Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

HRW: Қырым тұрғындарын әскерге шақырған Ресей халықаралық құқықты бұзып отыр

Қырымда әскери ант беріп жатқан сарбаздар. Көрнекі сурет.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Мәскеу аннексиялап алған Қырымда Ресей билігі тұрғындарды әскерге шақырып, халықаралық құқықты бұзып отыр деп мәлімдеді.

"[Қырымды] жаулап алған Ресейдің жергілікті тұрғындарды әскерге шақыруына құқығы жоқ, оның әрекеті халықаралық құқыққа қайшы. Ресей билігі сонымен бірге қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден бас тартқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартып, құқық бұзып жатыр" деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, IV Женева конвенциясына сәйкес, оккупация жасаған мемлекет жаулап алынған аумақ тұрғындарын қарулы немесе қосымша күштерде қызмет етуге мәжбүрлей алмайды.

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін жаулап алып, бақылау орнатты. Халықаралық қауымдастық Қырымды Украина аумағы деп санайды.

Мәскеу бұған қоса, Украина шығысындағы қарулы қақтығыс кезінде сепаратистерді қолдады. 2014 жылдың сәуір айынан бері бұл қақтығыстан 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Британ полициясы: Жүк көлігінде қаза тапқандардың барлығы - Вьетнам азаматы

39 адамның денесі табылған жүк көлігін полицейлер қоршап, қажетті орынға апара жатыр. Эссекс, 23 қазан 2019 жыл.

Британ полициясы 23 қазанда Лондонға жақын жерде жүк көлігінен денесі табылған 39 адамның барлығы Вьетнам азаматы екенін айтады.

"Вьетнам азаматтары қаза тапты деп ойлаймыз. Қазір Вьетнам үкіметімен байланыс орнатып отырмыз. Вьетнам мен Ұлыбританиядағы бірнеше отбасымен де байланыс орнаттық. Қаза тапқандардың кейбірінің туыстарын таптық деп ойлаймыз" деп жазды Эссекс полициясы бастығының көмекшісі Тим Смит Twitter желісінде.

Бұған дейін полиция Анлияның оңтүстік-шығысында жүк көліктен денесі табылған 39 адамның барлығы Қытай азаматы деп айтқан. Олардың 31-і - ер адам, сегізі - әйел.

Жүк көлігінің жүргізушісі Солтүстік Ирландияның 25 жастағы тұрғыны Морис Робинсонға полиция "адам саудасы" және "кездейсоқ адам өлтіру" баптары бойынша айып тақты. Тергеу дерегінше, Робинсон Бельгияның Зебрюгге портынан жеткізілген контейнерді Пурфлит портынан қабылдап алған. 1 қарашада іске қатысы болуы мүмкін тағы бір адам қамалды. Бұл іс бойынша Вьетнамда екі адам ұсталды.

Партия құратынын мәлімдеген Мамай қала аумағынан шыға алмай отырғанын айтты

Оппозициядағы белсенді, журналист Жанболат Мамай.

Жақында жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген белсенді Жанболат Мамай "билік аймақты аралап, жақтастарымызбен кездесуге мүмкіндік бермей отыр" деп айтты. Екі жыл бұрын шартты жазамен босатылған белсенді пробация қызметінің тыйымына байланысты Алматы қаласы аумағынан шыға алмай отырғанын хабарлады. Белсенді бұл сөзін 1 қарашада кешке Facebook желісінде болған тікелей эфир кезінде айтты.

Ол бастамашыл топпен бірге 2-8 қараша күндері Қазақстанның батыс өңірін аралап, жақтастарымен кездеспек болған. Бірақ 1 қарашада Қарасай аудандық пробация қызметі "қадағалау шаралары күшейгенін айтып, қаладан шығуға тыйым салған".

Белсендінің сөзінше, партия құратынын мәлімдегеннен кейін пробация қызметі бұрынғыдай айына бір рет емес, бес рет келіп, тіркелуді міндеттеген. Ол бұл шектеулерді қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады.

- Осы уақытқа дейін фильм түсіргенде де, өзімнің шаруаларым бойынша барған кезде де арызымды жазып, тіркеліп, ешқандай проблемасыз барып-келіп жүрдім. Ал қазір жібермей отыр, - деді Жанболат Мамай 1 қарашада Азаттыққа. ​

Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, сот Жанболат Мамайдың журналистік қызметпен айналысуына ғана тыйым салған. Ал қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алады. Адвокаттың сөзіне қарағанда заң бойынша егер Мамай басқа қалаға барса, Алматыдағы пробациялық бақылау қызметіне ескертіп, баратын жердегі пробациялық бақылауға тіркелуі тиіс.

- Оның қаладан шығуы проблема болмауы керек. Пробация қызметіне сапар жайлы айту - бұл ескерту сипатындағы нәрсе, - деді адвокат.

Оның айтуынша, пробация бақылауындағы адам "ереже бұзады" деген қауіп туындаса, мекеменің тіркелу процедурасын жиілетуге құқығы бар. Нақты жағдайда "Мамайды бес рет тіркетуге міндеттеу оның қоғамдық-саяси қызметімен байланысты болуы мүмкін" деп топшылайды.

Ал Қарасай аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрбол Мұхамедиев 1 қарашада Азаттық тілшісіне "егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, жұмысқа келіп, қойыңыз. Телефонмен жауап бере алмаймын" деп қысқа қайырды. Оның қабылдау бөлмесінде отырған қызметкер жазбаша сауалды Талдықорғандағы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолдауға кеңес берді.

Бұрын тәуелсіз "Трибуна" газетін басқарған журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Мұхтар Әблязовтан қаржы алды" деп айыпталып, шартты жазамен босатылған. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған. ​

Қазан айының ортасында Жанболат Мамай жаңа оппозициялық партия құратынын мәлімдеген кезде әлеуметтік желіде оның бастамасына байланысты түрлі пікір айтылды. Бірі Қазақстанда "шынайы өзгеріс жасағысы келетін оппозициялық партия пайда болады" деп қостап қуаттаса, бірі "биліктің кезекті жобасы" деп күмән келтірген.

Қазақстанда саяси-азаматтық белсенділік тұншықтырылып отыр деген құқық қорғаушылардың сөзімен билік келіспейді. Бұған дейін Азаттық тілшісімен әңгімеде Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың сараптамалық жұмыс басқармасының жетекшісі Динара Оспанова Қазақстанда "бәсекеге қабілетті азаматтық қоғамды" дамыту ісінде оң өзгерістер болып жатыр деп мәлімдеген. Қазақстанның билік өкілдері елде азаматтарды саяси себептер бойынша қудаламайды деп сендіреді.

Полиция әрекетіне шағымданған оппозициялық саясаткер соты өтпей қалды

Оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Алматы, 1 қараша 2019 жыл.

Президент сайлауына қатысты митингілер кезіндегі полиция әрекетіне шағымданып, өтініші қабылданбаған оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев Алматы қалалық сотына жеке шағым түсірді. Ол өзін ұстаған "полицияның әрекетін заңсыз" деп танудан бас тартқан №2 Алмалы аудандың сотының анықтамасының күшін жоюды сұрайды.

Тұрсымбаевтың жеке шағымы бойынша алғашқы сот отырысы 1 қарашада кешкі сағат 17.00-де өтуі тиіс болған. Бірақ сот басталмай тұрып сот қызметкерлері Тұрсымбаевқа хабарласып, судьяның ауырып қалғанын айтты. Саясаткерді қолдап, Алматы қалалық соты ғимаратының алдына жиналған жиырма шақты адам сот отырысының өтпейтінін білгеннен кейін үйлеріне тарасты.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің маманы Абай Жарылқасын Балташ Тұрсымбаевтың шағымын қарайтын судья "денсаулығына байланысты демалыс алды" деді. Соттың нақты қай күні өтетінін хабарлаған жоқ.

Оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев бұған дейін 12 маусымда өзін "заңсыз" ұстап әкеткені үшін Алматы қалалық полиция департаменті үстінен Алмалы аудандық сотына шағым түсірген. Бұл күндері Алматы мен Қазақстанның өзге қалаларында кезектен тыс президент сайлауына қатысты жаппай наразылық шаралары өтіп жатқан. 28 маусымда №2 Алмалы аудандық соты істі қараудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған. Саясаткер бұл ұйғарыммен келіспейді.

Ол полицейлер "заң бұзбасам да, дәмханада отырған жерімнен күшпен алып кетті" дейді.

- 12 маусымда митинг өткен Астана алаңының төменгі жағында жолдасыммен дәмханаға шай ішуге кірдік. Содан кейін екі полицей келіп, "ДВД-ға жүріңіз" деді. Екеуі екі жағымнан келіп, қолымды қайырып, дедектетіп алып кетті. Өзім барамын дегеніме де қарамады, - дейді қалай ұсталғанын айтқан саясаткер.

Оның айтуынша, полицейлер өзін бөлімшеде тергеп, төрт сағаттан кейін ғана босатқан. Ешқандай хаттама толтырмаған. Ол сот "полицейдің әрекетіне әділ баға берсе" дейді.

9-13 маусым аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтанда ресми дерек бойынша, рұқсат етілмеген митингіге қатысқан төрт мың адам ұсталды. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсталғандар мен жазаға тартылғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Наразылар кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына күмән келтіріп, әділ сайлауды талап етті.

Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

Бұған дейін де Қазақстанның түкпір-түкпірінде азаматтар полицейлердің сол кездегі әрекетіне шағымданған. 13 маусымда ішкі істер министрлігі "митинг кезінде полицейлер заңға сай әрекет етті" деп мәлімдеді.

Митингілерге қатысқан Орал тұрғынын "полицейге бағынбады" деп айыптады

Орал қалалық әкімшілік соты.

Оралда билікке қарсы митингілерге қатысып, жалғыз адамдық пикет өткізген қала тұрғыны Әлия Әбілқайырованы "полицейге бағынбады" деп айыптап отыр. Әкімшілік кодекстің 667-бабы бойынша қозғалған әкімшілік іс бойынша 1 қарашада өткен алғашқы сот отырысы ұзаққа созылған жоқ.

Әбілқайырова адвокаты бүгінгі сотқа келе алмағандықтан сот отырысын 7 қарашаға ауыстыруды сұрады. Судья Ернар Халықов бұл өтінішті қабылдап, сот отырысын келесі аптаға белгіледі. Сот отырысына шамамен 20 адам келді. Олардың арасында белсенділер. құқық қорғаушылар, журналистер болды.

Әлия Әбілқайырованың айтуынша, осыдан екі апта бұрын полиция қызметкерлері жұмысқа кетіп бара жатқан жерінен алып кетпек болған кезде ол көлікке отырмай қойған. Осы оқиғадан кейін оның үстінен әкімшілік іс қозғалған.

- Оқиға 18 қазанда болды. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанмын, кенет бірнеше адам келіп, маған жабылып, жерге жатқызды. Айналада жүрген адамдар назар аударып, көмектессін деген ниетпен айқайлай бастадым. Бұлар қылмыскерлер екен деп ойлап қалыппын. Сол кезде полиция формасындағы адамдар полиция бөлімшесіне баруымды талап етті. Мен оларға аты-жөнін айтып, құжаттарын көрсетіп, шақырту қағазын тапсыруды сұрадым, бірақ олар мұны орындаған жоқ. Мені бір жаққа әкетуге тырысты, ал мен оған қарсылық көрсеттім. Ақырында бәрібір мені алып кетті, тек полиция бөлімшесіне апарғаннан кейін ғана олардың полиция қызметкерлері екенін білдім, - дейді Әлия Әбілқайырова.

Оның айтуынша, полиция бөлімшесінде рұқсат етілмеген акцияға қатысу заңсыз екенін ескерткен. Қазақстан заңнамасы бойынша, митинг өткізу үшін азаматтар жергілікті атқару органдарынан рұқсат алуы тиіс, алайда әкімдік белсенділердің акция өткізу туралы өтініштерін қанағаттандыра бермейді.

Әбілқайырова өзінің үстінен әкімшілік іс қозғалғанын Абай аудандық полиция бөлімшесіне 31 қазанда барған кезде "кездейсоқ" біліп қалған.

- Полиция қызметкерлері не үшін жұмысқа келіп жүр, соның себебін білейін деп барғанмын. Сүйтсем, сот күнін де белгілеп қойған, хаттаманы кеше ғана (31 қазан) қолыма тапсырды, мен онда жазылғандармен келіспеймін деп қол қойдым, - дейді Әлия Әбілқайырова.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Әлия Әбілқайырова 18 қазанда "полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті" деп хабарлады. Департаменттің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша қозғалған қылмыстық істі зерттеп жүрген тергеушінің тапсырмасымен Әбілқайырованы бөлімшеге жеткізбек болған кезде ол полицейлерге "қарсылық көрсеткен".

667-бап бойынша 50 500 теңге (шамамен 130 доллар) немесе бес күнге дейін қамау жазасы қарастырылған.

Украина СІМ жаңа "тұтқын алмасу" операциясы жайлы айтты

Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко.

Ресей мен Украина бұдан былай "бірге бір" принципі бойынша "тұтқын алмаспайды" және оның масштабы да айтарлықтай ірі болмайды деді Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко жергілікті ТСН телеарнасына берген сұхбатында.

Пристайконың айтуынша, қазір жаңа тізім жасалып жатыр, бірақ оған қандай да бір кедергі болмауы үшін мәселе жабық қаралады. Киевтің айтуынша, норман төрттігі форматы бойынша өтетін алдағы саммиттің "тұтқын алмасуға" қатысы жоқ. Бұл кездесудің қашан өтетіні де белгісіз.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі Мәскеу мен Киев "тұтқын алмасу" мәселесін тағы талқылап жатыр деп хабарлаған. Қыркүйек айында Ресей мен Украина бір-біріне 35 тұтқынды (жалпы саны 70) тапсырған. Осы операция аясында Украинаға режиссер Олег Сенцов, өткен жылы қараша айында Керчь бұғазында ұсталған теңізшілер оралды.

Бұған қоса, Пристайко сұхбатта Минск келісімінің шарттары орындалуы үшін және Донбастағы жағдай реттелуі үшін ресейшіл сепаратистер жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларын тарату керек деп айтқан. Оның айтуынша, Киев осыны талап етіп отыр.

"Новая жизнь" шіркеуі басшыларына шығарылған сот үкімі күшіне енді

Судья Ержан Кененбаев (ортада) Айман Омарованың түсірген шағымы бойынша шығарылған сот қаулысын түсіндіріп тұр. Алматы, 1 қараша 2019 жыл.

1 қарашада судья Ержан Кененбаевтың төрағалық етуімен Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "Новая жизнь" шіркеуінің бұрынғы басшыларына шығарылған сот үкімді қайта қарады. Апелляциялық шағымды шіркеудің бұрынғы басшылары Максим Максимов, Людмила Максимова және Сергей Заикиннің құқығын сотта қорғаған адвокат Айман Омарова түсірген.

"Алаяқтық", "денсаулыққа қасақана зиян келтіру", "заңсыз бірлестік құрып, оның қызметіне қатысу" баптары бойынша айыпталған "Новая жизнь" шіркеуінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шілде айында шыққан. Сот Максим Максимовты - бес жылға, Людмила Максимова мен Сергей Заикинді - әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айырып, сырттай соттаған. "Елде қуғын көрдік" деп есептейтін Қазақстанның үш азаматы 2018 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Сот бұған қоса, шіркеу қызметкерлерінің "қылмыстық жолмен алынған" мүліктерін кәмпескелеп, Максимовқа діни ұйымдарға жетекшілік етуге тыйым салған.

1 қарашада сот алқасы алғашқы инстанцияда шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарып, сот үкімі бірден күшіне енеді деді. Судья Ержан Кененбаев сот үкімін кассацияға беруге болатынын да айтты.

Прокурор Алтынбай Боранбаева алғашқы сот инстанциясында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, сот алқасынан сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Болат Омаров "Новая жизнь" шіркеуінің жәбірленушілерге орасан материалдық және моральдық шығын келтіргенін айтып, тіпті кейбірінің өмірін "астан-кестең етті" деді. Адвокат апелляциялық соттан сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Адвокат Айман Омарова өзі қорғап отырған азаматтардың әрекетінен "қылмыстық құрам" табылмағанын айтып, сот үкімінің негізсіз екенін жеткізді. Ол апелляциялық шағымында алғашқы сот инстанциясында жіберілген елеулі процессуалдық құқық бұзушылықтарды санамалап көрсеткен.

Сот отырысынан кейін Айман Омарова Азаттыққа сот үкімін кассацияға беру қажеттігін, алайда мұны өзі қорғап отырған азаматтар шешетінін айтты. Ал жәбірленушілердің адвокаты Болат Омаров Азаттық тілшісіне кассациялық шағым түсірмейтінін айтты.

Шілде айында Алматы қалалық соты "Новая жизнь" пасторларына үкім шығарғаннан кейін "қылмыстық іс қозғауға діни себептердің қатысы жоқ" деген ақпарат таратты. Сот хабарламасында "Қылмыстық іс қозғауға бірнеше азаматтың шіркеу қызметкерлерінің діни уағыз кезінде тыйым салынған психотерапевтік әдістер қолдануынан өз мүлкін шіркеу иелегіне өткізгендерін айтып, арыз жазуы себеп болды" деп жазылған.

Ал тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан пасторлар сот үкімін Алматыдағы "Новая жизнь" шіркеуін көп жыл бойы қудалаудың заңды жалғасы деп атаған. Қазір АҚШ-та тұрып жатқан пасторлар "Новая жизнь" өкілдерін қудалауды шіркеуге жүздеген қазақтың баруымен байланыстырады. Олардың пікірінше, бұл исламның ханафи мазхабы мен сүннит тармағын және орыстың православ шіркеуін қолдайтын билікке ұнамайды, сондықтан Қазақстан билігі соңғы жылдары дәстүрлі емес діни ағымдарға қысым көрсетеді деп санайды.

Маңғыстау облысында мұнайшылар жалақыны өсіруді талап етті

Маңғыстау облысының картасы.

Маңғыстау облысында Солтүстік Бозащы кенішін игерумен айналысатын Buzachi Operating Ltd компаниясының 180 жұмысшысы 31 қазанда жалақыларын 100 мың теңгеге (шамамен 257 доллар) өсіруді талап етті.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Сүлейдің айтуынша, 31 қазанда жұмысшылар жұмыс беруші компания өкілдерімен кездескен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононецтің хабарлауынша, бұл "жоспарлы" кездесу болған.

"Жиналыс кезінде жұмысшылар жалақыларын 100 мың теңгеге өсіруді талап етті" деді Кононец.

Жұмыс беруші компания өкілдері жұмысшыларға "бұл мәселе акционерлермен кездесу кезінде қарастырылады" деп айтқан. Жергілікті әкімдік пен министрлік кеніште жұмыс тоқтамағанын айтады. Министрлік өкілінің айтуынша, жиналыс бір сағатқа созылған.

"Түскі үзілістен кейін жұмысшылар жұмысқа кірісті" деді Александр Кононец.

Бейсенбі, 31 қазанда интернетте тараған видеодан кездесуге көп жұмысшының қатысқаны көрінеді. Видеода бір адам шетелдік жұмыс берушілердің жұмысшылар талабын орындамай отырғанын айтады.

Азаттық тілшісі Buzachi Operating Ltd компаниясына хабарласқанмен жауап ала алмады. Көрші "Қаражанбас" мұнай кенішінде істейтін аты-жөнін атамаған қызметкер Азаттыққа ереуілге Buzachi Operating Ltd бөлімшесі жұмысшыларының басым бөлігі қатысқанын, тек инженер-техник мамандар қалыс қалғанын айтты.

Солтүстік Бозащы кенішін игерумен айналысатын Buzachi Operating Ltd компаниясының акциясы қытайлық CNPC және Sinopec компанияларына тиесілі. Кеніш Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының солтүстік-шығысына қарай 250 шақырым жерде орналасқан.

Соңғы бірнеше айда Қазақстанның мұнайлы батыс аймағында бірнеше ереуіл болған, кейбірінде жұмысшылар мен жұмыс берушілер келісімге келе алған.

Маңғыстау облысында Қарақұдықмұнай және Солтүстік Бозащы кеніштеріндегі ұңғымаларды жөндеумен айналысатын халықаралық "СИНОПЭК Қазақстан" мұнай сервистік компаниясының Ақтау бөлімшесінің ондаған жұмысшысы 24 қыркүйекте жалақыларын жүз пайызға көбейтуді талап еткен.

20 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қаражанбас кенішінде "Мобил сервис групп" компаниясының 160-тан астам жұмысшысы жалақыларын кемінде екі есеге көбейтуді талап етіп, жұмысын тоқтатқан.

Қазан айында Ақтөбеде "Восток нефть и сервисное обслуживание" компаниясы бірнеше аптаға созылған жұмысшылар наразылығынан кейін кәсіпорында ең ауыр жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың жалақыларын өсіруге келіскен.

Тоқаев өзінің күйеу баласын Қазақстанның Болгариядағы елшісі етіп тағайындады

Қазақстанның Болгариядағы жаңа елшісі Теміртай Ізбастин (ортада).

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің күйеу баласы Теміртай Ізбастинді Қазақстанның Болгариядағы елшісі етіп тағайындады.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Теміртай Рымтайұлы Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды" делінген жұма, 1 қарашада жарияланған Ақорда хабарламасында.

Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сәйкес, 61 жастағы Теміртай Ізбастин - Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастинаның күйеуі. Ол 2009 жылы Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық өкілдігінің жетекшісі болып тағайындалған. Дипломатия саласында 1994 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қазақстандық БАҚ 2013 жылы Тоқаевтың ұлы Тимур және Ізбастиннің ұлы Мұхамед Атырау облысында шикізат игерумен айналысатын "Аби Петролеум Кэпитал" мұнай компаниясының құрылтайшылары екенін жазған.

Жұма, 31 қазанда Қазақстанның өзге елдердегі елшілерінің де ауысқаны белгілі болды. Қазақстанның Қытайдағы жаңа елшісі болып Ғабит Қойшыбаев болып тағайындалды. Ол 2015 жылдан бері осы қызметті атқарған, қазан айында сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған Шахрат Нұрышевтің орнын басқан. Қойшыбаев бұған дейін президент әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыс бөлімі жетекшісінің орынбасары болған.

47 жастағы Қойшыбаев әр жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде түрлі қызмет атқарған. Елде наразылық өршіген тұста Қазақстанның Қытайдағы елшісі ауысып отыр. Қыркүйек айында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай экспансиясына" қарсы митингілер өтті. Наразылар Қытаймен қарым-қатынасты шектеуді, Қытай зауыттарын жабуды талап етті. Олар бұған қоса, Пекиннің Шыңжаңда аз ұлттарға жасап отырған қысымын айыптап, этникалық қазақтардың "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамалуын сынады.

2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған. Ал қамауда болған тұтқындар бұл орындардың түрмеге ұқсайтынын, онда азаптау мен қысым барын айтады.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстанның Латвиядағы елшісі болып Тимур Пірімбетов тағайындалған. Ол Виктор Темірбаевтың орнын басқан.

АЕ/АР: Тәжікстан билігі журналистердің жұмысына кедергі келтіріп отыр

Азаттықтың Тәжік қызметінің қызметкерлері. 23 қазан 2019 жыл.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловқа хат жолдады. Онда корпорация басшысы тәжік билігінің Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) кейбір журналистеріне аккредитация бермеуін, кейбіріне "жартылай рұқсат беруін" сынаған. Флай билік "ұйымның Тәжікстанда миссиясын атқаруға кедергі келтіріп отыр" деп мәлімдеді.

Тәжікстан билігі аккредитация мерзімінің бітуіне бір күн қалғанда Озоди радиосының жеті журналисінің жұмыс істеуіне "жартылай рұқсат беріп", үш ай және алты айға аккредитация берген. Ал қалған 11 журналистің аккредитация мерзімін ұзартпай қойған.

"Жартылай рұқсат беру - Тәжікстан заңына қайшы, заң бойынша [аккредитация] бір жылға беріледі" деді Джейми Флай.

Медиакорпорацияның президенті Азат Еуропа/Азаттық радиосы Тәжікстанда тәуелсіз ақпарат таратуға қатысты туындаған қысымға көнбейді деп мәлімдеп, сыртқы істер министрлігін Озоди радиосының барлық журналистерін шұғыл аккредитациядан өткізуге шақырды.

Бұған дейін АҚШ сенатының төрт мүшесі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның атына хат жазып, Озоди радиосы тілшілерінің аккредитация ала алмауына алаңдаушылық білдірген. Олар бұл оқиға "тәжік-америка қатынасының тұрақтылығына әсер етуі мүмкін" деп топшылаған.

Оның алдында АҚШ конгресінің өкілдер палатасының мүшелері, штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитеті, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир, Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ ұлттық қауымдастығы, Тәжікстанның БАҚ жөніндегі кеңесі Озиди радиосын қолдап, мәлімдеме жасаған.

Биыл тамыз айында Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) корпорациясы Тәжікстан билігінен сол елдегі тілшілеріне аккредитация беруді және оларға қысым жасауды тоқтатуды талап еткен болатын. АЕ/АР президенті Джейми Флай Тәжікстандағы баспасөз бостандығының ахуалына байланысты алаңдаушылық білдірген.

Озоди радиосы - Тәжікстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ-тың бірі. Озоди радиосының YouTube және Facebook желілеріндегі арналары Тәжікстандағы ең танымал арналар қатарына кіреді.

"Әділ сөз": Қазақстанда тілшілерге кедергі келтіру сипаты түрленіп барады

Азаттықтың түсірілім тобының камерасын газетпен жауып, журналистер жұмысына кедергі келтіріп тұрған белгісіз адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау қоры "Қазақстанда тәуелсіз журналистер жұмысына кедергі келтіру жиіледі" деп мәлімдеді. Қор президенті Тамара Калееваның айтуынша, Қазақстанда тілшілерге кәсіби міндетін атқарған кезде кедергі келтіргендер сирек жазаға тартылады.

"Әділ сөздің" журналистер берген деректерге негізделіп жасаған есебіне қарағанда, 2000-2019 жылдары тілшілер жұмысына кедергі келтіру бойынша 820 факт тіркелген.

"Тілшілер полицияға – 37 рет, прокуратураға – төрт рет, жоғарғы инстанцияларға 13 рет қана шағым түсірген. Сотқа екі журналист шағынған" дейді Калеева.

Қор президенті "заң жүзінде журналистер қорғалғанымен іс жүзінде тілшілердің қорғансыз" екенін айтады.

- Қазақстандағы ахуал Сириядан жақсы шығар. Бірақ бұл мамандықты Қазақстанда қауіпсіз деп айтуға келмейді. Журналистерді қорқытады, жала жауып, үстерінен іс қозғайды, жекелеген азаматтар абыройыма нұқсан келтірді деп арыз түсіріп, қатты тұқыртады. Тілшіні соққыға жығып, техникасын сындыру да бар. Бір топ адам түсірілімге әдейі кедергі келтіреді. Тілшіге тосқауыл келтірудің түрі көп және жыл сайын сипаты түрленіп келеді, - дейді Калеева.

Қарай отырыңыз: Қолшатырлы адамдардың журналистерге кедергісі (31 қазан 2019 жыл).

Қолшатырлы «белгісіз адамдардың» журналистерге кедергісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Биыл 22 шілдеде бір топ әйел Алматыдағы адам құқығы жөніндегі бюро кеңсесінде жоспарланған баспасөз мәслихатын өткізуге кедергі жасап, жиынға барған журналистерге шабуылдаған болатын. Олар журналистердің кәсіби аппаратурасын сындырып, бір бөлігін тартып алып кеткен де еді. Әлгі әйелдер сол жиынға барған Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайыновқа да шабуылдаған. Олар Азаттық тілшілерінің денесін көгертіп, тырнап тастаған еді. Адвокат Айман Омарова әйелдерді жауапқа тартуға байланысты істі билік әлі күнге "сөзбұйдаға салып отыр" деп мәлімдеген.

Бірнеше халықаралық ұйым мен қазақстандық қоғам өкілдері журналистер қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, билікті "мұндай арандатулар мен зорлық-зомбылық іс-әрекеттеріне жол бермеуге, әр оқиғаны мұқият тексеруге" шақырған.

Қазақстан билігінің дерегі "Әділ сөз" есебіндегі көрсеткіштен басқаша. Бас прокуратураның құқықтық статистика мен арнайы есеп комитетінің есебінде 2019 жылдың алты айында журналистер жұмысына кедергі келтіру бойынша екі іс тіркелген. Комитет дерегінде "бір іс сотқа жіберілген" деп көрсетілгенімен, "сотқа түскен іс жоқ" деп жазылған.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде журналистер жұмысына кедергі келтіргені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Ресейдің "зиянды ықпалы" туралы айтты

АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразиямен қарым-қатынас жөніндегі көмекшісі міндетін атқарушы Филип Рикер

Кремль әрекетінен Ресей де, Украина азаматтары да зардап шегіп отыр деді АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразиямен қарым-қатынас жөніндегі көмекшісі міндетін атқарушы Филип Рикер. Ол бұл пікірін Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында айтты.

Рикер сұхбатта Ресейді "Украина шығысында соғыс өртін тұтатты" деп кінәлап, оның Украинадағы "басқыншылық әрекетін" сынады. Мемлекеттік хатшының көмекшісі Украина шығысындағы Донбасты "Ресейдің зиянды ықпалына ұшыраған" аймақтар қатарына қосты. Рикер қарулы қақтығыс кезінде аймақта мыңдаған адам өлгенін еске салды.

"Олар [Кремль] Минскі процесі аясында қақтығысты тоқтату амалын табамыз деген, бұл міндетті орындамады. Қашан орындар екен деп күтіп жүрміз" деді дипломат.

Ол "Ресей азаматтары да, Украина азаматтары да Ресей билігінің әрекеттерінен зиян шегіп отыр" деп есептейді. "Осы сияқты қауіпті қимылдарына куә болғымыз келмейді" деді Филип Рикер.

Украина шығысындағы соғыстың жалғасып жатқанына бес жыл болды. Киев пен Батыс Ресейді сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Мәскеу қақтығысқа тікелей араласып жатқанын жоққа шығарады.

Жалғыз адамдық пикет өткізген белсенді қамаудан босап шықты

Асхат Жексебаев Тәуелсіздік монументінің алдында тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

Алматыда "саяси тұтқындарды қолдау" акциясына қатысып, он күнге қамалған белсенді Асхат Жексебаев 31 қазанда түстен кейін сағат 16.00 шамасында қамау орнынан босап шықты. Оны сыртта он шақты белсенді қарсы алған. Жексебаев бұған дейін Алматыдағы Республика алаңында екі аптадан астам уақыт жалғыз адамдық пикет те өткізген.

- Бірер күн бұрын Арбаттағы акцияға байланысты қамалған Ноян, Айдос есімді жігіттер бостандыққа шыққан. Дүйсенбі, 4 қарашада тағы бес жігіт бостандыққа шығуы тиіс, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Асхат Жексебаев айтқан бес жігітті полицияның 26 қазан күнгі митингі қарсаңында "бір үйге жиналған жерінен ұстап әкеткені" хабарланған еді. Құқық қорғаушылар олардың кейбірінің "соққыға да жығылғанын" айтқан. Бірақ полиция бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Алматыдағы Республика алаңында "саяси тұтқындарды босатуды" талап етіп, жалғыз адамдық пикеттер өткізген Асхат Жексебаев акциясын 4 қазанда бастаған. Ол 16 қазанда Арбатта болған "саяси тұтқындарды" қолдау акциясына да қатысқан. 22 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімішілік соты оны және Арбаттағы акцияға қатысқан тағы екі белсендіні әкімшілікке жазаға тартты.

ВИДЕО: 11 күннен бері "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп жүрген белсенді

11 күннен бері "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп жүрген белсенді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының 26 қазанға белгіленген митингісі қарсаңында бірнеше қалада белсенділер ұсталып, "бұрынғы митингілер үшін" әкімшілік жазаға тартылды.

26 қазанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте полиция "митингі орындарында" ондаған адамды ұстады. Митингі кезінде полиция қарапайым азаматтарға күш қолданды. Ұсталғандардың кейбірі "Қытай экспансиясына" қарсылық танытып, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті. ІІМ Алматы мен Нұр-Сұлтанда 26 адам ұсталғанын хабарлады. Кейбір құқық қорғаушылар "ресми орындардың нақты дерек келтірмей отырғанын" айтып, шын мәнінде бұдан әлдеқайда көп адам ұсталғанын жеткізді.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін жиын бостандығына қатысы бар заңдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бірнеше рет шақырған. Халықаралық практика бойынша, бейбіт жиын өткізгісі келетіндер биліктен рұқсат сұрауы міндетті емес, жиын өткізетіні жайлы ескертсе жеткілікті.

Ақтөбеде белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Белсенді Әлібек Молдин.

Ақтөбеде белсенді Әлібек Молдиннің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Белсендінің айтуынша, 31 қазан күні кешке Ақтөбе қалалық сотының маманы қылмыстық іс қозғалғанын телефонмен хабарлаған.

- Менің үстімнен ҚР Қылмыстық қодексіндегі 131-баптың 2-бөлігі («Қорлау» бабы) бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Сот кабинетіндегі мәліметтерге қарағанда, шағымданушы - әйел адам. Аты-жөніне қарап тани алмадым. Меніңше, бұл азаматтық ұстанымымды, белсенділігімді ұнатпайтын биліктің маған қарсы ойлап тапқан кезекті амалы, - дейді Әлібек Молдин.

Белсенді Әлібек Молдиннің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Ақтөбе полициясы да растады. Бұған дейін әлеуметтік желіде Молдиннің үстінен «полиция қызметкері арыз түсіргені» жайлы хабарлама тараған. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Молдиннің үстінен шағымданған полиция қызметкері емес, қарапайым қала тұрғыны» деді Ақтөбе полициясының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық соты Молдиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы 7 қарашада өтетінін айтты.

Молдиннің айтуынша, соңғы 1,5 жылда оның үстінен үш рет әкімшілік іс қозғалып, үш рет қамауға алынған. Уақытша тергеу изоляторына алғашында бір тәулікке қамалған Молдин кейінірек - үш тәулікке, соңғы рет бес тәулікке қамалған.

«Бір қызығы, осы әкімшілік істердің бәрі митингілер қарсаңында қозғалып, митингілер қарсаңында қамалдым» дейді Молдин.

Венгрия Путин кеткеннен кейін НАТО-ның Украина бойынша мәлімдемесін қолдады

Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто.

Венгрия НАТО-ның Украина бойынша мәлімдемесін қолдады. Украинаның Закарпатье аймағында тұратын венгр қауымдастығының ұсыныстары ескерілгеннен кейін Будапешт осындай шешім қабылдаған. Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто "ұсыныстарымыз соңғы сәтте ескерілді", сол себепті Будапешт НАТО елшілерінің ортақ мәлімдемесін қолдады деді.

Венгрияға Ресей президенті Владимир Путиннің сапары басталған кезде Будапешт бұл құжатта "венгр қауымдастығының мүддесі ескерілмеген" деп вето қойған еді. Венгрия "Украина батысында тұратын 150 мың этникалық венгрдің мүддесін құрбан етуге дайын емес" деп мәлімдеген.

Украинада биыл тіл туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін Будапешт пен Киев арасындағы қарым-қатынас ушыққан. Бұл заң барлық билік органдары мен қоғамдық орындарға мемлекеттік тіл - украин тілін қолдануды міндеттейді. Бірақ бұл ереженің жеке қауымдастықтарға қатысы жоқ.

Венгрия жаңа заң Закарпатьеде тұратын венгр қауымдастығының құқығына нұқсан келтіруі мүмкін деп қауіптенген. Будапештің пікірінше, бұл Еуроодақтың негізгі принциптері мен Украинаның Еуропамен жасасқан қауымдастық туралы келісіміне қайшы. Ал Киев "Украина аз ұлттардың құқықтарының қорғалатынына толық кепіл бола алады және "Тіл туралы" заң олардың украин қоғамында рөлін арттыруға мүмкіндік береді" деді.

ИМ әл-Бағдадидің өлгенін растады

Әбу Бәкір әл-Бағдади.

"Ислам мемлекеті" террористік тобы ұйымның бұрынғы жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлгенін растады. Бұл ақпаратты ұйымға жақын Amaq агенттігі хабарлады.

27 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскерилерінің Сирияда арнайы операция өткізіп, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының жетекшісі әл-Бағдадидің өзін және жанында бірнеше баланы жарып жібергенін хабарлаған. Операция Сирияның Идлиб провинциясында өтті. Оған әуе және құрлықтағы әскер қатысқан. Бағдади жасырынған үйді әскерилер оның айналасындағы адамдардың көмегімен анықтаған.

АҚШ қорғаныс министрлігі сәрсенбі, 29 қазанда алғаш рет әскери операциядан түсірілген суреттер мен видеокадрларды жариялады. Олардың бірінде арнайы жасақ өкілдерінің әл-Бағдади жасырынды делінген ғимаратқа жақындап келе жатқаны байқалады. Тағы бір кадрда АҚШ әуе-әскери күштерінің ұшағы жиһадшыларды атқылайды. Бұған қоса, ұйым жетекшісі жасырынды делінген үйге бомба тасталғаннан кейін ғимараттың өртеніп жатқаны көрінеді.

Әбу Бәкір әл-Бағдади 1971 жылы Ирактың Саммарре қаласында дүниеге келген. Дін ілімін меңгерген. 2004 жылы америка әскерилеріне қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынған. Кейінірек босатылып, жиһадшыларға қосылған. Көп ұзамай оның жетекшісі болды. 2014 жылы өзін "барлық мұсылмандардың халифімін" деп жариялады. Оның жетекшілік етуімен "Ислам мемлекеті" террористік тобы Ирак пен Сирияның бірқатар аумағын басып алды, терактілер ұйымдастырды.

Экология вице-министрі: Ауадағы зиянды қалдықтардың төрттен бірін Теміртау шығарады

Теміртау тұрғыны Елена Варганова (сол жақта) экология мәселесіне арналған жиында сөйлеп тұр. Теміртау, 31 қазан 2019 жыл.

Қазақстанда ауадағы зиянды қалдықтардың 24 пайызы немесе 305 мың тонна өнеркәсіп қалдығын Теміртау шығарады. Бұл деректі 31 қазанда Теміртауда экология мәселесіне арналған жиында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Примкулов айтты.

Шенеуніктің айтуынша, қалада зиянды қалдықтардың басым бөлігін "АрселорМиттал Темиртау" шығарады. Үкімет өкілдерінің түсіндіруінше, ауаның қатты ластануына тазарту құрылғыларының дұрыс істемеуі және табиғатты тазарту шараларының уақытында өтпеуі себеп.

- Аймақта 17 ірі жер қойнауын пайдаланушы бар. Қалдықтың төрттен бірін Қарағанды облысы шығарады. "Арселордың" ("АрселорМиттал Темиртау" - ред.) айтуынша, қалдық заттар азая бастағанмен ауа сапасы жақсармай отыр, - деді экология министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Жиынға қатысқан қала белсенділерінің айтуынша, қазіргі кезде ауаны ластайтын компанияларға құрылғыларын жаңартудан гөрі айыппұл төлеу оңайырақ. Экология министрлігі жаңа экологиялық кодекс әзірлеп жатқанын айтып, бұл құжат компанияларды фильтр орнатып, жаңа технология енгізуге жетелейді деді.

Металлургия комбинаты ғана емес, Қарағанды аймағында шахтерларға да жұмыс беретін "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин компания ауаға шығатын қалдықтарды азайтуға күш салып отыр деді.

- Шаң-тозаңды негізінен аглоөндіріс, ТЭЦ ПВС және ТЭЦ-2 шығарады. Біз құрамында күкірт мол кездесетін мазуттан бас тартайық деп отырмыз. Бұған қоса, Қарағандыдағы көмір бассейнінде жұмыс істеп жатқанымызды ұмытпауымыз керек, бұл көмірден көп күл шығады. Табиғи газға көшкен кезде мәселені шешеміз. Ал Костенко атындағы, "Абай" шахталарының жағдайы не болады? Оларды жабуға тура келе ме? Ол халыққа қалай әсер етеді? - дейді "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының бас директоры Вадим Басин.

Теміртаудағы жиынға қатысқан жергілікті эколог Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Украина мен Қазақстанда істейтін АМТ-ның (үндістандық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі) екі металлургиялық зауыты осы компанияның басқа елдердегі комбинаттарына қарағанда көбірек қалдық шығарады.

Жиын соңында ғана сөйлеуге мүмкіндік алған тұрғындар ауаны ластаушы компаниялар төлейтін айыппұл облыстық бюджетке емес, Теміртау бюджетінде қалып, жергілікті экологиялық мәселелерге жұмсалуы тиіс деді. Олар ауадағы зиянды заттардың мөлшерін көрсететін онлайн-мониторинг ашу мәселесін де қозғады. Тұрғындар "халық нені жұтып отырғанын білуі тиіс" деді.

- Адамдар Теміртаудан бірінші кезекте экологияға байланысты қашады. Экология бұл әлеуметтік мәселе. Ақшасыз ешнәрсе істей алмаймыз. Егер компания төлеген айыппұл мөлшері яғни, төрт миллиард теңге қала экологиясына жұмсалған болса, қаламызда жасыл-желек көп болушы еді. Ақша Теміртау бюджетінде қалсын, экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалсын, - деді Теміртау белсендісі Елена Варганова.

Жиын соңында сөйлеген тұрғындар қала экологиясы туралы эмоцияға беріліп сөйледі. Олар шенеуніктерге өткен қыста жауған қара қар туралы да айтты.

Оқи отырыңыз: "Қара қар" шуынан кейінгі экология жоспары

Тұрғындардың бәрі сөйлеп үлгермеді. Шенеуніктер жиын регламентін алға тартып, ұзаққа созылған жиында "уақыт тапшы болды" деумен болды.

"Хизб ут-Тахрирға" қатысы бар деп айыпталған Шалабаев ісінде куәгерлер сұралды

Айыпталушы Бекжан Шалабаев Алатау аудандық сотында. Алматы, 31 қазан 2019 жыл.

31 қазанда Алматының Алатау аудандық сотында "терроризмді насихаттады" және тыйым салынған ұйым "Хизб ут-Тахрирға қатысы бар" деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасты. Бірінші топ мүгедегі Бекжон Шалабаев бұған дейін елден кетпеу туралы қолхат берген. Ол сотқа өздігімен келіп жүр. Бұл іс бойынша сот қазақ тілінде өтіп жатыр.

31 қазанда өткен сот отырысында Шалабаев пәтерін тінту кезінде айғақ болған екі куәгерден сұрақ-жауап алынды. Оның бірі орыс тілінде жауап бергісі келгенімен судья Талғат Мақұлов "оның ана тілі қазақ тілі" екенін ескертіп, қазақ тілінде жауап беру қажеттігін айтты. Куәгер судьяның талабын орындады.

Іс бойынша негізгі сұрақтардан бөлек, судья Мақұлов пен прокурор Жандос Сәуірбаев куәгерлерден "ұмытшақ" бола бастауының себебін сұрады. Прокурор Сәуірбаев одан "неге тінту кезіндегі бір жағдай есіңізде, бір жағдай есіңізде емес, уақыттан басқа бұған қандай фактор әсер етті?" деп сұрады. Куәгерлер не деп жауап берерін білмей, "есімізде жоқ" деген сөзді қайталай берді. Оларға сұрақ қойған судья Мақұлов "жауап беруден бас тартқаны" үшін де заң бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылғанын айтып ескертті. Ал олар жауапкершілікті сезініп, жауап беріп тұрғанын айтты.

Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі 17 қазанда басталған. Алғашқы сот процесінде прокурор Жандос Сәуірбаев айыптау актісін оқыған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен келіспейтінін, бірақ "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше екенін айтты. Ол бұл ұйымға мүше болуды "қылмыс деп санамайды".

Сол күні айыпталушының ағасы Қуат Дүйсенбаев және әйелі Садакат Шалабаева жақынына қарсы куәгер болмау құқығын пайдаланып, сотта жауап бермеген.

Келесі сот отырысы 7 қарашада өтеді.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемейді, аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдайды.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы "діни экстремистік топ" деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.


Пәкістанда пойыз өртеніп, кемінде 73 адам қаза болды

Пәкістанда өртенген пойыз. 31 қазан 2019 жыл.

31 қазанда Пәкістанның орталық аумағында пойыз өртеніп, кемінде 73 адам қаза тапты деп хабарлады жергілікті билік.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, кемінде 65 адам өлді, 20-тан астам адам жараланды" деді Панжаб провинциясының денсаулық министрі Йасмин Рашид. Ол жаралылардың жақын ауруханаға жеткізілгенін айтты. Құтқару департаменті кейінірек қаза тапқандардың саны 73-ке жеткенін хабарлады.

Билік өкілдерінің дерегінше, жолаушылардың бірі қауіпсіздік ережесін бұзып, пойыз ішіне газ пешін апарып, тамақ әзірлеуге тырысқан, өрт содан тұтанған. Панжаб провинциясының оңтүстігіндегі Рахим Яр Хан қаласына жақындаған кезде пойыз жарылған. Қорғаныс министрлігі құтқарушыларға көмектесу үшін апат орнына әскерилер мен дәрігерлер жіберілгенін хабарлады.

Сарапшылар қаржы тапшылығы салдарынан Пәкістанның теміржол жүйесі әбден тозғанын айтады. Шілде айында пойыз апатынан - 11 адам, қыркүйек айында төрт адам қаза тапты.

БАҚ: Мозамбикте Ресейдің бес жалдамалы сарбазы өлді

Мозамбик сарбаздары. Көрнекі сурет.

Мозамбиктің солтүстігінде радикалды діни топтармен қақтығыста Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапты деп хабарлады құпия дереккөзге сүйенген Carta de Mocambique басылымы. Сарбаздар "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет еткен.

Басылым дерегінше, 27 қазанда Кабу-Делгаду провинциясында Ресей жалдамалылары жергілікті содырлардың қоршауында қалған. Қақтығыс кезінде үкімет әскерінің 20 сарбазы және Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапқан.

Олардың сүйектері Муеда қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Ресей билігі бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.

Мозамбиктің солтүстігінде үкімет күштері мен діни радикалды топтар арасында 2017 жылдан бері қақтығыс жалғасып келеді. Ресей мен Мозамбик 2015 жылы әскери-техника бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойған. Екі мемлекет арасында әскери әріптестік орнату туралы 2016 жылы қол қойылған келісім де бар. Алайда осы уақытқа дейін Мозамбикке ресми түрде әскерилер жіберілмеді.

Қазан айының басында Carta de Mocambique "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет атқарған бір сарбаздың содырлар шабуылы кезінде қаза тапқанын хабарлаған. Бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Мозамбикте Ресей әскері жоқ" деген.

Ресей 2014 жылдан бері Африканың 20-дан астам елімен әскери әріптестік туралы келісім жасасқан. Олардың арасында ОАР, Мали, Конго, Руанда, Мадагаскар бар. Орталық Африка республикасында "Вагнер" тобы жергілікті сарбаздарды даярлауға атсалысады.

Жемқорлыққа қарсы агенттік "Мәнізоров ісін" жабумен келіспейді

Бағдат Мәнізоров.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ісін жабу туралы бас прокуратура шешімімен келіспейді деді агенттіктің тергеу департаментінің төрағасы Қанат Сүлейменов. Бұл ақпаратты 31 қазанда Informburo және өзге бірқатар сайттар хабарлады.

Сәрсенбі, 30 қазанда бас прокуратура "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп мәлімдеген еді.

"Тергеу амалдары жүріп жатқан шақта бас прокуратура қылмыстық істі талап етіп, қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан істі тоқтатты. Біз бұл шешіммен келіспейміз және шағым түсіреміз. Қазір оны [шағымды] бас прокуратура қарап жатыр" деді Қанат Сүлейменов.

Бас прокуратура 30 қазанда істі қозғап, тергеу амалдарын жүргізген органға ескерту бергенін де хабарлаған еді. Қанат Сүлейменовтің айтуынша, агенттік ескертудің қаншалықты орынды екенін қарастырып жатыр. Оның айтуынша, екі адамның шағымынан кейін Мәнізоровқа байланысты іс қозғалған.

31 қазанда жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтың "жемқорлыққа" еш қатысы жоғын жеткізген.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Осы апта басында әуелі - жергілікті сайттар, кейінірек бас прокуратура Мәнізоровқа тағылған айыптардың алынғанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: "Мәнізоров ісіне" байланысты жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ескерту берілді

Алматы облыстық әкімдігі 30 қазанда журналистерге Бағдат Мәнізоровтың жұмысқа шыққанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады.

Мәнізоровтің үстінен қозғалған іс жайында ақпарат құралдарында түрлі мәіметтер тарады. "Время" басылымы Мәнізоровтың үстінен бастапқыда "пара алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен "алаяқтыққа" ауыстырылғанын жариялады.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды.

Twitter саяси жарнамаға тыйым салады

Көрнекі сурет.

Twitter әлеуметтік желісі 30 қазанда платформада барлық саяси жарнамаға тыйым салатынын мәлімдеді. Компания басшылары мұндай сипаттағы жазбалар саудаға салынбауы тиіс деп санайды.

Twitter-дің бас директоры Джек Дорсидің айтуынша, жарнама берушілер үшін интернет-жарнама өте қуатты әрі тиімді құрал. Оларды кейде сайлаушыларға ықпал ету мақсатында пайдалануы мүмкін. Ал оның нәтижесі миллиондаған адамдардың өміріне әсер етеді.

Дорсидің пікірінше, интернеттегі саяси жарнама мәселесі қоғамда қызу талқыланып, сарапталуы керек. Оның ойынша, қазіргі демократиялық инфрақұрылым саяси мәлімдемелердің жаппай таралуының теріс әсерін жоюға шамасы жетпеуі мүмкіні.

Осы мәселені шешу үшін "кері шегіне тұру керек" деді ол.

Twitter-дің бәсекелесі Facebook желісі қазан айында саясат және түрлі кампанияларға қатысты жарнамаларды тексермейтінін мәлімдеп, өткір сынға ұшыраған. АҚШ-та 2020 жылы қараша айында өтетін президент сайлауы қарсаңында әлеуметтік желіні иеленген компанияларды БАҚ мен қоғам ерекше бақылап отыр.

Ресейде ауыр айып тағылған Қазақстан азаматы аштық жариялады

Виктор Филинков. Жеке мұрағаттан алынған.

Ресейде "Сеть" тобына қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталып, Санкт-Петербург қаласындағы тергеу изоляторында отырған Қазақстан азаматы Виктор Филинков аштық жариялады. Бұл ақпаратты "МБХ медиа" сайты хабарлады.

Филинковтың адвокатының сөзіне қарағанда, оның қорғауындағы азамат Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні саяси тұтқындарға осылайша қолдау білдіргісі келген.

"Айыпталушы ешқандай талап айтқан жоқ" деді адвокат.

"Сеть" деген атпен белгілі топтың мүшелерінің үстінен 2017 жылы күзде қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс бойынша, Пенза мен Санкт-Петербургте 11 адам қамауға алынған. Тергеу орындарының дерегінше, бұл топтың мүшелері Ресей президентінің сайлауы және футболдан әлем чемпионаты (2018 жылы Мәскеуде өтті) кезінде теракт жоспарлаған. "Қоғам тыныштығын бұзуға" тырысқан, "қарулы көтеріліс ұйымдастырғысы келген".

Төрт айыпталушы, олардың арасында Виктор Филинков та бар, бұған дейін "қылмысты мойындату" мақсатында өздерін азаптағанын, тергеу изоляторының жертөлесінде электрошокермен қинағанын айтқан. Бұл іс бойынша айыпталған бір азамат кейінірек куәгерлер қатарына өтіп, босап шықты. Ол Филинковтың әйелі сияқты жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап, Финляндияға кетіп қалды. Сол жақтан саяси баспана сұраған.

p>


Боснияның "адам өртеді" деп айыпталған бұрынғы сарбазы 20 жылға сотталды

Радомир Суснияр.

Босния-Герцеговина соты 1992-95 жылдар аралығында Босниядағы соғыс кезінде 57 адамды өртегені үшін Боснияның бұрынғы сарбазын 20 жылға соттады.

64 жастағы Радомир Суснияр (Лалко деген атпен де белгілі) "адам өртеуден" бөлек, ұрлық жасау және азаматтарды заңсыз қамау баптарымен айыпталған.

Коритник ауылына шабуылдан кейін ұсталған Боянияның бір топ мұсылмандарын әскерилер бір үйге қамап, сыртынан от қойған. Сот мәліметінше, Суснияр мен Боснияның өзге де серб сарбаздары үйден ешкім қашып кетпеуі үшін оқ атып, сес көрсеткен.

Ұзақ жыл Францияда тұрған Суснияр 2014 жылы ұсталып, Франция түрмесінде төрт жыл отырды. 2018 жылы Боснияға экстрадицияланды. 2012 жылы халықаралық сот дәл осындай қылмыс бойынша айыпталған босниялық ағайынды Милан және Средове Лукичке өмірлік жаза және 27 жыл түрме жазасын берген.


Facebook Ресейдің Африкадағы жаңа насихат тәсілдерін анықтады

Евгений Пригожин

Facebook әлеуметтік желісі Африкадағы Мозамбик, Камерун, Судан мен Ливия аумағында Ресейді насихаттайды деген үш желіні өшіріп тастады. Бұл ақпаратты The New York Times газеті таратты.

Facebook жойылған аккаунттардың нақты санын көрсетпесе де олардың "тролльдер фабрикасы" дейтін атпен жақсы таныс Ресейдің "Интернет-зерттеу агенттігімен" байланысы бар екенін айтқан. Агенттікті ресейлік және халықаралық БАҚ президент Владимир Путиннің жақын досы Евгений Пригожин қаржыландыратынын көптен бері айтып жүр. Бұған дейін АҚШ Пригожинге "сайлауға араласу ісі" бойынша санкция салған.

Facebook Ресейдің Африкадағы ықпал етуші кампаниясын Стэнфорд интернет-обсерваториясымен бірігіп анықтаған және оның 2016 жылғы АҚШ-тағы баламасына ұқсамайтынын байқаған. Яғни, араб тілінде жазылған хабарлама бірден түрлі елге тараған әрі фейк аккаунттардың көбін жергілікті тұрғындар ашқан. Facebook ол тұрғындарға белгілі бір сомада ақша төленген деп есептейді.

Бұдан бөлек АҚШ-тағы аккаунттар 2016 жылғы сайлау қарсаңында күніне 2,5 мың пост жазып отырса, Африкадағы аккаунттар қазан айында ғана 9 мың пост жариялаған. Олардың біразы аумақта Ресей саясатын дәріптеген және АҚШ пен Францияны сынап отырған.

Ресей Африкаға ықпалын бірнеше жылдан бері үнемі күшейтіп келеді. Ақпарат құралдары ол жақта "Вагнер" әскери компаниясы жұмыс істейтінін айтып жүр. Журналистер компанияны Евгений Пригожинмен байланыстырады.

Былтыр жазда Орталық Африка республикасында осы әскери компанияны зерттеуге барған ресейлік журналистерді белгісіз біреулер өлтіріп кеткен.

Тағы

XS
SM
MD
LG