Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда «әлемдегі ең үлкен лағман» әзірленді

«Әлемдегі ең үлкен лағман» және оны әзірлеген аспаздардың бір тобы. Алматы, 1 мамыр 2015 жыл.

Алматыда бүгін ұйғырдың дәстүрлі тағам түрі – лағманды «бұған дейін әлемде болмаған» ең үлкен мөлшерде әзірлеп, Гиннестің рекордтар кітабына жаңа рекорд ретінде ұсынылды. 30 аспаз әзірлеген лағман салмағы 680 килограмм болғанын Guinness World Records компаниясының өкілі Бенджамин Бэкхаус тіркеп жазып алды.

Лағман мен оның тұздығы бірнеше үлкен ыдыста дайындалды. Сонан кейін барлығын бір ыдысқа салып өлшеді. Бұдан соң рекорд лағманнан осы шараны тамашалауға келген жұрттың бәрі ауыз тиді.

Қазақстанда 1 мамыр – халық бірлігі күні әзірленіп, жаңа рекорд орнатқан лағманды «Достық лағманы» деп атады. «Әлемдегі ең үлкен лағман» жасау бастамасына Қазақ география қоғамы мұрындық болған.

Мәскеуде мыңдаған адам шеруге шықты

Мәскеудегі Қызыл алаң. (Көрнекі сурет)

Ресей астанасындағы Қызыл алаңда бүгін өткен кәсіподақтар шеруіне 140 мыңдай адам қатысқан деп хабарлады Мәскеу қалалық полиция басқармасынан.

Шеруге қатысушылар қолдарына Ресей тулары мен өз ұйымдарының атаулары жазылған транспоранттар ұстап шыққан. Кәсіподақтар шеруіне қатысқан Мәскеу мэрі Сергей Собянин қала тұрғындарын еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күнімен құттықтаған. «Ауа райының қолайсыздығы мен дағдарыс туралы әңгімелерге қарамастан жұрт көтеріңкі көңіл-күйде» деген ол.

Ресейде 1 мамыр күніне арналған мерекелік шаралар Қиыр Шығыста, Сібір мен Урал аймағында өткізілген. Владивостоктағы шерулерге, жергілікті биліктің хабарлауынша, 35 мыңнан аса адам қатысқан.

Новосибирскіде кәсіподақтар шеруінен басқа жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Монстрация» шарасына екі мыңдай адам қатысқан.

Австрия соты Фирташты АҚШ-қа бермеді

Австрия соты украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташты экстрадициялауды сұраған АҚШ әділет министрлігінің өтінішін қанағаттандырмады.

Бейсенбі күні Вена соты 12 сағатқа жалғасқан мәжілістен соң Фирташты «коррупциялық қылмысқа қатысы бар» деген күдікпен сұратып отырған АҚШ-тың кәсіпкерге қатысты айғақ-дәлелі жеткіліксіз деген қаулы шығарған. Прокурор сот шешіміне қарсы шағым түсіретінін мәлімдеген.

Тергеу болжамы бойынша, Дмитрий Фирташ пен тағы бес адам (арасында Үндістан парламенті депутаты бар) титан өндіруге рұқсат беретін лицензияға ие болу үшін үнді шенеуніктеріне пара берген деген күдікке ілінген.

Фирташ өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеп, кінәсі жоғын айтады. Фирташтың адвокаттарының мәлімдеуінше, АҚШ-та кәсіпкер Дмитрий Фирташ Ресейдің мүддесін қорғайды деп санайды.

Украинадағы ең бай әрі ықпалды адамдардың бірі – 49-жастағы Дмитрий Фирташ 2014 жылы АҚШ-тың сұрауы бойынша Венада ұсталған. АҚШ билігі Фирташтың 2006 жылдан бергі іс-қызметіне тергеу жүргізген. 2014 жылы наурызда ол 125 миллион еуро кепіл төлеп бостандыққа шыққан.

Астанадағы шарада Назарбаев елді құттықтады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанда бүгін, мамырдың 1-і – Қазақстан халқы бірлігі күнінен арналған дәстүрлі көпшілік-мәдени шаралар өтіп жатыр

Астанада орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік концертте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Жаңадан президент қызметіне тағы сайланған Назарбаев осы аптада кезекті инаугурациясын да өткізген.

«Сайлауда бiз барша әлемге бiрлiгiмiздi және қуатымызды көрсеттiк. Осы бiрлiктiң, көпэтникалық татулық пен тұрақтылықтың арқасында бiз елдегi жетiстiктерге қол жеткiздiк. Мен бiздiң алдымызда тұрған үлкен мiндеттердi атаған болатынмын. Оларды атқару үшiн бiзге бiрлiк қажет» деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін мерекелік шаралар елдегі барлық үлкен қалаларда, облыс және аудан орталықтарында өткізіліп жатыр.

Өткен жексенбі, сәуірдің 26-сы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен. Оның ресми нәтижесі бойынша, Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет президент болып сайланды.

Генерал Бридлав: Путин Батысты ыдыратпақшы

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав. Вашингтон, 30 сәуір 2015 жыл.

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав бейсенбі күні Вашингтонда Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетінің отырысында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин өз іс-әрекетімен Батыс, Еуропа Одағы және НАТО арасына сына қағуға ұмтылып отыр деп мәлімдеген.

Соған қарамастан, АҚШ пен Ресей диалогқа қатысатын тұстар да бар деген пікір айтқан АҚШ генералы.

Генерал Бридлавтың бағалауынша, қазіргідей мұнай бағасының құлдырауына санкциялардың қосылуы Ресей президенті Владимир Путинге көптеген проблема тауып берген. Генералдың пікірінше, энергияны қару ретінде пайдаланып келген Ресей болашақта да сонысын жалғастыра бермек. Ресейдің Иранға С-300 зениттік-зымыран кешенін сатуға салынған тыйымды жою туралы шешіміне түсініктемесінде Бридлав бұл да келіссөздердің күн тәртібіне ықпал ету әдісі ретінде пайдаланылып отырғанын айтқан.

Бридлавтың сөзінше, жақындағы Украинадағы ұрыс-қимылдардың саябырсуын Ресей әскері шабуыл жасауға күшті қайта жинақтау үшін пайдаланып отыр.

«Олардың көптеген іс-әрекеттері жаңа шабуылдарға дайындыққа келеді» деген Филип Бридлав АҚШ Сенатының қарулы күштер комитетінде сәуірдің 30-ы күні сөйлеген сөзінде.

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав Украинадағы жағдай «нәзік және тұрақсыз» болып отырғанын мәлімдеген.

Ол Ресей «ұлттық күш-қуатының барлық бөлігін – дипломатиялық, ақпараттық және экономикалық, сонымен бірге әскери» тетіктерді белсенді қолданып отыр деп санайды.

Вашингтон бұндай қауіп-қатерге жауаптың кез келген түрін, соның ішінде Украинаға қару-жарақ беруді де жоққа шығармағаны жөн деп мәлімдеген Филип Бридлав.

Германияда теракт қаупінен веложарыс өтпейтін болды

Көрнекі сурет.

Германияда теракт қаупіне байланысты Гессен аймағында бүгінге жоспарланған дәстүрлі халықаралық веложарыс өтпейтін болды.

Бейсенбі күні Оберурзель қаласында полиция қызметкерлері ерлі-зайыпты күдікті екі адамды ұстағаны туралы ақпарат тараған. 35 жастағы ер адам мен әйелінің үйінен қолдан жасалған бомба табылғаны хабарланған еді.

Сол күні Франкфурт қаласының прокуратурасы тергеушілер жолын кескен күдіктілердің нысанасы – веложарысқа қатысушылар мен көрермендер болуы мүмкін деп мәлімдеген. Ұсталған ер адам химия саласынан білім алған. Оны спорт жарысы өтетін жерден байқаған полийейлер сол төңіректі мұқият зерттеп жүрген күдікті ретінде оған назар аударған.

Батырхан Шүкенов Алматының Кеңсайына жерленді

Қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония ғимараты алдында өтті. Алматы, 1 мамыр 2015 жыл.

Бүгін Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ғимаратында қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 53 жасқа қараған шағында сәуірдің 29-ына қараған түні Мәскеуде кенеттен қайтыс болған еді.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері, ресми тұлғалар және бірнеше мың адам жиналды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Батырхан Шүкеновтың отбасына көңіл айту хатын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оқып берді. Қаралы жиында әншінің дос-жолдастары мен әріптестері, ресми тұлғалар сөйледі.

Батырхан Шүкенов Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

АҚШ ғарыш аппараты Меркурийге құлады

«Мессенджер» ғарыш аппаратының Меркурий бетін түсіріп, Жерге жіберген алғашқы суреті.

АҚШ-тың «Мессенджер» (Messenger) ғарыш аппараты бейсенбі күні Меркурий планетасының бетіне жоспарлағандай құлап, 11 жылға жалғасқан жұмысын аяқтады деп хабарланды. Аппарат құлап бара жатқан сәтте де Меркурий бетін суретке түсіріп, Жерге жіберген.

Ғарыш аппараты секундына 4 километр немесе сағатына 14 мың шақырымнан аса жылдамдықпен құлағаннан кейін планетаның солтүстік бөлігінде үлкендігі 16 метрлік шұңқыр пайда болған.

АҚШ ғарыш агенттігінің хабарлауынша, Меркурий орбитасында жұмыс істеген төрт жыл ішінде «Мессенджер» Жерге 250 мыңға жуық суреттер түсіріп жіберген. Ғарыш аппараты Меркурийдің полюстарынан үлкен мұздықтар тапқан. Ол жүргізген зерттеу нәтижелерінде планетаның геологиялық тарихы туралы деректер алынған, Меркурийдің магниттік өрісі оның ортасында орналасқаны анықталған.

Күннің тартылыс күші әсерінен «Мессенджер» Меркурийге өте жақын барған. Оның отыны таусылғандықтан ғарыш аппаратының құлайтыны туралы болжамдар наурыз айында айтыла бастаған еді. Бірақ техниктер аппараттағы сығылған гелий қорын пайдаланып оның ғұмырын тағы бір айға ұзартқан.

Ғарышқа 2004 жылы тамызда ұшырылған «Мессенджер» Меркурий планетасының орбитасына 2011 жылы наурызда жеткен. Әу баста аппарат бір жыл жұмыс атқарады деп жоспарланған, ал іс жүзінде ол Меркурий орбитасында төрт жыл жұмыс істеген.

Бүгін - Қазақстан халқының бірлігі күні

Қазақстан халқы бірлігі күні мейрамы. Алматы, 1 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мамырдың 1-і Қазақстанда мемлекеттік мереке - халық бірлігі күні атап өтіледі.

Бүгін ел көлемінде Қазақстанда тұратын ұлттардың этномәдени ұйымдарының қатысуымен мәдени-көпшілік шаралар, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар өткізіледі.

1996 жылдан бастап Қазақстан президентінің жарлығымен 1 мамыр күні мереке ретінде атап өтіледі.

Шымкентте Батырхан Шүкеновты еске алды

Батырхан Шүкеновты еске алу рәсімі. Шымкент. 30 сәуір, 2015 жыл.

Бүгін Шымкенттегі «Шәмші алаңында» қазақстандық танымал әнші, музыкант Батырхан Шүкеновті еске алу рәсіміне жүздеген адам жиналды, деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жиналғандар әншінің қазақ және орыс тіліндегі әндерін бірге айтты. Кейбірі қолдарына Батырхан Шүкеновтың суретін ұстап тұрды.

Жиналғандар алаңға әншінің суреттері мен бірге гүл қойып, шырақ жақты.

Кеше де Алматы, Астана және басқа да қалаларда осындай рәсім өткізген.

Белгілі әнші Батырхан Шүкенов 29 сәуірде Мәскеу қаласында 53 жасқа қараған шағында қайтыс болған.

Мәсімов үкіметі өзгеріссіз бекітілді

Үкімет үйі. Астана.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Жаңа үкімет құрамындағы министрлер мен орынбасарлары толықтай бұрынғы орнын сақтап қалды. Бұрынғы үкіметтің өкілеттігі кеше аяқталған болатын.

Кеше қайта тағайындалған премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жаңа премьер ретіндегі кандидатурасын парламент бірауыздан қолдаған.

Заң бойынша жаңа сайланған президент қызметіне кіріскенде үкімет отставкаға кетеді. 29 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың президент ретіндегі ұлықтау рәсімі өткізілген.

26 сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауында ресми мәлімет бойынша Назарбаев 97,75 пайыз дауыс жинап, өзге екі кандидаттан басым түскен еді.

Алматыда карикатура көрмесі ашылды

Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне арналған карикатура көрмесін тамашалап тұрған жұрт. Алматы, 30 сәуір 2015 жыл.

Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражайда бүгін дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күніне арналған "Сөзі жоқ сөз бостандығы" деген тақырыппен карикатура көрмесі ашылды. Көрмені қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы, БҰҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық ақпарат департаменті және Қазақстан журналистер одағы бірлесе отырып Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының қолдауымен ұйымдастырған.

Көрмеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан суретшілерінің жұмыстары қойылған. Конкурсқа 96 карикатура түсті. Конкурс қорытындысында бірінші орын алматылық суретші Николай Веревочкинге, екі екінші орын алматылық Игорь Кейко мен Мәскеуден келген суретші Олег Локтевке берілді. Үшінші орынды ташкенттік суретші Николай Свериденко мен алматылық суретші Ибрагим Көбеков алды.

Көрменің ашылуында сөйлеген "Әділ сөз" ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы бюросы жетекшісі Сергей Карпоа карикатурашылар жұмысының қауіпті екенін айтты.

Биыл қаңтар айының 12-сі күні Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған қарулы шабуылдан 12 адам, оның ішінде сегіз журналист қаза тапқан. Радикалды исламшылдар мойнына алған шабуылдан журнал талантты суретші әрі карикатурашыларынан айырылды.

"Сөзі жоқ сөз бостандығы" карикатура көрмесі Алматыда 15 мамырға дейін өтеді.

Душанбеге Қазақстан гуманитарлық жүгі жеткізіле бастады

Қазақстанның Тәжікстанға бөлген 2 миллион 710 мың АҚШ долларына тең гуманитарлық көмегінің алғашқы бөлігі бүгін Душанбеге жеткізілді. Қазақстан үкіметі мен Қазақстанның Душанбедегі елшілігінің өкілдері Тәжікстан үкіметі өкілдеріне сұйық май, қарақұмық, ұн, консервілер және басқа да азық-түлік түрлері тиелген гуманитарлық жүктің алғашқы бөлігін тапсырды.

Тәжікстан жағы бұған дейін Қазақстаннан су басқан аймақтардағы тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді өтінген. Қазақстан ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің басшысы Бақытбек Қуандықовтың айтуынша, Тәжікстанға жіберілетін жүктің жалпы көлемі 1500 тоннаны құрайды. Гуманитарлық жүктің қалған бөлігі Тәжікстанға алдағы күндері жеткізілмек.

Непалда үйінді астынан жасөспірімді тірі алып шықты

Үйінді астында қалған адамды құтқару сәті. Непал, Катманду, 30 сәуір 2015 жыл.

Непалда құтқарушылар күшті жер сілкінісі кезінде қиранды астында қалған 15 жастағы баланы бес күннен кейін құтқарып алып шықты. Непал полициясының хабарлауынша, жасөспірім бүгін Катмандудағы Hilton Guesthouse деп аталатын ғимарат үйіндісінің астынан табылған.

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) құтқарушыларын басқарушы Эндрю Ольвера жасөспірім үйіндінің өте астында емес, беткі қабаттарында жатқанын, бірақ қираған ғимараттың екі қабатының арасында қысылып қалғанын айтады. USAID құтқарушылары оқиға орнында түні бойы жұмыс істеген.

Непал астанасы Катманду қаласында 25 сәуірде қуаты 7,8 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі болған. Зілзаладан қаза тапқан адамдар 5500-ден астам. Непал билігі табиғи апаттан жараланғандар саны 11 мың 500-ден асқанын хабарлады.

Зариф: Резаянды арнайы қызмет пайдалануы мүмкін

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Нью-Йорк, 29 сәуір 2015 жыл.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф Нью-Йоркте Washington Post басылымының Тегерандағы бюросы басшысы, тыңшылық жасады деген айыппен Иран абақтысында отырған Джейсон Резаянның беделін АҚШ үкіметімен байланысы бар болуы ықтимал арнайы қызмет агенті түсіруі мүмкін деп мәлімдеді.

"Кейбір адамдар өзгелерді өзінің мақсатына жету үшін пайдаланады... Мысалы, егер ол біреуден АҚШ-қа бару үшін әйеліне виза аштыруды сұраса, онда одан есесіне журналистің кәсіптік этикасына сай келмейтін басқа нәрсе сұралуы мүмкін" деді Зариф әңгіме барысында.

Джейсон Резаянға өткен жылдың желтоқсан айында "тыңшылық жасады", "жау мемлекеттермен ынтымақтастық орнатты" және "құпия ақпарат жинап, Иран үкіметіне қарсы үгіттеді" деген айып тағылған.

Зариф Резаянға тағылған айып "салмақты" екенін айтып, бұдан ары түсінік беруден бас тартқан. "Мен Резаянға тағылған айып алынады деп үміттенемін. Бірақ ол Иран азаматы болғандықтан сотқа тартылуына тура келеді" деді Джавад Зариф.

Прокуратура: Зорлық жайлы видеолар тексеріледі

Әлеуметтік желілерде таралған адамды ұрып-соғу, соққыға жығу фактілері туралы видео материалдардың барлығы бұдан былай тіркеуге алынып, тергеу барысы қадағаланып отырады деп хабарлады бүгін Қазақстан бас прокуратурасы.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 180 бабы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттардың сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастауға негіз бола алатынын айтқан прокуратура ішкі істер министрлігіне мұндай фактілерді сотқа дейінгі тергеудің ортақ реестріне тіркеп отыруды және тиісті шара қолдануды тапсырған.

Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде бір топ жастың жаппай төбелескені, басқа да аяусыз соққыға жығу туралы видеолар көбейді. 28 сәуірде "Facebook" және "ВКонтакте" әлеуметтік желілерінде бірнеше жігіттің өздері құралпы бір жас жігітті ұрып-соғып жатқаны, Алматыда жас жігіттің қарт кісіні соққыға жығып кеткені туралы видеолар тараған.

Шүкеновпен қоштасуды Республика сарайында өткізуді сұрады

Батырхан Шүкеновтің Алматыдағы Орталық стадионда ән айтып тұрған сәті. Алматы, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстандық танымал әнші, музыкант Батырхан Шүкеновтің өнерін құрметтейтіндер әншімен қоштасу рәсімін Алматыда 1 мамырда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында емес, Республика сарайында өткізуді сұрады. Продюсер Баян Есентаева Facebook желісінде қоштасуға барғысы келетін жұрттың филармония ғимаратына сыймайтынын жазды.

Батырхан Шүкенов 29 сәуірге қараған түні 53 жасқа қараған шағында Мәскеуде жүрек талмасынан қайтыс болды. Әншінің өлімі оның өнерін құрметтейтіндерге ауыр тиді. Алматы мен Астанада 29 сәуір күні кешке жүздеген адам жиналып, Батырхан Шүкеновтің әндерін орындады.

Шүкенов шығармашылығы Қазақстан мен Ресейде кең танымал болды. 2000 жылға дейін ол "А'Студио" тобының жетекші вокалисі болды. Топтан кеткен соң ол жеке орындаушылық жобалармен шұғылданды.

Батырхан Шүкенов өмірінің соңына дейін жаңа әндер жазып, бейне баян түсірді.

Қазақстан Астрахань құс өнімдеріне шектеу қойды

Көрнекі сурет.

Қазақстан Ресейдің Астрахань облысында құс тұмауы індеті таралуына байланысты бұл облыстан құс өнімдерін тасымалдауға уақытша шектеу қойды деп хабарлады бүгін ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрліктің ветеринарлық бақылау комитеті Астрахань облысында құс тұмауы (H5N1) індетінің тарауына байланысты 28 сәуірден бастап облыстан Қазақстанға тірі құс, инкубациядан шыққан жұмыртқа, құстың мамығы мен қанатын, құс еті мен өңдеуден өткізілмеген басқа да құс өнімдерін, құстарға арналған жемдерді кіргізуге уақытша шектеу қойған.

АҚШ экономикасы өсімі күрт төмендеді

АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы Джанет Йеллен.

АҚШ сауда министрлігі биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елде экономикалық өсім жылдық өсімнің 0,2 пайызын ғана құрағанын хабарлады. Министрлік дерегінше, бұл өткен жылдың соңындағы көрсеткіштен 11 есеге, ал сарапшылар болжаған көрсеткіштен бес есеге төмен.

Бұл ақпараттан соң АҚШ-тың орталық банкі - Федералдық резерв жүйесі экономикалық жағдайды төмен бағалаған мәлімдеме жасады. Белгіленген уақыттан бір ай ерте жасалған мәлімдемеде егер елдегі жұмыспен қамтылу деңгейінің тұрақты түрде көтерілсе, орталық банктің федералдық несие мөлшерлемесін көтеретіні айтылған.

Әлемдік қаржы нарықтары Федералдық қаржы жүйесінің мәлімдемесін мұқият бақылап отыр. Себебі АҚШ-та несие мөлшерлемесінің артуы әлемде де бұл тенденцияның қайталануына әкеп соқтырады.

Сарапшылар АҚШ-тағы несие мөлшерлемесі маусым айында көтеріледі деп болжам жасайды. Бірақ экономикалық өсім туралы мәліметтер көңіл көншітпейтіндіктен Федералдық қаржы жүйесі несие мөлшерлемесін көбейтуді күзге қалдыруы да мүмкін.

АҚШ-та полиция қызметіне наразылық танытты

Лос-Анжелес қаласында болған Балтимордағы қара нәсілді жігіттің өліміне наразылық акциясы. АҚШ, 29 сәуір 2015 жыл.

АҚШ-тың Балтимор, Бостон, Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелес және өзге де қалаларында 29 сәуірде мыңдаған адам Балтиморда полиция абақтысында алған жарақатынан қайтыс болған қара нәсілді жігіттің қазасына қарсылық танытып, көшеге шықты.

Қарсылық шерулеріне шыққандар полиция қызметін реформалауды және полицияның әсіресе қара нәсілді азаматтарды жөн-жосықсыз атып тастауын тоқтатуды талап етті. Наразылық негізінен бейбіт түрде өткенімен, Нью-Йоркте 60-тан астам шеруші, Балтиморда 16 шеруші тұтқындалды.

27 сәуірде Мэриленд штатының Балтимор қаласында полиция бөлімшесінде омыртқасынан жараланып қаза тапқан 25 жастағы қара нәсілді жігіт Фредди Грейді жерлеуден соң наразылық танытушылар дүкендерді тонап, ғимараттар мен көліктерді өртеген. Тәртіпсіздіктен кемінде 15 полицей жараланып, 25-тен астам адам тұтқындалған. Бұдан соң Мэриленд штатының губернаторы төтенше жағдай жариялаған.

Кейін Washington Post басылымы Фредди Грей 12 сәуірде полицияның үсті жабық көлігінде келе жатып "өзін-өзі әдейі жаралағаны" туралы хабарлаған. Бұл хабардан соң бірнеше қалада тұрғындар наразылыққа шықты. Басылым Греймен бірге көлікте болған тұтқынның сөзіне сілтеп Грей "әдейі өзін-өзі жаралау үшін көлік қабырғасына өздігінен соғылғанын жазды.

Чернобыль АЭС-і саркофагы 2017 жылы салынып бітеді

Чернобыль АЭС-нің апат болған төртінші реакторы үстінен салынып жатқан саркофаг құрылысы. 26 сәуір 2015 жыл.

"Үлкен жетілік" (G7) елдері қаржы тапшылығына қарамастан Чернобыль атом электр станциясының төртінші реакторы үстінен салынатын саркофаг құрылысы 2017 жылдың қараша айына дейін аяқталатынын мәлімдеді.

Германия экология министрі Йохен Флахбарттың хабарлауынша, әлемнің экономикасы дамыған ірі жеті елінің билігі саркофаг құрылысын аяқтауға қажетті жетпей тұрған 650 миллион еуроның 530 миллионын бөлуге келіскен.

Ол өзге де елдер, оның ішінде саркофагты қаржыландыруға уәде берген Ресей мен Қытай да қалған соманы бөлетінінен үмітті екенін білдірді.

1986 жылы сәуірдің 26-сында Чернобыль АЭС-інде болған өрт пен апат тарихтағы ең ірі ядролық апат атанған. Төтенше оқиғадан кейін алты ай ішінде апат орнына уақытша саркофаг салынған. Оның қызмет ету мерзімі 30 жылдан аспауы тиіс болатын және оған жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жаңа саркофаг құрылысы бұрынғысының үстіне салынып жатыр. Мамандар саркофаг реакторды бөлшектеуге көмектеседі деп сеніп отыр.

АҚШ Ираннан хуситтерге ықпал етуді сұрады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) Иран сыртқы істер министрі Джавад Зарифпен кездесуде. Вашингтон, 27 сәуір 2015 жыл.

АҚШ Ираннан Йемендегі қақтығысушы тараптарды саяси келіссөзге иліктіруге ықпал етуін сұрады. Бұл жайында хабарлаған аты-жөнін атамаған америкалық шенеуніктің сөзінше, Вашингтон Тегераннан шииттік хусит көтерілісшілерін келіссөз үстеліне отыруға көндіруді сұраған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі мемлекеттік хатшы Джон Керридің 27 сәуірде Вашингтонде өткен кездесуде Иран сыртқы істер министрі Джавад Зарифтен қақтығысушы тараптардың келіссөз жүргізуіне ықпал етуін сұрағанын растады.

Йеменде шииттік хусит көтерілісшілері өткен жылдың күзінде ел астанасы Сананы басып алып, сүнниттер үстемдікке ие үкімет құрамына өздерін де қосуды талап еткен. Хуситтер бұдан соң елдің біраз бөлігін бақылауға алып, президент Абд-Раббу Мансур Хадиді шетелге қашуға мәжбүр еткен.

Наурыздың соңында Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы Йемендегі хуситтердің позицияларына әуе шабуылдарын бастаған. Мансур Хади мен араб елдері Иранды хуситтерге дем беріп, әскери қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.

"Прогресс" кемесі Жерге құлап келе жатуы мүмкін

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған "Прогресс" ғарыш кемесін тіркеген "Союз" зымыран тасығышы. 28 сәуір 2015 жыл.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, техникалық ақаудан Халықаралық ғарыш станциясына жете алмай қалған ресейлік "Прогресс" ғарыштық жүк кемесі Жерге құлап келеді.

Кеше Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ғарыш кемесімен сол күні байланыс үзілген. Роскосмос мекемесі мамандар ғарыш кемесімен сол күйі байланыс орната алмағанын мәлімдеді.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы әскери-теңіз күштері базасының мамандары "Прогресс" ұшып өткен аумақтан ондаған металл сынықтарына ұқсас нәрсе байқағанын хабарлаған. Бірақ бұл сынықтардың "Прогресс" кемесінің немесе оны Жер орбитасына шығарған зымыранның сынықтары екені белгісіз.

НАСА астронавты Скотт Келли "Прогресс" Жер орбитасынан шығып, атмосфераға қайта енді деп хабарлады. Роскосмос мекемесі кеме расымен Жер атмосферасына төмендеп келе жатса, онда ол Жерге келесі аптада, 7-11 мамыр аралығында түсуі мүмкін дейді.

Қырғызстан премьерлігіне кандидат ұсынылды

Қырғызстан премьер-министрі қызметіне ұсынылған экономика министрі міндетін уақытша атқарушы Темір Сариев.

Қырғызстанның құрамына Социал-демократиялық партиясы, "Ата-Мекен" және "Ар-Намыс" партиялары кіретін басқарушы коалициясы экономика министрі міндетін атқарушы Темір Сариевті премьер-министр қызметіне ұсынды. Бұрынғы премьер-министр Жоомарт Оторбаев өткен аптада "Құмтөр" алтын кенішіндегі даулы жағдайға байланысты отставкаға кеткен. Қазір ол премьер-министр міндетін уақытша атқарып отыр.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Ата-Мекен" партиясынан сайланған депутат Ташболот Балтабаевтың айтуынша, парламент Сариевтің кандидатурасын таяу уақытта талқылайды. Премьер-министрді тағайындау шешімін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қабылдайды.

Чернобыль АЭС-і аумағындағы өрт оқшауланды

Чернобыль АЭС-і ауданында шыққан орман өртінің үстінен қарағандағы көрінісі. 29 сәуір 2015 жыл.

Чернобыль атом электр станциясы (АЭС) орналасқан аймақтағы орман өртінің аумағы оқшауланды. Украина премьер-министрі Арсений Яценюктің үкімет жиынында хабарлауынша, өрт бақылауға алынып, бұл аудандағы радиация деңгейі қалыпты мөлшерде тұр.

1986 жылғы апаттан зардап шеккен АЭС аумағындағы үлкен өрт Украина мен Беларусьте радиация деңгейін арттырып жібереді деген қауіпті күшейткен. Күшті желден өрт станцияға 20 километр қашықтыққа дейін жеткен. 1992 жылдан бері болып отырған ең ірі өртті сөндіруге 300-ден астам адам, үш ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG