Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Украинада президенттікке кандидаттарды тіркеу басталды

Юлия Тимощенко.

31 желтоқсанда Украинада президент сайлауына кандидаттарды тіркеу науқаны басталды. Кандидаттар 2019 жылдың 3 ақпанына дейін тіркелуі тиіс. Сайлау комиссиясы кандидаттар есімін 8 ақпанда жариялайды. Сайлау 31 наурызда өтеді.

Үгіт-насихат 29 наурызда аяқталуы керек. Сайлау заңына сай, кандидаттар насихат шараларын ресми тіркелген соң бастайды.

Елдің қазіргі президенті Петр Порошенконың да сайлауға түсуге құқығы бар. Бірақ ол сайлауға қатысатыны туралы әлі мәлімдеме жасамады.

"Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимощенко 2018 жылы маусымда сайлауға түсетінін хабарлаған. "Социс" әлеуметтік ұйымының зерттеуінше, сайлауда негізгі бәсеке Порошенко мен Юлия Тимощенко арасында өтеді.

АҚШ ресми түрде ЮНЕСКО құрамынан шықты

АҚШ ресми түрде ЮНЕСКО құрамынан шықты. Вашингтонның шешімі 31 желтоқсан күні күшіне енді. 2019 жылдан бастап АҚШ ұйымға жарна төлемейді және ұйым комитетіне сайлана алмайды.

2017 жылы 12 қазанда АҚШ ЮНЕСКО құрамынан шығатынын жариялаған. Вашингтон ұйымды "Израильге қарсы бағыт ұстанады" деп айыптайды.

Израиль бұған дейін ЮНЕСКО-ны Иерусалимдегі немесе Палестина территориясындағы мәдени мұраларға қатысты дауда "палестиналықтар жағына шығып кетті" деп бірнеше рет айыптаған.

Израиль 2016 жылы ЮНЕСКО Иерусалимнің шығысындағы Әл-Ақса мешіті орналасқан аумақты мұсылмандардың ғұрыптық орны деп көрсеткен қарар қабылдаған соң ұйымға мүшелігін тоқтатқан. Бұл аумақты еврейлер Храм тауы деп атайды. Бірақ қарарда еврей халқының бұл орынмен байланысы көрсетілмеген.

ЮНЕСКО - БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы. Ол 1945 жылдан бері жұмыс істейді. 2011 жылы ЮНЕСКО құрамына Палестина автономиясы қабылданған. АҚШ пен Израиль бұған қарсы шыққан.

Магнитогорск: Көпқабатты үйдегі апаттан қаза тапқандар саны өсті

Апат болған үй. Магнитогорск. 31 желтоқсан 2018 жыл.

Ресейдің Магнитогорск қаласындағы көпқабатты үйдегі апаттан мерт болғандар саны сегіз адамға жетті. Ондаған адам жоғалған. Бұл туралы Ресейдің төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

31 желтоқсанда Магнитогорск қаласындағы он қабатты үйде газ жарылып, бір подъезд қираған. Министрлік есебінше, 26 пәтер тұруға жарамсыз болып қалған. Бұл подъезде 46 адам тұрған. Үйсіз қалғандар қаладағы мектептердің спорт залдарында паналап жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин апат болған күні Магнитогорск қаласына шұғыл жетіп, оқиғаға байланысты төтенше жағдай мамандарымен жиын өткізді. Газ жарылған үйге, қалалық ауруханаға барған.

Орталық Азиядан шыққандар Швецияда "жарылыс жасамақ болған"

Швеция полициясы.

28 желтоқсанда Швеция прокуратурасы теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікпен ұсталған алты адамқа ресми түрде айып тақты. Күдіктілер арасында Орталық Азиядан шыққан үш адам бар. Бұл туралы Швеция басылымдары хабарлады. Сот процесі 7 қаңтарда басталады.

Ел прокуратурасы "күдіктілер адамдарды өлтіру үшін химиялық жарылғыш заттарды сақтап келген. Теракт болған жағдайда адам шығына көп болар еді" деп мәлімдеді.

Швецияның "Dagens Nyheter" газеті ұсталғандар Қырғызстан мен Өзбекстан азаматы екенін жазды.

Прокуратураның хабарлауынша, ұсталғандар "Стокгольм орталығында теракт жасады" деп айыпталып, өмір бойына сотталған Өзбекстан азаматы Рахмат Акиловпен және ДАИШ тобымен байланыста болуы мүмкін. Күдіктілер тағылған айыпты мойындамайды.

Өзбекстан мен Қырғызстанның жауапты органдары бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

IJF: 2018 жылы әлемде 94 журналист мерт болған

Ауғанстанда журналистерге жасалған шабуыл. 30 сәуір 2018 жыл.

2018 жылы 94 журналист мерт болған. Бұл туралы 31 желтоқсан күні Халықаралық журналистер федерациясы (IJF) мәлімдеді. Федерация есебіндегі дерек бойынша, 94 журналисттің кейбірі қақтығыс аймағында немеса теракт кезінде қаза тапқан. Кейбірі қасақана өлтірілген. Журналистер өлімі бойынша Ауғанстан алда тұр.

Брюссельде орналасқан ұйымның есебінше, 2017 жылы әлемде 82 журналист қаза тапқан. IJF тілшілер өліміне қатысты есепті 1990 жылдан бері жүргізіп келеді. Ұйым дерегінше, журналистер өлімі ең көп тіркелген - 2006 жылы 155 медиа қызметкері мерт болған.

30 сәуірде ДАИШ содырлары мойнына алған Кабулдағы екі терактіден кем дегенде 25 адам қаза тапқан. Олардың қатарында Азаттықтың Ауған қызметінің екі журналисі мен өзге де ақпарат құралдарының бес қызметкері болған.

Актриса қаза тапқан жол апатында жүргізуші "мас болған"

Жол апатына ұшыраған Mercedes Gelandewagen көлігі. Алматы. 29 желтоқсан 2018 жыл.

Алматыда актриса Шолпан Елгезек қаза тапқан жол апатына "себепкер болған" Mercedes Gelandewagen автокөлігінің жүргізушісі мас болған. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, жол апатына байланысты 1985 жылы туған К. Абай есімді күдікті ұсталған. Елдің ішкі істер министрлігі оқиғаны қатаң бақылауға алғанын мәлімдеді.

29 желтоқсан Алматы көшелерінің бірінде болған жол апатынан Əуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Шолпан Елгезек пен тағы екі адам қаза тапқан. Осы театрдың тағы бір актрисасы Айзада Сатыбалдиева ауруханада жатыр. Жол апаты болған сәтте Mercedes Gelandewagen көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Ауғанстанда президент сайлауы кейінге шегерілді

Герат қаласы.

Ауғанстанда 2019 жылы сәуірде өтуі тиіс президент сайлауы шілде айына шегерілді. Бұл туралы Ауғанстан сайлау комиссиясына сілтеме жасаған France-Presse агенттігі хабарлады. Сайлауды кейінге шегеруге кандидаттардың кеш тіркелуі және дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері себеп болған.

Президенттікке кандидаттарды тіркеу 22 желтоқсанда ашылған. 2 қаңтарда аяқталуы тиіс. Сайлау комиссиясының төрағасы Заби Садаттың айтуынша, тіркеліп жатқан кандидаттардың саны аз.

Сайлау комиссиясы 2018 жылы қазанда өткен парламент сайлауының дауыстарын әлі санап біткен жоқ. Сайлау кезінде "Талибан" шабуылы жиілеген. Қазір Ауғанстан билігі "Талибан" қозғалысымен келісімге келуге тырысып жатыр.

Адвокат тұтқынды "өз-өзін өлтіруге жеткізбеуді" билікке ескертті

Тұтқын Жанна Өмірова (сол жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Өтеген батыр кенті, Іле ауданы, Алматы облысы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Адвокат Айман Омарова бүгін Азаттық тілшісімен әңгімеде қазір Алматы облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан клиенті Жанна Өмірованың "өзіне қол салуға әрекет жасағаны" туралы Facebook әлеуметтік желісінде сенбіде жазған постына қатысты түсініктеме берді.

Омарова 29 желтоқсанда Facebook-тегі парақшасына "Егер Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА 155/8 мекемесінде отырған клиентім Жанна Өміроваға бірдеңе болса, ол үшін мекеме қызметкерлері мен ҰҚК жауап беретін болады!" деп жазған. Адвокат осы постында 24 желтоқсанда тұтқын Жанна Өмірованың "өзіне-өзі қол салмақшы" болғанын, бірақ "мекеме әкімшілігі бұл оқиғаны жасырып қалғанын" хабарлаған.

Бүгін Азаттық тілшісімен әңгімеде адвокат Айман Омарова 29 желтоқсанда Алматы маңындағы ЛА 155/4 мекемесінде қамауда отырған Жанна Өміровамен кездескенін айтып берді.

Адвокаттың сөзінше, түрмедегі кездесуде Өмірова оған 24 желтоқсанда "көп дәрі жұтып алғанын", сосын өзін жайсыз сезініп, оған дәрігерлік көмек жасалғанын айтып берген. Өмірова 21 желтоқсанда өтінішін қараған соттың тұтқынның жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға ауыстырудан бас тартуына түрме әкімшілігі мен ҰҚК кінәлі деп санайды.

ЛА 155/4 мекемесі бастығының орынбасары Болат Аманов Азаттыққа тұтқын Жанна Өмірованың 24 желтоқсанда мекеменің медициналық бөліміне әлдебір дәрілер ішіп алғанын айтып барғанын растады. "Оны түбегейлі тексерді, бірақ улану белгілері табылмаған соң аудандық немесе облыстық емханаға жіберген жоқ" деді Аманов. Оның сөзінше, 29 желтоқсанда қамау мекемесіне келген адвокат Айман Омарова тұтқын Жанна Өміровамен кездескен. Бұдан соң адвокаттың әлеуметтік желіде жариялаған "жазбасын қазір мекеме әкімшілігі зерттеп жатыр" деді Аманов.

Қапшағай қаласының 36 жастағы тұрғыны, өткен жылы "терроризмді насихаттады" және "алауыздық тудырды" деген айыптармен бес жылға сотталған Жанна Өмірова бұған дейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетін (ҚАЖК) "өзімді-өзім өлтіретіндей халге жеткізді" деп айыптаған. 24 желтоқсанда түрмеден Азаттыққа телефон соққан Өмірова "қоштасу хатын" оқып берген.

Оқи отырыңыз: Сотталушы ҚАЖК-ні "өзіне қол салуға жеткізеді" деп айыптады

Тұтқын Жанна Өмірова Қазақстан президенті мен күш құрылымдарының басшылары атына жолдаған үндеуінде Қазақстанда сотталғандардың "мүлдем құқығы жоғын" мәлімдеген. Ол "бассыздықтан, баласыз өтіп жатқан өмірден және заңсыздықтан шаршағанын" айтып, ЛА-155/4 мекемесінің әкімшілігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін (ҰҚК) өзін босатуға кедергі келтіріп отыр деп айыптаған.

23 желтоқсанда Алматы облысы Іле аудандық соты Жанна Өмірованың жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Өмірова кәмелет жасына толмаған және зейнет жасындағы жалғыз анасының қарауында қалған балаларының қасында болу үшін жазасын жеңілдетуді сұраған. Жанна Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.

Ресейде тікұшақ апатынан төрт адам қаза болған

Улан-Удэ қаласы. (Көрнекі сурет.)

Бүгін таңертең Ресей құрамындағы Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласының маңында жеке меншік тікұшақ апатқа ұшыраған. Төтенше оқиға салдарынан тікұшақта болған төрт адам түгел опат болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза болғандардың арасында тікұшақтың иесі, Бурятияға белгілі кәсіпкер Сергей Рогов та бар.

Көлік прокуратурасының дерегінше, тікұшақ Улан-Удэ қаласының іргесіндегі Верхняя Березовка кентіне қонар сәтте әуеден құлаған. Бір болжам бойынша, апатқа ауа райының қолайсыздығы себеп болуы мүмкін. Жергілікті басылымдар тікұшақтың демалыс базасының территориясына құлап, өртенгені туралы жазды деп хабарлайды Сибирь.Реалии сайты.

Сергей Рогов - Peoples Park сауда орталығының иесі, ол Улан-Удэ қаласындағы баскетбол мектебін қаржыландырған.

Ташкентке қажет газды Қазақстан арқылы жеткізетін болды

Көрнекі сурет.

Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық газ операторлары – "КазТрансГаз" және "Узтрансгаз" компаниялары Ташкенттегі тұтынушыларға өзбекстандық табиғи газды Қазақстан территориясы арқылы тасымалдап жеткізу туралы келісімге тұңғыш рет қол қойды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы Podrobno.uz басылымына сілтеме жасап.

"Өзбек газын Қазақстан территориясы арқылы жеткізу туралы келісімге екі елдің экономикалық және өңіраралық тығыз байланыс орнату жөніндегі жаңа бағдарларына сәйкес қол қойылды. Өзбек газын Қазақстан территориясы арқылы тасымалдау қыс мезгілінде Ташкент қаласын отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді" деп хабарлаған "КазТрансГаз".

Келісім шарттары бойынша, Қазақстан территориясы арқылы бір миллиард текше метрге дейін өзбек газы тасымалдануы тиіс. Келісім қол қойылған күннен – 29 желтоқсаннан бастап күшіне енген.

Өзбек газы "Газли - Шымкент" және "Бұхара газды ауданы - Ташкент - Бішкек - Алматы" газ құбыры желісі арқылы тасымалданады.


БҰҰ бас хатшысы әлемді ынтымақтастыққа шақырды

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бас хатшысы Антониу Гуттериш жаңа жылдық үндеуінде әлем қауымдастығын адамзатқа төнетін қауіп-қатерлермен күресу үшін ынтымақтастыққа шақырды.

Гутерриш әлем тұрғындарына жаңа жылда бақыт, бейбітшілік пен ырыс тілеген. Сонымен бірге ол адамзатты күллі әлемнің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретін көптеген қиындықтар мен қатерлер жайлы ескерткен.

БҰҰ басшысы ең негізгі қауіп ретінде күткендегіден тез жүріп жатқан климаттың өзгеруін айтқан.

"БҰҰ климаттың өзгеруі туралы Париж келісімін жүзеге асыру жөніндегі жұмыс бағдарламасын бекіту үшін Катовицада барлық елдің басын қосты. Енді біз күллі әлемдегі тіршілікке төніп тұрған бұл қауіп-қатермен күресті күшейтуіміз керек. Соңғы мүмкіндікті пайдаланар шақ келді. Бақылаусыз және жылдам үдеп бара жатқан климат өзгеруін тоқтатар сәт жетті" делінген Гутерриштің үндеуінде.


БҰҰ бас хатшысы әлемде геосаяси қайшылықтардың күшейгені туралы да ескерткен. Соның салдарынан жанжалдардың шешімін табу бұрынғыдан да қиындай түскен. Бұған қоса Гуттериш адамзатқа төніп тұрған қауіп-қатерлердің арасында атаған мүлік теңсіздігі мен төзімсіздіктің ұлғайып бара жатқанын айтқан.

Сонымен бірге БҰҰ басшысы әлемге үміт отын жаққан жайттардың барын да атап өткен. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Йемен мен Оңтүстік Суданда бейбітшілік орнатуға бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туып тұр. Жақында Эфиопия мен Эритрея үкіметтері қол қойған келісім көршілес екі елдің қарым-қатынасындағы шиеленісті бәсеңдетуге септескен.

Гутерриштің айтуынша, бұл халықаралық ынтымақтастықтың әлемді жақсылыққа жетелейтінін көрсетеді.

Трамп: Қытаймен сауда келіссөзінде елеулі прогресс бар

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен арадағы сауда келісімін бекіту туралы келіссөздерде едәуір прогресс бар деп мәлімдеді. Трамп сенбі күні Twitter әлеуметтік парағындағы жазбасында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен "телефонмен ұзақ әрі өте жақсы әңгіме" болғаны туралы хабарлаған.

"Мәміле туралы (келіссөздер) өте жақсы өтіп жатыр. Егер біз оны бекітсек, онда бұл... барлық тақырыптарды, салалар мен даулы мәселелерді тегіс қамтитын (келісім) болады. Біз елеулі прогреске қол жеткіздік!" деп жазған Трамп.

Қытайдың мемлекеттік "Синьхуа" жаңалықтар агенттігі де Трамп пен Цзиньпиннің телефонмен сөйлескені туралы хабарлады. Әңгіме барысында Қытай басшысы АҚШ пен Қытай қарым-қатынасының "үйлестірілген әрі тұрақты" болатындығына үміт білдірген. Бұған қоса Си Цзиньпин екі елдің Қытайға да, АҚШ-қа да пайдасы бірдей келісімді неғұрлым тезірек бекітуі тиіс екенін айтқан.

Екі елдің басшылары Қытай мен АҚШ тұрғындарын алда келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтады деп хабарлайды агенттік.

Бішкек соты экс-премьер Исаковтың қамау мерзімін тағы ұзартты

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков. Бішкек, 18 мамыр 2018 жыл.

Қырғызстан соты елдің бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты қамауда ұстау мерзімін 2019 жылғы 13 ақпанға дейін ұзартты. Бішкектің Бірінші май аудандық соты осындай шешім қабылдағанын экс-премьердің адвокаттары айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Адвокаттар соттың шешімімен келіспей, жоғарғы инстанцияларға шағымданатындарын айтады.

Бұған дейін, 18 желтоқсанда Бішкек қалалық соты Сапар Исаковты қамауда ұстау мерзімін 5 қаңтарға дейін ұзарту туралы Бірінші май аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған. Ол жолы соттан Исаковты қамауда қалдыра тұруды сұраған Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеушілері Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғыртуға қатысты құрылыс-техникалық сараптама қорытындысы әлі дайын емес деген уәж айтқан.


МҰҚК Сапар Исаковты "Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғырту" бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен биыл 5 маусымда ұстаған. 18 желтоқсанда өзіне бұлтартпау шарасын қолдануға қатысты өткен сот отырысында Исаков "саяси қуғын көріп жатырмын" деп мәлімдеген.

Осыған дейінгі сот отырыстарында Сапар Исаков тергеушілерге жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеп, өзіне тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған. Тергеу орындары оған "Қырғызстан президенті аппараты жетекшісінің сыртқы саясат жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде шетелдік компания мүддесін қорғады" деген айып таққан.

Сапар Исаков өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Кремль Ресей мен Беларусьтің "қосылатынын" жоққа шығарды

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Беларусь президенті Александр Лукашенко.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Беларусь пен Ресей қосылуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығарды. Мәскеу мен Минск "бір бағытта емес, бір-біріне қарай бара жатыр" деп мәлімдеген ол.

Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко сенбі күні Мәскеуде келіссөздер өткізді. Кремльдің ресми сайтындағы қысқа ақпаратта кездесуде қандай мәселе қозғалғаны айтылмаған.


Путин мен Лукашенко мұның алдында 25 желтоқсанда Мәскеуде кездескен. Оған дейін екі тараптан да қатқылдау мәлімдемелер жасалған. Лукашенко Ресейдің Беларусьті өзіне бағындырғысы, "тіпті қосып алғысы келетінін" айыптаған. Ресей өкілдері "Минск сауда жеңілдіктерін қисынсыз пайдаланғысы келеді" деп айтқан.

13 желтоқсанда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Брест қаласында Ресей мен Беларусь одағы министрлер кеңесінде сөйлеген. Ол сөзінде Ресейдің Беларусьпен бірлесіп ақша шығаратын орталық, кеден қызметі, сот және есеп палатасын құруға әзір екені туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, мұндай жағдайда екі мемлекет ортақ салық саясатын жүргізе алады. 14 желтоқсанда Лукашенко ресейлік журналистермен кездесуде өзі үшін "қасиетті" ұғымға айналған мемлекеттің егемендігінен айырылуына ешқашан жол бермейтіні туралы мәлімдеген.

Ресей Украина тауарларына эмбарго енгізді

Ресей елшілігінің төбесіндегі Ресей туы. Киев, 27 желтоқсан 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресей Украинада өндірілген немесе сол ел арқылы тасымалданатын өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларына, шикізат пен азық-түлік өнімдеріне эмбарго енгізді. Бұл туралы қаулыға Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев қол қойған.

Ресей үкіметі баспасөз қызметінің айтуынша, Мәскеу бұл эмбаргоны Киев ресейлік нақты тауар түрлеріне салған тыйымын жойғаннан кейін ғана алып тастауы мүмкін.

Осыған дейін Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 26 желтоқсанда Ресей азаматтары мен заңды тұлғаларына қосымша санкция салған. Украинаның уақытша басып алынған аумақтар мәселесі министрлігінің мәліметінше, жаңа санкция уақытша басып алынған аумақтардағы Ресейдің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қамтамасыз ететін 14 кәсіпорынға және Керчь бұғазында Қырым мен Тамань арасында заңсыз көпір салуға қатысқан бизнесмендерге салынған.

Оқи отырыңыз: Ресей Украинаның тағы ондаған азаматына санкция салды

25 желтоқсанда Ресей үкіметі өзі санкция енгізген Украинаның заңды және жеке тұлғаларының тізіміне 245 адам мен жеті компанияны жаңадан қосқан. Қазір ол тізімде жалпы саны 567 адам мен 75 компания бар.

2018 жылы қарашада Ресей Украинаның 322 азаматы мен 68 компаниясына қатысты арнайы экономикалық шаралар қабылдаған. 22 қазанда Ресей президенті Владимир Путин қол қойған жарлықта Ресейдің қарсы шаралары Украина ресейлік азаматтар мен заңды тұлғаларға қатысты енгізген санкциясын жойса ғана қолданыстан алынатыны айтылған.

2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алған соң және Украинаның шығысында жанжал басталғаннан кейін Киев Ресейге қарсы санкциялар енгізген. Қазір ол тізімдегі 786 заңды тұлға және 1759 адамның арасында ресейлік олигархтар Олег Дерипаска, Виктор Вексельберг және "Газпром" компаниясының басшысы Алексей Миллер бар.

2018 жылы шілдеде Киев санкциялар тізіміне ресейлік партияларды, Ресей Орталық сайлау комиссиясын (Қырымда сайлау өткізгені үшін) және ресейлік кәсіпкерлер ағайынды Ротенбергтер отбасын енгізген.

Сот Бишімбаевты жалпы режимдегі колонияға ауыстырды

Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 31 қазан 2017 жыл.

28 желтоқсанда Түркістан облысының Төле би аудандық соты Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың арызын қарап, оны жазасын өтеп жатқан қатаң режимдегі колониядан жалпы режимдегі колонияға ауыстыру туралы шешім шығарды.

Сот отырысына төрағалық еткен судья Нұрмахан Жорабековтың айтуынша, Бишімбаев соттан өзін қоныс колониясына ауыстыруды сұраған. Бірақ сот экс-министрдің өтінішін ішінара қанағаттандырып, оны қатаң режимдегі колониядан қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесіне ауыстыруға қаулы еткен.

"Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 189-бабымен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") де сотталған. Бұл бап бойынша сотталушы жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі керек. Осыған байланысты оны қоныс колониясында жазасын өтеуге жіберу мүмкін емес" деді судья.

Шілде айының басынан бері өз арызы бойынша Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы қатаң режимдегі ИЧ 167/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев жаза орнын ауыстыру туралы өтінішін қараған сотқа видеобайланыс арқылы қатысты. ИЧ 167/9 мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар жазасын өтейді.

Оқи отырыңыз: "Назарбаевтан кешірім сұрап" сотталды

Қуандық Бишімбаев 2018 жылы 14 наурызда "Бәйтерек" холдингін басқарған кезінде “мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен он жылға сотталған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тергеу таққан айыптарын мойындап, тергеушілермен келісімге келген. Сот оларға бас бостандығынан айыратын жаза қолданбаған немесе аз мерзімге соттаған.

2017 жылы қаңтарда қамауға алынған Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптаушы тарапта оның кінәлі екеніне айғақ-дәлелдің жоғын айтқан. Сот процестері кезінде Бишімбаев екі рет президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, "ештеңеге қарамастан президентке адал болып қалатынын" мәлімдеген. Сот Бишімбаевқа мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салып, оның мүліктерін тәркілеуді бұйырған.

Ресей Украина теңізшілерін босатудан бас тартты

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Мәскеу Азов теңізінде ұсталған теңізшілерді босатудан бас тартып, Украинаның мұндай талап қоюы "негізсіз" деді.

Таяуда Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейден қарашаның соңында Қара теңізде Украинаның үш кемесін ұстаған кезде тұтқындаған украин әскерилерінің барлығын ешқандай шартсыз дереу босатуды талап еткен еді.

Бұл талапқа жауап берген Ресей сыртқы істер министрлігі "Батыс екіұдай стандарт ұстанады, Украина адам құқықтарын бұзып отыр" деп мәлімдеді.

Ведомство жауабында "Украина шекарашыларының Ресейдің бірнеше кемесін ұстағаны, "Риа Новости Украина" ақпарат агенттігінің басшысы Кирилл Вышинскийдің қамауға алынғаны" жазылған.


Мәлімдеде Украина президенті Петр Порошенконың "төмен рейтингі" де айтылады.

"Украинада көптеген ұлттың, әсіресе орыстар мен орыс тілділердің құқықтары өрескел бұзылып жатыр. Украиншадан өзге тілдерді пайдалануға тыйым салынып жатыр. Ресми биліктің позициясынан басқа көзқарастағы ақпараттарға цензура қойылып, оларды таратуға тыйым салынып жатыр" делінген СІМ мәлімдемесінде.

Киев бұл мәлімдемеге әзірге жауап берген жоқ.

Ресей Қара теңізде ұстаған Украинаның 24 әскери қызметкері қазір Мәскеудегі тергеу абақтысында қамауда отыр. Ресей билігі оларға "мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен" деген айып таққан. Адвокат Николай Полозовтың хабарлауынша, қамалғандардың барлығы өздерін әскери тұтқын деп тануды талап еткен.

Египеттегі автобус жарылысынан төрт адам қаза тапты

Гизадағы пирамидалар кешені орналасқан ауданда жарылыс болған жер. 28 желтоқсан 2018 жыл.

Египетте туристік автобуста болған жарылыстан Вьетнамның үш азаматы мен бір жергілікті гид қаза тапқан. 11 адам жарақаттанған, оның да көбі – вьетнамдық туристер.

Жарылыс кеше кешке Гизадағы пирамидалар кешенінен төрт шақырым жерде болған. Қолдан жасалған жарылғыш зат жол жиегіне қойылып, туристер отырған автобус өтіп бара жатқанда жарылған. Автобустың бір жақ беті қатты зақымданған.

Бұл жарылысты әлі ешкім жауапкершілігіне алған жоқ. Египетте шетелдіктерге мұндай шабуыл соңғы рет бір жылдан аса уақыт бұрын жасалған.

2011 жылы болған жаппай көтерілістер мен саяси өзгерістен соң елге келетін туристер саны күрт азайған. Бұл туризмнен біраз пайдаға кенеліп отырған Египет экономикасына кері әсер етті.

Сириядан әскерін әкететін АҚШ "қаруын күрдтерге қалдыруы мүмкін"

Сириядағы АҚШ әскерилері. Көрнекі сурет.

Сириядан әскерилерін әкетер алдында АҚШ қару-жарағын күрдтерге тастап кетуі мүмкін. АҚШ әскері қолбасшылығының мұндай жоспарды талқылап жатқанын дереккөздеріне сілтеме жасап, Reuters хабарлады.

Күрдтерге берілуі мүмкін қару ішінде бронетехника, миномет және танкке қарсы зымыран кешені бар. Ақпарат агенттігінің дереккөздері "қаруды қалдыру туралы талқы енді басталды, бірақ таяу арада ұсынысты АҚШ президенті Дональд Трампқа таныстырады" деген.

19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғыстағы "тарихи жеңістен кейін" барлық америкалық әскерилер "отанына қайтады" деп мәлімдеген.

"Біз ИМ-ді жеңдік, оларды талқандап, кәдімгідей күйреттік. Қазір әскеріміздің үйге оралатын уақыты келді" деген Трамп.

Оқи отырыңыз: Трамп АҚШ әскері Сириядан шығатынын жариялады

Әскерді шығару жоспарын АҚШ Конгресінде республикашылдар да, демократтар да сынады. Трамптың мұндай шешімінен соң Пентагон басшысы Джеймс Мэттис отставкаға кетті.

Reuters "АҚШ қару-жарағын күрдтерге тастап кетсе, бұл күрдтерді террорист санайтын Түркияның наразылығын тудыруы мүмкін" деп жазады.

Киев сепаратистерді "уақытша бітім келісімін бұзды" деп айыптады

Көрнекі сурет.

Украина Донбассты "жаңа жыл алдындағы ымыраластық келісімін бұзып жатыр" деп айыптады. Киевтің мәліметінше, "тыныштық режимі" орнаған алғашқы күннің өзінде сепаратистер Донецктегі Железное ауылында тұрақтаған үкімет әскеріне гранатометпен атқылаған.

Украина билігінің мәлімдеуінше, тәулік ішінде сепаратистер 11 рет оқ атқан. Киев "оның екеуі Минск келісімінде тыйым салынған қарудан атылған" дейді.

Бір украин әскериі жараланған.

Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы басшылығы, керісінше, "Украина әскерилерінің бір тәулікте 17 рет оқ атқанын" айтады.


Жаңа жыл алдындағы уақытша бітім 29 желтоқсанға қараған түні күшіне енген. Ұрысты тоқтата тұру бастамасын Германия мен Франция президенттері қолдады.

Қақтығыс басталғалы Донбасста тыныштық режимі 25 рет жарияланған. Бірақ екі тарап үнемі бірін-бірі "келісімді бұзды" деп айыптап келеді.

Қамауда отырған белсенді Қайырлы Омардың соққыға жығылғаны хабарланды

Белсенді Қайырлы Омар.

Астанада азаматтық белсенді Қайырлы Омардың соққыға жығылғаны хабарланды. Мұны оның жақын туысы растады.

Қайырлы Омар Астана қаласы тергеу сотының шешімімен 16 қазанда екі айға қамалып, кейін бұл санкция тағы бір айға созылған.

Туыстары оны "СИЗО қызметкерлері соққыға жықты" деп күдіктенеді. Олар Астанадағы Қайырлы Омар отырған ЕЦ-166/1 мекемесінің маңында жүр.

- Басынан ұрған. Есірткі салып жіберген сияқты. Ештеңе көрмейді, ешкімді танымайды. Адвокатты екі сағат жібермей, кейін кіргізді. [Мекеме қызметкерлері "Қайырлы Омар] сізді көргісі келмей тұр" деді. Камерасына әзер кірді. Кірсе, басын ұстап жатыр дейді. Ешкімді танымайды. Прокуратураны шақырамыз. Алып кетуге тырысамыз, - деді туысы.

ЕЦ166/1 тергеу изоляторының өкілі Лаззат Сүлейменова мекеме басшылығы мен белсендінің туыстары кездесіп отырғанын айтты.

- Қазір туыстары, адвокаты мен қоғамдық қорғаушысы, тәуелсіз комиссия өкілдері қазір басшылықта кездесуде отыр. Жағдайды анықтап жатыр. Ұрып-соғу фактісі расталмады, соған қарамастан қоғамдық қорғаушылары тәуелсіз комиссия құрып, тексеруді талап етіп жатыр. Оны ешкім ұрып-соқпаған, денесінде ешқандай із байқалмайды, тіпті Қайырлы Омардың өзі де өзін ешкім ұрмағанын айтады, - деді изолятор өкілі.

Қайырлы Омар – астаналық белсенді. Биыл 11 мамырда болған митинг кезінде ұсталып, "полицияға бағынбады" деген айыппен үш күн абақтыға қамалған.

Мұнан бөлек ол - "КСПК Азат шаңырағы" пәтер иелері кооперативінің жетекшісі.

Бұл кооператив қарауына Астананың Қосшығұлұлы көшесіндегі №14 үй өткен. Бұл үйдің тұрғындары төрт жыл бұрын сот арқылы "Тұрмыс" компаниясының басқаруынан бас тартқан, бірақ компаниямен қарым-қатынасы соңына дейін реттелмей, дау сотта қаралған.

Компания оны "жала жапты және абыройы мен қадыр-қасиетіме тіл тигізді" деп сотқа берген. Іс былтыр желтоқсанда тоқтатылған.

Қайырлы Омар Азаттық тілшісіне өзіне қарсы істі "саяси тапсырыс" деп атап, сотқа берген адамға "әлдебір құрылымдар қысым көрсетіп жатқанын" мәлімдеген.

Грузия тұрмыстық қылмысқа тағайындалатын жазаны ауырлатты

Көрнекі сурет.

28 желтоқсанда Грузияда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тағайындалатын жазаны ауырлататын заң жобасы күшіне енді. Енді мұндай қылмыс жасаған адамға екі жылға дейін (бұрын бір жылға дейін еді) түрме жазасы кесіледі.

Қорғау ордерін бұзған адам бұрынғы заң бойынша, алғашқыда – әкімшілік, қайталаса қылмыстық жауапқа тартылатын. Жаңа заңға сәйкес, енді бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Отбасында жасалған қылмыс я зорлық-зомбылық ауыр жағдай ретінде қаралады.

Оқи отырыңыз: Алматыда "күйеуінің қолынан өлген" әйелдің туыстары наразылық танытты

Кәмелет жасына толмаған баланың көзінше жасалған отбасылық, алаулау сипаты бар қылмыс түріне жаза ауырлады. Қылмыстың гендерлік сипатына қарай да жаза ауырлай береді.

Грузия құқық қорғаушылары 2017 жылы парламентке жыныстық бопсалау туралы заң жобасын жіберіп, әкімшілік, қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді талап еткен. Олар "Грузиядағы салт-дәстүрдің әсерінен әйелдердің мұндай жағдайға өзінше реакция танытуы қиын" деп санайды.

Сүлейменов доллардың қымбаттауын "АҚШ саясатынан" көреді

Көрнекі сурет.

Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов соңғы уақытта АҚШ долларының неге қымбаттап жатқанын түсіндірген. Бұл туралы қазақстандық inform.kz агенттігі жазды.

Үкімет отырысынан соң ол "Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, бұған (доллар курсының өсуін айтады) Федералды резерв жүйесінің пайыздық ставканы өсіруі әсер етті. АҚШ саясатының өзі – америкалық заңнама құзыретінің, бағалы қағаздарының инвестициялық тартымдылығын арттыруы – төлем балансы мен долларға әсер етеді" деген.

Оның сөзінше, мұндай саясат басқа валюталарға кері әсер етіп отыр.

"Доллар өсті ме, қалғандары төмендейді. Бұған қоса мұнай бағасы да құбылып тұр: бірде шарықтайды, бірде құлдырайды. Бұл да доллар курсына әсер етпей қоймайды" дейді Сүлейменов.

Видео: Биыл Қазақстан экономикасы қалай өзгерді?

"Қазақстан кедей елдердің қатарынан әлі шыққан жоқ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:17 0:00

29 желтоқсанда Қазақстанның қор биржасындағы таңғы сауда кезінде бір доллар құны 383,46 теңгеге жетіп, кешегімен салыстырғанда 3 теңгеге қымбаттаған. Алматы мен Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 382-385 теңгеден сатылып жатыр.

Ресейде жасөспірімдерді шеруге тартқаны үшін жазалайтын болады

Полиция қызметкерлері Мәскеуде рұқсат етілмеген наразылық акциясына шыққан жасты ұстап жатыр. 12 маусым 2017 жыл.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин кәмелеттік жасқа толмағандарды рұқсат етілмеген наразылық акцияларына, шерулерге тартқаны үшін әкімшілік жаза шарасын енгізу туралы заңға қол қойды.

Заңда жасы 18-ге толмағандардың қатысуымен өткен рұқсат етілмеген көпшілік жиындарды ұйымдастырған азаматтарға 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау жазасы және 50 мың рубль (720 долларға жуық) айыппұл салу қарастырылған. Дәл осындай әрекеті үшін енді лауазымды тұлғаларға 100 мың рубль (1 140 доллар), заңды тұлғаларға— 500 мың рубль (7 200 доллар) айыппұл салынады.


Ресейдің түрлі қалаларында соңғы бірнеше жылда үкіметке қарсы шерулерге, соның ішінде оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған қарсылық акцияларына мыңдаған жасөспірім қатысқан.

Заң жобасы авторларының мәлімдеуінше, бұл құжат балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келуден қорғауы тиіс.

Жыл басында Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздік органдарына жастарды рұқсат етілмеген шерулерге тартатын топтардың әрекетіне "батыл тойтарыс" беруді тапсырған.

Меркель мен Макрон Ресейден украин теңізшілерін босатуды талап етті

Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Франция президенті Эммануэль Макрон.

Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейден қарашаның соңында Қара теңізде Украинаның үш кемесін ұстаған кезде тұтқындаған украин әскерилерінің барлығын ешқандай шартсыз дереу босатуды талап еткен.

Ангела Меркель мен Эммануэль Макронның жұма күні жарияланған бірлескен мәлімдемесінде украин теңізшілері "алдағы мейрамды өз отбасыларымен бірге қарсы алуы" тиіс делінген. Мәлімдемеде Ресейден Керчь бұғазы арқылы өтетін барлық кемелердің қауіпсіздігін, еркін және кедергісіз өтуін қамтамасыз етуді талап еткен және Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегіндегі адам құқықтарының жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірген.

Меркель мен Макрон Украина мен Донбастағы Ресей қолдайтын сепаратистер арасында жасалған "жаңажылдық бітімді" құптаған және Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу жөніндегі Минск келісімінің барлық баптарының жүзеге асатындығына үміт білдірген.


Ресей Қара теңізде ұстаған Украинаның 24 әскери қызметкері қазір Мәскеудегі тергеу абақтысында қамауда отыр. Ресей билігі оларға «мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен» деген айып таққан. Адвокат Николай Полозовтың хабарлауынша, қамалғандардың барлығы өздерін әскери тұтқын деп тануды талап еткен.

Тағы

XS
SM
MD
LG