Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шығыс Украинада шайқас жүріп жатыр

Донецк маңында үкімет әскеріне қарсы соғысып жүрген ресейшіл сепаратистер әскери танктерде отыр. 31 тамыз 2014 жыл.

Донецк облысындағы Иловайск қаласы маңында украиналық он сарбаз қоршаудан шыққаны туралы бүгін Facebook-тегі парақшасында «Донбасс» батальонының командирі Семен Семенченко жазды.

Бұған дейін Украина ішкі істер министрлінің кеңесшісі Антон Геращенко 84 украиналық сарбаздың қоршаудан шыққаны жайлы хабарлаған еді. 29 тамыздан бері Иловайск түбіндегі қоршаудан екі жүзге жуық украиналық әскери шыққан. Қаза тапқандар мен тұтқынға түскендер туралы әзірше нақты мәлімет жоқ.

Луганск қаласының түбінде аэродром үшін шайқас жүріп жатыр. Аймақтағы арнайы операция орталығының баспасөз қызметі украиналық әскерилер позициясын Ресей қарулы күштерінің танк батальоны атқылаған деп отыр. Бұл ақпаратты Ресей жағынан растаған жоқ.

Соңғы тәулікте Украинаның шығысындағы шайқастар барысында сепаратистерден 80-ге жуық адам мерт болып, бірнеше техника істен шыққан деп хабарлады аймақтағы арнайы операция орталығының баспасөз қызметі. Оның ақпаратына сәйкес, өткен түні Веселая Гора, Ленино, Победа, Лутугино, Березино және Донецкое елдімекендері маңында украиналық әскерилер позицияларын атқылаған. Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Исламабадта телеорталықты басып алды

Үкіметке қарсы шерушілер премьер-министр кеңсесінің жанында тұр. Исламабад, Пәкістан, 1 қыркүйек 2014 жыл.

Пәкістан астанасында үкіметке қарсы шеруге шыққандар дүйсенбі күні телеорталықты басып алды. PTV ұлттық телеарнасы мен оның ағылшын тілінде хабар тарататын PTV-World қызметінің эфирдегі жұмысы тоқтап қалды.

«Олар ғимаратқа шабуылдап жатыр, өз міндеттерін орындаған қызметкерлеріміз соққыға жығылды» деп хабарлады трансляция үзілерден бірнеше минут бұрын ұлттық телеарна дикторы.

Express атты пәкістандық тағы бір телеарна кейбір шерушілердің телеорталық ғимараты ішінде противогаз киіп жүргенін көрсеткен, бірақ бейнекадрда ешқандай зорлық-зомбылық іс-әрекеттері байқалмады деп хабарлады Reuters және AFP агенттіктері.

Пәкістанда премьер-министр Наваз Шарифтің биліктен кетуін талап еткен үкіметке қарсы шерулер бірнеше аптадан бері жалғасып жатыр. 30 тамыз күні шерушілер премьер-министр кеңсесіне басып кірмек болғанда қақтығыстар салдарынан үш кісі қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Алматыда құрылыс базарында өрт шықты

"Барахолка" базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Дүйсенбі күні Алматы қаласының жаңадан құрылған Наурызбай ауданында орналасқан құрылыс базарларының бірінде өрт шыққан. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.

Өрт жалыны базар әкімшілігі отыратын бөлме мен оған жапсарлас орналасқан асхананы шарпыған. Сол маңда тұрған жеңіл автокөлік өртенген.

Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі жергілікті уақытпен сағат 11-ге қарай өртті сөндірген.

Өрттен зардап шеккен адамдар туралы ақпарат түскен жоқ. Өрттің шығуына не себеп болғаны және өрттің қанша аумақты қамтығаны қазір анықталып жатыр деп хабарланды.

Австралия Ресейге жаңа санкциялар енгізбек

Австралия премьер-министрі Тони Эббот.

Австралия премьер-министрі Тони Эббот Мәскеуді «Украинаның шығысында үкіметке қарсы соғысып жатқан қарулы топтарға қолдау көрсетіп отыр» деп айыптап, Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін жариялады.

Санкциялар Ресей қару-жарағы саудасы мен Австралия қаржы нарығында ресейлік мемлекеттік банктердің іс-әрекетін шектеуге бағытталған. Бұған дейін наурыз айында Австралия үкіметі ресейлік бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы шектеулер енгізген болатын.

Австралия парламентінде сөйлеген сөзінде премьер-министр Эббот қазіргі уақытқа дейін Украинаның шығысында қарулы жанжалдан кемінде екі жарым адам қаза болғаны туралы мәлімдеді.

Беслан қасіретіне 10 жыл толды

Бесландағы терактіде қаза тапқан оқушы қыздардың суретін көрсетіп тұрған балалар.

Ресейдің Солтүстік Осетия аймағындағы Беслан қаласында жүздеген адамның өмірін қиған қасіретті оқиғаға биыл 10 жыл толды.

Соңғы он жылда қалыптасқан дәстүр бойынша, бүгін Бесланда құрбандарды еске алу шарасы таңертең мектеп ауласында қоңырау қағумен басталады. Шабуылда қаза тапқандарға арнап 334 шырақ жағылады. Бесландағы еске алу үш күнге жалғасады. Беслан құрбандарын еске алу шаралары Ресейдің өзге де қалаларында өтеді.

2004 жылы 1 қыркүйек күні қаладағы 1-мектепте қарулы террористер кепілге алған 1200-ден аса оқушы балалар, ұстаздар мен ата-аналар 3 қыркүйекке дейін осы мектепте тұтқында болды. Террористер мен арнайы жасақ арасындағы ұрыста содырлар кепілге алған 334 адам қаза тапты. Олардың 186-сы балалар еді. Кепілге ұсталған жүздеген адам жараланды. Бұл теракт үшін жауапкершілікті Солтүстік Кавказ аймағында үкіметке қарулы қарсылық танытқан топ жетекшісі Шәміл Басаев мойнына алған.

Қазақстан жаңа оқу жылын бастады

Алматы мектептерінің біріндегі алғашқы қоңырау. (Көрнекі сурет)

Бүгін, 1 қыркүйек күні Қазақстанда білім күні аталып өтеді. Елдегі бастауыш және орта білім беретін мектептерде жаңа оқу жылының басталғаны жарияланып, алғашқы қоңырау соғылды.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, биыл елде 270 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2014-2015 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушы саны – 2 миллион 498 мың 819 адам, олардың ішінде бірінші сыныпқа баратындары – 277 мың 575 бала» делінген министрлік хабарламасында.

Жасырын ақша мен мүлікті заңдастыру басталды

Көрнекі сурет.

Бүгін, 1 қыркүйек күні Қазақстанда қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы басталды. Бұл шара 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғаспақ.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 30 маусым күні қол қойған «Қазақстан азаматтарына, оралмандарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға мүліктерін заңдастыруына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, рақымшылықпен жария етілетін капиталға ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, құрылыс нысандары мен ғимараттар, басқа адамның атына рәсімделген және Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады.

Бірақ қылмыстық әрекеттер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен, сыбайлас жемқорлық және басқа да мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекеттер арқылы алынған мүліктерге рақымшылық жасалмайды.

Бұған дейін Қазақстанда жасырын капиталға рақымшылық жасау процесі екі мәрте – 2001 жылы және 2006 жылы жүргізілген.

Минскіде Украина жайлы үшақты жиын өтеді

Еуропа Одағы (солдан оңға), Украина және Ресей тулары. (Көрнекі сурет)

Бүгін Беларусь астанасында Украина бойынша үшжақты байланыс тобының отырысы өтеді. Сенбі күні Брюссельде Украина президенті Петр Порошенко Минскідегі келіссөздерге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілі, Украинадағы Ресей елшісі Михаил Зурабов және Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма қатысады деп хабарлаған.

Порошенконың айтуынша, тараптар Ресей аумағында заңсыз ұсталып отырған Украина азаматтарын кепілден босату, ресей-украин шекарасын қадағалайтын ЕҚЫҰ бақылау тобының жұмысы және атысты тоқтату форматы туралы мәселелерді талқыламақ. Украина президенті үшжақты байланыс тобының жұмысын қайта жандандыру Донбасқа арналған бейбіт жоспарды тиімді пайдалануға және ахуалды келіссөздер арқылы реттеуге септеседі деп санайды.

26 тамыз күні Минскідегі кездесу қортындысы бойынша, Кеден Одағына мүше елдер мен Украина президенттері және Еуропа Одағы жоғары лауазымды өкілдері Беларусь астанасында «Украина-Ресей-ЕҚЫҰ» байланыс тобының кездесулерін тұрақты өткізіп тұру жөнінде уағдаласқан еді.

Жексенбі күні ресейлік «Первый канал» телеарнасына сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу туралы келіссөздерде «Украинаның оңтүстік-шығысындағы аймақтарда қоғамның саяси ұйымдасуы және мемлекеттілік мәселесі» қозғалуы тиіс деп мәлімдеген.

Иракта жанкешті шабуылынан 37 адам мерт болған

Рамади қаласы, Анбар провинциясы, Ирак. 30 шілде 2014 жыл.

Ирактың Анбар провинциясындағы Рамади қаласында жексенбі күні әскери нысан маңында жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 37 адам мерт болған. Полиция мен дәрігерлердің мәліметі бойынша, мерт болғандардың 22-сі қауіпсіздік қызметінің өкілдері деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Сол күні шиттер жасағы мен күрдтердің «пешмерга» қарулы тобының қолдау көрсетуімен үкімет әскері Амерли қаласына кіргені хабарланды. «Ислам мемлекеті» содырлары қоршауда ұстап отырған бұл қаланы азат ету операциясы сенбі күні басталған. АҚШ әскери әуе күштері қала іргесіндегі «Ислам мемлекеті» орнатқан бекіністерге соққы берген. Сонымен бірге АҚШ ұшақтары қоршаудағы қала тұрғындарына әуеден гуманитарлық жүк тастаған.

Қаңтар айынан бері Анбар провинциясындағы Рамади және Фаллуджа қалаларында Ирак үкіметінің қауіпсіздік күштері «Ислам мемлекеті» содырларымен шайқасып жатыр.

Бішкекте Кеден Одағына қарсылар ұсталды

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада сөйлеп тұр. Бішкек, 31 тамыз 2014 жыл.

Бүгін кешке Бішкек қаласындағы Ала-Тоо алаңында Қырғыз республикасының туы бейнеленген қызыл лента таратып жүрген «Қырғызстан Кеден Одағына қарсы» қозғалысының белсенділерін милиция ұстаған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне қозғалыс мүшелері хабарлады.

«Құқық органдарына акция туралы алдын ала хабар берілген. Бірақ ешқандай себепсіз ұсталған белсенділер қазір Бішкектің Первомай аудандық ішкі істер бөлімінде отыр» деп олар Азаттыққа жексенбі күні.

Ұсталған екі адамның бірі – Марат Мүсіралиев екені хабарланды, екіншісінің аты-жөні әзірше белгісіз.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, бұл акция 31 тамыз – Қырғызстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған.

Жексенбі күні Қырғыз мемлекеті тәуелсіздігінің 23 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде ел президенті Алмазбек Атамбаев "елдің Кеден Одағына кіруі - дұрыс шешім және оған балама жоқ" деп мәлімдеген.

Ресей мен Украина қолға түскен сарбаздарды айырбастаған

Украинаның шығысында ұсталған Ресей жауынгерлері баспасөз мәслихатында отыр. Киев, 27 тамыз 2014 жыл.

Украина өз аумағында ұсталған ресейлік тоғыз десантшы сарбазды украиналық 63 әскериге айырбастаған. Бұл туралы бүгін Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко хабарлады. Оның айтуынша, екі тарап қолға түскен әскерилерді жексенбіге қараған түні Харьков облысындағы «Гоптовка» өткізу бекетінде айырбастаған.

Бұған дейін Украинада ұсталған ресейлік 98-ші әуе-десант дивизиясының тоғыз сарбазы өткен түні Ресейге қайтып оралды деп хабарланған болатын.

Ресейдің Кострома қаласындағы десантшылар әскери бөлімінің он сарбазы Украина жерінде ұсталғаны туралы 26 тамыз күні Украина қауіпсіздік қызметі хабарлаған еді. Көп ұзамай ұсталғандардың арасында денесін күйік шалған біреуін – Артем Кузьминді Украина жағы Ресейге қайтарып, ол Санкт-Петербург қаласындағы әскери госпитальге жеткізілген. Қалған тоғыз сарбаздан Киевте Украинаның арнайы қызметі жауап алып, олардың шекарадан қалай өткендерін, Украина жерінде соғыс қимылдарына қатысқан-қатыспағандарын анықтаған еді. Украина тарабы бұл сарбаздардан «куәгер» ретінде жауап алғандарын мәлімдеген.

Украинада ұсталған тоғыз сарбаз Ресейге оралды

Украина қауіпсіздік қызметі Донецк облысындағы ұрыс болып жатқан аймақтан ұсталғаны туралы хабарлаған ресейлік сарбаздардың төртеуінің суреттері.

Украинада ұсталған ресейлік 98-ші әуе-десант дивизиясының тоғыз сарбазы өткен түні Ресейге қайтып оралды деп хабарлады Ресей әуе-десант әскері қолбасшысының орынбасары Алексей Рагозинге сілтеме жасаған РИА-Новости агенттігі.

Ресейдің Кострома қаласындағы десантшылар әскери бөлімінің он сарбазы Украина жерінде ұсталғаны туралы 26 тамыз күні Украина қауіпсіздік қызметі хабарлаған еді. Көп ұзамай ұсталғандардың арасында денесін күйік шалған біреуін – Артем Кузьминді Украина жағы Ресейге қайтарып, ол Санкт-Петербург қаласына әскери госпитальге жеткізілген. Қалған тоғыз сарбаздан Киевте Украинаның арнайы қызметі жауап алып, олардың шекарадан қалай өткендерін, Украина жерінде соғыс қимылдарына қатысқан-қатыспағандарын анықтаған еді. Украина тарабы бұл сарбаздардан «куәгер» ретінде жауап алғандарын мәлімдеген.

Ресейлік «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында ұсталған десантшылар өздерін Украинаның шығысындағы үкіметке қарсылық танытып жатқан қарулы топтардың қолына түскен украиналық әскерилерге айырбастауы мүмкін екендігін айтқан. Бірақ кейін ондай айырбастың болған я болмағаны туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Назарбаев облыс әкімін не үшін жұмыстан алғанын айтты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жазда Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті «жерге қатысты заңсыз іс-әрекеттері» үшін қызметтен босатқанын мәлімдеген. Бұл туралы Назарбаев Қарағанды облысында жұртшылық өкілдерімен кездесуде айтқан деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Назарбаев биыл көктемде бір топ кәсіпкерден хат алғанын, тексеру нәтижесінде облыс басшылығына қатысы бар бір фирмаға «жалпы аумағы 49 гектар болатын жеті жер телімі бөлінгені анықталғанын» айтқан. Бұдан өзге Қарағандыда «11 жер телімін жеке тұрғын үй құрылысын салуға алып, ештеңе салмастан, қайта сатып жіберген» тағы бір фирма туралы сөз еткен.

«Жаңа қала» жобасын бекіту кезінде әкімдік жер телімдерін шағын және орта бизнес өкілдерінен тартып алу үшін түрлі схемалар ойлап тапқан» деген Назарбаев.

Президент өзі атаған заң бұзушылықтарды соңына дейін тексеруді міндеттеген.

«Осы үшін мен бұрынғы әкімді орнынан алып тастадым, осыны біліп жүріңдер. Мұндай бассыздық болып жатқанда, ол қалайша осында бұйрық беріп отыра береді?!» деген ол.

46 жастағы Бауыржан Әбдішевтің өз еркімен отставкаға кетуге берген өтініші бойынша 2014 жылы 20 маусым күні Қарағанды облысының әкімі қызметінен босатылғаны хабарланған еді. Ол бұл қызметке 2013 жылы қаңтарда президент жарлығымен тағайындалған болатын.

Еуропа одағы Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізбек

Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко Еуропа Одағы елдерінің Ресейге қарсы жаңа санкциялар дайындауға келіскені жайлы мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа санкцияларды енгізу процесі Киев ұсынған бейбітшілік жоспарының жүзеге асуына байланысты болмақ.

Сенбі күні Еуропа Одағы (ЕО) саммиті өтіп жатқан Брюссельде баспасөз мәслихатында Порошенко дүйсенбі күні Украина, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Ресей өкілдерінің қатысуымен Минскіде өтетін кездесуде атысты тоқтату туралы келісімге қол жетеді деп үміттенетінін білдірді.

Саммит алдында Еуроодаққа мүше елдер басшыларының көпшілігі егер Ресей Украинаға қатысты ұстанымын өзгертпейтін болса, ЕО Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуға дайын болуы керек деп мәлімдеген.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Украина жерінде ресейлік әскердің болғанын қабылдауға келмейтінін ұғыну қажеттігін мәлімдеген. «Мәскеу Украинаға шабуылы арқылы іс жүзінде Еуропамен соғыс жағдайына өтті» деген Литва президенті Даля Грибаускайте дереу Киевке әскери көмек беруді бастауға шақырған. Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу украин дағдарысы «шырқау шегінен асуға» жақын қалғанын ескертті. Ол ЕО Ресеймен тайталасуды қаламайтынын, жаңа қырғи-қабақ соғыстың бүкіл Еуропа құрлығы үшін құрдымға айналуы мүмкін екенін айтқан.

Исламабадтағы қақтығыстарда ондаған адам жараланды

Пәкістандық оппозициялық саясаткер Имран Хан.

Сенбі күні Пәкістан астанасында демонстранттар мен полиция қақтығысып, кемінде 50 адам зардап шеккен, олардың жетеуі – құқық органдарының өкілдері. Жараланғандардың арасында 17 әйел бар деп хабарлады дәрігерлер. Қақтығыстар тыйылмай отырғандықтан, зардап шегушілер саны көбеюі мүмкін дейді билік өкілдері.

Бұл қақтығыстар парламент үйі алдына шатыр тіккен наразылардың премьер-министр кеңсесіне басып кіруге жасаған әрекетінен соң басталған. Полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқтар қолданған.

Пәкістанда 15 тамыздан бері жалғасып жатқан үкіметке қарсы шерулерге дінбасы Тахир уль-Қадри мен оппозициялық саясаткер, бұрынғы крикет ойыншысы Имран Хан жетекшілік етеді. Наразылар премьер-министр Наваз Шарифтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр.

Имран Хан мен Тахир уль-Қадри премьер-министр Наваз Шарифті «коррупция мен заңсыз бизнеске қатысы бар» деп айыптайды. Олар Наваз Шариф 2013 жылғы жалпыхалықтық сайлаулар нәтижесін бұрмалау арқылы жеңіске жеткен деп санайды.

Дональд Туск Еуропа кеңесі төрағасы болып сайланды

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини (сол жақта) мен Польша премьер-министрі Дональд Туск. Брюссель, 30 тамыз 2014 жыл.

Сенбі күні Брюссельде Еуропа Одағы саммитінде Польша премьер-министрі Дональд Туск Еуропа кеңесінің төрағасы болып жаңадан сайланды. Осы кезге дейін бұл қызметті Херман Ван Ромпей атқарып келген.

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары болып сайланды. Бұл қызметті осы кезге дейін Кэтрин Эштон атқарып келген болатын.

2007 жылдан бері Польша үкіметін басқарып келген 57 жастағы Дональд Туск Украина дағдарысы мәселесіне қатысты Ресейге санкцияларды қатаңдатуды қолдайтын тұлға ретінде танымал.

41 жастағы Федерики Могерини 2008 жылдан бері Италия парламенті төменгі палатасының депутаты. Ол биыл ақпан айында Италия сыртқы істер министрлігінің басшылығына келген еді.

Египетте исламшыл лидерлер өмірлік жазаға кесілді

Мұхаммед Бадие.

Египет соты «Мұсылман бауырлар» қозғалысының рухани жетекшісі Мұхаммед Бадие және жеті адамды өмір бойы түрме жазасына кесті. Сот оларды былтыр жазда болған наразылық акциясы кезінде «зорлық-зомбылық жасауға азғырғаны үшін айыпты» деп таныған. Бұған дейін бұл адамдар өлім жазасына кесілген болатын, бірақ Египеттің жоғарғы мүфтиі ол үкімді бекітпей, істі қайта қарау үшін сотқа жіберген еді.

Сонымен бірге сенбі күні Египет соты қазіргі уақытта бой тасалап жүрген алты адамды өлім жазасына кесу туралы үкім шығарған.

Египетте Хосни Мүбәрак отставкаға кеткеннен кейін оның орнына ел президенті болып сайланған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілі Мұхаммед Мурсиді былтыр шілде айында әскерилер биліктен тайдырған соң шаппай шерулер қантөгіске ұласып, көп адам опат болған. Мурсиді қолдайтын мыңдаған адам түрмеге жабылды. «Мұсылман бауырлар» қозғалысы «террористік ұйым» деп танылып, оның қызметіне тыйым салынған.

Мурсидің билігі тұсында қорғаныс министрі болған Абдел Фаттах әл-Сиси биыл жазда Египет президенті болып сайланды. Ресми мәлімет бойынша, оның кандидатурасын дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 90 пайызы қолдаған.

Украинаның жүзден астам сарбазы қоршаудан шықты

Донецк облысындағы Иловайск маңында түнде жүзден астам Украина жауынгері қоршауда қалған еді. «Донбасс» батальонының командирі Семен Семенченконың айтуынша, Иловайск түбіндегі жауынгерлер қоршаудан шыққан. Бірақ тағы осынша сарбаз Новокатериновка, Старнобешево, Червонопольское елді мекендерінде қоршауда тұр.

Донецкідегі қақтығыстардан кейінгі тәулікте екі жергілікті тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Донецк қалалық кеңесі хабарлады. Қалада бірнеше үй қираған, атыс пен жарылыстар болып жатыр. Донецк облысында сепаратистермен соғысып жатқан Украина әскері Комсомольский қаласын қорғауға кірісті.

Луганск облысында Украина әскері Крымское және Сокольники елді мекендері маңында ұрыс жүргізіп жатыр. Үкімет әскері Хрящеватое және Новосветловка селоларын тастап шығып, Луганск маңында қорғанысқа әзірленді.

Украина билігінің мәліметі бойынша, кейінгі күндері елдің шығыс аймағында 20 шақты қарулы қақтығыс болған. Украина әскері қарсы жақтың бірнеше зеңбіректері мен танкілерін, «Град» құрылғыларын істен шығарған. Многополье, Станично-Луганское, Георгиевка, Малониколаевка және Комсомольское елді мекендерінде Украина әскеріне шабуыл жасалып жатыр.

Үкімет әскері Мариуполь қаласын қорғынасқа дайындауға кірісті. 27 тамыз күні Новоазовск қаласын сепаратистер басып алған еді. Киев енді олар теңіз жағасындағы Мариупольге шабуыл жасайды деп қауіптеніп отыр.

Баррозу: Украина дағдарысы "соңғы межеге" таяды

Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу.

Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу Украина дағдарысының "соңғы межеге" таяғанын ескертеді.

Брюссельдегі келіссөздерден кейін ол Украина президенті Петр Порошенкомен біріккен баспасөз мәслихатын өткізді. Баррозудың айтуынша, Еуропа Одағы (ЕО) Ресейге жаңа санкциялар дайындап жатыр. Ол шектеулердің мақсаты: Ресейді Украинадағы жағдайды ушықтырудан айныту.

Еурокомиссия басшысы Еуропаның қақтығысты реттегісі келетінін айтты. Оның сөзінше, ЕО Ресеймен қақтығысқа барғысы келмейді. Өйткені, жаңа қырғиқабақ соғыс бүкіл құрлыққа орасан зор зиянын тигізеді.

Ал Порошенко Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптап, ел аумағында Ресейдің бір мыңдай жауынгері мен жүздеген танкілері жүргенін айтты.

ЕО-ның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон "Ресейге салынатын санкциялар туралы шешім сенбі күні кешке қабылданатынын" мәлімдеді.

Мұның алдында (жұма) Миланда өткен ЕО өкілдерінің бейресми кездесуінде Эштон "басқосуға қатысқан ЕО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Ресейді Украинадан әскерін шығаруға шақырғанын" хабарлаған еді.

"Талибан" шабуылынан 6 ауған қаза тапты

Ауғанстанның шығысында, Жалалабад (Нангархар провинциясы) қаласындағы барлау қызметінің штаб-пәтеріне шабуыл жасалып, алты адам қаза тауып, 45 кісі жараланды. Атыс кезінде шабуыл жасаушы тараптан да бес адам мерт болған.

Жергілікті билік өкілдері әуелі жанкештілер жарылғыш зат толтырылған жүк көлігі мен бір автомобильді жарғанын, одан соң бірнеше сағатқа созылған атыс басталғанын айтады.

Шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алды.

Ауғанстанда президент сайлауына түскен екі кандидаттың кикілжіңінен дауыс беру қорытындысы әлі шыққан жоқ. Ел саяси дағдарысқа тіреліп тұр. Осыған қарамастан, Кабул АҚШ ұсынған қауіпсіздік шартына қол қоймай отыр. Ол бойынша, шетелдік әскер Ауғанстаннан шығарылып болған соң, халықаралық күштердің аз бөлігі осы елде қалуы тиіс.

Украина әскері қоршаудан шығуға талпынып жатыр

Украинаның УНИАН ақпарат агенттігі үкімет әскерінің сепаратистер командирлерімен Иловайск түбінде қоршауда қалған "Донбасс" батальоны мен басқа да жауынгерлерді қоршаудан шығару туралы келісімге "қол жеткізгенін" хабарлады. УНИАН ақпаратына қарағанда, бірнеше сағаттан кейін сепаратистер қоршауынан шыққан Украина жауынгерлерінің тізімі жариялануы мүмкін.

Бірнеше сағат бұрын "Донбасс" батальонының командирі Семен Семенченко Украина үкіметінің әскерлері үш елді мекен - Новокатериновка, Старобешево, Червонопольеде қоршауда қалғанын хабарлаған еді.

Семенченконың сөзіне қарағанда, Украина президенті Петр Порошенко бұл оқиғадан хабардар.

Царнаев сотты шегеруді сұрады

Бостон жарылысын ұйымдастырды деп айыпталған ағайында Джохар (сол жақта) мен Тамерлан Царнаевтар. Суретті ФБР жариялаған. 18 сәуір 2013 жыл.

Бостон марафонында жарылыс жасады деп айыпталып, қазір тергеуде отырған Джохар Царнаев сотты кем дегенде 2015 жылдың қыркүйегіне шегеруді сұрады. Бұл туралы оның адвокаттары хабарлап, Царнаевтың мұндай өтінішті 29 тамыз күні түсіргенін айтты.

Адвокаттардың айтуынша, көптеген айғақтарды саралауға уақыт керек, әрі сот ісін жүргізуге қатысып жатқан прокурорларға да белгілі бір жұмыс мерзімі берілгені жөн.

Царнаевтың адвокаттары осы айдың басында өткен сот тыңдауы кезінде қараша айында болатын сотқа дайындалып үлгере алмайтындарын айтқан еді. Сот айыптау үкімін шығарған жағдайда, Царнаев өлім жазасына кесілуі мүмкін.

2013 жылы 15 сәуір күні Бостонда марафон кезінде болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 173 адам жараланған. Жарылыстан соң негізгі күдіктінің бірі Джохар Царнаев ұсталды, онымен араласқан қазақстандықтар – Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов та тұтқындалған. Джохар Царнаевпен бірге жарылыс жасады деп айыпталған ағасы Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде, 2013 жылдың сәуір айында қаза тапқан еді.

АҚШ азаматтарына Украина шығысына бармауды ескертті

АҚШ үкіметі азаматтарына Украинаның шығысына бармау туралы ресми ескертпе жариялады. Жұма күні жарияланған мәлімдемеде қарулы қақтығыс болып жатқан аймақта жүрген АҚШ азаматтарының сақ болуы керек екені де айтылған.

Ескертпеде "Украинадағы жағдай шиеленісіп тұр, аяқ астынан бұдан бетер ушығып кетуі мүмкін. Осы елде жүрген Америка азаматтары халық жиылған жерлерге бармағаны жөн. Егер олар жүрген жерлерде жағдай күрт шиеленіссе, көп уақыт жабық ғимараттар ішінде болуға әзір жүргені жөн" деп жазылған.

Бұдан бөлек, АҚШ үкіметі азаматтарын "Донецк, Луганск облыстары мен Қырым түбегіне жоспарлап отырған сапарларын шегеруге; Одесса, Харьков, Запорожье, Херсон аймақтарында жүрген жағдайда аса сақ болуға " шақырған. АҚШ үкіметі азаматтарына Украинаның шығысындағы сепаратистердің америкалықтарды ұнатпайтынын да ескертеді.

АҚШ азаматтарына Украинаға баруға ресми түрде тыйым салынған жоқ. АҚШ үкіметі оларды тек сақтандырып отыр.

ЕО Ресейге қарсы жаңа санкцияларды талқылайды

ЕО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері кездесуіне келген осы ұйымның сыртқы саясат ведомствосы басшысы Кэтрин Эштон. Милан, 29 тамыз 2014 жыл.

30 тамыз күні Брюссельде Еуропа Одағының (ЕО) мемлекет және үкімет басшыларының саммиті өтеді.

Жиында ЕО Украинадағы әрекеттеріне байланысты Ресейге жаңа санкциялар салу мүмкіндіктерін қарастырады.

Жұма күні ЕО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Милан қаласында екікүндік бейресми кездесу өткізген еді. Осы отырыста олар Ресейді Украинаға басып кірді деп айыптып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы кеңескен.

Люксембург сыртқы істер министрі Жан Ассельборн "Мәскеудің "қыңырлығына" байланысты оны жазалаудың әскери әрекеттерден басқа барлық мүмкіндіктері қарастырылатынын" мәлімдеді.

Швеция сыртқы істер министрі Карл Бильдтің айтуынша, "Ресей бір жылдың ішінде Украинаға екінші рет басып кіріп отыр".

Жұма күні Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус "Париждің қолында Ресей әскерінің Украинаға кіргенін дәлелдейтін айғақтар бар" екенін хабарлаған. «Франс 24» телеарнасына берген сұхбатында ол "Егер Ресей Украинаға қатысты позициясын өзгертпесе, ЕО Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтуі мүмкін" екенін айтты.

Сол күні НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Ресейді "Украинадағы қарулы қақтығысқа араласып отыр" деп айыптап, Кремльдің "қатысымыз жоқ" деген мәлімдемесін "алдарқату" деп атады. Расмуссен бұл туралы Брюссельде жұма күні өткен НАТО-ның Украинадағы жағдай туралы шұғыл жинынынан кейін мәлімдеді.

НАТО Украинаға байланысты Ресейді сынады

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Брюссель, 29 тамыз 2014 жыл.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Ресейді Украинаның шығысындағы әскери әрекеттерге қатысы бар деп айыптап, Мәскеудің бұл мәселеге байланысты ақталуын қисынсыз деп атады.

Расмуссен мұны НАТО-ның жұма күні Брюссельде Украина дағдарысына байланысты шұғыл өткізген отырысынан кейін мәлімдеді.

Оның айтуынша, "Ресей әскері мен техникасының шекарадан өткені қазір анық болды". НАТО бас хатшысы мұны Украинадағы жағдайды тұрақсыз ететін, ел тәуелсіздігне нұқсан келтіретін қауіпті жоспар деп атады. Ол Кремльдің "Украинадағы ресейшіл сепаратистерге танк пен қару-жарақ беріп жатқанын, украин әскерін атқылауға қатысы барын" айтады.

Расмуссен Киевтің қауіпсіздік саясатын және НАТО-мен жақындасу ниетін түсінетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Украина премьер-министрі Арсений Яценюк елінің бейтарап статусынан бас тартып, НАТО-ға мүшелікке ұмтылатыны жайлы заңды үкімет Жоғарғы Радаға ұсынатынын мәлімдеген.

Тағы

XS
SM
MD
LG