Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда қар суы үйлерге жайыла бастады

Доссор көшесі 40 барак үйдегі Айгүл Жанғалиеваның пәтерінің іші. Атырау қаласы, 1 наурыз 2016 жыл.

Атырауда күн күрт жылынып, еріген қар мен жаңбыр суының салдарынан ескі барак үйлердің ішіне су кіріп кетіп жатыр. 1966 жылы салынған Доссор көшесіндегі № 40-шы барак үйдің тұрғындары үй ішіне су кіріп кеткенін айтып, берекелері кетіп отырғанын жеткізді.

- Ақпанның 6-сынан бері су соратын машина тек бір рет келді. Су деген үйіміздің ішінде, еденінен шығып жатыр,- дейді Айгүл Жанғалиева.

Бұдан өзге Атырауда қаласындағы "Лесхоз", "Тайманов", "Ескі әуежай" аймақтарында да үйлердің іші сырты суға толып кетіп жатқанын тұрғындар хабарлап отыр.

Атырау қалалық тұрғын үй, коммуналдық қызмет бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов та тұрғындардан арыздың түсіп жатқанын растады.

- Алдымен орталық көшені, содан соң жағдайы жоқ отбасыларға суын тазартып қызмет көрсетіп жатырмыз, - деді ол.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекшілік диспетчерлік басқармасының бастығы Нұрлан Жанбаевтың айтуынша 4-29 ақпан аралығында күніне 40-45 үйді судан арылту жұмыстары жүргізілген.

Атырауда 2015 жылы мамырдың 11-12-сінде қалың нөсер жауып, мыңнан астам үй жиналған судың астында қалған еді. Олардың он шақтысы мүлде құлап қалған болатын.

Воркутадағы жарылыс "себептерін" айтты

Құтқарылған кеншілер. Воркута, 25 ақпан 2016 жыл.

Ресейдің Коми республикасы Воркута қаласында жарылған шахтаға иелік еткен компания басшылығының мәлімдеуінше, "шахтада метан табиғи түрде жарылған". Бірақ тергеу органы өкілдері адам факторын да жоққа шығармайды.

Ресейдің тергеу комитеті қайғылы оқиғадан соң «Тау жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жергілікті шахтерлар кәсіподағына жақын ақпарат көзі жұмысшылардың көбірек көмір шығарып, ақша табу үшін метан көрсететін құралды мақсатты түрде жауып тастауы мүмкін екенін айтады. Ал шахта басшылығы мұны жоққа шығарады.

Коми республикасы басшысы Сергей Гапликов тергеу және қадағалау органдарынан шахтадағы апаттың себебін мүмкіндігінше ашық түрде жүргізуді талап етті.

Воркута қаласындағы шахтада болған апатта қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жиыны 27 миллион рубль көлемінде қаражат бөлінді деп хабарлайды қала әкімшілігінің басшысы Игорь Гурьев.

Өткен аптада Воркутада «Северная» шахтасында болған бірнеше мәрте жарылыстан 36 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алған еді. Осыған орай 28 ақпан күні Коми республикасында үш күндік аза тұту күні жарияланған.

СІМ: АҚШ-та оққа ұшқандар Ақмолада туған

Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) АҚШ-та оққа ұшқан қазақстандық жасөспірімдерге қатысты мәлімдеме жасады.

СІМ «Оққа ұшқан балалар Ақмола облысында туған және 2002 жылы оларды АҚШ-тағы Карлсон отбасы асырап алған. 2002 жылдың қазан айынан бастап Нью-Йорктегі (АҚШ) Қазақстанның бас консулдығында Карлсон Тори Тимур (1997 жылы туған) және Карлсон Куинн Дамир (1999 жылы туған) ретінде консулдық есепте болған» деп жазған.

Министрлік қайтыс болған азаматтардың жақындарына көңіл айта отырып, БАҚ өкілдерін олардың жеке өміріне құрметпен қарауға шақырған.

СІМ мәліметінше, Нью-Йорктегі Қазақстанның бас консулдығы жергілікті құқық қорғау органдарынан қайғылы оқиғаға байланысты мұқият зерттеу жүргізіп, тергеу барысы туралы ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыруды сұраған. Министрлік мәліметі бойынша, оқиға барысында қаза болған адамдардың барлығы - АҚШ азаматтары. Министрлік бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстайтынын хабарлаған.

Бұдан ары мәлімдемеде министрлік шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатында оларды бақылауды күшейткенін атап өткен.

Министрліктің жазуынша, қазақстандық балаларды асырап алған америкалық отбасылардың қазақстандық билікке балалардың жағдайы туралы есеп бермеуі себепті және бала асырауға қатысы бар АҚШ-тағы өзге де шулы оқиғаларға байланысты 2012 жылдан бастап АҚШ азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алу процедурасы тоқтаған.

2016 жылы 26 ақпан күні Вашингтон штатына қарасты Белфэйр қаласында 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл жолдасы 49 жастағы Лана Карлсон мен асырап алған екі баласы Тори мен Куинді атып тастаған болатын. Полицияның дерегінше, қайғылы оқиғадан тірі қалған отбасы мүшесі - 12 жастағы қыз қанды оқиғадан қашып шыққан немесе оны Кэмпбелдің өзі босатып жіберген болуы мүмкін. Бұған қоса, полиция Дэвид Кэмпбелдің бұған дейін қылмыс жасағанын, оның «қаскүнем адам» болғанын мәлімдеген.

Бұл екі жасөспірімнің Қазақстанда туылғанын бұған дейін Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі растап, алайда олардың Қазақстан елшілігінде консулдық есепте тұрмағанын хабарлаған еді. Қазақстанда туылған Тори 18 жаста, ал Куинн 16 жаста болған.

АҚШ елшілігі оққа ұшқандар жайлы мәлімдеді

Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.

Наурыздың 1-і күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Вашингтон штатында (АҚШ) екі қазақстандық жасөспірімнің оққа ұшуына байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақ тілінде жазылған мәлімдемеде «Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы америкалық отбасы асырап алған казақстандық балалардың өліміне себеп болған трагедияны естіп, терең қайғыға батты. АҚШ халқы Қазақстан халқымен бірге қайғыруда. АҚШ құқық қорғау органдары орын алған оқиғаның нақты мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр» деп жазылған.

АҚШ-та шетелден асырап алынған балалардың әлеуметтік тұрғыда қорғалатынын айтқан елшілік осы мақсатта Қазақстандағы арнайы органдармен байланысын үзбей, қарым-қатынасты жалғастыра беретінін жазған.

Мәлімдемеде «АҚШ дипломатиялық миссиясы америкалық отбасылар асырап алған қазақстандық балалар (6600 баладан артық) америкалық қоғамның дамуына үлесін қосып, бақытты жағдайда өмір сүреді деген фактіге назар аударғысы келеді» деп жазылған.

2016 жылы 26 ақпан күні Вашингтон штатына қарасты Белфэйр қаласында 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл жолдасы 49 жастағы Лана Карлсон мен оның асырап алған екі баласы Тори мен Куинді атқан болатын. Полицияның дерегінше, қайғылы оқиғадан тірі қалған отбасы мүшесі - 12 жастағы қыз қашып шыққан немесе оны Кэмпбелдің өзі босатып жіберген болуы мүмкін. Бұған қоса, полиция Дэвид Кэмпбелдің бұған дейін қылмыс жасағанын, оның «қаскүнем адам» болғанын мәлімдеген.

Оққа ұшқан екі жасөспірімнің Қазақстанда туғанын бұған дейін Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі де растап, алайда олардың Қазақстан елшілігіндегі консулдық есеп жоқ екенін хабарлаған еді. Қазақстанда туған Тори 18 жаста, ал Куинн 16 жаста болған.

Пәкістанда қауіпсіздік күшейтілді

Пенджаб провинциясының губернаторын атып өлтірген полицей Малик Мумтаз Кадриды қолдаушылар оның мәйітін тиеген көлікке гүл шоғын қойып жатыр. Пәкістан, 1 наурыз 2016 жыл.

Пәкістанда 2011 жылы губернаторға шабуыл жасаған полицейді жерлеу рәсімі қарсаңында барлық мектептер жабылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Биліктің түсіндіруінше, бұл шаралар Пенджаб провинциясының губернаторын атып өлтірген полицей Малик Мумтаз Кадриды қолдаушылардың тәртіпсіздігін болдырмау үшін жасалып отыр.

Мемлекеттік мекемелер, парламент және дипломатиялық елшіліктер төңірегіндегі жолдар бір күнге жабылды. 29 ақпан күні Кадридың дарға асылуынан кейін Пәкістан төңірегіндегі бірнеше қалаларда наразылық шаралары ұйымдастырылып, діни тұлғалар, саяси жетекшілер мен әскери топтар оны жария түрде қорғап, көшеге шыққан.

Ел заңдарына қарсы шыққан секулярист, Пенджаб провинциясы губернаторы Салман Тасирды атып өлтірген полиция күзетшісі Малик Мумтаз Кадри 2011 жылдан бері түрмеде отырған. Сот оны кінәлі деп тауып, өлім жазасына кескен еді.

Донбаста 2 жарым мыңдай украин сарбазы қаза тапқан

Донецк маңында тұрған Украина әскерінің танкілері. 23 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина сыртқы істер министрлігі Донбастағы қақтығыстан 2600-ден астам украин әскери қызметкердің мерт болғанын және шамамен 9 мыңдай жауынгердің жарақат алғанын мәлімдеді.

Минск келісімінің орындалуы туралы дүйсенбі күні кешкісін жариялаған министрліктің мәлімдемесінде соңғы екі айда украин жағы сепаратистер тарапынан 2500-ден астам мәрте атқыланғаны жазылған.

Соның кесірінен 12 әскери қызметкер қаза тауып, 150-ден астам солдат жарақат алған.

Киев сонымен бірге Мәскеуді Донбаста ресейлік офицерлер жетекшілік ететін, соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталған 40-мың сарбаздық жасақ құрды деп айыптаған.

Министрлік мәліметіне сәйкес, бұл жасақтың иелігінде шамамен 470 танк, 870 беренді көлік, 450 артиллериялық қару-жарақ түрлері бар. Украина тарабының айтуынша, Ресей сонымен қатар «кассеталық зымыран және жаяу әскерге қарсы қойылатын мина сияқты тыйым салынған қару түрлерін қолданады».

Украинаның шығысында әскери әрекеттер 2014 жылдың көктемінен бері жүріп жатыр. Мәскеу бұған дейін Донбастағы қақтығысқа өздерінің қатысы жоқ екенін және онда Ресей әскері кіргізілмегенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.

Назарбаев алғыс күні әріптестерінен "кешірім сұрады"

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, Қазақстанда алғаш рет атап өтіліп жатқан Алғыс айту күні әріптестерінен кешірім сұрады деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Бүгін Астанада алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шарада Назарбаев қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтап, бұл күннің мәні бар екенін айтты. Ол көп елде "тыныштық кетіп, қақтығыстар болып жатқандықтан" дәл қазір қазақстандықтар бір-біріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, бір-біріне құрмет көрсетуі керегін айтты. Назарбаев бұған қоса, осындай байтақ жер қалдырған ата-бабаларға алғыс айту керек екенін білдірді.

"Егер өкпе-реніш болса, көңілге тиетін сөздер айтылса бұл күні кешіруге болады. Бүгін мен таңертең әріптестерімнен ренжітіп, сөккен болсам кешірулерін сұрадым" деді Назарбаев.

Қазақстанда Алғыс айту күнін атап өту 2016 жылы 15 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген.

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 23 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс білдіру күнін атап өтуді ұсынған. Назарбаев сталиндік режим кезінде Қазақстанға мыңдаған өзге ұлт өкілдері депортацияланып, қазақтардың оларды жатсынбай, қабылдағанын айтқан.

Ресей Сирияда "Джебхат әл-Нусра" тобына соққы берді

Сирияның Латакиядағы әскери базасында тұрған ресейлік Су-24" жойғыш ұшақтары.

Сирияда Ресей әскери-әуе күштері "Джебхат әл-Нусра" экстремистік тобының шептеріне соққы берді. Бұл туралы Ресей қорғаныс министрлігінің Сириядағы жауласушы тараптарды бітімге келтіру жөніндегі орталығы хабарлады.

Хабарламада "жағдайды тұрақтандыру үшін Алеппоның солтүстігіндегі аудандарға зымыран мен бомба тасталып, Нарб-Нафса елді мекені маңындағы террористер шептеріне соққы жасалғаны" айтылған.

Сирияда 27 ақпанға қараған түні бітім күшіне енген. Бірақ бітім "Джебхат әл-Нусра" тобына жүрмейді.

Ал бұл уақытта Сирияда қақтығысты тоқтату келісімінің бұзылғаны туралы ақпараттар түсіп жатыр. Үкімет күштері мен көтерілісшілер бітімді бұзды деп бір-бірін айыптайды. Президент Башар билігіне қарсы оппозицияны қолдайтын Сауд Арабиясы Ресейді бітімді бұзды деп айыптайды.

Маңғыстау ауданы әкімі аппараты жетекшісі жауапқа тартылды

Маңғыстау ауданы орталығы Шетпе ауылына кіре берісі, Маңғыстау облысы (Көрнекі сурет).

Маңғыстау облысындағы Маңғыстау аудандық әкімдігінің аппараты жетекшісі мас күйінде көлік жүргізіп, әкімшілік жазаға тартылды. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Маңғыстау аудандық сотының судьясы Жасұлан Салиев растады. Судьяның айтуынша, аудан орталығы - Шетпеде масаң күйде көлік жүргізген аудан әкімінің аппараты жетекшісі Лазым Жонасовқа қатысты сот шешімі 26 ақпан күні шыққан.

- Әкімшілік кодекстің 613-бабына сәйкес 20 күнге қамауға алынды. Оның әлі шешімге наразылық білідіретін алты күн уақыты бар, - деді судья.

Маңғыстау ауданы әкімі Жармағамбет Айтуаров аппарат әкімі жұмыстан сұранып, демалыста жүргендіктен, бұл жайттан бейхабар екенін айтты.

- Ол ұсталды ма, жоқ па - хабарым жоқ. Бізге қағазы келген соң оның мәселесін тәрітіптік кеңесте қарайтын боламыз, - деді әкім Азаттыққа.

35 жастағы Маңғыстау ауданы аппараты жетекшісі жазасын Ақтау қаласындағы уақытша қамау изоляторында өтеп жатыр.

Македония мигранттардың Балқан маршрутын жаппақ

Грекия-Македония шекарасында тұрған мигранттар. 29 ақпан 2016 жыл.

Македония президенті Георге Иванов немістің Der Spiegel басылымына сұхбатында мигранттар Еуропаға жету үшін өтетін Балқан түбегі арқылы өтеті маршрутын жабуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Иванов сұхбатында Австрияда қабылдайтын мигрант саны белгіленген 37 мыңға жеткенде Македонияның Грекиямен шекарасын жабатынын мәлімдеді. Бұлай болса, жүз мыңдаған мигрант Солтүстік Еуропаға өтетін Балқан маршруты жабылмақ.

"Австрия мигранттарды қабылдау шегіне жетсе таяуда, тіпті қазір орындала салуы мүмкін. Біз қазір саяси шешім қабылдауымыз қажет. Кейін мүлдем кеш болады" деді Иванов.

Георге Ивановты сұхбаты Македония Грекиямен шекарасында тікенек сым темірлі қоршауды бұзып өтпек болған жүздеген мигрантқа қарсы көзден жас ағызатын газ бен электрошокер пайдаланған күні жарияланды.

Македония бұған дейін күн сайын ел аумағын кесіп өтетін мигранттар санын 580-ге дейін азайтқан. Келетін мигранттардың көпшілігі - Сирия мен Ирактан шыққандар. Ауғанстаннан келгендер - кіргізілмейді.

Георге Иванов БҰҰ, Еуропа Одағы және құқық қорғау ұйымдарының мұндай қадам халықаралық нормаларды бұзады деген ескертпесіне қарамастан Македония үкіметі қабылдаған шешімін дұрыс санайды.

"Біз Брюссельде қашан шешім қабылдайтынын күтіп отыра алмаймыз. Біз өз шешімімізді қабылдадық. Дағдарыс кезінде әр ел шешімді өзі табуы тиіс" деген Георге Иванов.

Пентагон ИМ-ге кибершабуылды күшейтеді

АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер.

АҚШ қорғаныс министрлігі жоғары шенді өкілінің сөзінше, АҚШ Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) экстремистік ұйымына қарсы кибершабуылды күшейтеді және бұл елдерге америка арнайы қызметінің бөлімдері түсіріледі.

АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер сарапшылар содырлардың серверлерін істен шығарып, оларды аса заманауи емес технологияны қолдануға мәжбүрлейтін жаңа тәсілдерді қолданатынын хабарлады. Бұл тәсіл бұған қоса, содырлардың мәліметтерін қолға түсіруді жеңілдетеді.

Пентагонда брифингте штаб қолбасшысы Джозеф Данфорд "Біз жау жағының біздің операцияны қашан, қайда және қалай өткізетінімізді білгенін қаламаймыз" деді.

Картер бұған қоса, Иракта арнайы әскери топ бар екенін хабарлады. "Біз Ирак үкімет күштерімен бірге жұмыс істеп, оларды Мосулды қоршап, қаланы алуға дайындаймыз" деді ол.

Қазір Иракта 200 америкалық әскери, Сирияда 50 әскери қызметкер бар.

Қазақстанда Алғыс айту күнін алғаш атап өтіп жатыр

Қазақстан халқы ассамбелясы жылының ашылуы. Астана, 6 ақпан 2015 жыл (Көрнекі сурет).

Бүгін, 1 наурыз Қазақстанда бірінші рет Алғыс айту күні атап өтіліп жатыр.

Қазақстанда Алғыс айту күнін атап өту 2016 жылы 15 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген.

Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 23 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс білдіру күнін атап өтуді ұсынған. Назарбаев сталиндік режим кезінде Қазақстанға мыңдаған өзге ұлт өкілдері депортацияланып, қазақтардың оларды жатсынбай, қабылдағанын айтқан.

Сессияда сөйлеген Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды немесе басқа күнді "Қазақстандағы барлық этностардың бір-біріне және өздерін қабылдап, туғанындай мейірім көрсеткен қазақ халқына алғыс айту күні ретінде атап өткен әділетті болар еді" деген. Президенттің пікірінше, мұндай дәстүр қазақстандықтарды бір-біріне барынша жақындастырып, мейірім мен махаббат мерекесі болмақ.

Қырғыз футбол федерациясы пара алу айыбын терістеді

FIFA президенттігіне бұрынғы үміткер Шейх Салман Ибрагим бин әл Халифа.

Қырғызстан футбол федерациясы британдық депутат Дамиан Коллинздің федерация басшылығы FIFA президенттігінен бұрынғы үміткер Шейх Салман бин Ибрагим әл Халифадан пара алды деген мәлімдемесін теріске шығарды.

Қырғызстан футбол федерациясының өкілі Наталья Угрюмова Associated Press агенттігіне берген сұхбатында "Бұл дүниежүзілік футбол федерациясы басшылығына сайлау қарсаңындағы бин Халифаның беделіне нұқсан келтіруді көздейтін лас кампаниядан басқа ешнәрсе емес" деп мәлімдеді.

Өткен аптада Ұлыбритания парламентінің Консервативтік партиядан сайланған депутаты, кезінде FIFA-ны реформалауға шақырған Дамиан Коллинз 24 ақпанда палата отырысында Шейх Салман 2013 жылы Азия футбол федерациясы басшылығына сайлау алдында Қырғызстан футбол федерациясына пара берді деп ұйғаруға болатын "негіз бар" екенін мәлімдеген.

Шейх Салманның өзі айыпты жоққа шығарады.

26 ақпанда FIFA президентіне сайлау өтіп, онда швейцариялық Джанни Инфантино жеңіске жеткен. Шейх Салман екінші орын алған.

Ресейдегі жаттығуда СУ-25 ұшағы апат болды

Ресейдің СУ-25 жойғыш ұшағы (Көрнекі сурет).

Ресейдің оңтүстігіндегі Ставрополь өлкесінде әскери жаттығу кезінде СУ-25 ұшағы апатқа ұшырап, ұшқышы қаза тапты.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жойғыш ұшақ 29 ақпан күні халық тұрмайтын аймаққа құлаған. Ұшақта қару-жарақ немесе оқ-дәрі болмаған.

Қазір апат себептері анықталып жатыр.

СУ-25 - Ресейдің Сирия президенті Башар Асад билігін қолдап сол елде жүргізген әскери операцияларына қатыстырылып жатқан әскери ұшақтардың бірі.

Горбачев жаңа мемуарларын таныстырды

Мәскеуде таныстырылған Михаил Горбачевтің "Өмірдегі Горбачев" кітабы. 29 ақпан 2016 жыл.

СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачев Мәскеуде жаңа мемуарларын таныстырды. Кітапты таныстыру кезінде ол "Өмір жайлы қаншалықты көп ойласам, үлкен және маңызды оқиғалардың күтпеген жерден болатынын барынша айқын түсіне бастаймын" деді. Автордың сөзінше, "Өмірдегі Горбачев" ("Горбачев в жизни") мемуарлары ресейліктерге өздерінің қазіргі заманғы тарихын түсінуіне көмектеседі.

2 наурызда 85 жасқа толатын Горбачев 1985 жылы СССР басшысы болып, елде барынша ашық қоғам орнату үшін "жариялылық" және "қайта құру" деген ұғымдар енгізген. Ол билікте отырған кезде Шығыс Еуропадағы социалистік блок ыдырап, 1991 жылы Совет Одағы тарап кетті.

Сирия: Қоршаудағы аудандарға БҰҰ көмегі жетті

Дамаскінің шығыс жағындағы көтерілісшілер бақылауында тұрған Кафр Батна ауданына жеткен гуманитарлық жүк көліктері. Сирия, 23 ақпан 2016 жыл.

Сирияда АҚШ пен Ресей жасасқан бітім күшіне енген соң, қоршауда қалған аудандарға гуманитарлық жүк жеткізіле бастады. Халықаралық Қызыл Жарты Ай комитетінің мәліметінше, жапқыштар мен гигиеналық заттар тиеген 10 жүк көлігі Дамаскіден оңтүстік-батыстағы Маадамия қаласына кірді. БҰҰ салыстырмалы түрде болса да орнаған тыныштықты пайдаланып, алдағы бес күнде қоршауда қалған аудандардағы 154 мың тұрғынға көмек заттарды үлестіруден үміттенеді.

Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун бітім орнаған 27 ақпаннан бері зорлық-зомбылық пен қақтығыс азайғанын мәлімдеді.

АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер халықаралық коалиция "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) экстремистік ұйымымен күресті жалғастыратынын хабарлады. Ресей де бітім келісімшарты бойынша, БҰҰ террористік деп таныған топтардың шептерін шабуылдайтынын мәлімдеді.

Сот журналист Юлия Козлованы ақтады

Журналист Юлия Козлова (оң жақта) мен адвокаты Айман Омарова. Алматы, 26 ақпан 2016 жыл.

Алматының Бостандық аудандық соты судьясы Людмила Бектемірова Nakanune.kz порталының журналисі, "есірткі сақтады" деп айыпталған Юлия Козлованы ақтау туралы шешім шығарды.

Үкімді естіген журналист Козлова жылап жіберді. Оның адвокаты Айман Омарова мұндай үкім шығады деп ойламағандарын айтады.

Алматы полициясы 18 желтоқсан күні "Казкоммерцбанк" туралы "тапсырыспен жазылған" мақалаларды жариялау туралы іс бойынша Nakanune.kz сайтының редакциясын, сайт иесі Гузяль Байдалинова мен Юлия Козлованың пәтерлерін тінткен. Полиция Козлованың үйінен "есірткі тапқанын" хабарлаған. Юлия Козлова есірткінің өзінікі емес екенін айтқан.

Ұлттық банк ақша айырбастау тәртібіне өзгеріс енгізді

Астанадағы ақша айырбастау пунктерінің бірі (Көрнекі сурет).

Жеке азаматтар енді ақша айырбастау пунктерінен бір миллион теңгеден көп ақша айырбастауы үшін жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс болады деп хабарлады бүгін Қазақстан Ұлттық банкі.

Банк мәліметінше, жеке бас құжатын талап ету "қаржы жымқыру және терроризмді қаржыландырудың алдын алу, айырбастау операцияларының жұмысын барынша ашық қылу үшін" енгізілген. Бұған дейін жеке басын куәландыратын құжат 2 миллион теңгеден көп шетел валютасын сатып алу және сату операциясын жүргізгенде талап етілетін.

Егер айырбастау пункті валюта жоқтықтан клиентке ақша айырбастаудан бас тартса онда клиент талап еткен жағдайда оған бас тарту себебі жайлы анықтама жазып береді.

"Әділ сөз": Сейітқазы Матаев ауруханаға түсті

Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі, "мемлекет қаржысын жымқырды" деген күдікпен үйқамақта отырған Сейітқазы Матаев қан қысымы күрт артып ауруханаға түсті. Бұл туралы бүгін Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевқа жолдаған үндеуінде "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева мәлімдеді.

Сейітқазы Матаевты 22 ақпанда Алматыда ұлттық коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті "бюджет қаржысын жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен ұстаған. 24 ақпанда сот оны үйқамаққа алу шешімін шығарған.

Калеева үндеуінде коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросын Матаевқа қатысты "кінәсіздік презумпциясын бұзып", сот үкімі шықпастан оны "айыпты деп таныды" дейді. Бұған қоса ол прокоррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы басшылығын прокурордың рұқсатынсыз Матаевқа қатысты сот тергеуі мәліметін жариялап жіберді дейді.

"Әділ сөз" жетекшісі осыған байланысты Матаевтың ісін тергеу талаптары бұзылып жатыр деп, істі прокуратураның тергегенін сұрайды.

Ресей: "Северная" шахтасында өрт басылмай тұр

"Северная" шахтасындағы құқарушылар. Ресей, Воркута, 28 ақпан 2016 жыл.

Ресейдің Воркут қаласындағы "Северный" шахтасында апаттан кейін басталған өрт жалғасып жатыр. Ресей төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучковтың айтуынша, жер астында ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ.

Шахтада 26-28 ақпан күндері болған бірнеше жарылыстан 36 адам - кеншілер мен құтқарушылар қаза тауып, 14 адам жараланған. 28 ақпанда Коми республикасында үш күндік аза тұту жарияланған.

Пучковтың сөзінше, бүгін "Северная" шахтасында қаза тапқандарға өтемақы төлей бастайды. "Воркутауголь" компаниясынан әр отбасына бір миллион рубльден ақша беріледі. Бұдан соң құрбандардың отбасыларына республикалық және федералдық бюджеттен өтемақы төленбек.

Ростехнадзор мемлекеттік мекемесі Воркутадағы барлық шахтаны тексере бастады. Тексеру аясында мамандар конструкцияның беріктігін тексереді. Пучковтың айтуына қарағанда, "Северная" шахтасындағы жарылыстардан кейін аймқата жерасты дүмпулері мен тау жыныстарының қозғалғаны байқалған.

Тегеран: Эксперттер мәжілісі орындарын реформистер алды

Тегерандағы парламент пен эксперттер мәжілісіне берілген дауысты санау. 28 ақпан 2016 жыл.

Ирандағы 26 ақпанда өткен эксперттер мәжілісіне сайлаудың түпкілікті қорытындысы бойынша 88 эксперттен тұратын мәжілістегі Тегеранға тиесілі 16 орынның 15-ін президент Хассан Роуханиды қолдайтын реформашыл кандидаттар иеленді. Эксперттер мәжілісі - Иран рухани көсемін ауыстырып, тағайындайтын орган.

Консервативтік екі діни жетекші, аятолла Мохаммад пен аятолла Таги Месбах Язди мәжілістегі орындарынан айырылды.

Ал Иран жоғарғы сотының төрағасы аятолла Садек Амоли Ларижани реформашыларды "консервативтік кандидаттарды эксперттер мәжілісіне қайта сайлана алмауы үшін" "америкалық және ағылшын тілді ақпарат құралдарымен" жұмыс істеді деп айыптады.

26 ақпанда өткен парламент сайлауында да 290 орындық парламенттегі Тегеранға тиесілі 30 орынның барлығын реформашыл кандидаттар иеленген. Қалған аймақтар бойынша дауыс беруде парламенттегі орындар реформашылдар, консерватистер мен тәуелсіз кандидаттар арасында бөлінген.

Ресми мәлімет бойынша, парламенттегі қалған 50 орынға сайлауда ешкім басым дауыс жинамаған. Қалған орындар бойынша сәуір, немесе мамырда қайта сайлау өтуі мүмкін.

Петропавлда жұмысшылар жалақы талап етті

Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Петропавл қалалық әкімдігі жалақыларын даулаған жұмысшылардың атынан осы күнге дейін арыз түспегенін, бірақ еңбекақыларын төлетіп беруге көмектесетінін хабарлады. Петропавлда қала орталығында сорғы станциясын салдық деген 15 шақты жұмысшы 28 ақпан күні станция алдында жалақыларын талап етіп наразылық акциясын өткізген.

Жұмысшылардың бірі Жомарт Байтеновтің айтуынша, олар өткен жылдың желтоқсанынан қаңтарға дейін істеген жұмысы үшін жалақыларын алмаған.

Сорғы станциясын салуға тапсырыс берген - "Коммунхоз" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны. Мекеме басшылығы мердігер компанияға тапсырыс қаражатын түгелдей төлегенін айтып отыр.

Петропавл қала әкімі орынбасары Сәния Смайылованың Азаттыққа айтуынша, бюджеттің "Инсект" компаниясына қарызы жоқ. Ол әкімдік прокуратурамен бірлесіп "Инсект" жұмысшыларына жалақы төлету бойынша жұмыс істейтінін айтты.

Азаттық тілшісі "Инсект" компаниясы басшылығынан мән -жайды білмек болып телефон соққанымен, қоңырауға жауап бермеді.

Леонардо Ди Каприо "Оскар" жүлдесін алды

Леонардо Ди Каприо "Оскар" жүлдесін иеленіп тұрған сәт. Лос-Анжелес, АҚШ, 29 ақпан 2016 жыл.

Леонардо Ди Каприо The revenant ("Выживший" немесе "Тірі қалған") фильміндегі рөлі үшін АҚШ кино өнері академиясының бас жүлдесі - "Оскар" сыйлығын "ең үздік актер" номинациясы бойынша алды.

Ди Каприо "Оскар" жүлдесін бірінші рет иеленіп отыр. Бұған дейін ол сыйлыққа бес рет ұсынылып, барлығында жеңіліп қалған. Фильм режиссері, мексикалық Алехандро Иньяриттудың өзі осы филімі үшін "ең үздік режиссер" номинациясы бойынша марапатталды.

"Ең үздік фильм" номинациясы бойынша жүлдені Томас Маккартидің Spotlight ("В центре внимания") фильмі жеңіп алды. Фильм бұған қоса, "ең үздік сценарий" номинациясы бойынша да "Оскар" жүлдесін иеленді.

"Оскар" жүлдесін "ең үздік актриса" номинациясы бойынша "Бөлме" (Room) фильміндегі рөлі үшін Бри Ларсон иеленді.

Шетел тіліндегі "ең үздік фильм" номинациясы бойынша сыйлықты Венгрияның Холокост туралы түсірілген "Шаульдің ұлы" фильмі жеңіп алды. "Оскар" жүлдесін осымен екінші рет венгриялық фильм алып отыр.

"Оскар" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі Лос-Анжелестегі "Долби" театрында өтіп жатыр.

АҚШ-та қаза тапқан жасөспірімдерді Қазақстаннан асырап алған

Америкалық полицейлер (Көрнекі сурет).

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі "АҚШ-тың Вашингтон штаты Белфэйр қаласында 26 ақпан күні кісі қолынан қаза тапқан екі жасөспірім Қазақстанда туған, америкалық отбасы асырап алған балалар" деп хабарлады.

26 ақпан күні Белфэйр қаласы тұрғыны, 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл әйелі Лана Карлсон мен оның асырап алған екі баласы - 18 жастағы Тори және 16 жастағы Куинді атып өлтіргені хабарланған.

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі құрбан болған 16 және 18 жастағы америкалық азаматтардың Қазақстаннан асырап алынғанын растағанымен, Қазақстан елшілігінде консулдық есепте тұрмағанын хабарлады. "Олардың аты-жөні және осы күнге дейін консулдық есепте не үшін тұрмағаны анықталып жатыр" деді уәкілдің баспасөз хатшысы Рустам Қыпшақбаев.

Белфэйр қаласы полициясының хабарлауынша, Кэмпбелл отбасын атып өлтіргеннен кейін өз-өзіне қол салған. Отбасы асырап алған өзге бір қыз бала жараланып, ауруханаға жеткізілген.

Иракта шабуылдан ондаған адам қаза тапты

Бағдадтың шииттер тұратын Садр ауданында болған жарылыстан кейінгі көрініс. Ирак, 28 ақпан 2016 жыл.

Associated Press агенттігі "Бағдадтың шығыс бөлігіндегі шииттер тұратын Садр ауданында 28 ақпан күні базарда болған жарылыстан кем дегенде 59 адам қаза тапты" деп хабарлайды. Ирак билігінің мәліметінше, жарылыстан ондаған адам жараланған. Жарылысқа жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред.) экстремистік ұйымы мойнына алды.

Бұл шабуылдан сәл ертерек Бағдадтың батыс бөлігіндегі Әбу-Грейб қалашығындағы әскери бөлімге де содырлар шабуылдаған. Ақпараттарға қарағанда, үш жанкешті жарылғыш заттар толтырылған көлікті жарып, одан соң бірнеше қарулы содыр келіп, әскерилерге оқ атқан. Шабуылдан кем дегенде қауіпсіздік күштерінің 12 сарбазы қаза тапты. Биліктің мәліметінше, Әбу-Грейбтегі жағдай бақылауда тұр, қалашық маңында коменданттық сағат енгізілген.

28 ақпанда Бағдадтан оңтүстікке қарай 30 километр жердегі Махмудия қаласында да жарылыс болып, үш адам қаза тауып, 10 адам жараланған. Бағдадтың оңтүстігіндегі Эль-Дора ауданында бомба жарылып, тағы төрт адам қаза тапты.

Тағы

XS
SM
MD
LG