Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ортақ мәлімдеме: Нұр-Сұлтан мен Мәскеу соғыс тариxын "қаралауды" құптамайды

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мәскеу. 3 сәуір, 2019 жыл.

3 сәуір, сәрсенбі күні Қазақстан президенті мен Ресей президенті Мәскеуде кездесіп, бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел арасында бұған дейінгі жасалған достық сипаттағы келісім-шарттардың жалғасуын қалайтындарын айтқан.

Бірлескен мәлімдемеде екі ел бір-біріне күш қолданбауға, ішкі істеріне араласпауға, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, экономикалық және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуге уағдаласқан.

Мәлімдемеде "Тараптар "Байқоңыр" кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының шеңберіндегі, соның ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастығын жалғастырады" делінген.

Бұған қоса "Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін қош көрмейтіні" айтылған.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні Мәскеуге ресми сапарлап барып, Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Бұл - Тоқаевтың президент ретінде шетелге жасаған алғашқы сапары.

Ал қазақстандық саясаттанушы Тоқаевтың алғашқы ресми сапары Мәскеуден басталуын "саяси әдіс" деген.

Президент Тоқаев Кремльге Назарбаевтың сәлемін жеткізді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Кремль 3 сәуір, 2019 жыл.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі, сәуірдің 3-і күні Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл - Тоқаевтың президент ретінде шетелге жасаған алғашқы сапары.

Тоқаев кездесуде Қазақстанның өкілетін тоқтатқан бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинге айтқан сәлемін жеткізді және "қысқа уақытта осындай кездесу ұйымдастырғаныңыз үшін алғыс айтамын" деді. Бұдан бөлек Тоқаев тәуелсіз Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас басталған 1992 жылдан бері екі ел арасында көп мәселелердің шешілгенін атап өтті және әлі де атқарар шаруа аз емес екеніне тоқталды.

Путин де Тоқаевқа бұрыннан таныс екендерін айтып, қызметімен құттықтады және сөз соңында "Назарбаевқа сәлем айтыңыз" деді.

Ресми ақпарат бойынша, Тоқаев пен Путин саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша келіссөз жүргізетіні хабарланған және бірнеше құжатқа қол қойылады делінген.

Тоқаевтың Ресейге сапары алдында оның мемлекеттік басылымдарға берген сұхбаты шықты. Онда президент "Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді" деп, өзінің де "президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын" айтады.

Ал қазақстандық саясаттанушы Тоқаевтың алғашқы ресми сапары Мәскеуден басталуын "саяси әдіс" деген.

Мәскеуде жоғары білім алған, бұрындары сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң президент қызметіне кіріскен. Сенат спикері болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.

Қырғызстан билігі шекарадағы жағдайды одақ алқасында талқылауды ұсынды

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі. 1 сәуір 2019 жыл.

Қырғызстанның экономика министрлігі сәуірдің 3-і күні ел үкіметінен Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдайды Еуразия экономикалық комиссия алқасына шығарып, талқылау туралы бастама көтеруді сұрады. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

"Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің ақпараты бойынша шекарада төмендегідей құжаттар тексеріліп, сканнан өтіп жатыр: CMR (халықаралық тауар-көлік құжаты), ТТН (тауар-көлік құжаты), инвойс немесе есеп-фактура, көлік техпаспорты, шекарадан өткені туралы талон. Бұл жасырын кедендік бақылау жүргізуге жатады және түбірімен одақ нормаларына қайшы келеді. Бұл сонымен бірге Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы келісімнің 25-бабында көрсетілген - ЕАЭО ішкі нарығында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету туралы шартты бұзады" делінген Қырғызстан экономика министрлігінің 3 сәуірде таратқан мәлімдемесінде.

Бірнеше аптадан бері Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, 31 наурызда олардың саны 200-ден асқан еді. Бұған Қазақстан жағына өтейін деп тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланған.

Қырғызстан экономика министрлігінің дерегінше, шекараның қырғыз-қазақ аумағында халық тұтынатын тауар тиеген көліктерді бақылау 19 наурыздан бастап күшейтілген. Көліктердің мұқият тексерілуіне байланысты көліктерді өткізу уақыты созылған.

Қырғызстан тарабының хабарлауынша, көліктердің ұзақ тұруына байланысты кейбір компаниялар "тауарларды уақытында жеткізе алмай" қаржылық шығын сияқты түрлі мәселерге кезіккен. Осылайша бақылау шарасы тұтас ел экономикасына теріс ықпал тигізіп отырғанын айтады.

Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Сартаева 3 сәуірде кешке қарай Азаттық тілшісіне:

- Бұған байланысты ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Негізі бұған байланысты барлық ақпаратты осыған дейін таратқанбыз. Бұл мәселені қазір басшылар қарап жатыр. Жұма, 5 сәуірде брифинг өткізу жоспарланып отыр" деді.

Сәуірдің 1-і күні таратқан баспасөз хабарламасында мемлекеттік кіріс комитеті көлік кептелісінің себебін "тауар тиеген жүргізушілердің тексеруден өтуге құлықты болмауымен" байланыстырған еді.

Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) құрамында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей бар.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі (30.03.2019 жыл).

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кептелісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:56 0:00

Мәскеуге барар алдында Ресей БАҚ-ында Тоқаевтың сұхбаты жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге келген сәті. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Мәскеуге сапары алдында ресейлік басылымдарға сұхбат берген Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі биліктің ауысуы, Қазақстан мен Ресей арасындағы "тығыз қарым-қатынас", Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) мен Үлкен Еуразия идеясы және өзге мәселелерге тоқталған. Ол сұхбатында елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "көреген саясаты" мен "кемеңгерлігін" жиі айтып, мақтаған. Ресейлік басылымдар мақалаларда басты сурет ретінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірге түскен суретін қолданған.

Постсоветтік елдердің бесеуі мүше - Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) болашағына тоқталған Тоқаев болашақта одақ мүшелері арасындағы қарым-қатынас бұдан да нығая түсетінін айтқан.

"2025 жылға қарай сауда-саттық саласындағы кедергілерді жойып, тауар, қызмет көрсету, капитал мен жұмыс күшінің шын мәніндегі еркін алмасуын бір-бірімізбен ақылдаса отырып, қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз. Интеграция аясында қысқа мерзімді және орта мерзімді жоспарларлардың бәрі нақты, экономикалық тұрғыда негізделген және толық жүзеге асыруға болатын [жобалар] деп есептеймін" деген ол ресейлік Коммерсант газетіне.

Regnum.ru сайтына берген сұхбатында Тоқаев жоғарыда аталған мәселелермен қатар Қытайдың "Бір белбеу - бір жол" жобасының Қазақстан үшін маңызын атап өтіп, бұл жоба "мемлекетіміздің Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын транзиттік аумақ ретіндегі стратегиялық позициясын нығайтуға" көмектеседі деп айтқан.

Тоқаев Ресейге сапары алдында мемлекеттік басылымдарға да сұхбат берген. Онда президент "Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді" деп, өзінің де "президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын" айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге 3 сәуірде Нұр-Сұлтан уақытымен түстен кейін барған. Бұл оның мемлекет басшысы ретіндегі шетелге алғашқы сапары.

Қазақстанда президент ауысқанмен кейбір сарапшылар "Тоқаевтың бұрынғы президент Назарбаевтың айтқанынан шықпайтын" басшы екенін, елдегі авторитарлы жүйеде бәлендей ірі өзгеріс бола қоймайды деп санайды.

Қырғызстан: "Алмазбек Атамбаев ұсталды" деген ақпарат расталмады

Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті 3 сәуірде елдің бұрынғы президенті "Алмазбек Атамбаев ұсталды" деген ақпараттың жалған екенін хабарлады. Комитеттің айтуынша, Таш-Мойнак ауылында оны ұстау бойынша ешқандай операция жүргізілмеген.

Комитет өкілдері Азаттықтың Қырғыз қызметіне мұндай сыбыстың WhatsApp желісінде жуырда тарағанын айтқан.

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған ақпараттың таратылуын "деструктивті күштердің қоғамды шатыстыру үшін" жасап отырған амалы ретінде бағалаған. Осыған байланысты бұл сыбысты таратқан азаматтарды іздеп жатқанын да жеткізген.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011 жылдың 1-желтоқсаны мен 2017 жылдың 17-қараша аралығында басқарған. Президент өкілетін тоқтатқанан кейін Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының төрағасы болды.

2018 жылы 3 сәуірде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының съезі өтіп, "Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысының жетекшісі ретінде Сағынбек Абдрахманов тағайындалды. Ал бірақ бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев және оның жақтастары әлі күнге дейін партияның заңсыз екенін айтып келеді. Олар 6 сәуірде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының XVIII съезін өткізуді жоспарлап отыр.


Өзбекстан билігі Каримованың қай түрмеде жазасын өтеп жатқанын айтты

Гүлнара Каримова.

Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі 3 сәуірде елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың Ташкент облысы Зангиат ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқанын хабарлады. Баспасөз қызметінің айтуынша, оған ешқандай артықшылық берілмеген - қатардағы сотталушы ретінде жазасын өтеп жатыр.

1-2 сәуірде Каримова №21 түрмеде швейцариялық адвокаты Грегуар Манжемен кездескен. Бұл ақпаратты Грегуар Манже Twitter-дегі парақшасында жазды.

Гүлнара Каримованың үйқамақтан колонияға жіберілгенін наурыз айының басында Instagram желісінде қызы Иман жазған.

2013 жылы швециялық басылымдар Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялардың Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғаны туралы жаза бастады. Шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланд, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекетін тексере бастады.

Өзбекстан бас прокуратурасы наурыздың 5-і күні осыдан біраз уақыт бұрын Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімінің шыққанын, бірақ кейін оны бес жылға бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырып, үйқамақта ұстағанын хабарлаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі "Внуково" әуежайынан түскен сәті. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапарлап барды. 3 сәуірде "Внуково-2" әуежайында оны Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мен министрліктің хаттама департаментінің басшысы Игорь Богдашев күтіп алды. Сапардың ресми сипатқа ие екендігі хабарланған.

Бұл - Тоқаевтың президент ретіндегі алғашқы шетел сапары.

Ақорданың хабарлауынша, бүгін президент Тоқаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездеседі.

Мәліметке қарағанда, екі президент кездесуінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелері және аумақтық, халықаралық өзекті тақырыптар талқыланбақ. Қазақстан президентінің Ресей федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен және осы елдің зиялы қауым өкілдерімен де кездесуі де жоспарланған.

Кремльдің баспасөз қызметі осы сапар жайлы хабарламасында "президенттер екі ел қатынасының негізгі тұстарын, Еуразия кеңістігінде интеграция процесін жүргізу жоспарын қарап, өңірдегі кейбір маңызды мәселелер талқылайды" деп жазды.

Мәскеуде жоғары білім алған, бұрын сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан соң уақытша президент болды.

Президент Тоқаев Ресейге сапары алдында Қазақстанның және Ресейдің бірнеше БАҚ-ына сұхбат берген.

"Атажұрт еріктілерінің" Алматыдағы кеңсесі қайта ашылды

"Атажұрт еріктілері" ұйымының қайта ашылған кеңсесі. Алматы, 3 сәуір 2019 жыл.

Басшысы қамауға алынып, Алматыдағы кеңсесі жабылған тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымы бір айға жуық уақыттан кейін Алматыдағы жұмысын қайта бастағанын хабарлады.

- Сәуірдің 2-сі күні Алматы қалалық полиция департаменті кеңсеміздің кілтін қайтарып, жұмысымызды жалғастыруға рұқсат берді. 3 сәуірде кеңсемізге 20 шақты адам келді, - деді Ербол Дәулетбекұлы 3 сәуірде Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, алайда полиция тінту кезінде тәркілеп алған флешка, маңызды құжаттарды қайтармаған.

- Тәркіленген заттар арасында жеке азаматтардың арыз-шағымдары, кейбір азаматтардың төлқұжаттары да болған еді. Полиция оларды Нұр-Сұлтанға алып кетті, - деді Дәулетбекұлы. Оның айтуынша, ұйымның үш қалада кеңсесі бар: Алматы, Нұр-Сұлтан және Өскемен. Алматыдағы кеңсесі жабық болып тұрған кезде өзге екі қалада олар азаматтардың шағымын қабылдаған.

2019 жылы наурыз айының 10-ы күні түнде "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен болатын. Кейін оның үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны хабарланған. 11 наурыз күні сот оны қамаудан босатып, үй қамаққа алған. Серікжан Біләштің үстінен қазір "ұлт араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүріп жатыр.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

Мәскеуде Тоқаев пен Путин кездеседі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

3 сәуірде Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин кездеседі. Тоқаевтың шетелге сапары кезінде бірқатар құжатқа қол қойылады деп хабарлады мемлекеттік "Хабар" арнасы.

Қазақстан президентінің әкімшілігі Азаттыққа екі ел басшыларының кездесуі туралы толық ақпарат берген жоқ.

Кездесу болатынын 28 наурызда хабарлаған Ақорда сайты "екі президент кездесуінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелерін, сондай-ақ аумақтық және халықаралық өзекті тақырыптарды талқылайды" деп жазған.

Кремльдің баспасөз қызметі жоспарланған кездесу жайлы хабарламасында "президенттер екі ел қатынасының негізгі тұстарын, Еуразия кеңістігінде интеграция процесін жүргізу жоспарын қарап, өңірдегі кейбір маңызды мәселелер талқылайды" деп жазды.

Бұл – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне кіріскелі шетелге алғаш сапарлауы.

Мәскеуде жоғары білім алған, бұрындары сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң президент қызметіне кіріскен. Сенат спикері болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.

Тоқаевтың Ресейге сапары алдында оның мемлекеттік басылымдарға берген сұхбаты шықты. Онда президент "Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді" деп, өзінің де "президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын" айтады.

Алматы прокурорлары қырғызстандық экс-депутатты 13 жылға түрмеге кесуді сұрады

Қырғыз парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу сотта отыр. Алматы, 2 қараша 2018 жыл.

Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "шекарадан контрабандалық тауар өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты" деп айыпталған Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулу мен 11 адамның ісі бойынша сот процесі жалғасты.

3 сәуірде таңертең басталған сот отырысына ондаған адам қатысты. Қылмыстық іс бойынша 12 адамға айыптау актісін кезектесе оқыған екі прокурор айыпталушылардың "трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны" толық дәлелденгенін айтты. Олардың сөзінше, айыпталушылардың іс-әрекетінен Қазақстан экономикасына 99 миллион теңгеден аса залал келген.

Прокурорлар соттан Дамирбек Асылбекуулун Қылмыстық кодекстің "трансұлттық қылмыстық ұйым құру, қатысу және оларға басшылық ету" және "экономикалық контрабанда" баптары бойынша айыпты деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын өтеуге қауіпсіздігі жоғары мекемеге жіберуді, айыпталушыдан мемлекетке келген шығынды өндіріп алуды сұрады. Прокуратура қырғыз азаматын Қазақстаннан жазасын өтегеннен кейін ғана шығару керек деп санайды.

Айыптау актісінде Асылбекуулуның 2016 жылы қарашада "депутаттық қызметін пайда табу және заңсыз баю мақсатына пайдаланып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны" айтылған. Прокурорлардың сөзінше, ол қылмыстық топты "Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге заңсыз тауар жіберу үшін басқарған".

Асылбекулууның адвокаты Асқар Баймұратов бұрынғы депутатқа тағылған "ойдан құрастырылған" айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.

Прокурорлар судьядан тергеу материалында "ұйымдасқан топ басшысы" деп көрсетілген айыпталушылардың бірі Есбол Жаппасовқа - 15 жыл, қалғандарына 7-12 жыл аралығында түрме жазасын тағайындауды және күдіктілердің "қылмыстық жолмен тапқан дүни-мүлкін" тәркілеуді сұрады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?

Дамирбек Асылбекуулу 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Онымен бірге ұсталған 34 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер болған. Ұсталғандардың үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Бұл іс бойынша Асылбекуулунан өзге 11 адам сотқа тартылған.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 17 ақпанда Қырғызстан азаматтарын екі айға тұтқындау туралы шешім шығарып, кейін қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Сот барысында Дамирбек Асылбекуулу Қазақстан азаматтығынан айрылғаны белгілі болды.

Видео: Алматыда Қырғызстан экс-депутатының соты басталды. 2 қараша 2018 жыл.

Алматыда Қырғызстанның экс-депутатының соты басталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Назарбаев кеңсесін құруға бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінеді

Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамы шарасына келген сәт. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесін құруға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге (2,6 миллион доллардан асады) бөлу жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан қаржы вице-министрі Татьяна Савельеваға сілтеме жасап, "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі хабарлады.

Вице-министр бұл туралы 2 сәуірде комитеттің сенатта өткен отырысынан соң айтқан. Савельеваның сөзінше, бюджетке бірнеше түзету енгізіліп, шығын артады.

"Шығын жалақының 1 шілдеден емес, маусымнан бастап өсуіне байланысты артады. Сол бір айға 37 миллиард теңге қаржы керек. Қалған ақша ендігі тіркеліп қойған жаңа мемлекеттік органды - елбасы кеңсесін құруға жіберіледі" деді қаржы вице-министрі.

Норманы сенаттың жұмыс тобы қолдаған, енді ұсыныс бюджетке өзгеріс енгізу жобасына жазылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылдай билеп, биыл наурызда қызметінен кетті.

"Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң бойынша, Назарбаевты қызметтік кеңсе, пәтер, тұрақты күзет және байланыстың барлық түрімен жабдықтау қарастырылған.

Назарбаевқа бюджеттен президент айлығының 80 пайызына тең көлемде ай сайын зейнетақы қарастырылған, Назарбаевтың өмірі мен денсаулығына байланысты президенттің жылдық жалақысына тең міндетті мемлекеттік сақтандыру тағайындалған.

Астана теміржол вокзалының атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту ұсынылды

Көрнекі сурет.

Қазақстан астанасындағы "Астана" теміржол вокзалының атын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында 2 сәуірде жарияланған үкімет қаулысының жобасында айтылады.

Қаулы жобасы "Астана-1" вокзалының атын өзгерту туралы" деп аталады. Онда "Астана" возкалының атауы "Нұр-Сұлтан" теміржол вокзалы" деп өзгеретіні айтылған.

Электрондық базаға қаулы жобасын Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енгізген.

Көпшілік талқы аяқталатын уақыт ретінде 16 сәуір көрсетіледі. Сайтта бұл ұсыныс жайлы әзірге пікір жоқ.

23 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойған.

Қырғызстан сәуір төңкерісінің он жылдығын ұлттық деңгейде атап өтеді

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 2010 жылы болған Сәуір төңкерісі кезінде жапа шеккен азаматтармен, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Бұл туралы президент аппаратына сілтеме жасап, Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

"2010 жылы болған Сәуір төңкерісі халықтың еркіндікке ұмтылысы мен отбасылық-кландық басқару жүйесіне қарсы тұруға ерік-жігерін танытып, ел болашағы үшін өмірлерін қиюға дайын екендерін көрсетті. Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың аты ел тарихында мәңгі қалуы үшін 2020 жылы Сәуір төңкерісінің 10 жылдығын ұлттық деңгейде атап өту туралы арнаулы қаулы дайындалып жатыр. Ұйымдастыру комиссиясы құрылып, дайындық басталады" дейді Жээнбеков.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуге келгендер қаулыны қолдап, ұсыныстары мен ескертулерін айтқан, кез келген көмекке әзір екендерін білдірген.

2010 жылы 7 сәуірде Қырғызстандағы "Ақ үйдің" алдында оппозиция өткізген митингі кезінде оқ атылып, 86 адам қаза тапқан. Жүзден аса адам жапа шеккен. Бірнеше жарақат алған адам тоғыз жыл ішінде ауруынан айыға алмай, көз жұмды.

Сәуір оқиғасынан соң Қырғызстанның екінші президенті Курманбек Бакиев пен оның туыстары, жақтастары елден қашқан.

2002 жылы 17 наурызда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Аксы ауданында да үкіметке қарсы толқулар кезінде полиция төрт шерушіні атып тастаған. Ал 2005 жылы 24 наурызда Бішкектегі үкіметке қарсы шерулер нәтижесінде сол кездегі президент Аскар Акаев биліктен тайдырылған. Бұл оқиға кейін "қызғалдақ төңкерісі" аталып кеткен.

Алжирдегі жаппай ереуілден соң президент Бутефлика отставкаға кетті

Әбделазиз Бутефлика.

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика сейсенбіде, 2 сәуір күні елде бірнеше айға жалғасқан ереуілден соң отставкаға кетті. Бұл туралы елдің мемлекеттік агенттігі хабарлады. Президент отставкасы туралы хабар Алжир армиясы бас штабының басшысы Ахмед Гаед Салах ел президентін биліктен дереу кетіруге шақырғаннан соң пайда болды.

Әскерилер "президент Бутефлика биліктегі төртінші мерзімі аяқталғанға дейін, 28 сәуірге дейін қызметінен кетеді" деген мәлімдемеге наразы болған.

Алжир конституциясына сәйкес, Бутефлика қызметінен кеткеннен кейін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах мемлекетті уақытша басқарады. Заң бойынша, 90 күннің ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы тиіс.

Биыл ақпанда 82 жастағы Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.

Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын.


1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында "президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді" дейтіндер де бар.

Тимошенко сайлауда жеңілгені үшін сотқа арызданбайды

Оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко.

Оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко Украинада 31 наурызда өткен президент сайлауының бірінші турының нәтижесін сотқа беруден бас тартты. Бұл туралы ол 2 сәуірде хабарлады деп жазады Азаттықтың украин қызметі.

Ол ел президенті Петр Порошенконы "нәтижені бұрмалады" деп айыптап, екінші турған өткен екі кандидаттың ешбірін қолдамайтынын айтты.

Берілген дауыстың 99,8 пайызын санаған Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Тимошенко 13,39 пайызбен үшінші орын алған. Алда келе жатқан екі кандидат - шоумен Владимир Зеленский мен президент Петр Порошенко.

Бұрындары екі рет Украинаның премьер-министрі болған Юлия Тимошенко сайлау өтерден бірер ай бұрын сайлауалды тартыстың лидері саналған.

Сайлауға жалпы саны 39 кандидат қатысты.

Кандидаттың ешбірі бірінші турда 50 пайыздан көп дауыс жинай алмағандықтан, 21 сәуірге жоспарланған екінші тур өтеді. Сайлауды ақырғы нәтижесі 1 мамырға дейін белгілі болады.

Украина президенті бес жылға сайланады.

Алматы қалалық соты "жиһадшылар ісімен" сотталғандардың шағымын аудандық сотқа қайтарды

"Жиһадшылар ісі" бойынша апелляциялық шағымды қарауға келген Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы. Ортада тұрған алқа төрағасы – Нұрғазы Әбдіқанов (Алматы қалалық сотының төрағасы). 2 сәуір 2019 жыл.

2 сәуірде Алматы қалалық сотында "жиһадшылар ісі" бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымымен сот отырысы өтті. 44 жастағы Алмат Жұмағұлов, 52 жастағы Кенжебек Әбішев пен 48 жастағы Оралбек Өміров өздерін "біржақты сот процесінің құрбаны" атап, істі "қолдан жасалған және астары бар" деп, үшеуіне кесілген айыптау үкімінің күшін жоюды сұрады. Сотталғандар өтінішке қарамастан отырысқа қатыстырылмады. Апелляциялық сотқа оларды қолдап ондаған белсенді келді.

Қалалық сот төрағасы судья Нұрғазы Әбдіқанов төрағалық еткен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды Алмалы аудандық сотында қарауға жіберу туралы соңғы әрі шағым түсіруге келмейтін шешім қабылдады. Тап осы сот 2018 жылы желтоқсанда "жиһадшылар ісі" бойынша үкім шығарған және олардың адвокаты Гүлнара Жуаспаеваға істі тергеу кезінде "заң нормаларын бұзды" деп жеке қаулы шығарған.

Аудандық соттың апелляцияны қашан қарайтыны белгісіз.

21 желтоқсанда Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұловты "ұлтаралық араздықты қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деп 8 жылға соттаған. Сот "терроризмге шақырды және оны насихаттады" деп айыпталған Кенжебек Әбішевке – 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кесті.

Айыпталғандардың ешбірі өзін кінәлі деп есептемейді. Қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар мен сотталғандардың өзі бұл істің "саяси астары" бар деп санайды және "істің тергелуінде заңбұзушылықтар болғанын" айтқан.

Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындар тізіміндегі ескі де жаңа есімдер

Қазақстан адвокаттар құқығын қорғау комиссиясы адвокат Гүлнара Жуаспаеваға қолдау білдірген. Комиссия "қылмыстық істе айыпталғандарды қорғағаны үшін соттау негізсіз" екенін айтып, іс материалдары бойынша адвокаттың "кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар жоқ" деген.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады және саяси сыни пікірін білдіргені үшін ешкімнің қудаланбайтынын айтқан.

Маңғыстау соты Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Полиция Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге тергеушіге шақырту қағазын тапсырып тұр. Ақтау, 17 ақпан 2017 жыл.

Маңғыстау облыстық соты Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының айыппұл салу туралы шешіміне Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Журналистке бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова хабарлаған.

Облыстық сот алқасы апелляциялық шағымды Сәния Тойкеннің қатысуынсыз қарап, шешім шығарған. Онымен келіспеген шағым иесі енді Бас прокуратураға шағымданбақ.

Бұған дейін 2 сәуірде Сәния Тойкен "сотта құқым бұзылды" деп санайтындықтан сот отырысына қатысудан бас тартатынын мәлімдеген еді. Журналистің сөзінше, ол апелляциялық шағымын басқа іске байланысты Ақтаудан шұғыл кетіп қалған адвокатының қатысуынсыз қарауға келіспейтінін айтып, сот отырысын сәрсенбіге қалдыруды сұрап өтініш білдірген. Сот оны қанағаттандырмаған соң Тойкен облыстық сот алқасының төрағасымен қоса бүкіл құрамына сенімсіздік білдіретіні туралы шағым түсірген.

Сейсенбі күні Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев шығарған ұйғарымда Сәния Тойкеннің апелляциялық шағым бойынша істі судья Кәзила Сағындықованың қарауына қарсылық білдірген өтініші қанағаттандырылмайтыны айтылған.

Журналист Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша Маңғыстау облыстық сотының отырысы сәуірдің 1-іне белгіленген еді. Сол күні судья Кәзила Сағындықова журналистің үстінен хаттама толтырған полицейлерді куәгер ретінде қатыстырып, қайта тергеу үшін апелляциялық шағымды қарауды кейінгі қалдыруды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Тойкен мен адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің қарсылығына қарамастан сот отырысын кейінге қалдырған болатын.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Сәния Тойкен өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол соңғы бір айда бірнеше рет ұсталды. 27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Сәния Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағаттан кейін босатқан.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Сәния Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.


Шымкент инфекциялық ауруxанасында сәби зақымданған соң медбикелер жұмыстан босады

Көрнекі сурет

Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында клизмадан зақымдануы мүмкін 10 айлық сәби басқа ауруxанаға ауыстырылып, клизма жасаған медбикелер жұмыстан шығарылды. Бұл туралы 2 сәуірде қалалық денсаулық сақтау департаментінде өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбішев хабарлады.

Ғалымжан Әбішевтің сөзінше, медбикелер клизма жасау кезінде күйдіріп алған 10 айлық бала жұқпалы аурулар ауруханасына 25 наурызда іш ауруымен түскен. Оқиға 28 наурызда болған. Клизма жасаған медбикенің су температурасын өлшемегені айтылады. Оқиғаға байланысты арнайы тексеру басталған.

- Қазіргі уақытта балада бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік байқалады. Баланың жай-күйі тұрақты, қанағаттанарлық. Ем-домын жалғастыру үшін бүгін Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды, - деді Ғалымжан Әбішев.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев баланың тікішегі мен басқа да органдарына зақым келмегенін айтады. Бұған дейін бала жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан.

Нәрестенің әкесі Ерболат Саменов оқиғаға байланысты полицияға арызданған.

Ақтөбе: Әкімдік СИНОПЭК жалақысының өсетінін хабарлады

Көрнекі сурет

2 сәуірде Ақтөбе облыстық әкімдігі «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясындағы жалақы 15-20 пайызға өсетінін хабарлады.

"Жұмыс беруші мен мұнайшылар арасында туындаған дауға облыстық әкімдік араласқаннан соң жұмысшылар жалақысы категорияларына қарай 15-20 пайызға көтерілетін болды. «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе филиалында бұрғылау жұмыстары 1 сәуірден бастап қайта жалғасып жатыр" делінген әкімдік тартақан хабарламада.

1 сәуірде «СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе облысындағы 146-шы , Маңғыстау облысындағы 208-ші бригадасының жүзге тарта жұмысшысы жарты тәулікке жұмысты тоқтатқан. Әлеуметтік желі арқылы тараған видеода мұнайшылар жалақының аздығына наразы екендіктерін айтады.

Өздерін аталмыш компанияға тиесілі «146-шы бұрғылау бригадасының жұмысшыларымыз» деп таныстырған бір топ адам жалақыларын 30 пайызға көтеруді талап еткен. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге қарата мәлімдеме жасаушылардың сөзіне қарағанда, «компанияның Ақтөбе филиалынан бастау алған наразылықты Маңғыстау облысындағы бұрғылаушылар да қолдаған».

«СИНОПЭК Казахстан» халықаралық мұнай сервис компаниясының Ақтөбе филиалы мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау бойынша қызмет көрсетеді. Компанияның аты-жөнін атамауды жөн көрген басшыларының бірі Ақтөбе облысындағы 146-шы, Маңғыстау облысындағы 208-ші бригаданың жалпы саны жүзге тарта жұмысшысы жарты тәулік бойы жұмысты тоқтатып қойғанын растады. Бірақ өзге ақпарат беруден бас тартты.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен апелляциялық сотқа сенімсіздік білдірді

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен "полицияға бағынбады" деп айыппұл салған Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешіміне түсірген апелляциялық шағымын қарайтын Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы құрамына сенімсіздік білдірді. Журналист сотта құқым бұзылды деп санайтындықтан сот отырысына қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.

Тойкеннің сөзінше, 2 сәуірде облыстық сот алқасына өзінің апелляциялық шағымын басқа іске байланысты Ақтаудан шұғыл кетіп қалған адвокатының қатысуынсыз қарауға келіспейтінін айтып, сот отырысын сәрсенбіге қалдыруды сұрап өтініш айтқан. Сот оны қанағаттандырмаған соң Тойкен облыстық сот алқасының төрағасымен қоса бүкіл құрамына сенімсіздік білдіретінін айтып шағым түсірген.

- Мен облыстық соттың апелляциялық алқасының тұтас құрамына сенімсіздік білдіретінімді айтып өтініш бергем. Бірақ ұйғарымда тек судьяға қарсы болып отыр деп жазыпты. Бұған қоса адвокатым келгенше сотты сәрсенбіге қалдыруды сұраған өтінішім де қанағаттандырылмады. Өз құқым өрескел бұзылып отыр деп санайтындықтан бұл сот отырысына қатысудан бас тарттым, - деді Сәния Тойкен.

2 сәуірде Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев шығарған ұйғарымда Сәния Тойкеннің апелляциялық шағым бойынша істі судья Кәзила Сағындықованың қарауына қарсылық білдірген өтініші қанағаттандырылмайтыны айтылған.

Сейсенбі күні түстен кейін апелляциялық сот отырысы шағым иесі Сәния Тойкен мен оның өкілінің қатысуынсыз жалғасқан.

Журналист Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша Маңғыстау облыстық сотының отырысы сәуірдің 1-і күні өтуі тиіс еді. Сол күні судья Кәзила Сағындықова журналистің үстінен хаттама толтырған полицейлерді куәгер ретінде қатыстырып, қайта тергеу үшін апелляциялық шағымды қарауды кейінгі қалдыруды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Тойкен мен адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің қарсылығына қарамастан сот отырысын кейінге қалдырған болатын.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Сәния Тойкен өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол соңғы бір айда бірнеше рет ұсталды.

27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Сәния Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағаттан кейін босатқан. Полиция ол кезде журналисті ұстауға "Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды" деген.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Сәния Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.


Нұр-Сұлтан соты журналист Глушковаға айыппұл салды

"Настоящее время" арнасының тілшісі Светлана Глушкованың сотта тұрған сәті. Нұр-Сұлтан. 2 сәуір, 2019 жыл 

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Әсия Досжанова "Настоящее время" арнасының журналисі Светлана Глушкованы әкімшілік кодекстің ұрып-соғу бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 айлық есептік көрсеткіш - 25 250 теңге (66 доллар) айыппұл салды. Бұл туралы журналистің адвокаты Бауыржан Азанов Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлады.

Шешім оқылғанда сот залында Глушкованың өзі болған жоқ: бұған дейін судья оны шығарып жіберген.

Светлана Глушкова 22 наурызда астанадағы митингіден хабар таратып жүргенде ұсталған. Оған әуелде тағылған "бұзақылық" айыбы кейін "ұрып-соғу" болып өзгерді.

Журналист өзінің бұл шешіммен келіспейтінін, сот шешімі үстінен шағым түсіретінін айтты.

31 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайында ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде "ұрды" деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан.

Глушкова бұл айыппен келіспейді. Оның сөзінше, бұл іс - кәсіби жұмысына кедергі келтіруге тырысып жатқан биліктің ойлап тапқан амалы.

Журналист Глушкованың соты кеше, 1 сәуірде басталды.

Сот басталғанда журналист пен оның адвокаты Бауыржан Азанов судья мен прокурорға сенімсіздік білдірген. Бүгін, 2 сәуірде әкімшілік сот төрағасы Глушкованың өтінішін қанағаттандырмады. Судья Досжановаға екінші мәрте қарсылық білдірген Глушкованы судья отырыс өтіп жатқан залдан шығарып жіберді.

Сондай-ақ бүгін, 2 сәуірде Глушкова өзін әуежайда ұстаған полицейлер толтырған 31 наурыздағы әкімшілік хаттама "қате және заңсыз" деп түсірген шағымданды. Судья Ұлдана Сүлейменова журналист шағымын қанағаттандырған жоқ.

"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі адамдарды ұстаумен басталды. Арасында тілші де бар

Глушковамен қатар қазір Ақтау сотында Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің апелляциялық шағымы бойынша сот өтіп жатыр. 12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген оған Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Видео: Қазақстанда Азаттық журналистері Светлана Глушкова мен Сәния Тойкенді сотқа тартып жатыр

Азаттық тілшілерінің соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:31 0:00

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.

Алжир президенті Бутефликаның биліктен қашан кететіні белгілі болды

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика.

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика биліктегі төртінші мерзімі аяқталғанға дейін, биыл 28 сәуірде қызметінен кетеді. Бұл туралы APS мемлекеттік ақпарат агенттігі Алжир президенті кеңсесінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Бутефлика мемлекет басшысы қызметінен кету туралы шешімін қабылдаған кезде елде жаппай наразылықтың жалғасып жатқанына бір айдан асты.

Алжир конституциясына сәйкес, Бутефлика қызметінен кеткеннен кейін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах мемлекетті уақытша басқарады. Заң бойынша, 90 күннің ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы тиіс.

82 жастағы Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын.

30 наурызда Алжир көшесіне наразылық шеруіне шыққан жүздеген мың тұрғын елді 1999 жылдан бері үздіксіз басқарып келген президент Бутфликаның биліктен кетуін талап еткен.


Әлеуметтік жағдайды қозғаған аналар тағы да Ақтөбе әкімдігіне барды

Облыс басшылығымен кездесуге жиналған аналар. Ақтөбе. 2 сәуір, 2019 жыл

Ақтөбеде бір топ ана әлеуметтік мәселесін қозғап, облыстық әкімдікке барды.

2 сәуір күні аналар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуге тырысты. Бірақ оларды облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен қала әкімі Ілияс Испанов қабылдады.

Шенеуніктердің қабылдауында болған көп балалы ана Эльмира Мұратжанованың айтуынша, ол облыстық әкімдікке осыған дейін де бірнеше мәрте келген.

- Ақпан айынан бері жүрміз ғой. Шаруамыздың шешіліп жатқаны шамалы. Бастықтар телефон нөмірімізді алып қалады да, комиссия жібереміз дейді. Содан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кетеді, - дейді Эльмира Мұратжанова.

Сөзіне қарағанда, төрт баланың анасы Линда Кремер де әкімдікке алғаш рет келіп тұрған жоқ. Осыған дейін де әлеуметтік қиындықтарын айта келіп, екі тонна көмір алған. Саяжайда тұратын отбасының әкімдік берген көмірі таусыла бастаған. Ол бұл жолы саяжайдағы үйіне газ құбырын тартуға көмек сұрай келгенін айтады.

-Төрт баламызбен паналап отырған саяжайымызға газ тарту үшін бір миллион теңге керек. Оны мен қайдан аламын? Күйеуімнің жалақысы 50 мың теңге болса, өзім жұмыссыз жүрмін. Әркім өз басындағы түрлі проблемасын айтып, ертемен 30-35 әйел келгенбіз. Әкімдіктегілер тағы да телефондарымызды жазып алып қалды, - дейді Линда Кремер.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, бүгін әкімдікке келген аналардың басым көпшілігі баспана қиындығы туралы айтқан. «Бұл жолы жәрдемақыға қатысты сауалдар аз болды» дейді ол.

Қайрат Отаровтың сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысында өткен жылы 20 мың 83 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Оған бюджеттен 717 миллион теңге жұмсалыпты. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30 мың адамға жуықтайды» деп жобалап отыр. Қайрат Отаровтың айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен 45 миллиард теңге жұмсау жоспарланған.

Екі жарым сағатқа созылған кездесу кезінде облыстық әкімдік ғимаратында күзет күшейтіліп, әкімдік маңында полицияның бірнеше көлігі тұрды. Аналармен болған кездесуге журналистер жіберілмеді.

Апелляциялық сот АМТ-ның журналиске қарсы шағымын қанағаттандырмады

Қарағанды облыстық сотының алқасы АМТ компаниясының журналист Олег Гусевтің ісі бойынша түсірген апелляциялық шағымын қарап отыр. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

Қарағанды облыстық соты "АрселорМитталТеміртау" (АМТ) компаниясының журналист Олег Гусевтің ісі бойынша түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Теміртау қалалық сотының шешімін күшінде қалдырды. Істі қараған судьяның айтуынша, сот алқасы АМТ компаниясын бұл іске қатысы жоқ деген ұйғарыммен келіседі және оның іскерлік беделіне нұқсан келмеген деп санайды. Сот АМТ бас директорына журналист Гусевке талабын компания емес, өз атынан жазуға кеңес берген.

Бұған дейін АМТ компаниясы журналист Олег Гусевтің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы компанияның бас директоры Парамжит Калонға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтірді деп сотқа шағымданған.

АМТ өкілі, заңгер Тілек Ибраев сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.
АМТ өкілі, заңгер Тілек Ибраев сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

- Сот шешімі негізсіз, жеткілікті зерттелмеген деп санаймыз. Оның күшін жоюды сұраймыз. Сот Гусевтің компанияның атқарушы органын "бандерашы" деген сөзі қалай әсер еткенін есепке алған жоқ, ол сөзді кемсітіп, қорлау деп санаймыз. Ал екінші эпизод - Парамжит Калонды әнші Кончита Вурстпен салыстыруға келсек, ол екеуінің бейнелері ұқсайтындығына дәлелдер келтірмеді. Сол сияқты біз компанияның бұл іске қатысы жоқ деген сот ұйғарымымен келіспейміз, - деді сейсенбіде сотта сөйлеген компания өкілі, заңгер Тілек Ибраев.

Журналист Олег Гусев ешкімді жағымсыз етіп көрсету мақсатын көздемегенін, сот дұрыс шешім қабылдады деп санайтынын айтты.

Журналист Олег Гусев. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.
Журналист Олег Гусев. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

- Мен 2010 жылдан бері АМТ компаниясы туралы жазып жүрмін, бірақ бұған дейін маған ешкім ешқандай шағым айтқан емес. Ал Калон бас директор болып келгеннен кейін қысым мен бопсаға тап болдым, жұмысыма кедергілер жасалды. Мен бұрын осы компанияда металлург болып істегем. Назар салыңызшы, компания басқа ештеңе айтпастан бірден іс-әрекетіме тоқтау салғысы келеді, - деді Олег Гусев Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтік желідегі пікірлеріне байланысты журналисті сотқа берген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Гусевтің іс-әрекетіне "тоқтау" салуды және желіде жариялағандарын жоюды міндеттеуді сұраған. Компания журналистің жазбалары "жаманатты" қылып көрсетеді деп санайды.

Компанияның шағымдануына журналист Олег Гусевтің әлеуметтік желіде Парамжит Калонда "бандерашыл" деп атап, тағы бір постында оның суретін австриялық поп-әнші Том Нойвирттің (өнердегі есімі Кончита Вурст - ред.) суретімен салыстыруы себеп болған. АМТ журналистің бұл жариялағандары "компания атқару органының абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді" деп сотқа жүгінген.

Психология-филологиялық сараптама жүргізген мамандар сотқа жауабында журналистің пікірі теріс баға беру емес, "ирония арқылы сынау", жеке пікірін білдіру деп айтқан. Сарапшылар "бандерашыл" деген сөзге тек саясаттанушы ғана құқықтық баға беру керегін айтып, өздері баға бере алмайтынын жеткізген.

"АрселорМитталТеміртау" - Қарағанды облысындағы көмір шахталары мен Теміртаудағы металлургия комбинатына иелік етеді. АМТ үндістандық бизнесмен Лакшми Митталға тиесілі "АрселорМиттал" трансұлттық металлургия тобының құрамына кіреді.


Судья өзіне қарсылық білдірген журналист Глушкованы сот залынан шығарып жіберді

Журналист Светлана Глушкова (ортада). Нұр-Сұлтан. 1 сәуір, 2019 жыл

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында "Настоящее время" арнасының журналисі Светлана Глушкова судья Әсия Досжановаға сенімсіздік білдірген арызын әкімшілік сот төрағасы Уәлихан Рахматуллаев қанағаттандырған жоқ.

Мұнан соң журналист Глушкова прокурор Бақытжан Байғозиевтен бас тарту туралы шағым түсірді. Арызды тыңдаған судья Рахматуллаев шешім қабылдау үшін үзіліске шықты да, келген соң журналистің бұл өтініші де қанағаттандырылмайтынын айтты.

Журналистің адвокаты Бауыржан Азанов хаттамалармен танысу үшін үзіліс сұрады.

Таңертең 10.00-де басталған үзіліс түскі 12.30 шамасында аяқталып, сот процесі қайта басталды.

Сот отырысының басында сөз алған журналист Глушкова судья Әсия Досжановаға тағы қарсы шықты. "Екінші мәрте судьяға сенімсіздік білдіруге болмайтынын, сот төрағасының шешімі барын" айтқан Досжанова Светлана Глушкованы сот залынан шығарып жіберді.

Журналистің артынан оның үш адвокаты қоса шығып кетті. Кейіннен судья БАҚ өкілдерін де сот залынан шығарып жіберді.

Сот процесіне қазір төрт адам - шағымданушының заңды өкілі мен адвокаты, судья Досжанова мен прокурор Байғозиев қатысып отыр.

Ұрып-соғу бабымен үстінен іс қозғалған журналист Глушкованың соты кеше, 1 сәуірде басталған. Судья Досжанова Глушкованың үстінен шағым түсірген жәбірленушінің "кәмелет жасына толмағанын" айтып, сот залында отырған БАҚ құралдарын шығарып жіберген. Мұнан соң Глушкова судьяға сенімсіздік білдіріп, бас тартқан.

Жәбірленушінің адвокаты Ержан Нұрпейісовтің айтуынша, кәмелетке толмаған шағымданушы бүгінгі сот отырысына сырқаттанып қалуына байланысты келмеген.

Азаттық тілшісінің айтуынша, сот ғимаратының сыртында полиция мен байланыстан ажыратқыш құрылғысы бар көлік тұр.

Кеше, 1 сәуірде сот ғимараты алдында ондаған белсенді журналист Светлана Глушкованы қолдап келген. Олар "Светланаға бостандық!", "Светланадан қолыңды тарт!" деп айқайлаған.

Бүгін, 2 сәуірде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Глушкова сотына бармақ болған төрт белсендіні полицияның ұстағанын жазды.

"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі адамдарды ұстаумен басталды

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG