Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәулен Әшімбаев: Митингілер заңға сай өтуі тиіс

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың ойынша, Қазақстанда әр азаматтың ойын ашық айтуға құқығы бар, бірақ барлығы заң шеңберінде болуы тиіс. Әшімбаев бұл пікірін 3 мамырда Азаттықтың Нұр-Сұлтандағы тілшісіне айтты.

- Қайталап айтам, [шерулер] Қазақстан заңдарының аясында өтуі тиіс. Егер [заңды] сақтамасақ елде деструктивті тенденция күшейеді және жағымсыз үрдіс көбейеді. Бұл ешкімге де керек емес, - деді Мәулен Әшімбаев.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Бірақ Алматы мен Нұр-Сұлтан соты соңғы екі күнде бірнеше адамға айыппұл салған және тағы бірнешеуін қамаған.

ОСК Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Сәді-Бек Түгел. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)

3 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Сәді-Бек Түгелді Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдаған. Бұл туралы ақпаратты ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

"Орталық сайлау комиссиясы Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Сәді-Бек Түгелді Қазақстан республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеді" делінген хабарламада.

64 жастағы Сәді-Бек Түгелді биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы президенттікке кандидат ретінде ұсынған.

Бұған дейін жұма күні ОСК Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеген. Тоқаев сайлауға биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан түсті.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), ​Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), ​Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы),​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

Тоқаев Қазақстан әскерінің күшін мақтады

Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер алдында сөз сөйлеп тұр. 3 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы "Көктал" полигонында өткен "Айбалта-2019" әскери оқу-жаттығуын барып көрді. Жаттығу жиынынан кейін сөз сөйлеген Тоқаев Қазақстан әскерін күшті әрі мобильді деп мақтады.

Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан әскері оқу-жаттығу кезінде кәсібилігін іс жүзінде дәлелдеген.

Қазақстан президенті командалық бөлімшелерге барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін көріп, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралады.

Тоқаев 3 мамырда Twitter желісіндегі парақшасында "әскери қызметтің мәртебесін көтеріп, әскерилерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерін шешеміз" деп жазды. Тоқаев әскерилердің басында қандай әлеуметтік мәселелер барын ашып айтпады.

"Айбалта-2019" әскери жаттығуы 15 сәуірде басталып, бүгін 3 мамырда аяқталды. Жаттығуға 8000 сарбаз бен 2000-нан аса әскери техника қатысты.

Тоқаевтың Алматы облысын сапары 2 мамырда басталған.

Шымкентте студент бесінші қабаттан құлап қайтыс болды

Студент құлап қайтыс болған ғимарат. Шымкент, 3 сәуір 2019 жыл.

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Қонаев көшесінде орналасқан оқу орны ғимаратының бесінші қабатынан құлап қайтыс болды. Жоғары оқу орынның аты-жөнін айтпаған қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, оқиға 3 мамыр күні сағат 11:30 шамасында болған. Ол қайтыс болған қыздың филология факультетінің бірінші курсында оқығанын, Өзбекстан азаматы екенін айтты.

Түстен кейін оқиға орнына барған Азаттық тілшісі күзетшілердің оқуға келген студенттерді ішке кіргізбей қайтарып жатқанын, прокуратура қызметкерлері келгенін көрді. Қайтыс болған студенттің денесін жедел жәрдеммен полиция қызметкерлері алып кеткен.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз xатшысы Әсел Сәденова студенттің қайтыс болғанын растағанмен тергеу амалдарына байланысты оның нақты қандай жағдайда көз жұмғанын айтпады. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы (қылмыстық кодекстің 105-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Әсел Сәденова тергеу амалдары басталғанын, бірнеше сараптама тағайындалғанын айтты.

Сот Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан көп балалы әкеге айыппұл салды

Нұр-Сұлтан тұрғыны, көп балалы әке Талғат Данияров үйінің ауласында тұр. 2 мамыр 2019 жыл.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 3 мамырда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған Талғат Данияровқа 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған. Сот жауапкердің бес баланы тәрбиелеп отырғанын ескеріп, айыппұл сомасын 30 пайызға қысқартқан. Осылайша айыппұл көлемі 30 350 теңгені құраған.

Данияров сот процесінде шешіммен келіспейтінін айтып, бірақ апелляцияға шағым түсірмейтінін де жеткізген. Көп балалы әке айыппұл төлеуге шамасы жетпейтінін де айтқан.

Бұған дейін Данияров Азаттық тілшісіне 1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның өзіне күш қолданғанын, резеңке таяқпен ұрғанын айтқан. Ал бұған қатысты Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшылығы "полицияның күш қолданғаны туралы видео көрсетіңдер" деп айтқан.

Полиция резеңке таяқ қолданды ма?

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.

Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:

  • Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;
  • Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;
  • Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.
  • Талғат Данияров (Нұр-Сұлтан) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Әнуар Әшіралиев (Алматы) - 15 күнге қамалды.

Әкімшілік жазаға тартылғандар саны бұдан да көп болуы ықтимал.

Түркістан соты "мектепте бопса жасаған" оқушының үкімін өзгеріссіз қалдырды

Шымкенттегі Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

2 мамырда Түркістан облыстық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен үш жылға сотталған мектеп оқушысы Нұрбек Тұрсынxанның үкімін қайта қарап, өзгеріссіз қалдырған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне жәбірленуші жақ - өткен жылы суицидтен қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтің әпкесі Ұлжан Ақылбекова хабарлады. Үкімнің апелляциялық инстанцияда қаралғанын Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі де растады.

Апелляциялық отырысқа жәбірленуші жақтың шағымы негіз болған. "Шынайы кінәлілердің жазаланбай отырғанын" көптен бері айтып келе жатқан жәбірленуші тарап айыпталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтар алғашқы инстанциядағы сот процестерінде көрсетілмегенін айтып, соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. "Тұрсынханның кінәсі жоқ" деп санайтын жәбірленуші жақ Ахметовтің өліміне басқа бірнеше оқушының қатысуы болуы мүмкін деп болжайды.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі үкім өзгеріссіз қалғанмен соттың "жәбірленуші деп танылған төрт оқушының қылмыстық іске қатысы бар-жоғын тексеруді" Шымкент қалалық прокуратурасы мен полиция департаментіне тапсырғанын айтты. Сот "қалалық білім басқармасы басшысына, оқиғаға қатысы бар кінәлі адамдарға және қалалық полиция департаментіне қылмыстың алдын алмаған полицейлерге шара қолдану" туралы қаулы шығарған.

25 қаңтарда Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша айыпталған Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің оқушысы Нұрбек Тұрсынханды үш жылға соттаған.

Оны 2018 жылдың ақпан айында үйінде өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған мектеп оқушысы Ерсұлтан Ахметовті "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді" және өзі оқыған мектептің "жиырма шақты оқушысына қысым көрсетіп, ақша бопсалаған" деп айыптады. Бұған дейін қорғау тарабының да сотқа апелляциялық шағым түсіретіні хабарланған. Әзірге бұл жөнінде Азаттық тілшісі ақпарат ала алмады.

Нидерланд пен АҚШ-та қазақстандық белсенділерді қолдау акциясы өтті

Белсенділер Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұр. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

2 мамырда Нидерландтың Гаага қаласындағы Қазақстан елшілігі алдында бірнеше азамат өткен айда Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін қамалған қазақстандық белсенілер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап акция өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде бес азаматтың елшілік қасында "Шындықтан қашып құтылмайсың", "#менде таңдау бар", "adilsailayushin" деген жазуы бар баннермен тұрғаны көрінеді.

Жастар ұстап тұрған плакаттарда Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы және қамаудағы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босату туралы талап та жазылған.

1 мамырда Нью-Йорктегі "Таймс-сквер" алаңында да "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясы өтіп, оған шамамен жиырмаға жуық адам қатысқан.

Сәуір айының аяғында Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында осыған ұқсас қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада мен Италияда да болған. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер Лондондағы марафон кезінде жол бойынан көрінген. Жуырда бірнеше адам қатысқан қолдау акциясы Мәскеуде де өтті.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, шараны түсірген тағы үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыппұл салған.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

29 сәуірде Алматы соты белсенді Роман Захаровты қаладағы Достық пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы жазылған баннер ілгені үшін бес тәулікке қамауға шешім шығарған. Кейін апелляциялық сот алқасы әкімшілік қамау жазасын айыппұлмен (5 АЕК немесе 12 625 теңге) ауыстырды. Захаровқа "ұзақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айып таққан полиция оны "қоғамдық орынды ластағаны" үшін жауапқа тартқанын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. 2 мамырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылыққа шыққан азаматтарды әкімшілік жазаға тартып жатыр.


Көп балалы аналар "Бақытты отбасы" бағдарламасының шарттарын өзгертуді сұрады

Алматы әкімдігіне баспана мәселесі жайлы шағым айтып келген көп балалы аналар. 3 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда түске қарай Алматы қалалық әкімдігіне онға жуық көп балалы ана жиналып, “Бақытты отбасы” бағдарламасы талаптарына наразылық білдірді. Олар бағдарлама бойынша баспана алудың негізгі талаптарының бірі – бір ай ішінде бастапқы нарықтан ең арзан үй тауып, ұсыну шартын орындау қиын екенін айтып шағынды. Аналар қаланың барлық аудандарын шарлағанын, бірақ "қысқа мерзім ішінде арзан үй таба алмағанын" айтады.

"Барлық жерге бардық. Көп іздедік. Шынын айтсақ, маклер болып қалдық. "Ақкентке" (жаңадан салынған үйлер бар шағын аудандардың бірі - ред.) барсақ, екі бөлмелі пәтер құны 17 миллион теңгеден басталады. Біздің бірден екі миллион теңгесін (бастапқы жарна - ред.) төлеуге шамамыз жетпейді. "Меркур Градтағы" үйлер 10 мамырда пайдалануға беріледі дейді. Ондағының барлығы 38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер. "Ақниетте" де, барлық жерде сондай. Қаласаңыз, тізімін де көрсете алам" дейді әкімдікке шағым айтып келген аналардың бірі Жансая Сопбекова Азаттық тілшісіне.

Құжаттарын көрсеткен Сопбекова үй таңдау мерзімінің 8 мамырда аяқталатынын, одан кешіксе бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айрылатынын айтады.

Бұған қоса аналар қалада баспана бағасы қымбат екенін жеткізді.

"Біз берген ақшаға тек бір-ақ бөлме келеді. Көп балалы отбасы бір бөлмеге қалай сыяды?” дейді аналардың бірі.

Көп балалы аналар биліктен үй таңдау мерзімін ұзартуды, екінші дәрежелі тұрғын үй алуға да рұқсат беруді сұрап отыр.

Әкімдіктің аты-жөнін айтпаған қызметкері басшылар санаулы адамды ғана қабылдайтынын айтып, шағым айтып келгендердің бірнешеуін ішке кіргізді. Қалған аналар мен ақпарат құралдарының өкілдері сыртта қалды.

Түстен кейін Алматы әкімдігінен шыққан тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары Айбек Сайділдаев аналарға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша үй ала алмағандардың республикалық бағдарламаларға қатыса алатынын жеткізді. Оның айтуынша, республикалық деңгейде баспанамен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама әлі жарияланбаған. Бірақ ол туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 сәуірде "Нұр Отан" партиясы съезінде айтқан. Үй таңдау мерзімін ұзартуды өтінген аналардың сұрағына жауап берген Сайділдаев оны тағы "екі аптаға созуы мүмкін" екенін айтты.

Көп балалы отбасыларды арзан баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау наурыз айының ортасында басталған.

Алматы әкімдігінің дерегі бойынша, қалада 1250-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Бұған дейін билік өкілдері "бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды, 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз болады" деп мәлімдеген.


Наразылыққа шыққан тағы бір азаматқа 100 мың теңге айыппұл салды

Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталған Бибігүл Тұяқова сот залында тұр. 2 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты 1 мамырда наразылыққа шыққан азаматтардың бірі Бибігүл Тұяқоваға 40 АЕК (101 000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Оның құқығын сотта қорғаған адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Тұяқоваға "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" (Әкімшілік кодекстің 667-бап, 1-бөлімі) және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 1-бөлім) баптары бойынша екі айып тағылған.

"Екі бап бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жалпы 40 АЕК" деді Азанов Азаттық тілшісіне.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Кеше, 2 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан соты бірнеше адамды 5-10 күнге қамап, айыппұл салған. 3 мамырда наразылыққа қатысқан Ермекбол Тілеухан 10 күнге қамалды.

Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:

  • Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;
  • Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;
  • Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.

Шеру кезінде "полициядан зәбір көрдім" деген азамат он күнге қамалды

Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасына қатысып, он күнге қамалған Ермекбол Тілеухан. Нұр-Сұлтан, 3 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты 1 мамырда наразылыққа шыққан Ермекбол Тілеуханды он күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады. Тілеуханға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-бөлімі) деген айып тағылған.

1 мамырда Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілері арнайы жасақ өкілдерінің наразы тұрғындарға резеңке таяқ қолданғанын көрген еді. Олардың арасында Ермекбол Тілеухан да болған. Тілеуханның өзі бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында наразылық кезінде "полиция қызметкерлерінің қарапайым тұрғындарға күш қолданғанын көріп, араша түспек болғанын", арнайы жасақ өкілдерінің өзін резеңке таяқпен ішінен, аяғынан ұрып, қылғындырғанын айтқан еді. 2 мамырда Тілеуханды полицияға шақырған. Бұған қатысты Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшылығы "полицияның күш қолданғаны туралы видео көрсетіңдер" деп айтқан.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

Кеше, 2 мамырда Алматы мен Астана соты бірнеше адамды 5-10 күнге қамап, айыппұл салған.

ОСК Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Нұр Отан" партиясы съезінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы 3 мамырда ОСК баспасөз қызметі қызметі хабарлады.

"Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды, олардың 313 653-і жарамды деп танылды" делінген ОСК ресми сайтында жарияланған хабарламада.

23 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде Тоқаевты ұсынған. Партия мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдап, Тоқаевты саяси ұйым атынан президенттікке үміткер етіп бекіткен.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Солардың арасында Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Сәді-Бек Түгел ("Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы), Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), ​Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), ​Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы),​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.​

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін кенеттен тоқтатып, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен Тоқаев 9 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

​Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

Зеленский: Ресей шекарадағы бақылауына алған аумақты қайтаруы тиіс

Украина президенті болып сайланған Владимир Зеленский.

Украина президенті болып сайланған Владимир Зеленский 2 мамырда жасаған мәлімдемесінде Ресейді Украинаның шекаралас аудандарында басып алған жерді қайтаруға шақырды.

Украина мен Ресей арасындағы жағдай туралы ұзақ ойланғанын айтқан саясаткер Қырым аннексиясы мен Донбастағы жағдайдан кейін екі ел арасында ортақ шекара ғана қалғанын атап өткен. Зеленский Ресей өз бақылауына алған Украинаға тиесілі жердің әр миллиметріне дейін қайтаруы тиіс деген.

"Тек сол кезде ғана біз өзара ұқсастықты іздей бастаймыз" деді Зеленский.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украина халқына ортақ нәрселер көп екенін, тіпті украиналықтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын айтқан.

Зеленский "мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салу, жаулап алынған аумақ тұрғындарына төлқұжат беретін бекет ашу, украиндарды қамауда ұстау екі ел арасындағы жағдайды реттеуге" көмектеспейді, оларды "бауырлас мемлекеттер" деп айту қиын деген.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алып, сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері өткен уақыт ішінде қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.


Азат Еуропа/Азаттық радиосы 1 мамырда Азаттық тілшілері кездескен кедергілер жайлы айтты

Азат Еуропа/Азаттық радиосының белгісі.

3 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні қарсаңында Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшылығы (АЕ/АР) 1 мамыр күні Азаттық тілшілері кездескен кедергілерге байланысты пікір білдіріп, оны "тілшілердің кәсіби қызметіне кедергі жасау" деп бағалады.

АЕ/АР мәлімдемесінде 1 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық акциясы кезінде ондаған адамның ұсталғаны туралы хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полицияның ұстағаны және оны тергеуге тырысқаны айтылған. Сол күні белгісіз біреулер журналистің телефонын да тартып алған.

Мәлімдемеде сонымен бірге 1 мамырда белгісіз біреулердің Нұр-Сұлтанда Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін сындырып, видеотіркегіш құрылғысын ұрлап кеткені туралы да айтылған. Журналист көлігінде ұрлық болғанын полицияға хабарлағаннан кейін полиция оны ұстап, одан саусағының ізін алып, бірнеше сағат бойы сұрақ-жауап алған. Соның кесірінен Әмірханов редакция тапсырмасын орындай алмаған. Сол күні таңертең белгісіз біреулер Азаттықтың тағы бір операторы Тимур Айтмұханбеттің жартылай бос көлік тұрағында тұрған көлігінің алдын бөгеп, жолын жауып тастаған.

АЕ/АР "Журналистикадағы батылдығы үшін" журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) ​тағайындаған сыйлық иегері Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің кәсіби қызметіне байланысты осымен төртінші рет ұсталып отырғанына назар аударады. Тойкен Жаңаөзендегі наразылық акцияларынан хабар таратып жүргенде бірнеше рет қудаланған.

АЕ/АР президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар "үкіметтердің өрескел әрекеттері және қаскөйлердің жазасыз қалуы тілшілер кездесіп отырған қауіп-қатер мен проблеманы ұлғайта түсті" деп мәлімдеді. Синделар журналистердің "батылдығы мен қайсарлығын" және олардың тәуелсіз ақпаратқа зәру "аудиторияны қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету" міндетін адал атқарып жүргенін атап өткен.

АЕ/АР мәлімдемесінде Азаттық тілшілері төңірегіндегі жағдай "әлем елдерінің билігі ақпаратты бақылауға алуы үшін" кез келген әрекеттен тайынбайтынын және "батыл деген журналистің өмірі үнемі қауіп-қатерде болатынын көрсетті" деп жазылған.


Абаев: Митингіде наразылардың ұсталғанын мойындаймыз

Дәурен Абаев, Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар" арнасының эфиріндегі "Открытый диалог" бағдарламасында Қазақстандағы наразылық шаралары жайлы пікір білдіріп, билік конструктивті келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты.

"Наразылардың ұсталғанын мойындаймыз. Бірнеше адам өздерін дөрекі ұстаған соң оларды ұстады. Ұстамас бұрын ескерту жасалды" деді ол.

Абаевтың сөзінше, бүгінгі күні Қазақстанда азаматтарға наразылық шараларын заңға сай өткізу үшін өтініш беруге ешкім кедергі келтірмейді.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. 2 мамырда бірнеше адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Шымкентте жәрдемақы талап еткен ана екінші қабаттан секірмек болды

Төрт баланың анасы Лаура Қалдыбаева жұмыспен қамту орталығының екінші қабатында тұр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Шымкентте төрт балалы ана Лаура Қалдыбаева қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының екінші қабатынан секірмек болды. Қалдыбаева "наурызда 21 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыға құжат өткізсем де, әлі күнге дейін есепшотыма ақша түспеді" деп наразылық танытты.

Жұмыспен қамту орталығының өкілі Ұлдана Болыстың Азаттық тілшісіне "2 мамырда Лаура Қалдыбаева мен төрт баласына үш айдың әлеуметтік көмегі - 310 мың теңге аударылғанын, ақша есепшотына әлі түспегенін" айтты.

Жәрдемақы талап еткен шымкенттік ана екінші қабаттан секірмек болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

Ұлдана Болыс наразылық танытқан Лаура Қалдыбаеваға жәрдемақының есепшотына жіберілгені туралы құжатты көрсетті. Осыдан соң Қалдыбаева екінші қабаттан түсіп, үйіне қайтты.

Көп балалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны көбейту туралы талап ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі - Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң жиі айтыла бастады. Ал 27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төленсін деп, кейін үкіметке көмек сәуірден бастап берілсін деген. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған. Сәуірдің соңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағдайы төмен отбасылар жәрдемақы ала бастағанын хабарлаған.

Сот Алматыда наразылыққа шыққандардың кейбірін жазалады

Наразылыққа шыққан азаматтардың соты. Алматы, 2 мамыр 2019 жыл.

Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамырда қалада наразылыққа шыққан азаматтар арасында болған Тұрсынкүл Жоланова және Құрбанбек Шоланұлы, Жазира Демеуоваға 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Бұл азаматтарға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлім) деген айып тағылған.Тұрсынкүл Жоланованың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Сот отырысынан шыққан Жазира Демеуова Азаттық тілшісіне "сот шешімімен келіспейтінін", өзін "шындықты айтқаны үшін жауапқа тартты" деп есептейтінін жеткізді.

Қазір әкімшілік сотта өзге де ұсталған азаматтарға байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот дәлізінде отырған Құдайғашүкір Абдуллаев есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын, Лобачевскийдегі тергеу изоляторына сәлден соң өзін алып кететінін айтқан. Айтуынша, оған да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып таққан. Сот шешімін судья Ержан Алдабек шығарған.

Сот дәлізінде тұрған Исламжан Темірғали есімді азамат Азаттық тілшісіне өзін он күнге қамағанын айтып үлгергені сол еді, арнайы жасақ өкілдері қолынан ұстап, тергеу изоляторына алып кетті.

Әзірге Азаттық тілшісі әкімшілік жазаға тартылған азаматтарға байланысты соттан ақпарат ала алмады. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов бүгін күні бойы ұсталғандарға байланысты істің сотта қаралатынын, қолында әзірге толық ақпараты жоғын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

2 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деп айыпталған екі азамат Алтынбек Орынтайұлы және Әлімжан Ізбасаровты бес күнге қамаған.

HRW Қытайды "технология көмегімен мұсылмандарды жаппай аңдиды" деп айыптады

Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарының" бірі.

Human Rights Watch Адам құқығын қорғау ұйымы Қытай билігін Шыңжаңдағы мұсылмандарды мобильді телефон қосымшасының көмегімен жаппай аңдиды деп айыптады.

Ұйымның 2 мамырда жарық көрген ірі мақаласында Қытай билігінің қосымша арқылы Шыңжаң тұрғындары жайлы "түрлі ақпарат жинайтыны", олардың не істеп, қай жаққа баратынын аңдитыны жазылған. Ұйым бұған көп дәлел келтірген.

Integrated Joint Operations Platform (біріккен операциялар платформасы) атты бағдарлама аумақ тұрғындарының мобильді телефондары мен компьютерлерін бақылап, егер қандай да бір "күдік" пайда болса - мысалы, "күдікті" адамдармен араласса немесе сондай әрекетпен шұғылданса, "сигнал" береді. Кейінірек полиция сол "күдікті жайттарға" назар аудармақ.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірді.

Құқық қорғаушылар мен ондай лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.

Шымкент соты "терроризм" бабымен айыпталған Маxаматовты 8 жылға соттады

"Терроризм" бойынша айыпталған Ділмұрат Махаматов сот залында адвокатымен сөйлесіп жатыр. Шымкент, 2 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты 2018 жылы "Сауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған", елде "терроризм" бабы бойынша айыпталған Ділмұрат Маxаматовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Істі қараған судья Сәбит Төреxанов Ділмұрат Маxаматовты "әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" және "терроризмдi насихаттау немесе терроризмге шақыру" бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Айыпталушы Ділмұрат Маxаматовтың өзі Азаттық тілшісіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Адвокаты Сапарәлі Абылаевтің айтуынша, "сот барысында Махаматовтың кінәсін дәлелдейтін қажетті айғақ" көрсетілмеген.

"Діни сарапшылардың жауабы мен аудиожазба дәлел ретінде берілді. Аудиожазбаны интернетке кім салғаны да белгісіз" дейді Сапарәлі Абылаев.

Ділмұрат Махаматовтың ісі сотқа 21 наурызда түсіп, 4 сәуірде қарала бастады. Айыпталушының талап-тілегіне байланысты жабық өткен сот процесіне оның ағасы мен адвокаты, прокурор ғана қатысты. Ақпарат құралдары сот отырысына жіберілмеді.

2018 жылы қазан айының ортасында мемлекеттік БАҚ Сауд Арабиясында "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан" "салафит ағымының өкілі" Сарыағаш ауданында туып өскен Дильмурат Махаматовтың ұсталғанын хабарлаған.

Сол кезде ақпарат құралдарына хабарлама таратқан полиция Махаматовтың "бұл елде жүріп, интернет арқылы қазақстандықтарға заңсыз үгіт-насихат жүргізгенін" айтқан еді. Кейінірек жергілікті БАҚ Қазақстан өтінішімен оны елге экстрадициялағанын жазды.

Қазақстанда соңғы жылдары өздерін "түрлі діни ағым өкілдеріне жатқызған" ондаған адам терроризм бабы бойынша айыпталып, түрмеге қамалған.

Нұр-Сұлтанда жатақханадан өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланды

Өрт сөндіру көлігі.

2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланған. Түтіннен уланған 26 адам ауруханаға түскен. "Олардың жағдайы орташа" деді Азаттық тілшісіне оқиға орнында жүрген мамандар.

Төтенше жағдай жөніндегі департамент өкілдерінің айтуынша, Байқоңыр ауданындағы Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан бесқабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы ақпарат құтқару қызметіне 2 мамырда таңертеңгі сағат 10 жарым шамасында түскен.

"32 адам құтқарылды, олардың 28-і бала. Өз бетімен 350 адам жатақханадан эвакуацияланды" делінген департамент хабарламасында.

Ақпарат бойынша, ғимараттың екінші қабатындағы бөлме өртенген. Жатақханада жылу беру тоқтатылғандықтан тұрғындар бөлмені жылытатын құрылғылар қолданған. Мамандар өрттің шығуына сол себеп болуы мүмкін дейді.

Жатақхана тұрғындарының бірі, көп балалы ана Азаттық тілшісіне өрт кезінде ғимаратта болғанын, қою түтіннен айнала көрінбей, әрең дегенде балаларын сыртқа шығарғанын айтқан. Таңертеңгі сағат оннан бері сыртта жүрген тұрғындар тоңғандарын да жеткізген.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оқиға орнына барған қала әкімі Бақыт Сұлтанов "тұрғындарға көмектесіп", "ғимараттың жағдайын тексеруді" тапсырған.

"Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өтпеді

Жұматай Әлиев.

Орталық сайлау комиссиясы "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Жұматай Әлиевті президент сайлауына өткізбеді. Бұған дейін тіл комиссиясы Әлиев қазақ тілін меңгермеген деген шешім шығарған.

Үміткер тіл сынағында "Мемлекет және дін" тақырыбында шығарма жазып, "Абай жолы" романынан үзінді оқып, "Ырыс алды - ынтымақ" тақырыбында ойын айтқан.

Комиссия мүшесі Әділ Ахметовтің айтуынша, Әлиев шығарманы үстірт жазған, 13 сөйлемнен 19 қате жіберген. Үміткер "Абай жолы" романын оқығанда да "шорқақтығын байқатқан".

Жұматай Әлиев - "қазақ тілін меңгермеген" деген баға алған жалғыз үміткер. Осыған дейін тіл комиссиясы үміткерлер - Сәдібек Түгел ("Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы),​ Қасым-Жомарт Тоқаев ("Нұр Отан" партиясы), Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) "қазақ тілін меңгерген" деген шешім шығарған.

Қазақстандағы президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Тоқаев: Жер еңбек етем деген азаматтар иелігінде болуы керек

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

2 мамырда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапары барысында жерді тиімді пайдалану мен жер телімдерін үлестіру мәселесі туралы айтқан.

"Жер еңбек етем деген азаматтардың иелігінде болуы керек. Сондықтан әкімдіктер екі мәселені шешіп алсын. Біріншіден, жер телімдерін үлестіруде ашықтықты қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын қатаң қадағалау қажет" деп мемлекеттік БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірген.

Президент жер мәселесінен бөлек аймақтағы жолдардың 20 пайызынан астамы нашар екенін айтып сынаған. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, президент бүгін қаладағы "Салтанат" сарайында тұрғындармен кездескен. Оның Twitter-дегі парақшасында кейбір азаматтар өздерін президентпен кездесуге кіргізбегенін айтып шағымданған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың 1-і күні Алматыда болған кезде бір мезетте қалада жүзден астам азамат билікке талап айтып, наразылық шарасын өткізді. Кейбір қолданушылар Twitter-дегі парақшасында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық шаралары туралы сұрақ қойған.

2 мамырда полиция олардың үстінен хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тартты.

Министрлік: "Қаламқастағы" апат Қытай компаниясы жұмысшыларының кінәсінен болған

Қаламқас кенішіндегі өрт.

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Маңғыстау облысы "Қаламқас" кенішіндегі апатқа қытайлық Si Bu компаниясы жұмысшыларының өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын хабарлады. 2 мамырда апатты зерттеу комиссиясының қорытындысымен таныстырған индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов Нұр-Сұлтанда өткен жиында осылай деп мәлімдеді.

"Ұсынылған материалдарды қарастырып, Si Bu инженерлік бұрғылау компаниясының ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны, бұл өз кезегінде газ бен судың шығуына алып келгенін комиссия анықтады. Мердігер ұйым Si Bu компаниясының ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұзып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын есептемеген, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын ашылған" деді Нығметжан Мақажанов.

Оның айтуынша, Si Bu "осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылауды қамтамасыз етпеген". Мақажанов бұған қоса, компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қажетті дәрежеде маманданбағанын да жеткізді.

Комитет басшысы апаттың себептері мен жай-жапсары жазылған акт жасалып, "апаттың алдын алу шаралары әзірленгенін" айтты. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген.

25 наурызда Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кенішіндегі ұңғымалардың бірінен өрт шығып, өрт сөндірушілер бірнеше күннен кейін ғана өртті сөндіре алған.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары "Қаламқас" кенішіндегі өрт туралы видео таратып, аумақтың экологиялық жағдайына алаңдаған.

30 наурызда кеніш маңындағы ауа, топырақ және су құрамын зерттеген "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мамандарының зерттеу қорытындысын жариялаған энергетика министрлігі "ауада ластаушы заттардың жоғары концентрациясы анықталған жоқ" деп хабарлаған.

"Қаламқас" кенішін барлаумен - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы айналысады.

Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан екі азаматты бес күнге қамады

Наразылық шарасына шыққандарды полиция қызметкерлері ұстап жатыр. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 1-нен 2-сіне қараған түні Астана қалалық әкімшілік соты Есіл жағалауындағы наразылық шарасына қатысқан ондаған адамды әкімшілік жауапқа тартты. Олардың арасында Алтынбек Орынтайұлы, Әлімжан Ізбасаров және Бибігүл Тұяқова да болған.

Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, судья Ахметкалиев “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” (667-бап 1 тармағы Әкімшілік кодекс) деп айыпталған Алтынбек Орынтайұлы пен Əлімжан Ізбасаровты бес тәулікке қамау туралы сот шешімін шығарған.

Ал Бибігүл Тұяқованың сот залында денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқандықтан оның соты бүгін, 2 мамырға қалдырылған. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, әкімшілік жазаға тартылған азаматтардың көбіне “құқық қорғау орган өкіліне бағынбады” деген айып тағылған. Сотта шерушілердің прокурор тарауды сұрағанда кетпей тұрып алғаны айтылған.

Қазір Нұр-Сұлтанда Бибігүл Тұяқова соты өтіп жатыр.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда нақты қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ.

Адвокат Бауыржан Рақымжанов және өзге де белсенділер Азаттық тілшісіне Алматы әкімшілік сотында ұсталғандарды түнгі сағат бір-екіге дейін іс материалынсыз құр босқа ұстағанын айтты. Тұрсынкүл Жоланова есімді алматылық азаматтың құқығын сотта қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева соттың түнгі 1-де басталғанын, "аудармашы қажеттілігіне байланысты" отырыстың 2 мамырға қалғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекқызы бұл бойынша "ішкі істер министрлігіне хабарласуды" өтінді. Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз сотқа сілтеді.

Нұр-Сұлтан және Алматы әкімшілік соты ұсталғандардың аты-жөнінсіз ақпарат бере алмайтынын айтты.

Путин "интернетті оқшаулау" туралы заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин Пекиндегі "Бір белдеу - бір жол" форумынан кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұр. 27 сәуір 2019 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин ресейлік интернет сегментін оқшаулау туралы заңға қол қойды. Құқықтық ақпарат сайтында жарияланған құжат 1 қарашадан бастап күшіне енеді.

Жоба авторлары бұған дейін құжат бүкіләлемдік интернет ажырап қалған жағдайда Ресей интернетінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп айтқан. Оның атқарылу барысын Роскомнадзор қадағалайды, ал оператор желілерінде қорғау құралдарын орнату мен пайдалану тәртібін Ресей үкіметі бекітпек.

Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат "2018 жылы қыркүйек айында қабылданған АҚШ-тың ұлттық киберқауіпсіздігі бойынша стратегиясының агрессивті сипаттарын ескере отырып" әзірленген.

Заң жобасына қарсы азаматтар "автономды желі" интернетте жаппай цензураның пайда болуына ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Владимир Путинді заңға қол қоймауға шақырған. "Шекарасыз тілшілер" және Human Rights Watch ұйымдарының бірігіп жасаған мәлімдемесінде құжат Ресей қол қойған Адам құқығы бойынша Еуропа конвенциясы мен БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтары туралы пакті шарттарын бұзады деп жазылған.

Бұған дейін бірқатар интернет-компаниялар да құжатты сынап, оның атқарылуы барысында қолданылатын технология "сервис жұмысын баяулатады" деп ескерткен. Заңға қарсы кейбір азаматтар көп қаржыны талап ететін заң жобасы ерте ме, кеш пе өзге мақсатта қолданылуы мүмкін деп алаңдаған.

ЕО Венесуэланы наразыларға күш қолданбауға шақырды

Венесуэлада билікке наразылық білдіріп тұрған азамат. 30 сәуір 2019 жыл.

Венесуэла бойынша халықаралық байланыс тобы Каракасты наразылық шеруіне шыққандарға күш қолданбауға шақырды. Бұл туралы Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі қызметінің мәлімдемесінде жазылған. Еуроодақ Венесуэладағы демократиялық процестерді қолдап, ашық сайлау өткізу үшін бар күшін салуға уәде берген.

30 сәуірде Каракаста оппозиция жақтастары мен қазіргі президент Николас Мадуроны қолдайтын әскерилер арасында қақтығыс болды. Билік күштері наразылыққа шыққандарға көзден жас ағызатын газ шашты. Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо әскерилердің бір бөлігі өз жағына өткенін хабарлады. Әзірге нақты қанша әскеридің оны қолдағаны туралы дерек жоқ.

Бұған дейін Хуан Гуайдо венесуэлалықтарды 1 мамырда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Биыл қаңтарда өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны елуден астам ел Венесуэланың заңды басшысы деп таныған. Николас Мадуро елдегі дағдарысқа АҚШ-ты айыптайды.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон "Мадуроның жақтастары оны биліктен кетіру жайлы өзара келіссөз жүргізіп жатыр" деп хабарлаған.

Мадуроны Ресей мен Қытай бастаған санаулы ел қолдайды.


Тағы

XS
SM
MD
LG