Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Элизабет Тұрсынбаева универсиадада күміс медаль алды

Элизабет Тұрсынбаева.

Ресейдің Красноярск қаласында өтіп жатқан Универсиадада (екі жылда бір рет өтетін студенттер арасындағы жарыс) қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында күміс медаль иеленді.

Ол қысқа және негізгі бағдарлама қорытындысы бойынша 214,77 ұпай жинаған. Бұл - спортшының жеке рекорды.

Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальді жапониялық Маи Михара (220,68), қола медальді ресейлік Станислава Константинова (205,91) алды. Осы жарыста 124,41 ұпай жинаған қазақстандық тағы бір спортшы Айза Мамбекова 17-орынды иеленді.

Тұрсынбаева ақпанның ортасында АҚШ-та өткен Төрт құрлық чемпионатында 207 ұпаймен күміс медаль алған еді.

Тұрсынбаева 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында, 2017 жылғы қысқы Азия ойындарында қола иеленген.

Тұрсынбаеваны 2018 жылға дейін канадалық маман Брайан Орсер жаттықтырған. Ал 2018 жылдың жазында ол ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің командасына ауысқан. Қазір Мәскеуде жаттығады.

Чехия министрі: НАТО-ға терроризм, кибершабуыл және Ресей қауіпті

Чехияның қорғаныс министрі Любомир Метнар.

Чехияның қорғаныс министрі Любомир Метнар Солтүстік атлантикалық одаққа негізінен терроризм, кибершабуыл және Ресей басты қауіп төндіреді деп мәлімдеген. Ол бұл пікірін чехиялық СТК агенттігіне берген сұхбатында айтқан.

Ол қауіптілігі жағынан бірінші - терроризмді, екінші - кибершабуылды, үшінші - Ресейді атағанмен "бірақ қандай орында тұрғаны маңызды емес, себебі қауіп-қатер динамикасы жылдам өзгеруі мүмкін" деген.

Чех министрінің пікірінше, Мәскеу Еуропадағы ықпалын күшейтіп, әскерін қайта нығайтуға күш салып отыр. Министр сонымен бірге Ресейдің әскерін жан-жаққа жіберіп, әскери жаттығуларды жиі өткізетінін де атап өткен.

Кибершабуылдар жайлы айтқан кезде "қытай үкіметімен байланысы бар" түрлі коммуникациялық құралдарды әлем елдеріне экспорттап жатқан қытайлық Huawei мен ZTE компанияларын атаған.

Қорғаныс министрі сұхбатында НАТО-сыз елдің қауіпсіздігін елестете алмайтынын жеткізген.

Чехия НАТО-ға 1999 жылы кірген.

БАҚ: Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшыруы мүмкін

Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық зымыраны.

Солтүстік Корея баллистикалық зымыран немесе ғарышқа ракета ұшыруға дайындық жасап жатқан болуы мүмкін. Бұл ақпаратты Пхеньян маңындағы Санумдон зерттеу орталығы туралы спутниктен түсірілген суреттерді зерттеген АҚШ-тың ұлттық қоғамдық радиосы хабарлады.

Санумдон - құрлықаралық және ғарыш зымырандарын құрастыруға арналған орталық. Спутниктен түсірілген суреттерден орталық жанында бірнеше жеңіл және жүк көлігінің тұрғаны, оларға жақын жерде теміржол вагондары мен екі кран тұрғанын көруге болады. Бұл кәсіпорында жаңа зымыран құрастырылып жатқандығынан хабар беруі мүмкін деп топшылайды Монтерейдегі ядролық қаруды таратпау бойынша халықаралық зерттеу орталығының сарапшысы.

8 наурызда түсірілген суреттерден Санумдон алаңында "қызу жұмыстың" бәсеңдегені, алаңда бір кранның жетіспейтіні байқалады. Мамандар пікірінше, бұл цехтағы жұмыстың аяқталуы немесе зымыранның басқа жаққа көшірілуінен хабар беруі мүмкін.

Санумдон зерттеу орталығында "жұмыс қызған" шақта Солтүстік Кореяның батысындағы Сохэ ғарыш айлағында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2018 жылы маусым айында Сингупардағы АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен кейін Пхеньян бұл айлақты бұзуға уәде берген. Алайда наурыз айында екі ел басшыларының Ханойдағы сәтсіз кездесуінен кейін нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары байқалған.

Оңтүстіккореялық Yonhap агенттігінің жазуынша, Вашинтон Пхеньяннан "зымыран орталығын қалпына келтіруге" байланысты түсініктеме сұрап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні журналистерге егер Солтүстік Корея баллистикалық зымырандарын қайта сынақтан өткізе бастаса, "қатты көңілі қалатынын" жеткізген.

Ал АҚШ-тың ұлттық қоғамдық радиосына сұхбат берген кейбір сарапшылар Солтүстік Кореяның баллистикалық емес, ғарышқа зымыран ұшыруы мүмкін екенін айтқан. 2018 жылы көктемде Солтүстік Корея екі спутнигін орбитаға шығаруға дайындалып отырғанын мәлімдеген.

Ақ үй кеңесшісі Трамптың сайлауалды штабына ауысады

Ақ үй. Көрнекі сурет.

Ақ үйдің коммуникациялар бойынша кеңесшісі Билл Шайн отставкаға кету турал өтініш берген. Оның отставкасы президент Дональд Трамптың сайлауалды штабындағы жаңа қызметімен байланысты. Шайн сайлауалды кампанияны жүргізу бойынша аға кеңесші болады деп хабарлады Ақ үй хатшысы Сара Сандерс.

Билл Шайн 2018 жылы шілде айында Ақ үйдің коммуникациялар бойынша аппарат жетекшісі әрі Трамптың көмекшісі болып тағайындалған. Бұл қызметке келмей тұрып бір жыл бұрын "жыныстық бопсалау" туралы қызметкердің шағымын "ескерусіз қалдырды" деген айыппен Fox телеарнасынан кеткен. "Жыныстық бопсалауға" оның тікелей қатысы болмаған, бірақ жәбірленушілер Шайнның өрескел әрекеттің болғанын біле тұра ешқандай шара қолданбағанын айтады.

"Партия съезі өтуі тиіс" болған мейрамхананы полиция күзетіп тұр

Тіркелмеген "Наше право" партиясының "құрылтай съезі өтеді" деген жерден тек полиция көліктері көрінеді. Алматы, 9 наурыз 2019 жыл.

Наурыздың 9-ы күні тіркелмеген “Наше право” партиясының құрылтай съезі өтуі тиіс болған жерді полиция қызметкерлері бақылауға алған. Жиын өтетін мейрамхана есігі мөрмен бекітілген деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Ал партия жетекшісі Санавар Закирова мейрамханаға бара жатқан кезде полициядан шақырту алғанын айтып, үйінен шыға алмай отырғанын жеткізді. Ол мұны өзінің "саяси белсенділігімен" байланыстырып, полицияның "заңсыз әрекетіне" шағымданған.

"Жолымды бөгеп, съезд өтуі тиіс орынға жібергісі келмейді. Мұның бәрін мемлекеттің рұқсатымен жасап отырсам да, заңсыз ұстап, заңсыз тергегісі келеді" деп жазды Facebook-тағы парақшасында. Ол полициядан шақырту алған сәтін видеоға түсіріп жариялап қойған.

9 наурыз күні таңертең ол ақпарат құралдарына съезд өтпесе де, жиын өтуі тиіс болған орынға барып, жақтастарымен кездесетінін айтқан еді. Бірақ белгіленген уақытта жиын орнында бірнеше полиция көлігі мен онда отырған полиция қызметкерлерінен басқа ешкім көрінбеген.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

"Наше право" атты жаңа партия құратынын мәлімдеген алматылық кәсіпкер Санавар Закирова бұған дейін партияның құрылтай съезін 9 наурызда өткізетінін хабарлаған. Бірақ п​артия съезіне бір күн қалғанда, 8 наурыз күні кешке Закированы полицияға шақырғаны, одан кейін жиынның өтпейтіні белгілі болды.

"Наше право" партиясының съезі туралы ақпарат ақпан айында мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған еді. Закирова Facebook желісі арқылы әлі тіркелмеген партияның "бағдарламасын" таратқан. Онда елдегі билікті президенттіктен парламенттікке ауыстыру; полиция, сот, прокуратураға реформа жасау; тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету туралы жазылған еді.

Әлеуметтік желіде оның бастамасына қатысты пікір әртүрлі. Кейбірі "ұйымның артында билік адамдары тұруы мүмкін" десе, кейбірі оны "азаматтық белсенділігі үшін" мақтаған.

Оқи отырыңыз: Партия құруға өтініш берудің астарында не бар?

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Оған кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.

Қазір Қазақстанда алты партия тіркелген. Олардың үшеуі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан", билікке жақын "Ақ жол" және Коммунистік халық партиясының парламентте орны бар.

Алжирде президенттің қайта сайланбауын талап еткен шерулер жалғасып жатыр

Алжирдегі шеру. Мыңдаған адам қазіргі президенттің алдағы сайлауға қатысуына қарсы. 5 наурыз 2019 жыл.

Жұма, 8 наурызда Алжирде ондаған мың адам көшеге қайта шығып, президент Әбделәзиз Бутефликаның алдағы президент сайлауына қатыспауын талап еткен. Шеру бейбіт өткен. Ел астанасы Алжир қаласында метро жабылып, кейбір пойыздар жүрмей қалған.

Бұған дейін Бутефликаның атынан жазылған хабарлама да тараған. Онда президент "бейбіт жиынның тәртіпсіздікке ұласып кетуіне жол бермеу керектігі" туралы айтқан.

Елде шеру, акция өткізуге 2001 жылдан бері заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ ақпан айының соңынан бері Алжирдің ірі қалаларында мыңдаған адам қарсылық шараларын өткізіп келеді.

Әбделәзиз Бутефлика Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2013 жылы оған қастандық жасалған. Содан бері мүгедектер арбасымен жүретін ол көп алдына сирек шығады. 3 наурызда Бутефлика бесінші рет президент сайлауына түсетіні туралы мәлімдегеннен кейін елде наразылық күшейген.

Оқи отырыңыз: Алжир және Қазақстан: қандай ортақ тұстары бар?

Оппозициялық партиялар Алжир президенті денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның орны бос деп жарияланатыны жайлы конституция бабын қолдануға шақырған. Оппозиция сайлауды жарты жылдан кейін өткізуді, оған дейін тәуелсіз үкімет жасақтап, жаңа конституция жобасын әзірлеуді ұсынған.

Соңғы уақытта билік партиясына мүше бірнеше депутаттың қарсылық ретінде мандатынан бас тартқаны хабарланған. Елдегі танымал имамдардың бірі Бутефлика үшін дұға жасаудан бас тартқан.

Украинадағы президент сайлауына қатысатын үміткерлер тізімі бекітілді

Украинадағы президент сайлауынан үміткер азаматтардың суреттері. Көрнекі сурет.

Украинаның орталық сайлау комиссиясы 31 наурызға белгіленген президент сайлауына қатысатын үміткерлер тізімін бекітті. Онда 39 адамның аты-жөні көрсетілген.

Орталық сайлау комиссиясының жиынында сонымен бірге қайта дауыс беру қажет болған жағдайда оны өткізу формасы мен бюллетень мәтіні де мақұлданған.

Егер үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысына ие бола алмаса, онда сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Оған алғашқы кезеңде көбірек дауыс жинаған екі кандидат қатысады. Саясаттанушылар сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін деп санайды.

Украинада сайлау кампаниясы 2018 жылы 31 желтоқсанда басталған.

Әлеуметтік зерттеу халықтың кандидаттар арасында актер Владимир Зеленскийді көбірек қолдайтынын (20,3%) көрсеткен. Одан кейін "Батькивщина" партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко (13,9%), қазіргі президент Петр Порошенко (13,1%) тұр.

Наурыз айының басында Украинадағы сайлауалды жағдайды бақылауға келген Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) өкілдері "елдегі жалпы жағдай демократиялық сайлау өткізу шарттарына сәйкес келеді" деп қорытынды жасаған.

Бірақ делегация өкілдері кейбір кандидаттардың "дауыс сатып алу жүйесін құрғаны", "әкімшілік ресурстарды қолданғаны" туралы хабарламаларға алаңдаған. Парламенттік ассамблея өкілдері сонымен бірге сайлауға тым көп кандидат қатысып жатқанын сынап, "бұл дауыс беру процесін күрделендіріп жіберуі мүмкін" деп мәлімдеген.


СІМ: Қытайда ұсталған қазақ студентіне байланысты тергеу үш айға созылуы мүмкін

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайдың Чжэцзян провинциясында "есірткі таратты" деген күдікпен ұсталған қазақ студентіне байланысты түсініктеме берді. Министрліктің хабарлауынша, 27 ақпанда ұсталған Юлия Ходеваға байланысты тергеу амалдары үш айға созылуы мүмкін.

“Шанхайдағы бас консулдығымыз бірінші күннен бастап бұл мәселені бақылауға алған. [Юлия Ходеваның] Әкесі М.Ходевпен байланыс орнатылды. Бұған қоса Юлия Ходевамен консул телефон арқылы сөйлесті. Денсаулығы мен изолятордағы жағдайға байланысты шағымы жоқ” делінген сыртқы істер министрлігінің 9 наурызда Азаттыққа жіберген жауабында.

Ұсталған студенттің туыстарына сілтеме жасаған жергілікті “Мой город” сайтының хабарлауынша, алты жыл бойы бизнес және менеджмент саласында оқып жатқан Юлия Ходеваның университетті бітіруіне екі ай қалған. Жақындары оның "есірткі сатумен айналысқанына" сенбейді.

Олардың айтуынша, полиция бірде-бір "дәлел көрсетпей", Юлияны негізсіз ұстап отыр. Студенттің ата-анасы енді Қытайға барып, заңгер жалдамақ.

Жайық өзенін өлі балықтардан тазарта бастады

Жайық өзенінен ауланған балықтар. 11 қараша 2017 жыл.

Атырауда Жайық өзенін өлі балықтардан тазарту жұмыстары басталды деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

“Оған “Спецавтобаза” компаниясының қызметкерлері, орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау бойынша облыстық инспекция, балық шаруашылығы басқармасы мамандары тартылған. Тазарту жұмыстары Жайық өзенінің жағасы мен қала аумағында, Геолог, Дамба елді мекендерінде жүреді. Бұған қоса “Амангелді” ЖШС балық аулау кооперативіне тиесілі кеме өзен бетіндегі мұздарды жарады. Одан әрі қарай табиғатты пайдалану кәсіпорындары көліктерінің көмегімен өзеннен балықтар жиналады” деді Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Артур Сәдібекұлы.

Оның айтуынша, жиналған өлі балықтарды жоюмен “Спецавтобаза” мамандары айналысады. Аймақтың балық қорына қанша зиян келгені анықталады.

Жайық өзенінде балық жаппай қырылып жатқаны туралы былтыр желтоқсан айында айтыла бастаған. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Жайықтан 10 тоннаға жуық өлі балық табылғанын мәлімдеген.

Өлі балықтың бір бөлігі сол кезде жиналған. Өзен беті қатып қалғандықтан қалған бөлігін жинау мүмкін болмаған еді.

Соңғы кезде еріп жатқан Жайық өзенінен өлі балықтар шыға бастағаны туралы әлеуметтік желіде видеолар да жариялана бастаған.

Атыраулық "Ақжайық" басылымы жариялаған видео (4 наурыз 2019 жыл).

Балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері атына және денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдаған.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Партия құрмақ болған алматылық кәсіпкерді полиция шақырды

Санавар Закирова.

Саяси партия құрмақ болған алматылық кәсіпкер Санавар Закированы 8 наурыз кешкі сағат 21.30-да Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция бөлімшесіне шақыртқан. Бұл туралы Азаттыққа кәсіпкердің өзі хабарлады.

Закирова 9 наурызда Алматыда партияның құрылтай съезін өткізбек болған. Кәсіпкердің сөзінше, полиция бөлімшесінде онымен Бостандық аудандық прокурорының орынбасары Дәулет Есдәулетов пен Алматы қаласы қоғамдық даму басқарамасы басшысының орынбасары Бауыржан Түлбеков сөйлескен. Олар Закировадан әлеуметтік желіге съездің болмайтынын жариялап, хабарлама жазуды "сұраған".

"Егер съезд өткізсем, мені рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырды деп жауапқа тартатындарын айтты. Журналистерден кімдерді шақырғанымды сұрады" деді Закирова Азаттыққа.

Закировамен өткен кездесу туралы Алматы прокуратурасы мен қала әкімдігінен пікір алу мүмкін болмады. Ал Бостандық ауданы полиция бөлімшесінің кезекшісі Азаттыққа Санавар Закированың полицияда болғанын растады және оның кешкі сағат он жарымда шығып кеткенін айтты.

Кейін Закирова Facebook желісіне пост жариялап, жоспардың өзгергенін жазды. Оның жазуынша, "съезд үшін бір ай бұрын ақшасын төлеп, брондап қойған" мейрамхананың иелері жарық жоқ екенін айтқан.

"Наше право" партиясының съезі туралы ақпарат ақпанда мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған еді. Закирова Facebook желісі арқылы әлі тіркелмеген партияның "бағдарламасын" таратқан. Онда елдегі билікті президенттіктен парламенттікке ауыстыру; полиция, сот, прокуратураға реформа жасау; тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету туралы жазылған еді.

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиналысын өткізуі тиіс. Оған кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.

Қазір Қазақстанда алты партия тіркелген. Олардың үшеуі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан", билікке жақын "Ақ жол" және Коммунистік халық партиясының парламентте орны бар.

Головкин DAZN трансляция сервисімен келісім-шарт жасасты

Геннадий Головкин (ортада).

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен бокс жекпе-жектерінен трансляция тарататын DAZN стриминг сервисі келісім-шартқа қол қойды. Келісім-шартқа сай, DAZN 2021 жылға дейін Головкиннің кездесулерін көрсетеді. Бұл туралы 8 наурызда DAZN сервисі Twitter парақшасында хабарлады.

Twitter желісінде "Келісім жасастық. Енді GGG кездесулерін DAZN-нан көріңіздер" деп жазылған. The Ring журналының хабарлауынша, Головкин келесі жекпе-жегін маусымда өткізуі мүмкін.

Головкин бұған дейін HBO телеарнасымен бірге жұмыс істеген. Қазақстандық боксшының жекпе-жектерін 2012 жылдан бері осы телеарна көрсетіп келген. Ал 2018 жылы HBO арнасы бокс көрсетілімдерін тоқтатқан.

Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 40 жекпе-жекке шыққан. Ол 2018 жылы қыркүйекте мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылған. Осы кездесуден кейін Головкин рингке шыққан жоқ.

Астаналық әйелдер мерекеде автобуста тегін жүрді

Астаналықтар әйелдер мерекесін қалай атап өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні Астанада әйелдер қоғамдық көлікте тегін жүріп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлады. Әкімдіктің дерегінше, мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылған.

Автобус жүргізушілердің бірі Азаттық тілшісіне бұл акция 8 наурыз кешкі сағат 11-ге дейін жалғасатынын айтты.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні Қазақстан халқы Совет заманынан бері атап өтеді. 7 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мереке қарсаңында бір топ әйелді қабылдады. Әйелдермен кездесуде Назарбаев билік әлеуметтік көмек үшін екі триллион теңге бөлетінін, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасалатынын айтты.

Назарбаев: Қол жайып, үкіметтен көмек сұрамау керек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

Eurostat: 2017 жылы 3950 қазақстандық ЕО елдерінің азаматтығын алған

Еуропа одағының туы

2017 жылы 3950 қазақстандық Еуропа одағы елдерінің азаматтығын алған. Бұл туралы Еуропа одағының статистика басқармасы (Eurostat) хабарлады.

Қазақстандықтардың көбі Германиядан (3244 адам) азаматтық алған. Одан кейінгі орында Бельгия (185) мен Ұлыбритания (111) тұр.

Еуропа одағы елдерінен ең көп төлқұжат алған - Марокко (68 мың), Албания (59 мың) және Үндістан (31 мың) азаматтары. 2017 жылы 21 мың ресейлік Еуропа одағы елдеріне кеткен.

2017 жылы Еуропа одағы елдерінен барлығы 825 мың адам азаматтық алған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда аз. 2015 жылы 841 мың, 2016 жылы 996 мың адам Еуропа елдерінен төлқұжат алған.

Венесуэланың жартысына жуығы жарықсыз қалды

Жарықсыз қалған Каракастың түнгі суреті. Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.

Венесуэладағы 23 штаттың кемінде сегізі және ел астанасы Каракас аймағы электр қуатынан жаппай ажырағандықтан жарықсыз қалды деп хабарлады жергілікті El Nacional басылымы. Каракаста метро жұмысы тоқтап, қала әуежайына да кері әсер етті деп хабарлайды Bloomberg. Агенттік дерегінше, елдің оннан астам штатында жарық сөнген.

Венесуэла энергетика корпорациясы мұны "мемлекетке қарсы электр соғысын ашқандардың іріткісі" деп түсіндірген.

Қас қарайғанда көшеде отырған адамдар. Каракас, Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.
Қас қарайғанда көшеде отырған адамдар. Каракас, Венесуэла, 7 наурыз 2019 жыл.

Венесуэла ақпарат министрі Хорхе Родригес электр қуатынан жаппай ажырауға Боливар штатында орналасқан Гури су электр станциясына жасалған кибершабуыл себеп болды деп мәлімдеді. Гури – әлем бойынша ең ірі су электр станцияларының бірі.

Венесуэла президенті Николас Мадуро бұған АҚШ-ты айыптады.

Bloomberg-ке пікір білдірген сарапшылар электр қуатынан ажырау Венесуэлада үнемі қайталанатын жағдай екенін, инфрақұрылымның құлдырауы энергетикалық дағдарысқа алып келгенін айтады.

Венесуэлада оппозиция мен президент Николас Мадуро арасындағы тірес биыл конституциялық дағдарысқа ұласқан. Елде Мадуро билігіне наразылық 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Мұнайға бай елдің тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тапшылық көріп отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кеткен.

Биыл қаңтарда Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын тәуелсіз сайлау өткізу туралы бастама көтерген. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуросты Венесуэланың заңды президенті деп санайды. Мәскеу Вашингтонды Венесуэладағы билікті күшпен өзгерткісі келеді деп айыптаған.

Crew Dragon кемесі халықаралық ғарыш станциясынан ажырады

Халықаралық ғарыш станциясынан түсірілген Crew Dragon кемесінің суреті.

АҚШ бизнесмені Илон Масктің SpaceX жекеменшік корпорациясы жасаған Crew Dragon ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясынан ажырады деп хабарлайды АҚШ ғарыш агенттігі (NASA). Қазір жерге бет алған Crew Dragon Атлант мұхитының Флорида жағалауына жақын тұсына қонады деп жоспарланған.

2 наурызда АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан Falcon 9 зымыран тасығышы алып ұшқан Crew Dragon кемесі ғарыш станциясымен 3 наурызда түйіскен еді. Бұл жолы Халықаралық ғарыш станциясына барып, кері қайтқан Crew Dragon кемесінің бортында экипаж мүшелері болған жоқ.

Crew Dragon - ғарышты игеру тарихында өздігінен ұшатын алғашқы кеме. NASA жоспары бойынша, астронавтар мен жүкті Халықаралық ғарыш станциясына жеткізу ісінде Crew Dragon және онымен бәсекелес Boeing жекеменшік ғарыш кемесі 1960-жылдары құрастырылған ресейлік "Союз" кемелерін алмастыруы тиіс. Boeing кемесі ғарышқа биыл ұшырылады деп жоспарланған.

Оқи отырыңыз: NASA қайта "алға шықты"

Әзірге "Союз" - Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді тасып жатқан жалғыз кеме. "Союз" көмегімен АҚШ астронавтарын ғарыш станциясына жеткізіп, одан әкелу жөнінде Ресей мен АҚШ арасында жасалған келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы сәуірде аяқталады.


Қырғыз парламенті спикері хаттағы қатесі үшін сынға қалды

Қырғызстан парламенті спикері Дастан Жумабеков.

Қырғызстан Жогорку Кеңеші төрағасы Дастан Жумабековтың грамматикалық және стилистикалық қатеге толы хаты қоғамның сынына қалды. Парламент мүшелері хатты ақпан айында премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиевке Жумабековтың өзі жазғанын растады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

"Шынайы хат екені анықталды. Төраға міндетті түрде моральдық жауапкершілік алуы керек, бірақ әзірге ол талқыланған жоқ. Әйткенмен депутаттар бұл мәселені көтере алады" деген депутат Абдывахап Нурбаев.

Оның айтуынша, соңғы оқиғалардан кейін парламентте Жумабековтың атына сын күшейген.

Қырғызстан Жогорку Кеңешінің баспасөз қызметі спикердің кеңесшісі жұмыстан босатылғанын хабарлады. Баспасөз қызметінің жетекшісі Ибраим Нуракун уулу басшылықтың соңғы оқиғалардан қорытынды шығарғанын айтты. Қырғызстандық әлеуметтік жел қолданушылар спикердің қызметтен кетуін талап еткен. "Ондай мәселе қаралған жоқ" дейді Нуракун уулу.

43 жастағы Дастан Жумабеков 2017 жылы қазан айынан бері Қырғызстан парламенті төрағасы қызметінде отыр. Ол 2010 жылы "Ата Журт" партиясының, ал 2015 жылы "Қырғызстан" партиясының тізімі бойынша парламент депутаты болып сайланған.


БҰҰ адам құқығы кеңесі алғаш рет Эр-Риядты сынады

БҰҰ адам құқығы кеңесінің отырысы. Женева, 25 ақпан 2019 жыл.

Сауд Арабиясын адам құқығы мен бостандығын шектеп отырғаны үшін сынаған мәлімдемеге БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесіне мүше 36 ел (арасында Еуропа одағы құрамындағы 28 мемлекет бар) қол қойған. Құқық қорғаушы кеңес 2006 жылы құрылғаннан бері Эр-Риядты алғаш рет сынға алды.

Мәлімдеме авторлары Сауд Арабиясы билігін өткен жылы түрмеге қамалған құқық қорғаушы әйелдерді босатуға шақырған. Белсенділердің мәліметінше, билік тұтқындағы әйелдерге қысым жасап, азаптаған. Қамауда отырғандардың арасында Сауд Арабиясында әйелдердің автокөлік жүргізу құқығы үшін күрескендер де бар. Жыл басында жарияланған Дүниежүзілік банк рейтингінде Сауд Арабиясы гендерлік теңдік бойынша ең төменгі – 187-орында тұр.

Бұған қоса мәлімдеме авторлары Эр-Рияд 2018 жылы қазанда Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында өлтірілген журналист Жамал Хашоггидің қазасы туралы істі тергеуге болысуы тиіс деп санайды. АҚШ-та тұрған, The Washington Post басылымына мақалалар жазған Хашогги соңғы жылдары Сауд Арабиясы билігінің саясатын сынап жүрген. Түркия мен АҚШ арнайы қызметтері журналисті өлтіруге Сауд Арабиясы жоғары билігі өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Эр-Рияд бұл айыптауды жоққа шығарады.

Алматыда Астанадағы өрттен қаза болған бес баланы еске алды

Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза болған бес баланы еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 8 наурыз 2019 жыл.

8 наурыз күні Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіне келген бірнеше адам өткен айда Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза болған кәмелетке толмаған бес қыз баланы еске алды. Еске алу шарасына қатысқандардың арасында көп балалы отбасылар мәселесін көтеріп жүрген Ирина Ким, митингі өткізуге рұқсат бермеген қала әкімдігімен соттасқан заңгер Әлнұр Ильяшев және басқалар болды. Олар парктегі Мәңгілік алауға гүл мен ойыншықтар қойды.

- Бүгін 8 наурыз. Олар да қыз балалар еді. Бұл қасірет мені "оятты". Сондықтан мұндай қайғылы жайт қайталанбауы үшін үнемі осы тақырыпты қозғауға тырысып жүрмін. Ол оқиғадан кейін ешбір жаңа бағдарлама әсер етпеген жағдайда тұрып жатқан аналардың тұрмысымен таныса бастадым. Олар [баспана алуға] кезекке ілінбей, жәрдемақы алмай бәз-баяғы тірлігін кешіп жатыр, - деді Ирина Ким.

Оның сөзінше, тұрақты тіркеуі болмағандықтан көптеген отбасылар мемлекеттен әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Банкке өтемеген қарызы бар аналар баспана алуға үкімет уәде еткен жеңілдікті несие өздеріне тимей қала ма деп қорқады.

28 панфиловшылар паркіндегі бас-аяғы бес минуттай уақытқа созылған еске алу шарасын жай киім киген адамдар алыстан бақылап тұрды. Журналистер шараға жақын маңда полиция қызметкерлері мен көліктері тұрғанын байқады. Билік өкілдері ешкімді ұстаған жоқ.

Ақпанның 4-іне қараған түні Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты. Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті. Наразылық күшейіп тұрған тұста билік мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек аясында берілетін жәрдемақыны ұлғайтуға, жәрдемақы алу шартын жеңілдетуге, күнкөрісі төмен көп балалы отбасыларға жалға берілетін баспана санын көбейтуге және тағы басқа шаралар қабылдауға уәде етті.

Майкл Коэн Трамптың компаниясын сотқа берді

Майкл Коэн. Вашингтон, 6 наурыз 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн Трамптың The Trump Organization құрылыс компаниясының үстінен сотқа талап арыз түсірді деп хабарлайды Reuters. Коэн заңгер ретінде қызмет көрсеткені үшін компаниядан 2 миллион долларға жуық ақша төлеуін талап еткен.

Адвокат талап арызында АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллердің тобымен келісім жасағаннан кейін The Trump Organization құрылыс компаниясы оған төлем жасауын доғарғанын айтқан. Мюллер жетекшілігіндегі топ 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына Ресей киліккен болуы ықтимал деген күдікпен қозғалған іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

27 ақпанда АҚШ конгресінде өткен тыңдауда Коэн Трампты "алаяқ", "нәсілшіл" деп атап, ол 2016 жылы АҚШ-та президент сайлауы кампаниясы басталғаннан кейін Мәскеумен көп қабатты ғимарат құрылысы туралы келіссөз өткізді деп мәлімдеген.

Дональд Трамп Коэнның сөзін жоққа шығарып, оны "өтірікші" деп айыптаған.

Оқи отырыңыз: Трамптың бұрынғы адвокаты "БТА банктен ақша алған"

2018 жылы желтоқсанда АҚШ соты Майкл Коэнді конгреске жалған ақпарат берді, сайлау кампаниясын қаржыландыру жөніндегі заңды бұзды және салықтан жалтарды деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Коэн мамыр айынан бастап жазасын өтейді.

Роберт Мюллердің тергеу тобы 2016 жылғы сайлау кезінде Республикалық партия кандидаты Дональд Трамптың сайлау штабы Демократиялық партиядан сайлауға түскен Хиллари Клинтонның позициясын әлсірету мақсатымен Кремльмен жасырын мәміле жасағаны я ондай іс-әрекетке бармағанын анықтап жатыр. Мәскеу шет мемлекеттердегі сайлауға араласқаны туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Франция сыртқы істер министрлігі маңызды қызметте әйел аз болғаны үшін айыппұл төлейді

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан.

Франция сыртқы істер министрлігі маңызды қызмет атқаратын әйел саны аз болғаны үшін 450 мың еуро айыппұл төлейді. Бұл туралы Le Monde хабарлады. Басылымның жазуынша, айыппұл 2017 жылы елші қызметіне үміткерлердің көбі ер адамдар болғандықтан салынған.

Франция заңы бойынша, елші қызметіне үміткер дипломаттардың кемінде 40 пайызы әйел болуы шарты. Бірақ 2017 жылы олардың саны 29 пайыздан аспаған, яғни талапқа сай болуға бес әйел жетпей қалған. Енді министрлік солардың әрбірі үшін 90 мың еуродан айыппұл төлейді.

Аты-жөнін атамаған француз шенеунігінің айтуынша, 2018 жылы Франция сыртқы істер министрлігіндегі маңызды қызметке үміткер саны заң талабына сай болған. Бірақ қазір елші қызметіндегі әйел саны әлі де аз: бар болғаны 26 пайыз ғана деп жазады басылым.

Дүниежүзілік банк дерегінше, Франция әлем бойынша гендерлік теңдікті сақтап отырған алты мемлекеттің бірі. Сарапшылар олардың арасында Франциямен бірге Дания, Латвия, Бельгия, Швеция және Люксембургті атайды. Дүниежүзілік банк зерттеуінде бұл салада соңғы он жылда Францияның алға шыққаны айтылған.

АҚШ Гүлнара Каримоваға парақорлық және бопсалау айыбын тақты

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова.

АҚШ билігі Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова мен ресейлік МТС мобильдік байланыс операторының Өзбекстандағы еншілес компаниясы басшысы Бехзод Ахмедовке 865 миллион доллар пара алған және күмәнді ақшаны заңдастырмақ болған деп айып тақты. Бұл туралы Нью-Йорк прокуратурасы хабарлады.

АҚШ әділет министрлігі мен бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы Өзбекстанның телекоммуникация нарығындағы жемқорлықты тексеріп жатыр. Тергеу ісінде ресейлік МТС мобильдік байланыс операторы, швециялық Telia Company AB (бұрынғы TeliaSonera) және ресейлік "Вымпелком" операторының меншік иесі Veon компаниялары аталады. Бұл компаниялардың акциялары АҚШ қор биржаларында сатылған.

7 наурызда МТС АҚШ билігімен келісім жасады. Компания Өзбекстан нарығына ену үшін пара беру ісі бойынша 850 миллион доллар айыппұл төлеуге келісті.

АҚШ прокуратурасының мәліметі бойынша, 2000 жылдардың басында Ахмедов Өзбекстанның коммуникация нарығына кірмек болған операторлардан пара бопсалаған. Каримова әлгі компанияларға тиімді келісім-шартқа отыруына болысқан.

2015 жылы тамызда Ташкент соты Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру, бопсалау және тағы басқа қылмыстарға айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғап, алаяқтық жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деп айыптаған. 2017 жылы сот Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ кейін сот оны бес жылға бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырған. Каримоваға қарсы қозғалған екі қылмыстық іс бойынша мемлекетке 2 миллиард долларға дейін зиян келген деп хабарланды.

Осы аптада Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы бұрынғы жазасын өзгертіп, жалпы режимдегі колонияға қамауға үкім еткен. Өзбек билігі Каримованың байланыс құралдарын бірнеше рет пайдаланғанын және қызы Иманның пәтерінен өз бетінше шығып, "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғанын" мәлімдеген.

Сот Пол Манафортты 47 айға түрмеге қамауға үкім етті

Пол Манафорт.

Вирджиния федералдық соты АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы сайлау штабының жетекшісі Пол Манафортты 47 айға түрмеге қамауға үкім етті. Сот Манафортты Украинада саяси кеңесші болып істеген жұмысына қатысты банктік алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп таныған.

Манафорт 2016 жылы мамырдан тамыз айына дейін АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан кандидат болып түскен Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған.

Прокурорлар Манафортты 19 жарым жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот Манафорт "ауыр қылмыс" жасаған деген айыптаумен келісті, бірақ Манафорт бұған дейін заңға қайшы іс-әрекет жасамағандықтан прокурорлар сұраған жаза мерзімі "шамадан тыс әрі негізсіз" деп шешті. Манафортқа жалпы көлемі 74 миллион доллар айыппұл салынды.

69 жастағы Пол Манафорттың үстінен қылмыстық іс Трамптың төңірегіндегі адамдар Кремльмен астыртын мәміле жасаған болуы мүмкін деген күдікпен АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тергеу аясында қозғалған. Адвокаттар Мюллер тергеп жатқан "Ресей ісіне" Манафорттың мүлде қатысы жоқ екені дәлелденгенін алға тартып, оған жеңілірек жаза тағайындауды сұраған.

Өткен жылы Манафорт сегіз түрлі айып тағылған. Олардың арасында шет мемлекеттің мүддесіне лоббистік қызмет атқарып тапқан миллиондаған доллар кірісті салықтан жасырғаны, банктерден қарыз сұрап жазған өтінішінде жалған ақпарат бергені туралы баптар бар.

Вирджиниядағы сот процесімен бірге Пол Манафорт Вашингтон федералдық сотындағы осыған ұқсас іс бойынша өткен тыңдауға айыпкер ретінде қатысты. Ол сотта Манафорт айыбын мойындап, прокуратурамен келісім жасаған. Бұл іс бойынша сот үкімі алдағы аптада жарияланбақ.


Тәжік оппозиционері Ресей билігін айыптады

Шарофиддин Гадоев

Тәжікстандық оппозиция белсендісі Шарофиддин Гадоев Ресей билігін "өзін ұрлады және Тәжікстанға күштеп депортациялады" деп айыптады. Кейін құқық қорғаушылар араласқаннан кейін Тәжікстан билігі оны Еуропаға жіберген. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.

Гадоевтың сөзінше, ол 2019 жылдың 14 ақпанында Путин әкімшілігінің өкілдерімен кездеспек болған. Кездесу алдында Ресей полицейлері оны басқа көлікке отырғызып, қолына кісен салып алып кеткен.

Гадоевтың айтуынша, ресейлік полицейлер өзін Домодедова әуежайна апарып, "Сомон эйр" әуе компаниясының Мәскеу-Душанбе рейсіне отырғызып жіберген.

"Бұл операцияға Тәжікстан мен Ресейдің арнайы қызметтері ұйымдастырды. Федералдық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігі, әуе компаниясы қолғабыс қылды" деді Гадоев Akhbor басылымына.

15 ақпанда Тәжікстан ішкі істер министрлігі Гадоев елге өз еркімен оралды деп хабарлаған. Билік таратқан видеода Гадоев оппозицияны сөгіп, өзге белсенділерді Тәжікстанға оралуға шақырады. Кейін Гадоев Тәжікстан ішкі істер министрлігі тарапынан қысым болғанын айтқан.

Ақпанда халықаралық құқық қорғау органдары "Гадоевты ұрлап кетті" деп мәлімдеген. Ал наурыздың басында Тәжікстан билігі оппозиционерді босатқан еді. Осыдан кейін Гадоев Германияға ұшып кеткен.

Оқи отырыңыз: "Ұрланған" тәжік оппозиционері Еуропаға жетті

Гадоев 2015-2016 жылдары Тәжікстандағы "24 тобы" оппозициялық қозғалысын басқарған. Ресми Душанбе бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, тыйым салған. Оның алдында "24 тобы" азаматтарды Душанбе мен өзге де қалаларда үкіметке қарсы наразылыққа шығуға шақырған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары ұсталды

Көрнекі сурет

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов ұсталды. Бұл туралы 7 наурызда ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.

Ресми өкілдің айтуынша, Төремұратовты Батыс Қазақстан облысының арнайы прокуратурасы мен полиция департаменті бірігіп ұстаған. Нұрділдә Ораз Төремұратовтың қандай іс бойынша күдікке ілінгенін айтпады.

Бекболат Төремұратов Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне 2016 жылы қарашада тағайындалған. Оған дейін ол Батыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментін басқарған.

Украина президенттігіне кандидатты "сатып алмақ болған"

Украина президенттігіне кандидат, "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко. 7 наурыз 2019 жыл.

Украина бас прокуратурасының хабарлауынша, елдегі президент сайлауына өз-өзін кандидат ретінде ұсынған Юрий Тимошенконы сатып алмақ болған адам анықталған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Юрий Тимошенконы сатып алмақ болған адам - "Батькивщина" партиясының мүшесі Валерий Дубиль.

Прокуратураның дерегінше, Дубиль өзімен партиялас кандидат Юлия Тимошенко мен Юрий Тимошенконың аты-жөні ұқсас болғандықтан Юрий Тимошенкоға пара беріп, сайлауға қатысудан бас тартқызбақ болған.

Осы іске қатысты тағы екі адам ұсталған. Олардың бірі - "Украинаны қорғаушылар партиясының" төрағасы Тарас Костанчук. Тергеу мәліметі бойынша, ол Юрий Тимошенкоға шамамен 200 мың доллар ұсынған. Ал Костанчук бұл әрекетті "арандату" деді және Юрий Тимошенко "жасанды кандидат болудан шаршадым" деп өзі ақша сұрағанын айтқан.

"Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко да ұстауларды "арандату" деп атады және сайлау бюллетенінен Юрий Тимошенконың есімін алып тастауды талап етті. Ол өзімен аты-жөні ұқсас жазылатын Юрий Тимошенконың тізімге кіруін "дауыс берушілерді шатастыру үшін жасалған әрекет" деген.

Украинада президент сайлауы 31 наурызда өтеді. Сайлауға 40 кандидат тіркелген. Олардың арасында қазіргі президенті Петр Порошенко да бар.

Тағы

XS
SM
MD
LG