Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Астанаға келді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

Астанаға бүгін жергілікті уақытпен кешкі сағат тоғызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри келді деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Әуежайда оны ұшақтан Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қарсы алды.

Орталық Азия елдеріне сапармен жүрген Керри бұған дейін бүгін Өзбекстанның Самарқан қаласында аймақтағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен кездескен.

Астанада Джон Керри Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен жүздеседі. Сонымен бірге, «АҚШ-Қазақстан стратегиялық серіктестігі» диалогы аясында өтетін кездесуге қатысып, Назарбаев университетінде сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Аймақ елдеріне сапары қарсаңында Джон Керриді бірқатар халықаралық ұйымдар мен кейбір саясаткерлер Орталық Азия елдері үкіметтеріне сол елдердегі бұзылып отырған адам құқықтары мен азаматтық бостандықтар жағдайын ашық айтуға шақырған.

АҚШ сенаторы Бен Карден Керриге хатында одан Қазақстанда саяси астары бар айыптаулар бойынша түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың жағдайына назар аударуды сұраған.

Джон Керридің Астанаға келген сәтінен видео:

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Астанаға келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Өзбек президентінен адам құқығы жайлы сұрады

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (ортада) АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриді (оң жақта) Самарқан әуежайында қарсы алып тұр. Өзбекстан, 1 қараша 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бүгін Өзбекстанның Самарқан қаласында Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлерімен кездесті. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, қала орталығында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, өзбекстандық арнайы қызмет өкілдері батыс журналистеріне жоғары лауазымды шенеуніктерге сұрақ қоюға мүмкіндік бермеген.

Түске дейін Джон Керри мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Самарқандағы президент резиденциясында өткізген келіссөздерде аймақтың қауіпсіздігі, Ауғанстанның солтүстігіндегі қазіргі ахуал, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күрестегі ынтымақтастық жайлы мәселелерді талқылаған.

Associated Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Джон Керри Самарқанда экономикалық жобалардың «демократиялық институттардың беріктігі және басқару сапасымен тығыз байланысты» екенін айтқан.

Reuters агенттігінің жазуынша, мәжіліс өтіп жатқан залға журналистерді кіргізген соң олардың сұрақтарына берген жауабында Джон Керри президент Каримов және Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен «адами өлшемдер, жеке тұлғаның құқықтары мен олардың қоғамдық өмірге қатысуы туралы» сөйлеспек ниетте екенін жеткізген.

Reuters агенттігі өзбекстандық арнайы қызмет өкілдері журналистерге сұрақтарын толық қоюға және келіссөздер туралы ақпарат алуға мұрша бермегенін жазады. Журналистерді мәжіліс өтіп жатқан залдан шығарып бара жатқанда америкалық журналистердің бірі даусын қаттырақ шығарып, президент Ислам Каримовтен Өзбекстандағы адам құқығының жағдайына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің сынына пікірін сұрап үлгерген. Бірақ сұрақ жауапсыз қалған.

Associated Press агенттігі Джон Керри мен Ислам Каримов арасындағы негізгі келіссөздер журналистер мәжіліс залынан шығарылған соң өткенін хабарлаған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Джон Керридің Самарқанға сапарын баспасөзде жариялау үшін аккредитациядан өткен жергілікті журналистердің бірімен тілдескен. Батыс журналистерін мәжіліс залынан шығарып жібергені және оларға сұрақ қоюға мұрша бермегені туралы жайттан өзінің бейхабар екенін мәлімдеген ол кездесу кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жергілікті журналистерге шектеулі ғана ақпарат берілгенін айтқан.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Өзбекстандағы адам құқықтарының жағдайына арналған есебінде адамдарды азаптайтыны, мақта терімі кезіндегі мәжбүрлі еңбек пен осы елде тамыр жайған парақорлық туралы айтылған. АҚШ Орталық Азиядағы авторитарлық үкіметтерден демократияны дамыту және адам құқықтарын құрметтеуді үнемі талап етіп келеді.

Ресми ақпаратта АҚШ мемлекеттік хатшысының Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен Самарқанда өткен кездесуінің қорытындысы бойынша әріптестік және ынтымақтастық декларациясы қабылданғаны айтылған.

ИМ содырлары Сирияда Махин қаласын басып алды

Хомс провинциясын Дамаскімен жалғастыратын жол бойындағы Сирия президенті Башар Асад бейнеленген биллборд. 13 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары бүгін Сирияның Хомс провинциясындағы Махин қаласын басып алды. Ұлыбританиядағы сириялық адам құқығын қорғауды бақылау орталығының хабарлауынша, исламшыл содырлар үкімет күштерімен болған шайқастан соң қалаға басып кірген. Ұрыс барысында кемінде 50 сарбаз қаза тапқан. Сонымен бірге жексенбі күні негізінен христиандар қоныстанған Садад қаласының шетінде де ИМ содырларымен шайқас болған.

Содырлардың «Әл-Байан» радиосы таратқан ақпаратта Махин қаласында олар көп қару-жарақты қолға түсіргені айтылады. Ол қаладан 25 шақырымдай жерде Хомс провинциясын Сирия астанасы Дамаскімен жалғастыратын жол өтеді.

Қыркүйектің соңында Ресей әскери ұшақтары Сириядағы «Ислам мемлекеті» тобына қарсы әуе шабуылдарын бастаған. Бірақ Батыс ол әуе соққылары негізінен Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан сириялық оппозиция күштерін нысанаға алған деп мәлімдеген. Ресейлік әуе шабуылдарынан ондаған бейбіт адам қаза тапқаны хабарланған. Мәскеу ол айыптауларды жоққа шығарған.

Грекия жағалауында тағы 11 мигрант суға кетті

Теңізде апатқа ұшыраған қайықтан мигрант баланы құтқарып жатқан адам. Лесбос аралының маңы, Грекия, 30 қазан 2015 жыл.

Эгей теңізінде Грекияға тиесілі Самос аралы маңында мигранттар отырған қайық суға батып кеткен. AFP агенттігінің грекиялық жағалаудағы күзет қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, апат салдарынан 11 адам опат болған.

Он адамның денесі суға батқан қайық кабинасынан, тағы біреуінің денесі – жағалаудан табылған. Қаза болғандардың алтауы – балалар деп хабарланды.

Бұған дейін жұма күні Эгей теңізінің Грекия жағалауына жақын тұсында мигранттар отырған екі қайық апатқа ұшырап, салдарынан 22 адам суға кеткен еді, олардың арасында 13 бала болған.

Жыл басынан бері Грекияға Таяу Шығыс елдерінен Еуропа аумағына жетуді көздеп 570 мың босқын мен мигрант барған.

Астанада жүзден аса адам Сеулге ұша алмай отыр

Астана халықаралық әуежайы. (Көрнекі сурет.)

Оңтүстік Кореяның Asiana Airlines әуе компаниясының жүзден аса жолаушысы сенбіден бері Астана халықаралық әуежайынан ұшып кете алмай отыр деп хабарлады Tengrinews сайты.

Астана әуежайындағылардың сөзінше, ұшу кестесі бойынша қазанның 31-і күні жергілікті уақытпен 23 сағат 55 минутта ұшуы тиіс болған жолаушылар рейсі жексенбіге қалдырылған. Әуелгіде қарашаның 1-і күні Астана уақытымен сағат 17:00 кезінде ұшады деп хабарлағанымен, кейін ұшу мерзімі сағат 20:00-ға сырғытылған.

Жолдан қалған жолаушылардың бірінің айтуынша, Оңтүстік Кореяның әуе компаниясының өкілі ұшақтың кестедегі уақыттан кешігуін "техникалық себептерге байланысты" деп түсіндрген. Оның сөзінше, компания өкілі жолаушыларды алып кетуге Оңтүстік Кореядан басқа ұшақ келеді деп хабарлаған.

«Когалымавианың» A-321 ұшақтарының ұшуы тоқтатылды

«Когалымавиа» әуе компаниясының апатқа ұшыраған Airbus A-321 жолаушылар ұшағының бөлшегі. Синай түбегі, Египет, 31 қазан 2015 жыл.

Ресейдің көлік саласын қадағалайтын федералдық қызметі – «Ространснадзор» мекемесі «Когалымавиа» (2012 жылдан бастап Metrojet деп аталады) әуе компаниясының Airbus A-321 ұшақтарының ұшуын тоқтатқан. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, «Ространснадзор» аталған компанияның дәл осындай жолаушылар ұшағының не себепті апатқа ұшырағаны анықталғанша ұшуды тоқтата тұруды ұйғарған.

Бұған дейін «Когалымавиа» өкілдері компания пайдаланатын өзге А-321 ұшақтарының ұшуын тоқтатпайтынын және олардың барлығының техникалық жағдайы дұрыс екенін мәлімдеген еді. Әуе тасымалы қызметін көрсететін компания сайтында оның пайдалануындағы тоғыз ұшақтың жетеуі – А-321 ұшағы деп көрсетілген.

31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх курортты қаласынан 9268-рейсімен Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A-321 жолаушылар ұшағы Синай түбегіне құлап, ұшақтағы 224 адам (арасында 25 бала бар) түгелдей опат болған.

Египет әуе саласы қызметінің өкілдері ұшақ апатына техникалық ақау себеп болған дегенді ең ықтимал болжам санайды. Бұған дейін соңғы аптада A-321 экипажы ұшақ қозғалтқышын оталдырған кездегі қиындықтар туралы техникалық қызметке бірнеше рет хабарлапты-мыс деген ақпараттар тараған еді.

«Ространснадзор» өкілдері «Когалымавиа» әуе компаниясын тексеру қарашаның соңына дейін жалғасатынын айтқан.

Бүгін Ресейде ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні деп жарияланған.

A-321 құлаған жерден 175 адамның сүйегі табылған

Ресейлік жолаушылар ұшағы құлаған жерде жұмыс істеп жатқан египеттік құтқарушылар. Синай түбегі, Египет. 31 қазан 2015 жыл.

Синай түбегінде ресейлік жолаушылар ұшағы құлаған жерде жұмыс істеп жатқан египеттік құтқарушылар іздестіру аумағын 15 шаршы шақырымға дейін кеңейтті. AFP агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта апат болған аймақтан 175 адамның сүйектері табылған. Ұшақ апаты құрбандарына туыс 147 адамнан қаза тапқандардың денесін анықтау мақсатында ДНК зерттеуін жүргізуге сынама үлгілері алынған.

Ресей көлік министрі Максим Соколов бүгін «Интерфакс» агенттігіне құлаған ұшақтың табылған «қара жәшіктері» аздап зақымданғанын айтқан. Оның сөзінше, жабық күйінде жеткізілген құрылғыларды әлі ешкім ашпаған.

«Ространснадзор» мекемесінің өкілі бүгін ТАСС агенттігіне Египетте құлаған жолаушылар ұшағына иелік ететін «Когалымавиа» (2012 жылдан бастап Metrojet деп аталады) әуе компаниясын тексеру қарашаның соңына дейін жалғасатынын айтқан.

31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх курортты қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан жолаушылар ұшағы Синай түбегіне құлап, ұшақтағы 224 адам (арасында 25 бала бар) түгелдей опат болған. Ресейлік ұшақтағылардың арасында төрт украиналық және бір беларус азаматы болған деп хабарланды.

Бүгін Ресейде ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні деп жарияланған.

Лола Каримова: Билікке бару мақсатым жоқ

Өзбекстан президентінің кенже қызы Лола Каримова-Тилляева.

Өзбекстан президентінің кенже қызы Лола Каримова-Тилляева өзінің билікке баруды мақсат етпейтіні туралы мәлімдеген. Бұл туралы пікірін ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы білдірген.

«Менің өмірде алға қойған, өзіме айқын міндетім көп, бірақ олардың арасында билікке бару жайлы мақсат жоқ» деп жазған ол.

Бұған дейін интернеттегі кейбір хабарларда халықаралық ЮНЕСКО ұйымындағы Өзбекстан елшісі әрі «Сен жалғыз емессің» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Лола Каримова-Тилляева әкесі Ислам Каримовтың орнын басуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді.

77 жастағы президент Ислам Каримов Өзбекстанда соңғы 25 жыл бойы билік басында отыр.

Биыл наурыздың 29-ы күні өткен Өзбекстан президенті сайлауында, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 90 пайызы оны қолдап, Каримов президенттікке кезекті рет сайланған.

Түркияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатыр

Түркия парламенті сайлауына дауыс беріп тұрған сайлаушы. (Көрнекі сурет.)

Түркияда ел азаматтары бүгін парламент сайлауына дауыс беріп жатыр.

Бұл Түркияда биылғы жылы осымен екінші рет өткізіліп отырған кезектен тыс сайлау. Маусым айында өткен сайлауда парламенттен орын алған партиялар коалиция құруға қатысты өзара мәмілеге келе алмаған соң, елде кезектен тыс парламент сайлауы тағайындалған.

Маусымдағы парламент сайлауында ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы, 2002 жылы билікке келгеннен бері алғаш рет, парламентте басым орынға ие бола алмаған соң оппозициямен келіссөздер бастауға мәжбүр болған еді. Егер «Әділет және даму» партиясы осы жолғы сайлау нәтижесінде парламентте басым дауысқа ие болса, онда Ердоған Түркияны президенттік республикаға айналдыруды көздейтін конституциялық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік алмақ дейді сарапшылар.

Түркияның 550 орындық парламентінде көпшілік орынға ие болғысы келген партия 276 мандат алуы тиіс. Кезектен тыс парламент сайлауына бұл жолы 16 партия және 21 тәуелсіз кандидат түсіп жатыр. Елде дауыс беру құқығына ие 56 миллион сайлаушы бар.

Соңғы айларда бірнеше шабуылдарды өткерген Түркияда сайлау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 35 мың құқық қызметкері жұмылдырылған.

Қазанның 10-ы күні Анкарадағы террорлық жарылыстар салдарынан жүзден аса адам опат болған еді. Билік ол шабуылдарды «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ұйымдастырған болуы мүмкін деп санайды.

Самарқанда АҚШ пен Орталық Азия елдері министрлері кездесті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бішкек, 31 қазан 2015 жыл.

Орталық Азия елдерін аралап жүрген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бүгін Өзбекстанның Самарқан қаласында барды. Әуежайда ол өзбек президенті Ислам Каримовпен кездесті.

Самарқанда бүгін Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысының қатысуымен кездесу өтеді.

Бұған дейін Самарқандағы кездесуде аймақ мәселелері, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай талқыланады деп хабарланған. Бұл шара АҚШ-тың Орталық Азия аймағы елдерімен бірге бастайтын «С5+1» атты жаңа форматтағы диалогы болмақ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри аймақ елдеріне сапарын сенбі күні Қырғызстаннан бастаған. Бішкекте ол Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен, сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Эрлан Абдылдаевпен кездесулер өткізіп, Қырғызстандағы АҚШ елшілігі жаңа ғимараты мен Орталық Азиядағы Америка универститеті жаңа кампусының ашылу рәсімдеріне қатысты.

Аймақ елдеріне сапары қарсаңында Джон Керриді бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ-тың кейбір саясаткерлері Орталық Азия елдері үкіметтеріне сол елдердегі бұзылып отырған адам құқықтарының жағдайын ашық айтуға шақырған.

Сомалиде қонақүйге шабуылдан бірнеше адам өлген

Сомали астанасы Могадишjода жарылыс болған жерде тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Сомали билігі ел астанасы Могадишо қаласындағы қонақүйге исламшыл экстремистер жасаған шабуылдан бірнеше адам мерт болғаны туралы хабарлады.

Бүгін таңсәріде Sahafi қонақүйіне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті «Әл-Қаида» террорлық ұйымымен байланысы бар «Әл-Шабаб» исламшыл тобы мойнына алды.

Associated Press агенттігі жергілікті полиция офицерінің сөзіне сілтеме жасап, жарылғыш зат тиелген автокөлікті жанкешті қонақүйдің қақпасына соғып жарып жіберген соң, қарулы содырлар қонақүйдегі адамдарға оқ жаудырғаны туралы хабарлады.

Полиция офицері Мұхаммед Хусейннің сөзінше, террорлық шабуылдан кемінде жеті адам қаза тауып, оннан аса адам жараланған.

AFP агенттігі басқа бір полиция өкілінің сөзіне сілтеме жасап, қонақүйге шабуылдан 12 адам қаза тапқан деп хабарлаған.

Шабуылға ұшыраған Sahafi қонақүйіне көбінесе парламент мүшелері, мемлекеттік шенеуніктер мен бизнесмендер түсетіні айтылады.

Сомали территориясында батыс қолдайтын үкіметті құлатып, «халифат» орнатқысы келетін экстремистік «Әл-Шабаб» тобы бұл елде терактілерді жиі ұйымдастырады.

Әзербайжанда парламент сайлауы өтіп жатыр

Әзербайжандағы сайлау учаскелерінің бірінде. 1 қараша 2015 жыл.

Бүгін Әзербайжан азаматтары ел парламенті – Милли Межлис депутаттарын сайлауға дауыс беріп жатыр.

Жергілікті уақыт бойынша сайлау учаскелерінде таңертеңгі сағат сегізде басталған дауыс беру кешкі сағат жетіге дейін жалғасады.

Әзербайжан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, парламенттегі 125 орынға сайлануға 767 кандидат тіркелген. Сонымен бірге билік биылғы сайлау барысын қадағалайтын 66 мың бақылаушы тіркелген деп хабарлаған.

Әзербайжандағы негізгі оппозиялық партиялар «елде әділ және демократиялық сайлау өткізуге билік мүмкіндік бермейтінін» айтып, бұл сайлауға қатысудан бас тартқан.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы өз тарапынан сайлауға жібермек болған бақылаушылар санына ресми Баку шектеу қойғандықтан Әзербайжандағы бұл жолғы парламент сайлауына бақылау жүргізбейтінін мәлімдеген.

Украиналықтардың Ресейде болу тәртібі өзгерді

Ресей федералдық көші-қон қызметінің Мәскеудегі бөлімшелерінің біріндегі жазу. (Көрнекі сурет.)

Ресейде Донбастан барған босқындардан өзге Украина азаматтары үшін осы елде болудың жеңілдікті тәртібі күшін жойды.

Енді Украина азаматтары қарашаның соңына дейін Ресейдегі өз құқықтық мәртебесін нақтылауы тиіс.

Ресей федералдық көші-қон қызметінің ТАСС агенттігіне хабарлауынша, осы кезге дейін Украина азаматтары Ресей территориясында болу мерзімін ел аумағынан шықпай-ақ ұзарта алатын. Ол үшін украиналықтардан Ресейде жұмыс істеуге құқық беретін патент, уақытша тұруға рұқсат немесе ықтиярхат талап етпейтін – әр үш ай сайын көші-қон қызметіне өтініш тапсырса жеткілікті еді.

Енді ТМД-ның өзге елдерінің азаматтары сияқты Украина азаматтары да рұқсат беретін тиісті құжатсыз Ресей аумағында жарты жылдың ішінде тоқсан күннен аса бола алмайды. Бұл тәртіпті бұзғандар автоматты түрде «қара тізімге» алынып, олардың Ресейге келуіне тыйым салынады. Сонымен бірге, арнайы патентсіз жұмыс істеген және ресейлік көші-қон заңының өзге де талаптарын бұзғандарға айыппұл салынып, Ресейге келулеріне тыйым салынуы мүмкін.

Румынияда түнгі клубтағы өрт құрбандарын үш күн аза тұтады

Бухарестегі өрт шыққан клуб алдында тұрған төтенше қызмет өкілдері. (Көрнекі сурет.)

Румынияда түнгі клубта шыққан өрттен 27 адамның қаза болуына байланысты үш күндік аза тұту жариялады. Өрт салдарынан зардап шеккен 180 адам ауруханаға жатқызылған.

Қайғылы оқиға сенбіге қараған түні Бухарестің Colectiv түнгі клубында өтіп жатқан рок-концерт кезінде болған. Сол сәтте клубқа бірнеше жүз адам – негізінен жастар мен жасөспірімдер жиналғаны айтылады.

Румыния президенті Клаус Йоханнис клубтағы өртке концертті ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Оқиға куәгерлерінің бірінің айтуынша, клубтың ішінде отшашу атқан соң төбеге тигеннен ұшқыннан өрт шығып, ізінше жарылыс болған.

Тағы бір куәгер өрттен дүрліккен іштегі адамдар есікке ұмтылып, кейбірі аяқ астында тапталып қалғанын айтады.

Lufthansa мен Air France-KLM Синаймен ұшуды уақытша тоқтатты

Гамбург әуежайында тұрған Lufthansa ұшақтары. (Көрнекі сурет.)

Еуропалық ірі әуе компаниялары Lufthansa мен Air France-KLM сенбі күні құлаған ресейлік жолаушылар ұшағы апатының себебі анықталғанша Синай түбегі арқылы ұшуды уақытша тоқтатуды ұйғарды.

Әуе компаниялары мұндай шешімді сенбі күні исламшыл экстремистер Синай түбегіне құлаған ресейлік жолаушылар ұшағының апатына жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдегені туралы хабардан соң қабылдаған. Lufthansa мен Air France-KLM өкілдері Египеттің аталған ауданы арқылы әуе тасымалын тоқтата тұру жайлы шешім ұшу қауіпсіздігіне байланысты қабылданғанын мәлімдеген.

Осы уақытқа дейін Синай арқылы күн сайын Lufthansa әуе компаниясының онға жуық ұшағы ұшып өтетін.

Еуропалық әуе тасымалдаушыларының ізінше Біріккен Араб Әмірліктерінің Emirates әуе компаниясы да ресейлік ұшақ апатының себебі айқын болғанша Синай түбегі арқылы ұшуды тоқтататынын жариялады.

Қазанның 31-і күні Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан ресейлік Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы Синай түбегіне құлаған. Египет билігі ұшақтағы адамдардың барлығы – 217 жолаушы және экипаждың жеті мүшесі опат болғаны туралы жариялады.

Болгарияда мигранттар тиеген жүк көлігі ұсталған

Болгариядағы сириялық босқындар. Қыркүйек, 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Болгарияның Түркиямен шекарасы маңында 130-ға жуық заңсыз мигрантты тиеп алған жүк көлігі ұсталып, полиция көлік жүргізушісін тұтқындаған.

Болгария ішкі істер министрлігі өкілінің хабарлауынша, газды су бөтелкелерін артқан жүк көлігінде 38 ер, 33 әйел және 58 бала отырған. Олардың көпшілігі Сириядан барған босқындар болуы мүмкін.

Биыл тамыз айында Австрияда жол шетінен табылған жүк көлігінің тоңазытқыш бөлігінен (рефрижератор) суықтан үсіп өлген 71 мигранттың денелері табылған еді.

Болгария билігі күн сайын ел аумағы арқылы Еуропа одағының өзге мемлекеттеріне өтіп кетпек болған жүзге жуық мигрант ұсталатынын айтады.

Ресейде бүгін ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні

Апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының бөлшегі. Синай түбегі, Египет, 31 қазан 2015 жыл.

Бүгін, 1 қараша Ресейде осыдан бір күн бұрын Синай түбегіндегі ұшақ апатында мерт болғандарды аза тұту күні деп жарияланған.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылар тобы кеше Египетке барды. Ұшақ апатында қаза болғандардың сүйектері Санкт-Петербургке жеткізілетіні туралы хабарланды.

Сенбі күні AFP және Reuters агенттіктері «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы сол күні таңертең Синай түбегіне құлаған ресейлік жолаушылар ұшағының апатына жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдегені туралы хабарлаған. Бірақ Ресей үкіметінің өкілдері ол ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеген.

Ресей үкіметі апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

217 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі мерт болған бұл апат Ресей авиациясы тарихындағы ең ірі апат оқиғасы деп хабарлады ақпарат агенттіктері.

Назарбаев Путинге көңіл айтып жеделхат жолдады

Ресейлік «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік «Когалымавиа» әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы апатқа ұшырауына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтып жеделхат жолдады деп хабарлады бүгін Ақорда баспасөз қызметі.

«Жеделхатта апат салдарынан адамдардың қаза тапқаны туралы қайғылы хабарды мемлекет басшысы терең күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген» делінген Ақорда хабарламасында.

Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өз атынан ұшақ апатынан қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту сөзін жеткізуді өтінген.

Қазанның 31-і күні Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан ресейлік жолаушылар ұшағы Синай түбегіне құлаған. Египет билігі ұшақтағы адамдардың барлығы – 217 жолаушы және экипаждың жеті мүшесі опат болғаны туралы жариялады. Ұшақтағы адамдардың басым көпшілігі Ресей азаматтары болған.

Ресейде жексенбі, 1 қараша – ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні деп жарияланды.

ИМ-ге жақын топ ресейлік ұшақты атып түсіргенін мәлімдеді

Синай түбегінде апатқа ұшыраған ресейлік жолаушылар ұшағының сапар бағыты мен құлаған жері көрсетілген карта.

Египетте орналасқан экстремистік топ бүгін Синай түбегіне құлаған ресейлік жолаушылар ұшағының апатына жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеген.

Бұған дейін Египет билігі апатқа ұшыраған ұшақта болған 224 адамның бәрі қаза тапты деп хабарлаған.

Ұшақтағылардың басым көпшілігі Ресей азаматтары болған.

Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы бүгін таңертең Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына бара жатып апатқа ұшыраған.

Украинада УКРОП партиясы лидері ұсталған

УКРОП партиясының жетекшісі Геннадий Корбан. Днепропетровск, 25 қазан 2015 жыл.

Украина қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратурасы «Украин патриоттары бірлестігі – УКРОП» саяси партиясының жетекшісі Геннадий Корбанның ұсталғанын растады. Ол «Днепропетровскіде ұйымдасқан қылмыстық топ құрған» деген күдікке ілінген.

Украина бас прокуратурасының өкілі Владислав Куценко Киевте өткен брифингте «қылмыстық топты жоюға және оның мүшелерін ұстауға бағытталған» бірлескен кең көлемді арнайы операция жүріп жатқаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл шаралардың «ешқандай саяси астары жоқ».

Украина қауіпсіздік қызметі Геннадий Корбанды Днепропетровск қаласында бүгін ұстаған.

A-321 апатынан ешкім тірі қалмағаны жарияланды

Каир әуежайында тұрған жедел жәрдем көліктері. 31 қазан 2015 жыл.

Египет билігінің хабарлауынша, ресейлік «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы бүгін Синай түбегінің солтүстік-шығысындағы таулы аймаққа, Әл-Ариш қаласына жақындау деген маңға құлаған. Қаққа бөлінген ұшақтың артқы бөлігі түгел жанып кеткен, алдыңғы бөлігі тауға барып соғылған. Апат болған жерде жұмыс істеп жатқан египеттік құтқарушылар апаттан тірі қалған ешкімді таба алмаған.

Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына бара жатып апатқа ұшыраған ұшақта болған 217 жолаушы мен жеті экипаж мүшесінің басым көпшілігі – Ресей азаматтары деп хабарланған. Египет азаматтық авиация министрлігі олардың барлығы опат болған деп жариялады.

Ұшақтың екі жазба құрылғысы – «қара жәшіктері» табылған. Оқиға бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ресейде жексенбі, 1 қараша – ұшақ апаты құрбандарын аза тұту күні деп жарияланды.

Баспасөз хатшысы Назарбаевтың немересі жайлы сұраққа жауап берді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ойын-сауық кешенінің ашылуында әйелі Сара және немересі Айсұлтанмен (оң жақта). Алматы, 1997 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «немерелері өздері таңдаған кәсіби жолымен өздігімен жүргені дұрыс деген пікірді ұстанады». Бұл туралы бүгін Facebook-тегі орыс тіліндегі AkordaPress парақшасында президенттің немересі Айсұлтан Назарбаевтың Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшысы қызметін атқарғысы келетіні туралы даулы мәселеге қатысты Tengrinews агенттігінің сұрағына жауабында Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев айтқан.

«Әрине, ол [Нұрсұлтан Назарбаев] немерелерінің әрбір жетістігіне қуанады, бірақ немерелерінің мансап жолындағы қалыптасу кезеңдерін сырттай бақылағысы келеді» деген Дәурен Абаев.

Бұған дейін жария түрде жасаған мәлімдемесінде Айсұлтан Назарбаев ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың бұл қызметті «Астана» футбол клубының жетекшілігімен қоса атқаруы мүдделер қайшылығын тудыратынын айтып, оны ҚФФ басшылығынан отставкаға кетуге шақырған.

Қоғамда бұл даулы мәселе сөз болып жатқан кезде «Қожағапанов отставкаға кетті» деген жалған ақпараттар да тараған. Ерлан Қожағапановтың жақтастары оны ҚФФ президенті қызметіне лайықты деп санайды.

СІМ: Египетте құлаған ұшақта қазақстандықтар болмаған

Airbus A321 ұшағы.

Сенбі күні Синай түбегінде құлаған ресейлік жолаушылар ұшағында, алдын ала мәліметтер бойынша, Қазақстан азаматтары болмаған деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі бүгін Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы.

Сонымен бірге министрлік 9268-рейсі жолаушылар ұшағы апатында қаза болғандардың жақын-туыстарына қайғыларына ортақтастып көңіл айтатынын жеткізген.

Қазанның 31-і күні Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына ұшып шыққан соң көп ұзамай онымен байланыс үзіліп қалған.

Арада бірнеше сағат өткенде Египет билігі хабарсыз кеткен жолаушылар ұшағының Синай түбегіне құлағаны туралы хабарлаған. Ұшақта барлығы 224 адам – 217 жолаушы және экипаждың жеті мүшесі болған.

Бішкекте Атамбаев пен Керри кездесті

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (оң жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бішкек, 15 қазан 2015 жыл.

Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесті деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Кездесуде тараптар екіжақты әріптестік жайын талқылаған.

Керри Орталық Азияның бес еліне сапары аясында бүгін таңертең Бішкекке келген.

Президент Атамбаевпен кездесуден соң Джон Керри баспасөз мәслихатында журналистер сұрақтарына жауап береді деп жоспарланған.

Бішкекте АҚШ елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Қырғызстан астанасына ұшып келген сәті. «Манас» әуежайы, Бішкек, 31 қазан 2015 жыл.

Бішкекте бүгін АҚШ елшілігінің жаңа ғимаратын ашу рәсімі өтті. Оған АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Қырғызстан сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Эрлан Абдылдаев, АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Шейла Гуолтни қатысты.

АҚШ елшілігінің мәліметі бойынша, құны 163 миллион доллар тұратын жаңа ғимарат Бішкектің Ленин ауданындағы төрт жарым гектарлық аумақта орналасқан. Ғимаратты салу кезінде оны пайдалану шығынын азайтуға және пайдаланылатын ресурстарды оңтайландыруға, соның ішінде энергия қуатын үнемдеуге, су мен күндізгі жарықты ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар қолданылған.

Орталық Азия елдеріне сапарын бүгін Қырғызстаннан бастаған Джон Керри Бішкекте ел президенті Алмазбек Атамбаевпен кездеспек. Бұдан соң ол Өзбекстанның Самарқан қаласында өтетін аймақтағы бес елдің сыртқы істер министрлері кездесуіне барады.

Бішкектегі АҚШ елшілігінің жаңа ғимаратын ашу рәсімінен видео:

Бішкектегі АҚШ елшілігінің жаңа ғимараты ашылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

Тағы

XS
SM
MD
LG