Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан хоккей құрамасының әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Қазақстан хоккей құрамасы.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2020 жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатында Ресей, Финляндия, АҚШ, Латвия, Норвегия, Германия және Италиямен В тобында ойнайды.

А тобына Канада, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания түсті.

Қазақстанның қарсыласы Финляндия биыл Словакиядағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Бұл құрама финалда Канаданы 3:1 есебімен жеңді. Ал Қазақстанның тағы бір қарсыласы Ресей биылғы әлем чемпионатында қола медаль алды.

Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатында бірінші дивизионда ойнаған. Нұр-сұлтанда өткен бірінші дивизион турнирінде Қазақстан жеңімпаз атанып, 2020 жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатының элиталы дивизонына жолдама алған. Келер жылғы әлем чемпионатында өз тобында соңғы орын алған құрама элиталы дивизионнан бірінші дивизионға түседі.

2020 жылғы әлем чемпионаты 5-18 мамыр аралығында Швейцарияның Лозанна және Цюрих қаласында өтеді.

Түркістанда "әлімжеттік жасаған" оқушыларға кешірім берілді

Интернетте тараған әлімжеттік туралы видеодан скриншот.

Түркістан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістандағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің 9-сыныптағы үш оқушысына "әлімжеттік жасаған" қаладағы өзге үш мектептің төрт оқушысын кешірді. Бұл туралы Азаттыққа 27 мамыр күні облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" бабымен айыпталған төрт оқушы жәбірленуші деп танылған үш оқушымен татуласып, айыпталушы тарап келтірілген шығынды өтеген. Екі жақтың келісімге келген соң 21 мамырда қылмыстық іс тоқтатылған. Айыпталушылар мен жәбірленушілер кәмелет жасқа толмағандықтан, олардың аты-жөні жарияланбады.

21 қаңтарда интернетте түркістандық мектеп оқушыларының үш балаға әлімжеттік жасап, оларды ұрып-соғып, "темекімен күйдіреміз" деп қорқытып жатқаны бейнеленген видео тараған. Ертеңінде ішкі істер министрлігінің өкілі төбелеске қатысушылардың бәрін анықтағандарын жариялады.

Жыл басында Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеген. Қаңтар айында әлеуметтік желілерде Түркістан, Қызылорда және Қарағанды қалаларында оқушылардың әлімжеттігі туралы бірнеше видео тараған. Ақтөбеде екі мектептің оқушылары төбелесіп, жоғары сыныптың бір оқушысы пышақтан жарақатынан қайтыс болған.

Жоғарғы сот сайлауға түскісі келген тұрғынның шағымын қанағаттандырмады

Александр Маслий (сол жақта) мен заңгері Антон Фабрыймен бірге сот залында. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2019 жыл.

27 мамырда Нұр-сұлтанда Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы президент сайлауына өз-өзін ұсынған Александр Маслийдің арызын қанағататтандырмады. Ол өзін кандидат ретінде тіркемеген Орталық сайлау комиссиясының үстінен түсірген шағымын қараудан бас тартқан сот ұйғарымын бұзу туралы арызданған.

60 жастағы Александр Маслий 22 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына өз-өзін кандидат ретінде ұсынып, өтініш тапсырғанымен оны қабылдамағанын айтады. Ол өзінің Конституцияның 33-бабындағы ("Сайлану және сайлауға қатысу туралы") құқығы бұзылды деп санайды.

Маслий Орталық сайлау комиссиясына, кейін Жоғарғы сотқа шағымданғанымен, арызын қабылдамаған. Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы өз-өзін ұсына алмайтындығын айтып, түсініктеме беріп, құжаттарын "Сайлау туралы заңға" сәйкес емес деп кері қайтарған.

Жоғарғы сот Маслийдің арызы азаматтық сотта қарауға жатпайтыны туралы ұйғарым шығарған. Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы да Маслийдің алдыңғы сот ұйғарымын бұзу туралы шағымын қанағаттандырмады.

Шешімді оқыған Жоғарғы соттың судьясы Ербол Исмаилов "сот қаулысы бірден күшіне енеді және ол бұзуға жатпайды" деді.

Сотта Орталық сайлау комиссиясының заңгері Әділхан Жакенов Александр Маслийдің құқығы бұзылмағанын, ол кандидат болып тіркелу үшін құжаттарын дұрыс өткізбегенін айтты.

Александр Маслий сот шешімімен де, Орталық сайлау комиссиясы заңгерінің сөзімен де келіспейді.

- Өзімнің кандидатурамды президенттіке ұсындым. Елде нені істеп, нені істемеу керектігін, заңда нені өзгерту керектігін жақсы білемін. Біз депутаттарға, барлық үкімет мүшелеріне бірнеше ұсыныс жасадық. Бірақ оған мән берген ешкім жоқ. Революция жасаудың қажеті шамалы, тек елдің өмірін түбегейлі өзгертетін қарапайым істерді жасаса болды,- дейді ол.

Қазақстан Жоғарғы соты 16 мамырда Қазақстан президенті сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болып, бірақ қазақ тілі сынағынан өтпей қалған Жұматай Әлиевтің де арызын қанағаттандырмаған еді. Оны сайлауға кандидат ретінде "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған. Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті тіл комиссиясының "қазақ тілін меңгермеген" деген шешімі негізінде 2 мамырда кандидат ретінде тіркемеген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

"Жақындарымыз Қытайдан қайта алмай отыр" деген тұрғындар биліктен көмек сұрады

"Жақындары Қытайдан қайта алмай отырған" тұрғындар жиыны. Алматы, 27 мамыр 2019 жыл.

27 мамырда Алматыда "Қытай зерттеу институты" ұйымының офисінде бір топ адам баспасөз маслихатын өткізіп, туыстары саяси лагерьден босағанымен Қазақстанға келе алмай отырғанын айтты.

Жиынды ұйымдастырушы Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, "Қытайдағы саяси үйрену лагеріне қамалғандардың 90 пайызға жуығы бүгінде босап шыққан. Бірақ олардың кейбірі Қазақстанға келе алмай отыр".

Жиынға келгендер Қазақстан билігінен "Қытайдан қайта алмай отырған туыстарын елге қайтаруға көмек сұрады".

Солардың бірі Гулбану Рахымқызы күйеуі Рахман Рахыбайұлының лагерьден бірнеше ай бұрын шыққанымен, Қазақстанға келе алмай отырғанын айтады.

– Күйеуім Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Толы ауданында. Негізгі мамандығы - мұғалім. Қазір жергілікті мектепте күзетші болып жүр екен. Ақпан айының 20-сы күні іздеп бардым. Алдымнан күтіп алған полиция күйеуіммен бетпе-бет бірнеше сағат жолықтырды. Туыстарымыздың үйіне жібермеді. Сол жердегі қонақ үйде болдық. Жолдасым ештеңе айта алмады. Бар айтқаны "Менде бәрі дұрыс. Сен қайта бер" деді. Бірақ келгелі қайтып сөйлесе алмадым, - дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа 21 мамырда жолдаған ресми жауабында 2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айда 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған.

"Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің дерегінше, 2019 жылы 1 қаңтар-15 мамырға дейін Қытайдағы 6506 этникалық қазақ (Қытай азаматтары) Қазақстанда тұратын туыстарына келу үшін виза алды. Ал министрлікке Қытайдан Қазақстанға келу үшін көмек сұраған 343 өтініш түсті" деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қытай көші-қон заңнамасын бұзу фактілері - этникалық қазақтардың Қазақстанға шығуына негізгі кедергі. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

СІМ: 2018 жылы Қытайдағы 14 мың қазақ Қазақстан азаматтығын алды

2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айында 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған. Бұл туралы Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің дерегінше, 2019 жылы 1 қаңтар - 15 мамырға дейін Қытайдағы 6506 этникалық қазақ (Қытай азаматтары) Қазақстанда тұратын туыстарына келу үшін виза алды. Ал министрлікке Қытайдан Қазақстанға келу үшін көмек сұраған 343 өтініш түсті" деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, "Қытай көші-қон заңнамасын бұзған этникалық қазақтар Қазақстанға шыға алмай отыр. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ".

2017 жылдан бастап Шыңжаң аймағында тұратын этникалық қазақтар саяси тәрбиелеу орталығына қамалып жатқаны жайлы хабар тарай бастаған. Қазақстандағы қазақтар Қытайда қалған туыстарына қысым жасалып жатқанын айтып, Нұр-Сұлтаннан көмек сұраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтарда көмек қолын созатынын мәлімдеген.

Бішкек: Қырғызстанға кірмек болған сириялық екі содыр ұсталды

Көрнекі сурет.

25 мамырда Қырғызстанның Баткен ауданы аумағынан ел шекарасына заңсыз өтпек болған 1990 және 1992 жылы туған екі азамат ұсталған. Бұл туралы елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлады. Комитет дерегінше, олар "қарулы қақтығыс болып жатқан Сирия-Ирак аумағынан келген".

Қауіпсіздік комитетінің жазуынша, екі азаматты тінту кезінде олардан Калашников автоматтарының оқтары табылған. "Ұсталғандардың бірі 2015 жылы ТМД аумағында жүргенде халықаралық террористік ұйымның ықпалына түсіп, қақтығыстарға қатысу үшін Сирияға жіберілген. Оған 2017 жылы террористік сипатта қылмыс жасағаны және басқа елдің аумағында террористік ұйым қызметіне қатысқаны үшін халықаралық іздеу жарияланған" деп жазады комитет.

Ұсталған екінші адам да, ведомствоның сөзінше, террористік ұйымның ықпалына ұшырап, Сирия үкіметіне қарсы қақтығыстарға қатысқан.

Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша тергеу абақтысына қамалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Министрлік: Қазақстан Ресейдегі шіркеу құрылысына берген 5,8 млн теңге бюджеттен алынбады

Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысы маңына орнатылған тас.

Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысына Нұр-Сұлтан берген 1 миллион рубль (5,9 млн теңге немесе 15 504 доллар) Қазақстан бюджетінен алынбаған. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев Азаттыққа берген ресми жауабында хабарлады.

Екі апта бұрын, 14 мамырда Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мүслім Алтынбаев "Қазақстанның қорғаныс ведомствосы Ресейдегі бас әскери шіркеу құрылысына белгілі бір сомада қаржы аударды" деген. Ол "Қазақстан атынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды4 есімдері Ресейдегі бас әскери шіркеуде сақталатынын" айтқан. Алтынбаев шіркеу құрылысына Нұр-Сұлтанның қанша қаржы аударғанын айтпаған.

Қорғаныс министрлігінің Азаттыққа айтуынша, Ресейдегі шіркеу құрылысына жіберілген 1 миллион рубль демеушілерден алынған. "Демеушілер аттарын атамауды өтінді. Себебі бұл көмек жарнама жасау үшін емес, батырларға мәңгі ескерткіш орнату үшін көрсетілген" деп жазады ведомство өкілі.

Министрлік жауабында Қазақстанның қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлерге "тағзым ету мақсатында архив материалдарын жинап жатқанын" айтқан.

- Осыған байланысты Қазақстан Ресей қорғаныс министрлігіне ардагерлердің суреттерін, қысқаша биографиялық мәліметтерін, соғыста қаза тапқан ардагерлердің ерліктері туралы деректерді жолдады. Бұл материалдар "Еске алу жолы" галереясын құру кезінде пайдаланылады, - дейді ведомство.

Ресей әскерінің бас шіркеуі елдегі ең ірі діни кешендердің бірі болады деп жоспарланған. Оны билік Мәскеу іргесіндегі Кубинка қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай – 2020 жылы салып бітуі тиіс. Ресей қорғаныс министрлігі шіркеудің халықтың қайырымдылыққа деп берген қаржысына салынып жатқанын айтқан.

Ресми статистика бойынша, 2019-2021 жылдарға бекітілген бюджет бойынша, биыл Қазақстан қорғаныс министрлігіне 315,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома 2021 жылға қарай 296,41 миллиард теңгеге азаяды.


Бішкекте алып қашу мен зорлық құрбандарын еске алу шарасы өтеді

Бурулай Турдаалыкызы оқыған медицина колледжінің ғимаратына салынған Бурулайдың суреті.

Бүгін, 27 мамырда Бішкекте қыз алып қашу мен зорлық құрбаны болғандарды еске алу акциясы өтеді. Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұйымдастырушылардың бірі Гуляйым Айылчының айтуынша, тап осы күні бір жыл бұрын Шу облысындағы Жайыл аудандық полиция бөлімшесінде Бурулай Турдаалыкызы өлтірілген.

"Басты мақсатымыз - қырғыз қоғамына осы мәселе туралы айту. Күштеп некелестіру әлі барына назар аударту. Бір жағынан 27 мамыр - Бурулай Турдаалыкызының қазасының бір жылдығы. Еске алу шарасын қыршын кеткен Бурулайға арнаймыз. Қыз алып қашу мен некеге мәжбүрлеуге жаза күшейгенімен, мәселе шешілген жоқ", - дейді Айылчы.

2018 жылы 27 мамырда Шу облысының Жайыл аудандық ішкі істер бөлімінде 20 жастағы студент Бурулай Турдаалыкызы қаза тапқан. Тергеу оны Марс Бодошев өлтірген деп тұжырым жасаған. Жігіт қызға үйленбек болып, оны алып қашқан. Милиция бөлімінде қызды пышақтап, өзін де жарақаттаған. Сотта Бодошов қызды алып қашқанын мойындаған, бірақ оны өлтірді деген айыпты жоққа шығарған.

Былтыр 11 желтоқсанда Бішкек қаласының Свердловск аудандық соты Марс Бодошевты айыпты деп танып, 20 жылға соттаған. Судья Марс Бодошевтың кінәлі екендігі толық дәлелденгенін айтып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кескен. Бодошевтың серігі Акмат Сейитов 7 жылға сотталды.

Ал биыл 9 сәуірде Турдаалыкызының қазасына байланысты сотқа тартылған Шу аудандық милиция бөлімшесінің үш қызметкерін сот "қызметіне салғырт қарау" бабымен айыпты деп танып, айыппұлға кескен. Айыптау тарапы милиционерлерді бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.


Литвадағы президент сайлауында экономист Науседа алда келеді

Гитанас Науседа (сол жақта) мен Ингрида Шимоните.

Литвадағы президент сайлауының екінші туры аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы елдегі сайлау учаскелерінің жартысынан көбіндегі дауысты санаған соң кандидаттың бірі - экономист Гитанас Науседаның басым дауыс алғанын хабарлады. Азаматтардың 72 пайызы – Науседаға, 26 пайызы Литва парламентінің депутаты Ингрида Шимонитеге дауыс берген. Сайлаудың екінші кезеңіне келгендер үлесі алдын ала дауыс бергендерді қоса санағанда – 53,4 пайыз.

Литва президенті азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы бес жылға сайланады. Республиканы екінші мерзім басқарып отырған елдің қазіргі президенті Даля Грибаускайте үшінші мәрте сайлауға қатыса алмайды.

Литва парламенттік республика болғанымен, елдің сыртқы саясатының бағдарын анықтау – президент құзырындағы іс. Екінші турға қатысқан екі кандидат та "Литваның Ресейге қатынасы өзгермейді" деп мәлімдеген. Науседа да, Шимоните де Кремльді сынап, елдің НАТО және Еуропа одағымен қатынасын ерекше атап өтеді.

Қырғызстанда сыналған екі министр өз еркімен отставкаға кетті

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

27 мамырда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдің экономика министрі Олег Панкратов пен ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі Нурбек Мурашевтің отставка кету туралы өтініштерін қабылдады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің аппараты хабарлады.

Министрлерді қызметінен босату туралы ұсынысты өткен аптада елдің премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев енгізген.

Панкратов пен Мурашев отставкаға кету туралы өтінішті өздері түсірген. 2018 жылы көктемде қызметіне кіріскен экономика экс-министрі қызметіне қатысты айтылған сыннан соң осындай шешім қабылдағанын хабарлаған. Мурашевты да шаруалар елде картоп сату мәселесін шеше алмағаны үшін сынға алған.


Израиль Германияны "антисемитизмнен жеңілмеуге" шақырды

Израиль президенті Реувен Ривлин.

Израиль президенті Реувен Ривлин Германия үкіметінің антисемитизммен күрес жөніндегі уәкілі Феликс Кляйнің "Германиядағы еврейлер қауіпсіздік мақсатында ұлттық бас киімін шешіп жүргендері дұрыс" деген сөзіне наразы. "Неміс толқынының" хабарлауынша, Израиль президенті Германияның еврей қауымдастығы алдында борышы барын айтып, Ривлинді антисемизмнен жеңілмеуге шақырды.

AFP агенттігі Ривлиннің "Германиядағы еврейлердің қауіпсіздігіне алаңдау – антисемитизм алдында тізе бүгу және еврейлердің неміс жерінде өздерін қауіпсіз сезіне алмайтынын мойындаудың белгісі. Біз бұған көндікпейміз, антисемитизмнен жеңілмейміз" деген сөзін келтіреді.

Өткен аптаның соңында, 25 мамырда Феликс Кляйн қоғамда "иудаизм ұстанушыларға қатыгездік күшейіп, оларды бақылаудың әлсіреп кетуіне байланысты" еврейлерге көпшілік орындарға ұлттық бас киіммен шықпауға кеңес берген.

Германия үкіметінің антисемитизммен күрес жөніндегі уәкілінің сөзін Германиядағы еврейлер орталық кеңесінің басшысы Йозеф Шустер де қолдап, "Қандай дінді ұстанатыны киімінен байқалатын еврейлерге елдегі кейбір ірі қалаларда қауіп төне бастағанын" айтқан.

Иракта "Ислам мемлекеті" ұйымында болған" үш француз өлім жазасына кесілді

Көрнекі сурет.

Ирак соты тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террористік тобының қызметіне араласты деген айыппен Францияның үш азаматын өлім жазасына кесті. Сотталғандар - Кевин Гоно, Леонард Лопес және Салим Мачу 30 күн ішінде сот үкімін апелляцияға бере алады. Бұл туралы ұлыбританиялық BBC арнасы хабарлады.

Сайттың жазуынша, сотталған үш азаматпен бірге тағы тоғыз французды АҚШ қолдайтын күштер Сирия аумағында ұстаған. Биыл ақпанда олар сотқа тарту үшін Иранға жіберілген.

Бұл үш азамат - өлім жазасына кесілген алғашқы франциялықтар.

Париж Бағдад сотының бұл үкіміне қатысты әзірге пікір білдірмеді. Бірақ биыл ақпанда француздардың сотқа тартылып жатқаны туралы хабарға Франция президенті Эммануэль Макрон "Бұл - Ирактың ішкі ісі" деп, пікір білдіруден бас тартқан.

Human Rights Watch бастаған бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымы "жала мен азаптау арқылы азаматтарды соттайды" деп Ирак сотын сынаған.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының биыл сәуірде жарияланған есебі бойынша, Ирак азаматтарды өлім жазасына кесу бойынша әлемде алғашқы бестікте тұр. Ирак соттарының азаматтарды өлімге кесу туралы үкімдері 2017-2018 жылдары төрт есе өсіп, кем дегенде 271 адамға осындай жаза тайындалған. Ұйым "былтыр мұның 52-сі ғана іске асты" деп жазады.

Еуропарламент сайлауында Францияда әсіреоңшылдар билік партиясынан озды

Еуропа одағының туы. Көрнекі сурет.

26 мамырда Еуропа парламентіне сайлау аяқталды. Биыл партияларға дауыс беруге Еуропа халқының 50 пайыздан астамы келіп, сайлауға қатысқандар саны соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Францияда Марин ле Пен бастаған оңшылдар озып тұр. Онан соң аз ғана айырмамен Франция президенті Эммануэль Макронның "Алға, Республика!" партиясы келеді. Бұл сайлауда бұрын француз партиялары арасында танымал болған республикашылдар мен соцалистердің жақтастары біршама азайғаны аңғарылды.

Германияда "жасылдар" басым қолдауға ие болып, Еуропарламенттегі ықпалын күшейтті. Бақылаушылардың айтуынша, ел саясатында негізгі партия саналып келген Германияның христиан-демократия одағы, Христиан-социалистер одағы және социал-демократтар сияқты партияларды қолдаудан бас тартқан жас дауыс берушілер нәтиженің осындай болып шығуына әсер еткен. Бұл сайлау қорытындысы - Ангела Меркель мен оның партиясы үшін соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. "Балама Германия" партиясының популистері де сайлау нәтижесіне көңілі толмағандарын айтты.

Еуропа басылымдары оңшыл популистер партияларының ықпалы күшейеді деген болжамның әзірге тура келмегенін айтады. Бірнеше елде, мәселен, Финляндияда популистердің қолдаушылары артқанымен, олар өздері күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Италияда Маттео Сальвини бастаған оңшыл консерваторлардың "Лига" партиясы озды. Бұл, басылымдар жазуынша, партияның Италияның өз ішіндегі ықпалының да артуына әсер етеді. Ұлыбританияда Брезит жақтастары көш бастап келеді. Нидерланд азаматтары еуропашыл партияларға дауыс беріп, әсіреоңшыл күштер сәтсіздікке ұшырады.

Польшада Ярослав Качиньский бастаған консерваторлар мен еуроскептиктердің "Құқық және әділдік" партиясы басым дауысқа ие болды. Дегенмен тап осындай қолдауға Гжегож Схетына бастаған либерал консерваторлар мен христиан демократтардың "Азаматтық платформа" оппозициялық партиясы да ие болды. Елде дауыс беруге келгендер саны 40 пайыздан асты.

Грузия президенті "Ресей агрессиясына бейбіт саясатпен жауап бермек"

Грузия президенті Саломе Зурабишвили.

26 мамыр күні Грузия Тәуелсіздік күнінде Тбилисидегі "Азаттық" алаңында әскерилер алдында сөйлеген ел президенті Саломе Зурабишвили "Ресей Грузияға қатысты зорлықшыл саясат жүргізіп отыр" деді.

Президент Зурабишвилидің сөзінше, Ресей Оңтүстік Осетияны өзінің әскери базасына айналдырып, Грузия азаматтарын оккупация сызығынан ұрлап әкетеді. "Мәскеу абхаз халқын, мәдениеті мен тілін орыстандырып жатыр" деді ол.

"Елімізді оккупация сызығы бөліп жатқанда Грузияның тәуелсіздігі бүтін болмайды. Ресейдің зорлықшыл саясатына Грузияның бейбітсүйгіш саясатымен қарсы тұруға уәде етемін" деді Зурабишвили.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили былтыр 16 желтоқсанда қызметіне кіріскен. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ол "Мәскеу көрші елдермен байланысын қалпына келтіргісі келсе, халықаралық құқықты құрметтеуі тиіс" деген. Ол Ресейдің сепаратистер шоғырланған екі аймақ - Оңтүстік Осетия және Абхазияға қатысты "ақылға қонымсыз саясат" жүргізіп отырғанын айтқан.

Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында болған әскери жанжалда Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей Грузияның жікшіл аймақтарындағы әрекетін "бітімгершілік операциясы" деп атаған. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу екі аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа оларды тәуелсіз ел деп бес мемлекет мойындаған.

Каспийден заңсыз балық аулаған төрт шетелдікке айыппұл салынды

Көрнекі сурет.

Маңғыстау облысынының Қарақия аудандық соты шекарадан заңсыз өтіп, Каспий теңізінен балық аулаған Әзербайжанның төрт азаматын әрқайсысы 1,2 миллион теңгеден аса айыппұлға кесті. Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топ Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағына өтіп, Қызыл кітапқа енген балықтарды аулаған.

Сот үкімімен төрт азамат Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу туралы жазылған Қылмыстық кодекстің 335-бабы мен Қазақстанның мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту жайлы айтылған 392-бабы бойынша кінәлі деп танылған.

Сот олардың әрбірін 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлға (1,2 миллионнан асады) кесіп, Қазақстан аумағына кіруге бес жылға тыйым салған.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет 23 мамырда өзінің Facebook парақшасында Қазақстанның батысында 1 сәуірден 31 мамырға дейін "Бекіре-2019" балықтарды қорғау акциясы өтетінін жазған. Ділдахметтің айтуынша, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында акция басталғалы браконьерлерден 21 тонна балық тәркіленген. "Табиғатты қорғау заңнамасы бойынша 917 заңбұзушылық анықталды. 658 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 11,7 миллион теңге айыппұл салынды. 46 жағдай қылмыстық сипаты бар заңбұзушылық ретінде сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестріне тіркелді" деп жазады комитет өкілі.

ДСҰ "ойынға тәуелдікті" ресми түрде ауру деп мойындады

Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "ойынға тәуелдікті" ресми түрде ауру деп мойындап, халықаралық аурулар тізіміне қосты. Ұйымға мүше елдер мұндай шешімді Женевада өткен 72-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы кезінде мақұлдады.

2022 жылдан бастап күшіне енетін аурулар классификациясында "ойын ауытқушылығы" адамның "жеке, отбасылық, әлеуметтік, білім, кәсіби және басқа да маңызды салалардағы функциясына үлкен залал келтіретін қылық" деп сипатталады.

ДСҰ құжатына қарағанда, бұл сырқат ойынды күнделікті өмірдегі маңызды мәселерден маңызды санау, теріс әсері болса да, ойыннан шықпау сияқты жағдайлардан көрінеді.

"Ойынға тәуелдікті" ауру ретінде санаған ұйым шешімінен соң видеоойындар өндірісімен айналысатын бірнеше ірі компания мұның сырқат екеніне "жеткілікті дәлел келтірілмегенін" айтып, шешімді қайта қарауға шақырды.


Шенеуніктерден "күдер үзген" теміртаулықтар сайлауға бойкот жарияламақ

"Жертөлесінен су шыққан" көпқабатты үйлер. Теміртау, 26 мамыр 2019 жыл.

Теміртаудағы Республика мен Құрылысшылар даңғылдарының қиылысындағы қабырғасы жапсарлас екі көпқабатты үйдің тұрғындары "үндеуімізге жергілікті шенеуніктер тиісті түрде назар аудармай жатыр" деп, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жарияламақ. Тұрғындардың әкімдікке шағымдануына, өздерінің айтуынша, көпқабатты екі үй құлап кете ме деп қауіптенулері себеп.

- Үйіміз құлап кете деп қорқамыз. Жертөледен су шықты, енді іргетас сөгіліп, үйлер жантая бастауы мүмкін. Бірақ биліктен еш реакция жоқ, ешбір шара қабылдап жатқан жоқ! Бармаған жеріміз жоқ, бірақ ешкім жауап бермейді. Билік реакция танытпаса, бізді қорғамаса, үйіміз құлап кетсе, қандай сайлау өтуі мүмкін? Үйіміздің жағдайы мынадай боп жатқанда, сайлауды ойлауға уақыт бар ма? - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Галина Столяр.

Галина Столяр (оң жақта) прокуратураға шағымдану үшін тұрғындардан қол жинап жүр. Теміртау, 26 мамыр 2019 жыл.
Галина Столяр (оң жақта) прокуратураға шағымдану үшін тұрғындардан қол жинап жүр. Теміртау, 26 мамыр 2019 жыл.

Үй комитетінің өкілі Маргарита Сорочан Азаттыққа жертөледен су шыққанын растап, бірнеше инстанцияға, тіпті сотқа ұжымдық хат жолданғандарын айтты. "Алайда мәселе әлі шешілмеді" дейді ол. Дүйсенбі күні, 27 мамырда, тұрғындар облыстық прокуратураға барып, жергілікті биліктің шара қабылдауын талап етпек. Азаттық сөйлескен бірнеше азамат "үй іргесінде тұрған көңіл көтеру орнының иесі өз нысанының аумағын кеңейту үшін жерді қазып жатқанын" айтты. Прокуратура жергілікті шенеуніктердің кәсіпкердің бұл ісіне неге "көз жұмып отырғанын анықтайды деп үміттенеді" тұрғындар.

Бұған дейін қалалық сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау басқармасының өкілдері тұрғындар шағымынан соң кәсіпкерге бұйрық тапсырған. Бұйрық көңіл-көтеру нысанына әуелгі сұлбасын қайтару мен жұмыс аяқталған соң ғимараттың пайдалануға жарамды-жарамсызын анықтайтын техникалық тексеруге жүргізуге міндеттейді. Бұған қарамастан, тұрғындар сөзінше, мәселе әлі шешілмеген.

Журналист Розлана Таукина қайтыс болды

Розлана Таукина.

Алматыда танымал журналист Розлана Таукина қайтыс болды. Бұл ақпаратты журналистің жақын достары, әріптестері хабарлады. Қоғам қайраткері, құқық қорғаушы 60 жаста болған.

Розлана Таукина 1959 жылы Оралда дүниеге келген. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Әр жылдары жергілікті және халықаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарған. Қазақстандағы "СолДАТ", "Жұма-Таймс" сияқты бірқатар тәуелсіз басылымдарда тілші, "Общественная позиция" басылымының бас редакторы болып істеген. Халықаралық "Соғыс және бейбітшілікті баяндау институты", "Шекарасыз тілшілер", "Сорос-Қазақстан қоры" қоғамдық ұйымдарында жұмыс істеген. "Журналистер қауіп-қатерде" қорын басқарған.

Розлана Таукина 2016 жылы демократияның дамуы мен азаматтық қоғам құруға үлес қосып жүрген азаматтарға берілетін "Азаттық" сыйлығына ие болған.


Қарағандыда полиция саябақта аударылған батут иесін изоляторға қамады

Қарағанды облысының картасы.

Полиция Қарағандының орталық саябағында аударылған батут иесін ұстады деп хабарлайды Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Хабарламада 40 жастағы тұрғынды полицияның "қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, нысанды заңсыз және тиісті дәрежеде орнатпағаны үшін" уақытша қамау изяоляторына қамағаны айтылады.

25 мамырда Қарағандыдағы орталық саябақта қатты желден батут аударылып, соның салдарынан 11 жасар бала өлген, екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.

Полиция "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару не қызмет көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қажетті сараптамалар тағайындалған.

Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі жеке кәсіпкерлерді балаларға арналған батуттарды ауа райы жақсарғанша алып тастауға шақырған. Ведомство өкілдері сонымен бірге жергілікті атқару органдарының балалар ойнайтын алаңдарды, батут орнатылған жерлердің қауіпсіздігін шұғыл түрде тексеруге көшкенін хабарлады.

Өткен жылы мамыр айында астанада қатты жел болып, балалар үстінде ойнап жүрген батут жылжып кетіп, бес бала ауруханаға түскен. 2017 жылы мамыр айында Павлодарда төрт бала зардап шеккен.

Адвокаттар мен құқық қорғаушылар белсенділердің қудалануына алаңдайды

Белсенді Әлімжан Ізбасаров (сол жақта), адвокат Василий Садықов (ортада) және "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының жетекшісі Зәуреш Батталова. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.

25 мамырда Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар жас белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап, баспасөз жиынын өткізді. Оған қатысқан азаматтық белсенділер, жастар белсенділігімен көзге түскеннен кейін әскерге шақырылған Бейбарыс Толымбеков, Аслан Сагутдинов, Данияр Хасенов тәрізді жас белсенділердің мәселелерін де талқылады.

Жуырда осындай шақырту алған Әлімжан Ізбасаров өзін әскерге жылдам аттандырып жіберуге тырысып жатқан әскери комиссариат пен оны көшеден ұстап алып кетпек болған полицияның әрекетін өзінің саяси белсенділігімен байланыстырды. Ол 1 мамырдағы митингтен соң полицияның өзіне және айналасындағы таныстары мен туыстарына "ерекше назар" аудара бастағанын айтты.

- Мен әскерден қашпаймын, бірақ денсаулығымның кінәраттары бар. Оны медкомиссия кезінде дәлелдейтін боламын. Мені қатты қынжылтатыны көшеден ұстап алып кетпек болған полиция мен әскери комиссариаттың әрекеті. Мен оның заңдық тұрғыдан бағалануын талап ететін боламын, - деді ол баспасөз жиынында.

Белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап келген азаматтар. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.
Белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап келген азаматтар. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.

Әлімжан Ізбасаров өзінен бөлек Қазақстанның әр өңірінен Бейбарыс Толымбеков, Аслан Сагутдинов, Данияр Хасенов сияқты жас белсенділерді әскерге жіберу арқылы билік оларды қоғамнан алшақтатуға тырысып жатыр деп санайды. Ол Қазақстан билігіне жастардың белсенділігі қатты үрей тудырып, ұнамай барады дейді.

Адвокат Василий Садықов Қазақстан 2005 жылы ратификациялаған Саяси және азаматтық құқықтар туралы халықаралық пакті шарттарын сақтамай отыр деп есептейді. Ол адамның ортаға шығып, өз ойын айтуға құқығы Конституцияда да анық жазылғанын еске салды. Оның сөзінше, әскерге шақырту қағазын тапсыруға тек әскери комиссариат өкілі ғана емес, бірнеше полиция қызметкерінің қатар келуінің заңдық негізі жоқ.

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының жетекшісі Зәуреш Батталова ішкі істер және қорғаныс саласы қызметкерлерінің бірігіп, көшеден қарапайым азаматтарды ұстап алып, күштеп әскерге жібермек болғанын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау керегін айтады.

- Әлімжан ғана емес, басқа дәл осылай аяқ асты әскерге шақырылған жастардың әскери борышын өтеу жасында екендігімен ешкім дауласпайды. Сөз жоқ, ол - міндет, борыш. Бірақ олардың оқуға және денсаулығын сақтауға құқылары бар. Біз бұрын полициялық мемлекет болсақ, мына жағдаймен концлагерьге айналамыз. Сондықтан тез арада ұлттық қауіпсіздікті басқарып отырған елбасына үндеу жариялап, ішкі істер және қорғаныс министрі әркеттері парламентте талқылануы тиіс, - дейді Зәуреш Батталова.

24 мамыр күні Әлімжан Ізбасаровты бірнеше полиция өкілі көшеден ұстап алып кетпек болған. Олармен бірге келген әскери комисариат өкілі Азаттыққа әскерге шақырту қағазына Ізбасаров жеке қол қоюы тиіс болғандықтан келгенін айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Әлімжан Ізбасаровты полиция көшеден ұстап алып кетпек болды.

Бұған дейін Алматы марафоны кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбековті әскери комиссариат шақырып, борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз жазғанына қарамастан әскер қатарына алған.

6 мамырда Оралдағы орталық алаңға жазуы жоқ таза плакатпен шыққан азаматтық белсенді Аслан Сагутдинов те алаңға шыққан бірнеше күннен соң әскерге шақырту алған. Бірақ 19 мамырда Қазақстан қорғаныс министрлігі белсенді Сагутдиновті "аневризм" диагнозына байланысты әскерге жарамсыз деп таныған болатын. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыртуды белсенділігімен байланыстырған Сагутдинов сөзін жоққа шығарған.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров - 1 мамыр күні наразылыққа шығып, әуелі "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деген айыппен бес күнге қамалған еді. Артынша "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін оған он күн қосылған.

Белсенді қамаудан шыққан соң да түрлі жиындарға қатысқан. 22 мамырда астанада белсенділер ұйымдастырған бейбіт жиын өткізу құқығын талқылау шарасында Ізбасаров "1 мамыр халықтың өз қорқынышын жеңген күн болды. Қадам жасалды. Біз жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз да қосылады" деген еді.

Оқи отырыңыз: Аслан Сагутдинов: "Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек"

Нұр-Сұлтанда балконнан «Бойкот!» деп айқайлаған белсенді екі тәулікке қамалды

Белсенді Дархан Өмірбаев мен оның әйелі Дина Әбішева Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік сотының залында. 25 мамыр 2019 жыл.

25 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты үйінің балконынан «сайлауға бойкот» деп айқайлаған Дархан Өмірбаевты «заң қызметкерлеріне бағынбады» деп айыптап, екі тәулікке қамады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік сотының судьясы Нұржан Қайырбек оның әкімшілік құқықбұзушылыққа бірінші рет тартылып отырғанын айтып, сол себепті жазаны жұмсартқанын және үкімнің бірден орындалатынын жариялады. «Сот қаулысы бірден қолына тапсырылып, оған он күн ішінде шағымдануға болады» деді судья.

38 жастағы Дархан Өмірбаевтың Азаттықа айтуынша, 20 мамыр күні адвокатының іссапарда болуына байланысты сотты кейінге қалдыру туралы арыз жазғанына қарамастан, оны «соттан қашып жүр» деп көшеден ұстап, сотқа әкелген. Сотқа оны қолдап келген оннан астам азаматтық белсенді қатысты.

Белсенді Дархан Өмірбаевты қолдауға келген белсенділер сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.
Белсенді Дархан Өмірбаевты қолдауға келген белсенділер сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.

Дархан Өмірбаев сотта 17 мамыр күні көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмекті ала алмағаны үшін қапаланып, балконға шығып, Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде микрофоннан әділ сайлауды талап етіп, айқайлағанын айтты.

- Содан соң сырттағы балалар менің далаға шығуымды сұрады. Сыртқа шығып көршілерден, есік алдындағы адамдардан сайлау туралы пікірін сұрадым. Сол кезде полиция өкілдері келіп, киімімді киюге де мүмкіндік бермей, қолымды бұрап алып кетті. Олар маған көмектесуге келген әйелімді қорқытып, оған электршокер қолданды, - деді ол.

Бірақ оны ұстап алып кеткен полиция лейтенанты Мансұр Жағыпаров сотта оның айтқандарын жоққа шығарды. Оның сөзінше, полиция пунктіне екі хабарлама түсіп, ішімдік ішкен адамның кішкентай балаларға тиісіп, балконнан сайлау, президент туралы неше түрлі айтып жатқанына шағымданған.

- Мен үш рет заң атымен айтамын дедім. Ол бағынбаған соң күштеп полиция бөлімшесіне алып кеттік. Бірақ мен оған да, әйеліне де электрошокерді қолданғаным жоқпын, - деді полиция қызметкері Мансұр Жағыпаров сотта.

Адвокат Бауыржан Азанов Дархан Өмірбаевтың кінәсін анықтау үшін оның үстінен шағым түсірген тұлғаларды, полиция өкілдері мен оған талдау жасаған нарколог дәрігерлерді сотқа шақыруды сұрады. Судья оның арызын жартылай қанағаттандырып, тек полиция өкілінен ғана жауап алды.

Прокурор Ж. Түстікбаев Дархан Өмірбаевтың әрекетінің дұрыс бағаланғанын айтып, оған екі тәулік беруді сұрады.

Адвокат Азанов Өмірбаевтың кінәсіз екендігін алға тартып, оған қатысты әкімшілік істі тоқтатуды талап етті.

Видео: Белсенді Дархан Өмірбаев сотқа тартылды. (20 мамыр 2019 жыл).

"Бойкот!" деп айқайлаған тұрғын сотқа тартылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Өмірбаевты полиция бұған дейін де басқа адамдармен бірге рұқсат етілмеген митингке қатысты деген күдікпен 22 наурыз бен 9 мамырда ұстап, оның ұялы телефонын алып қойған. Бірақ кейін оны полиция бөлімшесіне апарған соң босатып жіберген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл елді 30 жыл бойы үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтын бірінші сайлау. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы наурызда өзінің отставкаға кететінін жариялағанымен билікке ықпалын жоғалтқан жоқ.

Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде жеті кандидатты тіркеді. Қазақстандықтар арасында соңғы кезде сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткендер қатары көбейіп келеді.


Ақмола облысында "бұлшық ет өсіреміз" деп көп дәрі ішкен жасөспірімдер ауруханаға түсті

Көрнекі сурет.

Мамырдың 26-на қараған түні Ақмола облысы Ерейментау аудандық ауруханасының реанимация бөліміне "бұлшық ет өсіреміз" деп 15 дана финлепсис таблеткасын ішіп алған төрт жасөспірім түсті. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан сайты хабарлады. Олардың жасы - 16, 14 және 13-те.

Дәрігерлердің айтуынша, уланған балалар ауруханаға естерін білмеген күйі ауыр жағдайда түскен. Сіңірлері тартылып, неврологиялық ауру белгілері байқалған.

"Финлепсин дәрісінің көмегімен жасөспірімдер бұлшық еттерін өсірмек болған. Олардың әрқайсысы 15 таблеткадан ішкен" деп сайт облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының пікірін келтіреді.

Аудандық ауруханаға республикалық санавиацияның көмегімен токсиколог және реаниматолог жеткізілген. Қазіргі кезде балалар реанимация бөлімінде емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, біреуі өз-өзіне келе бастаған.

Мамандардың айтуынша, финлепсин дәрісі эпилепсия кезінде қолданылады. Дәріні шамадан артық қолдану адамның жүрегі, бүйрегі, қан түзілу жүйесі және тыныс алу органдарын зақымдауы мүмкін.

Дәрінің "бұлшық ет өсіруге" қалай әсер ететіні белгісіз.

Биыл Эвересте он адам қаза тапқан

Альпинистердің Эверестке көтерілу сәті. 22 мамыр 2019 жыл.

Биыл альпинистік маусым басталғалы бері Эвересте он адам қаза тапқан. Непал билігі осы көктемде әлемдегі ең биік шыңға көтерілуге мүмкіндік беретін 381 лицензия сатқан. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Соның салдарынан шыңға көтерілу және одан түсу жолында кезек пайда болып, туристердің кезекке жетуі үшін көп күн күтуіне тура келген.

Сондай кезек кезінде жақында Үндістанның төрт альпинисі, Ирландия, Непал, Австрия және АҚШ альпинистері қаза тапқан. Жалпы Гималайда көктем маусымында 20 адам өлген. Мамандар өткен бір жылдың өзінде осыншалықты көп адам өлмегенін айтады.

Эверестке (Джомолунгма) шкөтерілу үшін әрбір альпинист 11 мың АҚШ долларын төлейді. Өткен жылы Непал билігі 807 лицензия сатқан.

Қарағандыда қатты желден батут аударылып, бір бала өлді

Қарағанды облысының картасы.

Қарағандының орталық саябағында 25 мамырда қатты жел салдарынан үрленбелі батут аударылып, 11 жастағы бала өлді. Бұл ақпаратты Қазақстанның ішкі істер министрлігінің төтенше жағдай комитеті (ТЖК) хабарлады. ТЖК хабарлауынша, 2004 және 2012 жылдары туған екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.

Дәрігерлердің айтуынша, 2012 жылы туған қыз баланың миы шайқалып, жабық бассүйек ми мен көкірек қуысы зақымданған, қабырғасы сынған. 2004 жылы туған баланың аяғы сынған, дәрігерлер одан өзге де жарақат түрлерін тапқан.

Полиция "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару не қызмет көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Өткен жылы мамыр айында астанада қатты жел болып, балалар үстінде ойнап жүрген батут жылжып кетіп, бес бала ауруханаға түскен. 2017 жылы мамыр айында Павлодарда төрт бала зардап шеккен. ТЖК қазақстандықтарды қатты жел кезінде балаларды көшеге шығармауды сұрап отыр.

"Халық банкіге" еншілес мекеме Өзбекстанда жұмыс істеуге рұқсат алды

Өзбекстанның орталық банкі. Көрнекі сурет.

Өзбекстанның орталық банкі Қазақстан және Орталық Азия бойынша актив көлемі мен несие портфелі жағынан ірі екінші деңгейлі банк саналатын "Халық банкіне" еншілес мекемеге лицензия берді. 24 мамырда "Халық банкі" еншілес Tenge bank-тің маусым айынан бастап клиенттерге қызмет көрсетуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Өзбекстанның қаржы нарығына кіріп отырған алғашқы қазақстандық қаржы институты - "Халық банкі" Tenge bank-тің жеке және корпоративті клиенттермен жұмыс істейтін әмбебап банк болатынын айтып отыр.

Жаңа банк кеңсесі мен бөлімшесі Ташкенттің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Яшнабад ауданында орналаспақ. Банк халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелерімен жұмыс істеп, Homebank интернет-платформасынан жеке тұлғаларға арнап мобильдік қосымша ашуды жоспарлап отыр.

"Халық банкі" Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев бірге иелік ететін "АЛМЭКС" холдингінің құрамында. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар америкалық Forbes журналы жариялайтын әлемнің ең бай адамдары тізіміне кірген. Журналдың мәліметінше, Құлыбаевтардың байлығы алты миллиард доллардан асады.

Қазақстанның ұлттық банкінің дерегінше, 2019 жылдың 1 мамыр күнгі жағдай бойынша "Халық банкі" активі 8,4 триллион теңгені (шамамен 22 миллиард доллар) құраған.

2016 жылы Ислам Каримов дүние салған соң билікке келген елдің екінші президенті Шавкат Мирзияевтың Орталық Азияда халық ең көп шоғырланған мемлекетті ашық қылуға талпынғаны байқалады. Батыс елдері Мирзияевтің бұл қадамын жылы қабылдап, Өзбекстан билігін елдегі "адам құқығы саласын реформалауға" шақырып келеді.

Тағы

XS
SM
MD
LG