Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот Серікжан Біләштің үйқамақтағы уақытын созды

Серікжан Біләш.

5 мамырда Нұр-Сұлтанда тергеу соты "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үйқамақтағы уақытын бір айға, яғни 10 маусымға дейін созды.

Сотқа Біләштің адвокаты Айман Омарова Алматыдан видеоконференция арқылы қатысты. Әйелі де сот процесін адвокатпен бірге бақылап отырды. Омарова соттан Біләшті Нұр-Сұлтаннан Алматыға ауыстыруды сұрады. Адвокат Біләштің Алматыда тіркелгенін, оның әйелі мен екі баласы осы қалада тұратынын айтты.

Тергеуші мен прокурор Омарованың шағымына қарсы шығып, соттан Біләшті Нұр-Сұлтанда қалдыруды сұрады.

5 мамырда өткен сотта Серікжан Біләш сөз алып, өзіне қатысты қозғалған істі саяси тапсырма деді. Біләштің сөзінше, 10 наурызда оны Алматыдан Нұр-Сұлтанға жеткізген соң қысым жасалып, Мұхтар Әблязовқа (Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі) қарсы сөз сөйлеп, адвокаты Айман Омаровадан бас тартуды сұраған.

2019 жылы 10 наурыз түнде Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Кейін оның үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны хабарланған. 11 наурыз күні сот екі айға үй қамаққа алу туралы шешім шығарған. Серікжан Біләштің үстінен "ұлт араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүріп жатыр.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

Баннер үшін қамалған Төлесова мен Толымбеков мерзімінен бұрын босап шықты

Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 5 мамыр күні кешке босап шықты. Бұл туралы Азаттыққа Әсия Төлесова айтты.

Төлесованың сөзінше, оларды босату туралы шешімді түрме әкімшілігі бүгін, 5 мамырда жүргізілген медициналық тексеруден соң қабылдаған.

- Бейбарыстың қан қысымы жоғары болған екен. Менің де денсаулығымның әлсірегені анықталды. Мұнан соң түрме әкімшілігі бізге бүгін босататындарын хабарлады. Салмақ тастадым. Бірақ қазір халім жақсы, - деді ол.

Төлесованың анасы Жанар Жандосованың Азаттыққа айтуынша, 5 мамырда кешкі сағат 19.30-да Әсия түрмеден телефон шалып, өздерін босатып жатқанын айтқан. Екі белсендіні үйге түрме қызметкерлері әкелген.

- Әсия мен Бейбарысқа кесілген 15 тәулік жаза мерзімі 6 мамырда 9.00-де аяқталуы керек еді. Түрме әкімшілігі ертең жұрт жиналады деп қорықса керек. Екеуі де сергек отыр, жағдайлары жақсы, - деді ол.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін екі белсендіні - 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Мюнхенде қазақстандық белсенділерді қолдау акциясы өтті

Мюнхендегі қолдау акциясы. 4 мамыр 2019 жыл.

Германияның Мюнхен қаласында 4 мамырда бір топ азамат өткен айда Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін қамалған қазақстандық белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап акция өткізді.

Акцияға қатысушылардың (аты-жөндерін атағысы келмеді) Азаттыққа жіберген суретінде Мюнхеннің Marienplatz алаңында тоғыз Қазақстан азаматының "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұрғаны көрінеді. Олардың қолында сонымен бірге "Әділ сайлау үшін", "Менде таңдау бар" деген жазуы бар плакат болған, бұған қоса шараға қатысқандар Қазақстанның мемлекеттік туын да ұстап тұрған.

"Мақсат - Германия тұрғындарының назарын аударту емес, Қазақстандағы азаматтарды қолдау, әділ сайлаудан үміттенген жастар толқынына дем беру. Полициядан рұқсат сұрадық. Бөлімшеде мұндай жиын өткізу үшін рұқсат сұраудың қажеті жоғын айтты - "қоғамдық тәртіпті бұзбасаңыздар болғаны" деді. Жанымызда көп полиция болды, бірақ ешкім ештеңе сұраған оқ. Айналада жүрген адамдар бізді суретке түсіріп, "не үшін мұны жасап отырсыздар?" деп сұрады. Сұрағандарға түсіндірдік" деп жауап берді Мюнхендегі акцияға қатысушылардың бірі.

Сәуір айының аяғында Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында осыған ұқсас қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада мен Италияда, АҚШ, Нидерландыда да өтті. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер Лондондағы марафон кезінде жол бойынан көрінген.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, шараны түсірген тағы үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыппұл салған.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

29 сәуірде Алматы соты белсенді Роман Захаровты қаладағы Достық пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы жазылған баннер ілгені үшін бес тәулікке қамауға шешім шығарған. Кейін апелляциялық сот алқасы әкімшілік қамау жазасын айыппұлмен (5 АЕК немесе 12 625 теңге) ауыстырды. Захаровқа "ұзақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айып таққан полиция оны "қоғамдық орынды ластағаны" үшін жауапқа тартқанын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков 6 мамырда таңертең қамау орнынан бостандыққа шығуы тиіс.

БҰҰ: Солтүстік Кореяның миллиондаған тұрғыны азық-түлік тапшылығына ұшырады

Пхеньян тұрғындары Солтүстік Кореяның бұрынғы және қазіргі басшыларына арналған ескерткіш алдында тұр. Желтоқсан айы, 2018 жыл.

Солтүстік Корея халқының шамамен 40 пайызы - он миллионнан астам адам астықтың шықпай қалуына байланысты азық-түлік тапшылығына ұшырады.

БҰҰ-ның баяндамасында осындай дерек айтылады. Бұл есеп Солтүстік Кореядағы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы миссиясы мен ауыл шаруашылығы ұйымдарының деректеріне сүйеніп жасалған. Сарапшылар Пхеньянда сәуір айының басында жұмыс істеген.

Халықаралық ұйымдар көмекке қатты зәру жүздеген мың тұрғынға көмектескен. Бұлар негізінен әйелдер мен балалар, олар балабақша және ауруханалардан жарма өнімдері мен печенье алған.

АҚШ мемлекеттік департаменті елдегі азық-түлік тапшылығы мәселесіне ел билігін кінәлап, "заңсыз ядролық бағдарламасын дамытам деп қарапайым тұрғындар мүддесіне немқұрайлы қарады" деп айыптады.

1990-жылдары Солтүстік Кореяда болған ашаршылық салдарынан үш миллионға жуық адам өлген.


БАҚ: Қытайтанушы Сыроежкин ұсталды, оған "тыңшылық" айыбын тағуы мүмкін

Константин Сыроежкин. Алматы, 14 қараша 2012 жыл.

"Центр Азия" сайтына сілтеме жасаған қазақстандық бірқатар БАҚ Қазақстанның арнайы қызмет өкілдерінің Ресей азаматы, елде қытайтанушы ретінде белгілі Константин Сыроежкиннің ұсталғанын хабарлады.

"Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезеңіндегі Қазақстанның сыртқы саясаты" тақырыбындағы докторлық диссертациясының басты ғылыми кеңесшісі болған. Докторлық диссертацияны қорғау рәсімі 2001 жылы 4 маусымда Ресей Федерациясының өзекті және халықаралық мәселелер институтында Мәскеуде өтті" деп жазды сайт.

Расталмаған дерек бойынша, Константин Сыроежкин "тыңшылық" бабы бойынша күдікке ілініп отыр.

Алайда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) бұған байланысты баспасөз мәлімдемесін таратқан жоқ. Азаттық тілшісі ҰҚК-нің орталық аппаратына, соның ішінде баспасөз қызметіне де хабарласуға тырысқанмен жауап ала алмады. ҰҚК орталық аппаратының кезекшісі бұған байланысты еш түсініктеме бере алмайтынын, алайда дүйсенбі, 6 мамырда ҰҚК ресми баспасөз хабарламасын таратуы мүмкін екенін айтты.

Адам құқығын қорғау бойынша қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттық тілшісімен әңгімеде "ЦентрАзия" сайтында шыққан ақпаратта Сыроежкиннің нақты қай күні ұсталғаны туралы дерек жоғына назар аударады. Оның болжамынша, Сыроежкинді ақпан айында ұстаған болуы мүмкін, себебі дәл сол кезде оның әріптестерімен байланысы үзіліп қалды.

Zonakz.net сайтының тілшісі Владислав Юрицын 25 сәуір күні жариялаған "Әлемнің шынайы картасындағы "Бір белдеу - бір жол" жобасы" атты мақаласының соңына мынадай жазба қалдырған.

"Қазақстандағы Қытай бойынша сарапшы мамандардың ортасы өте шағын және бәрі бір-бірін біледі. [Сәуірде өткен Қытайдың ірі жобасына арналған] Конференция кезінде көбі Константин Сыроежкиннің жоғалып кеткеніне назар аударды. Ол [ақпан айында өткен] республикадағы қытайтану бойынша конференция кезінде баяндама жасауы тиіс болған, бірақ оған келген жоқ және оған ешкім хабарласа алмай жатыр" делінген сайтта.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Алматыда туып-өскен 62 жастағы Константин Сыроежкин Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, елде Қытай мәселелері бойынша жетекші сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы.

АЭС-ке қарсы митингіге шақырған белсенді қамаудан шықты

Белсенді Болатбек Біләлов өзін қолдап келген азаматтармен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2019 жыл.

АЭС-ке қарсы митинг өткізгені үшін 15 күнге қамалған белсенді Болатбек Біләлов мамырдың 5-іне қараған түні бостандыққа шықты. Оны қамау орнының қақпасынан 30-дан астам адам қарсы алды.

Азаттыққа берген сұхбатында белсенді өзінің жалғыз адамға арналған камерада отырғанын, қамауда болған кезде полицияның "тағы да акция жасау ойыңда бар ма?" деп сұрағанын айтқан.

"Осы айдың аяғында тағы да "Протон" ұшады. Не болатынын нақты айта алмаймын" деп жауап бердім" дейді белсенді.

Болатбек Біләловты қарсы алған топ. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2019 жыл.
Болатбек Біләловты қарсы алған топ. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2019 жыл.

20 сәуірде Нұр-Сұлтан соты белсенді Болатбек Біләловті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы (әкімшілік кодекстің 488-бап, 3-бөлім) бойынша кінәлі деп тауып, 15 күнге қамаған еді.

Оның алдында белсенді Facebook-тағы парақшасында әкімдікке бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бергенін айтып, қолданушыларды 26 сәуірде атом электр станциясын салуға қарсы бейбіт митингке келуге шақырған. Белсендінің әкімшілік жазаға тартылуына осы жазба себеп болған. Ол Facebook жазбасында атом жобаларының қаупі жайлы ескерткен еді.

Сот шешімін шығарған судья Құралай Архабаева "әкімдіктен рұқсат алмайынша жиынның уақытын хабарлауға" азаматтардың құқығы жоқ екенін айтқан. Біләлов сот шешімін апелляцияға бергенмен шешім өзгеріссіз қалды.

Болатбек Біләлов - тіркелмеген "Антигептил" экологиялық қозғалыс жетекшілерінің бірі. Қозғалыс өкілдері бұған дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан экологияға зиянды "Протон" зымыран тасығыштарын ұшыруға тыйым салуды және Қазақстан аумағында ресейлік әскери-сынақ полигондарының жабылуын талап еткен.

2016 жылы қаңтарда желіге "Кремльге қарсы" видео салғаны үшін "ұлттық алауыздықты қоздыру" бабы бойынша айыпталған Біләловтың бас бостандығын сот үш жылға шектеген.

Болатбек Біләлов бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанда қарапайым азаматтардың баспана мәселесі бойынша құқықтарын қорғаумен танымал. Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын жұмыс тобының құрамында да бар. Бұл топ ақпан айында басталған Қазақстанда көп балалы аналар наразылығынан кейін құрылған.

Сәуір айының басында Ресейге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде президент Владимир Путин Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар әртүрлі пікір білдірген. Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атаған.

Видео: Ресей президенті Путин Қазақстанда АЭС салуды ұсынды. (4 сәуір 2019 жыл).

Ресей президенті Путин Қазақстанда АЭС салуды ұсынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Бес күнге қамалған Нұр-Сұлтан тұрғыны тағы бір баппен он күнге қамалды

Сот өтінішін қанағаттандырмаған соң Әлімжан Ізбасаров аштық жариялайтынын айтып, сот залының еденіне отырып алды. Нұр-Сұлтан, 4 мамыр 2019 жыл.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Әлімжан Ізбасаровты он тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Ізбасаров дәл осы наразылық шарасына байланысты бұған дейін "667-бап бойынша" ("құқық қорғау орган өкіліне бағынбау") әкімшілік жазаға тартылып, бес күнге қамалған еді. Енді оған он күн қосылып, жауапкер қамауда барлығы 15 күн отырады. Он күн оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-ші бөлімі ) үшін беріліп отыр.

Сот процесіне қатысқан Азаттық тілшісінің айтуынша, Ізбасаров пен оның адвокаты Асхат Оразаев 4 мамырда "судьяны ауыстыру" туралы екі рет өтініш берген. Екі өтініші де қанағаттандырылмаған. Басында Ізбасаров адвокаты келгенге дейін сот процесін сәл шегеруді сұраған. Судья Архабаева оның өтінішін орындамаған. Бұдан соң жауапкер судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыру туралы өтініш түсірген.

"Ол аштық жариялайтынын айтып, жерге отырып алды" дейді Азаттық тілшісі. Кейінірек адвокат Асхат Оразаев сот процесіне келген.

Ал екінші жағдайда оның адвокаты Оразаев "айғақ ретінде көрсетілген видеоны сараптауға мүмкіндік бермеген соң" судья Архабаеваны "ауыстыру туралы" тағы өтініш жасады. Ол өтініші де қанағаттандырылмады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ізбасаровтың сотына көп адам жиналған. Бұған дейін сот процесіне кіре алмағанына наразы болған азаматтар соттың "күзет шебін" бұзып, ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, процеске кірген еді. Істе прокурор болған Айгүл Құсайынова басында жауапкерге үш күн сұрап, кейінірек пікірін өзгертіп, он күн сұраған. Судья Архабаева кешкі сағат онға таман шешім шығарып, Ізбасаровты он күнге қамады.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Расул Досқараев, Жанар Аманғалиева және Асхат Смағұлов, Серік Асқаровты он тәулікке қамап, тағы бір жауапкер Кәмила Бағжановаға 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы әзірге белгісіз.

Ұсталғандардың үстінен қозғалған әкімшілік істер әлі жалғасып жатыр. Азаттық тілшілері қазірге дейін 10-нан астам адамның жазаланғанын анықтады.

Оқи отырыңыз: Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?​

Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан бірнеше адам он күнге қамалды

1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның азаматтарды ұстау сәті.

4 мамырда Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1 мамыр күні наразылыққа шыққан Расул Досқараев, Жанар Аманғалиева және Асхат Смағұловты он тәулікке қамады. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-ші бөлімі ) бабы бойынша айып тағылған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Расул Досқараевтың адвокаты Асхат Оразаев сот процесінің басқа отырыспен қатар қойылуына байланысты судьядан процесті кейінге қалдыруды сұрағанмен судья өтінішіне құлақ аспаған. Осылайша Досқараевтың соты адвокатсыз өтіп, жауапкер он күнге қамауға жіберілген.

Сот бұған қоса наразылық шарасына қатысқан Нұр-Сұлтан тұрғыны Кәмила Бағжановаға 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Бүгін сонымен бірге бұған дейін "667-бап бойынша" ("құқық қорғау орган өкіліне бағынбау") әкімшілік жазаға тартылып, бес күнге қамалған Серік Асқаров пен Әлімжан Ізбасаровтың үстінен қозғалған тағы бір іс ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") қаралып, Асқаровқа бес тәулік қосылған. Ал Ізбасаровтың соты қазір жалғасып жатыр.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы әзірге белгісіз.

Ұсталғандардың үстінен қозғалған әкімшілік істер әлі жалғасып жатыр. Азаттық тілшілері қазірге дейін 10-нан астам адамның жазаланғанын анықтады.

Оқи отырыңыз: Наразылықтан кейін қанша адам жазаланды?

Адвокат: Әсия Төлесованы басқа камераға ауыстырды

Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орны. Көрнекі сурет.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесованы "қоқан-лоқы туралы шағымнан" кейін басқа камераға ауыстырды. Бұл ақпаратты 4 мамырда кешке қарай белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне хабарлады.

Бұған дейін Төлесованың қамау орнында өзіне қоқан-лоқы жасап, күш көрсеткеніне шағымданғаны хабарланған еді. Оның әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орнының басшысына және адвокатына жазған шағымының суретін анасы Жанар Жандосова 4 мамырда Facebook желісінде жариялаған.

Қызының денсаулығына алаңдаған Жанар Жандосованың айтуынша, онымен бір камерада отырған қыз Әсияның ішінен теуіп, қоқан-лоқы жасаған. Тәртіп бұзуға итермелеп, дөрекі сөйлесіп, айқайлаған.

Арнайы қабылдау орны Азаттық тілшісіне бұған дейін Әсия Төлесованың мекеме басшылығына шағым жазғанын растап, бірақ не деп жауап бергенін айтпаған еді. Мекеме өкілдері кешке қарай толық ақпарат алу үшін Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласу қажеттігін айтты. Қалалық полиция департаменті әзірге жауап бермеді.

Алайда жергілікті Tengrinews агенттігі кешке қарай "Әсия Төлесованың соққыға жығылғаны және оны арандатпақ болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деген полиция департаментінің хабарламасын жариялады.

"Жүргізілген тексеру нәтижесі Төлесованың қамауда отыру шарттары бұзылмағанын, оның қысымға ұшырамағанын көрсетті. Оның денсаулығын дәрігерлер тұрақты бақылап отыр" делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

Онда Төлесованың қамауда отыруы жайлы "әрі қарай да күмәнді ақпарат таралмас үшін" ол басқа камераға ауыстырылды деп жазылған.

4 мамырда әлеуметтік желіде Әсия Төлесовадан бөлек белсенді Бейбарыс Толымбековке де "қысым жасалғаны" хабарланған. Бірақ адвокат Жанар Жандосованың айтуынша, белсенді Толымбековтің қамау жағдайына байланысты шағымы жоқ.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Дания Еспаева президенттікке үміткер ретінде тіркелді

Дания Еспаева.

4 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Дания Еспаеваны Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы ОСК-ның баспасөз қызметі хабарлады.

ОСК-ның жазуынша, Қазақстанның барлық 17 өңірінен Дания Еспаеваны "президенттікке кандидат ретінде қолдайтын 144 098 азаматтың қолы" жиналған, оның ішінде 139 541 қол жарамды болып танылған.

Қазақстандағы президент сайлауына түсетін алғашқы әйел кандидат Дания Еспаеваны биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына билікшіл "Ақ жол" партиясы президенттікке үміткер ретінде ұсынған.

Бұған дейін ОСК "Нұр Отан" партиясы сайлауға үміткер ретінде ұсынған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұсынған үміткер Сәді-Бек Түгел, "Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы" ұсынған Амангелді Таспиховті президенттікке кандидат ретінде тіркеген.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев 3 мамырда "сайлауалды кезеңде Тоқаев президенттік өкілетін атқара береді, заңда үгіт-насихат кезеңінде өкілетті тоқтату туралы талап жоқ" деген.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), ​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

1 мамыр күні ұсталған шымкенттік белсендіге сот ескерту берді

Шымкенттік белсенді Марат Құдайбергенов.

4 мамырда Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 1 мамыр күні қаладағы "Ордабасы" алаңында ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген белсенді Марат Құдайбергеновтің үстінен қозғалған әкімшілік істі қарап, белсендіге ескерту берді.

Құдайбергеновтің үстінен "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" бабы (Әкімшілік кодекстің 667-бабы, 1-бөлімі) бойынша іс қозғалған.

Белсендінің өзі 1 мамыр күні ешқандай наразылық шарасына қатыспағанын, бірақ сонда да үйінен шыға полиция ізіне түскенін айтады. "Ордабасы" алаңына бара жатқан кезде құқық қорғау қызметкерлері оны тоқтатып, "белгісіз қылмыстық іс бойынша куә ретінде полиция бөлімшесіне баруын" сұраған.

- Мені Тараз қаласында болған әлдебір қылмыстық іске куә ретінде полиция бөлімшесіне баруымды сұрады. Көрсеткен құжаттарының бәрі көшірме. Бірде-бір мөр басылмаған не қол қойылмаған. Сондықтан олармен бірге бөлімшеге барудан бас тарттым, - деген еді белсенді бұған дейін Азаттық тілшісіне.

Құдайбергеновтің айтуынша, 1 мамыр күні "Ордабасы" алаңына жеткен кезде полиция оны ұстап, бөлімшеге апарған, онда жеті сағат отырған". Сәл кейінірек оның үстінен әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болған.

4 мамыр күні болған сотта прокурор Нәрімбетова Марат Құдайбергеновті кінәлі деп танып, бес тәулікке қамауға алуды сұрады. Кеңесу бөлмесінен шыққан судья Айнұр Оспанова белсендіні кінәлі деп танып, бұрын-соңды құқық бұзбағанын ескеріп, ескерту берді.

4 мамыр күнгі сот процесі ашық болғанмен полицейлер мен прокурорлар қарсылық танытқаннан кейін сот журналистерге аудио жазып, видео-сурет түсіруге тыйым салды.

1 мамырда Шымкенттегі "Ордабасы" алаңындағы "Жер ана" монументінің алдына он шақты адам жиналып, елдегі әлеуметтік проблемалар мен сайлауға байланысты пікірлерін білдірді. Алаңды полиция қоршап, маңындағы көшелерді уақытша жапты.

Бұл күні Алматы мен Нұр-Сұлтан және елдің өзге де қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар билікке түрлі талап қойған. Олардың арасында елде әділ сайлау өткізу, астананың бұрынғы атауын қайтару, елде АЭС салмау, белсенділерді қудаламау сияқты талаптар болды. Полиция наразылық шарасына қатысқан ондаған азаматты ұстады. 2 мамырдан бері ұсталған азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.

Қамалған белсенділерге қысым жасалғаны хабарланды

Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке қамау орнында қоқан-лоқы жасап, күш көрсеткен. Бұл ақпаратты 4 мамырда Әсия Төлесованың жақындары хабарлады.

"Қазір адвокаты шықты. Бейбарысқа да, Әсияға да қоқан-лоқы жасап жатқаны анықталды. Әсия отырған камераға Толғанай есімді қызды кіргізген. Ол президенттің жиені екенін, оларға (Әсия, Бейбарыс - ЖЖ.) қарсы екенін айтып, саяси әңгімеге тартқан. Жұдырығын көрсетіп, төбелеске бейім екенін білдірген. Әсияны ішінен ұрған. Аштық акциясын жалғастырып жатқан Әсия өте әлсіз. Ол камерадан шығып, қайта кіргісі келмейтінін айтқан. Жаңағы қыз үнемі айқайлап сөйлеп, агрессия танытқан. Олар Әсияны қандай да бір тәртіп бұзуға итермелеп, тағы да сол жақта қалдырғысы келеді. Бұл өте қауіпті" деді 4 мамырда түстен кейін Әсия Төлесованың анасы Жанар Жандосова Азатық тілшісіне.

Ол Facebook желісінде Әсияның жазған хатының суретін де жариялап қойған.

Ол 4 мамырда Әсия Төлесованың адвокаты Жанар Балғабаевамен бірге Алматы қалалық прокуратурасына барып, шағым түсіретінін айтты.

"Ертең жексенбі. Жұмыс күні емес. Олар кез келген нәрсені жасай алады" деп алаңдайды Жанар Жандосова.

Жанар Жандосованың айтуынша, Әсия 4 мамырда әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орнының басшысы Қахаров А.А есімді азаматтың атына шағым түсіріп, аталған камерада отырудың қауіпті екенін жазған.

​Азаттық тілшісі 4 мамырда түстен кейін Әсия Төлесова отырған әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған арнайы қабылдау орынға хабарласып, Әсия Төлесованың жағдайын сұрады.

Өзін Арсен Марат деп таныстырған арнайы қабылдау орнының қызметкері Әсия Төлесованың сол жерде отырғанын растады. Бірақ нақты қанша адаммен отырғаны жайлы ақпаратты айта алмайтынын жеткізді. Ол Әсияның қабылдау орны басшысына шағым түсіргенін растап, басшылықтың оған бүгін жауап бергенін айтты. "Не деп жауап берді?" деген сұрағымызға Арсен Марат "айта алмаймыз" деп қысқа қайырды.

Әсия Төлесованың аштық акциясын жалғастырып жатқанын айтқан қызметкер "оның жағдайы бір қалыпты" деді.

"Күн сайын полиция департаментінің ауруханасынан терапевт келіп, күнде жағдайын қарайды. Жағдайы бір қалыпты жақсы. Әр үш сағат сайын оның қысымын тексереді" деді Арсен Марат.

Оның айтуынша, Бейбарыс Толымбековтен ешқандай шағым түспеген. "Оның жағдайы жақсы" деді.

Азаттық тілшісі Алматы қалалық прокуратурасына хабарласқанмен жауап ала алмады.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамаған еді.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Ал Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Қырғызстан парламенті елде уран өндіруге тыйым салды

Ыстықкөл аумағында уран өндіруге тыйым салуды талап еткен наразылық акциясы. 26 сәуір 2019 жыл.

Қырғызстан парламенті "экологиялық апаттан сақтану үшін" ел аумағында уран кеніштерін игеріп, уран өндіруге тыйым салды. Бұл қаулыны депутаттардың 90 пайызы қолдады, ешкім қарсы шықпады деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Парламент спикері Дастанбек Жумабеков мұны "саяси шешім" деп атады.

"Құрметті депутаттар, парламент саяси шешім қабылдады. Қырғызстанның барлық аумағында уран өнідіруге тыйым салынып жатыр. Қаулының басты мақсаты осы болған" деді ол.

Парламент отырысында елде қазіргі кезде уран барлауға 18 лицензия берілгені анықталды. Олардың бесеуі Ыстықкөл облысындағы биосфералық аймаққа кіретін аумақтарға қатысты.

Соңғы бірнеше аптада Қырғызстан тұрғындары наразылық шарасын өткізіп, Жалалабад облысындағы Кызыл-Омпол және Ыстықкөл облысындағы Таш-Булак кеніштерін игеруге тыйым салуды талап еткен. Ыстықкөлдегі кенішті игеру жұмыстары жаппай наразылықтан соң тоқтады.

Депутаттар Кызыл-Омпол кенішінде барлау жұмыстарын жүргізген "ЮрАзия в Кыргызстане" компаниясына уран өндіру бойынша берілген лицензияның заңдылығын тексеруді талап етті. Бұған қоса, ондағы уран кенішін барлауға бұрын мемлекеттен рұқсат алған компания жұмысын да тексеруді сұраған.

Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Бороновтың айтуынша, Қырғызстан аумағында 92 кеніш және радиациялық қалдық төгетін орын бар. Елде радиоактивті қалдықтардың жалпы көлемі 11,9 миллион текшеметрге жеткен.

ОСК Амангелді Таспиховты президенттікке үміткер ретінде тіркеді

Амангелді Таспихов.

4 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Амангелді Таспиховты Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдаған. Бұл туралы ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина комиссия отырысы кезінде президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың елдің 15 өңірінен (Алматы мен Шымкенттен бөлек - ОСК) 122 770 азаматтың қолын жинағанын айтқан. Тексеру нәтижесінде 119 577 қол жарамды деп танылған.

Бұған қоса, Таспихов кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комссиясына өзінің кірісі мен мүлкi жөнінде декларация, тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды тапсырған. ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлікті табыс еткен.

59 жастағы Амангелді Таспиховты биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Қазақстан кәсіподақтар федерациясы" президенттікке үміткер ретінде ұсынған.

3 мамырда ОСК "Нұр Отан" партиясы сайлауға үміткер ретінде ұсынған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұсынған үміткер Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеген. "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев 3 мамырда "сайлауалды кезеңде Тоқаев президенттік өкілетін атқара береді, заңда үгіт-насихат кезеңінде өкілетті тоқтату туралы талап жоқ" деген.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), ​Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), ​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

Пхеньян тактикалық зымыранын сынақтан өткізді

Оңтүстік Корея тұрғындары Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізу сәтін теледидардан бақылап тұр. 29 тамыз 2017 жыл.

Солтүстік Корея 4 мамырда таңертең Вонсан қаласындағы полигонда тактикалық зымыранын сынақтан өткізді деп хабарлады Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі.

Сынақ жайлы әзірге толық мәлімет жоқ. Барлау қызметінен түскен ақпаратты талдау жалғасып жатыр.

Сәуір айының ортасында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын тактикалық зымыранның жаңа түрін сынақтан өткізуге қатысқан. Америкалық сарапшылардың топшылауынша, Корей түбегін ядролық қарудан арылтуға байланысты келіссөздер сәтсіз өткеннен кейін бұл Пхеньянның Вашингтонға көрсеткен "қысымы" болуы да мүмкін.

Ақпан айында өткен екінші АҚШ-Солтүстік Корея саммиті нәтижесіз аяқталды. Ким ядролық зымыран жобаларынан толық бас тартуға келіскен жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөзден кейін Кимнің санкцияның толық күшін жоюды талап еткенін айтқан. Сарапшылар бұған дейін тыйым салынып келген сынақтарды Солтүстік Корея қайта жасауы мүмкін деп қауіптенеді.

2017 жылдың қараша айынан бері Пхеньян ядролық зарядтарды сынақтан өткізу және құрлықаралық баллистикалық зымырандарды ұшыруға байланысты енгізілген мораторий шарттарын орындап келеді. The New York Times пікірінше, соңғы сынақтар мораторийді бұзбайды, бірақ "АҚШ-Солтүстік Корея саммиті арқасында Солтүстік Кореямен қатынас түбірімен жақсы жаққа өзгерді" деген президент Трамп сөзіне күмәнді ұлғайтады.

Сотталушы өзін төсекке таңып, туыстарына хабарласуға мұрсат бермей отырғанына шағымданады

Алматы маңындағы облыстық көпсалалы емханасында отырған сотталушы Василий Кузьмин. Суретті әпкесі Марина Кузьмина түсірген. 20 наурыз 2019 жыл.

Алматы облысы Заречныйдағы ЛА-155/14 жалпы режимдегі колония сотталушысы, мүгедектігі бар Василий Кузьмин өзін түрменің медициналық бөлімшесінде төсекке таңып, туыстарына хабарласуға мүмкіндік бермей отырғанына шағымданады. Ол өзіне қажетті дәрі-дәрмекке тапсырыс беру үшін туыстарына хабарласайын десе, түрме әкімшілігі өтінішіне құлақ аспайды. Кузьминнің шағымын Азаттық тілшісіне түрмеге 3 мамырда барған адвокаты Ялкун Таиров жеткізді.

Заңгердің айтуынша, қант диабетіне шалдыққан сотталушы Кузьмин бұған қоса, түрмеде мүгедектігіне байланысты қажетті дәрежеде тамақтандырмайтынын да айтқан. Адвокат Азаттық тілшісіне Кузьминнің шағымының көшірмесінің суретін көрсетті. Сотталушы шағымды жанында адвокаты болған кезде жазған.

Василий Кузьминнің шағымы.
Василий Кузьминнің шағымы.

Таировтың айтуынша, Кузьмин кездесу бөлмесінде өте әлсіз, науқас көрінген.

Василий Кузьмин жайлы Азаттыққа ең алғаш рет ақпан айының соңында әпкесі Марина Кузьмина айтқан. Ол екінші топтағы мүгедек ағасына қажетті дәрі-дәрмек беру үшін түрмеге жиі барады. Ол ағасының денсаулығына, түрмедегі емдеу сапасы мен түрме қызметкерлерінің ағасына қалай қатынас жасайтынына алаңдайтынын айтады.

Азаттық тілшісі түрме әкімшілігіне хабарласа алмады. Бірақ Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кезекшісімен сөйлесе алды. Кезекші "Кузьминді медициналық бөлімшеде төсекке таңады" деген ақпаратқа күмәнмен қарады. Кезекшінің айтуынша, егер сотталушы түрме аумағынан тыс жерде емделсе ғана оны төсекке таңуы мүмкін. Ол түрменің медициналық бөлімшесінде емделіп жатқан сотталушыны ешкімнің төсекке таңуына құқығы жоқ екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев: Митингілер заңға сай өтуі тиіс

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың ойынша, Қазақстанда әр азаматтың ойын ашық айтуға құқығы бар, бірақ барлығы заң шеңберінде болуы тиіс. Әшімбаев бұл пікірін 3 мамырда Азаттықтың Нұр-Сұлтандағы тілшісіне айтты.

- Қайталап айтам, [шерулер] Қазақстан заңдарының аясында өтуі тиіс. Егер [заңды] сақтамасақ елде деструктивті тенденция күшейеді және жағымсыз үрдіс көбейеді. Бұл ешкімге де керек емес, - деді Мәулен Әшімбаев.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Бірақ Алматы мен Нұр-Сұлтан соты соңғы екі күнде бірнеше адамға айыппұл салған және тағы бірнешеуін қамаған.

ОСК Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Сәді-Бек Түгел. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)

3 мамырда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Сәді-Бек Түгелді Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдаған. Бұл туралы ақпаратты ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

"Орталық сайлау комиссиясы Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Сәді-Бек Түгелді Қазақстан республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеді" делінген хабарламада.

64 жастағы Сәді-Бек Түгелді биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы президенттікке кандидат ретінде ұсынған.

Бұған дейін жұма күні ОСК Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеген. Тоқаев сайлауға биліктегі "Нұр Отан" партиясы атынан түсті.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Амангелді Таспихов (Қазақстан кәсіподақтар федерациясы), ​Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), ​Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы),​Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және ​Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен.​ 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

Тоқаев Қазақстан әскерінің күшін мақтады

Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер алдында сөз сөйлеп тұр. 3 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы "Көктал" полигонында өткен "Айбалта-2019" әскери оқу-жаттығуын барып көрді. Жаттығу жиынынан кейін сөз сөйлеген Тоқаев Қазақстан әскерін күшті әрі мобильді деп мақтады.

Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстан әскері оқу-жаттығу кезінде кәсібилігін іс жүзінде дәлелдеген.

Қазақстан президенті командалық бөлімшелерге барып, әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерін көріп, механикаландырылған нан зауытын, азық-түлік қоймасын, пилотсыз ұшатын аппараттарды басқару пунктін аралады.

Тоқаев 3 мамырда Twitter желісіндегі парақшасында "әскери қызметтің мәртебесін көтеріп, әскерилерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерін шешеміз" деп жазды. Тоқаев әскерилердің басында қандай әлеуметтік мәселелер барын ашып айтпады.

"Айбалта-2019" әскери жаттығуы 15 сәуірде басталып, бүгін 3 мамырда аяқталды. Жаттығуға 8000 сарбаз бен 2000-нан аса әскери техника қатысты.

Тоқаевтың Алматы облысын сапары 2 мамырда басталған.

Шымкентте студент бесінші қабаттан құлап қайтыс болды

Студент құлап қайтыс болған ғимарат. Шымкент, 3 сәуір 2019 жыл.

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Қонаев көшесінде орналасқан оқу орны ғимаратының бесінші қабатынан құлап қайтыс болды. Жоғары оқу орынның аты-жөнін айтпаған қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, оқиға 3 мамыр күні сағат 11:30 шамасында болған. Ол қайтыс болған қыздың филология факультетінің бірінші курсында оқығанын, Өзбекстан азаматы екенін айтты.

Түстен кейін оқиға орнына барған Азаттық тілшісі күзетшілердің оқуға келген студенттерді ішке кіргізбей қайтарып жатқанын, прокуратура қызметкерлері келгенін көрді. Қайтыс болған студенттің денесін жедел жәрдеммен полиция қызметкерлері алып кеткен.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз xатшысы Әсел Сәденова студенттің қайтыс болғанын растағанмен тергеу амалдарына байланысты оның нақты қандай жағдайда көз жұмғанын айтпады. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы (қылмыстық кодекстің 105-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Әсел Сәденова тергеу амалдары басталғанын, бірнеше сараптама тағайындалғанын айтты.

Сот Нұр-Сұлтандағы наразылыққа қатысқан көп балалы әкеге айыппұл салды

Нұр-Сұлтан тұрғыны, көп балалы әке Талғат Данияров үйінің ауласында тұр. 2 мамыр 2019 жыл.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 3 мамырда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған Талғат Данияровқа 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған. Сот жауапкердің бес баланы тәрбиелеп отырғанын ескеріп, айыппұл сомасын 30 пайызға қысқартқан. Осылайша айыппұл көлемі 30 350 теңгені құраған.

Данияров сот процесінде шешіммен келіспейтінін айтып, бірақ апелляцияға шағым түсірмейтінін де жеткізген. Көп балалы әке айыппұл төлеуге шамасы жетпейтінін де айтқан.

Бұған дейін Данияров Азаттық тілшісіне 1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның өзіне күш қолданғанын, резеңке таяқпен ұрғанын айтқан. Ал бұған қатысты Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшылығы "полицияның күш қолданғаны туралы видео көрсетіңдер" деп айтқан.

Полиция резеңке таяқ қолданды ма?

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.

Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:

  • Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;
  • Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;
  • Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.
  • Талғат Данияров (Нұр-Сұлтан) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Әнуар Әшіралиев (Алматы) - 15 күнге қамалды.

Әкімшілік жазаға тартылғандар саны бұдан да көп болуы ықтимал.

Түркістан соты "мектепте бопса жасаған" оқушының үкімін өзгеріссіз қалдырды

Шымкенттегі Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

2 мамырда Түркістан облыстық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен үш жылға сотталған мектеп оқушысы Нұрбек Тұрсынxанның үкімін қайта қарап, өзгеріссіз қалдырған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне жәбірленуші жақ - өткен жылы суицидтен қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтің әпкесі Ұлжан Ақылбекова хабарлады. Үкімнің апелляциялық инстанцияда қаралғанын Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі де растады.

Апелляциялық отырысқа жәбірленуші жақтың шағымы негіз болған. "Шынайы кінәлілердің жазаланбай отырғанын" көптен бері айтып келе жатқан жәбірленуші тарап айыпталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтар алғашқы инстанциядағы сот процестерінде көрсетілмегенін айтып, соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. "Тұрсынханның кінәсі жоқ" деп санайтын жәбірленуші жақ Ахметовтің өліміне басқа бірнеше оқушының қатысуы болуы мүмкін деп болжайды.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі үкім өзгеріссіз қалғанмен соттың "жәбірленуші деп танылған төрт оқушының қылмыстық іске қатысы бар-жоғын тексеруді" Шымкент қалалық прокуратурасы мен полиция департаментіне тапсырғанын айтты. Сот "қалалық білім басқармасы басшысына, оқиғаға қатысы бар кінәлі адамдарға және қалалық полиция департаментіне қылмыстың алдын алмаған полицейлерге шара қолдану" туралы қаулы шығарған.

25 қаңтарда Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "қорқыту" және "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша айыпталған Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің оқушысы Нұрбек Тұрсынханды үш жылға соттаған.

Оны 2018 жылдың ақпан айында үйінде өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған мектеп оқушысы Ерсұлтан Ахметовті "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді" және өзі оқыған мектептің "жиырма шақты оқушысына қысым көрсетіп, ақша бопсалаған" деп айыптады. Бұған дейін қорғау тарабының да сотқа апелляциялық шағым түсіретіні хабарланған. Әзірге бұл жөнінде Азаттық тілшісі ақпарат ала алмады.

Нидерланд пен АҚШ-та қазақстандық белсенділерді қолдау акциясы өтті

Белсенділер Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ұстап тұр. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

2 мамырда Нидерландтың Гаага қаласындағы Қазақстан елшілігі алдында бірнеше азамат өткен айда Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер ілгені үшін қамалған қазақстандық белсенілер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап акция өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде бес азаматтың елшілік қасында "Шындықтан қашып құтылмайсың", "#менде таңдау бар", "adilsailayushin" деген жазуы бар баннермен тұрғаны көрінеді.

Жастар ұстап тұрған плакаттарда Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы және қамаудағы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босату туралы талап та жазылған.

1 мамырда Нью-Йорктегі "Таймс-сквер" алаңында да "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясы өтіп, оған шамамен жиырмаға жуық адам қатысқан.

Сәуір айының аяғында Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында осыған ұқсас қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада мен Италияда да болған. "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген баннер Лондондағы марафон кезінде жол бойынан көрінген. Жуырда бірнеше адам қатысқан қолдау акциясы Мәскеуде де өтті.

21 сәуірде Алматыда марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, шараны түсірген тағы үш азаматқа "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыппұл салған.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесіне Алматыда отыз шақты адам қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамаудағы белсенділерді босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті. Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жастардың "марафон өткізуге кедергі жасағанын" айтты.

29 сәуірде Алматы соты белсенді Роман Захаровты қаладағы Достық пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында Қазақстан Конституциясының "Мемлекеттік биліктің қайнар көзi - халық" деген бабы жазылған баннер ілгені үшін бес тәулікке қамауға шешім шығарған. Кейін апелляциялық сот алқасы әкімшілік қамау жазасын айыппұлмен (5 АЕК немесе 12 625 теңге) ауыстырды. Захаровқа "ұзақ бұзақылық жасау" бабы бойынша айып таққан полиция оны "қоғамдық орынды ластағаны" үшін жауапқа тартқанын айтты.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. 2 мамырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылыққа шыққан азаматтарды әкімшілік жазаға тартып жатыр.


Көп балалы аналар "Бақытты отбасы" бағдарламасының шарттарын өзгертуді сұрады

Алматы әкімдігіне баспана мәселесі жайлы шағым айтып келген көп балалы аналар. 3 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда түске қарай Алматы қалалық әкімдігіне онға жуық көп балалы ана жиналып, “Бақытты отбасы” бағдарламасы талаптарына наразылық білдірді. Олар бағдарлама бойынша баспана алудың негізгі талаптарының бірі – бір ай ішінде бастапқы нарықтан ең арзан үй тауып, ұсыну шартын орындау қиын екенін айтып шағынды. Аналар қаланың барлық аудандарын шарлағанын, бірақ "қысқа мерзім ішінде арзан үй таба алмағанын" айтады.

"Барлық жерге бардық. Көп іздедік. Шынын айтсақ, маклер болып қалдық. "Ақкентке" (жаңадан салынған үйлер бар шағын аудандардың бірі - ред.) барсақ, екі бөлмелі пәтер құны 17 миллион теңгеден басталады. Біздің бірден екі миллион теңгесін (бастапқы жарна - ред.) төлеуге шамамыз жетпейді. "Меркур Градтағы" үйлер 10 мамырда пайдалануға беріледі дейді. Ондағының барлығы 38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер. "Ақниетте" де, барлық жерде сондай. Қаласаңыз, тізімін де көрсете алам" дейді әкімдікке шағым айтып келген аналардың бірі Жансая Сопбекова Азаттық тілшісіне.

Құжаттарын көрсеткен Сопбекова үй таңдау мерзімінің 8 мамырда аяқталатынын, одан кешіксе бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айрылатынын айтады.

Бұған қоса аналар қалада баспана бағасы қымбат екенін жеткізді.

"Біз берген ақшаға тек бір-ақ бөлме келеді. Көп балалы отбасы бір бөлмеге қалай сыяды?” дейді аналардың бірі.

Көп балалы аналар биліктен үй таңдау мерзімін ұзартуды, екінші дәрежелі тұрғын үй алуға да рұқсат беруді сұрап отыр.

Әкімдіктің аты-жөнін айтпаған қызметкері басшылар санаулы адамды ғана қабылдайтынын айтып, шағым айтып келгендердің бірнешеуін ішке кіргізді. Қалған аналар мен ақпарат құралдарының өкілдері сыртта қалды.

Түстен кейін Алматы әкімдігінен шыққан тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары Айбек Сайділдаев аналарға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша үй ала алмағандардың республикалық бағдарламаларға қатыса алатынын жеткізді. Оның айтуынша, республикалық деңгейде баспанамен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама әлі жарияланбаған. Бірақ ол туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 сәуірде "Нұр Отан" партиясы съезінде айтқан. Үй таңдау мерзімін ұзартуды өтінген аналардың сұрағына жауап берген Сайділдаев оны тағы "екі аптаға созуы мүмкін" екенін айтты.

Көп балалы отбасыларды арзан баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау наурыз айының ортасында басталған.

Алматы әкімдігінің дерегі бойынша, қалада 1250-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Бұған дейін билік өкілдері "бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды, 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз болады" деп мәлімдеген.


Наразылыққа шыққан тағы бір азаматқа 100 мың теңге айыппұл салды

Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде ұсталған Бибігүл Тұяқова сот залында тұр. 2 мамыр 2019 жыл.

3 мамырда Астана қалалық әкімшілік соты 1 мамырда наразылыққа шыққан азаматтардың бірі Бибігүл Тұяқоваға 40 АЕК (101 000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Оның құқығын сотта қорғаған адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Тұяқоваға "құқық қорғау орган өкіліне бағынбау" (Әкімшілік кодекстің 667-бап, 1-бөлімі) және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 1-бөлім) баптары бойынша екі айып тағылған.

"Екі бап бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жалпы 40 АЕК" деді Азанов Азаттық тілшісіне.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Кеше, 2 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан соты бірнеше адамды 5-10 күнге қамап, айыппұл салған. 3 мамырда наразылыққа қатысқан Ермекбол Тілеухан 10 күнге қамалды.

Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:

  • Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Жазира Демеуова (Алматы) - 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;
  • Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
  • Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
  • Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;
  • Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.

Тағы

XS
SM
MD
LG