Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Келімбетов: Айырбас бағамы күрт өзгермейді

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов өзі басқаратын мекеме "биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті" екенін хабарлады.

"2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті. Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті" деді ол 15 қаңтарда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет мүшелерінің арнайы жиынында.

​Қайрат Келімбетов бұған дейін де бірнеше рет Ресей рублі бағамының түсуі мен мұнай бағасының арзандауы теңге бағамына "аса қатты әсер етпейтінін" айтқан. Ол ұлттық банк белгілеген, теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамын 170-188 теңге аралығындағы құбылуы барлық қауіп-қатерлерді ескере отырып қойылғанын айтқан.

2014 жылы ақпан айында Қазақстан ұлттық банкі теңгенің айырбас бағамын бұрынғы деңгейде ұстаудан бас тартып, 1 АҚШ доллары 185 теңгеге дейін қымбаттаған. Ұлттық банк теңгені құнсыздандыру туралы шешімін әлемдік қаржы және тауар нарығындағы қиын жағдаймен, Ресей рублінің құнсыздануымен және елдегі девальвациялық алғы шарттармен түсіндірген.

Назарбаев бірнеше құрылысты тоқтату керегін айтты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 15 қаңтарда "дағдарысқа байланысты бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды тоқтату керек" екенін айтты.

"Бюджеттің күрт қысқаруы себепті үкіметке оның бірқатар өлшемдерін қайта қарауға тура келеді. Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек" деді ол үкімет мүшелерімен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, "халықаралық экономикадағы қазіргі жағымсыз ахуал - 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары".

"Дағдарыстың көрінісі Қазақстанның экспорттық тауарларының, әсіресе соңғы жарты жылда мұнай баррелінің құны 50 доллардан түсіп кеткеннен байқалды. Қазақстан бюджетіне қаражат түсімін қамтамасыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің де бағасы төмендеді" деді ол.

Қазақстан президентіңіз сөзінше, Қазақстанға Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатысты санкциялар, ресейлік рубльдің қазіргі жағдайы да ықпал етіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты Қазақстан бекітілген бюджет қысқартуға мәжбүр болғанын былтыр 15 желтоқсанда мәлімдеген.

Назарбаев пен Порошенко телефонмен сөйлесті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко телефон арқылы сөйлесті деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

​Әңгіме барысында Порошенко "норман төрттігі" мен Шығыс Украинадағы дағдарысты реттеу тобына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтетінін айтқан. Бұл кездесуде Астанада өтетін арнайы кездесуде талқыланатын мәселелердің тізімі жасалады.

Назарбаев пен Порошенконың әңгімесі кезінде Украина, Ресей, Германия, Франция басшыларының Астанадағы жиыны қаңтардың соңында өтуі мүмкін екені жөнінде де сөз болған.

Дияс Ховардта 1/2 финалға шыға алмады

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс Австралияда өтіп жатқан Hobart International жарысының жартылай финалына шыға алмады.

Әлемнің 31-ракеткасы Дияс ширек финалда әлемнің 42-ракеткасы Алисон Рискке екі сетте ұтылып қалды - 3:6, 0:6.

Зарина Дияс ширек финалға шыққаны үшін рейтингіне 60 ұпай қосылып, 5900 доллар жүлде алады.

Қазақстан теннисшісі 2015 жылдың басында Қытайдағы Shenzhen Open жарысының да ширек финалында ұтылған.

Зарина Дияс енді 19 қаңтарда басталатын Австралия ашық чемпионатына қатысады.

Калачиде тағы екі екі адам ауруханаға түсті

Калачи ауылына барған ұлттық ядролық орталық қызметкерлері. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ақмола облысы Есіл ауданы Калачи ауылында кешеден бері тағы екі адам, оның ішінде аудандық мәслихат депутаты "ұйқы дерті" белгісімен ауруханаға түсті деп хабарлады "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.

Есіл аудандық ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, екінші науқас - күзетші.

Қаңтардың 14-інде Калачи ауылы қарайтын Красногорск ауылдық округі әкімі Әсел Сәдуақасованың да ауруханаға түсіп, оған "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойылғаны хабарланған. Бүгін ол Астанаға әкетілген.

2013 жылдың наурызынан бері Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.

Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айлары тұрғындарды басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.

Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Ақмола облысы Есіл ауданына қарайды. Ауыл Астанадан 450 километрдей жерде орналасқан.

Арменияда ресейлік солдат тұтқындалды

Гюмридегі Ресей әскери базасының алдында қарсылық шарасы. Армения, 13 қаңтар 2014 жыл.

Арменияның Гюмри қаласында бір отбасының алты мүшесін өлтірді деген күдікке ілінген ресейлік солдат Валерий Пермяков тұтқындалды. Күдіктіні тұтқындау туралы шешімді Ресейдің гарнизон соты шығарған. Оған "адам өлтіру" және "әскери қызметтен қашу" баптары бойынша айып тағылды.

Армения бас прокуратурасы Геворк Костанян Гюмриде орналасқан Ресейдің әскери базасында міндетін атқарып жүрген ресейлік солдат ел аумағында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.

12 қаңтар күні таңертең Арменияның Гюрми қаласында алты адам өлтірілгені анықталды. Мерт болған алты адам - ерлі-зайыптылар және олардың ұлы мен келіні, екі жасар немересі және жас қызы. Алты айлық ұл бала ауруханаға түскен. Бұл қылмысқа күдікті ретінде танылған Валерий Пермяков 13 қаңтарда Түркиямен шекарада ұсталған еді.

13 қаңтарда Гюрмиде мыңдаған адам қарсылық шарасына шығып, Ресейден Пермяковты Арменияға беруді талап еткен.

Обама мен Кэмерон Ресейге қысымды қолдады

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама. Брюссель, 5 маусым 2014 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Мәскеудің Украинадағы жағдайға араласа беруіне жауап ретінде Ресейге дипломатиялық қысым жасауды қолдайтынын білдірді. Олардың Times газетіндегі бірлескен мәлімдемесі саясаткерлердің Вашингтондағы кездесуі қарсаңында жарияланып отыр.

АҚШ, Еуропа Одағы және басқа да елдер өткен жылы наурыз айында Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғаны және Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсетіп отырғаны үшін Ресейге қаржылай және экономикалық санкциялар салған.

"Біз халықаралық қауымдастық Ресейдің Украинада тұрақсыздық орнатуын қолдамайтынын айқын білдірдік. Егер халықаралық құқықтың өрескел бұзылуын жазасыз қалдырсақ, онда бұдан ары қарай да жалғасатын тұрақсыздықтан зардап шегеміз" деген Обама мен Кэмерон.

Барак Обама мен Дэвид Кэмерон қаңтардың 15-інде кездеседі. Келіссөздің негізгі бөлігі 16 қаңтарға жоспарланған.

Түркия Charlie Hebdo карикатурасын айыптады

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу Франциядағы сатиралық Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбарды тағы да карикатуралауын "үлкен арандатушылық" деп атады.

"Сөз бостандығы тіл тигізу бостандығы дегенді білдірмесе керек. Біз пайғамбарға тіл тигізуге жол беріп тұра алмаймыз" деді Давутоглу қаңтардың 15-інде Анкарада ақпарат құралдары алдында.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo журналы редакциясына қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам мерт болған. Қаза тапқандар арасында басылымның бас редакторы мен карикатурашылары да бар. Қарулы адамдар шабуылды журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға шығарғаны үшін кек алғандарын айтқан. Шабуылдан кейін Парижде күдіктілерді ұстау операцияларында тағы бес адам қаза тапқан.

Журнал редакциясы қаңтардың 14-інде шабуылдан кейінгі алғашқы санында Мұхаммед пайғамбардың кескінін қайта басып шығарған. 3 миллион данамен тараған тираж мұқабасында Мұхаммед пайғамбардың қолына "Мен Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстап, қайғырып тұрған бейнесі басылған. Картина тақырыбы "Барлығы кешірілді" деп аталады.

Түркияның оппозицияшыл Cumhuriyet басылымы шабуылға дейін журнал карикатуралары мен мақалаларын көшіріп басып келген еді. Бірақ бұл жолы Cumhuriyet журналдың шабуылдан кейінгі санын көшіріп баспаған.

Ал Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы Charlie Hebdo-ға жасалған шабуылды мадақтап, журналдың пайғамбарды карикатуралағанын "ерсі әрекет" деп атады.

Каримов Өзбекстан президенттігіне ұсынылды

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстанды 25 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Ислам Каримов келесі президент сайлауына үміткер болып ұсынылды.

Қаңтардың 15-інде Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы мен Кәсіпкерлер мен іскер адамдар қозғалысының бірлескен сессиясында Каримов екі ұйым атынан наурыздың 29-ында өтетін президент сайлауына ортақ үміткер ретінде ұсынылды.

Қаңтардың 30-ында 77 жасқа толатын Каримов 2007 жылы президенттікке қайта сайланған. Ол сайлауды халықаралық бақылаушылар "демократиялық талаптарға сай келмеді" деп сынаған.

Бұрынғы коммунистік партия хатшысы Ислам Каримов 29 миллион халқы бар Өзбекстанды СССР кезінен - 1990 жылдан бері басқарып келеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ислам Каримов билігін "адам құқықтарын жиі бұзады" деп айыптайды.

2011 жылы Өзбекстанда президент өкілеттігін жеті жылдан бес жылға азайтатын заң қабылданған.

Вице-министр: АЭС қалдықтары Семей полигонына көмілуі мүмкін

Бүгін мәжілісте «Атом энергиясын қолдану» туралы заң жобасының таныстырылымы болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Заңға енген жаңа өзгертулер жайында энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсығалиев баяндама жасады.

«Атом электр стансасын салуға қатысты мәселе көтерілгенде, одан шыққан қалдықты қайда көмеміз деген сұрақ туады. АЭС тің пайдалану мерізімі 60 жыл. Тіпті, АЭС салуды жобалау барысында одан шығатын қалдықты қайда көму қажеттігі қарастырылып жатыр» деген Жақсығалиев АЭС қалдығы «шартты түрде Семей полигонында көмілуі мүмкін» екенін айтты.

Министр орынбасары бұған қоса Ақтау қаласы маңында бұрын жұмыс істеген БМ-350 реакторынан шыққан қалдықтардың да Семей полигонына жеткізілгеніне тоқталды.

Заң жобасын таныстырған вице министр АЭС қашан және қай жерге салынатыны әлі анықталмағанын, шешім әуелі тұрғындармен және биліктің барлық құрылымымен талқыланған соң ғана қабылданатынын» айтты.

Ал, атом электр стансасы орналасатын жер ретінде ол екі өңір таңдалып отырғанын жеткізді.

- Біз екі аймақты жоспарлап отырмыз. Бірі – Балқаш көлінің оңтүстік батысындағы Шығанақ станциясының маңы, екіншісі - Семей полигоны. Шартты түрде Курчатов қаласы, - деді Бақытжан Жақсығалиев.

Вице-министр АЭС құрылысы 2025-ші жылға дейін аяқталады деді.

Кукушкин Сиднейде 1/2 финалға шықты

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин

Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте 66 орында тұрған Михаил Кукушкин Сиднейде өтіп жатқан Apia International турнирының жартылай финалына шықты.

Ол ширек финалда әлемдік рейтингте 338 орында тұрған аргентиналық Хуан Мартин Дель-Потроны 7:6, 7:6 есебімен жеңді. Енді ол жартылай финалда тағы бір аргентиналық, әлемдік рейтингте 28-орында тұрған Леонардо Майермен кездеседі.

Дель-Потро былтыр осы жарысты ұтып алған. Ал Кукушкин былтырғы турнирдің іріктеуінен өте алмаған.

Кукушкин 1/8-финалда әлемнің 29-ракеткасы уругвайлық Пабло Куэвасты 7:5, 7:5 есебімен ұтқан еді.

Талдықорғанда "Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты үкім шықты

"Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты сотталғандардың бірі Айхан Құрманғалиев. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

Талдықорған қалалық соты Қазақстанда тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" ұйымына қатысты деп айыпталған бес адамды соттады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Қаңтардың 14-і күні түнге қарай шыққан сот үкімі бойынша бір адам бір жарым жылға, қалған төртеуі бір жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Тергеу деректері бойынша, жергілікті бес тұрғын бірнеше рет Бангладештегі діни семинарияларға оқуға барған, жиі-жиі бас қосып, "экстремистік сипаттағы ұрандар" айтқан.

Айыптылардың үшеуі - Бақыт Нұрманбетов, Қайрат Есмұхамбетов пен Сағындық Татубаев өткен жылдың қыркүйек айында ұсталған. Тағы екеуі - Руслан Қайранов пен Айхан Құрманғалиев сотқа дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген.

Сотталғандардың адвокаттары мен туыстары үкім шыққаннан кейін іске қатысты түсінік беруден бас тартты.

2013 жылдың ақпан айында Астананың Сарыарқа аудандық соты халықаралық "Таблиғи Жамағат" ұйымын экстремистік деп танып, Қазақстан аумағында қызмет етуіне тыйым салған. Бұл ұйым қызметіне Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанда тыйым салған.

ҰҚК: ИМ видеосындағылар - Қазақстан азаматы емес

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымы жариялаған видеода көрсетілген адамдар Қазақстан азаматы емес деп мәлімдеді. Азаттыққа жолдаған ақпаратында ҰҚК ИМ жариялаған "Ресей жансыздарын" ату жөніндегі видеоға тексеру жасағанын айтады.

"Роликте көрсетілген адамдардың Қазақстан азаматы емес екені нақты анықталды" делінген ҰҚК хабарламасында.

Қаңтардың 13-і күні әлеуметтік желіде тараған ИМ видеосында қарулы ұл баланың өздерін "Ресей тыңшысымыз, Сирияда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) пайдасына жұмыс істедік" сипаттайтын екі адамды тапаншамен атып тастағаны түсірілген. Жеті минуттық видеоның басында "тыңшымыз" деген екі адам тергеледі. Олардың бірі өзін "Жанболат Мамаев Есенжанұлымын, 1976 жылы Қазақстанның Жамбыл облысы Мерке ауданында тудым" деп таныстырады. Видео орыс тілінде түсіріліп, араб және ағылшын тілдерінде титрмен берілген.

ҰҚК бұған қоса қылмыстық кодекстің 274 бабын алға тартып, қазақстандық ақпарат құралдарын "бейресми шетелдік дереккөздерінен" алынған материалдарды қайта көшіріп басқанда немесе сілтеме беру жағына жауапкершілікпен қарауды ескерткен.

Қылмыстық кодекстің 274 бабы бойынша, "қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекет мүддесіне зиян келтіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат" таратқандарға бір жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.​

АҚШ Гуантанамодан тағы бес тұтқынды босатты

АҚШ-тың Гуантанамо әскери-теңіз базасындағы түрме қақпасы. (Көрнекі сурет).

Пентагон Гуантанамо түрмесінде он жылдан астам уақыт отырған йемендік бес тұтқынның босатылғанын хабарлады. Бұрынғы тұтқынның біреуі Эстонияға, қалған төртеуі Оманға жіберілген.

Бес тұтқын бірдей Пәкістанда "Әл-Қаида" ұйымына қатысы бар деген күдікпен ұсталған. АҚШ билігі тұтқындарды бұдан ары қамауда ұстай берудің қажеті жоқ деп тапқан. Бірақ билік Йемендегі тұрақсыздыққа байланысты тұтқындарды бұл елге жіберуге болмайды деп шешкен.

АҚШ Кубададағы әскери-теңіз базасында Гуантанамо түрмесін жаппақ ниетте. Қазір бұл түрмеде 122 адам қамауда отыр.

2014 жылғы желтоқсаның соңында Гуантанамода отырған бұрынғы бес тұтқын Қазақстанға жеткізілген. Қазақстан билігі ол бес азаматқа "пана іздеп жүрген тұлға" мәртебесін берген.

Ресей мен Венесуэла басшылары мұнай бағасын талқылайды

Ресей президенті Владимир Путин мен Венесуэла президенті Николас Мадуроның кездесуі. Мәскеу, 2 шілде 2013 жыл.

Бүгін Венесуэла президенті Николас Мадуро Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.

Мадуро бұған дейін мұнай бағасын көтеру үшін мұнай өндіру көлемін азайтуға көндірмек болып Иранға, Сауд Арабиясына, Катар мен Алжирге сапарлап барған. Мадуро сапарын Ресеймен аяқтамақ.

Ресей мен Венесуэла экономикасы негізінен көмірсутек шикізатына тәуелді. Мұнай бағасы осы аптада соңғы алты жылда болмаған деңгейге дейін арзандады.

Мәскеудегі ресми тұлғалар қолдан қандай да бір әрекет жасап, нарықтағы жағдайды өзгерту мүмкін емес дейді. Ресей энергетика министрі Александр Новак қаңтардың 14-інде нарық мұнай бағасының арзандауына қатысты жағдайды өзі реттейді деп мәлімдеген.

АҚШ-та "теракті жоспарлаған" күдікті тұтқындалды

Вашингтондағы АҚШ конгресі ғимараты. (Көрнекі сурет).

АҚШ Федералдық тергеу бюросы (немесе ФБР) Вашингтондағы "конгресс ғимаратында теракті ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған Огайо штатының 20 жастағы тұрғыны Кристофер Корнелді тұтқындады.

Тергеу мәліметі бойынша, Корнел конгрессмендер кабинетінде қолдан жасалған жарылғыш затты жарып, кейін оқиға орнын тастап қашқан ресми тұлғалар мен олардың көмекшілеріне оқ атпақ болған.

Айыпталушы тұтқындалудан бірнеше сағат бұрын қару-жарақ дүкенінен екі жартылай автоматты мерген мылтығын және алты патрон алған.

ФБР бірнеше ай бұрын өзінің жансызынан Корнелдің Twitter-де Рахил Махрус Убайда деген атпен радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымын қолдайтын мәтіндер мен видеоматериалдар жариялағаны туралы ақпарат алған.

Тергеу материалында жансыздың өткне жылдың тамыз айында Корнелден алған хаты келтіріледі. Онда "Біз мұнда "Ислам мемлекетімен" әрекеттесе отырып өз тобымызды құрып, өз бетімізше операциялар жасауды жоспарлауымыз қажет. Анвар әл-Авлаки азаппен өлеріне дейін бізге осындай үндеу жасаған" делінген.

"Араб түбегіндегі Әл-Қаида" басшысы Анвар әл-Авлаки 2011 жылы Иеменде америкалық ұшқышсыз басқарылатын ұшақтан атылған зымыраннан қаза тапқан. "Араб түбегіндегі Әл-Қаида" ұйымы кеше өткен аптада Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналына жасалған шаубылды мойнына алған.

ФБР-дың хабарлауынша, Кристофер Корнел жоспарын іске асырып үлгірмеген.

Азаттықтың ИМ атқан Мамаев жайлы мақаласы да ашылмай қалды

"Ислам мемлекеті" ұйымы таратқан видеодағы қарулы ұл баланың өздерін "Ресей жансыздарымыз" деп сипаттаған екі адамды ату сәтінен үзінді. 13 қаңтар 2015 жыл.

Азаттықтың қаңтардың 14-і күні жариялаған "ИМ өлтірген Мамаев Қазақстанда тұрған" мақаласы да ашылмай қалды.

Қазақ және орыс тілдерінде шыққан мақалада ИМ жариялады деген «Іштен шыққан жау» видеосында өзін "Жанболат Мамаевпын, Қазақстанның Жамбыл облысында тудым" деп таныстырып, кейін қарулы жас бала атып тастайтын адам туралы айтылған.

Мақаланы жазған Азаттық тілшісі Жанболат Мамаевтың Жамбыл облысы Мерке ауданындағы жерлестерімен хабарласқан еді. Жерлестері Мамаевтың жанұясы Меркеде тұрып, кейін көшіп кеткенін айтқан. Мақалада бұған қоса, Мамаевтың әлеуметтік желіден алынған деректері де келтірілген болатын.

Қаңтардың 14-і күні Азаттықтың осы видео жайлы алғашқы мақаласы мен жаңалығы да ашылмай қалған еді.

Қаңтардың 13-і күні әлеуметтік желіде тараған ИМ видеосында қарулы ұл баланың өздерін "Ресей тыңшысымыз, Сирияда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) пайдасына жұмыс істедік" сипаттайтын екі адамды тапаншамен атып тастағаны түсірілген. Жеті минуттық видеоның басында "тыңшымыз" деген екі адам тергеледі. Олардың бірі өзін "Жанболат Мамаев Есенжанұлымын, 1976 жылы Қазақстанның Жамбыл облысы Мерке ауданында тудым" деп таныстырады. Видео орыс тілінде түсіріліп, араб және ағылшын тілдерінде титрмен берілген.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа видеоны тексеріп жатқанын айтып, әзірге қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі де видеоға қатысты түсінік беруден бас тартты. Ал Ресейдің Сириядағы елшілігі "Ресей арнайы қызметінің агенттері атылды" деген ақпаратты тексеріп жатқанын мәлімдеген.

Франция Иракқа авианосец жібереді

Франция президенті Франсуа Олланд "Шарль де Голль" авианосеці бортында. 14 қаңтар 2015 жыл.

Франция президенті Франсуа Олландтың айтуынша, Париж Иракта радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы әскери операцияларға көбірек қолдау көрсету үшін авианосец жібереді.

Францияның оңтүстігінде Жерорта теңізі жағалауында "Шарль де Голль" авианосеці бортында сөйлеген Олланд кеме экипажы Ирак пен Сириядағы содырларға қарсы соғысып жатқан халықаралық коалициямен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Франция әскери-әуе күштері қазір Ирактағы содырларға қарсы соққы беріп жатыр. Олланд Париждегі 17 адам қаза тапқан шабуылдардан соң "жағдайдың өзі авиосносец жіберуге себеп болып отыр" деді.

Франция президенті "халықаралық қауымдастық Сирияда жаппай қырғынның алдын-алып, экстремистер ықпалының кеңеюін болдырмау шараларын кеш бастады" деп өкініш білдірді.

ХҒС-та америкалық астронавтар эвакуацияланды

Халықаралық ғарыш станциясы. (Көрнекі сурет).

Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) америкалық астронавтар салқындату жүйесінде ақау шығуы мүмкін деген қауіппен реcейлік модульге эвакуацияланды. Ресей мен АҚШ өкілдері экипажға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

НАСА баспасөз хатшысы Майк Каридің айтуынша, астронавтар аммиак төгілуі мүмкін деп ғарыш станциясының америкалық бөлігінен шығып, жауып тастаған. Бірақ кейінірек дабыл қағылуына аммиак емес, есептеуіш құралдың істен шығуы себеп болғаны анықталған. Сонда да болcа автронавтар сақтық мақсатында жұмыстарын ресейлік модульде аяқтап, сонда түнейді.

Ресей мен АҚШ-тың ғарыш агенттіктері төтенше оқиға туралы әркелкі хабарлауда. Роскосмостың дерегінше, станцияның америкалық бөлігінен расымен аммиак төгілген. Ал НАСА мәлімдемесінде "аммиак төгілгенін айғақтайтын мәлімет жоғы" айтылған.

Бүгін - Украинада қаралы күн

Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 13 қаңтар 2015 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко қаңтардың 15-ін Донбаста 12 бейбіт тұрғынның артиллериялық шабуылдан қаза тапқанын аза тұту күні деп жариялады.

Облыс басшыларымен өткізген жиыннан соң, Порошенко "қаралы күн террористер әрекетінің құрбаны болғандарды, ең алдымен Донецк облысының Волновах елді мекенінде автобусқа жасалған шабуылдан қаза тапқан 12 адамды еске алу үшін жарияланды" деп мәлімдеді.

Украин билігінің мәлімдеуінше, "қаңтардың 13-і күні ресейшіл сепаратистер атқан "Град" зымыраны автобусқа тиіп, 12 адам қаза тапқан".

Өзін өзі жариялаған сепаратистік "Донецк халық республикасы" өкілдері автобус болған аймақ артиллериялық шабуыл радиусынан қашық жатқанын айтып, оқиғаға өздерінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл шабуылды қатаң түрде айыптады.

Дияс Hobart International ширек финалына өтті

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс

Қазақстандық теннисші, әлемнің 31-ракеткасы Зарина Дияс Австралияда өтіп жатқан Hobart International жарысының ширек финалына шықты.

Ол екінші айналымда словакиялық Даниэла Хантухованы 7:5, 6:1 есебімен ұтты. Матч екі сағатқа созылды. Дияс әлемдік рейтингте 60-орында тұрған Хантуховамен алғаш рет кездесті.

Қазақстан теннисшісінің ширек финалдағы қарсыласы әлі анықталған жоқ.

Hobart International - WTA (Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы) санатына кіретін, жүлде қоры 250 мың долларды құрайтын жарыс.

Енді Калачидің әкімі ауруханаға түсті

Калачи ауылындағы зерттеу комиссиясының көлігі. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Ақмола облысы Красногор ауылдық аймағының әкімі Әсел Садуақасова Есіл аудандық орталық ауруханасына түскен. Ол осы аймаққа қарайтын белгісіз "ұйқы дертіне" шалдыққан Калачи ауылының тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшірумен айналысып жүрген болатын.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Қабдрашит Әлмағамбетов әкімге "Этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойылғанын айтты. Садуақасованы Астанаға да ауыстыруы мүмкін.

2013 жылдың наурызында Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.

Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айлары тұрғындарды басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.

Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Ақмола облысы Есіл ауданына қарайды, Астанадан 450-дей шақырым жерде орналасқан.

НАТО: Ресей сепаратистерді қолдамасын

НАТО басы хатшысы Йенс Столтенберг

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейді "Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдаудан бас тартуға" шақырды.

Ол 14 қаңтарда Берлинде өткен баспасөз мәслихатында альянс Ресеймен қақтығысуды емес татулықты қалайтынын, Ресейдің де татулыққа ұмтылуы керек екенін айтты.

"​Ресей сепаратистерді 2014 жылы 5 қыркүйектегі Минск келісімін орындауға, Украинаның шығысындағы атысты тоқтатуға шақыруы тиіс" дейді Йенс Столтенберг.

Ол Украинаның блоктан тыс мәртебесін жоюын "НАТО-ға кіруге алғашқы қадам" деп бағалады. Столтенбергтің сөзінше, Украина НАТО-ға мүше болғысы келсе, альянс талаптарын орындап, демократиялық ашық қоғам құруы тиіс.

Қазақстанда 2,1 млн интернет абоненті тіркелген

Интернет қарап отырған жігіт. (Көрнекі сурет)

Ranking.kz зерттеу ұйымы дерегінше, 2014 жылы Қазақстанда 2 миллион 100 мың интернет абоненті тіркелген. Ең көп абонент Алматы қаласында тиесілі, онда 736 мың абонент бар. Қарағандыда - 162 мың, Астанада 129 мың абонент тіркелген.

Ең аз абонент Батыс Қазақстан облысы (47 мың) мен Қызылордада (44 мың) тіркелген.

Қазақстанда 2013 жылмен салыстырғанда былтыр интернет абоненттерінің саны 8,6 пайызға (167 мың абонент) өскен.

Стамбулда терактіге қатысты бірнеше дағыстандық тергелді

Стамбулдағы теракт болған аймақ. 6 қаңтар 2015 жыл.

Бүгін, 14 қаңтарда Түркия полицейлері Стамбулдағы терактіге қатысы болу мүмкін деген күдікпен екі дағыстандық азаматты тергеді.

Түркия басылымдары 13 қаңтарда Стамбулдағы терактіге қатысты алты дағыстандық тергелгенін де жазды. Алты күдікті де тергеуден кейін босатылған. Алайда үш күдіктіге Түркиядан шығуға тыйым салынған.

Түркия ішкі істер министрі Эфкан Ала 6 қаңтарда Стамбулда өзін-өзі жарған әйелдің бет-бейнесі анықталғанын, бірақ есімі әлі белгісіз екенін мәлімдеген.

Ал Түркия басылымдары өзін жарған әйелдің Ресей азаматы солтүстік кавказдық Диана Рамазова екені туралы ақпарат таратты.

6 қаңтарда Түркияның Стамбул қаласының орталығындағы полиция бөлімшесінің маңында жанкешті әйел өзін жарып, жарылыс салдарынан жараланған екі полицейдің бірі қаза болған, екіншісі жарақат алған.

Тағы

XS
SM
MD
LG