Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әбдіхалықова: Министрлер аймақтарда халықпен кездесу өткізеді

Гүлшара Әбдіхалықова. (Сурет Қазақстан халқы ассамблеясы сайтынан алынды).

Жаңа үкіметтің әлеуметтік бастамаларын түсіндіру үшін министрлер кабинетінің мүшелері Қазақстан аймақтарын аралайды. Бұл туралы 5 наурызда Астанадағы баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова хабарлады.

"Келесі аптадан бастап үкімет қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аймақтарға шығады. Мен де барамын, басқа да министрлер де барады. Азаматтарды қабылдау шараларын өткіземіз. Әр түрлі топтағы азаматтармен жеке кездесеміз" деді ол.

Әбдіхалықованың айтуынша, халықтың жағдайын көтеру үшін, табысы аз отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін, білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға, аймақтарды дамытуға алдағы үш жылда 2,3 триллион теңге бөлінеді. Әбдіхалықова мемлекеттік қолдау алдымен аз қамтылған отбасыларға көрсетілетінін айтты.

27 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада "Нұр Отан" партиясының 18-съезінде "мемлекет бюджетінің 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсауды тапсырған".

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратқан еді. Ол Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін "экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады" деп cынаған. Кейін Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды көтеруді талап еткен.

CAS қазақстандық биатлоншы Вишневскаяның шағымын қанағаттандырды

Қазақстандық Галина Вишневская олимпиадаға қатысып жатқан сәт. Пхенчхан. 10 ақпан 2018 жыл.

Спорттық арбитраж соты (CAS) "уақытша жарыстардан шеттетілген" қазақстандық биатлоншы Галина Вишневскаяның шағымын қанағаттандырып, халықаралық турнирлерге қатысуға рұқсат берді. Бұл туралы Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті мен Халықаралық биатлон одағы (IBU) хабарлады.

"CAS үкіміне сай, Халықаралық биатлон одағы Вишневскаяны жарыстан уақытша шеттету шешімінің күшін жоюы тиіс. Вишневская енді барлық жарысқа қатысуға құқылы" деп мәлімдеді Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті.

CAS "допинг дауына ілінген" қазақстандық тағы бір биатлоншы Дарья Климина-Усанованың шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Климина-Усанованың шағымы не үшін қанағаттандырылмағаны белгісіз.

2017 жылы қаңтарда Италияның Антерсельва қаласындағы қоқыс жәшігінен шприц, препараттардың қалдығы, жарыстарға берілген аккредитация салынған қорап табылған. Полиция бұл қорапты Австрияның допингке қарсы агенттігіне берген. Австрия тарабы бұл қорап Қазақстан құрамасына тиесілі деп мәлімдеген. 2017 жылы ақпанда әлем чемпионаты алдында Австрия полициясы Қазақстан құрамасы тұрып жатқан қонақ үйді тексеріп, спортшылардан допинг анализдерін алған. Қазақстан спортшыларының сынамасынан допинг табылмаған.

2018 жылы қарашаның соңында Халықаралық биатлон ұйымы (IBU) бұл істі қайта қозғап, Қазақстан биатлон құрамасының тоғыз мүшесін "допинг ережесін бұзды"деп уақытша жарыстардан шеттеткен. Олардың арасында Қазақстан биатлон құрамасының көшбасшысы – Азия ойындарының, қысқы универсиаданың чемпионы, әлем кубогы кезеңінде медаль алған Галина Вишневская болған.

Қалған жеті қазақстандық биатлоншының жағдайы әзірге белгісіз.

Біртанов: 600-ге жуық алғашқы көмек көрсету мекемесі ашылады

Елжан Біртанов, денсаулық сақтау министрі.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, алдағы үш жылда Қазақстанда ауылды жерлерде 600-ге жуық алғашқы көмек көрсету мекемесі ашылады.

Министр 5 наурызда Астанада өткен баспасөз мәслихатында үш жыл көлемінде елдегі ауыл-аймақтар мен елдімекендердегі дәрігерлер тапшылығы жүз пайыз шешілетінін айтты.

Біртанов "ауруларды алдын алу шаралары мен алғашқы көмекке кететін шығын мөлшері 40 пайызға өсіп, 60 пайызға жететінін" мәлімдеді.

"Вакцинация, скрининг санын көбейтіп, тегін дәрі-дәрмектердің санын арттырамыз. Мақсатымыз - елдегі медицинаның қолжетімділігін арттырып, сапасын көтеру " деді министр баспасөз мәслихатында.

Біртановтың мәлімдеуінше, Қазақстанның жеті облысындағы ауруханаларды, перзентханаларды, туберкулез орталықтарын күрделі жөндеу үшін 120 миллиард теңге инвестиция бөлінеді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, "елде бір дәрігер орта есеппен 2200-ге жуық адамға қызмет көрсетеді, ал дамыған елдерде дәрігер жүктемесі айтарлықтай төмен – 1500 адамнан аз".

Жыл сайын Қазақстанда зейнеткерлер мен созылмалы дертке шалдыққан тұрғындар тегін дәрілердің жетпей жатқанын айтып жиі шағынады.

Емхана мен дәрігерге мұқтаж ауыл. 21 ақпан 2019 жыл.

Емхана мен дәрігерге мұқтаж ауыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Сапарбаев мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы өсетінін айтты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова Астанадағы баспасөз мәслихатында отыр. 5 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанда шілдеден бастап мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл туралы 5 наурызда Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Астанада журналистермен кездесуде айтты.

"Шілдеде жалақы 30 пайызға өссе, біздің есебімізше, бір миллионға жуық қазақстандықтың айлығы көбейеді" деді министр.

Сапарбаевтың сөзінше, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдіктерінде істейтін қызметкерлердің айлығы шілдеден бастап 25 пайызға өседі.

Баспасөз мәслихатына келген Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова әкімдікке келіп шағымданған әр ананың арызы жеке қаралатынын айтты.

"Қазір алдымызда жұмыспен қамту мәселесі тұр. Жұмыс бастау үшін, жұмысын жалғастыру үшін жастарға грант бөлу жағын қарастырамыз. Көп баласы бар аналарға үйде отырып, жұмыс істейтін мүмкіндік беруіміз керек" деді ол.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратты. Ол Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін "экономиканың сапалы өсіміне қажетті ынталандыру жасамады және халықпен жұмыс істей алмады" деп cынаған. Кейін Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған. Назарбаев 27 ақпанда "Нұр Отан" партиясының съезінде жаңа үкіметке халықтың тұрмысын көтеруді тапсырған.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналар наразылығы күшейген. Олар биліктен әлеуметтік жағдайды көтеруді талап еткен. ​

Министр Полторанинге қатысты мәлімдеме жасады

Алексей Полторанин (13-нөмерде) Пхенчхан олимпиадасына қатысып жатқан сәт.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг дауына ілінген қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин байланысқа шыққанын хабаралады. Министрдің сөзінше, Полторанинмен Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев хабарласып отыр.

Министр Мұхамедиұлы журналистерге допинг қолданғандарға жаза қарастырылған заң жобасы парламентте қаралып жатқанын айтты.

- Біз [допинг қолданғандарды] жазалайтын арнайы заң қабылдап жатырмыз. Қазір ол заң парламентте жатыр. Допингпен ұсталған спортшының мемлекеттік наградалары мен мемлекеттен алған ақшаларын қайтару жағы осы заңда жазылған, - деді министр.

4 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлі Полторанинмен байланыс жоғын хабарлаған. Министрлік Полторанин Австриядан Ресейге ұшып кеткенін айтқан.

27 ақпанда Австрияның Зефеельд қалашығында австриялық және германиялық полицейлер допингке қарсы арнайы рейд жүргізіп, бір қазақстандық, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышыны ұстаған. Оларға "допинг ережесін бұзды" деген айып тағылған. 28 ақпанда Қазақстан шаңғы федерациясы қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің ұсталғанын растаған.

Австрия полициясының офицері Дитер Чефан халықаралық ақпарат агенттіктеріне бір спортшыны арнайы аппаратпен қан құйып жатқан жерінен ұстағандарын айтқан.

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын иеленген. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014, 2018 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.

Алексей Полтаранин – Қазақстанда ерекше қамқорлықтағы спортшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда көп үміт күттіретін, жүлде алуға мүмкіндігі мол спортшы ретінде ол ұлттық құрамадан жеке, арнайы бағдарламамен жаттығады. Бірнеше жыл бойы эстониялық бапкер Мати Алавер Полторанинді 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына жеке дайындаған.

АҚШ Ресейге салынған санкцияның уақытын созды

АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге салынған санкцияларды тағы бір жылға ұзартты.

5 наурызда Ақ үй сайтында жариялаған құжатта "ресейлік саяси тұлғалардың Украинадағы әрекеті әлемдегі жағдайдың тұрақтылығына, елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне және сыртқы саясатына да қауіпті" деп жазылған. ​

Оқи отырыңыз: Трамп Путинмен кездесуден бас тартты

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап соң Вашингтон Мәскеуге санкция салған. Биыл ақпан айының соңында АҚШ Ресейге қарсы санкциялар туралы жаңа заң жобасын жариялаған.

Әлемде тағы бір адам ВИЧ дертінен толық жазылуы мүмкін

ВИЧ инфекциясын жұқтырған Лондон тұрғыны әлемдік медицина тарихына вирустан толық жазылған екінші адам ретінде енуі мүмкін.

Nature журналы жариялаған тексеру нәтижесі бойынша, бірнеше жыл бұрын қатерлі дертке қарсы иммунитеті бар адамның сүйек майы енгізілген науқастың ағзасынан иммунитет тапшылығынан пайда болатын СПИД дертінің ізі табылмаған. Егер бұдан кейінгі тексерулер де науқас ағзасынан ешқандай инфекция таппаса, онда бұл СПИД-пен күрестің амалы барына дәлел болмақ.

Осыдан 12 жыл бұрын ВИЧ-ке шалдыққан науқастың бас сүйегін трансплантациялаған соң ол дерттен құлан-таза айыққан болатын. Бірақ науқастың өзіне аса ауыр тиген емдеудің ондай түрін қайта қолданбаған. New York Times газетіне сұқбат берген Утрехт университеті қызметкері Аннамари Венсинг СПИД-тен емдеу үшін жаппай трансплантация жасау мүмкін емес дейді. Бірақ әлгіндей нәтиже зерттеушілерге СПИД-ке қарсы күрестің құр қиял емесін дәлелдеді.

Екі жағдайда да қатерлі ісікке қарсы терапия ретінде науқастың бас сүйегіне трансплантация жасалған. Одан кейінгі тексеру нәтижесі науқас ағзасында ВИЧ инфекциясы жоқ екенін анықтаған. New York Times басылымына жазған хатында "лондондық науқас" қатерлі ісікпен бірге ВИЧ дертінен айығуы мүмкін екені туралы хабарды "көз көріп, көңіл сенбейтін" жаңалық деп қабылдағанын айтқан.

AI Астананы бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуге шақырды

Арнайы жасақ сарбаздары "Нұр Отан" партиясы кеңсесі алдына келген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда 27 ақпанда көшеден адамдарды жаппай ұстауды айыптап, Астананы азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуге шақырды.

4 наурызда таратқан мәлімдемесінде AI билік партиясы съезі өткен 27 ақпанда Қазақстан қалаларында жүздеген бейбіт тұрғынның негізсіз ұсталғаны айтылған. Әсіресе Алматы мен Астанада көп адам ұсталды дейді халықаралық ұйым.

"Қазақстан билігі бейбіт жиындар өткізу құқығын қорғау жөнінде алған міндеттемелерін орындамайтынын, осы құқықтарын пайдалануға тырысқандарды қатаң түрде қудалайтынын тағы да көрсетті" деп мәлімдеді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл.

Amnesty International Қазақстанда полицияның бейбіт демонстранттарға күш қолданғанын, кейде көшеде өз бетімен кетіп бара жатқан адамдарды ұстап әкеткенін айтады. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Алматыда 100-ге жуық адам ұсталған. Мәлімдемеде оқиғаны бақылауға барған қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро қызметкері Дмитрий Тихоновтың ұсталғаны айтылған. Оның сөзінше, жиналған адамдарда ешқандай ұран, жазу болмаған. Тихонов полиция ұсталған адамдардан қылмыстық процестің куәгері ретінде жауап алып, сот "экстремистік ұйым" деп тыйым салған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы туралы ой-пікірін білгеннен кейін босатқанын айтады.

"Қазақстан билігі бейбіт митингілер өткізу құқығы сақталуын іс жүзінде қамтамасыз ету үшін заңға өзгеріс енгізуі керек. Және ол құқықтарды іс жүзінде толық құрметтеуі тиіс. Бұған қоса, 27 ақпанда негізсіз ұсталғандардың барлығына өтем жасалуы керек, ал адам құқықтарын бұзуға қатысы бар полиция қызметкерлері мен өзге ресми тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс" деп мәлімдеді Хеза Макгилл.

Оқи отырыңыз: "Нұр Отан" съезі күні полиция азаматтарды ұстады

27 ақпан, Астанада "Нұр Отан" партиясы съезі ашылған күні Қазақстанның бірнеше қаласында билік партиясына талаптарын жеткізбек болған адамдарды полиция ұстап әкеткен. Қазақстан заңы бойынша, азаматтар бейбіт шеру, жиын өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктен рұқсат алуы тиіс. Көбіне жергілікті билік орындары түрлі сылтауды алға тартып, митингі өткізу туралы өтініштерді қанағаттандырмайды.


Ресей зымыран келісімін орындауды тоқтатты

Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімін орындауды Ресейдің тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойды. 1987 жылы желтоқсанда сол кездегі АҚШ президенті Рональд Рейган мен СССР басшысы Михаил Горбачев қол қойған келісім Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген.

Кремль сайтында жарияланған жарлықта "АҚШ келісім бойынша алған міндеттемелерін бұзғандықтан осындай шешім қабылданғаны" айтылған. Ресей сыртқы істер министрлігіне 4 наурызда күшіне енген жарлық туралы АҚШ-ты хабардар ету тапсырылған.

Бұған дейін НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Мәскеуді зымыран келісімінен бас тартпай, соңғы мүмкіндікті пайдалануға шақырған болатын. Ол НАТО қару-жарақ бәсекесіне ұмтылмайды және Еуропада жаңа ядролық зымыран орналастырмайды деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ресейдің жаңа ядролық құралдары: аңыз әлде ақиқат?

АҚШ 2 ақпаннан бастап орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығу процесін бастағанын хабарлаған. Мәскеу бұған жауап ретінде Ресейдің де келісімнен шығатынын мәлімдеген.

Вашингтон Ресей қарулы күштерінің 9М729 "Новатор" зымыраны келісім шартын бұзады деп санайды. Мәскеу "зымыранның ұшу алыстығы 500 шақырымнан аспайтындықтан келісім талаптарын бұзған жоқпыз" дейді.

Шымкентте көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре бастады

Шымкенттегі автобус аялдамаларының бірі.

Шымкентте "Батыр ана", "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері қоғамдық көлікте тегін жүре бастады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, қалада 27 көлік компаниясы бар. 23 көлік компаниясы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен келісім-шартқа отырып, 1 наурыздан бастап көп балалы аналарды тегін тасымалдай бастаған. Басқарма қалған төрт компаниямен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру үшін көп балалы аналар "Батыр ана", "Алтын алқа", "Күміс алқа" куәліктерінің түпнұсқасын көрсетуі тиіс.

15 ақпан күні қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық алдында берген жылдық есебінде 1 наурыздан бастап көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлаған. Көп балалы аналарды тегін тасымалдаған автобус компанияларына бюджеттен субсидия бөлінетінін айтқан.

Әкім қалада 2 220 - "Алтын алқа", 6056 - "Күміс алқа", 511 - "Батыр ана" және 769 - "түрлі дәрежелі орденмен марапатталған көп балалы ана" бар екенін мәлімдеген.

Бұған дейін де қалада "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алған көп балалы аналар кейбір қоғамдық көліктерде тегін жүріп келген.

Алматыда әкімдікке келген аналар "Назарбаев кетсін!" деп ұрандатты

Алматыдағы Наурызбай ауданы әкімдігі алдына келген аналар. 4 наурыз 2019 жыл.

4 наурызда Алматыдағы Наурызбай ауданы әкімдігі алдына бірі - көп балалы, бірі - жалғызбасты, кейбірі екі-үш балалы отыз шақты ана келген. Оларды әкімдік өкілдері "үкімет бағдарламаларындағы жеңілдіктерді түсіндіру үшін жиналысқа шақырған".

Түстен кейін жинала бастаған аналарды полицейлер бақылап тұрды. Жиынға барған Азаттық тілшілерін полиция мен әкімнің орынбасары аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға қатыстырмай, күшпен шығарған.

Наразылардың көбі үй мен тіркеуге қатысты мәселелерін айтуға келген.

Жиналыстан шыққан соң аналар әкімшілік ғимаратында "үкімет бағдарламалары тиімсіз" деп, "президенттің орнын босатуды" талап еткен.

Аналар "бағдарламалары уақытша" Назарбаевтың "сайлауға түсуіне қарсымыз!" деп айқайлаған.

Азаттық сөйлескен аналардың бірі "сөзімізді де, талабымызды да ешкім тыңдаған жоқ" деді. Өзін үш балалы, жалғызбасты, мүгедек ана деп таныстырған Лаура Баймолданова "Үш жылдан бері әкімдікке келіп жүрмін. Мардымды көмек жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрамын, [үкімет] бағдарламалары тиімсіз" деді.

Аналар "пайдасыз бағдарламалардан шаршаған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

​4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметтін "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп, отставкаға жіберген. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалған. Бұрын Ақтөбе облысын басқарған Бердібек Сапарбаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.

Мәскеу билігі азаматтарды ұялы телефоны арқылы бақылай алады

Мәскеу.

Мәскеу билігінің азаматтар қайда тұратынын, қайда жұмыс істейтінін, қандай көлікпен қатынап, қашан және қайда баратынын дөп басып айтуға техникалық мүмкіндігі бар.

"Ведомости" газетінің жазуынша, мәскеуліктердің телефонындағы сим-картасының қозғалысына негізделген географиялық аналитиканы билік 2015 жылдан бері байланыс операторларынан сатып ала бастаған. Төрт жылда осы мақсатта бюджеттен 516 млн рубль (7,8 млн доллар) жұмсалған.

Деректер Ресей үкіметі жанынан құрылған аналитикалық орталықта сақталып, өңделеді. Орталық өкілінің сөзінше, статистикалық деректердің нақты кімге қатысты екені көрсетілмейді.

Алайда бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеру мүмкін емес.

Ұялы байланыс операторларының өкілдері билікке мұндай ақпарат беретінін растайды. Бірақ, олардың айтуынша, "Мәскеу билігі мұны қоғамдық көліктер маршрутын жақсырақ жоспарлау үшін пайдаланады".

Азаматтардың жүріп-тұрғанына жүргізілген геосараптама Мәскеу мэрін сайлау кезінде учаскелерді жоспарлауда қолданылған болуы мүмкін. The Bell басылымының тұжырымына қатысты Мәскеу мэриясы ешбір пікір айтпаған.

Шенеуніктер бұл ақпаратқа қарап, телефон қолданатын қанша адам белгілі бір аумақта жұмыс істейтінін не сонда тұратынын біле алады. Деректерді өңдеп, қаладағы пойыздардың жүрген уақытын да анықтауға болады.

Негізінен мұндай деректерді аналитикалық, жобалық қана емес, коммерциялық, саяси мақсатта да қолдануға болады.

Министрлік: Полторанин байланысқа шықпай отыр

Алексей Полторанин

Қазақстан тарабы допинг дауына ілінген шаңғышы Алексей Полторанинмен тілдесе алмай отыр. Бұл туралы 4 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне хабарлаған.

"Полторанин бізбен байланысқа шықпай отыр. Ол Австриядағы консулмен де кездеспеген" деді министрлік өкілі.

1 наурызда Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Полторанин және екі эстониялық, екі австриялық спортшыға қатысты тергеу бастап, оларды жарыстардан уақытша шеттеткен.

28 ақпанда австриялық басылымдар "Полторанин допинг қолданғанын мойындады" деген ақпарат таратқан.

"Халықаралық шаңғы федерациясының ұстанымымен келіспеуге негіз жоқ. Спортшылар да "мойындау" туралы ақпаратты жоққа шығармады" деді Ашықбаев.

27 ақпанда Австрияның Зефеельд қалашығында австриялық және германиялық полицейлер допингке қарсы арнайы рейд жүргізіп, бір қазақстандық, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышыны ұстаған. Оларға "допинг ережесін бұзды" деген айып тағылған. 28 ақпанда Қазақстан шаңғы федерациясы қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің ұсталғанын растаған.

Австрия полициясының офицері Дитер Чефан халықаралық ақпарат агенттіктеріне бір спортшыны арнайы аппаратпен қан құйып жатқан жерінен ұстағандарын айтқан.

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын иеленген. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014, 2018 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.

Алексей Полтаранин – Қазақстанда ерекше қамқорлықтағы спортшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда көп үміт күттіретін, жүлде алуға мүмкіндігі мол спортшы ретінде ол ұлттық құрамадан жеке, арнайы бағдарламамен жаттығады. Бірнеше жыл бойы эстониялық бапкер Мати Алавер Полторанинді 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына жеке дайындаған.

Өзбекстан президенті "милиционерлерден арықтауды талап етті"

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Наманган облысының билік өкілдерімен, жастарымен кездесу кезінде елдің "ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арықтаулары тиіс" деді.

"Бізге артық салмағы бар офицер, ішкі істер органдарының қызметкерлері қажет емес. Мұндай күйімен қылмыскерлерді қалай ұстамақ? Спортпен айналыссын. Бұл маған емес, өздеріне керек. Үш не алты ай уақыт береміз, осы уақыт ішінде өздерін қалыпқа келтіріп, артық салмақтан арылсын" деді президент.


Өзбекстан президенті артық салмақ туралы былтыр да, 9 қарашада айтқан. Шавкат Мирзияевтің сөзіне қарағанда, аз қимылдау мен дұрыс тамақтанбаудан Өзбекстан азаматтарының жартысында артық салмақ бар, 46 пайызының қанында холестерин көп, 31 пайызының қан-қысымы жоғары.

Азаттықтың өзбек қызметі "президенттің әлгі сөзінен кейін кейбір мемлекеттік органдар қызметкерлерінен шұғыл арықтауды талап етсе, басқалары салмақты қалай ретке келтіруге болатыны туралы нұсқаулық таратқан" деп жазды.

Йен университеті ғалымдарының 2019 жылы жариялаған есебіне сай, Өзбекстан - дұрыс тамақтанбаудан пайда болатын аурулардан өлім-жітім көп елдердің бірі.

Оқи отырыңыз: Орталық Азия президенттерінің дастархан туралы кеңесі

Зерттеу бойынша, Өзбекстанда 100 мың адамның 394-і дұрыс тамақтанбаудан қайтыс болады. Жыл сайын елде 65 мың адам негізгі себебі дұрыс ас ішпеу саналатын жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады.

Халқы наразы 82 жастағы Алжир президенті "сайлауға қатысады"

Әбделазиз Бутефлика.

Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика биыл 18 сәуірде өтетін сайлауға қатысуға өтініш берген. "Елді 20 жыл басқарған президентке қарсы" өтіп жатқан елдегі наразылыққа қарамастан Бутефлика осындай шешім қабылдаған.

Президент құжаттарын кеше, 3 наурызда сайлау штабының басшысынан беріп жіберген.

82 жастағы Бутефликаның өзі қазір Швейцарияда емделіп жүр.


Президент штабының басшысы "Бутефлика қайта сайланған жағдайда "ұлттық кеңесте" бір жыл ішінде өзінің қатысуынсыз мерзімінен бұрын сайлау өткізу жайын талқылауды жоспарлап отыр" деп хабарлады.

Оның кандидаттығы тіркелгені туралы Алжир астанасы мен басқа бірнеше қалада наразылық өтіп жатқан тұста белгілі болды. Алжирде наурыздың басында ондаған мың адам наразылыққа шықты. Бұл - 2011 жылғы Араб көктемінен кейінгі елде өткен ең ірі наразылық шарасы.

Әбделазиз Бутефлика Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2013 жылы оған қастандық жасалды. Содан бері ол қоларбамен қозғалады. Көп алдына сирек шығады. Швейцарияның ақпарат құралдары Бутефликаның Женевадағы емханада екенін жазды.

Атамқұлов: Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайды

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі.

4 наурызда парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов "2019 жылы Қытайда қос азаматтыққа ие 33 адам қамауға алынған" деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, "оның 20-сы Қазақстанға қайтарылған".

Мәжілісте "Ақжол" партиясынан депутат, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсенбинов министр Атамқұловқа Қытай қазақтарының ахуалы жайлы сұрақ қойған.

Сауалға жауап берген Атамқұлов "биыл қамауда отырған қазақтар жайлы министрлікке 1387 арыз түскенін айтты".

- Түскен арыздар бойынша әр адаммен бөлек жұмыс істеп жатырмыз. Себебі әрбірінің жағдайы әртүрлі. [Қытайдағы] лагерьлерінің мәселесі бүкіл әлемде мұсылмандардың құлағын шулатып жатыр. Негізі Қытайдың өзінің ішкі саясаты бар. Бірталай дипломат сол лагерьлерді көрді. Бүкіл әлем [Қытайға] қатты қысым жасап жатыр, - деді ол.

Атамқұловтың сөзінше, Қытайдағы этникалық қазақтар "жеңілдік алып жатыр".

- Бізге түскен мәлімет бойынша, Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайған. Бәрін шетінен босатып жатыр. Биыл қазақтар тағы да жеңілдік алып жатыр. Ішкі істер министрлігімен, басқа да органдармен жұмыс істеп жатырмыз, - деді министр.

Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауы және ондағы лагерьлер туралы ақпарат 2017 жылдың басынан бастап шыға бастады. БҰҰ дерегінше, мұндай лагерьлерде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай мұндай қамау орталықтарының барын мойындағанмен оларды түрлі "кәсіпке баулитын мекеме" ретінде көрсеткісі келеді. Олар қамау орталықтарында "батыс құқық қорғаушылары айтқандай, қысым мен азаптаудың жоқ екенін" айтады.

Қытай билігінің түсіндіруінше, мұндай амалдар Шыңжаң аймағында терроризм мен экстремизм қаупін сейілтіп, азаматтарды "радикалды діни ағымдар" жетегінде кетуден сақтайды.


Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген.

Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.​

Футбол ережелері өзгереді

Көрнекі сурет.

2 наурызда футбол қауымдастығы халықаралық кеңесі (IFAB) жылда өтетін Шотландиядағы жиын кезінде футбол ережесіне бірнеше өзгеріс енгізді.

Өзгеріске сәйкес, айып добын соғу кезінде шабуылдағы команда ойыншыларына "қабырға" құрып қорғанып жатқан командамен қатар тұруға болмайды. Олар қарсылас командаға кедергі келтірмей, "қабырғадан" кем дегенде бір метр қашықта тұруы тиіс.

Сондай-ақ,

  • Шабуыл кезінде гол болса да, болмаса да ойыншының қолы абайсызда допқа тиіп кетсе, әлгі футболшы айыпты саналады;
  • Ойыншыларды алмастыру кезінде футболшы алаңды кесіп өтпей, өзі тұрған тұстан шығып кетуі тиіс;
  • Пенальти кезінде қақпашы қақпа линиясында бір аяқпен тұрса да болады;
  • Ерсі қылығы үшін жаттықтырушы мен команданың ресми өкілдеріне қызыл, сары түсті карта көрсетіледі.

Жаңа құжат 2019 жылдың 1 маусымында күшіне енеді.

IFAB ұйымын 1886 жылы Англия, Шотландия, Уэльс пен Ирландияның футбол қауымдастықтары құрған.


Павлодар электролиз зауытында бір жұмысшы қаза тапты

Павлодар облысы.

Павлодардағы өндіріс орнында бір жұмысшы қаза тапқан. Бұл туралы қазақстандық басылымдар хабарлады. Облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, оқиға 3 наурызда Қазақстан электролиз зауытының аумағында болған.

Алдын ала болжам бойынша, 1986 жылғы азамат жұмыс кезінде арба астында қалып, мерт болған.

Қапанов тергеу басталғанын хабарлады.

Биыл қаңтарда Павлодар облысындағы Екібастұз жылу электр станциясында қазандық құбыры жарылып, цехтің 40 жастағы қызметкері қаза тапқан. Оқиғаны тергеу үшін арнаулы комиссия құрылған еді.

Трамп Кимнен "Солтүстік Кореядағы құпия зауытты жабуды талап еткен"

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның кездесуі. Вьетнам, 28 ақпан 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын келіссөзінің сәтсіз аяқталуына Трамптың Кимнен "уран қорын байытумен айналысатын құпия зауытты жабу талабы" себеп болған. Бұл туралы ұлыбританиялық Sunday Times газеті жазады.

Басылым дерегінше, Ханойда өткен саммит кезінде Вашингтон "америкалық барлау қызметі Пхеньян іргесінде орналасқан "Кангсон" аталатын құпия нысанды анықтағанын" айтқан. Трамп Кимнен осы нысанды жоюды талап еткен, бірақ Солтүстік Корея лидері бұған келіспеген. Кездесуден соң екі ел басшылары саммит өткен қонақүйден жеке көліктерімен жоспарланған уақыттан ертерек кетіп, ортақ келісімге қол қою рәсімі болмайтынын хабарлаған.

Басылым жазуынша, АҚШ барлау қызметі Чхоллима қаласындағы нысанды спутник суреттерін зерттей отырып анықтаған. Бұл зауыт туралы баспасөзде бұрын да айтылған, бірақ ол жайлы әңгіме "Йонбендегі ядролық нысанға қатысты талқының тасасында қалып қоя берген".

Трамп келісімнің сәтсіз аяқталуына Кимнің "Солтүстік Кореяға қарсы экономикалық санкциялардың күшін толық жою талабы себеп болды" деген.

АҚШ-Солтүстік Корея саммиті Вьетнам астанасы Ханойда 27 ақпанда басталған. Саммиттің бірінші күні екі ел басшылары журналистер алдында қысқа кездесу өткізіп, соңынан кешкі ас ішкен. Келіссөздің негізгі бөлігі 28 ақпанда өткен.

Видео: Трамп пен Кимнің екінші кездесуі

Ханойда Трамп пен Ким екінші рет кездесті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:43 0:00

Өткен жылғы Сингапурдағы алғашқы саммитте Трамп пен Ким Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту жөнінде бірлескен декларацияға қол қойған. Алайда кейінірек ақпарат құралдары Солтүстік Кореяның ядролық қаруын қайта дамытып жатқанын жазған.

SpaceX кемесі Халықаралық ғарыш станциясымен тұңғыш рет түйісті

Falcon 9 зымыран тасығышының ұшырылу сәті. АҚШ, 2 наурыз 2019 жыл.

Америкалық SpaceX жекеменшік корпорациясының Crew Dragon ғарыш кемесі 3 наурызда Халықаралық ғарыш станциясымен алғаш рет түйісті. Кеме мен станцияның түйіскен сәті америкалық ғарыш агенттігі NASA-ның Youtube-каналында​ тікелей эфирде көрсетілді.

Түйісу процесі толықтай автоматты түрде жүргізілді – кеме бортында экипаж жоқ.

NASA-ның айтуынша, бұл – жеке компания құрастырған, халықаралық ғарыш станциясымен түйіскен тұңғыш кеме. Кеме орбитада шамамен бір апта уақыт кідіреді. Содан соң Жерге оралады.

NASA жоспары бойынша, Crew Dragon және Boeing компаниясының кемелері 1960 жылдары құрастырылған ресейлік "Союз" кемелерін алмастыруы тиіс. Әзірге "Союз" - Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді тасып жатқан жалғыз кеме.

"Союз" арқылы Америка ғарышкерлерін Халықаралық ғарыш станциясына жеткізіп, әкелу бойынша Ресей мен АҚШ арасындағы келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы сәуір айында аяқталады.

Америкалық Business Insider басылымының дерегінше, 2008 жылы Ресей тарапы NASA-дан кемедегі бір орын үшін 21,8 миллион доллар алған. Он жыл ішінде баға 372 пайызға өскен. Ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш станциясына жеткізгені үшін АҚШ Ресейге 12 жыл ішінде 3,36 миллиард доллар төлеген.

Эстония парламент сайлауында оппозициялық партия жеңіске жетті

Көрнекі сурет.

3 наурызда Эстонияда өткен парламент сайлауында оппозициялық либерал Реформалар партиясы жеңіске жетті. Екінші басым дауысқа премьер-министр Юрий Ратастың солшыл Центристік партиясы ие болды. Бұл жолы парламентке бес партия өтті.

4 наурызда Балтық ұлттық сайлау комиссиясы батысшыл Реформалар партиясына сайлауға қатысқан азаматтардың 28,8 пайыз дауыс беріп, Рийгикогудегі (Эстония парламенті - ред.) 101 орынның 34-ін иемденгенін хабарлады. Сайлауға дейін бұл партияға парламенттегі 30 орын тиесілі еді.

Бұған дейін билікте болған Центристік партия 23,9 пайыз дауысты алған. Оған парламенттегі 26 орын берілді. 2014 жылдан бері партия 27 орынды алып келген. Бұл партияға көбіне Эстонияда тұратын орыстілді азаматтар дауыс береді.

Әсіреоңшыл, ұлтшыл, иммиграцияға қарсы саясат ұстанатын, мектептерде білім тек эстонша берілуі керек деп санайтын Эстония консервативтік партиясы (EKRE) 17,8 пайыз дауыспен басым үштікке кірді де, парламенттегі 19 мандатқа ие болды. Бұған дейінгі сайлаумен салыстырғанда, партия жақтаушылары екі есе өскені байқалады - 2015 жылғы сайлауда консервативтік ұстанымдағы партияға азаматтардың 8,1 пайыз дауыс беріп, парламенттегі 12 орынды алған.


Коалиция құрған екі партияға - Исама (12 орын) мен Социал-демократтарға (10 орын) азаматтардың 11,4 және 9,8 пайызы дауыс берген.

Комиссияның хабарлауынша, сайлауға дауыс беруге құқылы 1 миллионға жуық адамның 562 мыңы келген (61 пайыз).

Beeline: Министрліктің жауабы "қате түсіндірілгенін мойындаймыз"

Beeline сауда белгісі. Көрнекі сурет.

"КаР-Тел" (Beeline) компаниясы интернетте жарияланған "әлеуметтік желілердің бұғатталуы" туралы "компания хатына" байланысты түсініктеме берді деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

Бұған дейін Алматы тұрғыны Антон Шин есімді қолданушыға жіберген жауабында компания әлеуметтік желілердің шектелуінің себебін елде тыйым салынған саяси қозғалыстың әрекетімен байланыстырған.

"А.Шин мырзаның өтінішіне берілген жауапқа қатысты айтарымыз, "КаР-Тел" ЖШС ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ашық дереккөзде жарияланған жауабын қате түсіндіргенін мойындайды" деп жазды компания.

"КаР-Тел" жазуынша, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауабында министрліктің "сот шешімімен тыйым салынған контентті толық жою бойынша заңды жұмыстарды әлеуметтік желі әкімшілігіне шығу арқылы реттейтін орган" екені айтылған.

"Интернет-ресурстарды бұғаттау бойынша шаралар қолдану туралы сөз болған жоқ" делінген компания хабарламасында.

"Осыған орай компания аталған шараларға қатысты түсініктеме бермейді, сонымен бірге оның қолданылуы туралы ешқандай тұжырым жасамайды" делінген.

Қазақстандық қолданушылар көптен бері Facebook, Youtube, Telegram сияқты әлеуметтік желілерге кіру қиындағанын айтып, шағымданып келеді. Қазақстан билігінің оппоненті және елде "экстремистік ұйым" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын" құрған Мұхтар Әблязов пен оның жақтастары аталған желілер арқылы кешке тікелей эфирге шыға бастағаннан кейін мұндай шағымдар жиілеген.

Бұған дейін елдегі ақпарат және коммуникация саласына жауапты ведомство басшысы, қайта құрылған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев министрліктің интернет шектеулерге қатысы жоғын айтып, "техникалық ақау болуы мүмкін" деген.

ВИДЕО: Әлеуметтік желідегі кідіріс министрді күмілжітті (Мамыр айы, 2018 жыл).

Facebook Қытайда "жалған аккаунттарды" сатумен айналысқандарды сотқа берді

Көрнекі сурет.

Facebook корпорациясы "жалған аккаунттарды" сатумен айналысқан Қытайдағы төрт компания мен үш жеке тұлға үстінен АҚШ федералды сотына шағым түсірген. Бұл ақпаратты "Америка дауысы" сайты хабарлады.

Компания блогында айыпталушы тұлғалар мен компаниялардың Facebook, Instagram және өзге де онлайн сервистерден (Amazaon, Google, Apple, Linkedln, Twitter) жалған аккаунттар ашып, сатумен айналысқанын жазған.

2018 жылы қараша айында Facebook компаниясы 115 тіркеу жазбасын бұғаттаған. АҚШ билігі олардан күмәнді әрекеттер байқалғанын хабарлаған еді. Америка үкіметінің бұл мәлімдемесі АҚШ конгресіне сайлау қарсаңында пайда болды.

Оқи отырыңыз: Facebook сайлауға килігумен күресетін бөлім ашты

Алжирде мыңдаған адам президенттің биліктен кетуін талап етті

Алжирдегі студенттер наразылығы. Олар президент Әбделазиз Бутефликаның сайлауға қатыспауын талап етті. 26 ақпан 2019 жыл.

2 наурызда Алжирде мыңдаған адам көшеге шығып, 82 жастағы президент Әбделазиз Бутефликаның алдағы сайлауға кандидатурасын ұсынбауын талап етті. Елде президент сайлауы 18 сәуірге белгіленген.

Полициямен қақтығыста 180-нен астам адам зардап шеккен. Бұл - 2011 жылғы Араб көктемінен кейінгі елде өткен ең ірі наразылық шарасы. Бұған дейін биліктің "Ұлттық азат ету фронты" партиясы президенттіктен үміткер ретінде Әбделазиз Бутефликаның кандидатурасын ұсынған. Бұл халықтың ашу-ызасын тудырған.

Әбделазиз Бутефлика Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2013 жылы оған қастандық жасалды. Содан бері ол қоларбамен қозғалады. Көп алдына сирек шығады. Швейцарияның ақпарат құралдары Бутефликаның Женевадағы емханада екенін жазды.

Берлинде авторлық құқық реформасына қарсы шеру өтті

Көрнекі сурет.

Cенбі, 2 наурызда Берлинде шамамен 3,5 мың адам Еуроодақтағы авторлық құқық реформасы мен интернетке жүктелген ақпаратты құқықтық тұрғыда тексеруге мүмкіндік беретін (upload-filter) технологияға қарсы шеруге шықты.

Одақ көлемінде жоспарланып отырған реформа Youtube сияқты коммерциялық платформа қолданушыларының авторлық құқық бойынша міндеттерін қатайтуды көздейді. Сыншылардың пікірінше, егер мұндай өзгеріс енгізілсе, қолданушылардың плафтормаларды пайдалану мүмкіндіктері шектелуі мүмкін. Мысалы, жаңалықтардан алынған үзінділерді пайдаланған қолданушы контенті "заңсыз" болып кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде интернетте пікір алуандығын шектейді деп санайды реформаға қарсы белсенділер.

2016 жылы Еуропа комиссиясы авторлық құқық туралы заңды жаңа цифрлық талаптарға сәйкестендіру үшін жаңа ережелер енгізуді ұсынған. Ол кезде құқық иелерінің еңбегіне орынды баға бекіту қажеттігі туралы айтылған.

Қазір енгізілейін деп отырған жаңа ережелер платформа иелерінен сайтта біреудің еңбегін рұқсатсыз пайдаланбауға кепілдік беруді талап етеді. Белсенділер алдағы уақытта одақ көлемінде наразылық шарасын өткізуді жоспарлап отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG