Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Boeing "қара жәшігінің" алғашқы мәліметтері

Ұшақ құлаған жерде жүрген ЕҚЫҰ бақылаушылары. Украина, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Малайзиялық The New Straits Times газеті Украинаның шығысында 17 шілде күні апатқа ұшыраған Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing ұшағының "қара жәшіктерінің" алғашқы мәліметтерін жарияланды.

Басылымның жазуына қарағанда, экипаж мүшелерінің әңгімесінен ұшақ бортында штаттан тыс жағдайдың болмағаны анықталған. "Қара жәшіктерді" зерттеудің ресми нәтижесі келесі аптада жариялануы мүмкін.

Ұшақ Нидерланд астанасы Амстердамнан Малайзияның Куала-Лумпур қаласына ұшып бара жатқан жерінен Украинаның сепаратистер шоғырланған Донецк облысы аймағына құлаған еді. Бортындағы 298 адам түгел қаза тапқан. Лайнерді зымыранмен атып түсірді деген болжамдар бар.

БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссары Нави Пиллэйдің айтуынша, "ұшақты атып түсіру әскери қылмыс саналады".

Жолаушылар лайнерінің Украина үкіметі әскері мен сепаратистер соғысып жатқан аймақта апатқа ұшырауы Ресей мен Батыс елдері арасын шиеленістіріп жіберді. АҚШ пен Еуропа Одағы Ресей экономикасының негізгі салаларын қамтитын санкциялар жариялады.

Батыс елдерінің жетекшілері Ресейге Украинаға қатысты саясатын өзгертіп, ондағы ресейшіл сепаратистерге қару жеткізуін тоқтату үшін қысым жасап отыр. Ресей Батыс елдерін "Украина билігіне заңсыз келген әрі орыс тілді азаматтарға қысым жасап отырған үкіметті қолдайды" деп айыптайды.

Украинаның шығысында ұрыс жүріп жатыр

Донецк маңындағы ұрыс жүріп жатқан аймақ. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысында үкімет әскері Донецк облысындағы Марьинка қаласын сепаратистерден босатып, Донецк қаласына таяды. Марьинкада сепаратистердің екі тосқауыл бекеті жойылды. Бұл туралы «Донецк жаңалықтары» басылымы жергілікті тұрғындарға сілтеме жасай отырып хабарлады. Ақпараттар бойынша, қазір Донецк шетінде ұрыс жүріп жатыр.

Красногоровка қаласында да атыс болып жатыр. 2 тамыз күні Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко "үкімет әскерінің Донецк маңындағы екі елді мекен - Красногоровка мен Старомихайловкаға кіргенін" хабарлады.

Донецк қалалық кеңесінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 2 тамыз күні Донецк қаласынан атыс естілген. Қаланың бірнеше ауданында электр қуаты өшіп қалған.

Өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" өкілдері "Торез және Шахтерск маңында Украина армиясын қоршағандарын" хабарлады. Қоршалды деген әскердің саны туралы ақпарат жоқ.

Иракта қақтығыстар шиеленісті

Ирак сарбаздары көтерілісшілермен атысып жатыр. (Көрнекі сурет)

Ирак астанасы Бағдат түбінде көтерілісшілер (ИШИМ) мен үкімет әскері соғысып жатыр. Бабиль провинциясының шенеунігі Хасан Фадамның хабарлауынша, Журф әл-Сахар қаласында болған ұрыстан кейін оқиға орнында Ирак армиясының 9 солдаты мен содырлардың ондаған мәйіті қалған. Балад қаласында жанкешті үкімет сарбаздарының ортасына көлікпен келіп жарылған. Бұл жарылыстан сегіз солдат қаза тауып, 23-і жараланған.

Ал Ирактың солтүстігінде ИШИМ (Ирак пен Шам ислам мемлекеті ұйымы) мен күрд әскері соғысқан. Ұрыстан екі жақтың 100 шақты жауынгері қаза тапқан. ИШИМ содырлары күрдтердің Замар қаласын басып алмақшы болған. Күрд әскерилері "шабуылды тойтарғандарын" хабарлады.

Израильдің жоғалған сарбазы қаза тапқан

Газа секторы мен Израиль шекарасында тұрған Израиль танкісі. 1 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Израиль Газа секторында жоғалып кеткен сарбазы Хадар Голдиннің қаза тапқанын мәлімдеді.

Израиль бұл туралы 3 тамыз күні хабарлады. Палестина аумағындағы ұрыста қаза тапқан сарбаздың мәйіті қайда екені айтылмады.

Мұның алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху армияның Газа секторындағы әскери кампаниясын жалғастыра беретінін хабарлаған еді. Ол ХАМАС қарулы тобының Израильге шабуыл жасағаны үшін "жауап беретінін" айтады.

Ал ХАМАС "мақсатқа жетпейінше қарсылықты тоқтатпайтынын" мәлімдеді.

Газа секторында үш аптадан бері болып жатқан қақтығыстан 1 мың 700 палестиналық қаза тапты. Олардың көбі - бейбіт тұрғындар. Израиль жағынан 67 адам қаза тапты. Көбі - солдаттар.

Пшонканың "Қазақстан азаматтығы" тексеріледі

Украинаның бұрынғы бас прокуроры Виктор Пшонка.

Украинаның бас прокуратурасы осы елдің бұрынғы бас прокуроры Виктор Пшонканың Қазақстан азаматтығын алған-алмағанын тексереді. Бұл туралы 2 тамыз күні Украинаның бас прокуроры Виталий Ярема Киевте өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың Facebook-тегі ақпаратына қарағанда, Пшонканың өзінен бөлек, оның ұлы Артемнің және Украина кәсіпкерлері мен саясаткерлері - Сергей Арбузов, Александр Клименко, Сергей Курченконың Қазақстан азаматтығын алған-алмағаны тексеріледі.

Украинаның бұрынғы бас прокуроры Виктор Пшонкаға "бюджет қаражатын жымқырды", "пара алды", "билігін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған.

Әзербайжанда тағы бір белсенді тұтқындалды

Әзербайжан құқық қорғаушысы Расул Жафаров.

2 тамыз күні Әзербайжан құқық қорғаушысы Расул Жафаров тұтқындалды. Оған "салықтан жалтарды", "кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты", "қызмет бабын асыра пайдаланды" деген айыптар тағылды. Баку қаласы Насимин ауданының соты оны үш айға тұтқындауға санкция берді. Мұның алдында Жафаровтың банктегі есеп-шоттары бұғауланып, оның елден кетуіне тыйым салынған еді.

Осы аптада "мемлекетке сатқындық жасады", "салықтан жалтарды", "кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты" деген айыптармен танымал құқық қорғаушы Лейла Юнус пен оның күйеуі Ариф Юнус тұтқындалды.

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті Лейла Юнустың тұтқындалуы мен Жафаровқа шетелге шығуға тыйым салынуына байланысты алаңдаушылық білдірген еді.

Комитет төрайымы Изабель Сантос Әзербайжан билігінің бұл әрекеттерін «дамыған демократиялық елге айналуға деген ұмтылысты мазақ ету» деп бағалады.

Қытай зауытында 68 адам қаза тапты

Қытайдың шығысында, Шанхай маңындағы зауытта жарылыс болды. Жарылыстан 68 адам қаза тауып, 120 адам жараланды. Куньшань (Цзянсу провинциясы) қаласындағы бұл кәсіпорында АҚШ көліктерінің бөлшегін жасайды.

Жарылыс сенбі күні таңертең көлік бөлшегін жасайтын цехта болған.

Куәгерлер сөзіне қарағанда, жарылыс өте күшті болған. Жарылыс дүмпуі зауыттан екі километр жерге естілген, терезе сынықтары 500 метрге шашылған.

Алдына ала жарияланған деректер бойынша, жарылыс себебі - өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы.

Кәсіпорын әкімшілігінің бірнеше қызметкері ұсталды.

Қарабақта төрт Әзербайжан солдаты қаза тапты

Таулы Қарабақтағы Армения әскері басып алған Агдам ауданына кірген Әзербайжан танкісі. 2 тамыз 2014 жыл.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі 2 тамыз күні таратқан дерекке қарағанда, Таулы Қарабақ маңында болған атыстан төрт әзербайжан солдаты қаза тапқан.

Министрлік мәлімдемесінде "Арменияның арандатушы тобының Агдам-Тертер ауданында Әзербайжан солдаттарына шабуыл жасағаны, жауынгерлердің шабуылды тойтарғаны" айтылған.

Кейінгі күндері Таулы Қарабақта Армения және Әзербайжан әскерінің атысуы жиілеп кетті.

1 тамыз күні Әзербайжан қорғаныс министрлігі "Армения әскерінің Әзербайжан армиясының позициясына шабуыл жасағанын, үш күннің ішінде сегіз әзербайжан сарбазының қаза тапқанын" хабарлаған еді.

Армения билігі "Қаза тапқан әзербайжан сарбаздарының саны айтылғаннан әлдеқайда көп болды" деген.

31 шілде күні Таулы Қарабақтың жергілікті билігі екі сарбазын Әзербайжан жауынгерлері атып кеткенін мәлімдеген еді.

ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағасы Джеймс Уорлик "Атысты тоқтату туралы бұрынғы келісім сақталуы тиіс" екенін мәлімдеді.

Грузия соты Саакашвилиді ұстауды бұйырды

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили.

Грузия соты бұрынғы президент Михаил Саакашвилиді ұстауға шешім шығарды. Шешім 1 тамыз күні қабылданған.

Мұның алдында, 28 шілде күні, Грузия прокуратурасы Саакашвилиді "лауазымын асыра пайдаланды" деген айыппен тергеуге шақырған. Бірақ бұрынғы президент тергеуге бармаған.

Саакашвили 2004-2013 жылдар аралығында, екі мерзім Грузия президенті болды. 2013 жылдың соңында ол елден кетіп қалған еді.

Оған тағылған айыптар 2007 жылы қарашада Тбилисиде болған үкіметке қарсы шерулерді күшпен таратуға байланысты болып отыр. Одан бөлек, Саакашвилидің "Имеди" телеарнасын "басып алғаны" жөнінде де шағымдар түскен. Саакашвили "президент болған кезінде ешқандай заңды бұзбағанын" айтады. АҚШ пен ЕО оған тағылған айыптарға қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.

Кэмерон: НАТО Ресейден қорғануы тиіс

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон НАТО-ны "Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауға" шақырды.

Кэмерон "НАТО Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауы керек, Мәскеу альянсқа тек жау ретінде қарайды" дейді.

Келесі айда Ұлыбританияда НАТО саммиті өтеді. Кэмерон осы шара қарсаңында альянс басшылары мен бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенге жазған хатында "НАТО мүше болып отырған елдерді Ресей тарапынан төнуі мүмкін әскери қауіптен қорғау мүмкіндігін күшейте түсуі тиіс" деген.

Кэмерон "НАТО Ресейдің Украинадағы астыртын әрекетін ескере отырып, Еуропаның шығыс аймағын ондай әрекеттерден қорғауға дайын болуы керек" екенін ескерткен.

Ол НАТО-ның қуатын күшейте түсу үшін әскери оқу-жаттығулар ретін өзгертуді, жабдық пен жарақты қайта орналастыруды, НАТО әскерін 25 мыңға көбейтуді ұсынады.

НАТО Украинаның Қырым түбегін аннексиялаған (2014 жылдың наурызы) Ресеймен байланыстарының бәрін тоқтатып, Еуропаның шығысындағы әскери жаттығуларын жиілетті.

Израиль Газа секторын атқылады

Газа секторын атқылап жатқан Израиль солдаттары. 1 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

2 тамыз күні Израиль Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласын атқылады. Израиль билігінің уәжіне қарағанда, "ХАМАС олардың бір солдатын тұтқындаған, ал бұл 72 сағатқа жарияланған уақытша бітімді бұзады".

Израиль шенеуніктері "ХАМАС ұйымы бір солдатымызды ұстап алды" дейді. Тель-Авивтің сөзіне қарағанда, "ХАМАС сарбазды уақытша бітім жарияланған 1 тамыз күні, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бір сағат өткенде тұтқындаған".

ХАМАС 2 тамыз күні Израиль әскерінің лейтенанты Хабар Голдинді ұстамағандарын, Голдин жүрген аумақтағы жауынгерлерімен байланысқа шыға алмай отырғандарын айтты. Голдин 1 тамыз күні хабарсыз кеткен еді.

ХАМАС "Голдин мен жауынгерлер өліп қалған" деген жорамал жасап отыр.

АҚШ президенті Барак Обама, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун және басқа саясаткерлер Израиль солдатын дереу босатуға шақырды.

Ал Израильдің Рафахқа жасаған бүгінгі шабуылынан 35 палестиналық қаза тапты.

Израиль мен Газа секторындағы ХАМАС ұйымының қақтығысып жатқанына үш апта толды. 1 мың 500-ден астам палестиналық қаза тапты. Израиль жақтан 61 солдат пен үш бейбіт тұрғын мерт болды.

Ресейде 14 БАҚ ескерту алды

Ескерту алған Regnum агенттігі сайтының скриншоты. (Көрнекі сурет)

Ресейдің 14 бұқаралық ақпарат құралы "Роскомнадзор" мекемесінен ескерту алды. Оларға ескерту Новосибирск суретшісі Артём Лоскутовтан "Сібір федерализациясы маршына" дайындық туралы сұхбат алғандары үшін берілген.

Жақында Slon.ru интернет-порталы Ресей бас прокуратурасының талабымен бұл сұхбатты сайттан алып тастады. "Роскомнадзор" кейбір ресейлік БАҚ (арасында «Полит.ру», Regnum, «Новый регион», «Росбалт» бар) "жұртты заңға қайшы шараларға қатысуға шақырып отыр" деп санайды.

АҚШ Украина әскеріне жабдық жөнелтеді

Украина әскерінің елдің шығысындағы тосқауыл бекеті. 1 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ таяу күндері Украина әскеріне 8 миллион доллардың әскери жабдығын жөнелтеді. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрлігі жұма күні хабарлады.

Украинаға броньды транспортерлер, шолғыншы және жүк көліктері, дүрбілер, түнде көруге арналған құралдар мен әскери қайықтар беріледі.

Пентагон Украинаның ұлттық гфардиясын оқытып, жаттықтырмақ. Бұл жоспарына Пентагон 19 миллион доллар сұрап отыр. Жоспар бойынша, келесі жылдың басынан бастап АҚШ әскери мамандары Украина ұлттық гвардиясының төрт ротасын оқытады.

АҚШ әзірге Украинаға қару беруден тартынып отыр. Мұны жұма күні Пентагон баспасөз хатшысы Джон Кирби айтты.

Бірақ АҚШ депутаттары Ақ үйді Мәскеу қолдайтын ресейшіл сепаратистермен соғысып жатқан одақтас мемлекетке "қорғаныс қаруларын", оның ішінде танкіге қарсы зымырандар беруге шақырып отыр.

Бейсенбі күні АҚШ сенатының қарулы күштер жөніндегі комитеті төрағасы Карл Левин "Украина армиясының Ресей басқыншылығына қарсы тұру үшін қаруға мұқтаж екенін" мәлімдеді.

Порошенко парламентті қайта сайлауды ұсынды

Украина президенті Петр Порошенко парламентте сөйлеп тұр. Киев, 31 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина президенті Петр Порошенко парламенттің қазіргі құрамының өзін өзі жариялаған Луганск және Донецк "халық республикаларын" (ЛХР және ДХР) террористік ұйым ретінде мойындамағанына қынжылады.

Порошенко "ЛХР мен ДХР-ды террористік ұйым деп жариялауға жартысы дауыс бермеген парламентпен қалай жұмыс істейтінін білмейтінін" айтқан.

"Интерфакс-Украина" ақпарат агенттігі Порошенконың "Бүтін бір фракциялары шетелден басқарылатын парламентпен жұмыс істеу мүмкін емес" деген сөздерін берген. Украина президентінің пікірінше, парламенттегі мұндай "қауіп күшейіп келеді".

Порошенконың айтуынша, "Украина ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында кезектен тыс парламент сайлауын өткізу керек".

ЕҚЫҰ өкілі Қарабақтағы қақтығысқа алаңдайды

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Минск тобының АҚШ тапанынан сайланған тең төрағасы Джеймс Уорлик.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Минск тобының АҚШ тарапынан сайланған тең төрағасы армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына алаңдайды.

Минск тобының тең төрағасы Джеймс Уорлик Әзербайжанның сепаратистік аймағы Таулы Қарабақтағы жағдай шиеленісіп кете ме деп қауіптенеді.

1 тамыз күні Уорлик Twitter парақшасына "атысты тоқтату туралы келісім сақталуы керек" деп жазды.

1 тамыз күні Әзербайжанның қорғаныс министрлігі "Армения әскерінің Әзербайжан позициясына шабуыл жасағаны, сегіз сарбазы қаза тапқаны" туралы мәлімдеме таратты.

Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Арцрун Ованнисян Азаттыққа "қақтығыс кезінде қаза тапқан Әзербайжан сарбаздарының саны айтылғаннан әлдеқайда көп" дейді. Ованнисян бұл қақтығысқа Бакуді айыптады.

31 шілде күні Таулы Қарабақ билігі "Әзербайжан әскерінің шабуылынан екі солдатының қаза тапқанын" мәлімдеген еді.

Обама: Путиннің әрекеті Ресейге зиян

АҚШ президенті Барак Обама.

1 тамыз күні Ақ үйден АҚШ президенті Барак Обама "Вашингтон Ресейдің Украинаға қатысты саясатын өзгертуге әсер ететін барлық тәсілдерді пайдаланды" деп мәлімдеді. Украинаның шығысында үкімет әскері ресейшіл сепаратистермен соғысып жатыр.

Ақ үйде сөйлеген Обама ""санкциялар Ресейге әжептәуір зардабын тигізеді. Бұл шектеулер Путинді Украина дағдарысын шешуге мәжбүрлеуі тиіс" дейді. Бірақ ол "Ресей президенті елінің мүддесіне қарсы жұмыс істеп отыр. Кейде адамдар ақылға қонымсыз әрекеттер жасайды" деп мәлімдеді.

Мұның алдында Кремль Путиннің "Батыс санкцияларынан нәтиже шықпайды" деген мәлімдемесін таратқан еді.

Ал АҚШ вице-президенті Джо Байден "Американың Украина шекара күзетін нығайту үшін 8 миллион доллар көмек қаржы бөлетінін" хабарлады.

Бас прокуратура "теңге бағамына" қатысты ескертті

Ақша айырбастау пункті алдында тұрған жұрт. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы соңғы күндері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған "теңге құнсыздануы мүмкін" деген қауесетке байланысты мәлімдеме жасады.

"Аталған хабарлар халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2014 жылғы 23 сәуірде еліміздің қылмыстық кодексіне көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік белгілейтін норма (242-1 бап) енгізілгенін еске салады. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректеріне негізделмеген теңге бағамын түзету туралы ақпараттың одан әрі таратылуына жол бермеу туралы ресми түрде ескертеміз" дейді бас прокуратура.

Тамыздың 1-і күні «Қазақстан ұлттық банкі» де теңгенің долларға шаққандағы құны арзандауына негіз жоқ екенін мәлімдеп, «тексерілмеген ақпарат мен сыбыстар таратпауға» шақырған.

Елде валюта бағамына қатысты қауіп кеше, шілденің 31-інде әлеуметтік желілерде үдей бастаған. «Батыс санкцияларының күшеюі Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі Ресейдің қаржылық ахуалына әсер етуі мүмкін» дескен жұрт биыл ақпанда Ресей рублі құлдыраған соң бірден девальвацияға ұшыраған теңге тағы да құнсыздануы мүмкін деп қауіптенген.

Тамыздың 1-і күні бірнеше ірі қаладағы ақша айырбастау орындарында доллар тапшылығы байқалған.

Әблязовтың экс-оққағары кепілдікпен шықты

Александр Павловтың Интерпол сайтындағы суреті.

Испания соты бұрын Мұхтар Әблязовтың қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Александр Павловты кепілдікпен босатты. Бұл туралы «Республика» медиа-тобының құрылтайшысы Ирина Петрушова өзінің Facebook-парақшасында хабарлады. Оның жазуынша, Павлов «саяси баспана бойынша өтініші қаралғанға дейін» бостандықта болады.

Europa Press агенттігі Павловтың кепілдікке 30 мың еуро көлемінде қаржы қалдырғанын жазады.

Бұған дейін Испанияның ақпарат құралдарының бірі El Pais Испания жоғары сотының шілденің ортасында осы елдің ішкі істер министрлігі шығарған «Павловқа саяси баспана бермеу» туралы шешімінің күшін жойғаны туралы жазған.

37 жастағы Александр Павлов 2012 жылдың желтоқсан айында тұтқындалғаннан бері Мадрид түрмесінде отыр. Ол Қазақстан билігінің сұранысы бойынша ұсталған. Қазақстан оны «террористік акт жоспарлады» деп айыптайды.

Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Александр Павловқа тағылған айыптың саяси сипаты барын айтып, Испания үкіметін оны Қазақстанға қайтармауға шақырған. Amnesty International ұйымы Павлов Қазақстанға қайтарылса, қысымға ұшырауы мүмкін деп мәлімдеген.

Украинаның шығысында ұрыс жалғасып жатыр

Блокпостта тұрған украин сарбазы. Донецк облысы, 31 шілде 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы Шахтерск қаласында десантшылар колоннасы ресейшіл сепаратистер қоршауына түсіп қалды деп хабарлайды аймақтағы арнайы операцияның баспасөз қызметі. Украин әскерилері арасындағы адам шығыны туралы мәлімет тексеріліп жатыр.

Бұған дейін Шахтерскіде сепаратистердің шабуылынан 20-дан астам сарбаз қаза тапқаны хабарланған. Украиналық "Громадьске ТВ" телеарнасы жаралыларды Днепропетровск қаласына жөнелтіп жатқанын хабарлады.

Әскери-саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Дмитрий Тымчук Facebook-тегі парақшасында өткен түні Луганск облысының Макарово селосы маңындағы украин әскерилерінің шебі атқыланғанын жазған.

Луганск әуежайы территориясы мен Мариновка және Березовое селоларына жақын аймақтардағы украин әскерилеріне минометтен оқ атылған. Тымчуктың сөзінше, оқ Ресей жағынан атылған. Қаза тапқандар немесе жараланғандар туралы ақпарат жоқ.

Наразы тұрғындар Нығматулинмен кездесті

Наразы тұрғындары президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездесуге бара жатыр. Астана, 1 тамыз 2014 жыл.

Астана маңындағы бұрынғы саяжайда тұратын, жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындардың екеуі - Сандуғаш Серікбаева мен Ольга Рубахова 1 тамызда президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің қабылдауында болды.

Нығматулинмен өткен кездесуге прокуратура мен Астана қалалық әкімдігінің өкілдері де қатысып, отырыс үш сағатқа созылды. Бұл уақытта президент әкімшілігі ғимаратының алдында саяжайдағы үйлерінен шығарылатын өзге де отбасылардың өкілдері - жеті әйел мен бір бала күтіп тұрды.

Кездесуден соң Сандуғаш Серікбаева Азаттыққа "келісімге келе алмағандарын" айтты. Оның сөзінше, прокуратура мен қалалық әкімдік өкілдері саяжай тұрғындарының үйлерін сүріп, жерлерін алудың заңды екенін айтқан.

Тұрғындар Нұрлан Нығматулиннен өздерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді сұраған.

Кездесуден шыққан соң Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун кездесу барысы мен қорытындысы туралы айтудан бас тартты. Ол жауапты тек әкімдікке ресми хат жіберіп қана алуға болатынын айтты.

Саяжай тұрғындары 23 шілдеден бастап бірнеше күн Нығматулинмен кездестіруді талап етіп, үкімет үйі алдында күндіз-түні наразылық акциясын өткізген. Акция кезінде оларды полиция екі рет ұстап әкетіп, қайта босатқан.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақыдан артық ақша берілмейтінін айтады. Шілдеде бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заң талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

Ұлттық банк "девальвацияға" дүрлікпеуге шақырды

Алматыдағы валюта айырбастау пунктерінің бірі. Алматы, 1 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан ұлттық банкі 1 тамызда "теңге құнсыздануы мүмкін" деген ақпардың негізсіз екенін мәлімдеп, кейбір валюта айырбастау пунктерінің валюта сатуды тоқтатуын "орынсыз" деп атады. Ұлттық банктің хабарлауынша, аймақтық филиалдарында азаматтардың айырбастау пунктерінің жұмысында болған заң бұзушылықтар жайлы хабарлайтын шұғыл телефон желілері ашылған.

Азаттықтың Астанадағы тілшісі бүгін қаладағы Республика даңғылы бойында орналасқан бірнеше валюта айырбастау пунктерінде доллар мен еуро жоғын байқады. Айырбастау пунктерінің бірі - "Bailyk Finance"-тың сатушысы Айгүл Әшірованың сөзіне қарағанда, доллар мен еуроға сұраныс 31 шілде күні түстен бастап артқан.

- Кеше түстен бастап тұрғындардан еуро мен долларға деген сұраныс артты. Әуелде мұның себебін түсінбегенбіз. Сөйтсек, интернетте Қазақстанда девальвация болуы мүмкін деген ақпарат тарапған екен. Жұрт содан дүрліккен сияқты. Бірақ доллардың бағамы көтерілген жоқ, біздегі бүгінгі бағам бойынша сатып алу - 182,8 теңге, сату - 184,8 теңгені құрайды, - дейді Айгүл Әшірова.

Оның сөзінше, пункт қазір банктерге доллар сатып алуға тапсырыс берген. Әзірге жауап жоқ.

Астанадағы басқа айырбас пунктерінде де доллардың бағамы бірдей.

Ұлттық банк бүгін алтын валюта қоры шілде айында 500 миллион АҚШ долларына артқанын, таңертең Қазақстан қор биржасындағы теңгенің долларға шаққандағы бағамы нығайып, 1 АҚШ доллары 182,08 теңге болғанын хабарлады.

"Синопек" Қожахметті жұмысқа алуға тиіс болды

«Синопек Қазақстан» (Қытай кәсіпорны) сервис компаниясының бұрынғы қызметкері Руслан Қожахмет.

1 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты судьясы Дәулет Аркинов Алматы тұрғыны Руслан Қожахметтің қытайлық "Синопек Қазақстан" халықаралық сервистік компаниясына" түсірген шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот Қожахметті жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп тауып, компанияға оны бұрынғы лауазымы - компания директорының өндіріс бойынша орынбасары етіп қайта орналастыруды міндеттеген.

Ал шағым берушінің өзінің ар-намысын қорғау және моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өтеп беру туралы талабын қанағаттандырудан сот бас тартқан.

Руслан Қожахметтің Азаттыққа айтуынша, ол сот шешіміне жартылай қанағаттанған. Бірақ ол Алмалы аудандық сотының шағымның бір бөлігін қанағаттандырудан бас тартуын негізсіз деп, шешімге апелляциялық шағым беретінін айтады.

Қытайлық компанияның мүддесін қорғайтын адвокат Илья Григоренконың сөзінше, сот қаулысына шағым беру туралы шешім компания басшылығы онымен мұқият танысқаннан соң қабылданады.

Бұған дейін Руслан Қожахмет компания өзін жеке ұстанымына бола жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеген.

Газа секторында үш күндік бітім күшіне енді

Израиль әскерилері Газа секторын атқылап жатыр. 30 шілде 2014 жыл.

Газа секторында бүгін, яғни 1 тамыз Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы атысты үш күнге тоқтату туралы келісім күшін енді.

БҰҰ және АҚШ ықпалымен жасалған гуманитарлық бітім кезінде Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері Египет астанасы Каирде ұзақ мерзімдік бітім жасасу туралы келіссөздер жүргізеді.

Газа секторындағы қақтығыстар басталған 8 шілдеден бері бірнеше рет гуманитарлық бітім жасалды. Бірақ оларды бірде ХАМАС, бірде Израиль бұзып отырды.

Израиль әскери ұшақтары 30 шілдеге ауған түні Джабали қаласындағы босқындар лагерінде орналасқан БҰҰ мектебі мен өкілдігін атқылап, 16 адам қаза тапты.

Палестина басшылығының дерегіне қарағанда, қақтығыстардан құрбан болған палестиналықтар саны 1 мың 450-ден асқан.

Израиль жағы 61 сарбазы мен үш бейбіт тұрғынының қаза тапқанын айтады.

АҚШ қор биржаларында акциялар бағамы төмендеді

Нью-Йорктің қор биржасы. (Көрнекі сурет).

АҚШ-тың қор биржаларында 31 шілде күні инвесторлардың Украинадағы дағдарыс пен басқа да халықаралық мәселелерге қатысты алаңдаушылығынан негізгі акциялардың бағамдары төмендеді.

Нью-Йорк биржасында АҚШ-тың ең ірі 30 корпорациясын қамтитын Dow Jones индексі 300 пунктке, яғни екі пайызға жуық төмендеген. 500 компанияның акциялар құнын көрсететін S&P индексі 40 пунктке, яғни екі пайызға құлдыраған.

"Fortune" іскерлік журналының пікірінше, индекстердің құлдырауына Украинадағы жағдай мен Еуропа Одағы және АҚШ-тың Ресейге қарсы экономикалық санкциялары әсер еткен.

Мысалы, "Роснефть" компаниясымен әріптестік байланысы бар америкалық ірі мұнай компаниясы - Exxon Mobil акциялары төрт пайызға құлдыраған

АҚШ қор биржаларындағы индекстердің төмендеуіне Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігінің Аргентинаны халықаралық несие берушілерге қарызын төлей алмауына байланысты "жартылай дефолт" деп жариялауы да себеп болған.

ДСҰ Африкадағы Эбола вирусымен күреспек

Эбола вирусы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) Африканың батысында жүздеген адамның өмірін қиған Эбола вирусымен күресу үшін 100 миллион АҚШ долларын бөлу жоспарын жариялады.

ДСҰ Эбола індетін вирус тараған аймақтарға, әсіресе шекаралық аудандарға мониторинг жүргізуді күшейту арқылы тоқтатуды көздеп отыр.

1 тамыздан бастап ДСҰ бас директоры Маргарет Чан Гвинеяда індет тараған елдердің басшыларымен кездеседі.

31 шілде күні Африканың батысындағы Сьерра-Леоне мемлекеті төтенше жағдай жариялап, карантин қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскер жұмылдырған. Мұның алдында Либерия да індетке байланысты бақылауды күшейткен.

Вирус Африканың батыс елдеріне ақпан айында тарады. Содан бері бұл кеселден 729 адам қаза тапты. АҚШ билігі Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеге баратындарға сапарларын шегеру туралы ескерту жасады.

Тағы

XS
SM
MD
LG