Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана Стамбулдағы шабуылды айыптады

Қарулы шабуыл жасалған Reina клубы маңында тұрған түркиялық полиция қызметкерлері. Стамбул, 1 қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бүгін Түркияның Стамбул қаласында көп адамның өмірін қиған шабуылды айыптап мәлімдеме таратты.

«2017 жылдың 1 қаңтарында Стамбул қаласында ондаған адамның қазасына себеп болған террористтік актіні қатаң түрде айыптаймыз. Осы қатыгез қылмыс арқылы терроризмнің кезекті әрекетінің куәсі болып отырмыз, оның ұйымдастырушылары мен демеушілері міндетті түрде анықталып, тиісті жазаға тартылатындарына сенімдіміз» делінген мәлімдемеде.

СІМ Стамбулдағы шабуыл салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғысына ортақтасып көңіл айтқан. жарақат алғандарға тезірек жазылуға тілектес екенін білдірген.

Министрліктің арнайы өкілі Әнуар Жайнақов қазақстандық дипломаттар Стамбулдағы шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатқанын, әзірше ондай ақпарат түспегенін айтты деп хабарлады Tengrinews сайты.

Қаңтардың 1-і күні түнде Стамбулдағы Reina клубына жасалған қарулы шабуылдан кемінде 39 адам қаза тауып, 40-қа жуық адам жараланған. Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мерт болғандар арасында 16 шетел азаматы бар деп мәлімдеген.

Ким Чен Ын: құрлықаралық зымыран құруға жақын тұрмыз

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (оң жақта) әскери ұшқыштармен бірге тұр. Солтүстік Корея мемлекеттік ақпарат агенттігі 2016 жылғы желтоқсанның 21-і таратқан сурет.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елі құрлықаралық баллистикалық зымыран құрудың "соңғы кезеңінде" тұрғаны туралы мәлімдеген. Халыққа жаңа жылдық үндеуінде ол 2016 жылы Солтүстік Корея "ядролық держава биігіне көтерілді" және көп ұзамай құрлықаралық баллистикалық зымыранға ие болады деп мәлімдеген.

Батыс агенттіктері Пхеньянға ядролық оқтұмсық алып ұшатын құрлықаралық баллистикалық зымыран құру үшін "бірнеше жыл жұмыс істеу" керек болады деген ғалымдардың тұжырымын келтірген.

Оңтүстік Корея президенті міндетін атқарып отырған үкімет жетекшісі жаңа жылдық құттықтауында елге Солтүстік Кореямен арадағы тайталастың ушығу қаупі болғандықтан Сеул қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемін анағұрлым арттыратын болады деп уәде берген.

2016 жылы Солтүстік Корея екі рет ядролық қару сынағын өткізіп, бірнеше мәрте баллистикалық зымыран ұшырған.

Чехияда жалған ақпаратпен күрес бөлімі жұмысқа кіріседі

Прагадағы Карл көпірі. (Көрнекі сурет.)

Чехияда бүгін, қаңтардың 1-інен бастап шетелдік мемлекеттер тарабынан, соның ішінде Ресейден тарайтын жалған жаңалық-мәліметтермен күресетін арнайы бөлім жұмысқа кіріседі.

Чехия ішкі істер министрлігі 2016 жылы қазанда терроризм және аралас қауіпке қарсы күрес жөніндегі жаңа орталықтың құрылғаны туралы хабарлаған. Бұл орталыққа экстремистер тарабынан төнетін қатерден бастап ел тұрғындарына жалған хабар-ошар тарату кампаниясына дейін - елдің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез-келген іс-әрекетті қадағалау міндеті жүктелген.

Бұған дейін хабарланғандай, Чехия ІІМ құрамындағы жаңа бөлімшеде 20 қызметкер жұмыс істейді.

Түркияда түнгі клубқа шабуылдан 39 адам қаза болған

Reina түнгі клубына қарулы шабуыл кезінде зардап шеккен адамды жедел жәрдем қызметкерлері әкетіп барады. Стамбул, Түркия, 1 қаңтар 2017 жыл.

Түркияның Стамбул қаласында өткен түні Reina клубына жасалған қарулы шабуылдан кемінде 39 адам қаза тауып, 40-қа жуығы жараланған. Бұл туралы Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мәлімдеген.

Министрдің сөзінше, мерт болғандар арасында 16 шетел азаматы бар. Стамбул мэрі бұл оқиғаны теракт деп атаған.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Санта Клаус болып киінген қарулы адам шабуыл жасаған кезде Reina клубында жүздеген адам болған.

Стамбулдағы көп адамның қазасына себеп болған қайғылы оқиғаға байланысты АҚШ президенті Барак Обама, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини және НАТО ұйымының бас хатшысы Йенс Столтенберг Түркияға көңіл айтқан.

Рим папасы жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресуге шақырды

Рим папасы Франциск.

Рим папасы Франциск әлем елдері жетекшілерін жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға барынша күш салуға шақырды.

Желтоқсанның 31-і күні Ватикандағы қасиетті Петр соборында өткерген діни шарада сөйлеген сөзінде понтифик жұмыссыз жастың бәрінен күдер үзіп, болашаққа деген сенімін жоғалтатыны, миграциялық проблемалар тауқыметін тартатыны туралы мәлімдеген.

Папа Франциск жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, олардың бойында болашаққа деген үміт отын жағу және жас азаматты әлеуметтік өмірден шеткері қалдырмаудың аса маңызды екенін айтқан.

"ИМ" тобы Бағдаттағы жарылыстарға жауапкершілікті өзіне алды

Әл-Синак базарында жарылыс болған жерде тұрған адамдар. Бағдат, Ирак, 31 желтоқсан 2016 жыл.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Ирак астанасында сенбі жасалған жарылыстарға жауапкершілікті өзіне алды. Исламшылдардың мәлімдеуінше, олардың нысанасы - мұсылман шииттері болған.

Желтоқсанның 31-і күні Бағдаттағы үш жарылыстан 29 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Жұрт көп жиналған әл-Синак базарында жанкешті екі жарылыс жасаған, тағы бір жарылыс Бағдаттың шығыс бөлігінде болған.

Ирак үкімет әскері күрдтердің қарулы жасағы және АҚШ жетекшілік ететін коалиция әуе күштерінің қолдауымен қазанның 17-сінен бері елдің солтүстігіндегі Мосул қаласын жихадшылардан азат ету операциясын жүргізіп жатыр. 2014 жылы Ирактың солтүстігі мен батысында біршама аумақты басып алып, бақылауында ұстаған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының қолында қазір тек Мосул қаласы қалып отыр.

БҰҰ ҚК Ресейдің Сирия туралы қарарын қабылдады

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ресей ұсынған Сириядағы бітім және бейбіт келіссөздерді бастау туралы келісімді қолдайтын қарар жобасын бірауыздан мақұлдады. Құжатты әзірлеуге Түркия да қатысқан.

Қазақстан Сирия бойынша келіссөздерді Астанада өткізуге әзір екенін мәлімдеген.

Дамаск пен сириялық оппозиция Сирия жанжалына қатысушы қарсылас тараптарды қолдайтын Ресей және Түркияның арағайындығымен желтоқсанның 29-ы күні бітім жөнінде келіссөздер бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Бұған дейін сенбі күні Сирия оппозициясы үкімет әскері желтоқсанның 30-ынан бастап бітімнің күшіне енгеніне қарамай көтерілісшілер позициясына шабуылды жалғастырып отырғанын айтып, егер шабуыл доғарылмайтын болса, онда бітімнен шығатыны туралы мәлімеген.

Қытай піл сүйегі саудасына толық тыйым салмақ

Ересек пілдердің арасында тұрған кішкентай піл. 2014 жылы Оңтүстік Африкада түсірілген сурет.

Қытай билігі 2017 жылдың соңына дейін піл сүйегі саудасына толық тыйым салмақшы. Осылайша енді бір жылдан кейін әлемдегі ең ауқымды піл сүйегі нарығы жабылатын болса, ол Африкадағы пілді заңсыз аулауға шешуші соққы болмақ деп жазады америкалық New York Times газеті.

Қытай мұндай шешім қабылдағанға дейін табиғат пен жануарлар әлемін қорғаушылар халықаралық деңгейде және ел ішінде көп жылдар бойы мақсатты компания жүргізген. Белсенділер әлемде піл басының кемуіне тосқауыл қоюға және оларды біржолата жойылып кетуден сақтап қалуға болады деп санайды.

Дүниежүзілік тұмса табиғат қорының басшысы Картер Робертс жазбаша мәлімдемесінде Қытай үкіметі «бетбұрыс» шешім қабылдағанын айтқан. Ол бұған дейін 2016 жылы АҚШ піл сүйегі саудасына тыйым салғанын, енді әлемдегі ең үлкен екі нарық жануарлар әлемін қорғауға ғаламдық көлемде ықпал ететінін айтқан.

Мамандардың есебі бойынша, соңғы 10 жылда Африкада 100 мыңнан аса пілді сүйегіне бола өлтірген.

Ферғанада хайуанаттар бағы жұмысын бастады

Ферғана хайуанаттар бағындағы жолбарыстар. (УзА агенттігінің суреті.)

Өзбекстанның Ферғана қаласында Ташкент хайуанаттар бағының филиалы жұмысын бастады деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы.

Аумағы бес гектарға жуық жерде ашатұяқ және жыртқыш сүт қоректі жануарларға, суда жүзуші және жыртқыш құстарға арналған ашық орындар бар. «Экзотариум» ғимаратында маймылдар, жыландар, кесірткелер мен сәндік құстар ұстайтын орындар орналасқан деп хабарлаған Ташкент хайуанаттар бағы өз сайтында. Ташкент хайуанаттар бағы Ферғанаға 29 түрлі жануардың 65 басын берген.

Хайуанаттарды тамашалауға келушілер үшін дәмхана мен балалар аттракционы жұмыс істейді. Өзбекстан үкіметі Ташкент хайуанаттар бағының филиалын Самарқан қаласында ашуды және Термездегі хайуанаттар бағын қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Румыния президенті жаңа премьердің кандидатурасын мақұлдады

Румыния президенті Клаус Йоханнис.

Румыния президенті Клаус Йоханнис премьер-министрлікке ұсынылған елдің бұрынғы коммуникация министрі Сорин Гриндянудың кандидатурасын мақұлдады.

Сорин Гриндяну парламент сайлауында жеңіске жеткен солшыл центристік социал-демократиялық партия (PSD) өкілі. Бұл партия Еуропа Одағымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қарсы. Социал-демократтар парламент сайлауында алты пайызға жуық дауыс жиған либералдар мен демократтар альянсымен (ALDE) коалиция құрмақшы.

Президент Йоханнистің шешімі Румынияны саяси дағдарыстан құтқарып қалды деп жазады DРА агенттігі. Бұның алдында Йоханнис премьер-министрлікке тағы да сол социал-демократтар мен ALDE бірлесіп ұсынған Севил Шайдехтің кандидатурасын себебін түсіндірместен қабылдамай тастаған. Егер президент қолдау танытқан жағдайда Шайдех Еуропа Одағына кіретін елдер арасында үкіметті басқаратын алғашқы мұсылман әйелі болатын еді. Оның күйеуі Румыния азаматтығымен қоса Сирияның да азаматы, оған қоса Сирия басшылығымен байланысы бар деп хабарлайды DPA мен Deutsche Welle ақпарат құралдары.

Қырғызстанда пәтерді мейманхана ретінде жалға бергені үшін айыппұл енгізілді

Бішкек қаласының көрінісі.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгертулер енгізу» заңына қол қойған. Құжатта көппәтерлі үйлердегі тұрғын бөлмелерді сағат немесе тәулік уақытымен мейманхана есебінде жалға бергені және пайдаланғаны үшін айыппұл салу қарастырылған. Заң көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғын жайларды мақсатынан тыс пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатын көздейді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Заң талабын бұзған азаматтарға 7 мың сом, лауазымды тұлғаға – 9 мың сом, заңды тұлғаға – 70 мың сом көлемінде айыппұл салынады. Заңда бұл талапты бұзғандардың ісін қарау және шара қолдану ішкі істер органдарына жүктелетіні жазылған.

Заң ресми жарияланған соң 10 күннен кейін күшіне енеді.

Бразилиядағы Грекия елшісінің қазасына күдікті ұсталған

Қылмыс орнында жатқан пышақ. (Көрнекі сурет.)

Бразилиядағы Грекия елшісін Рио-де-Жанейро қаласында пышақтап өлтіргенін оның әйелінің көңілдесі болған бразилиялық полиция қызметкері мойындаған. Бұл туралы Рио-де-Жанейродағы баспасөз мәслихатында тергеушілер мәлімдеген. Қазір күдікті, елшінің әйелі және қаза тапқан дипломаттың денесін басқа жерге апаруға жәрдемдескен күдіктінің туысы қамауда отыр деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Бұған дейін бразилиялық полиция қызметкерлері автокөліктің ішінен өртенген адам сүйегін тауып алған еді. Содан бірнеше күн бұрын Бразилиядағы Грекия елшісінің әйелі күйеуі жоғалып кеткені туралы мәлімдеген. Полицияның дерегі бойынша, грек дипломаты бірнеше күн бұрын жалға автокөлік алғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы рет 59 жастағы Кириакос Амиридисті желтоқсанның 26-сы күні көрген.

Бразилиялық Globo телеарнасының хабарлауынша, ешкім дипломаттың отбасынан ақша талап етіп хабарласпағандықтан тергеушілер оны әлдекімдер ұрлап кеткен болуы мүмкін деуге негіз жоқ деп санаған.

Кириакос Амиридис биылғы қаңтардан бастап Бразилия астанасы Бразилиа қаласындағы Грекия дипломатиялық өкілдігін басқарған. Рио-де-Жанейро қаласына рождество мерекесі мен жаңа жылдық демалысқа барғанда қазаға ұшыраған.

Бағдатта қаза тапқан адам саны 30-ға таяған

Ирактың полиция жасағы, Бағдат, 20 желтоқсан 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ирак астанасында бүгін таңертең базарда болған екі жарылыс салдарынан қаза тапқан адам саны 30-ға жақындады, ондаған адам жараланған.

Бұл шабуыл қазан айының ортасынан бері ең көп адам өлген шабуыл болып отыр. Бұған дейін жасалған осыған ұқсас шабуылдар үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алатыны туралы мәлімдеп келген.

Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласын қолында ұстап отырған жихадшыларға қарсы қазанның 17-сінен ірі әскери операция басталғалы бері Бағдатта ерекше қауіпсіздік режимі жарияланған.

Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры бостандыққа шығады

Елмұрза Сатыбалдиевтің Қырғызстан бас прокуроры болып тұрған кездегі суреті.

Қырғызстан соты елдің бұрынғы бас прокуроры Елмұрза Сатыбалдиевты мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару туралы шешім шығарды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Туыстарының айтуынша, экс-прокурор Сатыбалдиев сот үкімімен тағайындалған жазаның үштен екісін өтеген.

Елмұрза Сатыбалдиев Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің тұсында бас прокурор қызметін атқарған. Кейін ол президенттің кеңесшісі болып тағайындалған.

2010 жылғы сәуір оқиғасында бейбіт азаматтарға қарсы қару қолдануға байланысты айыпталған Сатыбалдиевті Қырғызстан соты 10 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Ирак астанасында жарылыстан кемінде 18 адам қаза тапқан

Ирак астанасы Бағдат қаласының орталығында бүгін жарылыс болған деп хабарлады батыс ақпарат құралдары жергілікті полицияға сілтеме жасап.

Алдын-ала хабарлар бойынша, 18 адам қаза тауып, 40-қа жуығы зардап шеккен.

Кейбір ақпаратқа қарағанда, Бағдаттағы Синак базары орналасқан ауданда бүгін таңертең екі жарылыс болған.

2016 жылы әлемде 92 журналист мерт болған

Павел Шеремет қаза тапқан жердегі журналистің суреті мен гүлдер. Киев, Украина, 20 шілде 2016 жыл.

Аяқталып отырған 2016 жылы әлемде бұқаралық ақпарат құралының 93 қызметкері қаза тапқан. Бұл туралы халықаралық журналистер федерациясы (ХЖФ) хабарлады.

Ұйымның дерегі бойынша, әсіресе Ирак, Ауғанстан, Мексика, Йемен, Сирия мен Гватемалада көп журналист мерт болған. Бұның алдындағы 2015 жылы әлемде 112 журналист қаза тапқан болатын деп хабарлайды ХЖФ.

«Журналистер мен БАҚ қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық деңгейінің кез-келген шамаға төмендегенін біз қоштаймыз, бірақ бұл статистика және журналистерге қарсы жоспарлы түрде жасалатын шабуылдардың жалғасуы алаңсыз отыруға мүмкіндік бермейді» деп мәлімдеген ХЖФ президенті Филипп Лерут.

ХЖФ тізімге биыл шілденің 20-сы күні Киевтің орталығында автокөлікке әлдекімдер орнатқан бомба жарылысынан мерт болған «Украинская правда» басылымының қызметкері Павел Шереметті де енгізген.

Джон Маккейн: Путинмен мәміле жасауға болмайды

АҚШ сенаторлары (оңнан солға): Линдси Грэм, Эми Клобушар және Джон Маккейн Азаттықтың Украин қызметіне сұхбат беріп отыр. Киев, 30 желтоқсан 2016 жыл.

АҚШ сенаты қорғаныс комитетінің жетекшісі, республикалық партия мүшесі Джон Маккейн Құрама Штаттар Ресей президенті Владимир Путинмен мәмілеге бармайды деп мәлімдеді.

Киевте Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында Джон Маккейн Путинмен кез-келген мәміле «еркіндік және демократия принциптеріне нұқсан келтіреді» деген.

Маккейн АҚШ президенті сайлауы кампаниясы кезінде Ресей тарапынан ұйымдастырылған делінетін кибер-шабуылдарға баса назар аударған. Бұған дейін АҚШ федералдық тергеу бюросы мен ішкі қауіпсіздік комитеті аталған шабуылдарға ресейлік арнайы қызметтің қатысы бары жөнінде баяндама жариялаған. Мәскеу кибер-шабуылдарға қатысы туралы айыптауларды жоққа шығарған.

Джон Маккейн қаңтардың 5-і күні АҚШ сенатында бұл жайында тыңдау өткізуді жоспарлап отыр.

АҚШ сенатының және бір мүшесі, республикалық партия өкілі Линдси Грэм Азаттыққа алдағы жылы Конгресте Ресейдің энергетика және банк салаларына қарсы санкцияларды кеңейтуге күш салатыны туралы мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде компьютерлік шабуылдар ұйымдастырғаны, Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерген қолдау танытқаны үшін Ресейді жазалау шарасы болмақ.

Маккейн, Грэм және АҚШ сенаторы, демократиялық партия мүшесі Эми Клобушар Конгресте Украинаға қорғаныс үшін әскери қару беруді қолдайтындары туралы мәлімдеген.

АҚШ сенаторлары бұл мәлімдемелері бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресейге салынған санкцияларды жұмсартуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатқан тұста жасалды. Трамп Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты жақсартқысы келетіні жайлы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

Трамп Путинді дипломаттарды қумағаны үшін мақтады

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп.

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің орыс дипломаттарын АҚШ-тан шығару туралы Вашингтонның шешіміне америкалық дипломаттарды Ресейден қуып жауап бермейтіні туралы шешімін мақтады.

Мәскеудің АҚШ дипломаттарын елден кетіруге асықпай, істің артын күтетіні туралы шешімін "тамаша қадам" деп атаған Трамп әрқашан Путинді «өте ақылды адам» деп санайтыны туралы Twitter парақшасына жазған.

Бұған дейін, жұма күні Ресей сыртқы істер министрінің 35 америкалық дипломатты елден шығару туралы ұсынысына Путин әдетте дипломатиялық тәжірибеде дереу қолданылатын қадамға бармай, біраз күте тұруды ұйғарғанын мәлімдеген.

Желтоқсанның 29-ы күні Вашингтон Ресейге қарсы енгізілген жаңа санкциялар аясында 35 ресейлік дипломатты АҚШ-тан шығару туралы шешім қабылданғанын жариялаған. АҚШ билігі биыл елде өткен президент сайлауы кезінде жасалған компьютерлік шабуылдардың артында Ресей билігі тұр деп санайды.

Мәскеу өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарады.

Ресей Сириядағы бітім туралы қарар жобасын ұсынды

БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркин.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Сириядағы бейбіт бітім және ресми Дамаскі мен оппозиция арасында басталған келіссөздерге қолдау білдірген қарар жобасын ұсынды.

БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің жұма күні хабарлауынша, құжатта Сириядағы жанжалға қатысушы тараптардың желтоқсанның 29-ы күні өзара келіскен атысты тоқтату туралы міндеттемелерін «толық және дереу» орындау қажеттігі және Астанада бейбіт келісімдер өткізу туралы айтылған.

Бітім туралы келісім Ресей мен Түркияның арағайындығымен жасалған.

Желтоқсанның 30-ынан бастап күшіне енген бітім туралы келісім Сирияның солтүстік-батысындағы бірқатар аудандарда бірнеше рет бұзылғаны хабарланған.

Путин АҚШ дипломаттарын қайтару ұсынысын қолдамады

Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі 35 дипломатын елден шығару туралы ұсынысты қолдамады.

АҚШ дипломаттарын елдеріне қайтару туралы ұсынысты Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтқан. АҚШ-тың кеше ресейлік 35 дипломатты шығару шешіміне наразы болған Ресей министрі америкалық дипломаттардың Мәскеудегі қойма мен саяжайын пайдалануына да тыйым салу керегін мәлімдеген.

Бейсенбі күні кешке АҚШ президенті Барак Обама ол елдегі сайлау науқаны кезінде Демократиялық партияның серверіне жасалған хакерлік шабуылға қатысты ресейлік 35 дипломатты айыптаған. Вашингтон мен Сан-Францискода қызмет ететін ол дипломаттар АҚШ-тан 72 сағаттың ішінде шығып кетуі керек болған. АҚШ ондағы Ресей елшілігінің екі саяжайын жауып, ресейлік бірнеше компания мен барлау басқармаларына және әлденеше адамға санкция салған.

АҚШ-тың әрекетіне жауап ретінде америкалық дипломаттарды елден шығарып жібермейтінін айтқан Ресей президенті Владимир Путин «екі елдің қарым-қатынасын жаңа сайланған президент Дональд Трамп әкімшілігінің саясатына қарай өрбітеміз» деп мәлімдеді.

Бишімбаевтың тергеуге алынғаны хабарланды

Қуандық Бишімбаев, бұрынғы ұлттық экономика министрі.

Бұрынғы ұлттық экономика миинстрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен тергеу шаралары жүріп жатыр деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ресми БАҚ.

Ресми ақпаратқа қарағанда, президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада сыртқы істер министрлігі басшылық құрамымен өткен жиында Бишімбаевтың ұлттық экономика министр қызметінен "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарып тұрған кездегі қызметіне қатысты туындаған мәселелер бойынша босатылғанын айтқан. "Қазір оның үстінен тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жаңа тағайындалған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов алдына қойылған міндеттерді орындай алады деп ойлаймын" деген Назарбаев.

Қуандық Бишімбаев 28 желтоқсан күні қызметінен босатылып, орнына Тимур Сүлейменов тағайындалған.

Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болды

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы жаңа елшісі.

Ерлан Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалды деп хабарланды бүгін Ақорданың ресми сайтында. Ыдырысовтың елші болып тағайындалғанын президент Нұрсұлтан Назарбаев резиденциясында сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен өткізген кездесуінде айтқан.

Ерлан Ыдырысов бұған дейін сыртқы істер миинстрі болған. 28 желтоқсан күні Назарбаев Ыдырысовты орнынан босатып, орнына Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған Қайрат Әбдірахмановты министр етіп тағайындаған.

Назарбаев бүгінгі жиында Ыдырысовтың министр ретінде атқарған қызметіне алғыс білдіріп, дағдарыс кезінде және әлемдегі жағдай өзгеріп тұрған шақта сыртқы істер министрлігінің алдында жаңа бірталай міндет тұрғанын айтты.

Бұған дейін Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі қызметін Ержан Қазыханов атқарған.

Дағыстандағы атыстан үш адам оққа ұшты

Дағыстан картасы (Көрнекі сурет).

Ресей билігі Дағыстанда атыстан бір полиция қызметкері қаза тауып, екі күдікті содырдың кезі жойылғанын хабарлады.

Дағыстан үкіметінің ресми өкілі Фатима Убайдатованың 30 желтоқсанда хабарлауынша, 29 желтоқсан күні кешке қарай Хасавюрт қаласының маңында жол полициясы қызметкерлері өздеріне оқ атқан күдікті содырлар мінген көлікті тоқтатпақ болған.

Полиция күдіктілердің екеуін осы аптаның басында Дағыстан астанасы Махачкалада полицияға шабуыл жасаған жергілікті тұрғындар деп сипаттайды. Ол шабуылдан екі полиция қызметкері қаза тауып, біреуі жараланған.

Дағыстанда Солтүстік Кавказда "ислам халифатын" орнатқысы келетін исламшыл бүлікшілер полицияға, жергілікті билік өкілдері мен исламның дәстүрлі саналатын бағытын ұстанатын дін өкілдеріне жиі шабуыл жасайды.

Белсенді Ринат Кибраев түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты

Ринат Кибраев, азаматтық белсенді

Азаматтық белсенді, тамыз айында "жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу" айыбымен сотталған Ринат Кибраев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Ринат Кибраевтың Азаттыққа айтуынша, ол өзіне кесілген бір жарым жыл бас бостандығынан айырылу жазасы мерзімінің үштен бірін өтеп, соттың жазаның қалған бөлігін айыппұл төлеумен ауыстыру туралы шешімі күшіне енген соң 28 желтоқсан күні бостандыққа шыққан.

Бұған дейін ол соттан жазасының қалған мерзімін айыппұлмен алмастыруды сұраған. "Қорыта келгенде, мен жазаның қалған бөлігі үшін мемлекетке 180 мың теңге төлеуге міндеттелдім" деді Кибраев.

Заң бойынша, ауыр емес және орташа ауыр қылмысы үшін сотталғандар жазасының үштен бір мерзімін өтеген соң мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылуы мүмкін.

Ринат Кибраев 2016 жылы 19 мамырда қамалған. Алмалы аудандық соты 10 тамыз күні Ринат Кибраев пен әйелі Сайран Бекбергенованы қылмыстық кодекстің 309-бабы ("Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу") бойынша айыпты деп тауып, Кибраевты бір жарым жылға, Бекбергенованы бір жылға соттаған. Сот Кибраевты жазасын еңбекпен түзеу колониясында өтеуге, Бекбергенованы аяғы ауыр болғандықтан жазасын өтеуді екі жылға дейін шегеруге үкім еткен.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің экс-басшысы түрмеден босады

Данияр Нарымбаев, Қырғызстан президенті аппараты бұрынғы жетекшісі сот залында отыр. Бішкек, қараша 2015 жыл.

Қырғызстан президенті аппаратының бұрынғы жетекшісі, бұрынғы депутаттың отбасын бопсалады деп айыпталған Данияр Нарымбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына оның адвокаты Гүлнара Дүйшенбекова хабарлады. Оның сөзінше, мұндай шешім қабылдауға Нарымбаевтың түрмеде "үлгілі тәртіп" көрсеткені себеп болған.

Данияр Нарымбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешімді 29 желтоқсанда Бішкектің аудандық соты қабылдаған.

Данияр Нарымбаев парламентің бұрынғы депутаты, Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Төлеевтен 200 мың АҚШ долларын бопсалады деген айыппен ұсталған. 2015 жылы 27 қарашада Бішкектің аудандық соты Нарымбаевты алаяқтық жасады деп айыптап, үш жылға соттаған. Бұл іс бойынша тағы бір адам - парламенттің бұрынғы депутаты Хаджимурат Коркмазов та бір жарым жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген.

Тағы

XS
SM
MD
LG