Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Экология вице-министрі: Ауадағы зиянды қалдықтардың төрттен бірін Теміртау шығарады

Теміртау тұрғыны Елена Варганова (сол жақта) экология мәселесіне арналған жиында сөйлеп тұр. Теміртау, 31 қазан 2019 жыл.

Қазақстанда ауадағы зиянды қалдықтардың 24 пайызы немесе 305 мың тонна өнеркәсіп қалдығын Теміртау шығарады. Бұл деректі 31 қазанда Теміртауда экология мәселесіне арналған жиында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Примкулов айтты.

Шенеуніктің айтуынша, қалада зиянды қалдықтардың басым бөлігін "АрселорМиттал Темиртау" шығарады. Үкімет өкілдерінің түсіндіруінше, ауаның қатты ластануына тазарту құрылғыларының дұрыс істемеуі және табиғатты тазарту шараларының уақытында өтпеуі себеп.

- Аймақта 17 ірі жер қойнауын пайдаланушы бар. Қалдықтың төрттен бірін Қарағанды облысы шығарады. "Арселордың" ("АрселорМиттал Темиртау" - ред.) айтуынша, қалдық заттар азая бастағанмен ауа сапасы жақсармай отыр, - деді экология министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Жиынға қатысқан қала белсенділерінің айтуынша, қазіргі кезде ауаны ластайтын компанияларға құрылғыларын жаңартудан гөрі айыппұл төлеу оңайырақ. Экология министрлігі жаңа экологиялық кодекс әзірлеп жатқанын айтып, бұл құжат компанияларды фильтр орнатып, жаңа технология енгізуге жетелейді деді.

Металлургия комбинаты ғана емес, Қарағанды аймағында шахтерларға да жұмыс беретін "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин компания ауаға шығатын қалдықтарды азайтуға күш салып отыр деді.

- Шаң-тозаңды негізінен аглоөндіріс, ТЭЦ ПВС және ТЭЦ-2 шығарады. Біз құрамында күкірт мол кездесетін мазуттан бас тартайық деп отырмыз. Бұған қоса, Қарағандыдағы көмір бассейнінде жұмыс істеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек, бұл көмірден көп күл шығады. Табиғи газға көшкен кезде мәселені шешеміз. Ал Костенко атындағы, "Абай" шахталарының жағдайы не болады? Оларды жабуға тура келе ме? Ол халыққа қалай әсер етеді? - дейді "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин.

Теміртаудағы жиынға қатысқан жергілікті эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Украина мен Қазақстанда істейтін АМТ-ның (үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі) екі металлургиялық зауыты осы компанияның басқа елдердегі комбинаттарына қарағанда көбірек қалдық шығарады.

Жиын соңында ғана сөйлеуге мүмкіндік алған тұрғындар ауаны ластаушы компаниялар төлейтін айыппұл облыстық бюджетке емес, Теміртау бюджетінде қалып, жергілікті экологиялық мәселелерге жұмсалуы тиіс деді. Олар ауадағы зиянды заттардың мөлшерін көрсететін онлайн-мониторинг ашу мәселесін де қозғады. Тұрғындар "халық нені жұтып отырғанын білуі тиіс" деді.

- Адамдар Теміртаудан бірінші кезекте экологияға байланысты қашады. Экология бұл әлеуметтік мәселе. Ақшасыз ешнәрсе істей алмаймыз. Егер компания төлеген айыппұл мөлшері яғни, төрт миллиард теңге қала экологиясына жұмсалған болса, қаламызда жасыл-желек көп болушы еді. Ақша Теміртау бюджетінде қалсын, экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалсын, - деді Теміртау белсендісі Елена Варганова.

Жиын соңында сөйлеген тұрғындар қала экологиясы туралы эмоцияға беріліп сөйледі. Олар шенеуніктерге өткен қыста жауған қара қар туралы да айтты.

Оқи отырыңыз: "Қара қар" шуынан кейінгі экология жоспары

Тұрғындардың бәрі сөйлеп үлгермеді. Шенеуніктер жиын регламентін алға тартып, ұзаққа созылған жиында "уақыт тапшы болды" деумен болды.

"Хизб ут-Тахрирға" қатысы бар деп айыпталған Шалабаев ісінде куәгерлер сұралды

Айыпталушы Бекжан Шалабаев Алатау аудандық сотында. Алматы, 31 қазан 2019 жыл.

31 қазанда Алматының Алатау аудандық сотында "терроризмді насихаттады" және тыйым салынған ұйым "Хизб ут-Тахрирға қатысы бар" деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасты. Бірінші топ мүгедегі Бекжон Шалабаев бұған дейін елден кетпеу туралы қолхат берген. Ол сотқа өздігімен келіп жүр. Бұл іс бойынша сот қазақ тілінде өтіп жатыр.

31 қазанда өткен сот отырысында Шалабаев пәтерін тінту кезінде айғақ болған екі куәгерден сұрақ-жауап алынды. Оның бірі орыс тілінде жауап бергісі келгенімен судья Талғат Мақұлов "оның ана тілі қазақ тілі" екенін ескертіп, қазақ тілінде жауап беру қажеттігін айтты. Куәгер судьяның талабын орындады.

Іс бойынша негізгі сұрақтардан бөлек, судья Мақұлов пен прокурор Жандос Сәуірбаев куәгерлерден "ұмытшақ" бола бастауының себебін сұрады. Прокурор Сәуірбаев одан "неге тінту кезіндегі бір жағдай есіңізде, бір жағдай есіңізде емес, уақыттан басқа бұған қандай фактор әсер етті?" деп сұрады. Куәгерлер не деп жауап берерін білмей, "есімізде жоқ" деген сөзді қайталай берді. Оларға сұрақ қойған судья Мақұлов "жауап беруден бас тартқаны" үшін де заң бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылғанын айтып ескертті. Ал олар жауапкершілікті сезініп, жауап беріп тұрғанын айтты.

Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі 17 қазанда басталған. Алғашқы сот процесінде прокурор Жандос Сәуірбаев айыптау актісін оқыған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен келіспейтінін, бірақ "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше екенін айтты. Ол бұл ұйымға мүше болуды "қылмыс деп санамайды".

Сол күні айыпталушының ағасы Қуат Дүйсенбаев және әйелі Садакат Шалабаева жақынына қарсы куәгер болмау құқығын пайдаланып, сотта жауап бермеген.

Келесі сот отырысы 7 қарашада өтеді.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемейді, аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдайды.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы "діни экстремистік топ" деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.


Пәкістанда пойыз өртеніп, кемінде 73 адам қаза болды

Пәкістанда өртенген пойыз. 31 қазан 2019 жыл.

31 қазанда Пәкістанның орталық аумағында пойыз өртеніп, кемінде 73 адам қаза тапты деп хабарлады жергілікті билік.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, кемінде 65 адам өлді, 20-тан астам адам жараланды" деді Панжаб провинциясының денсаулық министрі Йасмин Рашид. Ол жаралылардың жақын ауруханаға жеткізілгенін айтты. Құтқару департаменті кейінірек қаза тапқандардың саны 73-ке жеткенін хабарлады.

Билік өкілдерінің дерегінше, жолаушылардың бірі қауіпсіздік ережесін бұзып, пойыз ішіне газ пешін апарып, тамақ әзірлеуге тырысқан, өрт содан тұтанған. Панжаб провинциясының оңтүстігіндегі Рахим Яр Хан қаласына жақындаған кезде пойыз жарылған. Қорғаныс министрлігі құтқарушыларға көмектесу үшін апат орнына әскерилер мен дәрігерлер жіберілгенін хабарлады.

Сарапшылар қаржы тапшылығы салдарынан Пәкістанның теміржол жүйесі әбден тозғанын айтады. Шілде айында пойыз апатынан - 11 адам, қыркүйек айында төрт адам қаза тапты.

БАҚ: Мозамбикте Ресейдің бес жалдамалы сарбазы өлді

Мозамбик сарбаздары. Көрнекі сурет.

Мозамбиктің солтүстігінде радикалды діни топтармен қақтығыста Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапты деп хабарлады құпия дереккөзге сүйенген Carta de Mocambique басылымы. Сарбаздар "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет еткен.

Басылым дерегінше, 27 қазанда Кабу-Делгаду провинциясында Ресей жалдамалылары жергілікті содырлардың қоршауында қалған. Қақтығыс кезінде үкімет әскерінің 20 сарбазы және Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапқан.

Олардың сүйектері Муеда қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Ресей билігі бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.

Мозамбиктің солтүстігінде үкімет күштері мен діни радикалды топтар арасында 2017 жылдан бері қақтығыс жалғасып келеді. Ресей мен Мозамбик 2015 жылы әскери-техника бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойған. Екі мемлекет арасында әскери әріптестік орнату туралы 2016 жылы қол қойылған келісім де бар. Алайда осы уақытқа дейін Мозамбикке ресми түрде әскерилер жіберілмеді.

Қазан айының басында Carta de Mocambique "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет атқарған бір сарбаздың содырлар шабуылы кезінде қаза тапқанын хабарлаған. Бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Мозамбикте Ресей әскері жоқ" деген.

Ресей 2014 жылдан бері Африканың 20-дан астам елімен әскери әріптестік туралы келісім жасасқан. Олардың арасында ОАР, Мали, Конго, Руанда, Мадагаскар бар. Орталық Африка республикасында "Вагнер" тобы жергілікті сарбаздарды даярлауға атсалысады.

Жемқорлыққа қарсы агенттік "Мәнізоров ісін" жабумен келіспейді

Бағдат Мәнізоров.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ісін жабу туралы бас прокуратура шешімімен келіспейді деді агенттіктің тергеу департаментінің төрағасы Қанат Сүлейменов. Бұл ақпаратты 31 қазанда Informburo және өзге бірқатар сайттар хабарлады.

Сәрсенбі, 30 қазанда бас прокуратура "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп мәлімдеген еді.

"Тергеу амалдары жүріп жатқан шақта бас прокуратура қылмыстық істі талап етіп, қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан істі тоқтатты. Біз бұл шешіммен келіспейміз және шағым түсіреміз. Қазір оны [шағымды] бас прокуратура қарап жатыр" деді Қанат Сүлейменов.

Бас прокуратура 30 қазанда істі қозғап, тергеу амалдарын жүргізген органға ескерту бергенін де хабарлаған еді. Қанат Сүлейменовтің айтуынша, агенттік ескертудің қаншалықты орынды екенін қарастырып жатыр. Оның айтуынша, екі адамның шағымынан кейін Мәнізоровқа байланысты іс қозғалған.

31 қазанда жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтың "жемқорлыққа" еш қатысы жоғын жеткізген.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Осы апта басында әуелі - жергілікті сайттар, кейінірек бас прокуратура Мәнізоровқа тағылған айыптардың алынғанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: "Мәнізоров ісіне" байланысты жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту берілді

Алматы облыстық әкімдігі 30 қазанда журналистерге Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады.

Мәнізоровтің үстінен қозғалған іс жайында ақпарат құралдарында түрлі мәіметтер тарады. "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын жариялады.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды.

Twitter саяси жарнамаға тыйым салады

Көрнекі сурет.

Twitter әлеуметтік желісі 30 қазанда платформада барлық саяси жарнамаға тыйым салатынын мәлімдеді. Компания басшылары мұндай сипаттағы жазбалар саудаға салынбауы тиіс деп санайды.

Twitter-дің бас директоры Джек Дорсидің айтуынша, жарнама берушілер үшін интернет-жарнама өте қуатты әрі тиімді құрал. Оларды кейде сайлаушыларға ықпал ету мақсатында пайдалануы мүмкін. Ал оның нәтижесі миллиондаған адамдардың өміріне әсер етеді.

Дорсидің пікірінше, интернеттегі саяси жарнама мәселесі қоғамда қызу талқыланып, сарапталуы керек. Оның ойынша, қазіргі демократиялық инфрақұрылым саяси мәлімдемелердің жаппай таралуының теріс әсерін жоюға шамасы жетпеуі мүмкіні.

Осы мәселені шешу үшін "кері шегіне тұру керек" деді ол.

Twitter-дің бәсекелесі Facebook желісі қазан айында саясат және түрлі кампанияларға қатысты жарнамаларды тексермейтінін мәлімдеп, өткір сынға ұшыраған. АҚШ-та 2020 жылы қараша айында өтетін президент сайлауы қарсаңында әлеуметтік желіні иеленген компанияларды БАҚ мен қоғам ерекше бақылап отыр.

Ресейде ауыр айып тағылған Қазақстан азаматы аштық жариялады

Виктор Филинков. Жеке мұрағаттан алынған.

Ресейде "Сеть" тобына қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталып, Санкт-Петербург қаласындағы тергеу изоляторында отырған Қазақстан азаматы Виктор Филинков аштық жариялады. Бұл ақпаратты "МБХ медиа" сайты хабарлады.

Филинковтың адвокатының сөзіне қарағанда, оның қорғауындағы азамат Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні саяси тұтқындарға осылайша қолдау білдіргісі келген.

"Айыпталушы ешқандай талап айтқан жоқ" деді адвокат.

"Сеть" деген атпен белгілі топтың мүшелерінің үстінен 2017 жылы күзде қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс бойынша, Пенза мен Санкт-Петербургте 11 адам қамауға алынған. Тергеу орындарының дерегінше, бұл топтың мүшелері Ресей президентінің сайлауы және футболдан әлем чемпионаты (2018 жылы Мәскеуде өтті) кезінде теракт жоспарлаған. "Қоғам тыныштығын бұзуға" тырысқан, "қарулы көтеріліс ұйымдастырғысы келген".

Төрт айыпталушы, олардың арасында Виктор Филинков та бар, бұған дейін "қылмысты мойындату" мақсатында өздерін азаптағанын, тергеу изоляторының жертөлесінде электрошокермен қинағанын айтқан. Бұл іс бойынша айыпталған бір азамат кейінірек куәгерлер қатарына өтіп, босап шықты. Ол Филинковтың әйелі сияқты жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап, Финляндияға кетіп қалды. Сол жақтан саяси баспана сұраған.

p>


Боснияның "адам өртеді" деп айыпталған бұрынғы сарбазы 20 жылға сотталды

Радомир Суснияр.

Босния-Герцеговина соты 1992-95 жылдар аралығында Босниядағы соғыс кезінде 57 адамды өртегені үшін Боснияның бұрынғы сарбазын 20 жылға соттады.

64 жастағы Радомир Суснияр (Лалко деген атпен де белгілі) "адам өртеуден" бөлек, ұрлық жасау және азаматтарды заңсыз қамау баптарымен айыпталған.

Коритник ауылына шабуылдан кейін ұсталған Боянияның бір топ мұсылмандарын әскерилер бір үйге қамап, сыртынан от қойған. Сот мәліметінше, Суснияр мен Боснияның өзге де серб сарбаздары үйден ешкім қашып кетпеуі үшін оқ атып, сес көрсеткен.

Ұзақ жыл Францияда тұрған Суснияр 2014 жылы ұсталып, Франция түрмесінде төрт жыл отырды. 2018 жылы Боснияға экстрадицияланды. 2012 жылы халықаралық сот дәл осындай қылмыс бойынша айыпталған босниялық ағайынды Милан және Средове Лукичке өмірлік жаза және 27 жыл түрме жазасын берген.


Facebook Ресейдің Африкадағы жаңа насихат тәсілдерін анықтады

Евгений Пригожин

Facebook әлеуметтік желісі Африкадағы Мозамбик, Камерун, Судан мен Ливия аумағында Ресейді насихаттайды деген үш желіні өшіріп тастады. Бұл ақпаратты The New York Times газеті таратты.

Facebook жойылған аккаунттардың нақты санын көрсетпесе де олардың "тролльдер фабрикасы" дейтін атпен жақсы таныс Ресейдің "Интернет-зерттеу агенттігімен" байланысы бар екенін айтқан. Агенттікті ресейлік және халықаралық БАҚ президент Владимир Путиннің жақын досы Евгений Пригожин қаржыландыратынын көптен бері айтып жүр. Бұған дейін АҚШ Пригожинге "сайлауға араласу ісі" бойынша санкция салған.

Facebook Ресейдің Африкадағы ықпал етуші кампаниясын Стэнфорд интернет-обсерваториясымен бірігіп анықтаған және оның 2016 жылғы АҚШ-тағы баламасына ұқсамайтынын байқаған. Яғни, араб тілінде жазылған хабарлама бірден түрлі елге тараған әрі фейк аккаунттардың көбін жергілікті тұрғындар ашқан. Facebook ол тұрғындарға белгілі бір сомада ақша төленген деп есептейді.

Бұдан бөлек АҚШ-тағы аккаунттар 2016 жылғы сайлау қарсаңында күніне 2,5 мың пост жазып отырса, Африкадағы аккаунттар қазан айында ғана 9 мың пост жариялаған. Олардың біразы аумақта Ресей саясатын дәріптеген және АҚШ пен Францияны сынап отырған.

Ресей Африкаға ықпалын бірнеше жылдан бері үнемі күшейтіп келеді. Ақпарат құралдары ол жақта "Вагнер" әскери компаниясы жұмыс істейтінін айтып жүр. Журналистер компанияны Евгений Пригожинмен байланыстырады.

Былтыр жазда Орталық Африка республикасында осы әскери компанияны зерттеуге барған ресейлік журналистерді белгісіз біреулер өлтіріп кеткен.

АҚШ конгресі Түркияға санкция салуды мақұлдады

АҚШ пен Түркия тулары. Көрнекі сурет.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Түркияға санкция салуды мақұлдады. Өкілдер палатасы президент Дональд Трампты Түркияның Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы жасаған әскери операциясына байланысты шектеу қоюға шақырды.

Резолюцияны палатаның басым бөлігі қолдады, олардың арасында республикашылдар да бар. Дегенмен Hill басылымының жазуынша, жаңа санкцияны сенаттың қолдай қоюы екіталай. Сенат мүшелері бұған дейін АҚШ-тың НАТО бойынша одақтасына мұндай шара қолданудың қаупі жайлы ескерткен.

Осыдан шамамен екі апта бұрын Трамп Түркияға шектеу қойған, бірақ Анкара әскери операцияны тоқтатуға келіскеннен кейін алып тастаған.

Түркияның сыртқы істер министрлігі бұған дейін АҚШ әрекетін айыптаған. Осы апта басында өкілдер палатасы Осман империясы кезіндегі армяндар қырғынын геноцид деп таныған. Түркия мұны "саяси мақсатқа жету үшін тарихты пайдалануға тырысу" деп атады.

Оқи отырыңыз: Өкілдер палатасы 1,5 миллион армянның қырылуын геноцид деп таныды

Адвокат: Қытайдан қашқан екі қазаққа "пана іздеуші" куәлігі берілді

Адвокат Бауыржан Азанов.

"Қытайдағы саяси қуғын-сүргіннен қашып, шекара бұзып өттік" деп мәлімдеген этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілді. Бұл туралы бүгін, 30 қазанда адвокат Бауыржан Азанов хабарлады.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы қазір Өскемендегі тергеу изоляторында отыр.

Азановтың сөзінше, "көші-қон полициясы бұл екі адамға куәлік берілгені жөнінде құжатқа қол қойған, бірақ куәліктер Мұсаханұлы мен Әлімұлының үстінен қозғалған іске тіркеліп, әзірге олардың қолына берілмейді".

Азаттық Шығыс Қазақстан облысының көші-қон полициясы басқармасына хабарласқанымен, жауап ала алмады.

Бұған дейін Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Ләззат Ахатова "пана іздеуші тұлға" мәртебесі сұраған азаматтарға міндетті түрде берілетінін айтқан. Заңгердің сөзінше, "мәртебе үш айға беріледі, әрі бұл мәртебені үш рет создыртуға болады".

Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекарадан заңсыз өткені" туралы ақпарат тараған болатын. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" мәлімдеген еді.

Дәл сол күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуін "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен ұстап, ертесіне Шығыс Қазақстан облысына әкеткен.

30 қазанда ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекара бұзу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және шекара қызметінің кейбір лауазымды қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылатынын мәлімдеген.

"Қытай экспансиясына" қарсы шыққан белсенділер босап шықты

Шымкенттегі наразылық акциясы. 5 қыркүйек 2019 жыл.

30 қазанда Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдіріп, бес тәулікке қамалған белсенділер Нұржан Мұхамедов пен Жанмұрат Аштаев босап шықты. Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты арнайы қабылдау орнынан Жанмұрат Аштаев - түске дейін, Нұржан Мұхамедов түстен кейін босатылды.

Өткен аптада қамаларының алдында сотқа күшпен жеткізілген Нұржан Мұхамедовтің сот залында денсаулығы нашарлап, дәрігерлер оны жедел жәрдеммен алып кеткен еді. Сол түні ауруханадан шыққан белсендіні полиция қайтадан сотқа апарып, ақырында бес тәулікке қамалған.

Жазасын өтеп шыққан Нұржан Мұхамедовтің Азаттыққа айтуынша, ауырсынғаннан әлі күнге дейін екі қолын көтере алмайды.

- Қолымда дәрігерлер жазып берген диагноз бар. Ертең емханаға барып, ем қабылдаймын. Шеруге шығып, қазіргі жүйеге қарсылық білдіру азаматтық парызым. Қанша рет қамаса да Қытай экспансиясына қарсылығымды тоқтатпаймын, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Сотқа күшпен жеткізіліп, "жараланған" белсендіні жедел жәрдем алып кетті

Ал Шымкент қалалық полиция департаменті Азаттыққа Мұхаммедов "жауапкершіліктен қашу үшін ауырдым деп сылтауратты" деп айтқан.

25 қазан күні Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қыркүйек айының басында "Қытай экспансиясына қарсы" митингіге қатысқан белсенді Жанмұрат Аштаевты да бес тәулікке қамаған.

2-3 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындар "Қытай жобаларына" қарсылық акциясын өткізді. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Шымкент және тағы басқа қалаларда жаңаөзендіктер талабын қолдаған акциялар өтті. Полиция бастапқыда акцияға қатысқандарды ұстамаса да, кейінірек олардың басым бөлігіне айыппұл салып, қамады.

Ауғанстан мен Ресей журналистер өлімі зерттелмейтін елдер тізіміне енді

Көрнекі сурет.

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) журналистер өлімі жиі кездесетін және қажетті деңгейде зерттелмейтін 13 елдің тізімін жариялады. Онда өзге елдермен қатар Ауғанстан, Пәкістан және Ресей де бар. Комитет сарапшылары бұл мемлекеттерде "қылмыс жасағандар жазасыз қалады, бұл әдетке айналды" деп бағалайды.

"Журналистерді қорғау комитеті" әзірлеген есепке сәйкес, 13 елдің кейбірінің "жағдайы тұрақты", кейбірінде "қақтығыс ошақтары бар".

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ұйымның жазуынша, 13 мемлекетте оқиғаны сыни тұрғыда сипаттауға тырысқан журналистердің үнін тұншықтыру үшін қылмыстық топтар, шенеуніктер және өзге де ықпалды тұлғалар күш қолданады, олардың зерттеуіне барынша кедергі жасауға тырысады,

​Комитет сарапшыларының пікірінше, журналистер өлімінің көп жағдайда зерттелмей қалуына жемқорлық, институттардың тиімсіз жұмыс істеуі, терең зерттеуге деген саяси ерік-жігердің болмауы себеп. Аталған рейтингіде бірінші орында Сомали, одан кейін Сирия, Ирак, Оңтүстік Судан, Филиппин аралдары және Ауғанстан тұр. "Алты журналистің өлімі зерттелмеген" Ресей рейтингіде 11 орында тұр.

Шыңжаңда туыстары қамауда отырған бір топ азамат биліктен көмек сұрады

Туыстары Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалған әйелдер жақындарының суреттерін ұстап тұр. Алматы, 30 қазан 2019 жыл.

"Туыстарымыз Шыңжаңдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде отыр" деген бір топ азамат 30 қазанда сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне барып, Қазақстан билігінен жақындарына араша түсуді сұрады. Солардың бірі Қарлығаш Сағатованың айтуынша, оның күйеуінің жиені 30 жастағы Балқаш Марқұпұлын Шыңжаң билігі 2018 жылы 25 желтоқсанда ұстап, лагерьге қамаған. Содан бері одан хат-хабар үзілген.

- Оны неліктен қамады, ешқандай хат-хабар ала алмай отырмыз. Балқаштың әкесі қайтыс болып кеткен. Жалғыз анасы ғана бар. Туған туысқандары жоқ. Анасының денсаулығы нашарлаған. Тіпті Қытайдың өзінде анасы баласынан толық хабар ала алмай отыр. Біз Қытайдағы туыстарымызбен ашық сөйлесе алмай отырмыз. Олармен байланыс үзілген. Баланың жазықсыз тұтқындалуына ашынып отырмыз, - деді Қарлығаш Сағатова Азаттық тілшісіне.

Ол сәуір айында билікке хат жолдап, мәселеге араласуын сұраған. Бірақ үш айдан кейін жауап берген билік өкілдері "басқа мемлекеттің құқығына қол сұға алмаймыз" деп айтқан. Қарлығаш Сағатованың айтуынша, Балқаш Марқұпұлы - Қытай азаматы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге бағытталған хатта Қарлығаш Асанова сияқты Шыңжаңдағы туыстарынан хат-хабар ала алмай отырған шамамен 40 адамның аты-жөні көрсетіліп, қолы қойылған. Хатта Шыңжаңдағы лагерьлерге сот шешімінсіз жазықтан-жазықсыз азаматтардың қамалып жатқаны, олардың балалары қараусыз қалғаны жазылған. "Шыңжаң өлкесі ашық түрмеге айналды" деп жазады хат авторлары.

"Туысқандарымыздың концентрациялық лагерьден, түрмеден бостандыққа шығуын, бізбен қалыпты қарым-қатынаста болуын, Қазақстан Республикасына көшіп келуіне кедергі жасамауын қатаң талап етеміз. Құзырлы органдардың Қытай билігінің ҚХР, ШҰАР да жүргізіп жатқан адамзатқа қарсы саясатын тоқтатуын талап етулеріңізді, халықаралық заңнамаларға сүйене отырып, жазалауды, біріге отырып, адам құқығын қорғауға атсалысуларыңызды өтінеміз" делінген хатта.

Хатты сыртқы істер министрлігінің өкілдігі ғимаратынан шыққан Н.С. Құдайбергенова Н.С есімді (аты-жөні айтылмайды) қызметкер қабылдап, жоғары жаққа жеткізуге уәде берді.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарды "саяси лагерьге" қамай бастағаны туралы хабар тараған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін қазан айының басында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" этникалық қазақ жоқ деп мәлімдеді. Бұған дейін Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауы мәселесімен айналысқан бірқатар ұйымдар министрдің сөзіне күмән келтірген.

Қырғызстанда Атамбаевтың бұрынғы көмекшісі жеті жылға сотталды

Икрамжан Илмиянов сот залында. Бішкек, 30 қазан 2019 жыл.

Бішкек қаласының Октябрь аудандық соты 30 қазанда Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илмияновті жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Сот 2017 жылғы президент кампаниясы кезінде 150 мың доллар көлемінде ақша жымқырды деп айыпталған Илмияновті кінәлі деп тапты. Ол тағылған айыптарды жоққа шығарды.

Сот бұған қоса, Илмияновтің мүліктерін кәмпескелеп, 160 мың сом (2,240 доллар) көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеді.

Жоғары инстанцияға жазған хатында Илмиянов өзінің кінәсі дәлелденбегенін, соттан дұрыс шешім шығаруды сұраған.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың кеңесшісі болған Икрамжан Илмиянов 2018 жылы қазан айында Ресейдің Татарстан республикасында ұсталып, кейінірек Қырғызстанға экстрадицияланған.

Сарапшылар Илмияновті Атамбаевтың ең жақын серіктерінің бірі деп санайды. Әуел баста Атамбаевтың жүргізушісі болған Илмиянов президент кеңесшісі қызметіне дейін өскен.

Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған 63 жастағы Алмазбек Атамбаев қазір Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр. Оған арнайы депутат комиссиясы алты айып артқан. Оның ішінде "Алмазбек Атамбаев аты-шулы қылмыскер Әзиз Батукаевты заңсыз босатуға араласты", "Бішкек жылу электр станциясын жаңарту кезінде және оған көмір жеткізу кезінде жемқорлыққа қатысты" деген айыптар бар. Алмазбек Атамбаев мұндай айыптаулардың артында саяси мақсат бар деп есептейді.

Ішкі істер министрлігіне тергеуге баруға бас тартқандықтан 7-8 тамызда Шу облысының Қой-Таш ауылында "бұрынғы президент Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп әкелу шарасы" өткен. Шара барысында арнайы қызмет өкілі қаза болып, 170-тен астам адам жараланды, 79-ы - полиция қызметкері.

Бас прокуратура "Мәнізоров ісі" туралы: Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту берілді

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов 30 қазанда Нұр-Сұлтанда журналистерге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп хабарлады.

- Қылмыс болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл істі қозғап, зерттеген органға ескерту берілді, - деді Ахметжанов.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Марат Ахметжановтың айтуынша, бас прокурор "заңды бұзған адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру туралы" сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту жасаған.

Сейсенбі, 29 қазанда жергілікті БАҚ адвокаттың сөзіне сүйене отырып, Мәнізоровтан барлық айып алынғанын хабарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірге түсініктеме бермеді.

Алматы облыстық әкімдігі 30 қазанда журналистерге Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады.

Мәнізоровтің үстінен қозғалған іс жайында ақпарат құралдарында түрлі мәіметтер тарады. "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын жариялады.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды.

Трамп ИМ басшысы әл-Бағдадидің "ізбасары" өлгенін растады

АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің "ізбасарының" өлгенін хабарлады. Трамптың пікірінше, әскери операцияның нәтижесінде өлген ДАИШ жетекшілерінің бірі әл-Бағдадидің ықтимал мұрагерлерінің бірі болған.

Трамп содырдың аты-жөнін атамады. Ол сонымен бірге операцияның жай-жапсарына да тоқталмады.

27 қазанда Дональд Трамп АҚШ әскерилерінің Сирияда арнайы операция өткізіп, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының жетекшісі әл-Бағдадидің өзін және жанында бірнеше баланы жарып жібергенін хабарлаған. Операция Сирияның Идлиб провинциясында өтті. Оған әуе және құрлықтағы әскер қатысқан.

Оқи отырыңыз: Трамп ДАИШ басшысы әл-Бағдадидің өлтірілгенін хабарлады

Ертесінде яғни, 28 қазанда Вашингтонда "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының баспасөз хатшысы Әбу Хасан әл-Мухаджирдің өлгені хабарланды. Оған қатысты операция Алеппо қаласында болған.

Қорғаныс министрлігі Сирияда Ресей сарбаздарына оқ жаудырды деген ақпаратты терістеді

Сирияның солтүстік-шығыс аумағында тұрған Ресейдің әскери техникасы. 23 қазан 2019 жыл.

29 қазанда Ресейдің қорғаныс министрлігі Сирияда "Ресей сарбаздарына оқ жаудырды" деген ақпаратты жоққа шығарды. Министрлік кішігірім жарылыс болғанын айтып, ешкімнің зардап шекпегенін мәлімдеді.

Бұған дейін күрдтердің Hawar агенттігіне сілтеме жасаған BBC Monitoring сайты Сирия-Түркия шекарасындағы ад-Дербасийя пунктінде түрік сарбаздары мен Ресей әскери полициясы арасында атыс болғанын хабарлаған. Агенттіктің жазуынша, соның салдарынан екі Ресей сарбазы, екі журналист және төрт бейбіт тұрғын жараланған.

Сирияның мемлекеттік САНА агенттігінің жазуынша, түріктер минометпен шекара бекетін атқылап, соның салдарынан алты адам жараланған.

Бұл ақпараттан соң Ресейдің қорғаныс министрлігі ешқандай атыс болмағанын хабарлады. 29 қазанда тараған министрлік мәлімдемесінде, Ресей мен Түркия әскерилерінің кездесуі алдында Ресей сарбаздарына тиесілі әскери техниканың жанында "белгісіз зат" жарылған. Одан ешкім зардап шекпеген. Бұл оқиғаға қарамастан екі тарап жоспарлы кездесуді өткізген.

Ділманов: "Шекара бұзуға жол берген" бөлім командирі қызметінен алынды

Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы. 14 қазан 2019 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Шығыс Қазақстан облысындағы "шекара бұзу" оқиғасына байланысты бірқатар лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

- Арнайы тергеу өтті. Кінәлілер жазаланады. Сарбаздар емес, бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Нақты санын айта алмаймын. [Зайсан шекаралық отрядында] Бөлім командирі қызметінен алынды, - деді 30 қазанда Нұр-Сұлтанда журналистер сұрақтарына жауап берген Дархан Ділманов.

Мұндай жағдайдың "өте сирек" кездесетінін айтқан Ділманов "заңбұзушылыққа" адам факторы да әсер еткенін айтты.

- Кемшілік болды. Көрші елдегі әріптестерімізді кінәлағанымыз дұрыс болмас. Бірақ олар да қателік жіберген сияқты, - деді ол.

Бұған дейін Шыңжаң өлкесінің этникалық қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекарадан заңсыз өткені" туралы ақпарат тараған болатын. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді.

"Баламды тастап келдім". ҰҚК Қытайдан қашқан екі қазақты ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

Дәл осы күні ҰҚК оларды "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен қамауға алып, ертесінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.

Оның адвокаты Ләззат Ахатованың айтуынша, жақын арада Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы оларға "пана іздеуші" мәртебесін беру мәселесін қарап, куәлік беруі тиіс. Оның түсіндіруінше, "пана іздеуші" - Босқын мәртебесін беру мәселесі қаралғанға дейін берілетін мәртебе. Үш айға берілетін бұл мәртебені үш рет создыртуға болады.

- Міндетті түрде берілетін мәртебе. Әзірге пана іздеуші куәлігі берілген жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселе қаралады, - деді ол 30 қазанда Азаттық тілшісіне.

Азаттық Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясынан нақты жауап ала алмады.

Оқи отырыңыз: Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына "пана іздеуші" куәлігі беріледі

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді қазанның 29-ына Нұр-Сұлтанда баспасөз жиынын өткізіп, биліктен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

ҰҚК шекара қызметі Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының үстінен Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігі, яғни "Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту" бабымен қозғалған іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Екеуі қазір Өскемендегі уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.


Украина Луганскіден әскерін әкете бастағанын хабарлады

ЕҚЫҰ қызметкерлері қару-жарақтардың сериялық нөмірін тіркеп жатыр. 29 қазан 2019 жыл.

Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Луганск облысы Золотое қаласынан Украина әскері жоспарлы түрде әкетіле бастағанын хабарлады.

- Золотое қаласынан бүгіннен бастап әскер әкетіліп жатыр, - деді Пристайко 29 қазанда Мариуполь қаласында өткен инвестициялық форум кезінде. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ бақылау миссиясының жұмысына байланысты процесс сәл кешігіп басталған. Әскерді әкету процесін ЕҚЫҰ миссиясы бақылайды.

Пристайконың айтуынша, Украина әскері Золотое қаласынан соң көршілес Петровское қаласынан да шығады.

Биыл мамырда қызметіне кіріскен Украина президенті Владимир Зеленский қазан айының басында "Штайнмайер формуласы" арқылы әскер әкетуге келіскен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Украина шығысындағы аймаққа "ерекше мәртебе беру туралы" заңды уақытша енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс "Штайнмайер формуласы" деп аталды. Бұған дейін Украинада наразылық шарасы өтіп, Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу мәселесінде "Ресейдің ығына жығылды" деп Зеленскийді айыптаған.


Өкілдер палатасы 1,5 миллион армянның қырылуын геноцид деп таныды

Вашингтондағы Капитолий сарайы. Көрнекі сурет.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 29 қазанда Осман империясы кезінде 1,5 миллион армянның қырылуын геноцид деп тану туралы резолюция қабылдады. Оған палатаның 405 мүшесі қолдап дауыс берді. 11 мүшесі қарсы болды.

Кейбір сарапшылар резолюцияның қабылдануы АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынасты онан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін деп топшылайды. Ресми Анкара Вашингтондағы елшісін қайтарады деген болжам бар.

Армения Осман империясы кезінде армяндарға геноцид жасалды деп санайды. Анкара бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің жетекшісі Элиот Энгел жылдар бойы дауыс беруге шығарылмаған резолюцияның қабылдануы және Түркияға экономикалық санкция салу туралы заң жобасы Анкараның соңғы әрекеті, оның ішінде Сирияда әскери операция бастау туралы шешіміне "жауап" екенін айтты.

АҚШ конгресіндегі Армения істері жөніндегі кокус дерегінше, АҚШ-тың 49 штаты 1915-1923 жылдар аралығында шамамен 1,5 миллион армян Осман империясынан жүйелі түрде озбырлық көрді деп санайды.

"Америка дауысының" жазуынша, соңғы он жылда АҚШ үкіметі Таяу Шығыс бойынша әріптесі, НАТО одақтасы Түркиямен қарым-қатынасты нашарлатып алудан қауіптеніп, бұл оқиғаны ресми түрде геноцид деп танудан қашқақтап келген. АҚШ сенатында армяндар қырғынын геноцид деп тану туралы демократ Роберт Менендес және республикашыл Тед Круз әзірлеген резолюция да бар. Алайда жақын арада оған қатысты дауыс беру жоспарланбаған. Дональд Трамп әкімшілігі резолюцияға қатысты пікірін айтқан жоқ.

20-ғасырдың басында Осман империясы кезінде қазіргі Түркия аумағында армяндардың жаппай қырылуын Армения мен әлемде бірқатар елдер "геноцид" деп бағалайды. Мұнымен келіспейтін Анкара "армяндар жоспарлы түрде емес, азаматтық соғыстың салдарынан құрбан болған" деген уәж айтады.

Оралда бұрынғы полицей жалғыз адамдық пикет өткізді

Бұрынғы полиция қызметкері Әлібек Ерғазиев. Орал қаласы, 29 қазан 2019 жыл.

Бұрынғы полиция қызметкері, "жұмысқа мас күйде келгені үшін" қызметінен босатылған Әлібек Ерғазиев 29 қазанда Орал облыстық соты ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол қолына "Әділ сотты талап етемін" ("Требую справедливого суда") деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Ерғазиев "жергілікті әкімдіктен пикетке рұқсат сұрап 70-тен астам рет өтініш бергенін, ешбір өтінішін қанағаттандырмағанын" айтады.

Екі жыл бұрын жұмыстан шығарылған Әлібек Ерғазиев өзін қызметтен "заңсыз қуды" деп санайды және мұны сот арқылы дәлелдегісі келеді.

- 2017 жылдан бері талап етіп келемін, әлі күнге бірде - бір сот отырысы өткен емес. Мені жұмыстан наркология диспансерінің анықтамасына сүйеніп шығарды. 2017 жылы жұмыс күні біте салысымен олар менің ағзамнан 0,4 промилль ішімдік тапқан. Бұл қалыпты мөлшер, тіпті ең төменгі мөлшерге де жетпейді, - дейді Әлібек Ерғазиев.

Облыстық сот ғимаратының алдына плакатпен акцияға шыққан бұрынғы полицей мәселеге сот төрағасы назар аударса дейді. Акция өтіп жатқан орынға Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Берік Таубаев келді. Ол Әлібек Ерғазиевке акцияның заңсыз екенін ескертіп, үйіне қайтаруға тырысты. Алайда Ерғазиев акцияны тоқтатпай, сот төрағасымен кездестіруді талап етті.

Әкімдік өкілі Берік Таубаев Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген жоқ. Шамамен бір сағаттан кейін Әлібек Ерғазиевті сот төрағасына шақырды.

Кейінірек Әлібек Ерғазиевтің өкілі Мақсат Айсауытов Азаттыққа облыстық сот төрағасы заңмен қарастырылған мерзімде шағымын қарастыруға уәде бергенін айтты.

- Бүгін №2 қалалық сотына судьялар мен наркология диспансері қызметкерлерінің үстінен шағым түсірдік. Жауабын 30 күн күтеміз, - деді Мақсат Айсауытов.


Белсенді Қайырлы Омар екі жылға түрме жазасына кесілді

Туыстарының сот үкімінен кейін белсенді Қайырлы Омармен қоштасып жатқан сәті. Нұр-Сұлтан. 29 қазан, 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты 29 қазанда "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омарды бас бостандығынан екі жылға айыру туралы үкім шығарды.

Азаттық тілшісінің қорғаушыларға сілтеме жасап хабарлауы бойынша оны айыптау бабы "өкілеттікті теріс пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 250-бабы) деп өзгертілді. Оған әуелде Қылмыстық кодекстің 189-бабындағы "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деген айып тағылған еді.

21 қазанда соттағы жарыссөз кезінде прокурор Қайырлы Омарды "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салғаны" үшін кінәлі деп тауып оған төрт жыл түрме жазасын сұраған болатын. Түрмедегі жазасын өтеген соң оған төрт жылға дейін басшылық қызметпен айналысуға да тыйым салуды сұраған. Прокурор сонда оған тағылған айыпты "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ірі көлемде талан-таражға салды немесе ұрлады" деп нақтылаған.

Тағылған айыпты мойындамаған Қайырлы Омар жылдан астам уақытша қамау абақтысында отырған. Оның өзі және жақтастары бұл істің саяси астары бар деп есептейді.

Үкім жарияланғанда сот залына жиналған адамдар оған өздерінің наразылығын білдіріп, «Масқара!» деп ұрандаған. Және судьяны қызметінен кетуге шақырған. Істі судья Элизавета Атчибаева қараған болатын.

Сейсенбі күні Қайырлы Омарды қолдауға ондаған адам жиналған. Сот басталғанға дейін де олар «Қайырлы Омарға бостандық!» деген ұран ұстап тұрған. Кейіннен оларды жеке бөлмеге енгізген. Бөлмеде сот залынан монитор арқылы трансляция жүргізілген. Алайда судьяның даусы нашар естіліп тұрған.

59 жастағы белсенді Қайырлы Омар қамауға алынғанға дейін "Азат шаңырағы" жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға "жөндеу жұмысы үшін төлеген 4 мың теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді" деген арызынан соң қозғалған.

Қайырлы Омар 2016-2017 жылдары жерді шетелдіктерге беру мәселесінде билікке наразылық білдірген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі "заңсыз" жерлерді Тоқаев та еске алды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 29 қазанда Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған отырыста Іле Алатауы ұлттық паркінде кезінде заңсыз берілген жерлерді қайтару қажетін мәлімдеді.

Қазақстанның ресми баспасөзінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Іле Алатауы ұлттық паркі басшылығының жеке тұлғаларға жерді заңсыз бергенін айғақтайтын фактілер бар екенін айтқан.

"Жеке тұлғаларға 20 гектардан астам 67 жер бөлігі заңсыз берілген. 58 жер телімінің 24-і мақсатсыз пайдаланылған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдікпен бірге әрбір фактінің мән-жайын анықтап, заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын" деді, - деп хабарлайды Қазақстан ақпарат агенттіктері.

Іле Алатауы паркінің аумағындағы заңсыз жер учаскелері мен құрылыстар және оларды қайтару туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұрын бірнеше рет айтқан.

2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Медеу» мұз айдына дейінгі шатқалдарға заңсыз құрылыстар жүргізіліп жатқанынын ескертіп, қаржы министрлігі, экономика министрлігі, төтенше жағдайлар комитетінен комиссия құрып, тексеру жайлы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовке тапсырған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты 2016 жылы Шымбұлақ шаңғы кешені мен әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағына салынған коттеджер құрылысы ашуландырғанын ресми баспасөз жазған еді.


Бағдат Мәнізоровқа тағылған айып алынғаны хабарланды

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа тағылған айып алынды. Бұл ақпаратты Бағдат Мәнізоровтың адвокаты Алмас Демесіновке сілтей отырып, tengrinews.kz ақпарат агенттігі таратты.

28 қазанда Бас прокуратура Бағдат Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатқаны жайлы құжаттың көшірмесі интернетте кеше пайда болған. Құжатта Мәнізоровқа тағылған айыптар қылмыстық құқық бұзушылық жоқтығына байланысты заңсыз саналғаны жазылған.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Мәнізоровтің үстінен қозғалған іс жайында ақпарат құралдарында түрлі мәіметтер тарады. "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын жариялады. Шенеунік көмекшісі журналистерге Мәнізоровтың тергеу изоляторында емес, ауруханада екенін айтқан. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Мәнізоровты үйқамаққа ауыстыру жайлы өтініш жасалғанын" хабарлаған еді.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды.


Тағы

XS
SM
MD
LG