұрынғы акционерлер Ресейден шығын ретінде 98 миллиард еуро өндіріп беруді сұраған.

Ресей әділет министрлігі соты шешімін "әділетсіз" деп сынап, оған шағымданатынын мәлімдеді. Ресей шешімнің үстінен үш ай ішінде шағымдана алады.

Бұған дейін халықаралық Гаага соты да ЮКОС акционерлерінің Ресейдің үстінен берген шағымын қараған. Сот Ресейді бұрынғы акционерлерге 50 миллиард АҚШ долларын төлеуге міндеттеген. Ресей шешімге шағым білдірмек.

Көші-қон полициясы: Резвинская әзірге босқын емес

Қазақстанда "босқын мәртебесі берілді" деп хабарланған Украина азаматына әлі мұндай мәртебе берілмеді.

Бұл туралы Азаттыққа Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Рима Асқарбекова хабарлады.

- Светлана Резвинская тек босқын мәртебесін сұрап өтініш қана берді. Өтініші үш ай қаралады. Мұнан соң арнайы комиссия оған босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін шешеді. Өтініш берген кез-келген адамға босқын мәртебесін сұрағаны туралы куәлік беріледі. Оның мерзімі тек үш ай ғана. Резвинскаяға мұндай құжат 28 шілде күні берілді, - дейді Рима Асқарбекова Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Светлана Резвинскаяның «босқын мәртебесін алғаны» туралы хабарлаған еді.

Рима Асқарбекованың айтуынша, Светлана Резвинская Қазақстанға екі баласымен келген. Қазір Петропавл қаласында балаларымен тұрып жатыр. Ал қалған екі баласы мен күйеуі, енесі Украинада қалған.

- Светлана Резвинскаяның өзі Қазақстанда туған. Ол мұнда тек уақытша тұрғысы келеді, яғни жағдай орныққан соң қайтқысы келетінін білдірген, - дейді Асқарбекова.

Азаттық тілшісі әзірге Светлана Резвинскаямен хабарласа алмады.

Маусым айының соңында Украина азаматы Светлана Резвинскаяның төрт және тоғыз жастағы баласымен бірге Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны туралы хабарланған болатын.

Ресей Украина шырынына тыйым салды

Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғайтын "Роспотребнадзор" агенттігі бүгін, 31 шілдеде "тиісті мемлекеттік тіркеуден өтпеген" деп Украинадан жеміс шырындарын импорттауға тыйым салынғанын хабарлады.

Ресей бұған дейін Украинаның сүт өнімдері, консервіленген көкөністер, көкөніс пен балық тасымалдауға тыйым салған. 30 шілдеде Ресейдің экономика миинстрлігі Украина тауарларына импорттық салық салу регламентін түзген.

Ресей 30 шілдеде 1 тамыздан бастап Польшадан көкөніс пен жеміс-жидектің барлық түрін тасымалдауға да тыйым салған. Мұның алдында Молдовадан көкөніс әкелуге де шектеу қойылған еді.

Еуропа Одағы мен АҚШ бірер күн бұрын Мәскеудің Украинаның шығысындағы саясатына қарсы Ресейге бірнеше сала бойынша санкциялар салған. Батыс елдері мен Киев Ресейді Украинаның шығысында үкімет әскерімен соғысып жатқан сепаратистерді қолдап, көмек беріп отыр деп айыптайды.

Туыстары жазасын өтеушілер "қарнын тілді" деген түрмеге барды

Қазақстандағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет).

Шымкент қаласындағы ИЧ-167/2 колониясынан үрейлі хабар алған ата-аналар шілденің 31-і күні түзету мекемесіне барып, ұлдарын көрсетуді талап еткен. Бұған дейін бұл колонияда «төрт сотталушы режимге қарсылық ретінде қарындарын тілді» деген сыбыс тараған болатын.

Өзінің Ақтөбе облысынан келгенін айтқан Айтолқын есімді әйел бүгін колония бастығы Ғалымжан Махамбетовпен және мекеме дәрігерімен кездескенін айтты. Алайда ол ұлын көре алмаған.

- Мекеме бастығы ұлымның түрменің ішкі ережесін бұзып, карцерге қамалғанын, ол жерден тамыздың 3-і күні шығатынын айтып, 4-і күні кел деді. Өз-өзіне қол жұмсауы туралы сұрағанымда «бәрі жалған, ешкім жарақат алған жоқ» деп дәрігермен де сөйлестірді. Интернетке ақпарат түскеннен кейін сотталушылардың бәрін дәрігерлер тексерген. «4-і күні келем, баламның үсті-басын тексерем, баламыз үшін келдік» дедім, - дейді ол.

Ұлының жағдайын білу үшін келген тағы бір ата-ана да колония басшылығынан дәл сондай жауап алғанын айтады. Енді олар тамыз айының басында ұлдарын көруге бармақшы.

Бұған дейін Шымкент қаласындағы туберкулезге шалдыққан сотталушыларға арналған ИЧ-167/2 түзету мекемесінде төрт сотталушының режимге қарсылық ретінде қарындарын тілгені туралы ақпарат шыққан еді. Сотталушылардың бірінің туысы Азаттық тілшісіне «балаларымыз еш ем алып жатқан жоқ, удай дәрі береді, тамақ бермейді, түрме ішінде ұрып соғады, денсаулықтары жарамаса да жер қаздыртып, жүгіртеді, түрме ішінде өлім көп» деп шағымданған болатын.
Ал мекеме бастығы Ғалымжан Махамбетов «қарнын тілді» деген ақпаратты жоққа шығарған.

«Қылмыстық атқару" кодексінде емдеу мекемесінде сотталушылар жұмыс істемесін деген бап жоқ. Жұмысқа жарамдылары жұмыс істейді. Туберкулезге қатысты дәрілердің күшті екені рас, бірақ оны денсаулық сақтау министрлігі бекіткен. Өздігімізден дәрі шығармаймыз ғой» деп жауап берген Махамбетов.

Сотталушылардың туыстарының айтуынша, бұған дейін ондаған сотталушы бас прокуратураға түрмедегі жағдай туралы шағым жазып, соның ізінше түрме әкімшілігі шағым жазғандарды «жазалай бастаған». Алайда колония бастығы «сотталушыларды жазалау» туралы ақпаратты жоққа шығарып, тек дәрілердің нашарлығына байланысты колонияда тексеру басталғанын айтқан еді.

Standard&Poor's: Аргентина - жартылай дефолт

Нью-Йорктегі Standard & Poor's халықаралық ұйымының кеңсесі. (Көрнекі сурет).

Халықаралық Standard&Poor's рейтинг агенттігі "Аргентина жартылай дефолт жағдайында тұр" деп жариялады. Агенттік мұндай тұжырымға Аргентина АҚШ-тан алған несие өсімін - жарты миллиард долларды қайтармағандықтан келген.

Standard&Poor's мәлімдемесі Нью-Йоркте 30 шілде күні өтетін несие берушілер мен Аргентина делегациясы келіссөздеріне бірнеше сағат қалғанда жарияланды. Аргентина қаржы министрі Аксель Кисильоф бастаған делегация Нью-Йоркке несие берушілермен мәміле жасауға келген еді. Бірақ келіссөзден нәтиже шықпады.

Баспасөз жиынында сөйлеген Кисильоф "Аргентина несие берушілермен ел болашағына қауіп төндіретін келісімдер жасамайтынын" айтқан. Бірақ кейін оның өкілі келіссөздер жалғасатынын мәлімдеді.

Австралия: Ұшақ құлаған жерден әлі 80 мәйіт табылуы мүмкін

Малайзия жолаушылар ұшағы құлаған жерде тұрған ресейшіл сепаратист. Украина, Донецк облысы, 17 шілде 2014 жыл.

Австралия сыртқы істер министрі Джулия Бишоп Украинаның шығысындағы малайзиялық ұшақ құлаған жерден әлі 80-нен астам мүрде табылуы мүмкін деп мәлімдеді.

Джулия Бишоп "Украина билігінің Австралия мен Нидерланд полициясы мен сарапшылардың ұшақ құлаған жерге баруын қолдағанын, бірақ ол аймақта ұрыс жүріп жатқанын" айтты. Ол "сарапшылардың апат орнына баруына Ресей ерекше кедергі келтіріп жатыр" деген қаупін білдірді.

Халықаралық сарапшылар тобы Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыстар салдарынан соңғы төрт күн бойы ұшақ құлаған жерге бара алмады.

Украина әскері ұшақ құлаған аймақтың (Донецк пен Луганск облыстарының аралығы) бір бөлігін ғана бақылап отыр.

17 шілде күні Украинаның Донецк облысындаңы ресейшіл сепаратистер шоғырланған аумаққа Малайзия әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағы құлап, бортындағы 298 адам түгел қаза тапқан еді. Ұшақты жерден зымыранмен атқан деген болжам бар.

АҚШ конгресінде Обамаға қарсы шағымға дауыс берді

АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 29 шілде 2014 жыл.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 30 шілдеде президент Барак Обамаға "өзіне берілген конституциялық өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айып бойынша сотқа шағым түсіруді дауысқа салды.

Өкілдер палатасында көпшілікті құрайтын Республикашыл партияның 225 өкілі шағым беруді қолдап, Демократиялық партияның 201 өкілі қарсы дауыс берді. Тек республикашыл бес конгресмен ғана шағымға қарсылықтарын білдірді.

Республикашылдар Обаманы конституцияда міндеттелгендей конгресспен кеңеспей бірқатар ішкі және сыртқы саяси мәселелер бойынша шешімдер қабылдады деп айыптайды. Олар президентті Ауғанстанда тұтқынға түскен америкалық сарбазды Гуантанамо түрмесінде отырған "Талибанның" бес мүшесіне айырбастау туралы шешімді, иммиграциялық мәселелер мен медициналық сақтандыру саласын реформалау шешімдерін конгресстің келісімінсіз қабылдады деп айыптайды.

Ақ үй мен Обаманы қолдайтын демократ конгресмендер республикашылдардың бастамасын "саяси айла-шарғы" және "уақытты босқа шығындау" деп атайды.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, өкілдер палатасы президенттің үстінен шағым түсіргеннің өзінде соттың оны қарауға келісетіні, я келіспейтіні белгісіз. Өкілдер палатасы шағым беруші болуы үшін Барак Обаманың шешімі палатаға қандай да бір зардап келтіргенін дәлелдеуі қажет.

АҚШ сенаторы: Украинаға әскери көмек беру керек

АҚШ-тың Демократиялық партиясының сенаторы Карл Левин.

АҚШ сенатында ықпалы бар, Демократиялық партия мүшесі, сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитет төрағасы Карл Левин Украинаға әскери көмек көрсетуге шақырды. АҚШ президенті Барак Обама бұған дейін бұл ұсыныстан бас тартып келген.

Вашингтонда 30 шілде күні өткен құпия брифингтен соң Карл Левин "әскери көмек арандату сипатында емес, бронь бұзатын техника, оқ-дәрілер мен "жер-әуе" санатындағы зымырандар жеткізу түрінде жасалуы тиіс" деп мәлімдеді.

29 шілде күні Обама "Украина сепаратистерге қарсы тұра алмай жатқан жоқ" деп, Киевке мұндай әскери көмек беру ықтималдығын жоққа шығарған.

Бірақ Левин Ақ үйдің уәжін сынап, "Президенттің сөзі мені қанағаттандырған жоқ. Ол тек мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне үміт ететінін айтты" деді

Бұған дейін бірқатар республикашыл конгресмендер Киевке әскери көмек беру туралы ұсыныстар жасаған. Бірақ демократтар тарапынан ұсыныстар сирек айтылған еді.

АҚШ-тың Украинаға берген көмегі 33 миллион АҚШ долларына жетті.

Италия соты: Шалабаева заңсыз депортацияланды

Қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа.

Италияның жоғарғы кассациялық соты 30 шілдеде қазақстандық оппозицияшыл саясаткер Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаның Қазақстанға депортацияланғаны "заңсыз болды" деген шешім шығарды. Бұл жайында Италияның ANSA агенттігі хабарлады.

Агенттіктің ақпаратына қарағанда, сот 2013 жылғы 31 мамырда шығарылған Шалабаева мен Алуаны Қазақстанға депортациялау туралы ордердің күшін жойған.

Мұхтар Әблязовтың әйелі мен кәмелетке толмаған қызы Қазақстанға 2013 жылы маусым айының басында әкелінді. Депортацияның алдында оларды Италия полициясы арнайы операция жүргізіп ұстаған. Кейінірек Италия үкіметі бұл депортацияның заңсыз екенін мәлімдеп, оқиғаға байланысты Италия ішкі істер министрлігінің шенеунігі кінәсін мойындап, жұмысынан босатылды. Ал биылғы сәуір айында Италия билігі Әблязовтің әйелі мен қызына босқын мәртебесін берген.

Бұрынғы банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязовты Қазақстан үкіметі "экономикалық қылмыстар жасады" деп айыптайды. 2013 жылы маусымның 31-і күні Францияның Муан-Сарту қаласында ұсталған Әблязов қазір сол елде қамауда отыр. Қазақстан, Ресей және Украина оны Франциядан экстрадициялауды сұраған. 2014 жылғы 9 қаңтарда Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласының соты Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды. Кейін оның адвокаттары сот үкімінің үстінен апелляциялық шағым түсірген.

9 сәуір күні Францияның кассациялық соты қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаның біріне экстрадициялау туралы шығарылған әуелгі шешімнің күшін жойды.

Мұхтар Әблязов өзіне қарсы қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Газа секторында шабуылдан 15 адам қаза тапты

Палестиналықтар базарға әуе шабуылынан жараланған адамды әкетіп барады. Газа секторы, 30 шілде 2014 жыл.

Израиль әскери әуе күштерінің Газа секторы маңындағы базарға жасаған шабуылынан 15 адам қаза тауып, 160 адам жараланды. Әуе шабуылының алдында Тель-Авив атысты төрт сағатқа тоқтата тұратынын хабарлаған еді. Бірақ "әскери бөлімдер әрекет етіп жатқан аудандардағы шабуыл тоқтамайтынын" ескерткен.

Шабуылдың бірер сағатқа тоқтайтыны туралы хабарланғанға дейін Израиль Газадағы БҰҰ мектебін атып, кемінде 16 адам мерт болған еді. БҰҰ-ның палестиналық босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегінше, бомбалау кезінде ғимаратты 330 адам паналап отырған.

Тель-Авивтің Газа секторындағы әскери операциясынан 1 мың 300-ден астам палестиналық қаза тапқан. Бұл операция Газа секторынан Израильге қарай зымыран атылғаннан кейін, 8 шілде күні басталды.

Израиль жағынан 56 адам мерт болды.

Назарбаев пен Путин Украина жайын кеңесті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы ахуалды талқылады" деп хабарлайды Қазақстан президентінің ресми сайты.

"Екі ел басшылары Украинадағы дағдарыс пен одан шығу жолдары туралы пікір алысты. Қазақстан президенті бейбіт тұрғындардың, әсіресе әйелдер мен балалардың қаза тауып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, тараптардың атысты тоқтатып, бейбіт келіссөздер бастайтынынан үмітті екенін білдірді" дейді президенттің баспасөз қызметі.

Әңгіме барысында Назарбаев пен Путин екіжақты қарым-қатынас пен Еуразия экономикалық одағын дамыту мәселелерін де талқылаған.

Украинаның оңтүстік-шығысында сәуір айынан бері үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында ұрыс жүріп жатыр. БҰҰ-ның соңғы дерегі бойынша, қақтығыстардан құрбан болғандар саны мыңнан асқан.

ЕО санкция тізімін жариялады

ЕО санкциясына іліккен Ресей президенті Владимир Путиннің серіктерінің бірі Аркадий Ротенберг.

Еуропа Одағы жаңа санкцияларына іліккен Ресей азаматтары мен компанияларының тізімін жариялады. Тізімде Ресей президенті Владимир Путиннің серіктері - Аркадий Ротенберг, Юрий Ковальчук пен Николай Шамалов бар.

Тізімге бұған қоса, Ресей президенті аппараты басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов, өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" "Жоғарғы кеңесі" төрағасы Борис Литвинов, өзін өзі жариялаған "Луганск халық республикасының" "баспасөз хатшысы" Оксана Чигрина, Қырым республикасының ішкі істер министрі Сергей Абисов, Украинаның шығысындағы сепаратистермен байланысы бар Константин Малофеев және сепаратистер жетекшісі Александр Бородай енгізілген.

ЕО санкцияларына "Алмаз-Антей" концерні, "Добролет" әуе компаниясы мен Ресей мемлекеттік коммерциялық банкі ("Роскомбанк") де ілікті. "Роскомбанк" - Ресей Қырымды аннексиялаған соң түбекке қызмет көрсетуге барған алғашқы ресейлік банк.

Үкімет жиынында Украина жағдайы айтылды

Үкімет үйі. Астана.

Бүгін Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен үкімет жиынында Украинадағы жағдайдың Қазақстанға әсері жайлы сөз болды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов, президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин, президенттің көмекшісі Ербол Орынбаев қатысқан жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар Украинадағы ахуалдың ықтимал әсері мен оған қатысты халықаралық оқиғалардың Қазақстан экономикасына ықпалы талқыланған.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талдаған. Президент Назарбаев алдағы уақытта үкіметтің экономика және әлеуметтік дамудың маңызды мәселелеріне арналған кеңейтілген жиынын өткізу қажеттігін айтқан.

29 шілде күні АҚШ пен Еуропа Одағы Украинаға қатысты іс-әрекетіне байланысты Ресейге салынған бірқатар экономикалық санкцияларын күшейткен.

Ресей Польшадан көкөніс әкелуге тыйым салды

Көрнекі сурет.

Ресей 1 тамыздан бастап Польшадан көкөніс пен жеміс-жидектің барлық түрін импорттауға тыйым салды.

"Россельхознадзор" мекемесі басшысы көмекшісінің хабарлауынша, тыйым "Польша жағының сертификаттау талаптарын бұзғанына және өнімдерде карантиндік заттардың табылғанына" байланысты салынған.

Польша Ресей нарығына көкөніс пен жеміс-жидек экспорттайтын басты елдердің бірі. Польша Ресейге жылына құны бір миллиард еуро көлемінде көкөніс пен жеміс-жидек сатады.

ОҚО-да тағы бір адамға кенеден қауіпті дерт жұқты

Кенелер. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысының тағы бір тұрғынына кенеден қырым-конго қанды безгегі жұққаны анықталды.

Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Жұмағұл Медетовтың бүгін Азаттыққа айтуынша, Шардара ауданының 43 жастағы тұрғынынан қырым-конго қанды безгегі анықталған. Науқас өткен аптада шомылуға барғанда денесіне кене жабысқанын байқаған.

23 шілде күні дене қызуы көтеріліп, жергілікті дәрігерлерге қаралған оны бірден ауруханаға жатқызып, арнайы тексеруден өткізген. Дәрігерлер қазір Шардара қаласындағы ауруханада емделіп жатқан науқастың жағдайы қанағаттанарлық екенін айтады. Онымен байланыста болған 9 адам бақылауға алынған. Олардың қауіпті дертті жұқтырмағаны белгілі болды.

"Жыл басынан бері облыста қырым-конго қанды безгегін осымен бесінші адам жұқтырып отыр" дейді Жұмағұл Медетов.

Украинаға қатысты келіссөз Беларусьте өтпек

Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 22 шілде 2014 жыл.

Беларусь өзінде Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) арасындағы келіссөздерді өткізуге келісті.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың 30 шілде күні хабарлауынша, Украина президенті Петр Порошенко телефонмен сөйлескенінде Лукашенкодан Украинаның шығысындағы малайзиялық ұшақ құлаған орынға сарапшыларды жіберу мәселесіне арналған келіссөздерді өткізуді сұраған. Украинаның үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыстардан 29 шілде күні ЕҚЫҰ өкілдері мен құқық қорғау ұйымдары ұшақ құлаған орынға үшінші күн қатарынан бара алмай қалған.

Порошенко бұған қоса келіссөздерде сепаратистер кепілде ұстап отырғандардың босатылу жайы да талқыланғаны жөн деген. Келіссөздердің қашан өтетін әзірге белгісіз.

Келіссөздерге Ресейдің Киевтегі елшісі Михаил Зурабов пен Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма қатысады деген болжам бар.

Бас санитарлық дәрігер қажылықты қоя тұруға шақырды

"Қажылық сапарға" бара жатқан қазақстандықтар әуежайда отыр. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Қазақстанның тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин ел азаматтарын қажылыққа баруды қоя тұруға шақырды. Оның себебін Сауд Арабиясындағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауымен түсіндірді.

"Біз қажылыққа кедергі жасамаймыз. Бірақ халықты аталған жағдай туралы ескертіп, мүмкіндігінше биыл қажылықтан бас тарта тұруды немесе оны жылдың басқа мезгіліне кейінге қалдыра тұруды сұрауға тиіспіз" деді Бекшин.

Екі жыл бұрын Сауд Арабиясынан қауіпті "Таяу Шығыс респираторлық вирусы" анықталған еді. Жандарбек Бекшин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемде бұл індетті 575 адам жұқтырып, оның 202-сі дерттен қайтыс болғаны туралы деректі де келтірді.

Қазіргі уақытта әлемде 17 елде қауіпті вирусты жұқтырған адамдар тіркелген.

Ресей украиналық журналисті елден шығарды

Украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко.

Ресей украиналық ұшқыш Надежда Савченконың сот процесінен хабар таратқан Украинаның "1+1" телеарнасының тілшісі Евгений Агарковты елден шығарды. Украина сыртқы істер министрлігінің Twitter-де хабарлауынша, украиналық журналист Ресейде "аккредитациясыз жұмыс істегені" үшін ұсталған.

Евгений Агарков 18 шілде күні Ресейдің Воронеж қаласында ұсталған. Ол аккредитациясыз жұмыс істегенін Ресей Федералдық миграция қызметіне Украинада өзіне Ресей территориясында жұмыс істеуге рұқсат қажет екенін айтпады деп түсіндірген. Воронеждің аудандық соты оған екі мың рубль айыппұл салып, елден шығаруға шешім шығарған.

Евгений Агарков Воронежде украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченко туралы сюжеттер түсірген. Ресей билігі Савченконы Бүкілресейлік мемлекеттік телерадио компаниясының (ВГТРК) журналистері Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің өліміне қатысы бар деп сотқа тартып жатыр.

Роза Төлетаеваның өтінішін сот қанағаттандырмады

"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы жұмысшысы, ереуілдеген мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл.

Бүгін Ақтау қалалық соты жазасын өтеп жатқан жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл туралы азаматтық белсенділер Ғалым Ағелеуов пен Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Роза Төлетаева қазір Атырау қаласындағы қоныстандыру колониясында отыр. Мұнда ол осы жылдың басында ауыстырылған.

2011 жылы Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың ереуілін қорғаған Роза Төлетаева 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған. Ол түрмеде отырғанында азаптауға ұшырады деген шағымдар болған. 2013 жылдың тамызында апелляциялық сот оның жаза мерзімін жеті жылдан бес жылға азайтқан. Төлетаеваның жаза мерзімі 2017 жылдың 2 қаңтарда аяқталуы тиіс.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ұрлық жасау", "қарақшылық жасау" айыптары бойынша барлығы 37 адам сотталған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Атом бомбасын тастаған соңғы ұшқыш қайтыс болды

Хиросиманы бомбалауға ұшып шығар алдында Enola Gay ұшағында отырған ұшқыш Пол Тиббетс. Тамыз, 1945 жыл.

Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасын тастаған америкалық бомбалаушы ұшақ экипажының соңғы мүшесі Теодор Ван Кирк қайтыс болды. Бұл туралы оның ұлы хабарлады.

93 жастағы Теодор Ван Кирк соңғы жылдары АҚШ-тың Джорджия штатында қарттар үйінде тұрған.

Ван Кирк Хиросимаға атом бомбасын тастаған "Superfortress" типіндегі Б-29 стратегиялық бомбалаушы ұшағының штурманы болған. Қазір АҚШ-тың Авиация және космонавтика мұражайында тұрған бұл ұшақты экипаждың тағы бір мүшесі Пол Тиббетс анасының құрметіне Enola Gay деп атаған.

1945 жылы 6 тамыз күні Хиросима қаласына, үш күннен соң Нагасаки қаласына атом бомбасы тасталып, 200 мыңнан астам адам қаза тапқан. Тарихшылардың көпшілігінің пікірінше, осы оқиғалардан соң Жапония сөзсіз тізе бүгуге мәжбүр болған.

2005 жылы Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Теодор Ван Кирк "жеке әскери тәжірибемнен ұққаным - соғыс пен атом бомбасы ешқандай проблеманы шешпейді және бұл қаруға тыйым салынуы тиіс" деген. Бірақ Enola Gay экипажының бір де бір мүшесі Хиросиманы бомбалағанына өкініш білдіргені туралы дерек жоқ.

Сот «Аңыз адам» редакторына тағы айыппұл салды

«Аңыз адам» журналының үшінші соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00
Жүктеп алу

30 шілде күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Дастан Алыбаев «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға 15 ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 27 мың теңге (шамамен 150 доллар), ал басылым құрылтайшысына – 70 АЕК көлемінде (129 мың теңге, немесе 700 доллар) айыппұл салуға шешім шығарды. Сонымен бірге сот журналдың биылғы сәуір айындағы Адольф Гитлерге арналған тиражын тәркілеуді ұйғарған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәрсенбі күнгі сотта судья Алыбаев «сараптама орталығы маман жоқтығын айтқанын» жеткізіп, бұған дейін дүйсенбі күні өзі тағайындаған сот-филиологиялық сараптамасы өткізілмейтінін хабарлаған. Бұдан соң тараптардың жарыссөзі өтпей, судья іс бойынша шығарған шешімін жариялаған.

Бұған дейінгі шығарылған сот-филологиялық сараптама қортындысында Адольф Гитлерге қатысты журнал мақалаларында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты қоздыру белгілері жоқтығы» айтылып, бірақ сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген еді. Осыған байланысты басылым редакторы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Маусымның соңында Алмалы аудандық соты Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалары үшін басылым редакторы Жарылқап Қалыбайды оның үстінен шағымдаған 13 адамға жиыны 13 миллион теңге (71 мың доллар) төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген. Оның алдында әкімшілік сот «тіркеу деректерін көрсетпегені үшін» басылым редакторына 222 мың теңге (шамамен 1200 АҚШ доллары) айыппұл салған.

Шыңжаңда ондаған адам мерт болғаны хабарланды

Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аудандағы қытай қауіпсіздік күштерінің сарбаздары. (Көрнекі сурет).

Қытай ресми баспасөз құралы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Шаче уезінде 29 шілде күні бір топ қарулы адамның билік мекемелеріне шабуыл жасағаны туралы хабарлады.

Xinhua агенттігінің дерегінше, пышақпен қаруланған белгісіз топ полиция бөлімшесі мен әкімшілік мекемесіне шабуылдап, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Құрбан болғандар - этникалық ұйғырлар мен қытайлар.

Бірақ Мюнхенде орналасқан дүниежүзілік ұйғыр конгресінің өкілі басқадай ақпарат таратты. Конгресстің хабарлауынша, Шыңжаңда демонстранттар мен полиция қақтығысқан, 20 ұйғыр мен 13 полицей қаза тауып, 10 адам жараланған, 67 адам тұтқындалған. Конгресс өкілінің дерегіне қарағанда, ұйғырлар Қытай билігінің қудалауына қарсылық білдірген.

Шыңжаңда мұсылман ұйғырлар көп жылдан бері Қытай билігі өздерін "кемсітіп, қысым жасайды" деп наразылық танытып келеді.

Аймақтағы кез-келген зорлық-зомбылықты ресми Пекин тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды көздейтін "ұйғыр содырлары" мен "сепаратистеріне" жабады.

Косово үкіметі мүшелеріне айып тағылуы мүмкін

Бұрынғы "Косово азат ету армиясы" қолбасшысына қойылған ескерткіш. Приштина, 29 шілде 2014 жыл.

Еуропа Одағының арнайы соты "Косово азат ету армиясы" қолбасшылығының өкілдеріне кісі өлтіру, адам ұрлау және жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысы бар деген айыптар тағуы мүмкін. Бұл жайында 29 шілде күні прокурор Клинт Уильямсонның жасаған есебінде айтылған. ЕО Уильямсонға Косовода 1998-1999 жылдары болған соғыс кезіндегі этникалық сипаттағы қылмыстарды тергеуді тапсырған.

Баяндамада прокурор армия қолбасшылығының өкілдері "Азат ету армиясының" саясатына қарсы шыққан косоволық албандар мен ұлттық азшылықтарға қарсы жазалау кампаниясын ұйымдастырған деген қорытынды жасаған.

Армия қолбасшылығы өкілдерінің көпшілігі 2008 жылы Косово тәуелсіздігін жариялаған соң үкіметте жоғары шенді қызметтерге ие болған.

Уильямсон соғыс кезінде тұтқынға түскен он шақты адам өлтіріліп, олардың дене мүшелері заңсыз сатылғанын дәлелдейтін айғақтар барын айтқан. Бірақ ол айғақтар қылмыстық іс қозғауға әзірге жеткіліксіз екені айтылады.

Тағы

XS
SM
MD
LG