Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Кенияда содырлар шабуылынан 18 адам мерт болды

Сауда орталығына жасалған шабуыл орнын тексеріп жүрген полиция. Кения, 25 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Кенияда өткен түнде содырлар екі бірдей шабуыл жасап, 18 адам қаза тапты. Мұны жергілікті Қызыл Крест ұйымы хабарлады.

Тана провинциясының Ривер Гамба ауданында содырлар полиция учаскесін атқылап, бірнеше үйді өртеп жіберген. Бұл оқиғалардан тоғыз адам опат болған. Тағы тоғыз адам Ламу округінде қаза тапты. Ол жерде содырлар сауда орталығына шабуыл жасаған.

Бұл шабуылдарды «Әл-Қаидамен» байланысы бар «Аш-Шабаб» исламшыл тобы мойнына алды. Бұл ұйым Кенияда бұдан бұрын да бірнеше шабуылдар ұйымдастырған еді. Олар Сомалидің оңтүстігіндегі исламшылдарға қарсы операцияларға Кения үкіметі әскерінің қатысып жатқанына наразы.

80 сепаратистің жараланғаны хабарланды

Украина үкіметінің сарбаздары қираған танкіні тексеріп жүр. Славянск, 5 шілде 2014 жыл.

Өзін өзі жариялаған "Луганск халық республикасының" хабарлауынша, аймақтағы қарулы қақтығыстардан кейінгі бір тәулікте 80 адам (ресейшіл сепаратистерді айтады - ред.) жараланған. "Денсаулық сақтау министрі" Виктор Авакянның айтуына қарағанда, "оның 56-сы - бейбіт тұрғындар".

Ал Киев "Славянск және Краматорск қалаларын азат ету операциясынан үкіметтің 12 сарбазы жараланғанын" хабарлады. Кейінгі күндері Украина армиясы Донецк облысындағы төрт қаланы сепаратистерден қайтарып алды. Бұл елді мекендер тұрғындарына гуманитарлық көмек беріле бастады.

Қарулы сепаратистер өздерінің Славянск қаласын тастап кеткенін "Күш сақтау керек әрі қаланы ұстап тұра алмаймыз" деп түсіндіреді. Мұны сепаратистердің сайтында командирлерінің бірі Игорь Стрелков айтқан.

Стрелков сепаратистер арасындағы адам шығынын нақты атамаған, бірақ "жасақтың 80-90 пайызы мен қару-жарақтың 90 пайызын аман алып қалдық" деген.

Қарулы сепаратистердің командирі қазір Донецкіде. Өзін қала коменданты деп жариялаған. Стрелков "облыс орталығы (Донецк) Славянксіден гөрі қорғануға қолайлы қала" деп санайды.

Израиль Газа секторын атқылады

Палестина елді мекеніндегі түтін. (Көрнекі сурет)

Израиль әскері Газа секторын әуеден атқылады. Әскери шенеуніктердің айтуынша, шабуыл 6 шілде күні таң сәріде содырлар жүреді және қару сақталады деген күдікті жерлерге жасалған.

Мұның алдындағы демалыс күндері Газа секторы жағынан Израильге зымырандар атылған еді. Бұл зымыранның бірнешеуі Израильдің оңтүстігіндегі Вирсавии қаласын көздеген. Әскерилер "екі зымыранды "Темір күмбез" қорғаныс жүйесі қалаға жеткізбей атып түсіргенін мәлімдеді.

Бұл атыстар Израиль полициясы мен палестиналық наразылардың қақтығысы тұсына дәл келіп тұр. Өткен аптада палестиналық жасөспірім Мохаммед Абу Худейрдің мәйіті табылған еді. Палестиналықтар оның өлімін израильдіктерден көреді. Ал оның алдында екі еврей баласының мәйіті табылған. Содан бері екі жақ бірін-бірі айыптап келеді.

Ресей, Болгария, Словения газ жайын талқыламақ

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

7-8 шілде күндері Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Словения мен Болгарияға барады. Лавров бұл екі елмен "Оңтүстік ағын" газ құбырының құрылысын талқыламақ.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, Лавров Болгария сыртқы істер министрі Кристиан Вигенин, осы елдің президенті Росен Плевнелиев және премьер-министр Пламен Орешарскиймен кездеседі. Лавров " Оңтүстік ағын" газ құбыры туралы мәселер талқыланатынын, Ресей Болгария аумағымен өтетін газ құбыры салынады деп үміттенетінін" айтқан. Бірнеше апта бұрын бұл жобаны Брюссельдің (ЕО) ықпалымен, ЕО-ның монополияға қарсы заңын желеу етіп, Болгария тоқтатып тастаған еді.

8 шілде күні Лавров Словения президенті Борут Пахормен, осы елдің жоғары лауазымды адамдарымен кездеседі. Ресей сыртқы істер министрі Қара теңіз арқылы Болгария, Сербия, Словения, Венгрия, Австрияға газ жеткізетін "Оңтүстік ағын" құбыры уақытында салынып бітеді деп үміттенетінін айтады.

Сепаратистер Краматорскіден кетті

Украина сарбазы істен шыққан танкінің қасынан өтіп барады. Славянск, 5 шілде 2014 жыл.

Краматорск қаласындағы билік ғимараттарына Украина туы тігілді. Бұл туралы БАҚ куәлердің әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы хабарлап отыр.

Баспасөз сепаратистердің Краматорскіден Донецкіге аттанғанын айтады. Мәселен, "РИА Новости" агенттігі өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" өкілдерінің "Краматорскіде жасақ бекінетін жер жоқ" деп мәлімдегенін таратты.

5 шілде күні таңертең Украина армиясы сепаратистерден Славянск қаласын босатқаны хабарланған еді. Украина президенті Петр Порошенко елдің шығысын ресейшіл қарулы топтардан азат ету операциясы жалғасатынын мәлімдеді. Халыққа арнаған жолдауында ол "Славянскіні алу - жеңістің басы" деген.

"Ақпараттық қарсылық" ("Информационное сопротивление") тобының жетекшісі Дмитрий Тымчук Facebook парақшасында "Украина әскерінің Луганск облысында сепаратистердің екі танкісін жойғанын" хабарлады.

ТСН агенттігінің ақпаратына қарағанда, сепаратистер Луганск облысы Славяносербск селосындағы түзету колониясын (абақты) атқылаған. Адам шығыны туралы дерек жоқ.

БАҚ ақпараты бойынша, Луганскінің өзінде сепаратистер бірнеше рет әуежайды басып алуға тырысқан. Қаза тапқандар туралы ақпарат тарамады.

БАҚ: Иран ұшқышы Иракта қаза тапты

Ирактағы әскери ұшақ. 29 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Иранның ИРНА ресми ақпарат агенттігі Иран ұшқышының Ирактағы соғыста қаза тапқанын хабарлады. Агенттікке полковник Аламдари Моуджани "ұшқыштың Бағдат маңындағы Самарра қаласында, шииттердің қасиетті орнын қорғау кезінде жау қолынан мерт болғанын" айтқан. Ол пилоттың әуе шайқасында, болмаса жаяу соғыста қаза тапқанын нақтыламаған.

Бұған дейін бірқатар өңірін содырлар (ИШИМ) басып алған Иракқа Иран көмектесетінін мәлімдеген еді. Бірақ Иран билігі көмекті қару, жабдық түрінде береміз, әскер жібермейміз деген болатын.

Украина президенті: Славянскіні алу - жеңістің басы

Славянск маңындағы солдаттар. 10 маусым 2014 жыл.

Шілденің 5-і күні Украина президенті Петр Порошенко үкімет армиясының қарулы сепаратистер шоғырланған "Славянск қаласын алуы - жеңістің басы" деп мәлімдеді.

Бірақ Порошенко елдің шығысындағы Славянск және басқа қалалардың ресейшіл сепаратистерден босатылуы "жеңістің өзі емес" дейді. Ол "Донецк және Луганск өңірлерін азат ету операциясы жалғасатынын" мәлімдеді.

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк шенеуніктерге Славянскідегі полиция, сот, медициналық және санитарлық мекемелер жұмысын қалпына келтіруді тапсырды.

Бұл мәлімдемелер Славянск әкімдігіне Украина туы тігілгеннен кейін барып жасалды. Ақпараттарға қарағанда, үкімет әскерімен қақтығыстан ондаған сепаратист қаза тапқан. Ресейшілдер Донецк қаласына қарай қашқан.

Иерусалимде қақтығыс болды

16 жастағы палестиналық жасөспірімді жерлеу. Иерусалим, 4 шілде 2014 жыл.

Иерусалимнің шығыс жағы мен Израильдің арабтар тұратын солтүстік бөлігінде бүгін полиция мен палестиналықтар қақтығысты. Кеше біреулер ұрлап әкетіп, өлтіріп кеткен жасөспірім араб баласы жерленген еді.

Associated Press-тің хабарлауынша, наразылар көлік дөңгелектерін өртеп, полицияға тас пен жанғыш зат құйылған құмыралар лақтырған. Полицейлер наразыларды көз ашытатын газ шашып, жарқылдақ гранаталармен таратқан. 20-дан астам адам ұсталған.

16 жастағы баланың өлімін палестиналықтар израильдіктерден көреді. Олар израильдіктер еврей оқушыларының өлімі үшін арабтардан кек қайтарып жатыр деп санайды. Оқушының мәйіті Иерусалимнен сәрсенбі күні табылған еді.

Оның алдында, дүйсенбі күні үш жесөспірім израильдіктің мәйіті табылған. Оларды Иордан өзенінің бойынан 12 маусым күні ұрлап әкеткен. Израиль билігі олардың қазасын палестиналық радикалдық ХАМАС тобынан көрген. ХАМАС мұны теріске шығарып отыр.

БАҚ: Сепаратистер Славянск қоршауын бұзып шықты

Славянскідегі қираған үйдің ішінде тұрған ресейшіл сепаратист. Украина, 16 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

УНИАН ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Украина шығысындағы қарулы сепаратистер Славянскідегі үкімет әскерінің қоршауын бұзып шығып, Краматорскіге барған.

Куәлердің Facebook-ке жазуына қарағанда, Славянск жолынан екі танк, бір БТР, үш жүк көлігі, бірнеше жеңіл көлік байқалған. Қазір бұл техника Краматорскіге жеткен.

Twitter желісіндегі жазбаларға қарағанда, Краматорскіге барған әскери көліктің саны 50 шақты. Олар қалаға жолсызбен кірген. Оларды Карачун таулары жағынан Украина әскері атқылаған. Славянск маңындағы Беленькое кентінде де атыс болғаны туралы хабарлар тарап жатыр.

Мұның алдында Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей президент Петр Порошенкоға Николаевка селосының сепаратистерден босатылғанын баяндаған еді. Ол операция бойынша, араларында Ресей азаматтары да бар 50-ден астам адам тұтқынға алынған. 150 әйел мен бала кепілде тұтқында отырған жерлерінен босатылған.

Ресей парламенті интернет туралы заң қабылдады

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші тұр) интернет жобалары көрмесінде жүр. Мәскеу, 10 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

4 шілде күні Ресей парламенті интернеттегі Ресей азаматтарына қатысты мәліметтерді ел ішінде сақтауға міндеттейтін заң қабылдады.

Заң жобасы бойынша, 2016 жылдан бастап барлық интернет-компаниялар Ресейге қатысы бар мәліметтердің барлығын осы елде орналасқан серверлерде ғана сақтауға міндетті болады.

Кремль мұны "мәліметтерді қорғау шарасы" деп атайды. Сыншылар болса, "бұл - Facebook, Twitter және YouTube әлеуметтік желілеріне, инернеттегі АҚШ компанияларына қарсы жасалған қадам" дейжі.

Ресейде мұның алдында оқырманы 3 мың адамнан асқан интернет парақтарын тіркелуге міндеттейтін, сайттарды сот шешімінсіз жабуға мүмкіндік беретін заң қабылданған еді.

Ресей президенті Владимир Путин интернетті "ЦРУ жобасы» деп атайды. Бірақ ол интернетті шектеді деген айыптарға қатысты "мақсаты балаларды анайы материалдардан қорғау" екенін айтады.

HRW Пәкістанды террормен күрес заңын жоюға шақырды

"Талибан" жасақтарымен соғысып жатқан Пәкістан әскері. Пәкістан, Ауғанстанмен шекара, 2 шілде 2014 жыл.

Халықаралық құқық қорғаушы Human Rights Watch ұйымы Пәкістанда жаңадан қабылданған террормен күрес туралы заңды репрессиялық деп атап, оны жоюға шақырды. Шілденің 2-сі күні Пәкістан парламенті террормен байланысты қылмыстардың жаза мерзімін екі есеге ұзартқан заң қабылдаған еді.

Жаңа заң күдіктілерді айып тағылмаса да қамауда ұстауға, олардың қайда екенін жасыруға рұқсат береді. Құқық қорғаушылар "заң үкіметті сынайтындар мен қарсылық акциясына қатысқан азаматтарға қарсы қолданылуы мүмкін" дейді.

Human Rights Watch ұйымының Азия елдері бойынша директор орынбасары Фелим Кайн "Бұл заңның бұлыңғыр жері көп. Оның өзі Пәкістанда онсыз да жиілеп кеткен тұтқындардың құқықтарын бұзу оқиғаларын одан бетер көбейтеді" дейді.

Жаңа заң Пәкістан қарулы күштері Ауғанстанмен шекарада "Талибан" және "Әл-Қаидамен" байланысы бар содырларға қарсы операциялар жүргізіп жатқан тұста қабылданды.

Украина әскері Николаевка селосын қайтарып алды

Украина сарбазы. (Көрнекі сурет)

Украинаның қорғаныс министрі Валерий Гелетей президент Петр Порошенкоға Славянск қаласы маңындағы Николаевка селосының (Донецк облысы) сепаратистерден босатылғанын баяндады.

Министрдің сөзіне қарағанда операция барысында қарулы топтың 50-ден астам мүшесі (сепаратистер) тұтқындалған. Олардың арасында Ресей азаматтары да бар. Кепіл тұтқынға алынған 150 әйел мен бала босатылған.

Мемлекеттік шекара қызметі Украина шекарасына бақылау орнату үшін қақтығыстар болып жатқанын хабарлады.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Парубий кеше кешкісін "антитеррорлық операция өтіп жатқан 36 ауданның 23-і Украина әскері қарауына өткенін" мәлімдеді.

Facebook-ке Дмитрий Тымчук жариялаған "Ақпараттық қарсылық" ("Информационное сопротивление") ұйымының деректеріне қарағанда, Ресей Украина шекарасына 50 мыңдай солдат, 160 танк пен ауыр техника әкеліп шоғырландырған.

Ирак ұшақтары содырларға шабуыл жасады

Ирактағы Su-25 ("Сухой") ұшағы. Бағдат, 1 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирак билігінің мәліметіне қарағанда, әуеден жасалған шабуылдан елдің ең ірі мұнай өңдеу зауытын басып алуға тырысқан 30 содыр (кем дегенде) қаза тапқан.

Ирактың террорға қарсы қызметінің өкілі Сабах әл-Нуаман "Әуе шабуылы Бейджи қаласын басып алуға тырысып жатқан "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының (ИШИМ) содырларына қарсы жасалды" дейді. Бейджи ел астанасы Бағдаттан 250 километр жерде орналасқан.

Ирактың солтүстік және батыс аймақтарын басып алған ИШИМ ұйымы өткен айдан бері мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасап жатыр. Бірақ үкімет әскері әзірше оларды тойтарып тұр.

АҚШ Ирак басшыларының ел тұтастығын сақтау жолындағы күресін қолдайтынын мәлімдеді. Өткен аптада Ирактағы Күрд автономиясы басшысы бұл аймақтың тәуелсіздік алуы туралы референдум өткізу ұсынысын жасаған еді.

Қара теңізде Ресей де, НАТО да жаттығу бастады

Қара теңіздегі НАТО-ның әскери кемесі. 3 шілде 2014 жыл.

Украина мәселесімен Ресей мен Батыс арасы ушығып тұрған тұста, шілденің 4-і күні Қара теңізде НАТО-ның да, Ресейдің де әскери-теңіз жаттығулары басталды.

НАТО-ның жаттығуы Қара теңіздің батыс бөлігінде өтеді, оған АҚШ, Болгария, Греция, Румыния және Түркия кемелері қатысып жатыр. Жаттығу шілденің 13-іне дейін созылады.

Ресейдің Қара теңіздегі флотында 20 шақты кеме мен 20 шақты әскери ұшақ бар. Ұшақтар нысананы зымыранмен көздеп ату жаттығуларын жасап жатыр.

Бұл жаттығулар Украина әскерінің елдің шығысындағы сепаратистерге қарсы соғысып жатқан мезгіліне дөп келді. Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Парубий Ресейді "Украина-Ресей шекарасы маңына әскер шоғырландырып, сепаратистер шабуылына дем беріп отыр" деп айыптайды. Ал Украина президенті Петр Порошенко үкіметтің 5 шілде күні бейбіт келіссөздер өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ оның қайда өтетінін айтпады.

Өктешбаев ҮЕҰ бойынша апелляция сотында жеңілді

Есенбек Өктешбаев, азаматтық белсенді. Алматы, 4 шілде 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Есенбек Өктешбаевтың "Халыққа баспанасын қалдырайық" ҮЕҰ-ның басшысы болып қалу хақын даулап апелляциялық сотқа берген шағымы қанағаттандырылмады.

4 шілде күні Алматы қалалық соты Өктешбаевтың Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты жазған арызын қабылдамады. Аудандық сот 16 мамыр күні азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықованың Есенбек Өктешбаевқа қарсы арызын қанағаттандырған еді. Жақсылықова аталған ҮЕҰ-ның құрылтайшысы етіп өзін тануды және Өктешбаевты ұйымның құжаттары мен мөрін өзіне табыс етуге міндеттеуді сұраған.

Апелляциялық сот аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырған соң Өктешбаев кассациялық сотқа жүгінетінін айтты.

Азаматтық белсенді Сұлубике Жақсылықова "Халыққа баспана беріңдер" атты және бір ҮЕҰ-ды басқарады.

Экс-судьяның апелляция шағымы қайтарылды

Күлпәш Өтемісова сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2014 жыл

Астана қалалық соты бұрынғы Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Апелляциялық коллегия судьясы Максим Қалдығұлов Алматының Алмалы аудандық соты шығарған үкімді сол күйінде қалдырды. 5 мамыр күні шыққан үкім бойынша Өтемісова төрт жарым жылға сотталған. Оған "ауыр зардаптарға ұрындырған (сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірген) заңсыз сот шешімін шығарды" деген айып тағылған болатын.

Ал бұл жолғы апелляциялық сот отырсының өзгешелігі - Алматы мен Астана қалалық соттарының арасында ұйымдастырылған телекөпір болды. Өтемісова Алматы қалалық сотының толық құрамын өз ісін қараудан шеттетуге қол жеткізген. Сондықтан оның апелляциялық шағымын Астана қалалық соты қарады.

Күлпәш Өтемісова Алматы қалалық сотының ғимаратына күзетпен жеткізіліп, монитор арқылы Астанадағы сот отырысын көрді. Оны адвокат Владимир Попов қорғады. Өтемісованың сөзі осы монитор арқылы Астанаға трансляцияланды.

Сотталған бұрынғы судьяның ұлы Сейілбек Өтемісов Азаттыққа бүгінгі сот шешімінің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсірілетінін айтты.

Алматыдан Түркияға ондаған турист ұша алмай қалды

Ұша алмай қалған туристер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

Алматыдан Түркияға туристік сапармен ұша алмай қалған елуге жуық азамат бүгін, 4 шілдеде «Gulnar Tour» туристік компаниясының бас кеңсесіне жиналды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, барлық турист туристік жолдаманы осы компаниядан алған.

Туристер Түркияның бірнеше туристік аймағына 4-5 шілде күндері ұшуы тиіс болған. Азаттық тілшісіне өзін Гүлжан деп таныстырған турист «Бодрумға бүгін (4 шілде) түнде отбасымызбен демалысқа ұшатын болғанбыз. Түс ауа ұшпайтынымызды естідім. Бас офиске келсем, олар ақшаларыңызды қайтарып береміз дейді. Ақшаны қайтарып аламыз ғой, бірақ жазғы демалысымызды Бодрумда өткіземіз деп отырғанда мына жағдайға таң қалып отырмын,»- деді.

Ал компания туристердің не себепті ұша алмай қалғанын айтпайды.

«Gulnar Tour» компаниясына Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері келіп, туристерден арыз-шағым қабылдап жатыр. Құқық қорғау органдары туристік компанияның туристерге ақшасын қайтарып беруін қадағаламақ. «Gulnar Tour» Алматыдан Түркияға ұша алмай қалған туристердің қаржысын толық қайтарып беретіндерін айтады.

2-шілде күні «Gulnar Tour» компаниясының қызметін пайдаланып, Түркияға барған 130 астам қазақстандық турист қазір елге қайта алмай отыр. Олардың елге қайтуын Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі қарастырып жатыр. Министрлік Түркияда қайта алмай қалған қазақстандықтарды 10-шілдеге дейін елге алып келетіндерін айтады.

АҚШ Ирактың тұтастығын қолдады

АҚШ-тың вице-президенті Джо Байден.

Күрдістан автономиясының басшысы Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге шақырғаннан кейін АҚШ ресми позициясын білдірді. Америка Ирактың тұтастығын қолдайды. Ақ үй өкілі Джош Эрнест "Ирак біртұтас болғанда ғана күшті ел бола алады" деп мәлімдеді.

Джош Эрнесттің айтуынша, 3 шілде күні Ақ үйде вице-президент Джо Байден мен Күрдістан президенті штабының басшысы Фуад Хусейн кездескен. Байден кездесуде Иракты біріктіретін үкімет құрудың маңызды екенін айтқан.

3 шілде күні Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани парламентті референдумды ұйымдастыру комитетін құруға және дауыс беру мерзімін белгілеуге шақырған.

Соңғы апталарда Иракта үкімет күштері мен өздерін сүннит санайтын "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының содырлары арасында ұрыс жүріп жатыр. Әуелде Сирияның солтүстігі мен шығысына бақылау орнатқан ұйым маусым айында Ирактың солтүстігі мен батысындағы елді мекендерді де басып алған. Бұдан бірер күн бұрын ұйым басып алған аймқатарында "Ислам халифаты" құрылғанын жариялады.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі басшысы қамалды

Қазақстанның табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов қамауға алынды деп хабарлайды бүгін қаржы полициясының баспасөз қызметі. Астана қаласының Алматы аудандық №2 соты 3 шілдеде Оспановты қамауға алуға санкция беріп, ол уақытша ұстау изоляторынан тергеу изоляторына ауыстырылған.

Агенттік басшысына "монополиске көмек және қамқорлық жасағаны үшін 300 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды" деген айып тағылған.

Қаржы полициясы бұған дейін Оспановтың 1 шілдеде тұтқындалғанын хабарлаған. Оспанов агенттікті екі жарым жыл басқарған. Бұған дейін ол Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазақстан мен Ресей қорғаныс келісіміне түзету енгізді

Қазақстанның қорғаныс министрі Серік Ахметов.

Қазақстан қорғаныс министрі Серік Ахметов пен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Астанада Екі ел қарулы күштерінің аэродромдарындағы әскери әуе кемелерін қабылдау, техникалық қамтамасыз ету және қорғау туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Құжат жанар-жағармай құюды ұйымдастыру, өзара есеп айырысу процестерін нақтылайды.

Ресей биыл ТМД мемлекеттері қорғаныс министрлерінің кеңесіне төрағалық етеді. Шойгу 3 шілдеде Астанаға қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысуға және екіжақты кездесулер өткізуге келген.

НАТО-ның төрт кемесі Қара теңізге кірді

НАТО-ның екінші тұрақты мина-тралды тобының төрт әскери кемесі Қара теңізге кірді деп хабарлайды әскери-дипломатиялық дереккөзіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі.

Кемелердің біреуі - Италия фрегаты, біреуі - Греция корветі, қалған екеуі - италиялық және түркиялық трал кемелері.

Әскери дереккөздің айтуынша, НАТО кемелері Болгарияның Бургас портына бара жатыр. Мұнда олар Болгария әскери-әуе үштерімен бірлескен "Бриз" деп аталатын жаттығуға қатыспақ.

Украин әскері Славянск түбіндегі селоны қоршады

Славянскіге кіреберісте блокпостта тұрған сепаратист. Украина, 1 шілде 2014 жыл.

Украин әскерилері 4 шілдеде ресейшіл сепаратистермен 3 шілдеден бері соғысып жатқан Донецк облысының Славянск қаласы маңындағы Николаевка селосын толық қоршауға алды.

"Украин әскері авиация мен арттиллерияның көмегімен Николаевка мен оған көршілес Семеновка селосындағы сепаратистердің алты тірек пункті мен оқ-дәрі сақталған қоймаларын жойды. Харьков-Ростов жолының бір бөлігі бақылауға алынды" деп хабарлады антитеррористік операция баспасөз қызметінің жетекшісі Алексей Дмитрашковский.

Оның айтуынша, ұрыста екі әскери қаза тауып, төртеуі жараланған. Сепаратистер кемінде 150 адамынан айырылған. Бірақ бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөзінен анықтау әзірге мүмкін болмай тұр.

Луганскіде сепаратистер украин десантшылары күзетіп тұрған әуежайды миномететн тағы атқылаған. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, әуежайға қарата 25 мина атылған. Бұған дейін сепаратистердің украин әскерилеріне азық-түлік тасымалдап жүрген ұшақты атып түсірмек болғаны хабарланған. Әуежай маңын сепаратистер миналап тастағандықтан азық-түлік ұшақпен жеткізіліп тұрған.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенконың айтуынша, Донецк мен Луганск облыстарында антитеррористік операциялар басталған 15 сәуірден бері 197 әскери қаза тауып, 665-і жараланған.

Египетте қақтығыстардан бес адам қаза тапты

"Мұсылман бауырластар" қозғалысныың жақтастары мен полиция арасындағы қақтығыс. Каир, 3 шілде 2014 жыл.

Каирде 3 шілде күні бомба жарылысы және полиция мен демонстранттар қақтығысынан бес адам қаза тапты.

Мыңдаған египеттік Каирде бұрынғы президент Мұхаммед Мурсидің биліктен тайдырылғанына бір жыл толуына байланысты акцияға шыққан. Бірақ орталық Тахрир алаңын қауіпсіздік қызметі бронды техникамен жауып тастағандықтан, тұрғындар орталыққа жақын тар көшелерге жиналып, полиция оларды тез таратты.

Amnesty International халықаралық ұйымының дерегінше, Египетте адам құқықтарының жағдайы билікке Мурсиден кейін әскерилер келген бір жыл ішінде күрт нашарлаған. Мурсидің жақтастары мен басқа да наразыларды қудалау кезінде 16 мыңнан астам адам тұтқындалып, 80 адам қамауда қаза болған.

Құқық қорғаушылар полиция абақтылары мен әскери түрмелерде адамдардың азапталып, кейбірі жоғалып кететінін де айтады. Ұйымның Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бағдарламасы директорының орынбасары Хассиб Хадж Сахрауидің айтуынша, Египеттің арнайы қызметі "адам құқықтарын бұзуға толық еркіндік алған".

Қазақстан мен ЕО жаңа келісім жасаспақ

Еуропа Одағының туы. (Көрнекі сурет).

3 шілде күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстан мен Еуропа Одағы (ЕО) 1995 жылы қол қойылған әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді жаңартып, оны кеңейтетін жаңа келісімге тезірек қол қоюға мүдделі" деп хабарлады.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, "30 маусым мен 1 шілде аралығында Брюссельде Қазақстан мен ЕО әріптестігі мен ынтымақтастығын кеңейту туралы жаңа келісімге қатысты келіссөздердің жетінші кезеңі өткен".

Хабарламада "Брюссельде Қазақстанға қалыптасып үлгерген аймақтық держава ретінде стратегиялық қызығушылық артып бара жатқаны, Қазақстанның ЕО екінші рет келісім жасау үшін келіссөз жүргізіп жатқан Орталық Азиядаға жалғыз мемлекет екені де айтылды" деп жазылған.

Жаңа келісімде қауіпсіздік және құқық саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, өзара сауда және инвестициялық, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту қарастырылған.

"Қарқынды және күрделі келіссөздер нәтижесінде тараптар келісімнің басты бөлігіне қатысты уағдаластық жасасты" дейді министрлік.

Қазақстан мен Еуропа Одағы келіссөздердің соңғы кезеңін қыркүйекте Астанада өткізуді жоспарлап отыр.

Күрдістан билігі референдум жайын талқылады

Ирактың Күрдістан автономиялы ауданының президенті Масуд Барзани (ортада). Ирбил, Күрдістан, 3 шілде 2014 жыл.

Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының президенті Масуд Барзани аймақ парламентіне тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге дайындықты бастау жөнінде өтініш жолдады. Президент депутаттардан референдумды ұйымдастыру комитеті мен дауыс беру мерзімін белгілеуді сұрады.

Күрдістан билігі тәуелсіздік мәселесін АҚШ-тың Ирактан бөлініп шықпау туралы ұсынысына қарамастан қозғап отыр. Вашингтон Күрдістан автономиясын Иракта "Ирак және Шам ислам мемлекеті" (ИШИМ) ұйымы бүлік шығарып жатқан тұста бөлінбеуге шақырған. ИШИМ елдің солтүстігі мен батыс бөлігін басып алған еді. Ирак әскері ИШИМ содырларымен соғысып жатыр.

Иракта бес миллиондай күрд тұрады. Олар өткен апталардағы қақтығыстар кезінде территорияларын 40 пайызға ұлғайтып алған.

Тағы

XS
SM
MD
LG