Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Air Astana сәуірдің соңына дейін Үндістанға ұшатын рейстерін тоқтатады

Air Astana компаниясының ұшағы. Көрнекі сурет.

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Нұр-Сұлтан және Алматыдан Делиге ұшатын рейстерін тоқтатуға мәжбүр. Бұл ақпаратты сенбі, 6 сәуірде Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайтын азаматтық авиация комитеті хабарлады.

"Air Astana әуе компаниясы Пәкістан мен Үндістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 11 сәуірден бастап, 30 сәуірге дейін Нұр-Сұлтан және Алматыдан Делиге ұшатын рейстерін тоқтатуға мәжбүр" делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемесінде.

Әуе компаниясы Қазақстанға осы уақыт аралығында келуді жоспарлап отырған жолаушыларға билеттерін қайта өткізуді немесе басқа бағыттар арқылы келуге көмектесетінін айтып отыр.

Наурыз айының басында компания Үндістан пен Пәкістан арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты Үндістанға "балама маршрут" арқылы рейстер ұшырып, қабылдай бастағанын хабарлаған.

Алматыда жауын-шашын салдарынан қозғалыс қиындап, ағаштар құлаған

Жаңбырдан кейінгі Алматы. Алматы, 17 маусым 2016 жыл.

Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан 6 сәуірде қаланың бірнеше бөлігінде қозғалыс қиындап, көліктерге ағаш құлаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда арықтардың суға толып, көшелерді басқаны көрінеді. Кейбір жерлерде көліктер батпаққа батып, қозғала алмай қалған.

Жергілікті биліктің сенбі күні таратқан хабарламасында жауын-шашын маусымына байланысты "Алматы қаласында 5 сәуірден бастап тәулік бойы жұмыс істейтін кезекшілік ұйымдастырылғаны" жазылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, судың кедергісіз өтуі мен су сорғызу жұмыстарына 500-ге жуық адам, 132 техника, 25 мотопомп жұмылдырылған.

Ауа райы мамандары 6 сәуір кешке жаңбыр тоқтайтынын айтып отыр. Жексенбі, 7 сәуірде жаңбыр жаумайды дейді.

Қалада жаңбыр көп жауған сайын осыған ұқсас жағдай болып тұрады.

Жаңбырдан кейінгі Алматы (17 маусым 2016 жыл).

Ингушетияда "жер митингісіне" қатысқан 8 белсенді тергеу изоляторына қамалды

Ингушетия астанасы Магастағы наразылық. 26 наурыз 2019 жыл.

Ресей құрамындағы Қабарда-Балқар автономиялық республикасының астанасы Нальчикте сот 5 сәуірде сегіз ингуш белсендісін тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Олар - "билік өкілдеріне күш қолдану" және "тәртіпсіздіктерге шақыру" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істе күдікті. Бұл ақпаратты қамалғандардың адвокатына сілтеме жасаған ресейлік "Медиазона" сайты хабарлады.

Ақпарат бойынша, қамалғандардың аты-жөндері: Ингушетия жастар ұйымы кеңесінің басшысы Багаудин Хаутиев, Або Добриев, Геланий Хамхоев, Магомед Хамхоев, Ибрагим Мужахоев, Адам Ажигов, Ваха Барахоев және Амир Осканов. Тағы бір күдікті Хаваж Зауровтың қамау мерзімін сот 72 сағатқа ұзартқан. Оларға әзірге ресми айып тағылмаған. Жоғарыда көрсетілген екі бап бойынша ең қатаң жаза мерзімі - 10 жылға бас бостандығынан айыру.

2019 жылы 26 наурызда Ингушетия астанасындағы орталық алаңға шыққан мыңдаған белсенді Шешенстанмен арадағы "жер мәселелерінің" әділ шешілмегеніне наразылық танытқан. Бұған қоса көрші аймақпен шекараны анықтау мәселелер бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуге тыйым салынуына да қарсылық білдірген.

3 сәуірде полиция "жер митингілеріне" қатысқан белсенділердің үйін тінтіген.

1991 жылы Шешен-Ингуш АССР-і таратылғалы екі аймақ арасындағы шекара нақты белгіленбеген болатын. 2018 жылы екі ел билігі өзара жасасқан келісімде өзара жер алмасу туралы баптар бар.

Ингушетияда тұрғындар Шешенстанмен жер алмасу әділ емес, бұл құжат Ингушетияның мүддесіне нұқсан келтіреді деп бұған дейін де қарсылық танытқан.

Қырғызстан мүфтияты желілік маркетинг, пластикалық операция және вакцинацияға пәтуа шығарды

Көрнекі сурет.

Қырғызстанның мұсылмандар діни басқармасының ғалымдар кеңесі 5 сәуірде үш пәтуа шығарды.

Муфтият сайтындағы ақпаратқа сәйкес, №5 пәтуа желілік маркетингпен айналысуға тыйым салады, себебі ол шариғат нормаларына қайшы.

№6 пәтуада "денсаулыққа қатысы жоқ пластикалық операциялар жасау күнә екені" айтылады.

"Туғаннан бар немесе түрлі оқиғалардың салдарынан пайда болған дене кемістіктерін түзеу мақсатында жасалатын операцияларға шариғат рұқсат береді. Бірақ негізсіз тек сұлулық үшін жасалған операциялар күнә болып саналады" делінген мүфтият сайтында жарияланған пәтуада.

№8 пәтуада вакцинация мәселесін әрбір адамның өзі шешсін деп жазылған.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай қалпына келе бастады

Қазақ-қырғыз шекарасында тұрған жүк көліктері. 4 сәуір 2019 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай қалпына келе бастады, өткізу бекеттері штаттық режимге көшті деп хабарлады қырғыз үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз қызметі 6 сәуірде.

Сәуірдің 5-інен бастап Қазақстан жағы жүк көліктерін бұрынғыша жылдамырақ өткізе бастаған. Бірнеше күннің ішінде көлік кептелесі жойылады деген болжам айтылып отыр.

Қырғыз үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы апта соңында Қазақстанға мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Алмаз Онолбеков басқарған қырғыз делегациясы барып, қазақ жағымен мәселені талқылаған. Қырғыз үкіметі келіссөздің ашық өткенін әрі өнімді болғанын жеткізген.

5 сәуірде Қырғызстан билігі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдың үш рет талқыланғанын айтып, нәтижесінің алдағы бірнеше күнде көрінетінін мәлімдеген.

19 наурыздан бері Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, 31 наурызда олардың саны 200-ден асқан еді. Бұған Қазақстан жағына өткелі тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланған.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы көлік кезегі. (4-5 сәуір 2019 жыл).

Жүк көліктерінің кедендегі кідірісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

1 сәуірде Қазақстан көлік кептелісіне "тауар тиеген жүргізушілердің тексеруден өтуге құлықты болмауы себеп" деген.

Ал қырғыз тарабы көршісін Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) шарттарын бұзып отыр деп айыптаған. Қазақстан жағы оны жоққа шығарған.

Иран эвакуация ауқымын кеңейтті

Ирандағы су тасқынынан зардап шеккен аудандардың бірі. 25 наурыз 2019 жыл.

Иран билігі су тасқыны қатері төнген елді мекендердегі тұрғындарды қауіпсіз жаққа көшіру операциясының ауқымын кеңейтті. Ресми дерек бойынша, табиғи апаттан зардап шеккендердің саны 70-ке жеткен.

19 наурыздан бері жауған жаңбырдың салдарынан пайда болған су тасқыны елдің 26 провинциясындағы жүздеген елді мекенге қауіп төндірген.

Әсіресе Иранның оңтүстік-батысындағы таулы Лурестан және мұнайлы өлке Хузестан провинциясы қызыл судан қатты зардап шегіп отыр.

Иранның мемлекеттік арналары 6 сәуірде бөгеттерден су жіберілгендіктен Хузестан провинциясында кемінде алты елді мекен тұрғындарының қауіпсіз ауданға көшірілгенін хабарлады. Ондағы ақпаратқа сәйкес, билік қарапайым тұрғындарды да қол ұшын беруге шақырған.

Ресми орындар бұған дейін "селден жапа шеккендердің шығыны өтеледі" деп мәлімдеген.

Ирандағы су тасқыны (Ағылшын тілінде).

Қарин мен Бабақұмаров президент кеңесшілері болып тағайындалды

Астанадағы Қазақстан президентінің сарайы. Ақорда. 16 шілде 2018 жыл Акорда.

Ерлан Қарин және Ержан Бабақұмаров Қазақстан президентінің кеңесшілері болып тағайындалды деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда хабарламасында Ержан Бабақұмаровтың президент әкімшілігіндегі талдау және болжау орталығының жетекшісі ретінде тағайындалғаны айтылады. Ақпарат бойынша, Бабақұмаров әр жылдары президент әкімшілігінің ақпараттық-талдау орталығы, президент жанындағы орталық коммуникация қызметін басқарған. Мәдениет және ақпарат министрлігі, премьер-министр кеңсесінде түрлі қызмет атқарған.

Ерлан Қарин елдегі түрлі зерттеу институттарында, "Нұр Отан" партиясында, президент әкімшілігі мен қазақстандық стратегиялық зерттеу институтында қызмет істеген. Соңғы кезде "Қазақстан" РТРК" АҚ басқармасының төрағасы болған.

Бішкекте Атамбаев партиясының съезі жабық өтіп жатыр

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Бішкекте Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының XVIII съезі өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Съезд жабық өтіп жатыр. Оған партия төрағасы, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, Фарид Ниязов, Жогорку Кенеш депутаттары Ирина Карамушкина, Мурадыл Мадеминов, Карамат Орозова, Анвар Артыков, Рыскелді Момбеков, Асель Кодуранова және өзге саясаткерлер қатысып жатыр.

Журналистерді шараға кіргізбеген. Партия өкілдері Бішкек уақытымен сағат 12:30-да баспасөз мәслихатын өткізетіні жайлы хабарланды.

3 сәуірде Бішкекте "Атамбаевсыз ҚСДП" қозғалысының съезі де өткен. Съездің шақырылғанын депутат Иса Омуркулов хабарлаған. Ол ҚСДП партиясынан өткен жылы күзде шығарылған. Бірақ депутаттың өзі мұны заңсыз деп есептейді. Съезде партияның жаңа төрағасы ретінде Сағынбек Абдрахманов қайта сайланған. Олар партияны қайта тіркеуден өткізуді жоспарлап отыр.

Қырғызстан парламентінде саяси көпшілік болып отырған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы бір жылға созылған ырың-жырыңнан соң көктемде екіге ажырап тынды. Бірінің басында - қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков, екіншісінің басында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев тұр.

Қарай отырыңыз: Билік партиясы екіге жарылды. Соңы не болмақ?

Трамп мигранттарға: Ендігәрі сіздерді қабылдай алмаймыз

АҚШ президенті Дональд Трамп жұрт алдында сөйлеп тұр. 5 сәуір 2019 жыл.

Жұма, 5 сәуірде АҚШ-тың Мексикамен шекаралас Калифорния штатындағы Калексико қаласында жұрт алдында сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың иммиграциялық жүйесіне көп салмақ түсіп жатқанын айтты.

"Ендігәрі сіздерді қабылдай алмаймыз. Баспана беру туралы өтініш пе әлде басқа ма, бәрібір. Бұл заңсыз иммиграция" деді Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен шекаралас аумақта қоршауды алмастыру жұмысының барысымен танысу үшін бұл жаққа барған. Шекарадағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысқан. Елдің оңтүстігіндегі шекарада дуал салу - Трамптың сайлауалды уәделерінің бірі болған. Былтыр жыл соңында конгрестің дуал құрылысына қаржы бөлуден бас тартуы АҚШ тарихындағы ең ұзақ – 35 күндік шатдаунға – үкімет жұмысының уақытша тоқтауына ұласқан.

Трамп сөзінше, АҚШ-тан баспана табуды көздейтін азаматтардың басым бөлігі қылмыстық топтан шыққан және олар баспанаға мұқтаж емес. Бірнеше күн бұрын Трамп Мексиканы "Орталық Америка елдерінен ағылған мигранттарды тежемейді" деп айыптап, шекараны жабамыз деп кіжінген. Оңтүстік шекараны жабу туралы қоқан-лоқы АҚШ-қа заңсыз кірмек болған отбасылар санының жуырда көбеюіне байланысты туындаған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің бағалауынша, соның салдарынан елдің кеден жүйелері және шекара қызметі қиын жағдайда қалған. Шекара қызметінің мәліметі бойынша, наурыз айында "шекараны заңсыз кесіп өткен" 100 мың адам ұсталған. Олардың жартысы - балалары бар отбасылар. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.

Полиция Иркутскіде мигранттарды жаппай ұстаған

Ұсталған мигранттар Иркутск полиция бөлімшесінің ауласында тұр

Иркутск полициясы 300-ге жуық мигрантты ұстады. Бұл туралы сәуірдің 5-сі, жұма күні "Сибирь.Реалии" редакциясына Иркутск облысының ұлтаралық мәселелер жөніндегі қоғамдық палата сарапшысы Наталья Хроменкова хабарлады. Оның сөзінше, полиция Ресейге келіп жатқан шетелдіктердің құқығын бұзған.

Құқық қорғаушы мигранттарды ұстау шарасы сәуірдің 4-і, бейсенбі күні жүргенін, оны жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алғанын айтты. Хроменкованың сөзінше, тұрғындар шетелдіктерді полиция формасындағы қызметкерлер емес, бетперде киген адамдар ұстап жатқанын көрген. Олар өздерін таныстырмаған, құжаттарын да көрсетпеген. Мигранттарды көлікке отырғызып, алып кеткен.

Құқық қорғаушы Наталья Хроменкованың айтуынша, полиция мигранттарды ұстау кезінде заңды бірнеше рет бұзған.

- Полиция олардың қандай себеппен ұсталып жатқанын білу, аудармашы көмегіне жүгіну, қорғану құқығын бұзған. Оқиға мигранттарды ұстауға нақты себеп болмағанын, оларды тек "нәсіліне қарап" алып кеткенін байқатады. Мұндай қатынас шетел азаматтарына дискриминация жасау деп ойлаймын - деді Хроменкова.

Құқық қорғаушы мигранттарды полиция 6 сағат бойы далада ұстап, жақындарына қоңырау соғуға да рұқсат бермегенін, ұсталғаны жөнінде хаттама толтырмай кешке жақын бәрін босатқанын айтты.

17 наурызда Якутскіде 200-ге жуық адам наразылық білдіріп, Орталық Азиядан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен. Бұған әлеуметтік желіде "қырғыз азаматы бір әйелді ұрлап әкетіп, зорлады" деген ақпарат себеп болған. 18 наурызда бес мыңға жуық адам Якутск қаласындағы Триумф стадионына жиналып, наразылықты жалғастырды.

19 наурызда Орталық Азиядан келген мигранттар істейтін 80-ге жуық қоғамдық көлік жұмысқа шықпай, бірнеше дүкен мен базар жабылған. Саха еліндегі қырғыз диаспорасы Якутскіде жүрген Қырғызстан азаматтарын сыртқа шықпауға шақырған.

Сол кезде Саха еліндегі қырғыз диаспорасының жетекшісі Жазбек Бекболаев Азаттыққа "жағдай өте қиын" деген. Қырғыз диаспорасының дерегінше, Саха республикасында он мыңға жуық мигрант бар.

Қарағандыда "пара алды" деп айыпталған прокурорға 8 жыл сұрады

Прокурор ісі бойынша сот. Қарағанды, 5 сәуір 2019 жыл.

Қарағанды қаласында "пара алды" және "қызметін асыра пайдаланды" деп айыпталған аудандық прокуратура қызметкерін мемлекеттік айыптаушы сегіз жыл бас бостандығынан айыруды, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шектеуді сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы Қуаныш Жексенбаев 5 сәуірде өткен жарыссөзде "жемқорлық кесірінен халық арасында билікке деген теріс көзқарас қалыптасып жатқанын" айтты.

Айыпталушы прокуратура қызметкері тағылған айыптарды мойындамады. Адвокаты соттан айыпталушыны ақтауды сұрады. Олар тергеу кезінде заң бұзылғанын, тергеушілердің күш қолданғанын айтты.

Судья Әсел Жұбанышева сот процесі 12 сәуірде жалғасатынын, тергеу қайта жүргізілетінін мәлімдеді.

Тергеу дерегінше, прокуратура қызметкері айыпталушының бірінен процессуальдық келісім үшін 300 мың теңге пара алған. Прокурор 2018 жылы көктемде ұсталған.

Дзюдошы Сметов Анталья Гран-приінде алтын алды

Елдос Сметов (ақ формада)

Дзюдодан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан Гран-при жарысында қазақстандық Елдос Сметов 60 келіде алтын медаль алды. Ол финалда өзбекстандық Кемран Нуриллаевті жеңді.

Cметов финалға дейін әзербайжандық Орудж Вализадені, болгариялық Валентин Алипиевті, бразилиялық Филипе Китадаиді, ұлыбританиялық Эшли Маккензиді ұтты.

Әйелдер арасында 48 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Галбадрах Отгонцэцэг финалда косовалық Дистриа Красникиден жеңіліп, күміс медаль иеленді.

Елдос Сметов – 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 60 келіде алтын жүлдеге ие болған. 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Рио олимпиадасының күміс жүлдегері.

Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстанға Моңғолиядан келген. Рио олимпиадасының қола жүлдегері. 2017 және 2018 жылғы әлем чемпионатында, 2018 жылғы Азия ойындарында қола алған.

Антальядағы жарыс 7 сәуірде аяқталады.

Ақтөбе соты жазасын өтеушінің шағымын қанағаттандырмады

Сотталушы Айдос Қосанов сотқа видеобайланыс арқылы жауап беріп тұр. Ақтөбе, 5 сәуір 2019 жыл.

5 сәуір күні Ақтөбе қалалық соты жазасын өтеуші Айдос Қосановтың шағымын қанағаттандырмады. Ол Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне шағымданған.

Терроризм айыбы тағылған Айдос Қосанов 2019 жылғы 23 ақпанға дейін Ақтөбе қаласындағы КА-168/2 мекемесінде жазасын өтеген. Қосановтың адвокаты Ербол Меңдібаевтың айтуынша, жазасын өтеушінің сотқа шағымдануына абақтыдағы дүкеннің жүйелі жұмыс істемегені себеп болған.

- 2018 жылғы қазан айында жеке кәсіпкер мен Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасындағы келісім-шарт мерзімі аяқталып, абақтыдағы дүкен уақытша жабылып қалады. Бұл туралы Айдос Қосанов департамент басшыларына да, прокуратураға да хабарлаған. Одан нәтиже шықпаған соң 2019 жылғы 18 ақпан күні Ақтөбе қалалық сотына шағым түсірген. Араға бес тәулік салып, 2019 жылғы 23 ақпан күні Қосанов өзінің тұрғылықты жері Атырау қаласындағы колонияға ауыстырылды, - дейді адвокат Ербол Меңдібаев.

Атырау облысының тумасы Айдос Қосанов қазір жазасын тұрғылықты жеріндегі УГ-157/9 мекемесінде өтеп жатыр. Ақтөбедегі сотқа аталмыш мекемеде отырып, видеобайланыс арқылы қатысты. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Перизат Атыбаева тұтқынның шағымын жабық түрде қарады.

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі 2018 жылғы қазан айында КА-168/2 мекемесіндегі дүкеннің жүйелі жұмыс істемегенін растады. Департамент мәліметінше, тендерден соң кәсіпкер жұмысын жүйеге келтіріп, жазасын өтеушілерге қайта қызмет көрсете бастаған.

Санкт-Петербургте "Путинге құлпытас қойған" екі белсенді ұсталды

Санкт-Петербургтегі Исакиев шіркеуінің маңында Ресей президенті Владимир Путинге қойылған құлпытас.

Санкт-Петербургтегі Исакиев шіркеуінің маңында Ресей президенті Владимир Путинге құлпытас қойды деген күдікпен "Агит Россия" қозғалысының екі белсендісі ұсталды. Бұл туралы қозғалыс өзінің телеграмдағы каналында хабарлады.

"Санкт-Петербургте ұсталғандарға көмек" телеграм-каналының жазуынша, Григорий Кудрявцев пен Андрей Жексимбаев 3 сәуірде кешкісін ұсталған. Олар акция өткізу ережесін бұзу бабымен күдікке ілінген. Белсенділер 10 күнге дейін қамалуы мүмкін.

"Агит Россия" қозғалысының айтуынша, белсенділердің ұсталуына Петербургтегі акцияның қатысы жоқ. Олар "полиция қозғалыс мүшелерін қудалай бастады" дейді.

Путин бейнеленген құлыптас Петербургте 3 сәуірде пайда болды. Онда президенттің туған күні мен "қайтыс болған уақыты" ретінде 2019 жыл көрсетілген. Астында "Ресей халқын сатқан" деген жазу тұр.

Бұған дейін осыған ұқсас құлпытастар Мәскеу мен Татарстандағы Набережные Челны қаласында қойылған.

Челны қалалық соты 12 наурызда Ресей президенті Владимир Путиннің суреті бар құлпытас қойып, қабірге ұқсас инсталляция жасаған белсенді Карим Ямадаевты көпшілік акция өткізу не ұйымдастыру ережесін екінші мәрте бұзды деп танып, 28 күнге қамады.

НАТО мен Украина Қара теңізде бірлескен жаттығу өткізеді

Канада әскери-теңіз күштерінің Toronto фрегаты. Одесса, 1 сәуір 2019 жыл.

НАТО елдері мен Украина 5 сәуірде Қара теңізде "Теңіз қалқаны" бірлескен әскери жаттығуын бастайды. Жаттығу 13 сәуірге дейін жалғасады. Бұл туралы НАТО жанындағы Украина миссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Румынияның 14 әскери кемесі және Болгария, Канада, Грекия, Нидерланд пен Түркияның алты әскери кемесі мен барлығы 2200 әскери қызметкер Қара теңіз аймағында бірге әскери тапсырма орындайды" делінген хабарламада.

Жыл сайын өткізілетін "Теңіз қалқаны" бірлескен жаттығуына НАТО-ға мүше одақтастар мен әріптес елдердің әскерилері қатысады.


"Берешит" ғарыш аппараты Айға жақындады

Израильде жасалған​​"Берешит" ғарыш аппараты.

Ай бетімен жүретін алғашқы жеке меншік аппарат жердің табиғи серігіне 11 сәуірде қонады деп жоспарланып отыр. "Берешит" аппаратынан түсірілген Айдың суреттері ғарыш миссиясының Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парағында жарияланды.

Ай бетімен жүретін "Берешит" аппараты Израильде жасалған. Оны құрастыруға қажетті 50 миллион доларға жуық қаржыны жеке тұлғалар мен венчурлық қорлардан жинаған.

Ғарыш аппаратына Айдың магниттік өрісін өлшейтін және өзге де аспаптар, Израиль мәдениеті туралы деректер жазылған капсула орнатылған.

Егер ғарыш миссиясы сәтті өтсе, Израиль СССР, АҚШ және Қытайдан кейін Ай бетіне аппарат қондырған төртінші ел болмақ.


Қазақстан: Қырғызстанмен шекарада ЕАЭО шартын бұзған жоқпыз

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында кезек күтіп тұрған жүк көліктері. 1 сәуір 2019 жыл.

Қазақстан Еуразия экономикалық одағының заң ережелерін бұзбайды, алайда тауар құжаттарының талапқа толық сай болғанын талап етеді. Бұл туралы 5 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Қуат Рахимов мәлімдеді.

"[ЕАЭО шартын] бұзды дегенмен келіспеймін. Кейбіреулер өз міндетін толық көлемде жүзеге асырмай отыр деген қаупіміз бар. Біз тыйым мен шектеу салып жатқан жоқпыз, бар болғаны жүктің құжатқа сай болғанын талап етеміз" деді ол.

Қаржы министрлігі өкілі жанама салыққа байланысты проблема барын айтты. Рахимовтың түсіндіруінше, Қырғызстаннан Қазақстанға тауар өткізген кезде салық Қазақстан жерінде төленуі тиіс. Оның пікірінше, Қырғызстаннан Ресейге кетіп бара жатыр деп көрсетілген жекелеген тауар түрлері іс жүзінде Қазақстаннан шықпай қалып қояды.

"Жанама салық төлеу өте үлкен проблемаға айналып отыр. Келесі бір мәселе жүк-көлік құжаттарына байланысты. Оларда бір тауарды көрсетіп жазғанымен іс жүзінде басқадай болып шығады. [Тауар] санын, бағасы мен көлемін азайтып көрсетеді, ал бұл тағы да сол жанама салыққа әсер етеді" деп хабарлады Рахимов.

Қазақстан қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, 27 наурыздан 4 сәуірге дейін Қазақстан аумағына қырғыз тауарын тиеген 265 автокөлік, транзиттік бағыттағы 455 жүк көлігі кірген.

Оқи отырыңыз: Бір жарым жылдан соң қайталанған көлік кептелісі

Бұған дейін жұма күні Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев үкімет отырысында қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан ахуалға байланысты қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен "үш рет келіссөз" өткізгенін хабарлап, екі тараптың келісімінің нәтижесі жақын уақытта белгілі болады деп мәлімдеген еді.

"Біз Еуразия экономикалық одағы аясында қол қойылған келісімдердің орындалуын талап етеміз. Мен Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминмен үш рет келіссөз өткіздім. Қырғызстан делегациясы Қазақстанда келіссөздер жүргізді және біз келісімге қол жеткіздік, оның нәтижесін жақын күндері көретін боламыз. Біз келісімнің орындалуына күш саламыз. Және үкімет түк істемей отыр деп айтушыларға мен экономикалық мәселелерді шешу - байсалды келіссөз бен асықпай-абдықпай мұқият ойлануды қажет етеді" деді Абылғазиев.

3 сәуірде Қырғызстан экономика министрлігі Қазақстан жағының шекарадағы іс-әрекеті ЕАЭО нормаларына қайшы деп мәлімдеме таратқан еді. Көршілес екі ел осы одаққа мүше.

Мұның алдында Қырғызстан "Ақ тілек - автодорожный" өткізу бекетінде 200-ден астам жүк көлігі Қазақстан аумағына өте алмай бөгеліп тұр деп хабарлаған. Қазақстан 19 наурыздан бастап шекарадағы тексерісті күшейткен.

Қазақстан тарабы кептелісті қырғызстандық жүк тасымалдаушылардың кеден тексерісінен өтуге құлықсыздығымен түсіндірген еді.


Азаттық радиосы тілшілерінің ұсталуын Нұр-Сұлтан саясатында "нақтылықтың болмауынан" көреді

"Настоящее время" тілшісі Светлана Глушкова (сол жақта) мен Азаттық радиосының журналисі Сәния Тойкен.

Қазақстан саясатында соңғы кезде нақтылықтың болмауы тәуелсіз БАҚ-қа жасалатын қысымды арттыруы мүмкін. Азаттық радиосы журналистерінің ұсталуы - осының көрінісі. Азат Еуропа/Азаттық радиосы осылай мәлімдеді.

Бұған дейін бірнеше қазақстандық құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтаннан "соңғы кезде жиілеп кеткен" тәуелсіз журналистерге "жасалатын қысымды доғаруды" сұраған.

2019 жылдың басынан бері Қазақстанда Азаттық тілшілерін полиция бірнеше рет ұстап, кейбірінің үстінен іс қозғап, айыппұл салған.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған. Тойкен сот шешімімен келіспей, Маңғыстау облыстық сотына апелляцияға берген. 2 сәуірде Бірақ сот журналиске айыппұл салу туралы шешімді күшінде қалдырды.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.

Тап сол күні, 2 сәуірде, Нұр-Сұлтан соты "Настоящее время" арнасының журналисі Светлана Глушкованы ұрып-соғу бабымен кінәлі деп танып, 25 250 теңге (66 доллар) айыппұл салған. Биліктің айтуынша, 22 наурызда Қазақстан астанасында полиция азаматтарды ұстап жатқан жерден хабар таратып жүрген Глушкова әлдебір азаматты итеріп жіберіп, зақымдаған. Глушкова бұл айыппен келіспейді. Оның сөзінше, бұл іс - кәсіби жұмысына кедергі келтіруге тырысып жатқан биліктің ойлап тапқан амалы.

Құқық қорғаушылар басқа да Азаттық тілшілеріне – Жаңагүл Жүрсін, Өркен Жоямерген, Ержан Әмірханов, Санат Нұрбековтің қызметіне полицияның кедергі келтіргенін айтқан.

Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, полиция Глушкованы қамауға алған. "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атады.

Видео: Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 жыл.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир, "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистер мен блогерлерді қудаламауға шақырды.

ЕҚЫҰ өкілі "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс" деп мәлімдеген.

Еуропа соты MH17 апатында мерт болғандардың туыстарының арызын Мәскеуге хабарлады

Әуеден құлаған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшектерін суретке түсіріп тұрған журналист. Грабово селосы, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.

Еуропа адам құқықтары жөніндегі сот 2014 жылы Донбасста МН17 рейсі апатқа ұшырағанда қаза тапқандардың 380 туысының Ресей үстінен шағымданғаны туралы Мәскеуге хабарлады. Бұл туралы сот сайтында жарияланды.

Арыз жазғандар арасында Австралия, Германия, Нидерланд, Малайзия мен Израиль сияқты оннан аса елдің азаматтары бар. Еуропа сотының жазуынша, арызданғандар Ресейді ұшақ апатына тікелей не жанама кінәлі деп санайды. Құжатта "Мәскеу өзі тергеу жүргізбеген, тергеу жүргізген елдермен серіктестікке бармаған" деп жазылған.

2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқанда Украинаның Донецк облысы аумағына құлаған Boeing 777 жолаушылар ұшағындағы 298 адам түгел қаза тапқан.

Апат себептерін тексерген халықаралық тергеу тобы ұшақты "Бук" зениттік зымыран кешенімен әуеден атып түсірген деген тұжырым жасаған. Тергеу болжамы бойынша, қаруды Ресейден жеткізген және зымыранды Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақтан атқан.

2015 жылы Нидерланд Boeing 777 жолаушылар ұшағының апаты туралы іс бойынша халықаралық трибунал құруды ұсынған. Ресей бұл бастамаға қарсы болып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында оны өткізбей тастаған.

Мәскеу малайзиялық ұшақ апатына қатысы бары туралы айыптауларды жоққа шығарады.


Былтыр Қазақстан ормандарында 121 мың гектарға жуық жер өртенген

Көрнекі сурет.

2018 жылы Қазақстанда орман өрті бойынша 358 жағдай тіркеліп, 120 991 гектар аумақ өртенген. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.

Ділдахметтің Facebook парақшасында жарияланған дерекке сай, өртенген 120 991 га аумақтың 43 гектарға жуығы – орманмен көмкерілген аудан.

Өрт болған барлық оқиғаның 70-іне дала өртінің орманға көшуі себеп. "Үшеуі – орман пайдаланушылардың, екеуі – түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың, 13-і жергілікті жұртшылық кінәсінен болған" деп жазады министрлік өкілі.

Ділдахметтің жазуынша, найзағай тиген соң басталған өрт саны – 168. Ол орманда болған 103 өрттің себебі анықталмағанын жазады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда былтыр орман 2017 жылмен салыстырғанда 1,6 есе аз өртенгенімен, жанып кеткен аумақ көлемі 9 есе артқан.

Оқи отырыңыз: Қазақстан орманшылары табиғатты қалай қорғап жүр

Министрлік былтыр болған ірі орман өрттерінен соң 25 лауазымды қызметкері жауапқа тартылғанын айтады. Оларға сөгіс жарияланған. Бұдан бөлек ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 157 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылған.

Вашингтон НАТО-ны Қытай мен Ресей "төндіретін қатерге" бейімделуге шақырды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

4 сәуірде Вашингтонда НАТО-ның 70 жылдығына орай өткен жиында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео әлемде "ұлы державалар бақталасының жаңа дәуірі басталғанын" айтты.

Помпео әскери одақ Ресей, Қытай, Иран сияқты елдер "төндіретін қатерге" бейімделуі үшін НАТО-ға мүше 29 елден қорғанысқа бөлінетін қаржыны арттыруды сұрады.

Екі күндік жиын кезінде НАТО елдері Қара теңізде әскери кемелерді көбейтуге келісіп, Украина және Грузиямен өтетін жаттығуды арттыруға уағдаласқан. Мұны одақ басшысы Йенс Столтенберг жиыннан кейін хабарлады.

25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазы арқылы Мариупольге бармақ болған Украинаның үш кемесін ұстаған. Ресей билігі кемелер Ресейдің Қырым жағалауындағы аумағына заңсыз кірмек болды деп санайды. Киев Ресей мен Украина арасында 2003 жылы жасалған келісім бойынша украин кемелерінің Қара теңіздің Ресейге тиесілі аумағында жүруіне болатынын айтады. Теңізшілер өздерін әскери тұтқынбыз деп санайды.

Ресей сыртқы істер министрлігі 4 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Вашингтондағы НАТО кездесуі одақтың "Ресейге қатысты әскери және саяси дұшпандығын доғаруға құлықты емесін көрсетеді" деген.

АҚШ конгресі Йемендегі әскери кампанияны доғаруды қолдады

Йемендегі әуе шабуылының салдары. Көрнекі сурет.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы елдің Йемендегі азамат соғысына қатысуын тоқтатуды қолдап дауыс берді.

Йеменде Вашингтон Сауд Арабиясы жетекшілік ететін әскери кампанияны қолдайды. Қарар АҚШ президенті Дональд Трампқа жіберілген. Америкалық басылымдар Трамп құжатқа вето қояды деп хабарлады.

Сенат қарарды жеті республикашылдың қолдауымен наурызда қабылдаған. Бұл – шетелдегі әскери конфликтіге қатысуды доғару үшін әлдебір қарарды конгрестің екі палатасы да қолдап дауыс берген алғаш жағдай.

АҚШ-тың Йемендегі кампанияға қатысуына қарсылар қатары былтыр қазанда Стамбулдағы Сауд Арабиясы елшілігінде The Washington Post газетінің колумнисі Жамал Хашоггидің қазасынан соң көбейген. Соңғы жылдары журналист Эр-Рияд саясатын сынап жүрген.

Америкалық және түркиялық арнайы қызметтер Хашоггиді өлтіруге Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман тапсырыс берді деп санайды. Журналистің денесі әлі табылған жоқ. Эр-Рияд Хашогги қазасына күдікті 21 адамның ұсталғанын хабарлағанымен, өзінің қастандыққа қатысы жоғын айтқан.

Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы заңға қол қойды

Ақорда.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде әлеуметтік осал азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қамту туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Құжатта атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы әрбір балаға 20 789 теңге берілетіні көрсетілген. Сондай-ақ, заңға сәйкес, бұдан былай атаулы әлеуметтік көмек отбасында жан басына шаққандағы табыс күнкөріс минимумының 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден аз тиетін адамдарға беріледі. Заңда мүгедек бала бағып отырған ата-аналар мен кішкентайынан бірінші топтағы мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын адамдарға ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 30 пайызға арттыру көзделген.

27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде Нұрсұлтан Назарбаев "халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін" Ұлттық қордан қаржы бөлу туралы шешім қабылдағанын, биыл республикалық бюджет қаржысының 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсау жоспарланып отырғанын айтқан.

21 ақпанда Қазақстан президенті үкіметті отставкаға жіберді. 19 наурызда Назарбаевтың өзі биліктен кететінін мәлімдеді.

Кейбір сарапшылар соңғы екі айда ел билігінде болған өзгерістерді 6 ақпанда басталған көп балалы аналар наразылығы жеделдетті деп санайды. Олардың сөзінше, бұл толқулар елде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер барын көрсеткен.

Видео: Билікке наразы аналар.

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

Қырғызстан парламенті экс-президентті жауапқа тарту механизмдері туралы заң жобасын мақұлдады

Қырғызстан экс-президенттері Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев.

4 сәуірде жогорку кеңеш (Қырғызстан парламенті) экс-президентті жауапқа тартуға мүмкіндік беретін заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

Құжат авторлары Курманкул Зулушев пен Исхак Масалиев "Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы" заңдағы экс-президенттің тиіспеушілік мәртебесі туралы жазылған норманы алып тастауды ұсынған.

Бірақ екінші оқылым кезінде парламент бұл норманы алып тастамай, тек жауапқа тарту механизмдерін жетілдіру туралы шешім қабылдаған. Президент заң жобасына қол қойса, жогорку кеңеш тағып, бас прокурор растаған аса ауыр қылмыс жасады деген айыптан соң экс-президент өз статуысынан айырылып, жауапқа тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ, заң жобасының 11-бабына сәйкес, экс-президент мемлекеттік билік органдарында саяси, арнаулы мемлекеттік лауазымдарды атқармауы тиіс, саяси партияларда басшылық қызметте істеп не оның қызметіне араласпауға міндетті. Экс-президент осы ережелерді бұзса, бас прокурордың ұсынуымен, президент актісімен оған берілген кепілдіктердің күші жойылып, бұрынғы президентті республикалық бюджет қаражаты есебінен материалдық не басқа да жағдайлармен қамтамасыз ету тоқтатылады.

Заңға өзгеріс енгізу туралы талқы Алмазбек Атамбаевтың Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялауға тікелей қатысы бары туралы мәлімдемеден кейін күшейген. Қырғызстан құқық қорғау органдар "ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған" деп күдіктенеді. Атамбаев айыпты жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Экс-президенттің тиіспеушілік құқығы талқыға түсті

Қырғызстанда Роза Отунбаева және Алмазбек Атамбаевтың экс-президент деген мәртебесі бар. Алғашқы екі президент Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев халық толқулары нәтижесінде биліктен кетіп, экс-президент мәртебесін ала алмаған.

Қырғызстан қауіпсіздік қызметі азаматтар келісімінсіз хаттарды оқуға рұқсат сұрады

Көрнекі сурет.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі барлау және қарсы барлау мүмкіндігін арттыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

Түзетулер азаматтардың құпия хат жазысу, тұрғын үйіне қол сұғылмау, биометриялық паспорттарға қол жеткізу құқықтарын қамтиды. Ұсыныс қабылданса, Қырғызстанның арнайы қызметтерімен серіктес азаптаудың алдын алу және шетелдіктерге азаматтық беру жөніндегі ұлттық орталық өкілеті өзгереді.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу судьясына заңмен қорғалатын құқықтарды – жазысқан хаттар, телефон арқылы сөйлескен сөздер, пошта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарлардың құпиялығын сақтау, тұрғын үйге қол сұғылмау сияқты құқықтарды қамтитын шараларды жүргізуге рұқсат беруді сұрайды.

Сондай-ақ қауіпсіздік қызметі биометрикалық деректі азаматтың рұқсатынсыз алуға рұқсат беруді сұраған. Ведомство мұндай өтініш айтуын өздерінің сыртқы барлау және қарсы барлау қызметінің "ерекшелігімен" түсіндірген.

Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталыққа азаптау істерін есепке алмағанда қарсы барлау шараларын жүргізу қызметіне араласуға тыйым салынуы мүмкін.

Қырғызстанның арнайы қызметтерімен біріге жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың отбасыларына жеңілдетілген тәртіппен Қырғызстан азаматтығын беру де ұсынылды. Мұндай ұсыныстың айтылуына, ведомство сөзінше, әлгі азаматтар тұратын елде олардың Қырғызстан қауіпсіздік қызметімен серіктес екені жария болса, олар қамауға алынуы не өлім жазасына кесілуі мүмкін деген қауіп себеп.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметі бұл өзгерістер заң қайшылығын тудырмайды деп санайды.

Ұсынылған өзгерістер көпшілік талқыға шығарылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG