Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Абаев: Митингіде наразылардың ұсталғанын мойындаймыз

Дәурен Абаев, Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар" арнасының эфиріндегі "Открытый диалог" бағдарламасында Қазақстандағы наразылық шаралары жайлы пікір білдіріп, билік конструктивті келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты.

"Наразылардың ұсталғанын мойындаймыз. Бірнеше адам өздерін дөрекі ұстаған соң оларды ұстады. Ұстамас бұрын ескерту жасалды" деді ол.

Абаевтың сөзінше, бүгінгі күні Қазақстанда азаматтарға наразылық шараларын заңға сай өткізу үшін өтініш беруге ешкім кедергі келтірмейді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. 2 мамырда бірнеше адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Шымкентте жәрдемақы талап еткен ана екінші қабаттан секірмек болды

Төрт баланың анасы Лаура Қалдыбаева жұмыспен қамту орталығының екінші қабатында тұр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Шымкентте төрт балалы ана Лаура Қалдыбаева қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының екінші қабатынан секірмек болды. Қалдыбаева "наурызда 21 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыға құжат өткізсем де, әлі күнге дейін есепшотыма ақша түспеді" деп наразылық танытты.

Жұмыспен қамту орталығының өкілі Ұлдана Болыстың Азаттық тілшісіне "2 мамырда Лаура Қалдыбаева мен төрт баласына үш айдың әлеуметтік көмегі - 310 мың теңге аударылғанын, ақша есепшотына әлі түспегенін" айтты.

Жәрдемақы талап еткен шымкенттік ана екінші қабаттан секірмек болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

Ұлдана Болыс наразылық танытқан Лаура Қалдыбаеваға жәрдемақының есепшотына жіберілгені туралы құжатты көрсетті. Осыдан соң Қалдыбаева екінші қабаттан түсіп, үйіне қайтты.

Көп балалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны көбейту туралы талап ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі - Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң жиі айтыла бастады. Ал 27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төленсін деп, кейін үкіметке көмек сәуірден бастап берілсін деген. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған. Сәуірдің соңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағдайы төмен отбасылар жәрдемақы ала бастағанын хабарлаған.

Сот Алматыда наразылыққа шыққандардың кейбірін жазалады

Наразылыққа шыққан азаматтардың соты. Алматы, 2 мамыр 2019 жыл.

Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамырда қалада наразылыққа шыққан азаматтар арасында болған Тұрсынкүл Жоланова және Құрбанбек Шоланұлы, Жазира Демеуоваға 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Бұл азаматтарға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлім) деген айып тағылған.Тұрсынкүл Жоланованың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Сот отырысынан шыққан Жазира Демеуова Азаттық тілшісіне "сот шешімімен келіспейтінін", өзін "шындықты айтқаны үшін жауапқа тартты" деп есептейтінін жеткізді.

Қазір әкімшілік сотта өзге де ұсталған азаматтарға байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот дәлізінде отырған Құдайғашүкір Абдуллаев есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын, Лобачевскийдегі тергеу изоляторына сәлден соң өзін алып кететінін айтқан. Айтуынша, оған да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып таққан. Сот шешімін судья Ержан Алдабек шығарған.

Сот дәлізінде тұрған Исламжан Темірғали есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын айтып үлгергені сол еді, арнайы жасақ өкілдері қолынан ұстап, тергеу изоляторына алып кетті.

Әзірге Азаттық тілшісі әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға байланысты соттан ақпарат ала алмады. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов бүгін күні бойы ұсталғандарға байланысты істің сотта қаралатынын, қолында әзірге толық ақпараты жоғын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

2 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деп айыпталған екі азамат Алтынбек Орынтайұлы және Әлімжан Ізбасаровты бес күнге қамаған.

HRW Қытайды "технология көмегімен мұсылмандарды жаппай аңдиды" деп айыптады

Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарының" бірі.

Human Rights Watch Адам құқығын қорғау ұйымы Қытай билігін Шыңжаңдағы мұсылмандарды мобильді телефон қосымшасының көмегімен жаппай аңдиды деп айыптады.

Ұйымның 2 мамырда жарық көрген ірі мақаласында Қытай билігінің қосымша арқылы Шыңжаң тұрғындары жайлы "түрлі ақпарат жинайтыны", олардың не істеп, қай жаққа баратынын аңдитыны жазылған. Ұйым бұған көп дәлел келтірген.

Integrated Joint Operations Platform (біріккен операциялар платформасы) атты бағдарлама аумақ тұрғындарының мобильді телефондары мен компьютерлерін бақылап, егер қандай да бір "күдік" пайда болса - мысалы, "күдікті" адамдармен араласса немесе сондай әрекетпен шұғылданса, "сигнал" береді. Кейінірек полиция сол "күдікті жайттарға" назар аудармақ.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірді.

Құқық қорғаушылар мен ондай лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.

Шымкент соты "терроризм" бабымен айыпталған Маxаматовты 8 жылға соттады

"Терроризм" бойынша айыпталған Ділмұрат Махаматов сот залында адвокатымен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты 2018 жылы "Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған", елде "терроризм" бабы бойынша айыпталған Ділмұрат Маxаматовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Істі қараған судья Сәбит Төреxанов Ділмұрат Маxаматовты "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" және "терроризмдi насихаттау немесе терроризмге шақыру" бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Айыпталушы Ділмұрат Маxаматовтың өзі Азаттық тілшісіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Адвокаты Сапарәлі Абылаевтің айтуынша, "сот барысында Махаматовтың кінәсін дәлелдейтін қажетті айғақ" көрсетілмеген.

"Діни сарапшылардың жауабы мен аудиожазба дәлел ретінде берілді. Аудиожазбаны интернетке кім салғаны да белгісіз" дейді Сапарәлі Абылаев.

Ділмұрат Махаматовтың ісі сотқа 21 наурызда түсіп, 4 сәуірде қарала бастады. Айыпталушының талап-тілегіне байланысты жабық өткен сот процесіне оның ағасы мен адвокаты, прокурор ғана қатысты. Ақпарат құралдары сот отырысына жіберілмеді.

2018 жылы қазан айының ортасында мемлекеттік БАҚ Сауд Арабиясында "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан" "салафит ағымының өкілі" Сарыағаш ауданында туып өскен Дильмурат Махаматовтың ұсталғанын хабарлаған.

Сол кезде ақпарат құралдарына хабарлама таратқан полиция Махаматовтың "бұл елде жүріп, интернет арқылы қазақстандықтарға заңсыз үгіт-насихат жүргізгенін" айтқан еді. Кейінірек жергілікті БАҚ Қазақстан өтінішімен оны елге экстрадициялағанын жазды.

Қазақстанда соңғы жылдары өздерін "түрлі діни ағым өкілдеріне жатқызған" ондаған адам терроризм бабы бойынша айыпталып, түрмеге қамалған.

Нұр-Сұлтанда жатақханадан өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланды

Өрт сөндіру көлігі.

2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланған. Түтіннен уланған 26 адам ауруханаға түскен. "Олардың жағдайы орташа" деді Азаттық тілшісіне оқиға орнында жүрген мамандар.

Төтенше жағдай жөніндегі департамент өкілдерінің айтуынша, Байқоңыр ауданындағы Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан бесқабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы ақпарат құтқару қызметіне 2 мамырда таңертеңгі сағат 10 жарым шамасында түскен.

"32 адам құтқарылды, олардың 28-і бала. Өз бетімен 350 адам жатақханадан эвакуацияланды" делінген департамент хабарламасында.

Ақпарат бойынша, ғимараттың екінші қабатындағы бөлме өртенген. Жатақханада жылу беру тоқтатылғандықтан тұрғындар бөлмені жылытатын құрылғылар қолданған. Мамандар өрттің шығуына сол себеп болуы мүмкін дейді.

Жатақхана тұрғындарының бірі, көп балалы ана Азаттық тілшісіне өрт кезінде ғимаратта болғанын, қою түтіннен айнала көрінбей, әрең дегенде балаларын сыртқа шығарғанын айтқан. Таңертеңгі сағат оннан бері сыртта жүрген тұрғындар тоңғандарын да жеткізген.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оқиға орнына барған қала әкімі Бақыт Сұлтанов "тұрғындарға көмектесіп", "ғимараттың жағдайын тексеруді" тапсырған.

"Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өтпеді

Жұматай Әлиев.

Орталық сайлау комиссиясы "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиевті президент сайлауына өткізбеді. Бұған дейін тіл комиссиясы Әлиев қазақ тілін меңгермеген деген шешім шығарған.

Үміткер тіл сынағында "Мемлекет және дін" тақырыбында шығарма жазып, "Абай жолы" романынан үзінді оқып, "Ырыс алды - ынтымақ" тақырыбында ойын айтқан.

Комиссия мүшесі Әділ Ахметовтің айтуынша, Әлиев шығарманы үстірт жазған, 13 сөйлемнен 19 қате жіберген. Үміткер "Абай жолы" романын оқығанда да "шорқақтығын байқатқан".

Жұматай Әлиев - "қазақ тілін меңгермеген" деген баға алған жалғыз үміткер. Осыған дейін тіл комиссиясы үміткерлер - Сәдібек Түгел ("Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы),​ Қасым-Жомарт Тоқаев ("Нұр Отан" партиясы), Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) "қазақ тілін меңгерген" деген шешім шығарған.

Қазақстандағы президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Тоқаев: Жер еңбек етем деген азаматтар иелігінде болуы керек

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапары барысында жерді тиімді пайдалану мен жер телімдерін үлестіру мәселесі туралы айтқан.

"Жер еңбек етем деген азаматтардың иелігінде болуы керек. Сондықтан әкімдіктер екі мәселені шешіп алсын. Біріншіден, жер телімдерін үлестіруде ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын қатаң қадағалау қажет" деп мемлекеттік БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірген.

Президент жер мәселесінен бөлек аймақтағы жолдардың 20 пайызынан астамы нашар екенін айтып сынаған. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, президент бүгін қаладағы "Салтанат" сарайында тұрғындармен кездескен. Оның Twitter-дегі парақшасында кейбір азаматтар өздерін президентпен кездесуге кіргізбегенін айтып шағымданған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың 1-і күні Алматыда болған кезде бір мезетте қалада жүзден астам азамат билікке талап айтып, наразылық шарасын өткізді. Кейбір қолданушылар Twitter-дегі парақшасында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық шаралары туралы сұрақ қойған.

2 мамырда полиция олардың үстінен хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тартты.

Министрлік: "Қаламқастағы" апат Қытай компаниясы жұмысшыларының кінәсінен болған

Қаламқас кенішіндегі өрт.

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Маңғыстау облысы "Қаламқас" кенішіндегі апатқа қытайлық Si Bu компаниясы жұмысшыларының өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын хабарлады. 2 мамырда апатты зерттеу комиссиясының қорытындысымен таныстырған индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов Нұр-Сұлтанда өткен жиында осылай деп мәлімдеді.

"Ұсынылған материалдарды қарастырып, Si Bu инженерлік бұрғылау компаниясының ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны, бұл өз кезегінде газ бен судың шығуына алып келгенін комиссия анықтады. Мердігер ұйым Si Bu компаниясының ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұзып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын есептемеген, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын ашылған" деді Нығметжан Мақажанов.

Оның айтуынша, Si Bu "осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылауды қамтамасыз етпеген". Мақажанов бұған қоса, компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қажетті дәрежеде маманданбағанын да жеткізді.

Комитет басшысы апаттың себептері мен жай-жапсары жазылған акт жасалып, "апаттың алдын алу шаралары әзірленгенін" айтты. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

25 наурызда Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кенішіндегі ұңғымалардың бірінен өрт шығып, өрт сөндірушілер бірнеше күннен кейін ғана өртті сөндіре алған.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары "Қаламқас" кенішіндегі өрт туралы видео таратып, аумақтың экологиялық жағдайына алаңдаған.

30 наурызда кеніш маңындағы ауа, топырақ және су құрамын зерттеген "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мамандарының зерттеу қорытындысын жариялаған энергетика министрлігі "ауада ластаушы заттардың жоғары концентрациясы анықталған жоқ" деп хабарлаған.

"Қаламқас" кенішін барлаумен - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы айналысады.

Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан екі азаматты бес күнге қамады

Наразылық шарасына шыққандарды полиция қызметкерлері ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 1-нен 2-сіне қараған түні Астана қалалық әкімшілік соты Есіл жағалауындағы наразылық шарасына қатысқан ондаған адамды әкімшілік жауапқа тартты. Олардың арасында Алтынбек Орынтайұлы, Әлімжан Ізбасаров және Бибігүл Тұяқова да болған.

Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, судья Ахметкалиев “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” (667-бап 1 тармағы Әкімшілік кодекс) деп айыпталған Алтынбек Орынтайұлы пен Əлімжан Ізбасаровты бес тәулікке қамау туралы сот шешімін шығарған.

Ал Бибігүл Тұяқованың сот залында денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқандықтан оның соты бүгін, 2 мамырға қалдырылған. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, әкімшілік жазаға тартылған азаматтардың көбіне “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” деген айып тағылған. Сотта шерушілердің прокурор тарауды сұрағанда кетпей тұрып алғаны айтылған.

Қазір Нұр-Сұлтанда Бибігүл Тұяқова соты өтіп жатыр.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

Адвокат Бауыржан Рақымжанов және өзге де белсенділер Азаттық тілшісіне Алматы әкімшілік сотында ұсталғандарды түнгі сағат бір-екіге дейін іс материалынсыз құр босқа ұстағанын айтты. Тұрсынкүл Жоланова есімді алматылық азаматтың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева соттың түнгі 1-де басталғанын, "аудармашы қажеттілігіне байланысты" отырыстың 2 мамырға қалғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекқызы бұл бойынша "ішкі істер министрлігіне хабарласуды" өтінді. Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз сотқа сілтеді.

Нұр-Сұлтан және Алматы әкімшілік соты ұсталғандардың аты-жөнінсіз ақпарат бере алмайтынын айтты.

Путин "интернетті оқшаулау" туралы заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин Пекиндегі "Бір белдеу - бір жол" форумынан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. 27 сәуір 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заңға қол қойды. Құқықтық ақпарат сайтында жарияланған құжат 1 қарашадан бастап күшіне енеді.

Жоба авторлары бұған дейін құжат бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп айтқан. Оның атқарылу барысын Роскомнадзор қадағалайды, ал оператор желілерінде қорғау құралдарын орнату мен пайдалану тәртібін Ресей үкіметі бекітпек.

Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат "2018 жылы қыркүйек айында қабылданған АҚШ-тың ұлттық киберқауіпсіздігі бойынша стратегиясының агрессивті сипаттарын ескере отырып" әзірленген.

Заң жобасына қарсы азаматтар "автономды желі" интернетте жаппай цензураның пайда болуына ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Владимир Путинді заңға қол қоймауға шақырған. "Шекарасыз тілшілер" және Human Rights Watch ұйымдарының бірігіп жасаған мәлімдемесінде құжат Ресей қол қойған Адам құқығы бойынша Еуропа конвенциясы мен БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтары туралы пакті шарттарын бұзады деп жазылған.

Бұған дейін бірқатар интернет-компаниялар да құжатты сынап, оның атқарылуы барысында қолданылатын технология "сервис жұмысын баяулатады" деп ескерткен. Заңға қарсы кейбір азаматтар көп қаржыны талап ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдаған.

ЕО Венесуэланы наразыларға күш қолданбауға шақырды

Венесуэлада билікке наразылық білдіріп тұрған азамат. 30 сәуір 2019 жыл.

Венесуэла бойынша халықаралық байланыс тобы Каракасты наразылық шеруіне шыққандарға күш қолданбауға шақырды. Бұл туралы Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі қызметінің мәлімдемесінде жазылған. Еуроодақ Венесуэладағы демократиялық процестерді қолдап, ашық сайлау өткізу үшін бар күшін салуға уәде берген.

30 сәуірде Каракаста оппозиция жақтастары мен қазіргі президент Николас Мадуроны қолдайтын әскерилер арасында қақтығыс болды. Билік күштері наразылыққа шыққандарға көзден жас ағызатын газ шашты. Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо әскерилердің бір бөлігі өз жағына өткенін хабарлады. Әзірге нақты қанша әскеридің оны қолдағаны туралы дерек жоқ.

Бұған дейін Хуан Гуайдо венесуэлалықтарды 1 мамырда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Биыл қаңтарда өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны елуден астам ел Венесуэланың заңды басшысы деп таныған. Николас Мадуро елдегі дағдарысқа АҚШ-ты айыптайды.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон "Мадуроның жақтастары оны биліктен кетіру жайлы өзара келіссөз жүргізіп жатыр" деп хабарлаған.

Мадуроны Ресей мен Қытай бастаған санаулы ел қолдайды.


Азаттық тілшісін полиция бөлімшесінде тергеуге тырысқан

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

1 мамырда Азаттық тілшісі Сәния Тойкен сәрсенбіде Нұр-Сұлтанда ұсталғандардың туыстары хабарласып, көмек сұраған соң кешке қарай қаладағы Байқоңыр аудандық полиция басқармасына барған. Сол күні күндіз құқық қорғау органы өкілдеріне ұқсайтын жай киімдегі белгісіз біреулер тілшінің құрал-жабдығын тартып алған еді. Сәния Тойкен сол заттарын қайтарып алу үшін де бөлімшеге барған.

Тілшінің айтуынша, өзін полиция басқармасы бастығының орынбасары ретінде таныстырған азамат "ішке кіріп, ұсталғандардың жағдайын көргіңіз келе ме? Олармен сөйлесіңіз" деген соң журналист полиция ғимаратына кірген.

- Ішке кіріп едім, бірден "допросқа" (сұрақ-жауап алу) алып кетіңдер" деді. "Менен қандай мақсатпен, не үшін сұрақ-жауап алайын деп отырсыздар?" деп сұрап едім, "егер жауап беруден бас тартатын болсаңыз, заңға қайшылық болып саналады. Қазір тінту жүргіземіз" деді. Дильназ Сахаева есімді тергеуші сұрақтар қоя бастады. Адвокатсыз жауап бермейтінімді айттым, - дейді Сәния Тойкен.

Полиция өкілдері тілшіге адвокатын шақыруға рұқсат берген, бірақ полиция кеңсесіне барған адвокат Бауыржан Азановты онда кіргізбеген.

Бұл кезде полицияда бірнеше сағат болған тілшінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болған. Сәл кейінірек полиция өкілдері Сәния Тойкеннің үстінен хаттама толтырып, қол қоймағаны үшін криминалист шақырып, видеоға түсірген.

- Мен хаттамаға қол қоймайтынымды айттым. Бірақ олар "оны оқығанның өзі келіскенмен пара-пар" деді. Хаттамада менің полиция бөлімшесіне ұсталғандар бойынша ақпарат алу үшін және штативімді қайтарып алу үшін келгенім туралы жазылған, - деді Сәния Тойкен.

Әзірге Байқоңыр аудандық полиция басқармасынан жауап алудың сәті түспеді.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі сәрсенбіде Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады.


ІІМ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингіде 80 адам ұсталғанын хабарлады

Полиция наразылық шарасына келгендердің бірін ұстап әкетіп барады. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырдағы Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде шамамен 80 адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

"Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтөбеде рұқсат етілмеген митинг өтті. Шараға қатысушыларға әлеуметтік және басқа да мәселелер жайлы ойларын ашық айтуға мүмкіндік берілді. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше адам өздерін дөрекі ұстап, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының ұрандарын айтты" деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.

ІІМ мәлімдеуінше, "әкімдік өкілдері мен прокурорлардың ескертуіне құлақ аспаған" азаматтарға полиция шара қолданып, 80 адамды полиция бөлімшелеріне жеткізді.

Министрлік ұсталғандардың іс-әрекетіне "заңға сай құқықтық баға берілетінін" хабарлады.

ІІМ мәлімдемесінде азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмай, Қазақстан заңдарындағы талаптарды сақтауға шақырды.

Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр аудандық полиция бөлімшесінде болған Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің хабарлауынша, бірнеше адамды төрт сағаттан артық ұстап, босатқан.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Путин Донбасс тұрғындарына азаматтық беретін жарлыққа қол қойды

Украина және Ресей паспорты. Көрнекі сурет

Ресей президенті Владимир Путин Донбасс аймағында 2014 жылдан бері тұрып жатқан украиндықтарға Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық 1 мамырда Кремль сайтында жарияланды.

Путиннің жарлығына сәйкес, Донбасстағы қарулы қақтығысқа дейін өмір сүріп жатқандарға да азаматтық алуына мүмкіндік берілген. Ішкі істер министрлігі мәлімдеуінше, 77 мың Украина азаматы Ресейден баспана алған. Ал федерация кеңесі соғыс аймағынан қашқан тұрғындар саны 2,5 миллионға жетеді деп хабарлады.

Путин қол қойған жарлықта Совет одағы аумағында дүниеге келген Ауғанстан, Ирак, Йемен, Сирия тұрғындарына және олардың балаларына да жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру қарастырылған.

Путин 27 сәуірде Пекинде "Бір белдеу - бір жол" саммитінде Ресей билігінің Донбасс қана емес, Украинаның барлық азаматына жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Ол Донбасс тұрғындарына азаматтық беруге шамамен 100 миллиард рубль жұмсалады деген.

Назарбаев халықты бейбіт өмірді бағалауға шақырды

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты Бірлік күнімен құттықтап тұр. Нұр-сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бірлік күніне арналған шараға келіп, халықты мерекемен құттықтады. Ол Қазақстан барлық жетістікке қоғамдағы бірліктің арқасында қол жеткізгенін айтып, халықты бейбіт өмір мен тұрақтылықты бағалауға және сақтауға шақырды.

Назарбаев халықты құттықтап жатқанда Нұр-Сұлтан қаласының екінші бөлігінде жүздеген адам жиналып, билікке қарсы наразылық шарасын өткізді.

Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

1 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барып, Республика сарайы алаңындағы мерекелік шараға қатысты. Бұл шараға полиция адамдарды тексеріп кіргізді. 1 мамырда Алматыда да жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың біразын полиция ұстап әкетті.

Қарағандыда полиция рұқсат етілмеген акцияға шыққандарды ұстады

Полиция көліктері. Көрнекі сурет.

1 мамырда Қарағандыда бірнеше адам облыстық әкімдік маңындағы алаңға барып, ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсы екендерін мәлімдеген. Жиналғандар "Бәріміздің таңдауымыз бар", "Өмір бойы қорқып, бұғамыз ба, әлде сөзімізді айтып шығамыз ба?", "Қорықпаңыз, сізді Жаңаөзен мұнайшылары сияқты атпайды, өлтірмейді" деп айқайлап, "Шал, кет!" деп ұрандатқан. Акцияға шыққандардың аты-жөндері әзірге белгісіз.

Оқиға куәгерлері бірнеше минуттан соң алаңға полиция қызметкерлері келіп, бір азаматты ұстағанын айтады. Полиция өзін әкетуге қарсылық білдірген азаматтың қолын қайырып, күштеп көлікке отырғызған. Кейінірек акцияға шыққан өзге азаматтарды да ұстаған. "Не үшін азаматтарды ұстадыңыздар?" деген сұраққа полиция қызметкерлері жауап бермеген.

Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментіне хабарласып, қанша адамның ұсталғанын білуге тырысты. Полиция баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Сембеков кейінірек ақпарат беруге уәде етті. Полиция өкілдері ұсталғандармен "жұмыс жүріп жатқанын" хабарлаумен шектелді.

"Біздің таңдауымыз бар" деген ұран Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 1 мамырда болған наразылық шаралары кезінде де айтылды. Мұндай жазу 21 сәуірде Алматыда марафон кезінде белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков ілген плакатта болған. Сот сол үшін екі белсендіні 15 тәулікке қамаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүзден астам адам наразылыққа шығып, маусым айында өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырды. Екі қалада полиция арнайы жасағы ондаған адамды ұстап әкетті. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен президенттіктен кетіп, орнына сол күнге дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ал сенат төрағасы болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.

Наурыздың 20-сы күні Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен Тоқаев мемлекет астанасының атауын Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған. Бірнеше күннен кейін Астананың атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.

Сәуірдің 9-ы күні президент Тоқаев биылғы маусымның 9-ында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы Тоқаевты ерте сайлауға ұйым атынан үміткер ретінде ұсынған.

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар кезектен тыс сайлауға бойкот жариялауға шақырған.

Алматы полициясы билікке наразы адамдарды ұстады

Алматыда наразылық білдіргендері ұстаған арнайы полиция жасағы. 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Алматыда сайлаудың әділ өтеуін талап етіп, билікке наразылық білдірген ондаған адамды полиция ұстап әкетті.

Бұл азаматтар билікке наразылығын бүгін түске таман орталық мәдениет және демалыс саябағында бастаған. Саябақ ішінде ұрандата жүріп өткендер шеруін қалада жалғастырмақ болған, бірақ полиция саябақ қақпасын жауып қойған.

Өздерін "заңды бұзбай" тарауға шақырған Медеу ауданы әкімімен біршама уақыт пікір таластырған наразылар саябақ қақпасы ашылған соң шеруін жалғастырды. Ондаған азамат бірнеше көше жүріп өтіп, Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысына келгенде арнайы жасақ оларды автобустарға күштеп салып, белгісіз жаққа алып кетті.

Азаттық тілшісінің айтуынша, полиция ондаған адамды ұстаған. Сол маңда жүрген полиция өкілі оларды не себепті ұстағаны туралы сауалға жауап берген жоқ.

Қарай отырыңыз: Алматыда наразылардың ұсталуы. 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамыр күні Алматыдан бөлек Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде, Қарағанды мен Шымкентте адамдар жиналып, билікке талап қойды.

Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

​Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Бұған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.


Ақтөбеде ондаған адам сайлаудың әділ өтуін талап етті

Тұңғыш президент атындағы орталық саябаққа жиналған адамдар. Ақтөбе, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Ақтөбедегі тұңғыш президент саябағына ондаған адам жиналып, билікке наразылық білдірді.

Бірлік күніне орай ұйымдастырылған концерт аяқталған соң сағат 13.00-ге қарай белсенділер бір жерге жиналып, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауы мен елдегі әлеуметтік жағдай туралы пікірлерін айтты. Олар сайлаудың әділ өтуін талап етіп, "Нұр-Сұлтан менің қалам емес!", "Тоқаев менің президентім емес!" деп айқайлаған.

Наразыларға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испанов келіп, "жиынның заңсыз екенін" ескертті. Билік өкілдері наразылардың талабына "Сайлау әділ өтеді. Қоғамдық ұйымдар арқылы сайлауды бақылауларыңызға болады" деп жауап берді.

Наразылар билік өкілдерінің ескертуінен соң да тарқаған жоқ. Жиналғандарды полиция мен қарапайым киім киген бірнеше азамат сырттай бақылап жүрді. Сол маңайда бірнеше автобус тұрды.

Біраздан соң шенеуніктер мен әкімдік қызметкерлері наразылардың әрқайсысын жеке-жеке шақырып, сөйлесе бастады. Екі сағаттан астам уақыттан кейін наразылар біртіндеп тарап кетті.

1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Қарағанды мен Шымкентте наразы адамдар жиналып, билікке талап қойды.

Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық

​Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.


Нұр-Сұлтанда полиция наразылық шарасына келгендерді ұстап әкетті

Арнайы жасақ адамдарды ұстап жатқан сәт. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Нұр-Сұлтанда полиция мен арнайы жасақ наразылыққа шыққан ондаған адамды ұстап әкетті. Жиналғандар сол маңдағы полиция өкілдеріне талаптарын айтып тұрғанда арнайы жасақ өкілдері келіп, адамдарды жаппай ұстап, автобусқа күштеп кіргізе бастады.

Сол маңда жүрген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің өкілі Бақытжан Малыбаев Азаттық тілшісіне "ұсталған адамдар заңды бұзды" деп қысқа ғана жауап берді.

Нұр-Сұлтандағы наразылық үш сағаттай уақытқа созылды. Полиция өкілдері халыққа "ойларыңызды айтуға рұқсат бердік, енді тараңыздар, тарамасаңыздар ұстаймыз" деп ескерту айтты. Наразылардың кейбірі полиция талабын орындамай, шеру өтіп жатқан маңайдан кетпей тұрып алды. Кейін арнайы жасақ сол маңда тұрған адамдарды жаппай ұстай бастады. Полиция ұсталған адамдарды қайда алып кеткені белгісіз.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халықтың пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айғайлады.

Нұр-Сұлтан полициясы наразылық кезінде ұсталған адамдардың кейбірін босатты

Автобус ішінде отырған адамдарды босатқан сәт. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан полициясы 1 мамырдағы наразылық кезінде ұсталған адамдардың кейбірін босатты.

Билікке талап қойған наразылық шарасы кезінде арнайы жасақ ондаған адамды ұстап, біразын сол маңдағы автобустың ішіне отырғызып қойды. Оларды полиция күзетіп тұрды. Ал кейбірін полиция алып кетті.

Халық полициядан ұсталған адамдарды босатуды талап етіп тұрып алды. Осыдан соң полиция автобус ішінде отырған адамдарды босатып, халықты тарауға шақырды.

Арнайы жасақ наразыларды ұстау кезінде кейбір адамдарды резеңке таяқпен ұрғаны байқалды. Сәлден соң жасақ наразыларды резеңке таяқпен ұруды дереу тоқтатты. Кейін наразылық болып жатқан маңға келген полиция "арнайы жасақтың резеңке таяқ қолданғанын" тексеретінін айтты.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халықтың пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айғайлады.

Шымкентте алаңға жиналғандар "әділетсіз" сайлау мен аналар ахуалын айтты

Шымкенттегі Ордабасы алаңына жиналғандар. 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Шымкенттегі Ордабасы алаңындағы "Жер ана" монументінің алдына он шақты адам жиналып, елдегі әлеуметтік проблемалар мен сайлауға байланысты пікірлерін білдірді.

- Нәтижесі қазірден белгілі сайлауға қарсымыз. Көп балалы аналардың да, жалғызілікті аналардың да, зейнеткерлердің де халі мүшкіл. Халық кедей, - деді осында келген наразы аналардың бірі.

Жиналғандар елдегі сөз еркіндігінің жағдайы, Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу ілгені үшін 15 тәулікке қамалған белсенділер, халқтың әлеуметтік тұрмыс-жағдайы туралы да пікір айтты.

Ордабасы алаңын таңертеңнен бастап полиция қоршауға алған. Алаң мен оның маңындағы көшелер жабылған. Сол маңға жақын жерде полицияның арнайы автобустары мен өзге де көліктері тұрды.

Сөз сөйлегендерді жай киім киген бірнеше адам сырттай бақылап тұрды. Ескерткіш жанына жиналған азаматтар бір сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін тарап кетті. Оларды ешкім ұстаған жоқ.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жиналған адамдар билікке наразылық білдіріп "Сайлауға - бойкот!", "Әділ сайлау талап етеміз!", "Масқара!" деп айқайлады. Бұл екі қалада полиция ондаған адамды ұстап әкетті.

Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық

​Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін 1 мамырда шеруге шығуға шақырған.


Полиция: Арнайы жасақтың резеңке таяқ қолданғанын тексереміз

Наразылық маңына келген полиция мен арнайы жасақ. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Нұр-Сұлтандағы наразылыққа жиналған адамдардың алдына келген полиция өкілі "арнайы жасақтың адамдарды резеңке таяқпен ұрғанын" тексеретінін айтты.

Наразылардың бірі полицияға арнайы жасақтың адамдарды резеңке таяқпен ұрғанын, сол сәтті видеоға түсіріп алғанын жеткізді.

- Видеоға түсіріп алсаңыз, бізге беріңіз. Заңға сай тексереміз, - деді полиция.

​1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ бірнеше адамды ұстап әкетті. Арнайы жасақ адамдарды ұстап жатқанда резеңке таяқ қолданғаны байқалды. Наразылар сол маңға келген прокурорлар мен полиция өкілдерінен ұсталғандарды босатуды талап етті. Полиция ұсталған адамдар "ұсақ бұзақылық жасағанын, көп ұзамай босатылатынын" айтты.

Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халықтың пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айғайлады.

Алматыда жүздеген адам билікке наразылық білдірді

Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында наразылық білдірген азаматтар. 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында жиналған ондаған адам билікке наразылық білдірді. Олар "Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның сенат спикері болғанына қарсымыз!" деп айқайлады.

Саябақта өтіп жатқан мерекелік шара кезінде қойылған ән дауысы қатты шыққандықтан, азаматтар микрофон ұстап сөйледі.

Наразылардың бірі "ақпанда туындаған көп балалы аналар мәселесін билік әлі шеше алмай отыр" деді. Қолына бала ұстаған азамат "Қазақстанның нағыз қайраткерлері түрмеде отыр, қылмыскерлер – билікте" деп айқайлады.

Сөйлегендер арасында Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсылық білдіргендер де болды. Мұнан соң азаматтар "Масқара!" деп айқайлап, саябақ ішін кезіп жүріп өтті. Наразылар Қазақстан әнұранын шырқап, бұрынғы президент Назарбаевты "диктатор" деп сынады.

Бүгнігі наразылық кезінде 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған үндеулер де естілді. "Қазақстанда демократия болғанын, лайықты кандидаттар болғанын, сайлау әділ өткенін қалаймыз. Қазақстанның еркін ел болғанын қалаймыз" деді олар.

Наразылар "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп айқайлады. 21 сәуірде Алматы марафоны кезінде жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков осы сөз жазылған баннер ілгені үшін сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Құқық қорғау ұйымдары оларды "ар-ождан тұтқыны" деп таныған.

Саябақ ішінде түрлі ұран айтып, билікке талап қойған наразыларға Алматының Медеу ауданы прокуроры Асхат Жақыпов "митинг өткізу үшін рұқсат алу қажеттігін" ескертті. Алайда наразылар прокурорды елемей, "Оян, қазақ!" деп айқайлады.

Наразылар қалаға шықпақшы болғанда полиция саябақ қақпасын жауып қойды. Азаматтар "Масқара!" деп айқайлап, полицейлерден есікті ашуын талап етті.

Билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойған наразы азаматтар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойған наразы азаматтар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Шамамен 20 минуттан соң сол жерге келген Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мәкежанов наразыларды мерекемен құттықтап, "айтқандарыңыз орынды" деді. Бірақ азаматтар оған сөйлеуге мұрша бермей, саябақ қақпасын ашуды талап етті. "Әңгімеге тойдық, президенттен бастап бәрің биліктен кетіңдер!" деді наразылардың бірі әкімге.

Митинг өткізуге рұқсат алу қажеттігін айтқан әкімге наразылар "бәрібір рұқсат етпейсіңдер ғой!" деп айқайлады.

Мұнан соң әкім Мәкежанов наразылармен жеке-жеке сөйлесе бастады. "Менен ешкім сұраған жоқ!" деп ел астанасының Нұр-Сұлтан аталуына қарсы шыққан азаматқа әкім "Сенен біреу сұрауы керек деп қай заңда жазылған?" деп жауап берді.

Әкім наразы жұртпен сөйлесіп тұрған кезде саябақ қақпасы ашылды. Адамдар эмоциясы біршама бәсеңдегенімен, наразы топ Медеу ауданы әкімімен сөйлесе бастады. Оларды арнайы полиция жасағы бақылап тұрды.

Тікелей эфир: Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылық

​Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.

Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған еді.


Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ бірнеше адамды ұстады

Наразылық маңына келген полиция мен арнайы жасақ. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамырда Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ наразылыққа келген ондаған адамды ұстады. Ұсталғандар біразы наразылық өтіп жатқан маңдағы автобустың ішінде отыр. Оларды полиция күзетіп тұр. Кейбірін полиция алып кетті.

Арнайы жасақ наразыларды ұстау кезінде кейбір адамдарды резеңке таяқпен ұрғаны байқалды. Сәлден соң жасақ наразыларды резеңке таяқпен ұруды дереу тоқтатты.

Кейін наразы халықтың алдына прокуратура өкілдері шығып, "бұл заңсыз митинг екенін, тарамаса, жауапқа тартылатынын" ескертті. Жиналғандар полициядан ұсталғандарды босатуды талап етті. Халық алдына келген полиция өкілі "бір сағат ойларыңызды айтуға рұқсат бердік. Енді тараңыздар. Ал ұстаған адамдарды босатамыз" деді.

Прокуратура өкілі наразылардың алдына шығып сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.
Прокуратура өкілі наразылардың алдына шығып сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халықтың пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айғайлады.

Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық. 1 мамыр 2019 жыл.

Тағы

XS
SM
MD
LG