Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Парижде кепілге адам алған күдікті өлтірілді

Кепілге алынған адамдарды құтқару операциясы. Париж. 9 қаңтар 2014 жыл.

Франция басылымдары 9 қаңтар күні Парижде бес адамды кепілге алған қарулы ер адамның арнайы операция кезінде өлтірілгенін хабарлады. Кепілде болған төрт адам құтқарылып, төртеуі мерт болды.

Осыған дейін Парижде қарулы ер адам дүкендердің бірінде кемінде бес адамды кепілге алғаны хабарланған.

Полицей қарулы адам 8 қаңтарда Париждің оңтүстігінде шабуыл ұйымдастырған күдікті екенін мәлімдеген. Ол атыс кезінде екі адам мерт болып, екеуі жарақаттанған. Ал оқиға кезінде жарақат алған тағы бір полицей кейін қаза тапты.

7 қаңтарда Париждегі Charlie Hebdo журналына шабуыл жасады деген екі күдікті Шериф Куачи мен Саид Куачи да бүгін кешке арнайы операция кезіндегі атыста өлтірілді. Ол оқиғадан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған.

Францияда шабуылға күдіктілер өлтірілді

Даммартен-ен-Гоэльдегі күдіктілер жасырынған маңдағы жарылыс. Франция, 9 қаңтар 2015 жыл.

Париждегі Charlie Hebdo журналына шабуыл жасады деген екі күдікті Шериф Куачи мен Саид Куачи арнайы операция кезінде мерт болғаны хабарланды.

Франция басылымдарының мәлімдеуінше, күдіктілер 9 қаңтарда Парижден солтүстік-шығыс жақтағы Даммартен-ен-Гоэль аймағында болған арнайы операция кезінде полиция оғына ұшқан.

Полиция 9 қаңтар күні таңертең Даммартен-ен-Гоэль аймағында ағайынды Куачилер мінген көліктің ізіне түскен. Кейін күдіктілер осы аймақтағы бір баспаханаға тығылған. Кешке таман Кучилер жасырынған ғимарат маңында атыс және жарылыс дауысы естілген.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған.

Тергеу деректері бойынша, ол шабуылға күдіктілер Шериф Куачи мен Саид Куачи - "радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

"Қолжетімді баспана" тоқтатылды

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша Алматы облысы Іргелі ауылында салынатын баспананың жобасы. 28 қыркүйек 2012 жыл.

Қазақстан азаматтарының баспаналы болуына арналған мемлекеттік "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы басқа жобамен алмастырылады.

Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі: "2015 жылдың 1 қаңтарынан "Өңірлерді дамыту-2020" бағдарламасы басталады. Қазақстан азаматтарының баспана алу мүмкіндігі осы бағдарлама аясында жүргізіледі. "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының салымшылары құжаттарын жаңа бағдарламаға ауыстыра алады. "Өңірлерді дамыту-2020" жобасына "Шағын қалаларды дамыту", "Ақбұлақ" ауыз су бағдарламасы да кіреді" деп мәлімдеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа жолдауында 2015 жылдан бастап баспана алу жаңа бағдарлама арқылы жүргізілетінін айтқан. Оның айтуынша, азаматтар жаңа бағдарлама арқылы төмен пайызбен баспана алуға немесе үйді жалдап, кейін жекеменшігіне алуына болады.

Назарбаев пен Меркель кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель. Берлин, 9 қаңтар 2014 жыл

9 қаңтарда Берлинде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркель кездесті.

Кездесу барысында екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мәселелері, сондай-ақ Украинаның шығысындағы ахуалды Украина, Ресей, Германия, Франция басшыларының таяуда Астанада өтуі ықтимал кездесуі аясында реттеу шаралары талқыланды. Назарбаев пен Меркель Минск келісімін тездетіп орындау керек екенін де айтты.

​Меркель мен Назарбаев 2012 жылы ақпанда қол қойылған Қазақстан мен Германияның шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы келісімдердің орындалу жайын сөз етті. Олар инновациялық-инвестициялық ынтымақтастық жайын, 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесіне дайындық мәселесін де талқылады.

Парижде бірнеше адам кепілге алынды

Француз полицейлері (Көрнекі сурет)

Парижде қарулы ер адам дүкендердің бірінде кемінде бес адамды кепілге алған. Ол оқиға кезінде екі адам мерт болған. Полицей қарулы адам 8 қаңтарда Париждің оңтүстігінде шабуыл ұйымдастырған күдікті екенін мәлімдеді.

8 қаңтарда Парижде қарулы ер адам мен полицияның атысы кезінде екі полицей мерт болған.

Қазір француз полициясы Парижден солтүстік-шығыс жақтағы Даммартен-ен-Гоэль аймағында күдіктілер жасырынып қалған аймақты қоршауға алған.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған. Тергеу деректері бойынша, ол шабуылға күдіктілер Шериф Куачи мен Саид Куачи - "радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

2015 жыл - Қазақстан халқы ассамблеясы жылы

Алматыдағы Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырылған шаралардың бірі.

Қазақстанда 2015 жыл - Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) жылы болып жарияланды деп хабарлады Астанада өткен брифингте ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, 6 ақпанда Қазақстанның барлық өңірінде ҚХА жылына орай түрлі шаралар басталады. Шаралар 2015 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

ҚХА 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Ассамблея төрағасы - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бостон - 2024 жылғы олимпиадаға кандидат

Олимпиада ойындарының туы (Көрнекі сурет)

2024 жылғы жазғы олимпиаданы өткізуге кандидатурасын ұсынған Бостон қаласы АҚШ-тың ішкі жарысында Вашингтон, Сан-Франциско және Лос-Анжелес қалаларын жеңді.

Халықаралық олимпиада комитеті президенті Томас Бах "Бостон - спорттық тарихқа бай, ғылым мен білімнің қаласы. Бостон олимпиада өткізуге мықты кандидаттардың бірі болады" деді.

АҚШ президенті Барак Обама "Бостон америкалықтарға мықты болуды үйреткен қала" деп, Бостондағы терактіні еске алды.

2013 жылы Бостон марафоны кезіндегі терактіде бірнеше адам мерт болып, жүздеген адам жарақаттанған.

2024 жылғы жазғы олимпиаданы өткізуге Рим (Италия) де кандидатурасын ұсынған. Ал Германия Берлин мен Гамбургтің бірін олимпиадаға кандидат ретінде ұсынуы тиіс. Франция, Венгрия, Оңтүстік Африка республикасы да ұсыныс дайындап жатыр.

2024 жылғы олимпиада өтетін қала 2017 жылы белгілі болады.

Франция: Полиция күдіктілерді қоршауға алды

Франция полициясы Даммартин-ен-Гоэль аймағында шабуылға күдіктілер жасырынды делінген аймақты қоршауға алды. 9 қаңтар 2015 жыл.

Француз полициясы Париждің солтүстік жағындағы Даммартен-ен-Гоэль аймағында күдіктілер бір адамды кепілге алып, жасырынып қалған аймақты қоршауға алды деп хабарлады Live TV телеарнасы.

Франция ішкі істер министрі Бернард Газневтің айтуына қарағанда, қазір күдіктілер - ағайынды Шериф және Саид Куачилерді "залалсыздандыру" операциясы жүріп жатыр.

Бұған дейін полиция Даммартен-ен-Гоэль аймағында ағайынды Куачилер мінген, ішінде кепілге алынған адамы бар көлікті қуып бара жатқаны, қуғын кезінде атыс естіліп, бір полицей қаза тапқаны хабарланған. Бірақ кейін полицейдің қаза тапқаны жайлы мәлімет жоққа шығарылды.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған.

Тергеу деректері бойынша, ол шабуылға күдіктілер Шериф Куачи мен Саид Куачи - "радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

Калачиде тағы бір адам "ұйқы дертіне" шалдықты

Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кен орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ақмола облысы Есіл ауданының Калачи ауылында "ұйқы дерт" белгісімен" тағы бір адам ауруханаға түсті деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Қабдырашит Әлмағамбетовтің айтуынша, калачилік тұрғын Сергей Доценко ауруханаға өткен түні әкелінген. Қазір ол ем-дом қабылдап жатыр.

2014 жылы 20 желтоқсанда Калачиде белгісіз ауру қайта қозып, 30-дай адам ауруханаға түскен. Дәрігерлер оларға "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойған.

Калачиде 2011 жылы бұл ауру белгісі байқалған кезде ондаған тұрғынның басы айналып, ұзақ ұйқыға кеткен. Ұйықтап тұрған адамдар баcы ауыра беретінін, халдері нашарлап кеткенін айтады.

Өткен айда Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагин Калачи мен оған қатар орналасқан Красногорск ауылының тұрғындары 2015-2016 жылдар аралығында басқа жаққа толық көшірілетінін айтқан.

Бұдан алдын дертке шалдыққандардың алды Астанаға жеткізіле бастағаны хабарланған.

Астанадан 500 километр жердегі бұл ауылда 600-дей тұрғын бар.

ЕО терроризмге қарсы шараларды талқыламақ

Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск.

Еуропа кеңесі төрағасы Дональд Туск Еуропа Одағының (ЕО) ақпанның 12-сінде өтетін саммитінде Париждегі шабуылдан кейінгі антитеррорлық шаралар жайы да талқыланатынын мәлімдеді.

Латвия астанасы Ригада сөйлеген Туск ЕО-ның келесі саммитінде Париждегі "тағылық шабуылдан" кейінгі қауіп-қатерге жауап қайтару шаралары кеңінен талқыланғанын қалайтынын айтқан.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуыл жасап, 12 адам мерт болған, 11 адам жараланған.

Франция прокурорының мәлімдеуінше, қарулы адамдар шабуыл кезінде журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағанына "кек қайтарғанын" айтып айқайлаған.

Францияда шабуылға күдіктілерді іздеп жатыр

Полиция арнайы жасағы Париждің солтүстігінде шабуылға күдіктілерді іздеу операциясы кезінде. 8 қаңтар 2015 жыл.

Франция полициясы Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына шабуыл жасады деген күдіктілерді - ағайынды Шериф және Саид Куачилерді үш күннен бері іздеп жатыр.

Қазір полиция Париждің солтүстік-шығысындағы Пикардия аймағын шолып жүр. Жергілікті ақпарат құралдары аймақта атыс үні естілгенін хабарлайды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақтар да тартылған. Болжам бойынша, күдікті екеу Пикардияда жанармай құю станциясын тонаған.

Қаңтардың 7-сінде журнал редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған.

Тергеу деректері бойынша, "Шериф Куачи мен Саид Куачи - радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

Әке-шешелері Алжирден келген Шериф пен Саид Куачилер Парижде туған. 2008 жылы Шериф Куачи "Иракқа содырлар жөнелтуге қатысы бар" деген айыппен үш жылға сотталған.

Қаңтардың 8-інде Франция шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты. Бұл күні елде марқұмдарды еске алу акциялары мен шерулер өтті.​

Палестина: Халықаралық сот Израильді тергеуді бастай алады

Палестинаның БҰҰ-дағы өкілі Рияд Мансур.

Палестинаның БҰҰ-дағы өкілі Рияд Мансур Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Израильдің үстінен "әскери қылмыс жасады деген айып бойынша тергеуді бірден бастауына болады" деп мәлімдеді.

Рияд Мансурдың айтуынша, Палестинаның ХҚС құрамына әзірге формалды түрде қабылдануы ХҚС прокуроры Фату Бенсуданың әскери қылмыс жасау фактісі бойынша тергеу бастай беруіне мүмкіндік береді.

Палестина билігі Израиль өткен жылдың жазында Газа секторында болған соғыста палестиналықтарды жазықсыз қырып, әскери қылмыс жасады дейді.

Рияд Мансур ХҚС тергеу бастауы үшін Палестинаның сәуірдің 1-інде халықаралық сот құрамына толық қабылданғанын күтуі қажет емес дейді. Гаагадағы ХҚС өкілі Фади әл-Абдалланың айтуынша, прокурор қазір "сөз жүзінде" "алдын-ала тергеу жүргізе алады".

Израиль әскері өткен жылдың шілде-тамыз айларында Газа секторында ХАМАС ұйымына қарсы операция жүргізіп, салдарынан палестиналық екі мыңға таяу адам қаза тапқан, 10 мыңға таяу адам жараланған. Құрбан болғандардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.

Индонезия: Ұшақ "қара жәшігінің" дыбысы естілді

Индонезиялық құтқарушылар апатқа ұшыраған AirAsia ұшағында болған жолаушылар мәйітін судан шығарып жатыр. 3 қаңтар 2015 жыл.

Индонезиялық құтқарушылар бұдан екі апта бұрын Ява теңізіне құлаған AirAsia әуе компаниясы ұшағының "қара жәшігінен" сигнал алғанын хабарлады.

Индонезия қарулы күштері генералының айтуынша, ұшақты іздеп жүрген кеме ұшақтың артқы бөлігінің бөлшектері табылған аумаққа жақын маңнан шыққан дыбысты естіген. Қазір дыбыс шыққан ауданда сүңгуірлер "қара жәшікті" іздеп жатыр.

Малайзиялық AirAsia компаниясының Airbus А-320-200 жолаушылар ұшағы желтоқсанның 28-і күні таң ата Индонезиядан Сингапурге ұшып шыққаннан соң 40 минуттан кейін, Калимантан аралы мен Белитунг аралы арасындағы Ява теңізінде радардан жоғалып кеткен. Кейін ұшақ жоғалар алдында ғана ұшқыштың қолайсыз ауа-райында ұшақты жоғары қарай ұшыруға рұқсат сұрағаны белгілі болған.

Ұшақта болған 162 адамның осы кезге дейін 40-ының мәйіті табылды. 162 адамның көбі - Индонезия азаматтары.

Ұлыбритания: Еуропаға террордан қауіп бар

Ұлыбританияның MI5 барлау қызметінің басшысы Эндрю Паркер.

Ұлыбританияның MI5 барлау қызметі басшысы Эндрю Паркер Париждегі сатиралық журналға жасалған шабуыл Еуропаның қазір террорлық қауіппен бетпе-бет келіп отырғанын көрсетеді деп мәлімдеді.

Паркердің айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі Сириядағы соғысқа байланысты күрделеніп отыр. Ол Сириядағы соғысқа жүздеген британиялық кетіп жатқанын және олардың отанына "бұрмаланған идеологиямен" оралатынын айтады.

Паркердің сөзінше, соңғы есеп бойынша Сириядағы соғысқа 600 британдық кеткен. Ол "Әл-Қаида" ұйымының "батыс елдеріне жаппай шабуыл жасауды жоспарлап отырған" бөлімі бар дейді.

Барлау қызметінің басшысы радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымы Ұлыбританияны түрлі жолдармен қауіп төндіріп отыр, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы британдықтарды теракт жасауға арандатуға тырысады дейді.

Эндрю Паркердің айтуынша, соңғы 15 айда әлемде экстремистер даярлаған 20-ға тарта теракт жоспары әшкереленген.

СІМ: 4 ел министрлері Астанада кездеспейді

Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус (солдан оңға қарай), Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин, Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Берлин, 17 тамыз 2014 жыл.

Украина Астанада 9 қаңтарда болады деген Украина, Ресей, Франция және Германия сыртқы істер министрлерінің кездесуін Қазақстан жағы жоққа шығарды.

Азаттық сауалына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мұндай кездесу жоспарланбағанын айтты.

Бұған дейін Украина сыртқы істер министрлігі саясат және коммуникация департаментінің басшысы Алексей Макеев төрт ел сыртқы істер министрлігі өкілдерінің Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөзден кейін министрлер қаңтардың 9-ында Астанада кездеседі деп хабарлаған еді.

Украина президенті Петр Порошенко өткен айда қаңтардың 15-інде Астанада Ресей, Германия және Франция президенттерімен кездесу жоспарланғанын мәлімдеген. Бірақ кейін Германия мен Франция басшылығы Астанадағы саммитке Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі Минск келісімі шарттары орындалатындай болса ғана баруға болатынын білдірген.

Украина телеарнасына берген сұхбатында Алексей Макеев сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінде Минск келісім шарттарын орындау мәселесі күн тәртібіне қойылатынын да айтқан еді.

Қазақстан президенті баспасөз қызметі бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Берлинге барып, канцлер Ангела Меркельмен Украинадағы жағдайды реттеу жайын талқылайды және осы ел сыртқы істер министрімен кездесуі мүмкін деп хабарлаған.

Алматыда адамдар "Баянауыл" базарын сүргізбеді

Баянауыл базарының сүрілуіне қарсы жиналған адамдар. Алматы, 9 қаңтар 2015 жыл.

Алматыдағы көлік қосалқы бөлшектерін сататын "Баянауыл" базарында саудагерлер базарды сүруге қарсылық танытты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін, сот орындаушылары сот шешімі бойынша базарды сүруге барған. Бірақ жүздеген саудагер жиналып, базардың сүрілуіне қарсылық білдірген. Өзін Абдуллина деп қана таныстырған саудагердің айтуынша, бүгін ертерек өздерімен кездесуге Әуезов ауданы әкімі Бекқали Торғаев барған. Ол "Баянауыл" орналасқан жер мемлекеттің меншігі екенін және базарды сүру туралы сот шешімі барын айтқан. Әкімнің сөзінше, базар орнына мектеп пен балабақша салынбақ. Бірақ саудагерлер сауда орындарын қазір босатудан бас тартып, басқа жақтан орын табу үшін мұрсат беруді сұраған.

Абдуллинаның айтуынша, әуелде саудагерлерге қаңтардың 6-сында базар сүрілетіні ескертіліп, бір апта ішінде базарды босатуды сұраған. Ал бүгін сот орындаушылары саудагерлерге басқа жақтан орын табуға жеті күн мұрсат берген. Бірақ Азаттық тілшісі базарда жүргенде сот орындаушылар әкелген трактор базардың шетінен бұза бастаған. Бұдан соң саудагерлер трактордың алдына кесе-көлденең тұрып алып, бұзуға жол бермей қойған.

Сот орындаушылары Азаттық тілшісіне "мұрсат берілгеніне қарамастан базар неге бүгін сүріле бастады" деген сауалға жауап беруден бас тартты.

Нигерия: "Боко Харам" 16 елді мекенді жойды

Нигериядағы "Боко харам" экстремистік тобының содырлары. (Көрнекі сурет).

Нигерияның солтүстік-шығысында "Боко Харам" экстремистік тобының содырлары соңғы үш күнде ондаған адамды өлтіріп, 16 елді мекенді жермен-жексен етті.

Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, Бага, Дорон-Бага, Миле-4 және Миле-3, Куайен-Курос және Бундурам сияқты қалалар мен елді мекендер жойылған.

Борно штатындағы кәсіподақ жетекшілерінің бірінің сөзінше, жергілікті жүздеген тұрғын содырлардан бас сауғалап Чад көліндегі аралдарға қашқан.

Өткен сенбіде "Боко Харам" содырлары Бага штатында әскери база мен Африка құрлықтық біріккен күштерінің штабын басып алған еді.

Нигерия билігі мен армиясы соңғы жарты жылда елдің солтүстік-шығысында жиырмаға жуық елді мекенді басып алған экстремистерге тойтарыс бере алмай отыр.

"Боко Харам" экстремистік тобы Нигерияда "ислам мемлекетін" құру үшін бес жыл бойы қарулы шабуылдар жасап келеді. Осы уақытқа дейін бұл топ мыңдаған адамды өлтіріп, жүздеген адамды кепілге алды.

Назарбаев бүгін Германияға барады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Киев, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Берлинге барып, Германия канцлері Ангела Меркельмен Украина дағдарысын реттеу бойынша келіссөз өткізеді.

Ақорданың баспасөз қызметі бұған дейін Назарбаев Меркельмен екіжақты ынтымақтастық мәселелері мен Украинадағы жағдайды талқылайды деп хабарлаған. Назарбаев бұған қоса Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен де кездеспек.

Қазақстандық және германиялық БАҚ бұл келіссөзде екі әріптес қаңтардың ортасында Астанада Украина дағдарысы бойынша көпжақты кездесу өткізуге дайындық жасау мәселелерін талқылайды деген.

Украина президенті Петр Порошенко былтыр желтоқсанда айтқан сөзінде 15 қаңтарда Астанада "норманд форматындағы" кездесуге қатысатынын хабарлаған. Қазақстан мұндай келіссөзге жағдай жасауға әзір екенін білдірген.

Кейінірек Франция мен Германия өкілдері мұндай кездесуді өткізуге негіз бар-жоғына қатысты күмән келтірген болатын.

Куба сегіз саяси тұтқынды түрмеден босатты

Куба президенті Рауль Кастро (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама.

Куба билігі таяуда АҚШ-пен жасалған уағдаластық бойынша босатуға уәде берген 53 саяси тұтқынның тағы сегізін түрмеден босатты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, соңғы екі күнде түрмеден осымен он бір саяси тұтқын босатылып отыр. Босатылғандардың көпшілігі Куба патриоттар одағы диссиденттік тобының мүшелері.

АҚШ пен Куба таяуда екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге келіскен. Келісімде диссиденттерді босатып, тұтқын алмасу, дипломатиялық байланысты қайта жандандыру қарастырылған.

АҚШ президенті Барак Обама желтоқсанның ортасында Вашингтон Кубаға қатысты "ондаған жылдар бойы АҚШ мүддесін таныта алмаған ескірген саясаттан бас тартатынын" мәлімдеген.

Куба президенті Рауль Кастро да Обамамен қатар жасаған мәлімдемесінде "Біз АҚШ-пен дипломатиялық байланысты қалпына келтіруге келістік" деген.

АҚШ пен Куба арасындағы байланыс 1959 жылы Кубада билікке Фидель Кастро келген революциядан кейін үзілген еді.

Болжам бойынша, дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселесі қаңтардың соңында АҚШ мемлекеттік хатшысының Латын Америкасы елдері бойынша көмекшісі Роберт Джейкобсонның Гаванаға сапарында талқыланбақ.

Бакуде билікке наразы адам өзін-өзі өртеді

Әзербайжан астанасы Бакуде биліктің әрекетіне наразы ер адам өз-өзін өртеді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, наразы азамат қаладағы жаңа нысандар салу үшін ескі ғимараттарды бұзып жатқан аумақта өзін-өзі өртеген. Әзірге наразы азаматтың аты-жөні айтылмайды. Полиция өзін-өзі өртеген адамның маңайын қоршап, онда ешкімді өткізбеген.

Бакудегі кейбір тұрғындар ескі үйлерін бұзғаны үшін бірнеше айдан бері қала билігінен жеткілікті түрде өтемақы талап етіп, наразылық танытып келеді.

Әзербайжанда соңғы бір жылдан астам уақыттан бері бес адам өзін-өзі өртеген.

ЕО Украинаға 1,8 миллиард еуро бөлуді ұсынды

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Германияға барғанда Берлинде тұрған Еуропа одағы мен Украина тулары. 8 қаңтар 2015 жыл.

Еуропа комиссиясы Украинаға экономикасын оңалтуға көмектесу үшін тағы 1,8 миллиард еуро көлемінде қарыз беруді ұсынды.

Бірақ Еуропа Одағының (ЕО) атқарушы билік өкілдері қаңтардың 8-інде Украина Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) аясында жүргізетін реформаларын жалғастыруы қажетін және ЕО-мен келісілген экономикалық және қаржылық саясат жүргізуі тиіс екенін мәлімдеді.

Украинаға несие беру туралы шешімді әуелі Еуропа парламентінің 28 мүшесі мақұлдауы тиіс.

ЕО осыған дейін қаржылық қиын жағдайға ұшыраған Украина үкіметіне көмектесу үшін займ түрінде 1,6 миллиард еуро берген.

ХВҚ миссиясы қаңтардың 8-інде Киевтегі билікпен Украинаға жаңа несие беру шарттары жөніндегі келіссөзді қайта бастаған.

ХВҚ Украина экономикасына барлығы 17,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуді қарастырған. Бірақ әзірге оның 4,6 миллиард доллары ғана берілді.

Серік Ахметовті қамау мерзімі ұзарды

Қазақстан бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 8 қаңтар күні "Аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырған" деп айыпталған экс-премьер Серік Ахметовтің үйқамақта болу мерзімі ақпанның 18-іне дейін ұзартылды" деп хабарлады.

Соттың баспасөз хатшысы Әлия Жошеваның айтуынша, Қазыбек би аудандық соты тергеушінің өтініші бойынша Серік Ахметовті үйқамақта қалдыру мерзімін үшінші айға созып, 2015 жылдың 18 ақпанына дейін ұзартқан.

Алдын ала тергеу орындары Серік Ахметовке қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-бөлімінің "б" тармағы бойынша (аса ірі көлемде қаржы жымқыру) бойынша айып тағып, сот қарашаның 18-інде оны қаңтардың 18-іне дейін екі ай мерзімге үйқамаққа алуға санкция шығарған.

Серік Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс миинстрі болып тағайындалып, биыл қазан айында қызметінен босатылған еді.

Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.

Парижде жараланған полицей қайтыс болды

Париждегі атыс болған аймақта жүрген полицейлер. 8 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бүгін Париждегі атыста жараланған полицей әйел қайтыс болды.

Бұған дейін ITELE телеарнасы атыс кезінде бір полицей мерт болғанын, екі адам жарақат алғаны хабарлаған. Әзірге бұл шабуылдың Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылмен байланысы бар-жоғы анықталған жоқ.

France-Press басылымының жазуынша, тапаншамен қаруланған ер адам полицейге оқ атқан. Франция ішкі істер министрі Бернар Газнев оқиға болған Порт де Шатийон ауданына жүр. Ол шабуыл жасаған адам қашып кеткенін айтқан.

ДДСҰ: Эбола құрбандары 8 мыңнан асты

Монровия көшелеріндегі ескерту. Либерия, 25 қыркүйек, 2014 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Эбола вирусынан қаза тапқандар саны 8235 адамға жеткенін мәлімдеді.

Бұл дертке 20747 адам шалдыққан. Ауруға шалдыққандардың көбі - Батыс Африкадағы Сьерра-Леоне, Либерия, Гвинея азаматтары. Сьерра-Леонеде 9780 адам Эбола жұқтырған.

ДДСҰ Либерияда Эбола жұқтырғандар саны азайғанын мәлімдеді. Ол елде 2014 жылы тамыз бен қыркүйекте аптасына 300 адам Эбола жұқтырса, соңғы аптада 40 жағдай ғана тіркелген.

Украинадағы соғыста Тәжікстан азаматы қаза тапқан

Донецк облысында соғысып жүрген ресейшіл сепаратистер. Украина, 2 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет).

Тәжікстан билігі Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер жағында соғысқан тәжік азаматы қаза тапқанын хабарлады.

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы прокурорының көмекшісі Анвар Назарзоданың қаңтардың 8-інде хабарлауынша, Шығыс Украинада сепаратистер жағында украин үкіметі әскеріне қарсы соғысқа қатысқан Қорғантөбе қаласының тұрғыны Муродали Барфиев таяуда қаза тапқан.

Назарзоданың сөзінше, Барфиев Донецк пен Луганск облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отырған сепаратистерге өткен жылы қосылған.

Тәжікстан билігі Украинада соғысқан тәжік азаматының оққа ұшқаны туралы алғаш рет хабарлап отыр.

Өткен айда Астанада "Луганскідегі сепаратистер жағында соғысты" деген айыппен қазақстандық Евгений Вдовенко бес жылға сотталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG