Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берді

Михаил Саакашвили.

Украина президенті Владимир Зеленский Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге Украина азаматтығынан қайтарып берді. Зеленский Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған жарлықтың күшін жойды. Бұл туралы Украина президентінің сайты хабарлады.

23 мамырда Саакашвили Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрап, хат жазған.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакшавили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін ол Порошенконы қатты сынай бастаған.

Петр Порошенко 2018 жылы шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Порошенко билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптаған. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

Украина азаматтығынан айырылған соң Михаил Саакашвили ресми түрде азаматтығы жоқ адам деп танылып, Нидерландта тұруға ықтияр хат алған.

Омбудсмен ЕҚЫҰ өкілімен Қазақстандағы адам құқықтары мәселесін талқылады

Қазақстандағы наразылық. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесіп, адам құқықтарын, соның ішінде азаматтардың сайлау құқығын, сөз бостандығы және бейбіт митинг өткізу құқығын талқылады.

Шәкіров ЕҚЫҰ өкіліне Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалымен таныстырып, БҰҰ-ның Қазақстан билігіне айтқан ұсыныстарының қалай орындалып жатқанын айтты.

Хабарламада екі тарап нақты қандай мәселелерді талқылағаны ашық айтылмайды.

Өткен аптаның соңында ЕҚЫҰ миссиясы өз есебінде "Қазақстан билігі сайлау ережесін бұзу фактісі бойынша кем дегенде 22 істі тексеріп жатқанын" хабарлады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Жээнбеков, Лукашенко, Путин "Назарбаев орденімен" марапатталды

Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков (солдан оңға қарай).

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 мамырда Ресей президенті Владимир Путинді, Беларусь президенті Александр Лукашенконы, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековті Нұрсұлтан Назарбаев орденімен марапаттады.

Оларға бұл орден "Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразия экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 5 жылдығына орай, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге қосқан айрықша үлесі үшін" берілген.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарға, мемлекет басшыларына беріледі.

29 мамырда Нұр-Сұлтанда Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің жиыны өтеді. Жиынға Тоқаев, Назарбаев, Путин, Лукашенко, Жээнбеков және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысады.

Қытай елшісі: Шыңжаңда қазақтарға қысым жасалғаны туралы ақпарат жалған

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо (сол жақта) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында отыр. 22 сәуір 2019 жыл.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы хабарларды "жалған ақпарат" деді. Бұл туралы ол 28 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен қазақ-қытай қатынасына арналған жиынның алдында айтты.

Журналистер Қытай елшісінен "Алматыда тұрғындар бірнеше жиын өткізіп, Қытайдағы туысқандарына қысым жасалғанын, олардың Қазақстанға өте алмай отырғанын айтты. Қытайдан Қазақстанға келіп оқып жүрген қазақ студенттер кері қайтсақ, қамайды дейді. Бұл ақпарат қаншалықты рас?" деп сұрады.

Чжан Сяо тілшілердің сұрағына "Барлық ақпарат жалған. Бұл ақпараттарды қайдан алдыңыз? Ақпаратты қайдан алғаныңызды айта аласыз ба? [Студенттердің айтқаны] да теріс ақпарат. Шыңжаңдағы жағдай бірқалыпты. Шыңжаңдағы шаралар - терроризм және экстремизммен күресу әрекеті" деді.

27 мамырда Алматыда "Қытай зерттеу институты" ұйымының офисінде бір топ адам баспасөз маслихатын өткізіп, туыстары саяси лагерьден босағанымен Қазақстанға келе алмай отырғанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.​

Оқи отырыңыз: "Қысым азайса" да, "күдік басым"

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, "Қытайда жақындарымыз қысым көріп жатыр, үйқамақта отыр, Қазақстанға өте алмайды" деген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

ҰҚК: Кеден бекетінің 20 қызметкері пара алды деген күдікке ілінді

Көрнекі сурет.

Алматы облысындағы "Нұр Жол", "Қалжат" және Түркістан облысындағы Б. Қонысбаев атындағы кеден бекетінің 20 қызметкері пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы 28 мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеттің мәлімдеуінше, "20 қызметкер Қытайдан Өзбекстанға тауар өткізбек болғандарға қысым жасап, пара алған. Күдіктілерден көп сома ақша тәркіленді".

"Сот үш күдіктіні қамауға алу санкция шығарған. Қалғандары айыпты толық мойындағандықтан, бұлтартпау шарасымен босатылды" деп жазылған ҰҚК мәлімдемесінде.

Кандидаттар дебаты тікелей эфирде өтеді. Кімнің қатысатыны әлі белгісіз

Қазақстан президенттігіне кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Амангелді Таспиховтың сайлау жарнамалары ілінген жерден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 14 мамыр 2019 жыл.

29 мамыр күні мемлекеттік "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді. Бұл туралы Азаттыққа "Хабар" телеарнасы басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев айтты.

Кертаевтың сөзінше, дебатқа қанша кандидаттың қатысатыны әзірге белгісіз. "Кандидаттар штабынан ақпарат келгенін күтіп отырмыз" деді ол.

Теледебат туралы "Хабар" арнасы өзінің сайтына да ақпарат жариялады. Ресми дерек бойынша, теледебат үш раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы – "Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары". Әуелі әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырып, сөз сөйлейді. Сосын қатысушылар өздерінің оппоненттеріне сұрақ-жауап түріндегі пікірсайыс сессиясы қарастырылған. Қатысушылар екі сұрақтан қойып, екі сұраққа жауап бере алады.

Екінші раундтың тақырыбы – "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы". Екінші раундтың бірінші кезеңінде қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыға бір сұрақ қояды.

Үшінші раундтың тақырыбы – "Сайлаушыларға сөз арнау". Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға қарата сөз сөйлейді.

"Хабардың" ақпаратына қарағанда, теледебат астанадағы "Қазмедиа орталығы" медиакешенінде ұйымдастырылады. Дебатты мемлекеттік арналарда істейтін Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан жүргізеді.

Телеарна дебаттың қанша уақытқа созылатынын көрсетпеген.

Оқи отырыңыз: Жетеудің үшеуі дебатқа дайын. Қалғаны үнсіз

Теледебат өтетінін бұған дейін орталық сайлау комиссиясы хабарлаған. Комиссия үш кезеңнен тұратын теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінетінін айтқан. Теледебат 80 минутқа созылады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.

Назарбаевқа "құрметті сенатор" мәртебесін беру мәселесі қаралады

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

27 мамырда Қазақстан сенатының төрағасы, елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен парламент сенаты бюросының отырысы өтіп, экс-президент Назарбаевқа "құрметті сенатор" мәртебесін беру мәселесі қаралды. Бюро мүшелері өзара қолдаған бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 30 мамырда өтетін сенат отырысында қабылданады. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаевқа "құрметті сенатор" мәртебесін беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.

Баспасөз қызметінің жазуынша, бюро мүшелері Тоқаевтың бұл бастамасына бірауыздан қолдау білдірген.

Парламенттің жоғарғы палатасы таратқан хабарға қарағанда, мұндай шешімге бюро мүшелері - сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, екі комитеттің төрағалары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Георгий Ким, сондай-ақ сенат депутаты Бірғаным Әйтімова қолдау білдірген.

Баспасөз қызметі Құл-Мұхаммедтің "Біздің қазіргі Конституциямыз да, сол Конституция бойынша жұмыс істеп жатқан қос палатаның қызметі де елбасының (Назарбаевтың - ред.) үлкен бастамасының, авторлығының арқасында жүзеге асты. Ол - мемлекет қалыптастырушы, тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы тұлға ғана емес, қос палаталы парламентаризмнің де негізін салған қайраткер. Мұндай ұсынысты әбден орынды деп есептейміз" деген сөзін келтіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Оқи отырыңыз: "Тұңғыш президент - Елбасы". Мемлекет үшін маңызы қандай?

Жаңа әкімшіліктің бірінші жиынында Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы екенін еске салды және "Нұр Отан" партиясын басқара беретінін айтты. Оған қоса, Назарбаев – Конституциялық кеңестің мүшесі.

Сыншылар Назарбаевты "басқаша ойлайтындарға қысым жасады, билігін асыра пайдаланды, демократиялық емес процедуралармен өкілетін ұзартты" деп сынаса, қазір оны "қалу үшін кетті" дейді. Билік сынға жауап ретінде елде адам құқығы сақталып тұрғанын, демократиялық институттар дамып жатқанын айтады және Қазақстанда билік транзиті Конституция мен заңға толық сай өтті деп санайды.

Жапонияда белгісіз азамат 19 адамды пышақтап, кем дегенде бір адам өлді

Кем дегенде 19 адам пышақталған маңда жүрген полицейлер. Кавасаки, 28 мамыр 2019 жыл.

Жапонияда белгісіз азамат Токиоға жақын жердегі Кавасаки қаласында аялдамада тұрған 19 адам пышақтады. Оның 13-і - бала. Оқиға 28 мамырда таңертең болған.

Полиция "күдікті өзін пышақтап өлтірді" деп хабарлады.

Жапониялық БАҚ бір бала мен ересек адамның қаза тапқанын жазды. Жергілікті өрт сөндіру қызметі кем дегенде бір адамның мерт болғанын растады.

NHK басылымының жазуынша, күдікті табылған жерде екі пышақ жатқан. Күдіктінің кім екені мен мұндай әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз.

Астана соты митингіден соң жазаланған анаға шыққан шешімді өзгертпеді

1 мамырдағы митингіден соң айыппұлға кесілген астаналық жалғызілікті ана Кәмила Бағжанованың (сол жақта) шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмаған соң белсенділер "Масқара!" деп айқайлады. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2019 жыл.

28 мамырда Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында 1 мамырда астанада өткен митингіден соң айыппұлға кесілген белсенді Бибігүл Тұяқова мен жалғызілікті ана Кәмила Бағжанованың апелляциялық шағымы қаралды. Екі азаматтың аудандық сот шығарған шешімдеріне түсірген шағымын Әсет Райымбаев қарады.

Әуелі 3 мамырда әкімшілік сот "полицияға бағынбады" және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп, 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (101 000 теңге) айыппұл салған Бибігүл Тұяқованың шағымы қаралды. Тұяқова судьяға сенімсіздік білдірді.

- Судья істі қарамай тұрып, аяқтауға асығып отыр. Оның бұл іске қатысты шешім шығып та қойған, - деді белсенді.

Белсенді сотқа сенімсіздік білдірген соң Тұяқованың ісі кейінге қалды. Келесі сот отырысы қашан өтетіні хабарланбады.

Мұнан соң, 9.30 шамасында 4 мамырда "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп әкімшілік сот 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салған екі баласы бар жалғызілікті ана Кәмила Бағжанованың апелляциялық шағымы қаралды.

Судья Азаттық тілшісіне сот отырысын фото мен видеоға түсіруге тыйым салып, аудио жазуға ғана рұқсат берді.

Бағжанова "1 мамырда адамдардың жиналып тұрғанын көріп, балаларға жәрдемақыны беру жолдарын оңайлатуды сұрап айқайладым. Қала атын өзгертуға ақша табылады, балаларымызға неге ақша табылмайды?" деп айқайладым" деді. Бірақ прокурор жалғызілікті ананың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұрады.

Судья Райымбаев Кәмила Бағжанованың шағымын қанағаттандырмады. Мұнан соң сот залында отырған Бағжанованың жақтастары "Масқара! Масқара!" деп айқайлады.

Бағжанова Азаттық тілшісіне шешіммен келіспейтінін айтып, "Жұмыссызбын. [50 500 теңге] айыппұлды төлеуге ақшам да жоқ" деді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.

Навальныйдың жақтасы Волковқа "билікті қорлады" деп хаттама толтырды

Леонид Волков.

Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтасы, митинг өткізу ережесін бұзды деп 20 күнге қамалған Леонид Волковқа билікті қорлады деп хаттама толтырды. Бұл туралы Коррупциямен күрес қорының директоры Иван Жданов өзінің Facebook парақшасына хабарлады.

Хаттама толтыруға биыл 23 сәуірде сот алғаш рет "билікті қорлау" бабы бойынша қозғалған істе шешім шығарғанда Волковтың Twitter-де жариялаған жазбасы себеп болған. Ол "Путин - таңғажайып *******" деп жазған азаматқа қатысты сот қаулысы. Тыңдап көріңіздер. Сөз жоқ, заманымызды маңызды құжаты" деп жазған.

Сот сараптамасы Волковтың сөздерінде "семантикалық жағынан негативті компонент" барын анықтаған. Тексеруге қарағанда, боғауыз сөз Ресей президенті Владимир Путинге "теріс баға беруге қолданылады".

Путин "билікті қорлағандарға" айыппұл мен қамау жазасын қарастыратын заңға 18 наурызда қол қойып, құжат 29 наурызда күшіне енген. Заңды бұзған азаматқа 100 мың рубль (бір жарым мың доллардан көп) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады. Қайтадан заң бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 200 мың рубльге (үш мың доллардан аса) дейін көбейеді.

Қытайға кірерде кейбір ресейліктердің ұялы телефондары тексерілуі мүмкін

Көрнекі сурет.

Қытай елге кіргізу кезіндегі тексеруді күшейтіп жатыр деп ескертті Ресейдің Гуанчжоу қаласындағы бас консулдығы.

Шекарашылар азаматтарды ұялы телефондағы видео мен фотоларын, электрондық құжаттары мен мессенджердегі хат-хабарларын тексеруі мүмкін. Бақылаушылар қандай да бір күмәнді ақпарат тапса, азаматқа елге кіруге рұқсат берілмейді.

Қытай көші-қон қызметі виза алу кезінде айтылған сапар мақсаты мен азаматтың жеке бас деректерінде қарама-қайшылықтар барын анықтаса, турист келген еліне қайтарылады. Кері ұшқанға дейін азамат консулдық пен әуе компаниясы қызметкерлерінің кіруіне тыйым салынатын арнаулы орында отырады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі сайтында мұндай ескерту жарияланған жоқ. Бірақ Қазақстан-Қытай шекарасындағы тексерудің қатаңдығы біраздан айтылады. 17 жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға ата-анасымен қоныс аударған Жарас Кемелжан таяуда Қытайға барып, елге қайтарда полицияның қатаң тексергенін айтқан.

Оқи отырыңыз: "Қысым азайса" да, "күдік басым"

"Құжаттарымды алып, Қытайдағы тіркеуді өшірдің бе?" деп сұрады. Қолында планшеті бар кісі келді. Планшетінде 200-дей адамның суреті бар екен. Менің суретімді солармен салыстырып, біресе суретке сақал жапсырып, біресе мұрт қойып тексерді. Жарты сағаттан артық ұстады" дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген есеп бойынша, 2019 жылдың басынан 15 мамырға дейін Қазақстандағы туыстарына бару үшін 6506 этникалық қазақ виза алған.

Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Донбасстағы қақтығыс аймағынан бастады

Украина президенті Владимир Зеленский қақтығыс аймағыда жүр. Луганск, 27 мамыр 2019 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Луганск облысынан бастап, әскерилердің Луганск пен Счастьедегі позициясын көріп қайтты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемлекет басшысы сарбаздармен тұрмыс жағдайы, ас-су сапасы, техникамен, баспана және әлеуметтік жәрдеммен қамту, бөлімшелерді жасақтау жайында әңгімелесті" деп жазылған хабарламада.

Зеленский Станица Луганская кентінде алдыңғы шептерді - бақылаушылар посты мен блиндаждарды аралаған. "Қарсыластың таяудағы позициясы 400 метр жерде тұрды" деп жазады президенттің баспасөз қызметі.

Президент Біріккен күштер операциясының қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Свирскийдің қақтығыс аймағындағы жағдай туралы баяндамасын тыңдаған. Кеңеске Бас штаб басшысы – Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Хомчак қатысқан.

Қарағанды саябағындағы бала өлімінен соң бір шенеунік қызметінен босады

Қарағанды облысының картасы.

Қарағандының орталық саябағында 25 мамырда батут аударылып, 11 жасар бала өлген соң Қарағанды әкімінің орынбасары Сәбит Оспановқа - сөгіс, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Дүйсембековке қатаң сөгіс жарияланды.

Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров әкімдікте өткен жиын кезінде саябақтағы бала өлімін "сабақ алатын қайғылы жағдай" деп атады. Ол "адам өлімі мен балалар денсаулығының зардабына әкеп соқтырған салғырттығы және өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағаны" үшін Қарағанды қаласы саябақтарды басқару бөлімінің басшысы Рүстем Көдебаевтің қызметтен босатылғанын хабарлады.

25 мамырда Қарағандыдағы орталық саябақта қатты желден батут аударылып, соның салдарынан 11 жасар бала өлген. 2004 және 2012 жылы туған екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жарақат алған балалар қазір емделіп жүр.

Әкім Әубәкіровтің айтуынша, бұл оқиғадан соң ұсталған азамат батутты "саябақ аумағына заңсыз орнатқан әрі ережені сақтамаған".

Билік бұл жағдайдан соң Қарағандының барлық саябағындағы әткеншектерді пайдалану ережелерін бақылау күшейгенін хабарлады. Әкімдік дерегінше, Қарағандыда жазғы маусымға кәсіпкерлермен саябақтарда 16 батут орнату туралы келісім-шарт жасалған. "Олардың техникалық жағдайын инженерлер тексереді" деді билік өкілдері. "Бала мерт болған батут тексерілген бе еді?" деген журналистер сұрағына шаруашылық бөлімі басшысы Әлібек Дүйсембеков тергеу жалғасып жатқанына сілтеп, жауап берген жоқ.

Қазір Қарағандыда арнаулы рұқсаты бар 16 батуттың уақытша жиналып тұрғаны белгілі. Әкімдік дерегінше, батут маусымы басталғалы пайдалануға рұқсат берілмеген 10 батут анықталған.

Өткен жылы мамыр айында астанада қатты жел болып, үстінде балалар ойнап жүрген батут аударылып кетіп, бес бала ауруханаға түскен. 2017 жылы мамыр айында Павлодарда төрт бала зардап шеккен.


Қазақстан хоккей құрамасының әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Қазақстан хоккей құрамасы.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2020 жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатында Ресей, Финляндия, АҚШ, Латвия, Норвегия, Германия және Италиямен В тобында ойнайды.

А тобына Канада, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания түсті.

Қазақстанның қарсыласы Финляндия биыл Словакиядағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Бұл құрама финалда Канаданы 3:1 есебімен жеңді. Ал Қазақстанның тағы бір қарсыласы Ресей биылғы әлем чемпионатында қола медаль алды.

Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатында бірінші дивизионда ойнаған. Нұр-сұлтанда өткен бірінші дивизион турнирінде Қазақстан жеңімпаз атанып, 2020 жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатының элиталы дивизонына жолдама алған. Келер жылғы әлем чемпионатында өз тобында соңғы орын алған құрама элиталы дивизионнан бірінші дивизионға түседі.

2020 жылғы әлем чемпионаты 5-18 мамыр аралығында Швейцарияның Лозанна және Цюрих қаласында өтеді.

Түркістанда "әлімжеттік жасаған" оқушыларға кешірім берілді

Интернетте тараған әлімжеттік туралы видеодан скриншот.

Түркістан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістандағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің 9-сыныптағы үш оқушысына "әлімжеттік жасаған" қаладағы өзге үш мектептің төрт оқушысын кешірді. Бұл туралы Азаттыққа 27 мамыр күні облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" бабымен айыпталған төрт оқушы жәбірленуші деп танылған үш оқушымен татуласып, айыпталушы тарап келтірілген шығынды өтеген. Екі жақтың келісімге келген соң 21 мамырда қылмыстық іс тоқтатылған. Айыпталушылар мен жәбірленушілер кәмелет жасқа толмағандықтан, олардың аты-жөні жарияланбады.

21 қаңтарда интернетте түркістандық мектеп оқушыларының үш балаға әлімжеттік жасап, оларды ұрып-соғып, "темекімен күйдіреміз" деп қорқытып жатқаны бейнеленген видео тараған. Ертеңінде ішкі істер министрлігінің өкілі төбелеске қатысушылардың бәрін анықтағандарын жариялады.

Жыл басында Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеген. Қаңтар айында әлеуметтік желілерде Түркістан, Қызылорда және Қарағанды қалаларында оқушылардың әлімжеттігі туралы бірнеше видео тараған. Ақтөбеде екі мектептің оқушылары төбелесіп, жоғары сыныптың бір оқушысы пышақтан жарақатынан қайтыс болған.

Жоғарғы сот сайлауға түскісі келген тұрғынның шағымын қанағаттандырмады

Александр Маслий (сол жақта) мен заңгері Антон Фабрыймен бірге сот залында. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2019 жыл.

27 мамырда Нұр-сұлтанда Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы президент сайлауына өз-өзін ұсынған Александр Маслийдің арызын қанағататтандырмады. Ол өзін кандидат ретінде тіркемеген Орталық сайлау комиссиясының үстінен түсірген шағымын қараудан бас тартқан сот ұйғарымын бұзу туралы арызданған.

60 жастағы Александр Маслий 22 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына өз-өзін кандидат ретінде ұсынып, өтініш тапсырғанымен оны қабылдамағанын айтады. Ол өзінің Конституцияның 33-бабындағы ("Сайлану және сайлауға қатысу туралы") құқығы бұзылды деп санайды.

Маслий Орталық сайлау комиссиясына, кейін Жоғарғы сотқа шағымданғанымен, арызын қабылдамаған. Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы өз-өзін ұсына алмайтындығын айтып, түсініктеме беріп, құжаттарын "Сайлау туралы заңға" сәйкес емес деп кері қайтарған.

Жоғарғы сот Маслийдің арызы азаматтық сотта қарауға жатпайтыны туралы ұйғарым шығарған. Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы да Маслийдің алдыңғы сот ұйғарымын бұзу туралы шағымын қанағаттандырмады.

Шешімді оқыған Жоғарғы соттың судьясы Ербол Исмаилов "сот қаулысы бірден күшіне енеді және ол бұзуға жатпайды" деді.

Сотта Орталық сайлау комиссиясының заңгері Әділхан Жакенов Александр Маслийдің құқығы бұзылмағанын, ол кандидат болып тіркелу үшін құжаттарын дұрыс өткізбегенін айтты.

Александр Маслий сот шешімімен де, Орталық сайлау комиссиясы заңгерінің сөзімен де келіспейді.

- Өзімнің кандидатурамды президенттіке ұсындым. Елде нені істеп, нені істемеу керектігін, заңда нені өзгерту керектігін жақсы білемін. Біз депутаттарға, барлық үкімет мүшелеріне бірнеше ұсыныс жасадық. Бірақ оған мән берген ешкім жоқ. Революция жасаудың қажеті шамалы, тек елдің өмірін түбегейлі өзгертетін қарапайым істерді жасаса болды,- дейді ол.

Қазақстан Жоғарғы соты 16 мамырда Қазақстан президенті сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болып, бірақ қазақ тілі сынағынан өтпей қалған Жұматай Әлиевтің де арызын қанағаттандырмаған еді. Оны сайлауға кандидат ретінде "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған. Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті тіл комиссиясының "қазақ тілін меңгермеген" деген шешімі негізінде 2 мамырда кандидат ретінде тіркемеген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.

"Жақындарымыз Қытайдан қайта алмай отыр" деген тұрғындар биліктен көмек сұрады

"Жақындары Қытайдан қайта алмай отырған" тұрғындар жиыны. Алматы, 27 мамыр 2019 жыл.

27 мамырда Алматыда "Қытай зерттеу институты" ұйымының офисінде бір топ адам баспасөз маслихатын өткізіп, туыстары саяси лагерьден босағанымен Қазақстанға келе алмай отырғанын айтты.

Жиынды ұйымдастырушы Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, "Қытайдағы саяси үйрену лагеріне қамалғандардың 90 пайызға жуығы бүгінде босап шыққан. Бірақ олардың кейбірі Қазақстанға келе алмай отыр".

Жиынға келгендер Қазақстан билігінен "Қытайдан қайта алмай отырған туыстарын елге қайтаруға көмек сұрады".

Солардың бірі Гулбану Рахымқызы күйеуі Рахман Рахыбайұлының лагерьден бірнеше ай бұрын шыққанымен, Қазақстанға келе алмай отырғанын айтады.

– Күйеуім Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Толы ауданында. Негізгі мамандығы - мұғалім. Қазір жергілікті мектепте күзетші болып жүр екен. Ақпан айының 20-сы күні іздеп бардым. Алдымнан күтіп алған полиция күйеуіммен бетпе-бет бірнеше сағат жолықтырды. Туыстарымыздың үйіне жібермеді. Сол жердегі қонақ үйде болдық. Жолдасым ештеңе айта алмады. Бар айтқаны "Менде бәрі дұрыс. Сен қайта бер" деді. Бірақ келгелі қайтып сөйлесе алмадым, - дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа 21 мамырда жолдаған ресми жауабында 2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айда 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған.

"Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің дерегінше, 2019 жылы 1 қаңтар-15 мамырға дейін Қытайдағы 6506 этникалық қазақ (Қытай азаматтары) Қазақстанда тұратын туыстарына келу үшін виза алды. Ал министрлікке Қытайдан Қазақстанға келу үшін көмек сұраған 343 өтініш түсті" деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қытай көші-қон заңнамасын бұзу фактілері - этникалық қазақтардың Қазақстанға шығуына негізгі кедергі. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

СІМ: 2018 жылы Қытайдағы 14 мың қазақ Қазақстан азаматтығын алды

2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айында 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған. Бұл туралы Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің дерегінше, 2019 жылы 1 қаңтар - 15 мамырға дейін Қытайдағы 6506 этникалық қазақ (Қытай азаматтары) Қазақстанда тұратын туыстарына келу үшін виза алды. Ал министрлікке Қытайдан Қазақстанға келу үшін көмек сұраған 343 өтініш түсті" деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, "Қытай көші-қон заңнамасын бұзған этникалық қазақтар Қазақстанға шыға алмай отыр. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ".

2017 жылдан бастап Шыңжаң аймағында тұратын этникалық қазақтар саяси тәрбиелеу орталығына қамалып жатқаны жайлы хабар тарай бастаған. Қазақстандағы қазақтар Қытайда қалған туыстарына қысым жасалып жатқанын айтып, Нұр-Сұлтаннан көмек сұраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қазақтарда көмек қолын созатынын мәлімдеген.

Бішкек: Қырғызстанға кірмек болған сириялық екі содыр ұсталды

Көрнекі сурет.

25 мамырда Қырғызстанның Баткен ауданы аумағынан ел шекарасына заңсыз өтпек болған 1990 және 1992 жылы туған екі азамат ұсталған. Бұл туралы елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті хабарлады. Комитет дерегінше, олар "қарулы қақтығыс болып жатқан Сирия-Ирак аумағынан келген".

Қауіпсіздік комитетінің жазуынша, екі азаматты тінту кезінде олардан Калашников автоматтарының оқтары табылған. "Ұсталғандардың бірі 2015 жылы ТМД аумағында жүргенде халықаралық террористік ұйымның ықпалына түсіп, қақтығыстарға қатысу үшін Сирияға жіберілген. Оған 2017 жылы террористік сипатта қылмыс жасағаны және басқа елдің аумағында террористік ұйым қызметіне қатысқаны үшін халықаралық іздеу жарияланған" деп жазады комитет.

Ұсталған екінші адам да, ведомствоның сөзінше, террористік ұйымның ықпалына ұшырап, Сирия үкіметіне қарсы қақтығыстарға қатысқан.

Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша тергеу абақтысына қамалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Министрлік: Қазақстан Ресейдегі шіркеу құрылысына берген 5,8 млн теңге бюджеттен алынбады

Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысы маңына орнатылған тас.

Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысына Нұр-Сұлтан берген 1 миллион рубль (5,9 млн теңге немесе 15 504 доллар) Қазақстан бюджетінен алынбаған. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев Азаттыққа берген ресми жауабында хабарлады.

Екі апта бұрын, 14 мамырда Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мүслім Алтынбаев "Қазақстанның қорғаныс ведомствосы Ресейдегі бас әскери шіркеу құрылысына белгілі бір сомада қаржы аударды" деген. Ол "Қазақстан атынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды4 есімдері Ресейдегі бас әскери шіркеуде сақталатынын" айтқан. Алтынбаев шіркеу құрылысына Нұр-Сұлтанның қанша қаржы аударғанын айтпаған.

Қорғаныс министрлігінің Азаттыққа айтуынша, Ресейдегі шіркеу құрылысына жіберілген 1 миллион рубль демеушілерден алынған. "Демеушілер аттарын атамауды өтінді. Себебі бұл көмек жарнама жасау үшін емес, батырларға мәңгі ескерткіш орнату үшін көрсетілген" деп жазады ведомство өкілі.

Министрлік жауабында Қазақстанның қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлерге "тағзым ету мақсатында архив материалдарын жинап жатқанын" айтқан.

- Осыған байланысты Қазақстан Ресей қорғаныс министрлігіне ардагерлердің суреттерін, қысқаша биографиялық мәліметтерін, соғыста қаза тапқан ардагерлердің ерліктері туралы деректерді жолдады. Бұл материалдар "Еске алу жолы" галереясын құру кезінде пайдаланылады, - дейді ведомство.

Ресей әскерінің бас шіркеуі елдегі ең ірі діни кешендердің бірі болады деп жоспарланған. Оны билік Мәскеу іргесіндегі Кубинка қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай – 2020 жылы салып бітуі тиіс. Ресей қорғаныс министрлігі шіркеудің халықтың қайырымдылыққа деп берген қаржысына салынып жатқанын айтқан.

Ресми статистика бойынша, 2019-2021 жылдарға бекітілген бюджет бойынша, биыл Қазақстан қорғаныс министрлігіне 315,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома 2021 жылға қарай 296,41 миллиард теңгеге азаяды.


Бішкекте алып қашу мен зорлық құрбандарын еске алу шарасы өтеді

Бурулай Турдаалыкызы оқыған медицина колледжінің ғимаратына салынған Бурулайдың суреті.

Бүгін, 27 мамырда Бішкекте қыз алып қашу мен зорлық құрбаны болғандарды еске алу акциясы өтеді. Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұйымдастырушылардың бірі Гуляйым Айылчының айтуынша, тап осы күні бір жыл бұрын Шу облысындағы Жайыл аудандық полиция бөлімшесінде Бурулай Турдаалыкызы өлтірілген.

"Басты мақсатымыз - қырғыз қоғамына осы мәселе туралы айту. Күштеп некелестіру әлі барына назар аударту. Бір жағынан 27 мамыр - Бурулай Турдаалыкызының қазасының бір жылдығы. Еске алу шарасын қыршын кеткен Бурулайға арнаймыз. Қыз алып қашу мен некеге мәжбүрлеуге жаза күшейгенімен, мәселе шешілген жоқ", - дейді Айылчы.

2018 жылы 27 мамырда Шу облысының Жайыл аудандық ішкі істер бөлімінде 20 жастағы студент Бурулай Турдаалыкызы қаза тапқан. Тергеу оны Марс Бодошев өлтірген деп тұжырым жасаған. Жігіт қызға үйленбек болып, оны алып қашқан. Милиция бөлімінде қызды пышақтап, өзін де жарақаттаған. Сотта Бодошов қызды алып қашқанын мойындаған, бірақ оны өлтірді деген айыпты жоққа шығарған.

Былтыр 11 желтоқсанда Бішкек қаласының Свердловск аудандық соты Марс Бодошевты айыпты деп танып, 20 жылға соттаған. Судья Марс Бодошевтың кінәлі екендігі толық дәлелденгенін айтып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кескен. Бодошевтың серігі Акмат Сейитов 7 жылға сотталды.

Ал биыл 9 сәуірде Турдаалыкызының қазасына байланысты сотқа тартылған Шу аудандық милиция бөлімшесінің үш қызметкерін сот "қызметіне салғырт қарау" бабымен айыпты деп танып, айыппұлға кескен. Айыптау тарапы милиционерлерді бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.


Литвадағы президент сайлауында экономист Науседа алда келеді

Гитанас Науседа (сол жақта) мен Ингрида Шимоните.

Литвадағы президент сайлауының екінші туры аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы елдегі сайлау учаскелерінің жартысынан көбіндегі дауысты санаған соң кандидаттың бірі - экономист Гитанас Науседаның басым дауыс алғанын хабарлады. Азаматтардың 72 пайызы – Науседаға, 26 пайызы Литва парламентінің депутаты Ингрида Шимонитеге дауыс берген. Сайлаудың екінші кезеңіне келгендер үлесі алдын ала дауыс бергендерді қоса санағанда – 53,4 пайыз.

Литва президенті азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы бес жылға сайланады. Республиканы екінші мерзім басқарып отырған елдің қазіргі президенті Даля Грибаускайте үшінші мәрте сайлауға қатыса алмайды.

Литва парламенттік республика болғанымен, елдің сыртқы саясатының бағдарын анықтау – президент құзырындағы іс. Екінші турға қатысқан екі кандидат та "Литваның Ресейге қатынасы өзгермейді" деп мәлімдеген. Науседа да, Шимоните де Кремльді сынап, елдің НАТО және Еуропа одағымен қатынасын ерекше атап өтеді.

Қырғызстанда сыналған екі министр өз еркімен отставкаға кетті

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

27 мамырда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдің экономика министрі Олег Панкратов пен ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі Нурбек Мурашевтің отставка кету туралы өтініштерін қабылдады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің аппараты хабарлады.

Министрлерді қызметінен босату туралы ұсынысты өткен аптада елдің премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев енгізген.

Панкратов пен Мурашев отставкаға кету туралы өтінішті өздері түсірген. 2018 жылы көктемде қызметіне кіріскен экономика экс-министрі қызметіне қатысты айтылған сыннан соң осындай шешім қабылдағанын хабарлаған. Мурашевты да шаруалар елде картоп сату мәселесін шеше алмағаны үшін сынға алған.


Израиль Германияны "антисемитизмнен жеңілмеуге" шақырды

Израиль президенті Реувен Ривлин.

Израиль президенті Реувен Ривлин Германия үкіметінің антисемитизммен күрес жөніндегі уәкілі Феликс Кляйнің "Германиядағы еврейлер қауіпсіздік мақсатында ұлттық бас киімін шешіп жүргендері дұрыс" деген сөзіне наразы. "Неміс толқынының" хабарлауынша, Израиль президенті Германияның еврей қауымдастығы алдында борышы барын айтып, Ривлинді антисемизмнен жеңілмеуге шақырды.

AFP агенттігі Ривлиннің "Германиядағы еврейлердің қауіпсіздігіне алаңдау – антисемитизм алдында тізе бүгу және еврейлердің неміс жерінде өздерін қауіпсіз сезіне алмайтынын мойындаудың белгісі. Біз бұған көндікпейміз, антисемитизмнен жеңілмейміз" деген сөзін келтіреді.

Өткен аптаның соңында, 25 мамырда Феликс Кляйн қоғамда "иудаизм ұстанушыларға қатыгездік күшейіп, оларды бақылаудың әлсіреп кетуіне байланысты" еврейлерге көпшілік орындарға ұлттық бас киіммен шықпауға кеңес берген.

Германия үкіметінің антисемитизммен күрес жөніндегі уәкілінің сөзін Германиядағы еврейлер орталық кеңесінің басшысы Йозеф Шустер де қолдап, "Қандай дінді ұстанатыны киімінен байқалатын еврейлерге елдегі кейбір ірі қалаларда қауіп төне бастағанын" айтқан.

Иракта "Ислам мемлекеті" ұйымында болған" үш француз өлім жазасына кесілді

Көрнекі сурет.

Ирак соты тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террористік тобының қызметіне араласты деген айыппен Францияның үш азаматын өлім жазасына кесті. Сотталғандар - Кевин Гоно, Леонард Лопес және Салим Мачу 30 күн ішінде сот үкімін апелляцияға бере алады. Бұл туралы ұлыбританиялық BBC арнасы хабарлады.

Сайттың жазуынша, сотталған үш азаматпен бірге тағы тоғыз французды АҚШ қолдайтын күштер Сирия аумағында ұстаған. Биыл ақпанда олар сотқа тарту үшін Иранға жіберілген.

Бұл үш азамат - өлім жазасына кесілген алғашқы франциялықтар.

Париж Бағдад сотының бұл үкіміне қатысты әзірге пікір білдірмеді. Бірақ биыл ақпанда француздардың сотқа тартылып жатқаны туралы хабарға Франция президенті Эммануэль Макрон "Бұл - Ирактың ішкі ісі" деп, пікір білдіруден бас тартқан.

Human Rights Watch бастаған бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымы "жала мен азаптау арқылы азаматтарды соттайды" деп Ирак сотын сынаған.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының биыл сәуірде жарияланған есебі бойынша, Ирак азаматтарды өлім жазасына кесу бойынша әлемде алғашқы бестікте тұр. Ирак соттарының азаматтарды өлімге кесу туралы үкімдері 2017-2018 жылдары төрт есе өсіп, кем дегенде 271 адамға осындай жаза тайындалған. Ұйым "былтыр мұның 52-сі ғана іске асты" деп жазады.

Тағы

XS
SM
MD
LG