Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Өктешбаев ҮЕҰ бойынша апелляция сотында жеңілді

Есенбек Өктешбаев, азаматтық белсенді. Алматы, 4 шілде 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Есенбек Өктешбаевтың "Халыққа баспанасын қалдырайық" ҮЕҰ-ның басшысы болып қалу хақын даулап апелляциялық сотқа берген шағымы қанағаттандырылмады.

4 шілде күні Алматы қалалық соты Өктешбаевтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты жазған арызын қабылдамады. Аудандық сот 16 мамыр күні азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықованың Есенбек Өктешбаевқа қарсы арызын қанағаттандырған еді. Жақсылықова аталған ҮЕҰ-ның құрылтайшысы етіп өзін тануды және Өктешбаевты ұйымның құжаттары мен мөрін өзіне табыс етуге міндеттеуді сұраған.

Апелляциялық сот аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырған соң Өктешбаев кассациялық сотқа жүгінетінін айтты.

Азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықова "Халыққа баспана беріңдер" атты және бір ҮЕҰ-ды басқарады.

Экс-судьяның апелляция шағымы қайтарылды

Күлпәш Өтемісова сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2014 жыл

Астана қалалық соты бұрынғы Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Апелляциялық коллегия судьясы Максим Қалдығұлов Алматының Алмалы аудандық соты шығарған үкімді сол күйінде қалдырды. 5 мамыр күні шыққан үкім бойынша Өтемісова төрт жарым жылға сотталған. Оған "ауыр зардаптарға ұрындырған (сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірген) заңсыз сот шешімін шығарды" деген айып тағылған болатын.

Ал бұл жолғы апелляциялық сот отырсының өзгешелігі - Алматы мен Астана қалалық соттарының арасында ұйымдастырылған телекөпір болды. Өтемісова Алматы қалалық сотының толық құрамын өз ісін қараудан шеттетуге қол жеткізген. Сондықтан оның апелляциялық шағымын Астана қалалық соты қарады.

Күлпәш Өтемісова Алматы қалалық сотының ғимаратына күзетпен жеткізіліп, монитор арқылы Астанадағы сот отырысын көрді. Оны адвокат Владимир Попов қорғады. Өтемісованың сөзі осы монитор арқылы Астанаға трансляцияланды.

Сотталған бұрынғы судьяның ұлы Сейілбек Өтемісов Азаттыққа бүгінгі сот шешімінің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсірілетінін айтты.

Алматыдан Түркияға ондаған турист ұша алмай қалды

Ұша алмай қалған туристер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

Алматыдан Түркияға туристік сапармен ұша алмай қалған елуге жуық азамат бүгін, 4 шілдеде «Gulnar Tour» туристік компаниясының бас кеңсесіне жиналды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, барлық турист туристік жолдаманы осы компаниядан алған.

Туристер Түркияның бірнеше туристік аймағына 4-5 шілде күндері ұшуы тиіс болған. Азаттық тілшісіне өзін Гүлжан деп таныстырған турист «Бодрумға бүгін (4 шілде) түнде отбасымызбен демалысқа ұшатын болғанбыз. Түс ауа ұшпайтынымызды естідім. Бас офиске келсем, олар ақшаларыңызды қайтарып береміз дейді. Ақшаны қайтарып аламыз ғой, бірақ жазғы демалысымызды Бодрумда өткіземіз деп отырғанда мына жағдайға таң қалып отырмын,»- деді.

Ал компания туристердің не себепті ұша алмай қалғанын айтпайды.

«Gulnar Tour» компаниясына Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері келіп, туристерден арыз-шағым қабылдап жатыр. Құқық қорғау органдары туристік компанияның туристерге ақшасын қайтарып беруін қадағаламақ. «Gulnar Tour» Алматыдан Түркияға ұша алмай қалған туристердің қаржысын толық қайтарып беретіндерін айтады.

2-шілде күні «Gulnar Tour» компаниясының қызметін пайдаланып, Түркияға барған 130 астам қазақстандық турист қазір елге қайта алмай отыр. Олардың елге қайтуын Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі қарастырып жатыр. Министрлік Түркияда қайта алмай қалған қазақстандықтарды 10-шілдеге дейін елге алып келетіндерін айтады.

АҚШ Ирактың тұтастығын қолдады

АҚШ-тың вице-президенті Джо Байден.

Күрдістан автономиясының басшысы Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге шақырғаннан кейін АҚШ ресми позициясын білдірді. Америка Ирактың тұтастығын қолдайды. Ақ үй өкілі Джош Эрнест "Ирак біртұтас болғанда ғана күшті ел бола алады" деп мәлімдеді.

Джош Эрнесттің айтуынша, 3 шілде күні Ақ үйде вице-президент Джо Байден мен Күрдістан президенті штабының басшысы Фуад Хусейн кездескен. Байден кездесуде Иракты біріктіретін үкімет құрудың маңызды екенін айтқан.

3 шілде күні Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани парламентті референдумды ұйымдастыру комитетін құруға және дауыс беру мерзімін белгілеуге шақырған.

Соңғы апталарда Иракта үкімет күштері мен өздерін сүннит санайтын "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының содырлары арасында ұрыс жүріп жатыр. Әуелде Сирияның солтүстігі мен шығысына бақылау орнатқан ұйым маусым айында Ирактың солтүстігі мен батысындағы елді мекендерді де басып алған. Бұдан бірер күн бұрын ұйым басып алған аймқатарында "Ислам халифаты" құрылғанын жариялады.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі басшысы қамалды

Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов қамауға алынды деп хабарлайды бүгін қаржы полициясының баспасөз қызметі. Астана қаласының Алматы аудандық №2 соты 3 шілдеде Оспановты қамауға алуға санкция беріп, ол уақытша ұстау изоляторынан тергеу изоляторына ауыстырылған.

Агенттік басшысына "монополиске көмек және қамқорлық жасағаны үшін 300 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды" деген айып тағылған.

Қаржы полициясы бұған дейін Оспановтың 1 шілдеде тұтқындалғанын хабарлаған. Оспанов агенттікті екі жарым жыл басқарған. Бұған дейін ол Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақстан мен Ресей қорғаныс келісіміне түзету енгізді

Қазақстанның қорғаныс министрі Серік Ахметов.

Қазақстан қорғаныс министрі Серік Ахметов пен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Астанада Екі ел қарулы күштерінің аэродромдарындағы әскери әуе кемелерін қабылдау, техникалық қамтамасыз ету және қорғау туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Құжат жанар-жағармай құюды ұйымдастыру, өзара есеп айырысу процестерін нақтылайды.

Ресей биыл ТМД мемлекеттері қорғаныс министрлерінің кеңесіне төрағалық етеді. Шойгу 3 шілдеде Астанаға қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысуға және екіжақты кездесулер өткізуге келген.

НАТО-ның төрт кемесі Қара теңізге кірді

НАТО-ның екінші тұрақты мина-тралды тобының төрт әскери кемесі Қара теңізге кірді деп хабарлайды әскери-дипломатиялық дереккөзіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі.

Кемелердің біреуі - Италия фрегаты, біреуі - Греция корветі, қалған екеуі - италиялық және түркиялық трал кемелері.

Әскери дереккөздің айтуынша, НАТО кемелері Болгарияның Бургас портына бара жатыр. Мұнда олар Болгария әскери-әуе үштерімен бірлескен "Бриз" деп аталатын жаттығуға қатыспақ.

Украин әскері Славянск түбіндегі селоны қоршады

Славянскіге кіреберісте блокпостта тұрған сепаратист. Украина, 1 шілде 2014 жыл.

Украин әскерилері 4 шілдеде ресейшіл сепаратистермен 3 шілдеден бері соғысып жатқан Донецк облысының Славянск қаласы маңындағы Николаевка селосын толық қоршауға алды.

"Украин әскері авиация мен арттиллерияның көмегімен Николаевка мен оған көршілес Семеновка селосындағы сепаратистердің алты тірек пункті мен оқ-дәрі сақталған қоймаларын жойды. Харьков-Ростов жолының бір бөлігі бақылауға алынды" деп хабарлады антитеррористік операция баспасөз қызметінің жетекшісі Алексей Дмитрашковский.

Оның айтуынша, ұрыста екі әскери қаза тауып, төртеуі жараланған. Сепаратистер кемінде 150 адамынан айырылған. Бірақ бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөзінен анықтау әзірге мүмкін болмай тұр.

Луганскіде сепаратистер украин десантшылары күзетіп тұрған әуежайды миномететн тағы атқылаған. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, әуежайға қарата 25 мина атылған. Бұған дейін сепаратистердің украин әскерилеріне азық-түлік тасымалдап жүрген ұшақты атып түсірмек болғаны хабарланған. Әуежай маңын сепаратистер миналап тастағандықтан азық-түлік ұшақпен жеткізіліп тұрған.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенконың айтуынша, Донецк мен Луганск облыстарында антитеррористік операциялар басталған 15 сәуірден бері 197 әскери қаза тауып, 665-і жараланған.

Египетте қақтығыстардан бес адам қаза тапты

"Мұсылман бауырластар" қозғалысныың жақтастары мен полиция арасындағы қақтығыс. Каир, 3 шілде 2014 жыл.

Каирде 3 шілде күні бомба жарылысы және полиция мен демонстранттар қақтығысынан бес адам қаза тапты.

Мыңдаған египеттік Каирде бұрынғы президент Мұхаммед Мурсидің биліктен тайдырылғанына бір жыл толуына байланысты акцияға шыққан. Бірақ орталық Тахрир алаңын қауіпсіздік қызметі бронды техникамен жауып тастағандықтан, тұрғындар орталыққа жақын тар көшелерге жиналып, полиция оларды тез таратты.

Amnesty International халықаралық ұйымының дерегінше, Египетте адам құқықтарының жағдайы билікке Мурсиден кейін әскерилер келген бір жыл ішінде күрт нашарлаған. Мурсидің жақтастары мен басқа да наразыларды қудалау кезінде 16 мыңнан астам адам тұтқындалып, 80 адам қамауда қаза болған.

Құқық қорғаушылар полиция абақтылары мен әскери түрмелерде адамдардың азапталып, кейбірі жоғалып кететінін де айтады. Ұйымның Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бағдарламасы директорының орынбасары Хассиб Хадж Сахрауидің айтуынша, Египеттің арнайы қызметі "адам құқықтарын бұзуға толық еркіндік алған".

Қазақстан мен ЕО жаңа келісім жасаспақ

Еуропа Одағының туы. (Көрнекі сурет).

3 шілде күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстан мен Еуропа Одағы (ЕО) 1995 жылы қол қойылған әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді жаңартып, оны кеңейтетін жаңа келісімге тезірек қол қоюға мүдделі" деп хабарлады.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, "30 маусым мен 1 шілде аралығында Брюссельде Қазақстан мен ЕО әріптестігі мен ынтымақтастығын кеңейту туралы жаңа келісімге қатысты келіссөздердің жетінші кезеңі өткен".

Хабарламада "Брюссельде Қазақстанға қалыптасып үлгерген аймақтық держава ретінде стратегиялық қызығушылық артып бара жатқаны, Қазақстанның ЕО екінші рет келісім жасау үшін келіссөз жүргізіп жатқан Орталық Азиядаға жалғыз мемлекет екені де айтылды" деп жазылған.

Жаңа келісімде қауіпсіздік және құқық саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, өзара сауда және инвестициялық, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту қарастырылған.

"Қарқынды және күрделі келіссөздер нәтижесінде тараптар келісімнің басты бөлігіне қатысты уағдаластық жасасты" дейді министрлік.

Қазақстан мен Еуропа Одағы келіссөздердің соңғы кезеңін қыркүйекте Астанада өткізуді жоспарлап отыр.

Күрдістан билігі референдум жайын талқылады

Ирактың Күрдістан автономиялы ауданының президенті Масуд Барзани (ортада). Ирбил, Күрдістан, 3 шілде 2014 жыл.

Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани аймақ парламентіне тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге дайындықты бастау жөнінде өтініш жолдады. Президент депутаттардан референдумды ұйымдастыру комитеті мен дауыс беру мерзімін белгілеуді сұрады.

Күрдістан билігі тәуелсіздік мәселесін АҚШ-тың Ирактан бөлініп шықпау туралы ұсынысына қарамастан қозғап отыр. Вашингтон Күрдістан автономиясын Иракта "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымы бүлік шығарып жатқан тұста бөлінбеуге шақырған. ИШИМ елдің солтүстігі мен батыс бөлігін басып алған еді. Ирак әскері ИШИМ содырларымен соғысып жатыр.

Иракта бес миллиондай күрд тұрады. Олар өткен апталардағы қақтығыстар кезінде территорияларын 40 пайызға ұлғайтып алған.

Минскідегі парадқа Ресей әскері қатысты

Минскідегі парадта жүрген ресейлік әскерилер мен әскери техника. 3 шілде 2014 жыл.

3 шілде күні Минск орталығында Беларусьтің неміс фашистері басқыншылығынан азат етілуінің 70 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне орай әскери парад өтті.

Парадқа үш мыңнан астам әскери қызметкер мен 200-ге таяу әскери техника қатысты. Олардың арасында ресейлік әскерилер мен әскери техникалар да болды. Ресей әскерінің Минскідегі парадқа қатысуы беларусь оппозициясының наразылығын тудырды.

2 шілде күні Ресей президенті Владимир Путин Минскіге барған. Минскіде ол Беларусь президенті Александр Лукашенкомен бірге Ұлы отан соғысының тарихына арналған мұражайды ашып, екі жақты келіссөздер өткізді.

Назарбаев жаңа қылмыстық кодекске қол қойды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық кодекс жобасына" қол қойды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеті "жаңа кодексте экстремизм мен терроризм қылмыстарына қарсы қолданылатын жаза күшейтіліп, радикалдық идеологияның таралуына ықпал ететін іс-әрекеттерді криминализациялау қарастырылғанын" хабарлаған еді.

Бас прокурордың орынбасары Иоганн Меркель кодекске "қылмыс" және "қылмысқа жақын іс-әрекет" деп аталатын екі жүйе бойынша жауапкершілік енгізілгенін айтқан. Оның сөзінше, енді "қылмысқа жақын іс-әрекет" жасағаны үшін айыптыға жеңіл қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеу сияқты жазалар беріледі.

Кодексте коррупциялық қылмыстарға қолданылатын жаза күшейтілген. Коррупциялық қылмыс жасап сотталғандарға белгілі бір лауазымды қызметтерді атқаруға өмір бойы тыйым салу, парақорлыққа қарсы санкцияларды күшейту қарастырылған. Бұған қоса "қасақана жалған ақпарат таратқандарға" қолданылатын жаза да күшейтілмек.

Жаңа кодексте экстремизм мен терроризм, радикалдық идеологияларды таратқандарға тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік те күшейтілген.

Мұның алдында қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар қылмыстық кодекстің адам құқықтарына қатысты тұстарының қатайғанын хабарлаған еді. Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева кодексте қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдардың қызметіне сын айту немесе бақылау жасауын азайту, "жалған ақпарат таратқаны" үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтқан.

Сирияда содырлар мұнай кенішін басып алды

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының содырлары. Ирак-Сирия шекарасы.

Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымының дерегінше, "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымы Сирияның Иракпен шекарасына жақын Дейр-эз-Зор ауданындағы ірі мұнай кенішін басып алды.

Белсенділердің хабарлауынша, ИШИМ ұйымы кенішті 3 шілде күні басып алған. Бұған дейін кенішке иелік етіп келген "Нусра майданы" мұнайлы жерді қарсылықсыз тастап шыққан.

ИШИМ қазір Дейр-эз-Зордағы мұнай және газ кеніштерінің көпшілігіне иелік етеді. Ұйым Сирияның шығысы мен солтүстігін және Ирактың батысы мен солтүстігін басып алып, онда "ислам халифатын" орнатқан.

Сот Жанұзақовтың ісін заңсыз деп танымады

Марат Жанұзақов, азаматтық белсенді. Алматы, 3 шілде 2014 жыл

Алматы қалалық соты азаматтық белсенді Марат Жанұзақовтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Бұдан бұрын аудандық сот Жанұзақовтың қаржы заңдастыру айыбы бойынша өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі заңсыз деп тану туралы өтінішін қабыл етпеген еді.

2013 жылы "заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастырды" деген айып бойынша қозғалған қылмыстық істе Жанұзақов куәгер ретінде қарастырылған. Былтырғы желтоқсанда іс жабылып, биылғы 30 сәуірде қайта жанданған. Бұл жолы Жанұзақовқа айып тағылып, Алматыдан кетпеу туралы шектеу салынған.

Жанұзақов өзінің азаматтық іс-шараларын оппозициялық тұлға, Францияда қамауда отырған қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов қаржыландырды деген айыптың негізі жоқ деп санайды.

Апелляциялық сот отырысынан соң Марат Жанұзақов пен адвокаты Елена Савинова Азаттықа бұл шешімнің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсіретіндерін айтты.

Марат Жанұзақов - "Балға" қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол қызметіне біржола тыйым салынардан сәл бұрын оппозициялық "Алға" партиясын да басқарған. "Алғаның" жетекшілерінің бірі Владимир Козлов 2012 жылы экстремизм бабы бойынша айыпталып, сотталған еді.

Ондаған өзбек қауіпсіздік қызметкері ұсталды

Өзбекстанда Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 40-қа жуық офицері қызметтен босатылып, тұтқындалды. Өзбекстан үкіметіне жақын дереккөзінің 2 шілдеде Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлауынша, тұтқындалғандар арасында ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі ең ықпалды шенеуніктердің бірі полковник Жавдат Шарифходжаев бар.

Бірақ әзірге қауіпсіздік қызметі офицерлерінің қызметтен босатылғаны, я тұтқындалғаны туралы ресим ақпарат жарияланған жоқ.

Маусым айының басында Өзбекстанда мемлекеттік кеден комитетінің 100-ге тарта қызметкері коррупциялық айыптармен қызметтен босатылып, тұтқындалған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, тұтқындалғандар арасында ұлттық қауіпсіздік қызметінің контрабандамен күрес департаментінің басшысы Азиз Абдурахмонов пен оның орынбасары Азиз Хасанов та бар.

Козловтың жұбайының шағымын қанағаттандырмады

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова ұлы Аленмен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

3 шілде күні Алматы қалалық соты оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың Алмалы аудандық сотының 11 мамыр күнгі шешіміне берген апелляциялық шағымын қарады.

Алмалы аудандық соты 11 мамыр күні Тұрысбекова мен оның жасқа толмаған баласы тұрып жатқан үйін арестен шығару туралы берген шағымын қанағаттандырмай тастаған еді. Алматы қалалық соты да бүгін Тұрысбекованың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Алмалы аудандық сотының Козловтың ісі бойынша үйі тәркіленсін деген шешімін күшінде қалдырды.

Тұрысбекованың адвокаты Ольга Ким "Қазақстан заңдары бойынша жалғыз баспанадан айыруға тыйым салынғанын" айтады.

Бірақ прокурор Сара Жылқыбаева сотта "Козлов ісі бойынша шыққан үкімнің преюдициалдық күші бар екенін айтып, бұл сот ол үкімге қарсы шешім қабылдай алмайтынын" ескертті.

Владимир Козлов 2012 жылы күзде жеті жарым жылға сотталған. Ол сот үкімі бойынша тәркіленуі тиіс үй мен басқа да жылжымайтын мүліктердің иесі болып танылған.

Үкім шыққан уақыттан бері үйден басқа, кәмпескеленуі тиіс барлық мүлік мемлекет қазынасына алынған. Ал шағым берілген үйге арест қойылған.

Сенімхат арқылы күйеуінің мүддесін және баласының мүддесін қорғап жүрген Әлия Тұрысбекова қазір осы үйде тұрып жатыр.

Славянск мен Краматорскіні атқылап жатыр

Блокпостта тұрған ресейшіл сепаратист. Славянск, Украина, 1 шілде 2014 жыл.

Украинада 3 маусымға қараған түні Славянск және Краматорск қалалары арттилериядан атқыланды деп хабарлап жатыр әлеуметтік желілерде оқиғаға куә болғандар.

"Краматорскіні сілкілеп жатыр. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ясногорка селосы оқтың астында қалды" деп жазады куәгерлер.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ресейшіл сепаратистер Краматорскінің маңын "Град" қондырғысынан атқылап жатыр. Атқылаудан 30 жеке үй. өнеркәсіптік газ құбыры, қойма мен жанармай станциясы, супермаркеттер бүлінген. Жанармай станциясында жүргізуші қаза тапқан.

Сепаратистер Славянск қаласын да атқылауды жалғастырып жатыр. Оларға украин әскері де артиллериядан оқ жаудыруда. Қалада әлі жарық, су жоқ, байланыс қызметінде де іркіліс бар.

Украин әскерилері Луганск облысының украин-ресей шекарасындағы "Должанский" шекара бекетіне қайтадан бақылау орнатып, жұмысын қайта қалпына келтірген.

"Ақпараттық қарсыласу" тобының жетекшісі Дмитрий Тымчуктың Facebook-те хабарлауынша, 3 шілдеде украин әскерилері ішінде сепаратистері бар автомобильдер тізбегін атқылаған. Бес "Камаз" көлігі қираған. Тымчук бұған қоса 2 шілдеде ұрыста бір украин сарбазы қаза тауып, 18-і жараланғанын айтады.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің дерегі бойынша, елдің шығысында әскери опеарциялар басталған 15 сәуірден бері 200 сарбаз қаза тауып, 619 сарбаз жараланған.

Украинаның қорғаныс миинстрлігінің ақпаратына қарағанда, сепаратистердің қолында 29 әскери отыр.

Жапония Солтүстік Кореяға салған кейбір санкциясын жоймақ

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Токионың Солтүстік Кореяға салған санкцияларының бірқатарын алып тастайтынын хабарлады. Бірақ ол нақты қандай санкциялардың алынып тасталынатынын атап айтпады.

Пхеньян бұдан бұрын осыдан ондаған жылдар бұрын солтүстік кореялық агенттер ұрлап әкеткен жапондықтардың тағдырына қатысты тексеру жүргізуге келісім берген.

Қытай басшысы Си Цзиньпин 3 шілдеде Оңтүстік Кореяға сапармен барған. Келіссөздерде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын дамыту жайы да талқыланбақ.

Солтүстік Корея өткен аптада қысқа қашықтыққа ұшатын бірнеше зымыранын сынаған.

АҚШ шетелдік әуе рейстерінде қауіпсіздікті күшейтеді

Көрнекі сурет.

Таяу күндері бірқатар елдердің әуежайларында АҚШ-қа тіке ұшатын рейстерде қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілетін болды деп мәлімдеді 2 шілдеде АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілдері.

Бірақ министрлік өкілдері нақты қай мемлекеттер мен әуежайларда қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін айтпады. Министрлік тек қауіпсіздік шарасы террористер қазіргі бақылау құралдары анықтай алмайтын жаңа және жетілдірілген жарылғыш құрылғылар жасап жатыр деген ақпаратқа жауап ретінде қабылданғанын айтады.

"Біз жаңа қауіпсіздік шараларын жолаушыларға қосымша ыңғайсыздық танытпайтындай етіп істейміз. Қазір шетелдік құзырлы органдармен тың ақпарат алмасып жатырмыз. Әуе индустриясының басшылығымен де кеңесеміз" деп мәлімдеді министрлік.

Жаңа қауіпсіздік шаралары келесі аптадан бастап енгізілуі мүмкін. АҚШ-тың ішкі рейстерінде қауіпсіздік шаралары бұрынғы күйінде қалады.

Сирияның соңғы химиялық қару-жарағы Италияға жеткізілді

АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Джон Кирби.

АҚШ қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Сирияның химиялық қару-жарағының соңғы партиясы 2 шілдеде даниялық кемемен Италияның солтүстігіндегі Джоя Тауро портына жеткізіліп, одан ары америкалық кемеге тиелді.

Сириядан жеткізілген жүздеген тонна химиялық, оның ішінде нерв жүйелерін зақымдайтын зарин газын жасауда қолданылатын шикізат пен қыша газы енді жойылуға әкетіледі.

Пентагонның баспасөз хатшысы Джон Кирбидің айтуынша, химиялық қару-жарақты зарарсыздандыру процесі "бірнеше аптада аяқталуы тиіс".

Сирия өткен жылы АҚШ Дамаск маңында көтерілісшілер мен бейбіт тұрғындарға химиялық қару қолданылды деп, әскери соққы бермек болған соң соң өзінің химиялық қару-жарағын жоюға келіскен. Келісім АҚШ пен Ресейдің қатысуымен, БҰҰ-ның бақылауымен жасалған.

Ресейде қырғызстандық ірі қылмыскер ұсталды

Қырғызстандық қылмыскер Азиз Батукаевтың түрмеде отырған кезі. Нарын, Қырғызстан.

Қырғызстандық ірі қылмыскер, өткен жылы жалған себеппен бостандыққа шығарылған Азиз Батукаев Ресейдің Солтүстік Осетия аймағында ұсталды. Қырғызстан ішкі істер министрлігі өкілінің Азаттықтың Қырғыз қызметіне хабарлауынша, Бішкек қазір Азиз Батукаевты экстрадициялау мәселесімен айналысып жатыр.

Азиз Батукаев 2006 жылы бірнеше ауыр қылмысқа, оның ішінде депутат пен ішкі істер министрлігінің қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен 17 жылға сотталған еді. 2013 жылы сәуірде Батукаев отырған түрме басшылығы оны аққан ауруымен ауырады деп, босатып жіберген. Бірақ кейін оның денсаулығына жасалған медициналық тексеру қорытындысы жалған екендігі анықталған.

Батукаевтың босатылуына байланысты туындаған жанжалдан ішкі істер вице-министрі Шамиль Атаханов отставкаға кетіп, омбудсмен Турсунбек Акун қызметінен босатылған.

Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев Батукаевты экстрадициялау барлық халықаралық құқықтық талаптарға сай жасалатынын мәлімдеген.

Қытай билігі Шыңжаңда оразаға шектеу қойды

Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласындағы мешіт. (Көрнекі сурет).

Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен студенттерге ораза ұстауға тыйым салды.

2 шілде күні Шыңжаңдағы мемлекеттік мекемелер мен мектептердің сайттарында жарияланған мәлімдемеде оразаға тыйымның мақсаты "азаматтардың игілігін қорғап, оқу орындары мен үкіметтік мекемелерде діншілдікке жол бермеу" екені айтылады.

Қытай коммунистік партиясының жергілікті бөлімшесінің сайтында "партия мүшелері де ораза ұстамауы тиіс" деп жазылған.

Қытай билігінің мұсылман ұйғырлар көп тұратын Шыңжаңда ораза ұстауға тыйым салып келе жатқанына көп жыл болды. Оразаға тыйым соңғы айларда болған бірнеше шабуыл мен жарылыстан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілген кезде салынып отыр.

Ұйғырлардың көпшілігі "құқықтарымызды бұзады" деп Қытай билігіне наразы.

Төрт мемлекет Украинада бітім жасауға келісті

Украина сыртқы істер министрі Павло Клименко (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 2 шілде 2014 жыл.

Украина, Ресей, Германия және Францияның сыртқы істер министрлері Украинаның шығысындағы қақтығыстарды тоқтатуға шара жасауға уағдаласты.

2 шілде күні Берлинде өткен келіссөздерден кейін министрлер бірлесе жасаған мәлімдемеде 5 шілдеден кешіктірмей Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылауымен бейбіт келіссөздер бастау қажеттігі айтылған.

Ресей жағы бітім жарияланғаннан кейін украиналық шекарашыларға шекараның түйісетін тұстарын бақылауға көмектесуге келіскен.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Берлинде өткен келіссөздерді "конструктивті" деп атап, оған қатысушы тараптар "өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінетінін" айтты.

30 маусым күні Украина президенті Петр Порошенко уақытша бітім режимін ұзартудан бас тартып, армия ресейшіл сепаратистерге шабуылдарын қайта жалғастырған.

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің басшысы ұсталды

Қаржы полициясы 2 шілдеде табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановтың ұсталғанын хабарлады.

Құзырлы орган таратқан ақпаратта Оспановтың 1 шілдеде "табиғи монополиялар субъектісіне қамқорлық пен көмек көрсеткені үшін 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен тұтқындалғаны" айтылады.

Қаржы полициясы ресми сайтындағы ақпаратында: "Оспановтың үстінен аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр" деп жазылған.

Әзірше Оспанов пен оның қорғаушылары тарапынан ешқандай мәлімет таратылған жоқ.

Соңғы жылдарда Қазақстанда "жемқорлықпен күрес" науқаны аясында бірнеше министр мен ведомство басшылары "ірі көлемде пара алу" айыбымен ұсталып, істі болған. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 2011 жылы "қызмет бабын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды және мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған еді. 2013 жылы наурызда ол мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

2008 жылы Астанада ұсталған бұрынғы білім және ғылым миинстрі, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сот шешімімен сол жылы күзде «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2009 жылы қарашада ол түрмеден босап шықты.

Статистика агенттігінің бқрынғы төрағасы Анар Мешімбаева да 2014 жылы ақпан айында "бюджет қаржысын жымқырған және қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке қаржылық зиянын келтірген» деп танылып, 7 жылға сотталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG