Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Брюссельдегі атыста үш полицей жараланды

Форестегі полицейлер. Бельгия, 15 наурыз 2016 жыл.

Бельгия астанасы Брюссель қаласы маңындағы үйлердің бірінде полицияның антитеррорлық операциясы кезінде атыс болып, үш полицей жараланды.

Жергілікті ақпарат құралының дерегінше, полиция Форест ауданында екі күдіктіні іздеген. Атыс басталған соң аудан қоршалған. Күдіктілер ұстатпай кеткен, операция әлі жалғасып жатыр.

Еуропаның басқа елдері сияқты Бельгия полициясы да былтыр 13 қарашада Парижде болған, 130 адам қаза тапқан терактіге қатысты күдіктілерді іздеп жатыр. Прокуратураның дерегінше, бүгінгі операция да сол оқиғаға қатысты.

Ақмолада түрме қызметкерлері сотталды

Түрме. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысы Жарқайың аудандық соты «сотталушыларды азаптады» және «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен үш түрме қызметкерін 8-8,5 жылға соттады деп хабарлады Ақмола облыстық соты.

Облыстық соттың Азаттыққа жіберген жазбаша хабарламасында айыпталушылардың «сотталушыларды жазалау мақсатында оларға қасақана физикалық және моральдық түрде қысым көрсетіп, қорқытқаны» туралы жазылған.

Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылар Байгулунов М. және Сафинов А. –қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлімі бойынша ("Азаптау") 8 жылға, ал айыпталушы Паизов М. қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлімі («Азаптау») және 361-бабы 2-бөлімі («Қызметтік өкілетін асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Айыпталушылар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейді.

Бұл үш азамат шағымданушыға - тұтқынның жұбайына моральдық өтемақы ретінде 1 миллион 500 мың теңге төлеуі керек.

Бұған қоса сот түрменің бұрынғы қызметкері, Седукин С. есімді азаматты қылмыстық кодекстің 361-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп тауып, 2 мың АЕК көлемінде (яғни 4 миллион 242 мың теңге немесе 12 мың 500 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.

Облыстық соттың хабарлауынша, аудандық сот түрмедегі тұтқындарды ұстау жағдайы қатты бұзылғанын, соның кесірінен тұтқынның қаза тапқанына қатысты қаулы шығарып, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне мәлім еткен.

Әзербайжанда оппозиция белсендісі сотталды

Әзербайжандық оппозиция белсендісі Маммад Ибрахим.

Баку соты бүгін Әзербайжанның оппозицияшыл Халықтық майдан партиясы жетекшісінің кеңесшісі Маммад Ибрахимді "бұзақылық жасады" деген айыппен үш жылға соттады.

Маммад Ибрахим қыркүйекте ұсталған. Ол айыбын мойындамай, өзіне қарсы істің саяси астары бар деп санайды.

Ибрахимнің адвокаты Йалчин Иманов үкімге апелляциялық шағым беретінін айтады.

Ибрахимнің ұлы, партияның жастар қанатының мүшесі Туран Ибрахим қаңтар айында "көпшілік алдында бейәдеп сөйледі, полицияға қарсылық танытты, қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айыппен жеті күнге қамалған.

Туран Ибрахим де өзіне қарсы істі биліктің өз отбасына қысым көрсету әрекеті және саяси астары бар деп санайды.

Тайшыбековтің апелляциялық шағымы кейін қаралады

Блогер Ермек Тайшыбеков сотта тұр. Қордай, Жамбыл облысы, 11 желтоқсан 2015 жыл.

Жамбыл облыстық сотында блогер Ермек Тайшыбековтың апелляциялық шағымы бойынша бүгінге белгіленген сот отырысы кейінге қалдырылды. Тайшыбековтің ағасы Мәрлен Тайшыбековтың Азаттыққа хабарлауынша, сот адвокат Анатолий Окуньковтың әйелі науқастанып қалып отырысқа келмей қалуынан белгісіз мерзімге шегерілген.

Мәрлен Тайшыбековтің айтуынша, Ермек Тайшыбековтің апелляциялық шағымын қарау сот тағайындаған мемлекеттік адвокат іс материалымен танысқан соң басталады. Мәрлен Тайшыбековтің ақпаратын адвокат Окуньковтің өзі және апелляциялық алқа хатшылығы растады.

Ресейшіл көзқарастарымен белгілі Тараздық блогер, 38 жастағы Ермек Тайшыбековті 11 желтоқсанда Жамбыл облысының Қордай аудандық соты Facebook желісінде ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айыппен төрт жылға соттаған. Тайшыбеков өз іс-әрекетінде қылмыс бар деп санамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деген пікірде.

Ресейде Навальный қорын "шетел агенті" деп тануды сұрады

Ресейлік оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный.

Ресейде "Бүкілресейлік ұлтаралық жастар одағы" (БҰЖО) қоғамдық қозғалысы бас прокуратура мен әділет министрлігіне оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйдың Коррупциямен күрес қорын "шетел агенті" деп тануды сұрады. Құзырлы органдарға берген өтінішінде БҰЖО Навальныйдың өзін "ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздыруға" қатысты тексеруді сұраған.

Өтініштің көшірмесі БҰЖО сайтында жарияланды. Ұйым негізінен 7 наурызда Washington Post басылымында жарияланған мақалаға сүйенеді. Онда Ресейдің негізінен мұсылмандар басым тұратын Дағыстан мен Татарстан республикалары тұрғындары арасында Сириядағы әскери операцияға қатысты жүргізілген сауалнама қорытындысы келтірілген.

БҰЖО өкілдері Коррупциямен күрес қоры америкалық басылымның тапсырысын орындап, сол үшін сыйақы алды, яғни "шетелден қаржы алды" деп санайды.

БҰЖО бас прокурор Юрий Чайканың атына жазған өтінішінде Навальныйдың тағы бірнеше мақаласы, оның ішінде "Эхо Москвы" сайтында жарияланған жазбаларын тексеруді де сұрайды.

Дағыстанда 14 адам "Нұршылар" мүшесі" күдігімен ұсталды

Дағыстан картасы (Көрнекі сурет).

Дағыстанда Ресейде тыйым салынған исламшыл топтың күдікті он төрт мүшесі ұсталды.

Жергілікті биліктің 15 наурызда хабарлауынша, ұсталғандар "Нұршылар" деп аталатын топтың мүшесі деген күдікке ілінген.

Күдіктілердің бірі Зиявдин Дапаев ұйымның Ресейдегі бөлімшесінің жетекшісі болған деген күдікке ілінген.

Ресейде 2013 жылдан бері "Нұршылар" діни қозғалысының бірнеше күдікті мүшесі ұсталған.

"Нұршылар" қозғалысын Түркияда исламшыл ғалым Саид Нурси құрған. Нурсидің өзі 1960 жылы қайтыс болған. Бұл ұйымға Ресей 2008 жылы тыйым салған.

Ресей билігі топ аймақтағы барлық түркі тілдес елдердің басын қосып "ислам мемлекетін" құруды көздейді дейді.

Түркия: Әуе шабуылынан 45 күрд көтерілісшісі оққа ұшты

Ирактың солтүстігіндегі Кандиль тауларындағы Күрдістан жұмысшы партиясының лагері (Көрнекі сурет).

Түркиялық әскерилер түрік авиациясының Ирактың солтүстігіне жасаған әуе шабуылдарынан кем дегенде 45 күрд көтерілісшісі қаза тапқанын мәлімдеді.

Күрд жұмысшы партиясының (КЖП) шептеріне әуе шабуылдары 14 наурызда - Анкарада болған жарылыстан бір күннен соң басталған. Анкараның орталығында болған көлік жарылысынан 37 адам қаза тауып, 120-дан астам адам жараланған.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу жарылысты "күрд көтерілісшілері жасағаны" билікке белгілі екенін мәлімдеген. Түркиялық әскерилердің бүгін таратқан мәлімдемесінде КЖП орналасқан таулы Кандиль ауданында болған әуе шабуылдарында қару-жарақ қоймалары мен екі зымыран шебінің жойылғаны айтылады.

Соңғы бес айда Анкарада осымен төртінші жарылыс болып отыр. Өткен жылы жазда Түркия КЖП мен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының шептеріне әуеден соққы бере бастаған.

Ресей Сириядан әскери техникасын шығаруға кірісті

Латакиядағы Хмеймим әуе базасында тұрған ресейлік әскери ұшақтар.

Ресей бүгін Сириядан әскери техникасын шығара бастады. Ресей президенті Владимир Путин 14 наурызда Сириядағы әскери операцияны тоқтатып, әскер мен техниканың біразын шығаруға бұйырған.

Ресей қорғаныс министрлігінің бүгін таратқан мәлімдемесінде "әуе базаларының техникалық персоналдары ұшақтарды Ресейдегі аэродромдарға ұшуға дайындауды бастағаны" айтылған. Әскерилер құрал-жабдық пен материалдық-техникалық заттарды ұшаққа тиеп жатыр.

Путин кеше әскерилер алға қойылғна міндетін толық орындағанын айтып, Ресей әскерінің шығарылуы Сириядағы қақтығысты саяси жолмен реттеуге дем беретінінен үмітті екенін айтқан.

Сирияда қазір 50-ден астам ресейлік ұшақ пен тікұшақ, оларды қорғайтын шағын жерүсті кешендері, сириялық әскерилермен жұмыс істейтін әскери кеңесшілер мен арнайы құрылым сарбаздары бар.

Путин әскерилер Тартустағы әскери-теңіз базасы мен Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасында қала беретінін айтты.

ОСК ЕҚЫҰ ескертпесімен келіспейді

ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының парламент мәжілісі сайлауының үгіт-насихат науқаны елеусіз өтіп жатыр деген пікірімен келіспеді.

Бүгін Астанада брифинг өткізген ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сайлауалды науқаны белсенді жүріп жатқан жоқ деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, ЕҚЫҰ-ның "белсенділік туралы ұғымы өзгеше болуы мүмкін".

"Мысалы қазір АҚШ-та "праймериздің" қалай өтіп жатқанын көрсетіп жатыр. Сөйлегенде Трампты балағаттайды, Трамп оларды балағаттайды. Көпшілік пен ақпарат құралдарына сол ұнайды. Мүмкін олар да бізде осындай болғанын қалаған шығар. Бірақ бізде барлығы заңға сай өтеді. Осылай өте берсін" деген Фоос.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ-тың Қазақстандағы парламент мәжілісіне ерте сайлауды бақылау миссиясы өткен аптада сайлау барысы жайлы аралық есебін жариялаған. Онда миссия сайлауалды дайындық "тыныш және елеусіз түрде" өтіп жатыр деген.

Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына ерте сайлау 20 наурызда өтеді.

Қазақстан велотректен олимпиада жолдамасын алды

Қазақстандық велотрекші Артем Захаров (оң жақта) пен оның бапкері Эрве Дагорне.

Қазақстан велоспорт федерациясының мәлімдеуінше, велотректен Артем Захаров биыл Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиадаға жолдама алды.

Захаров IСU (Халықаралық велоспорт ұйымы) жариялаған әлемдік рейтингте 7-орында тұр. Бұл оның Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдама алуына мүмкіндік береді. Ережеге сай әлемдік рейтингте үздік 18 спортшы қатарына енген велотрекшілер лицензияға ие болады.

Қазақстан велотректен соңғы рет олимпиадаға 2004 жылы Афиныда қатысқан еді.

Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров осыған дейін "Қазақстан Риода велоспорттан жүлдеге таласады" деп мәлімдеген.

Қазірге дейін Қазақстанда Рио олимпиадасына 50 жолдама бар. Олимпиада 4-22 тамызда өтеді.

Йеменде БАӘ әскери ұшағы құлады

F-16 әскери ұшағы (Көрнекі сурет).

Йеменде Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшағы әскери операцияны орындау барысында апатқа ұшырап, екі ұшқышы қаза тапты.

Құрамына БАӘ кіретін коалицияның мәлімдеуінше, ұшақ техникалық ақаудан апат болуы мүмкін деген болжам бар. Йеменнің жергілікті үкіметі өкілдері төмен биіктікте ұшып келе жатқан ұшақ тау жартасына соғылған деген пікірде. Ұшақ апатқа ұшырар алдында көтерілісші хуситтер орналасқан Аден қаласының солтүстік-батысындағы Бурайга ауданында әуе шабуылын жүргізген.

Сауд Арабиясы мен араб елдері коалициясы бір жыл бұрын азамат соғысы басталған Йеменде хуситтер биліктен кетірген президент Абд-Раббу Мансур Хади үкіметін қалпына келтіру үшін әуе шабуылдарын бастаған.

Желтоқсанда Сауд Арабиясында "техникалық ақаудан" Бахрейннің F-16 жойғыш ұшағы апат болған. Өткен жылы мамырда Йеменде коалиция құрамында ұшып жүрген Марокконың әскери ұшағы құлаған.

Тоқаев Сириядан Ресей әскерін шығаруды қолдады

Парламент сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Сириядан Ресей әскерінің шығарылуын қолдады. "Кремльдің Сириядағы әскери операцияны тоқтатып, авиацияны шығару туралы шешімі нақты бітім мен бейбіт келіссөзге жақсы жағдай туындатады" делінген Тоқаевтың Twitter-дегі парақшасында.

Ресей президенті Владимир Путин кеше 15 наурыздан бастап Сириядан әскердің бір бөлігін шығаруға бұйырған. Бұйрық Женевада Сириядағы соғысушы тараптар арасында бейбіт келіссөз басталған күні берілді. Путин әскерилер алға қойылған міндетін толық орындағанын айтып, әскерді шығару қақтығысты саяси жолмен шешуге дем беретінінен үмітті екенін білдірді.

Путиннің сөзінше, Сириядағы Ресей әскері орналасқан Тартус пен Хмеймимдегі базалар бұрынғыдай тәртіпте жұмыс істей беретінін айтты. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирия президенті Башар Асад Путиннің шешімімен келіскенін айтты.

Ресей Сирияда әскери операцияны 30 қыркүйекте бастаған.

Обама мен Путин телефонмен сөйлесті

АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин.

АҚШ президенті Барак Обама Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, Сириядағы жағдайды талқылады деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.

Әңгімеде Путиннің Сириядан Ресей әскерінің бір бөлігін шығару және саяси келіссөз жүргізу үшін қақтығысты толық тоқтататын шаралар туралы мәлімдемесі талқыланған.

Ақ үйдің мәлімдемесінде Барак Обама "бітім орнағалы бері қақтығыс пен зорлық-зомбылықтың қажетті деңгейге дейін азайғанын" қоштаған. Бірақ ол Сирия билігінің шабуылдау әрекеттері бітімді бұзу және БҰҰ арағайындығымен өтетін бейбіт келіссөзге нұқсан келтіру қаупін төндіреді деген.

Барак Обама Сириядағы гуманитарлық көмек көрсетуде белгілі бір ілгерілеу барын, бірақ Башар Асад күштері келісілген аудандарға гуманитарлық көмек жеткізуге жасалған кедергілерді жоюы қажет екенін айтқан. АҚШ президенті Сириядағы қақтығыстың тоқтауына саяси өзгерістер ықпал етуі тиіс екенін жеткізген.

Украина мәселесіне қатысты Барак Обама Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату және аймаққа Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бақылаушыларын кіргізу туралы келісімді орындау қажетін білдірген.

Пентагон: Шишани жарақатынан көз жұмды

Тархан Батрашвили, Умар әл-Шишани деген атпен белгілі ИМ командирлерінің бірі.

Пентагон өкілдерінің мәлімдеуінше, "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының жоғары шенді командирлерінің бірі Умар әл-Шишани АҚШ әуе шабуылдары кезінде алған жарақатынан қайтыс болды. Грузияның Панкиси шатқалынан шыққан этникалық шешен, Умар әл-Шишани деген атпен белгілі Тархан Батрашвили 4 наурызда Сирияның солтүстік-шығысында содырларға жасалған әуе шабуылынан ауыр жараланған. Оны Ракка қаласы маңындағы ауруханаға жеткізген.

"Біз оны жарақатынан көз жұмды деп ойлаймыз" деді France Press агенттігіне Пентагон өкілі Джефф Дэвис. Пентагон өкілдері Шишанидің жараланып қайтыс болғаны туралы CNN телеарнасына да айтқан. Syrian Observatory for Human Rights ұйымы 13 наурызда France Press-ке Шишанидің бірнеше күн бойы "клиникалық өлім" халінде жатқанын және оған жасанды тыныс алу аппаратын қосып қойғанын хабарлаған.

Умар әл-Шишани бұған дейін Грузияның элиталық бөлімінде қызмет еткен. Ол ИМ-ге 2012 жылы қосылып, осы ұйымның ең қаблетті командирлерінің бірі саналған. Шишани АҚШ іздеу жариялаған содырлар қатарына іліккен. Оның қайда жүргені туралы ақпаратқа алты миллион доллар тігілген.

Грекиядан Македонияға жүздеген мигрант заңсыз өтті

Мигранттар Грекия мен Македония шекарасындағы өзенді кесіп өтіп жатыр. 14 наурыз 2016 жыл.

Македония Грекиямен шекараны заңсыз кесіп өткен жүздеген мигрантты ұстады. Мыңға тарта адам 14 наурыз күні Грекиядағы лық толған босқындар лагерін тастап шығып, шекаралас өзенге барған. Жүздеген адам шекарадағы тікенек сым темірлі қоршаудан өткенімен, оларды әскерилер тоқтатты.

Македония ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Грекиядан 700-ден астам мигрант заңсыз келген. Министрлік армия мен полиция оларды Грекияға қайтару шараларын жасап жатқанын айтады. France Press агенттігі мигранттардың жанында хабар таратып жүрген 20 шақты журналист полиция бөліміне апарылғанын хабарлады.

Грекиядағы Идомени елді мекеніндегі босқындарға арналған лагерде 14 мыңға тарта адам тұрады. Өткен аптада Македония енді Еуропаға өтетін мигранттарды елге кіргізбейтінін мәлімдеген. Осылайша Грекия мен Түркиядан Еуропаның ауқатты елдеріне барғысы келетін мигранттар үшін "Балқан маршруты" жабылған.

ЕО: Иранның зымыран сынауы келісімге қайшы емес

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могеринидің сөзінше, ЕО Иранның зымыран сынауы әлемдік державалармен жасасқан ядролық келісімін бұзады деп санамайды. Осыған байланысты Иранға жаңа санкция салу ықтималдығын жоққа шығарған Могерини "Егер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарары бұзылса, онда ол БҰҰ-ның тиісті институтында қаралуы тиіс" деді.

Могерини бұған қоса Тегеран "елдің ядролық әлеуетін арттыруды көздемейді" дейтін зымыран сынағы аймақта шиеленістің күшеюіне әкеліп соғуы мүмкін екенін ескертті.

БҰҰ қарары Тегеранмен жасалған ядролық келісімді қолдағанымен, Иранды ядролық оқтұмсық жеткізе алатын баллистикалық зымыран жасаудан бас тартуға шақырады.

Могерини бұған қоса таяу айларда ресми сапармен Иранға бармақ ниетте екенін хабарлады.

ЕО Ресейге қатысты "бес ұстанымын" мақұлдады

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини.

Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің сыртқы істер министрлері одақтың Ресейге қатысты саясаттың "бес негізгі ұстанымын" мақұлдады. Министрлер кездесуінен соң ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини бірінші ұстаным - Ресей Минскіде қол қойылған Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату туралы келісімді толық құрметтеп, іске асыруы тиіс екенін айтты. Бірінші ұстаным бойынша ЕО Ресейдің 2014 жылы наурызда Қырымды заңсыз аннексиялап алуын мойындамайды.

Қалған төрт ұстаным ЕО-ның Шығыс Еуропадағы серіктері және басқа да көршілес елдермен, әсіресе Орталық Азиямен ынтымақтастығын нығайтуға және ЕО-ның энергетикалық салада барынша тәуелді болуын қамтамасыз етуге қатысты.

Могеринидің хабарлауынша, министрлер сонымен қатар Ресеймен сыртқы саясат мәселелерінде, оның ішінде Сириядағы қақтығыс пен терроризммен күресте "өзара іс-қимылды екшеп барып жасау" қажет деп тапқан.

ЕО бесінші ұстаным ретінде Рсеейдегі азаматтық қоғамды барынша қолдау қажет дейді.

Сириядан Ресей әскерінің көбі шығарылмақ

Ресей президенті Владимир Путин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Ресей президенті Владимир Путин Сириядан әскерінің көбін шығаруға бұйрық берді. 14 наурызда қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуінде Путин әскерилер алдарына қойылған тапсырманы толық орындағанын мәлімдеді. Журналистермен әңгімесінде Путин әскерді шығару қақтығысты саяси жолмен шешуге дем береді деген сенім білдірді.

Ресей президенті бес айдан астам уақыт бұрын Сирияда әскери операция бастауға бұйрық берген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирия президенті, Мәскеудің одақтасы Башар Асад Путиннің әскерді шығару шешімімен келіскенін мәлімдеді.

Сот Ахметовтің жазасын 8 жыл етіп азайтты

Экс-премьер Серік Ахметов сот залында. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы 10 жылға сотталған экс-премьер Серік Ахметовтің апелляциялық шағымын қарап, оған 8 жыл жаза кесті. Сот оның жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеу және дүние-мүлкін тәркілеу жайлы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Апелляциялық сот Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, 5 жылға сотталған Бауыржан Әбдішевтің де жаза мерзімін 3 жыл деп қайта шығарды.

Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі, 3 жылға сотталған Мейрам Смақұловтың жазасы енді 2 жыл болды.

Қарағанды облыстық соты 11 желтоқсанда Серік Ахметовті "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыптап, 10 жылға соттаған. Сот Ахметовтің дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған.

Ахметов пен сотталушылардың көпшілігі тағылған айыпты мойындамайды

"Ахметов ісі" аталып кеткен коррупциялық қылмысқа қатысты іс бойынша Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы бірнеше шенеунігі - барлығы 21 адам сотталған. Олардың 12-сі сот үкіміне шағымданған.

ОСК: Сайлауалды дебат "Хабар" телеарнасында өтеді

"Нұр Отан" партиясының үгіт-насихат билбордының жанында кетіп бара жатқан адамдар. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бүгін мемлекеттік "Хабар" телеарнасында парламент мәжілісі сайлауына қатысатын алты саяси партияның дебатын өткізу туралы қаулы қабылдады. Қаулыда дебат 16 наурызға белгіленіп, оны өткізу тәртібі айқындалған.

Дебатқа қатысу үшін сайлауға қатысатын әр саяси партиядан бір-бір өкіл шақырылады. ОСК дебатқа қатысатындарды "жеке басқа тиісуден, партияның, оның мүшелерінің ар-ұжданын, ар-намысы мен іскерлік беделін әдейі қаралайтын пікірден, басқа партиялар өкілдерін кемсітуден сақтанып, жалпыға ортақ этиканы сақтауға" шақырады.

Бұған қоса "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық араздықты, қаталдық культі мен зорлық-зомбылықты насихаттап, заңнан тыс әскерилендірілген құрылымдар құруға" үгіттеуге тыйым салынған.

20 наурызда өтетін парламент мәжілісінің ерте сайлауына президенттің "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол", "Ауыл", "Бірлік", Қазақстан халықтық коммунистік партиясы мен өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) қатысады. Партиялық тізім бойынша мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты 18 наурызда аяқталады.

Байқоңырдан бір тәуліктегі екінші зымыран ұшты

ExoMars ғылыми станциясын тіркеген "Протон-М" зымыран тасығышының ғарышқа ұшырылуы. Байқоңыр, 14 наурыз 2016 жыл.

Байқоңырдан бүгін Марста тіршілік барын зерттейтін ExoMars станциясын тіркеген, "Бриз-М" үдеткіш блогы бар ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылды. Құрлықаралық ғылыми станция Марс атмосферасында метан бар-жоғын анықтап, осы арқылы онда тіршілік болды ма деген сұраққа жауап табуға тырысады.

Астана уақытымен сағат 15:31-де ұшқан зымыран тасығыштан үдеткіш блок жоспар бойынша Астана уақытымен сағат 2:13-те ажырайды.

Байқоңыр ғарыш айлағынан соңғы тәулікте осымен екінші зымыран ұшырылды. 14 наурызға қараған түні Байқоңырдан Жерді қашықтан зонд жасайтын "Ресурс-П" спутнигін тіркеген "Союз-2.1б" зымыран тасығышы ұшырылған.

Яшинді Қадыровқа қатысты сотқа тартуды сұрады

Ресейлік оппозиционер Рамзан Қадыров туралы баяндамасын таныстырып тұр.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың баспасөз хатшысы Альви Каримов Ресей бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінен ПАРНАС партиясы төрағасының орынбасары Илья Яшиннің үстінен Рамзан Қадыров туралы баяндамасына байланысты қылмыстық іс қозғауды сұрады. Бұл туралы Каримов "Интерфакс" агенттігіне хабарлаған. Оның сөзінше, ол өтінішті баспасөз хатшысы ретінде емес, Шешенстан тұрғыны ретінде берген.

Каримовтың сөзінше, Яшиннің баяндамасында Қадыровқа жала жабу, тіл тигізу және негізсіз айыптау, сонымен қатар ұлтаралық және дін аралық алауыздықты қоздыру белгілері бар. Ол Яшинді "Ресей азаматтарын Шешенстан Ресей қауіпсіздігіне қатер төндіреді және жиһад жариялауы мүмкін деп сендіруге тырысады" дейді. Қадыровтың баспасөз хатшысы Шешенстан басшысы мен федералдық күш құрылымдарының арасында ешқандай жаулық жоғына сенімді екенін және бұл туралы Яшиннің баяндамасында айтылғанның шындыққа сай емес екенін айтқан. Бұған қоса ол Қадыровтың "30 мың адамнан тұратын жеке армиясы" бар деген ұйғарымды да жоққа шығарды.

Каримовтың пікірінше, "баяндама Қадыровқа және бүкіл шешен халқына қарсы ашық арандатушылық, басқыншылық сипатта дайындалған".

23 ақпанда Илья Яшин Мәскеуде Рамзан Қадыров туралы "Ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер" деп аталатын баяндамасын жариялаған. Баяндамада Яшин "коррупция көркейіп, жалған ислам мемлекеті құрылған және Ресейдегі аймақ басшысына ғана бағынатын жалғыз армия бар Шешенстандағы" қазіргі билікке Путин жауапты екенін айтады.

Баяндама ресми түрде жарияланғанға дейін оны Қадыров Twitter-де жариялап жіберген. Қадыров парақшасында "Бір актерден тұратын бұл театрға деген көзқарасымды осы шығарманы тарату арқылы білдірем. Тағы қандай бос сөз болатынын білмейміз, бірақ онда жазылғандарда құр шатпақтан басқа ешнәрсе жоқ" деп жазған. Яшин жауабында Қадыровқа баяндаманы Шешенстанда таратқаны үшін алғыс білдірген.

Партиялар Этикалық кодекске қол қоймады

Сайлауалды үгіт-насихат жүргізу ережесі туралы Этикалық кодекске қол қоюға қатысушылар. Астана, 14 наурыз 2016 жыл.

"Азаматтық бастамаларды қолдау" қоғамдық қоры бастамасы бойынша бүгін мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың Этикалық кодексіне қол қою жоспарланған. Бірақ партиялардың бірде-бірі кодекске қол қойғысы келмеді.

Кодеске қол қоюға шақыртуға өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) атынан мәжіліс депутаттығына кандидат Асхат Рақымжанов қана жауап қатты. Бірақ ол ЖСДП "сайлауалды кампаниясын жүргізу мен одан ақпарат таратудың тәртібі туралы Этикалық кодекске қол қоюды орынды деп санамайтынын" айтты.

- Біз бұл құжаттың қажеті бар деп ойламаймыз. Себебі ол көбінесе қолданыстағы сайлау туралы заңды қайталайды. Оның үстіне үгіт-насихат науқанының аяқталуына төрт күн қалғандықтан, біз аталған құжатқа қол қоюдың қажеттілігін көріп тұрған жоқпыз, - деді Асхат Рақымжанов.

Қор өкілі Мейрам Қанапиянов өздері партиялардан Этикалық кодекске 12 ақпаннан бері қол қоюды сұрағанын, бірақ ешкім оған қолдау білдірмегенін айтты.

- "Ауыл" партиясы қол қоюға келіскен. Менде тіпті жазбаша түрде берген келісімі бар. Бірақ соңғы сәтте олар телефон қоңырауына жауап бермей қойды. Қазақстан халықтық коммунистік партиясы қол қоюдан ауызша түрде бас тартты. "Нұр Отан" партиясы сұрауымызға жазбаша жауап беруге уәде еткен, бірақ жауап бермеді. "Бірлік" үндемей қоя салды, - деді Мейрам Қанапиянов.

Оның сөзінше, қор дайындаған Этикалық кодекс сайлауалды саяси күрес жүргізудің ережелері қамтылған "өнегелік құжат" саналады. Онда сайлау кампаниясы қатысатын әр партия басқа партияның құқығы мен еркіндігін құрметтеуі тиіс екені айтылған.

Әзербайжан шекарасында бес адам оққа ұшты

Әзербайжан картасы (Көрнекі сурет).

Әзербайжанның шекара қызметі өкілдері ел аумағына Иран жағынан "кірмек болған қарулы бір топ адамды" атып тастағандарын хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, оқиға 13 наурыз күні елдің оңтүстігіндегі Иранмен шекаралас Ярдымли ауданына қарасты Дашкенд елді мекенінде болған. Шекарадағы дабыл белгісі он шақты адамның Әзербайжан территориясына еніп бара жатқанын хабарлаған.

Хабарламада "қарулы топтың" ескерту ретінде атылған оқты елемей, шекарашыларға қарсы оқ атқаны айтылады. Топтың екі мүшесі ұсталған. Ресми ақпаратқа қарағанда, оққа ұшқандар арасында Бангладеш пен Әзербайжан азаматтары бар.

Әзербайжан билігі бүгін Әзербайжан территориясына еніп кеткен үш адамды іздеп жатыр.

Байқоңырдан "Протон-М" ұшырылады

Байқоңырдан ұшырылған "Протон-М" зымыран тасығышы. 28 тамыз 2015 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағынан бүгін ExoMars құрлықаралық ғылыми станциясын тіркеген, "Бриз-М" үдеткіш блогы бар "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылады. Ресейлік "Роскосмос" агенттігі мен Еуропа ғарыш агенттігінің (ЕҒА) хабарлауынша, зымыран тасығышты ұшыру Астана уақыты бойынша сағат 16:31-ге жоспарланған. Байқоңырдан бір тәулікте осымен екінші зымыран ұшырылғалы тұр.

ExoMars - "Роскосмос" пен ЕҒА-ның бірлескен ғарыштық бағдарламасы саналады. Бағдарламаның басты мақсаты - Марста тіршілік болған ба деген сұраққа жауап табу.

ExoMars-2016 станциясы Марс орбитасына Trace Gas Orbiter орбиталық модулін және қонатын Schiaparelli модулін жеткізеді деп жоспарланған. Орбиталық модуль атмосфераның шағын газ қоспалары мен Марс топырағында мұздың таралуын зерттеп, мәліметтерді трансляция жасап тұрады.

14 наурызға қараған түні Байқоңырдан "Союз-2.1б" зымыран тасығышы Жерді қашықтан зонд жасайтын "Ресурс-П" спутнигін тіркеп ұшырылған. Зымыран әуелде 12 науры күні кешке ұшуы тиіс еді. Бірақ алғашқы белгіленген уақытта жүйе ұшуды автоматты түрде тоқтатып, ұшу бір тәулікке шегерілген.

Тағы

XS
SM
MD
LG