Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Путинге "қатысы бар" әйелдер жайлы дерек шықты

Ресей президенті Владимир Путин мен гимнаст Алина Кабаева. Мәскеу, 8 маусым 2001 жыл. (Көрнекі сурет)

Кремль Reuters агенттігі мақаласында айтылған мәліметті - бизнесмен Григорий Баевский Ресей президенті Владимир Путинге қатысы бар әйелдерге жылжымайтын мүлік берген деректі тексермейтінін айтты. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ол мақаланы "жарияланатыны белгілі болған ақпараттың бір бөлігі" деп атады.

Reuters жазбасында Путиннің кіші қызы Катерина Тихонова туралы, ресейлік БАҚ "Путинге қатысы бар" деп сипаттайтын гимнаст Алина Кабаеваға туыс екі әйел жайлы және 2012 жылы Путиннің туған күні құрметіне календарьға суретке түскен студент Алиса Харчева жөнінде айтылған.

Мақалаға қарағанда, бизнесмен Григорий Баевский үш әйелге қымбат жылжымайтын мүліктерді сатқан не берген: Баевский 2013 жылы Мәскеу маңындағы Успенскідегі үй мен жерді Алина Кабаеваның 81 жастағы әжесі Анна Зацепинаға берген; 2009 жылы Алина Кабаеваның сіңілісі Ляйсан Кабаеваға пәтер берген; одан кейін Мәскеудегі коттедж қалашығындағы пәтерді Алиса Харчеваның атына аударған.

Бизнесмен Баевский Путиннің қызына компаниясын аударып берген. Ресми мәліметке қарағанда, Баевский қосалқы иелік ететін компания соңғы екі жылда мемлекеттік құрылыс жұмыстары саласында 6 миллардтай рубль (88 миллион доллар) пайда тапқан.

Баевский мен Путиннің байланысын бұған дейін Organised Crime and Corruption Reporting Project (OCCRP) медиа тобына арнап тексеру жүргізген журналист Роман Анин анықтаған.

Transparency International агенттігінің ресейлік бөлімшесінің бас директоры Антон Поминов бұл дерек жайлы "әзірше жемқорлықтың дәлелденгені жайлы айту ерте" дейді.

Тағы үш қазақ боксшысы олимпиадаға өтті

Қазақстандық боксшы Иван Дычко (қызыл формалы спортшы)

Рио-де-Жанейро (Бразилия) олимпиадасына Азия боксшыларын іріктеу үшін Қытайдың Цяньян қаласында өтіп жатқан жарыста тағы үш қазақстандық боксшы жолдама алды.

81 килограмм салмақта Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда Азиз Ачиловты (Түркіменстан) жеңіп, олимпиадаға лицензия алды.

+91 килограмм салмақта Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко Хусейн Яшаишты (Иордания) жеңіп, олимпиадаға бару құқығына ие болды.

Әйелдер арасында 75 килограмм салмақта Дариға Шәкімова жартылай финалда Ун Жангты (Солтүстік Корея) жеңіп, финалға шықты және Рио жолдамасын иеленді.

52 килограмда Олжас Сәттібаев жартылай финалда қытайлық Жиангван Худан жеңілді. Енді ол қырғызстандық Азат Үсеналиевпен қосымша бір жолдамаға таласады.

Осыған дейін Абылайхан Жүсіпов пен Жәнібек Әлімханұлы Рио-де Жанейро олимпиадасының лицензиясын иеленген.

Жарыс ережесі бойынша, алғашқы үштікке енген боксшы Рио олимпиадасына лицензия алады.

Алматыдағы операцияда бір адам ұсталды

Арнайы операциялардың бірі кезінде жүрген полицей. (Көрнекі сурет).

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшелері аумағында арнайы операция өтіп, бір адам ұсталды деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің кезекші бөлімі.

Департамент "тергеу құпиялылығына байланысты ұсталған адамның есімі жарияланбайтынын және басқа ақпарат бермейтіндерін" айтты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, арнайы операция кезінде Әл-Фараби даңғылы бойында жүздеген көлік бөгеліп тұрып қалған. Операция өткен маңда жедел жәрдем көлігі мен беренді әскери техникалар жүрген.

Гаага соты серб ұлтшылы Шешельді ақтады

Серб радикалдық партиясының жетекшісі Воислав Шешель.

Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал серб ұлтшылы Воислав Шешельді әскери және адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айып бойынша ақтады.

Судья Жан-Клод Антонетти сот оған тағылған тоғыз айып бойынша кінәлі екенін дәлелдей алмағанын және ол сот шешімімен бостандықтағы адам саналатынын мәлімдеді. 61 жастағы Шешельге адамзатқа қылмыс бойынша үш айып, әскери қылмыс жасау бойынша алты айып тағылған еді.

Шешельдің өзі үкімді жариялау кезінде сотқа қатысқан жоқ.

Воислав Шешельге 1990 жылдары Балқан соғысы кезінде әскери қылмыстар жасады деген айып тағылған. 2003 жылы ақпанда ол Гаага трибуналына өз еркімен берілген. Айыптаушы тарап оны 28 жылға соттауды сұрап, бірақ сот процесі созылып кеткен. 2014 жылы ол денсаулығына байланысты түрмеден "адамгершілік тұрғыда" босатылған.

Шешель ауруына қарамастан саясатқа араласып, Серб радикалдық партиясын басқарып отыр.

1990 жылы Югославияның жеті мемлекетке ыдырауынан кейін басталған соғыстан 130 мыңға тарта адам қаза тапқан.

Порошенко: Донбаста 10 мың адам қаза тапты

Украина президенті Петр Порошенко. Вашингтон, 30 наурыз 2016 жыл.

Украина шығысындағы қарулы қақтығыстан қаза тапқандар саны 10 мың адамға жетті деп мәлімдеді Украина президенті Петр Порошенко. Вашингтонда сөйлеген Порошенко қаза тапқандардың 2 мың 700-ден астамы әскерилер екенін және Донбаста құрбан болғандар саны АҚШ-тың Ауғанстанда 15 жылда көрген әскерилері шығынынан асып түсетінін айтты. Порошенконың сөзінше, 2014 жылы көктемде басталған қақтығыстан екі миллионға тарта адам үй-жайынан айырылған, Украина территориясының 7 пайызы Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауында тұр.

Украина президенті бұған қоса Ресейді Минск келісімін орындамай, сепаратистерге қару-жарақ жеткізіп отыр және қақтығысқа ресейлік әскерилер де килікті деп тағы айыптады.

Порошенко Ресейге қарсы санкцияларды күшінде қалдырып, күшейтуге шақырды. Украинада бейбітшілік орнауы үшін халықаралық қауымдастықтың қолдауы қажет және Батыс елдері Украина мәселесінде шегіне алмайды деді Порошенко. "Донбаста бейбітшілік нық орнықпайынша санкциялар алынбауы тиіс. Украинаның Қырымдағы егемендігі қалпына келмей санкциялар жойылмауы керек" деді Украина президенті.

Сирияға ресейлік саперлер барды

Пальмирадағы соғыстан жартылай қираған тарихи қақпалар. Сирия, 27 наурыз 2016 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігі Сирияға тарихи Пальмира қаласын минадан тазарту үшін әскери мамандарын жібергенін хабарлады.

Сирия әскері таяуда Ресей авиациясының қолдауымен 10 ай бойы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының бақылауында болған Пальмира қаласын қайтарып алған. Ресей Пальмира азат етілген соң тарихи қаланы минадан тазартуға көмектесуге уәде еткен.

Ресей қорғаныс министрлігі минаны залалсыздандыратын алғашқы топ бүгін Сириядағы Ресей әскери базасына барғанын айтады.

Пальмираны минадан тазарту жұмыстары қашан басталатыны әзірге белгісіз. Тазалау жұмыстары бірнеше айға созылуы мүмкін.

Қазақстандық екі боксшы олимпиада жолдамасын алды

Жәнібек Әлімханұлы, қазақстандық боксшы.

Рио-де-Жанейро (Бразилия) олимпиадасына Азия боксшыларын іріктеу үшін Қытайдың Цяньян қаласында өтіп жатқан жарыста 64 килограмм салмақта Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда қытайлық Цянксун Худы 3:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Жарыс ережесі бойынша үштікке енген боксшы Рио олимпиадасына лицензия алады.

75 килограмм салмақта 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да 1/2 финалда Шинебаяр Нармандах​ды (Моңғолия) жеңді. Төреші екінші раундтан кейін кездесуді тоқтатып, Әлімханұлына техникалық жеңіс жазды.

Осылайша, Әлімханұлы мен Жүсіпов олимпиада жолдамасын иеленді. Ал 56 килограмда Қайрат Ералиев үндістандық Шива Тападан жеңілді. Енді ол филиппиндік Марио Фернандеспен қосымша бір жолдамаға таласу үшін кездесу өткізеді.

Вашингтонда ядролық қауіпсіздік саммиті басталады

Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит. 25 наурыз 2014 жыл.

Вашингтонда бүгін ядролық қауіпсіздікке арналған екі күндік саммит ашылады. Саммиттің күн тәртібінде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасынан төнетін қауіп пен "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының ядролық қаруға ие болу мүмкіндігі мәселелері талқыланады деп жоспарланған.

Саммитке 50-ге тарта елдің президенттері мен үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыспақ. Украинадағы жағдай және басқа да халықаралық кейбір мәселелер бойынша Батыс елдерімен қаным-қатынасы нашарлаған Ресей бұл жолғы саммитке қатыспайды.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісінің орынбасары Бен Родес саммитте ядролық материалдардың террористердің қолына түсіп кетуін болдырмау және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы күресті күшейту жолдарын талқылауға көбірек мүмкіндік туады дейді.

Родестің сөзінше, алғашқы саммит өткен 2010 жылдан бері ядролық материалдарды қауіпсіз етуге қатысты біраз жүмыстар жасалып, оның ішінде Украина мен Чилиді қосқанда 14 елде ядролық материалдарды азайту немесе жою жұмыстары аяқталған.

Екі жылда бір ұйымдастырылатын саммит биыл төртінші рет өтпек.

АҚШ қаржы министрі: Санкция долларға әсер етуі мүмкін

АҚШ қаржы министрі Джек Лью.

АҚШ қаржы министрі Джек Лью экономикалық санкцияларды шектен тыс сала беру АҚШ экономикасына зиянын тигізіп, өзге елдердің долларға әлемдік резервтік валюта ретінде қараудан бас тартуына әкеліп соқтыруы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Халықаралық бейбітшілікті қолдау Карнеги қорында айтты.

АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігі Иранға, Ресей мен Солтүстік Кореяға және терроризм мен есірткі контрабандасымен байланысы бар бірнеше ұйымға санкция салған.

Джек Лью санкциялар "қалай болса солай" салынбауы тиіс және ол "стратегиялық әрі екшелген" тұрғыдан қолданылуы тиіс деді. "Біз санкцияны шектен тыс қолдана беру әлемдік экономикадағы жетекшілік рөлімізге және осы санкциялардың өзінің тиімділігіне нұқсан келтіруі мүмкін" деді Лью. Оның пікірінше, "санкцияны шектен тыс көп сала беру" компанияларды АҚШ пен оның қаржы жүйесінен қашқақтауға мәжбүрлеп, ол доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне кері ықпал етуі мүмкін.

Бурылдағы бала өліміне қатысты іс сотқа жетті

Кішкентай баланың өлімінен кейін халық толқуы болды деген Бурыл ауылындағы көріністер. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы. 17 ақпан, 2016 жыл

Жамбыл облысының Бурыл ауылында кішкентай баланы өлтіруге қатысты қылмыстық іс сотқа жетті деп хабарлады облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

"Қылмыстық іс сотқа түсіп, судья Азамат Тілеповке берілді. Іс бойынша 1998 жылы туған Дурсун Каваз-оглы "кісі өлтірді" деп айыпталып отыр. Істің қашан қаралатыны әлі белгісіз. Ол қамауда отыр" деген облыстық соттан.

15 ақпанда Байзақ ауданының Бурыл ауылында жер үйде кішкентай баланың азаптап өлтірілген мәйіті табылған. Келесі екі күнде ауылда толқу болып, полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Ауылға арнайы жасақ сарбаздары әкелініп, көшеде кезекшілік жасаған.

Кісі өліміне қатысты күдікті келесі күні ұсталған. Полицияның мәліметінше, күдікті қылмысын мойындаған және қылмыс тұрмыстық сипатта болған. Полиция күдікті қылмысты қаза тапқан баланың үйіне ұрлыққа түскеннен кейін жасаған дейді.

Штайнмайер Өзбекстанды адам құқығын сақтауға шақырды

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен (оң жақта) кездесуде. Ташкент, 30 наурыз 2016 жыл.

Германия сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы Франк-Вальтер Штайнмайер Ташкентті Өзбекстандағы адам құқығын сақтауға шақырды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов 30 наурызда Ташкентте Штайнмайермен кездесті. Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, бірлескен білім беру жобаларын дамыту және аймақтық, халықаралық деңгейдегі кейбір мәселелер талқыланған.

Сапары барысында Штайнмайер Өзбекстан үкіметін "елдегі адам құқығы жағдайын жақсарту жолына түсуге" шақырған.

dpa агенттігінің хабарлауынша, дипломатиялық дереккөздері Штайнмайер кездесуінде Ташкентті бірқатар бюрократиялық кедергілерді жоюға шақырып, Берлиннің Өзбекстандағы ішкі саяси жағдай туралы "ашық диалог" орнатуға мүдделі екенін айтқан.

Штайнмайер 30 наурызда Ташкентте Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен де кездескен. Штайнмайер Өзбекстанға Орталық Азияға сапары аясында барған. Өзбекстаннан соң ол Қырғызстан мен Тәжікстанға барады.

Хэммонд: Ресей барлық елге қауіп төндіріп отыр

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хэммонд.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хээмонд Ресейдің әлемдік аренадағы әрекеті "қауіп-қатер төндіру" болып саналатынын мәлімдеді. Ресей жалпыға ортақ нормаларды елемей, халықаралық қатынастар жүйесінде қалыптасқан ережені бұзып отыр деді Хэммонд Грузиядағы баспасөз конференциясында.

Хэммонд Ұлыбритания Грузияның территориялық тұтастығын қалпына келтіруді қолдай беретінін мәлімдеп, мойындалмаған Абхазия және Оңтүстік Осетия республикаларының мәртебесі бұрынғыдай шешілмеген күйі қала беретінін айтты.

Филип Хэммонд Лондонның "Грузия сияқты елдер өз болашағын сырттан килігусіз өзі анықтау мүмкіндігіне ие болуы тиіс" деген ұстанымын тағы қайталады.

Ресей 2008 жылы Грузиямен әскери қақтығыста осы елден бөлініп шыққан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойныдаған. Тбилиси бұл аймақтарды өзінің басып алынған территориясы санайды.

Парижде шабуыл жоспарлау ісіне қатысты айып тағылды

Парижде шабуыл жасалған Батаклан концерт залы алдындағы теракт құрбандарын еске алу. Желтоқсан 2015 жыл.

Парижде теракт жасауды жоспарлау ісі бойынша басты күдіктіге айып тағылды. Париждің бас прокуроры Франсуа Моленнің хабарлауынша, Франция азаматы Ред Крикет кем дегенде бір шабуыл жасауды жоспарлаған террорлық ұйымға кірді, жарылғыш заттар мен қару-жарақ сақтап, тасымалдады және жалған құжат пайдаланды деп айыпталып отыр.

34 жастағы Ред Крикет өткен аптада Парижде ұсталған. Оның пәтерін тінту кезінде мерген мылтығы, тапаншалар мен қолдан жасалған бомбалар табылған.

Билік 2014 жылы және 2015 жылдары Крикет Сирияда болған және Франциядан бірнеше рет Бельгияға барған. 2015 жылы шілдеде Бельгияда ол сырттай терроризмге қатысты айыпталған. Крикет 2015 жылы қарашада Париждегі терактілерді жасаған топ басшысымен байланысы бар болуы мүмкін деуге негіз бар. Тергеушілер қылмыскерлер жаңа шабуылдар жасау жоспарын аяқтаған дейді. Бельгия мен Нидерландыда тағы кем дегенде үш күдікті қамауда отыр.

Ал Брюссельде тергеу мәліметтеріне жақын билік өкілі Associated Press агенттігіне күдікті жасырынған мекенжайға жақын маңнан ноутбук табылғанын жәнеионда Бельгия премьер-министрінің резиденциясы мен кеңсесінің суреттері сақталғанын айтқан. Дереккөзінің мәліметінше, фото суреттер интернеттен алынған. Ол қазір Бельгия премьер-министрі Шарль Мишельге төнген қауіптің шынайы екеніне нақты дәлел жоқ деген.

Назарбаев Вашингтонда ядролық саммитке қатысады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Брюссель, 30 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевт сапармен АҚШ-қа барды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев Вашингтонда ядролық қауіпсіздікке қатысты екі күндік саммитке қатысады. Назарбаев бұған қоса АҚШ-та екі жақты бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланған.

Вашингтондағы саммит 31 наурыз 1 сәуір күндері өтеді.

Мәскеу соты Сахаров орталығына айыппұл салу шешімін жойды

Мәскеудегі Сахаров орталығы кеңсесі.

Мәскеу соты Сахаров орталығына "шетел агенті" туралы заңды сақтамағаны үшін айыппұл салу туралы төменгі инстанция сотының үкімін жойды. Сахаров орталығының адвокаты Максим Крупскийдің айтуынша, іс Мәскеудің Таганский аудандық сотының қарауына жіберілген.

2014 жылы желтоқсанда Сахаров орталығы "шетел агенті" ретінде қайта тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін 300 мың рубль айыппұл салынған. Кейін әділет министрлігі ұйымды "шетел агенті" деп танылған ұйымдар тізіміне қосқан.

2012 жылы қабылданған заңға сай шетелден қаржыландырылатын және саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар "шетел агенті" ретінде қайта тіркеуден өтуі тиіс. Сахаров орталығы тек білім беру бағытында жұмыс істейтінін және қызметінің саясатқа қатысы жоғын айтады.

Бакуде әзербайжандық жазушы ұсталды

Әзербайжан жазушысы Акрам Айлисли.

Әзербайжандық белгілі жазушы Акрам Айлислиді Баку әуежайында полиция ұстап, Италияда өтетін әдеби фестивальге жібермей қалды.

Әзербайжан ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, 78 жастағы Айлисли "әуежайдағы оқиғаға байланысты" ұсталған. Бірақ министрлік нақты қандай оқиға екенін айтпады. Айлислидің ұлы Наджафтың айтуынша, жазушыға елден шығуға тыйым салынған.

Жазушы Баку мен Таулы Қарабахта 1990 жылдардың басында әзербайжандар мен армяндар арасындағы қақтығыстарға арналған "Тасқа айналған армандар" (2012 жылы) романы шыққаннан кейін саяси қысымға ұшыраған. Шығармасы жарияланған соң жазушы "Әзербайжанның халық жазушысы" атағы мен президенттік зейнетақысынан айырылды. Ол сонымен қатар Әзербайжан жазушылар одағы қатарынан да шығарылды. 2013 жылы үкіметшіл партия Айлислидің құлағын кескен адамға 12 мың 700 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған.

АҚШ Шығыс Еуропадағы әскерін көбейтеді

Америкалық әскерилер әскери жаттығу кезінде зымыраннан қорғаныс кешенін орнатып жатыр. Польша, 21 наурыз 2015 жыл.

АҚШ әскери басшылығы "Ресей басқыншылығына байланысты" келесі жылдан бастап Шығыс Еуропадағы әскерін алмастыруды жиілететінін хабарлады.

АҚШ әскери-әуе күштерінің генералы Филип Бридлавтың мәлімдеуінше, қосымша бригада 2017 жылы ақпанда жөнелтіледі. Осылайша, Шығыс Еуропадағы бригада саны үшке жетеді. Әр бригададағы әскер саны 4 мың 200 адамнан 4 мың 700 адамға дейін жетуі мүмкін.

2016 жылдың басында АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер Еуропадағы операцияларға жұмсалатын шығын төрт есе көбейтіліп, 3,4 миллиард долларға жететінін хабарлаған. Жоспар бойынша Шығыс Еуропада тұрақты ауыр әскери техника мен артиллерия орналастыру қарастырылған. АҚШ-тың НАТО бойынша Шығыс Еуропадағы одақтастары Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына жауап ретінде аймақта альянс әскерін көбейтуге аса мүдделі. Қазір Еуропада 62 мыңға жуық америкалық әскер бар.

ЕО Қазақстанды адам құқығын сақтауға шақырды

Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз конференциясы. Брюссель, 30 наурыз 2016 жыл.

Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде оны Қазақстандағы адам құқығын сақтауға шақырды. Назарбаев Юнкермен Бельгияға сапары барысында Брюссельде кездесті.

- Мен Қазақстандағы адам құқығын сақтау мәселесін көтердім. Қазақстанда адам құқығына қатысты қабылданған ережелердің қатаң түрде қолданылу мәселесін қозғадым. Мен бұл мәселеде өзге шетелдіктен гөрі сенімді емеспін, бірақ президент Назарбаевты 30 жылдан бері танимын. Оның бұл мәселелерде, әсіресе әңгіме Қазақстан билігі мен шетелдік үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынасқа келгенде зерек екенін білемін, сеземін, - деді Жан-Клод Юнкер Брюссельде өткен бірлескен баспасөз конференциясында.

Қазақстан осы айда Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдаған. Келісімде бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату қарастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев Бельгияға 29 наурызда барған. Брюссельде ол 22 наурызда қалада болған терактілер құрбандарын еске алу шарасына қатысып, Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тускпен кездескен.

Назарбаев 31 наурызда Вашингтонда басталатын ядролық қауіпсіздікке арналған екі күндік саммитке қатысады.

Рақым Ошақбаев үкіметтегі қызметтен босады

Инвестиция және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев қызметінен босатылды.

Министрліктің кадр жұмыстары жөніндегі департаментінің директоры Марат Иғалидың Facebook-те хабарлауынша, вице-министр 19 наурызда Қазақстан үкіметінің қаулысымен қызметінен босатылған. Ошақбаев инвестиция және даму вице-министрі қызметіне 2015 жылы тамызда тағайындалған еді.

Рақым Ошақбаев бұған дейін "Атамекен" одағы" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, осы палатаның басқарма мүшесі, "Самұрық-қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры болған.

Марат Иғалидің жазуынша, Рақым Ошақбаев қазір шетелде оқып жатыр.

Назарбаева: Смартфон-тыйымның БАҚ-қа қатысы жоқ

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева бүгін Астанада өткен брифингте мемлекеттік мекемелерде смартфон ұстауға салынған тыйым журналистерге қатысты емес деп мәлімдеді.

"Аталған бұйрық тек мемлекеттік аппараттағыларға, мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Сондықтан қазір әкімшіліктегілердің журналистерге мекемеге гаджет ұстап кіруіне тыйым салуы - өкілеттігін асыра пайдалану және ол ешқандай бұйрыққа сай келмейді" деді Назарбаева.

Ол бұл тыйым күші барлық мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде басшыларға да жүретінін айтты.

Кеше Астана қалалық сотының қызметкерлері Азаттық тілшісі мен Ratel.kz сайтының журналисіне сот ғимаратына кірерде смартфондарын қалдырып кетуді міндеттеген. Олар өз әрекетін президент әкімшілігі жетекшісі мен премьер-миинстрдің бұйрығымен түсіндірген. Бірақ олар ақпарат құралдары өкілдеріне смартфондарын тастап кетуді міндеттейтін қандай да бір құжатты атаудан я көрсетуден бас тартқан. Астана қалалық соты кеңсесі ішкі қауіпсіздік бөлімінің маманы Дулат Өтембаевтың айтуынша, ондай құжат "құпия" саналады.

Қазақстан үкіметі 24 наурыздан бастап мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің смартфон мен планшет ұстауына тыйым салған. Ресми мәлімет бойынша, бұл шара "ақпараттың сыртқа шығуымен күресу үшін енгізілген". Мемлекеттік мекемелерде интернет байланысы ұстайтын, фото және видео камералары бар құрылғылар қолдануға тыйым салынады. Бірақ мекемеде қоңырау шалып, хат-хабар алмасатын функциясы бар ұялы телефонды пайдалануға рұқсат етіледі.

Назарбаев Брюссельде Дональд Тускпен кездесті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Тускпен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Қазақстан мен Еуропа Одағының (ЕО) саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланған.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы көлемінің жартысынан көбі ЕО үлесіне тиетінін айтқан Назарбаев одақ Қазақстан сыртқы саясатындағы маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізген.

Дональд Туск Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы тек нығая беретінінен үмітті екенін білдірген. Кездесуде бұған қоса Украина мен Ауғанстандағы ахуал және терроризммен күрес мәселелері де талқыланған.

Назарбаев Бельгияға ресми сапармен 29 наурыз күні барған. Сапар барысында Назарбаев Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкермен де кездеспек.

Штайнмайердің Орталық Азияға сапары басталды

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер.

Германия сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы Франк-Вальтер Штайнмайер Орталық Азия елдеріне сапары аясында Өзбекстанға барды.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Штайнмайер бүгін Ташкентте Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен кездескен. Министрлер өзбек-герман екі жақты қарым-қатынасын, аймақтық және халықаралық мәселелерді, ЕҚЫҰ-ның аймақтағы әлеуметтік және саяси дамуға араласу мәселесін талқылаған.

Үш күндік сапары барысында Штайнмайер көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанға да бармақ.

Штайнмайер сапары қарсаңында Орталық Азияны "ғаламдық тұрақтылыққа төндіретін елеулі қаупі бар стратегиялық маңызды аймақ" деп атаған.

29 наурызда Германия сыртқы істер министрлігі Штайнмайердің Орталық Азияға сапарында терроризммен күрес, аймақтық ынтымақтастық пен экономикалық байланыс мәселелері күн тәртібінде болатынын хабарлаған.

Bild: Донбасты Мәскеудегі құпия үкімет басқарады

Bild басылымы.

Украина шығысында өзін өзі жариялап алған Донецк және Луганск республикаларын Мәскеуде отырған "көлеңкедегі үкімет" басқарады деп санайды неміс журналистері. Германияның Bild басылымының сайтында бүгін бұл туралы журналистер жүргізген зерттеу нәтижелері жарияланды.

Донецк мен Луганск облыстарының оңтүстік-шығыс аудандарының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2015 жылдың 23 қазаны деп белгіленген мемлекеттік думадағы отырыс хаттамасы бойынша, сепаратистер территориясын басқару Ресейдің бес министрлігінің алты жұмысшы тобына бөлініп берілген. Донбастың құпия үкіметі салық жинау мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге қаржы бөлуден бастап энергия шикізатын саудалауға дейінгі барлық саланы бақылайды деп жазады басылым. Bild бұл аймақтар осылайша Ресейдің егеменді территориясы саналады деп ұйғарады.

Құпия үкімет құрамына кіретіндер арасында вице-премьер Дмитрий Козак, экономикалық даму мен қаржы министрлерінің орынбасарлары - Сергей Назаров пен Леонид Горнин аталады. Басылымның ұйғарымынша, құпия үкімет кабинетін Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі бақылайды.

Германиялық журналистердің пікірінше, егер барлық келтірілген құжаттар шындыққа сай болса, онда Минск келісімін әлдеқашан күйреп қалған деуге, ал Донецк мен Луганск "халық республикаларының" саяси билігін "Кремльдің қуыршағы" деуге болады.

Зерттеуде шынайы билік Мәскеуде болғандықтан Донбастағы кез-келген сайлаудың ешқандай мәні болмайтыны айтылған.

Египет ұшағын басып алған күдікті қамалды

Египет ұшағын басып алған египеттің Сеиф Эддин Мустафаны полиция сотқа апара жатыр. Кипр, 30 наурыз 2016 жыл.

EgyptAir компаниясының ұшағын күшпен басып алып, Кипрге қондырған египеттік азамат сот шешімімен сегіз күнге қамалды. 59 жастағы египеттік Сеиф Эддин Мустафаға қатысты шешімді бүгін Кипрдің Ларнака қалалық соты шығарды. Оған ұшақты басып алды, заңсыз жарылғыш зат ұстады және зорлық-зомбылық жасауға оқталды деген айыптар тағылуы мүмкін.

29 наурызда Египеттің Александрия қаласынан Каирге ұшып шыққан, 72 жолаушысы бар Airbus 320 ұшағын қарулы адам басып алып, Кипрге қондырған. Қонғаннан соң онымен келіссөз жүргізіліп, барлық жолаушы мен экипаж мүшелері босатылған.

Ал оның ұшақты жарып жіберем деп доқ көрсеткен жарылғыш белбеуі жалған болып шыққан.

Полиция прокуроры Андреас Ламбриану күдікті полицияға "Егер ер адам әйелі мен балаларын 24 жыл бойы көрмесе әрі Египет үкімет оған көрісуге мүмкіндік бермесе не істеген болар еді?" деген.

Дағыстанда жарылыстардан полицей қаза тапты

Дағыстан картасы (Көрнекі сурет).

Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы Дағыстан республикасында полицияның екі көлігінің жарылысынан бір полицей қаза тауып, екеуі жараланды.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, оқиға 29 наурыз күні кешке жақын болған.

Ресейлік ақпарат агенттіктері жарылыс Дағыстан астанасы Махачкалаға жақын Новый Хушет қаласының маңында болғанын айтады. Полиция қазір жарылысты тексеріп жатыр.

Reuters агенттігінің Дағыстан полициясының ресми өкілі Фатина Убайдатоваға сілтеме жасап хабарлауынша, көлікте қандай бомбаның жарылғаны әзірге анықталмаған.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымын қолдайтын Amaq ақпарат агенттігі 30 наурызда шабуылды ұйымның жергілікті бөлімшесі жасағаны туралы мәлімдеме таратты. Ұйым бұған дейін де Солтүстік Кавказда қауіпсіздік күштері қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды мойнына алған.

Дағыстанда Солтүстік Кавказда "ислам халифатын" орнатқысы келетін исламшыл бүлікшілер полицияға, жергілікті билік өкілдері мен исламның дәстүрлі саналатын бағытын ұстанатын дін өкілдеріне жиі шабуыл жасайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG