Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлттық бюро: Вице-министр Суханбердиева жемқорлық күдігіне ілінді

Элмира Суханбердиева.

Бейсенбі, 7 маусымда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз хатшысы Жанна Бастарова білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға "пара алу" (366-бап), "кәсіпкерлікке заңсыз араласу" (364-бап) және "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (361-бап) баптары бойынша айып тағылғанын хабарлады. Ол тергеу амалдарының жалғасып жатқанын айтып, іске байланысты өзге ақпарат айтпады.

5 маусымда Нұр-Сұлтан соты білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваны екі айға қамау туралы сот шешімін шығарған.

Өткен айда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұловқа қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді.

Бастарова ұлттық бюрода екі істің байланысты екенін дәлелдейтін дерек жоқ екенін айтты.

Мемлекеттік баспасөздің жазуынша, Эльмира Суханбердиева 2016 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың тамызы аралығында білім және ғылым министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2017 жылғы тамыз айында "Болашақ" стипендиясының иегері атанған. Беркли университетінен шақыру қағазы болған. 2018 жылдың қыркүйек айында білім және ғылым министрінің орынбасары қызметіне қайта оралған.

Зеленский: Украинаның НАТО-ға мүше болу мәселесін референдумға шығарамыз

Владимир Зеленский. 5 маусым 2019 жыл.

Украинаның жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленский елдің НАТО-ға мүше болу мәселесін референдумға шығаруға уәде берді.

5 маусымда Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында Зеленский Украина мен оның азаматтарының тәуелсіз ұйымдарды таңдауына құқығы бар екенін айтты.

Оның айтуынша, билік "әрбір украин азаматына НАТО-ның қандай ұйым екенін, оған мүше болу соншалықты қорқатын нәрсе емес екенін айтып" түсіндіруі тиіс және "украин азаматтары дайын болған кезде бұл сұрақты міндетті түрде референдумға шығарамыз" деді.

5 маусымда шетелге (Еуропа) алғаш сапарын бастаған Зеленский Украинаның Еуроодақ пен НАТО-ның толық мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Бұған дейін мұндай мәлімдемені елді басқарған экс-президент Петр Порошенко да айтқан.

Мәскеу НАТО аумағының ұлғаюын әсіресе Украина мен Грузияның одаққа қосылу жоспарын жиі сынайды.

Білім және ғылым министрі отставка туралы айту әлі ерте деп санайды

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова әзірге отставкаға кетпейтінін айтты. Осы апта ортасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. Ұлттық бюро мамандары әзірге істің толық мән-жайын айтпады. 5 маусымда Нұр-Сұлтан соты Суханбердиеваны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Оған қандай айып тағылғаны белгісіз.

"Егер Суханбердиеваны кінәлі деп тапса, отставкаға кетесіз бе?" деген Informburo.kz тілшісінің сұрағына министр "әзірге ештеңе айтпаймын, уақыт көрсетеді. Бірақ президенттің соңғы жолдауын ескерсек, онда бұл мүмкін шығар" деп жауап берген.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мамыр айының аяғында "алаяқтық" бабы бойынша кінәлі деп танылған қарамағындағы департамент басшысына шыққан сот үкімі күшіне енген кезде отставкаға кететінін хабарлаған. 29 мамырда Нұр-Сұлтан соты кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповты үш жылға бас бостандығынан айырған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында елде "асқынып" кеткен жемқорлықпен күресу қажеттігін алға тартқан. Ол қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаса, мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетуі тиіс деген.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда сайлау күні дрон ұшыруды шектейді

Әуедегі квадрокоптер.

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті жексенбі, 9 маусымда Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында дрон ұшыруға шектеу қойылатынын хабарлады. Бұл күні елде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Қорғаныс және ішкі істер министрлігінің ортақ қабылдаған шешімінде таңғы 4 пен түнгі 12 аралығында шағын ұшу аппараттарын қолдануға шектеу қойылғаны жазылған.

"Аталған кезеңде бұл елді мекендер үстінен [дрон] ұшыруға рұқсат берілмейді" делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті хабарламасында. 500 метр биіктікке дейінгі аралықты қамтитын шектеудің әуежайлар мен авиарейстердің жұмысына қатысы жоғы айтылады.

2017 жылы тамыз айынан бері дрон сияқты шағын ұшыру аппараттары бар азаматтар оны қолдану үшін ұшу жоспарын көрсетіп, қауіпсіздік органдарынан рұқсат алуы тиіс.

Авиация комитеті аппараттарды рұқсатсыз ұшырған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертеді.

Сенатта Назарбаевқа "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді

Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.

6 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен сенат отырысына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, оған "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді.

"Бүгін сенат тарихындағы тағы бір ерекше күн - өткен отырыста депутаттар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор атағын беру туралы тарихи шешім қабылдады" деді сенат спикері, бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева Назарбаевты марапаттап тұрып.

Бұдан соң сенат мүшелері мінберге кезек-кезек шығып, Назарбаевты мадақтады. Депутаттардың бірі "сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз, оны әлем мойындайды" деді.

Көпшілікке құрмет көрсеткені үшін алғыс айтқан Назарбаев "арасында отырысқа келіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп тұратынын" айтты.

"Көп жағдай болды. Көп жұмыс істедік. Көп заңдар қабылдадық. Келіспеген заңдар да болды. Соның бәрін сенат қарап, ретке келтірді. Сондықтан еліміз тыныш болды. Ешқандай жағдайларға жол берген жоқпыз [...] Экономика жағынан сұрапыл күрес жүріп жатыр. Осындай жағдайда біз алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. Өз саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып, жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Қазір айтуға оңай. Бәрі дәл осылай бола қалған сияқты деп ойлайды. Бірақ сандаған келіссөздер, мандаған кездесулер болды" деді сенат отырысында сөйлеген Назарбаев.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, отырысқа ақпарат құралдарын кіргізбеген. Олар өзге залда орнатылған монитордан бақылауға мәжбүр болған. Бірақ жиын басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң монитор мүлде өшіріліп, журналистерге залдан шығуға тыйым салған. Сенатта шамамен 40 минут болған Назарбаев бұдан соң отырыстан кетіп қалған.

Бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілген еді. Бірақ оның дауыс беру құқығына ие емес екені хабарланған.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілді

Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. 27 мамырда сенат бюросының мүшелері ұсынысты түгел қолдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Назарбаев билікте болған жылдары оны "қызметін асыра пайдаланды", "өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты", "билікке наразыларды қудалады" деп бірнеше рет айыптаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат еркіндігін тұншықтырып отырған "жыртқыштар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.​

Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева екі айға қамалды

Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева. 9 қазан 2018 жылы түсірілген сурет.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 5 маусымда Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваны екі айға қамау туралы сот шешім шығарды. Бұл ақпаратты Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Суханбердиева қазір Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/1 изоляторында қамауда отыр.

5 маусымда жергілікті ақпарат агенттіктері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған. Шенеунікке нақты қандай айып тағылып отырғаны әзірге белгісіз.

Мемлекеттік баспасөздің жазуынша, Эльмира Суханбердиева 2016 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың тамызы аралығында білім және ғылым министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2017 жылғы тамыз айында "Болашақ" стипендиясының иегері атанған. Беркли университетінен шақыру қағазы болған. 2018 жылдың қыркүйек айында білім және ғылым министрінің орынбасары қызметіне қайта оралған.


Өзбекстанда BBC тілшісін аккредитациядан өткізді

Көрнекі сурет.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі 4 маусымда BBC телерадиокомпаниясының тілшісі Авазбек Тахировтің аккредитациядан өткенін хабарлады.

Өзбекстанда британдық ірі телерадиокорпорациясының қызметіне 13 жыл бұрын тыйым салынған. 2005 жылғы ресми дерек бойынша 187 адам қаза тапқан Әндіжан оқиғасынан кейін билік бірнеше халықаралық ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салған еді. Олардың арасында BBC, Азаттықтың Өзбек қызметі, "Америка дауысы" және өзге БАҚ болған.

Мамыр айының ортасында ұзақ жылдар бойы бұғатталып келген кейбір ақпарат құралдарының сайты қайта жұмыс істей бастады. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің сайты - Озодлик радиосы "қайта ашылған" ресурстар тізімінде болмады.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанда бұғатталған "Америка дауысы", BBC және өзге сайттар қайта ашылды

"Ферғана" ақпарат агенттігінің жазуынша, BBC-дің Орталық Азия елдері бойынша қызметі министрлікке аккредитациядан өту туралы 2016 жылы өтініш берген.

Бір жыл бұрын Өзбекстан билігі "Америка дауысының" Өзбек қызметінің тілшісі Навбахор Имамовты аккредитациядан өткізген. 2019 жылы сәуір айында Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі "Ферғана" агенттігінің ташкенттік тілшісі Андрей Кудряшевке елде жұмыс істеуге рұқсат берді.

Ресей мен Қытай өзара саудада юань және рубль қолдануды ұлғайтпақ

Қытай лидері Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин келісімге қол қойғаннан кейін. Мәскеу, 5 маусым 2019 жыл.

Мәскеу пен Пекин екіжақты сауда қатынасында рубль және юаньмен есеп айырысуды ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы 5 маусымда Кремльде Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін Ресей президенті Владимир Путин хабарлады.

Ол қазіргі кезде "екі елдің әріптестігі бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, ал негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес" екенін айтты.

Ресей президентімен өткізген келіссөзден кейінгі сөзінде Си Цзиньпин қазір Мәскеу мен Пекин қарым-қатынасы ең жақсы кезеңіне аяқ басты деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Ресей мен Қытай лидерлері Мәскеу хайуанаттар бағына екі панданы табыс ету рәсіміне қатысты. Путин бұл оқиғаны Ресейге көрсетілген зор құрмет пен сенімнің нышаны деп атады.

Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары бұрынғы СССР мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 70 жыл толуымен тұспа тұс келді. Қытай басшысы бұл сапарында Санкт-Петербургте 6-8 маусым аралығында өтетін халықаралық экономикалық форумға қатысады деп хабарланды.


Белсенді Сәуле Әбілдаханқызы өзіне шабуыл жасалғанын айтады

Дәрігерлер Сәуле Әбілдаханқызын қарап жатыр. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.

5 маусымда кешкісін Алматыда белсенді Сәуле Әбілдаxанқызын жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Белсендінің сөзінше, "Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінен шыққан сәтте оны бірнеше белгісіз әйел ұрып кеткен".

Азаттық тілшісі жедел жәрдем белсендіні ауруханаға әкеткен сәтін көрген.

Сәуле Әбілдаханқызы түскен №7 аурухананың бас дәрігері Қуаныш Жанболат Азаттыққа белсендінің денесінде тырналған іздер болғанын айтты.

- Қолдары, денесі тырналған. Оның бәрін жазып береміз. Басын рентгенге, ішкі органдарын УЗИ-ге түсірдік. Сынған жері жоқ, ішкі ағзалары аман. Хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлер қарады. Қолына қағаздарын беріп, қандай дәрі ішу керегін айтып, үйіне қайтардық, - деді дәрігер.

Алматы қалалық полиция департаментінен оқиғаға қатысты пікір алу мүмкін болмады.

4 маусымда полиция Сәуле Әбілдаханқызын департаментке шақырған. Белсендінің айтуынша, полиция шақыру себебін толық түсіндірмеген, "үстінен әлдебір әйелдің шағым түсіргенін" айтқан. Белсенді "шағымданған әйелді танымаймын" деген.

5 маусымда белсенді Facebook парақшасында полиция бөлімшеге қайта шақыртып жатқанын хабарлаған.

Сәуле Әбілдаханқызы билікке талап қойған аналардың мәселесі жайлы әлеуметтік желіде посттар жазып жүр. Ол биліктен көп балалы аналар мәселесін шешуді талап етеді. Белсенді Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясына қатысып қайтқан.

Белсенді Сәуле Әбілдаханқызының​ AzattyqLIVE хабарына келген сәті. 8 ақпан 2019 жыл.

Аналардың талабы қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:55:53 0:00

Сепаратистермен атыста үш украиналық солдат мерт болғаны хабарланды

Украиналық әскерилер сепаратистермен атысып жатыр. 23 мамыр 2019 жыл.

Украина қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, елдің шығысында сепаратистермен атыс кезінде Украинаның үш солдаты мерт болып, үшеуі жарақаттанған.

Министрліктің 5 маусымда таратқан мәлімдемесінде "сепаратистер 24 сағат ішінде оқ атпау режимін 16 рет бұзғанын" жазды.

Украина қорғаныс министрлігі бір сепаратистті өлгенін, біреуінің жарақаттанғанын хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский үш солдаттың өлімін "ашық агрессия" деп атап, бұл жағдайды "еуропалық әріптестерімен талқылайтынын" айтты.

2014 жылы сәуірден бері Донбасс пен Луганскіде Украина мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы атыстан 13 мың адам мерт болған.Киев және Батыс елдері Кремль сепаратистерге қарумен көмектесіп отыр деп айыптайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

2014 жылы қыркүйекте және 2015 жылы ақпанда Минск қаласында екі жақ және Еуропа елдері Украинаның Шығысында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Украина мен сепаратистер бір-бірін "Минск келісімін сақтамайды" деп жиі айыптайды.

Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанды

Белсенді Әлімжан Ізбасаров (ортада) әскерге аттанар алдында жақындарымен қоштасып тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.

5 маусым кешке қарай астаналық белсенді Әлімжан Ізбасаров Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариатынан әскерге кетті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Ізбасаровтың айтуынша, денсаулығындағы кінәраттары жайлы анализ қорытындысы шықпаса да, медициналық комиссия оны "әскерге жарайды" деген шешім шығарған.

5 маусым кешке қарай Әлімжан Ізбасаров және "әскерге жараған" бір топ жас Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариатынан аттанып кетті. Комиссариат өкілінің айтуынша, олар Тараз қаласында әскери борышын өтейді және әскери антты 1 шілде күні қабылдайды.

Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанар алдында сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.
Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанар алдында сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров 1 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, "полицияға бағынбады" деген айыппен бес күнге қамалған еді. Кейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін тағы он күн қосылған. Қамаудан шыққан соң Ізбасаров әскерге шақырту алған.

Бұған дейін 17 мамырда Алматы марафоны кезінде сайлау туралы "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбеков әскерге кеткен. Белсенді борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз ескерілмегенін айтқан.

Ақ плакат ұстап шыққаны үшін полиция әкеткен оралдық жас белсенді Аслан Сагутдинов пен Еуропа одағы кеңесінің басшысы Дональд Тускке Қазақстандағы жағдайды айтып ашық хат жазған белсендінің бірі Данияр Хасенов те әскерге шақырылғанымен, денсаулықтарына байланысты әскерге жарамсыз деп танылған.

Ұлттық бюро білім және ғылым министрінің орынбасарын "тергеп жатыр"

Астанадағы Министрлер үйі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Бұл туралы 5 маусымда бюроның ресми өкілі Жанна Бастарова Tengrinews.kz сайтына хабарлады.

Ұлттық бюро вице-министрдің есімін жарияламады. Нақты қандай бап бойынша айып тағылғанын да айтпады.

5 маусымда елде білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваның ұсталғаны жайлы ақпарат тараған. Министрлікті Күләш Шәмшидинова басқарады.

20 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелерімен жемқорлықпен күрес мәселесін талқылаған жиында "егер қол астындағы жұмысшысы парамен ұсталса, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстан кетуге өтініш жазуы тиіс" деген.

Тоқаевтың сөзінше, отставканы қабылдау, я қабылдамау - президенттің шаруасы, бірақ басшылар жұмыстан кету туралы өтініш жазуы міндет.

Қазақстанда мүгедек баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы өседі

Нұр-Сұлтандағы Министрлер үйі. 17 шілде 2018 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі балаға тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы көлемі 1 шілдеден бастап өседі. Бұл туралы 5 маусымда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы хабарлады.

Өзгерістерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар 1 шілдеден бастап 41 578 теңгені көлемінде жәрдемақы алатын болады. Бұған дейін олар 31 183 теңге көлемінде жәрдемақы алып келген.

Бұл жәрдемақы 95 мыңнан астам адамға тағайындалған. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар болса, 13 мыңнан астамы - бала кезінен бірінші топтағы мүгедек жанға күтім көрсететіндер.

Жәрдемақыны қайта есептеу "автоматты түрде жүзеге асырылады, бұл үшін жәрдемақы алушылар қосымша құжат тапсырмайды".

Прокуратура 7 айлық сәбидің изоляторда болғандығынан "еш заңсыздық байқамады"

Көп балалы ана Оксана Шевчук кенже қызы Евамен бірге сот ғимаратының алдында тұр. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.

Алматы прокуратурасы жеті айлық Ева Шевчуктің тергеу изоляторында бірнеше сағат отырғандығынан еш заңсыздық таппаған.

Ева Шевчуктің анасы Оксана Шевчук сотпен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілініп, 9 мамырда изоляторда тергелген. Сол кезде жасқа толмаған Ева Шевчук анасы Оксана Шевчукпен бірге изоляторда отырған.

Осыдан кейін Оксана Шевчуктің адвокаты Ғалым Нұрпейісов "жеті айлық баланы изоляторда ұстаған" полицейлердің үстінен прокуратураға арыз жазған. Адвокат 5 маусымда прокуратурадан жауап алған.

Алматы қалалық прокуратурасының жауабында "Оксана Шевчук пен Ева Шевчукті изоляторға апарған полиция қызметкерлерінің әрекетінен ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Себебі Оксана Шевчук баласын туыстарына беруден бас тартты. Оған аудио, видео және өзінің жазған хаты дәлел" деп жазылған.

Полиция 9 мамырда 30 жастағы алматылық көп балалы ана Оксана Шевчукті тергеуге апарған. Сол күні анасы мен баласы 12 сағат бойы полицияда болған. Оксана Шевчуктің айтуынша, сәбиі екеуі екі сағат изоляторда отырған.

Оксана Шевчуктің адвокат Ғалым Нұрпейісов 9 мамырда жеті айлық Ева Шевчуктің құқығы өрескел бұзылды деп санайды. Ол Қазақстан президентіне, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкіліне, ішкі істер министрлігіне хат жолдап, бала мен ана құқының бұзылғаны туралы уәжін айтып, осы оқиғаға араласуын сұраған.

Оксана Шевчук елде тыйым салған ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген. 2009 жылдан бері шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылы наурыздың 13-і күні Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. 30 жастағы жұмыссыз Оксана Шевчук бұл қозғалыстың мүшесі емес екенін, алайда оның идеялары өзіне ұнайтынын айтады.

Сот 1 маусымда көп балалы ананы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Си Цзиньпин Мәскеуге келді

Қытай президенті Си Цзиньпин. Мәскеу, Внуково-2 әуежайы, 5 маусым, 2019 жыл.

5 маусымда Қытай президенті Си Цзиньпин Мәскеуге мемлекеттік сапармен келді. Оны Мәскеудің Внуково-2 әуежайында үкімет өкілдері және құрметті қарауыл күтіп алды.

Маусымның 7-іне дейін жалғасатын сапар аясында Қытай басшысы Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді. Қырым аннексиясына байланысты Батыспен қарым-қатынасы нашарлаған Ресейге Си Цзиньпин соңғы бес жыл ішінде алғаш рет келіп отыр.

Ол Петербургте маусымның 6-8 күндері өтетін экономикалық форумға қатысады.

Ресей президентінің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Юрий Ушаков Си Цзиньпиннің сапарын «екі ел қарым-қатынасындағы жылдың негізгі саяси оқиғасы» деп санайды.

Мирзияев діни мереке қарсаңында жүздеген сотталушыны түрмеден босатты

Көрнекі сурет.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ораза айт мерекесіне орай жүздеген сотталушыға рақымшылық жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

Мемлекеттік ақпарат құралдарының 4 маусымда хабарлауынша, жарлыққа сәйкес 361 адам түрмеден босап шығады, 214 адамның жаза мерзімі қысқарады.

Рақымшылыққа ілінгендер арасында 60 жастан асқан жеті адам, алты әйел және бір шетел азаматы бар.

Жауапты министрліктер мен мекемелерге, сонымен бірге әкімдіктерге рақымшылыққа ілінгендердің қоғамға сіңісуі үшін көмек көрсету тапсырылған.

30 миллионнан аса тұрғыны бар Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов (2016 жылы күзде қайтыс болған) елді басқарған кезде айт мерекесіне орай амнистия жарияланған емес.


БАҚ: Мәскеуде Бари Алибасов ауруханаға түскен

Ресейлік продюсер Бари Алибасов.

Ресейлік басылымдар белгілі продюсер Бари Алибасовтың Мәскеудің Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институты ауруханасына түскені туралы хабарлады.

Алибасовтың баспасөз хатшысы Сергей Моцарьдың айтуынша, музыкант су екен деп, байқаусызда құбыр тазартатын химиялық сұйық зат ішіп қойған. Дәрігерлер қазір оның жағдайы ауыр деп отыр.

71 жастағы Бари Алибасов Қазақстанда дүниеге келген. 1960 жылдары ол Өскеменде құрған "Интеграл" рок тобы кейін Совет одағы көлемінде танылған.

Алибасов Ресейге қоныс аударғаннан кейін құрған "На-Нa" тобы да көпшілікке танылды.


Тоқаевпен кездесе алмаған наразылар мәселесі бойынша комиссия құрылады

"Нұр Отан" партиясының ғимаратына жиналған наразы жұрт. Нұр-Сұлтан, 4 маусым 2019 жыл.

Сот әділдігін талап етіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы "Нұр Отан" партиясы кеңсесіне жиналған наразы азаматтардың талабы бойынша құрамында Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкілдері бар арнайы комиссия құрылатын болды. Бұл туралы 5 маусымда Азаттыққа Нұр-Сұлтанға әділдік іздеп Орал қаласынан келген Манарбек Саматов хабарлады.

Наразы азаматтар комиссия құрамына өз арасынан да өкілдер енеді деп үміттенеді. Манарбек Саматов қазір олар адвокат пен заңгер жалдауға қаржы жинауға кіріскенін хабарлады.

Нұр-Сұлтанда 4 маусымда "Нұр Отан" партиясының орталық ғимаратына "сот үкіміне наразымыз" деген жетпістен аса адам жиналып, шағымдарын жеткізген. Олар өздеріне Қазақстанның қазіргі президенті әрі 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін талап етті.

Тоқаев қазір аймақтарда жүргендіктен, наразылармен "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев кездесіп, мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткен.

4 маусым күні "Нұр Отан" партиясы кеңсесіне жиналған наразылардың көбі кешкі сағат тоғызға таман тарап кетті. Ал сегіз адам, соның ішінде алматылық белсенді Санавар Закирова, Шығыс Қазақстан облысынан келген ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир және Валентина Тарасовтар "Нұр Отан" ғимаратынан шықпай, сонда қалған.

Валентина Тарасованың Азаттыққа хабарлауынша, партия өкілдері өздеріне жағдай жасап, жамылғы берген. Түн ортасына таман оларды қонақүйге орналастырған.

Сәрсенбі, 5 маусымда кешегі акцияға қатысқандар партия кеңесесіне қайта жиналған. Белсенді Манарбек Саматовтың сөзінше, енді оларды Сарыарқа аудандық әкімдігіне апармақшы.

Алматылық белсенділер "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын құрды

"Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысы құрылғаны туралы баспасөз мәслихаты. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.

5 маусымда Алматыда бір топ белсенді жаңадан құрылған "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы мен өздері дайындаған азаматтық декларацияны да таныстырды.

Қозғалыс Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының мерзімі белгіленіп, Алматыдағы марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар плакат ілген белсенділер Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесованы қамауға алғаннан кейін құрылған.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының тоғыз бөлімнен тұратын азаматтық декларациясында елдегі саяси қуғынды тоқтату, сайлау жүйесін реформалау, парламенттік басқаруға өту тәрізді бірнеше мақсат көрсетілген.

- Біз елде саяси реформа жасалуын талап етеміз. Сайлау әділ өтуі керек. Соттарды президент тағайындайтын жүйенің өзгергенін қалаймыз. Қазір қарапайым азаматтардың мемлекет ісіне араласуы мүмкін емес, - деді қозғалыс мүшесі, саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Қозғалыстың тағы бір белсенді мүшесі, суретші Сүйінбике Сүлейменова "біздің құқығымыз күн сайын шектеліп жатыр. Барлық белсенді жастар біздің қолдаушыларымыз. Арамызда жеке-дара басшы жоқ" деді.

Жаңа қозғалыс мүшелері өздерінің ресми тіркелуді көздемейтінін әрі ешқандай саяси партиямен әріптес емес екенін, қандай да бір отандық және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтындарын мәлімдеді.

Белсенділердің сөзінше, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы билікке ұмтылмайды. "Бұл жалпыға ортақ қозғалыс пен құжат" деді белсенділер.

Елде демократиялық институттарды құруды көздейтінін айтқан белсенділер өздерін қолдайтындар әр өңірде барын және әлі де қосылып жатқандықтан әзірге қозғалыстың нақты қанша мүшесі барын айта алмайтындарын жеткізді.

АҚШ: Ресейдің Су-35 ұшағы қауіпті маневр жасады

Ресейлік Су-35 әскери ұшағы. Көрнекі сурет.

Ресейдің Су-35 жойғыш ұшағы 4 маусым күні үш сағаттың ішінде Жерорта теңізі үстіндегі халықаралық әуе кеңістігінде АҚШ-тың Р-8А барлау ұшағын үш рет қақпайлап, маневр жасаған. Бұл туралы 5 маусымда АҚШ-тың алтыншы флоты хабарлады.

АҚШ әскерилері ресейлік ұшақтың екінші тосқауылы "қауіпті" болғанын айтады.

Хабарламада тура алдынан қатты жылдамдықпен ұшып өткен ресейлік Су-35 кесірінен Р-8А ұшағының турбуленттік толқынға тап болғаны айтылған. Бұл «ұшқыштар өміріне қауіп төндірді» деп мәлімдейді АҚШ әскери-теңіз күштері.

Ресейлік әскери ұшақты арандатпағанын айтқан АҚШ әскерилері ресейлік ұшақ халықаралық әуе кеңістігінде "жауапсыз" әрекетке барды дейді.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты әзірге комментарий берген жоқ.

Соңғы жылдары Қара теңіз, Балтық теңізі, Сирия мен өзге де аймақтарда Ресей мен НАТО ұшақтарының бір-біріне қауіпті қашықтықта жақын ұшуы жиілеген.

Мәселен, былтыр қаңтарда АҚШ әскери-теңіз күштері ресейлік Су-27 ұшағының Қара теңіз үстінде америкалық EP-3 радиоэлектрондық барлау ұшағын қақпайлап, "қауіпті маневр жасағаны" туралы видео жариялады.


"Мемориал": Оқушылар байқауы жеңімпаздарын ФСБ шақырып жатыр

"Человек в истории. Россия - ХХ век" байқауына қатысушылар. Мәскеу, 2017 жыл.

Жоғарғы сынып оқушылары арасында өтетін жалпыресейлік "Тарихтағы адам. Ресей – ХХ ғасыр" ("Человек в истории. Россия – ХХ век") байқауының жеңімпаздары мен олардың мұғалімдерін мектеп директорлары Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) және жергілікті әкімшілік өкілдерімен әңгімеге шақыртып жатыр. Бұл туралы 4 маусымда "Мемориал" құқық қорғау орталығы хабарлады.

"Мемориал" орталығының хабарлауынша, мұғалімдерден оқушылардың жұмысын көрсетуді, байқау туралы ақпарат қалай таралатыны туралы сұраған, сондай-ақ құқық қорғау орталығымен бірлесіп жұмыс істеуден бас тартуға "кеңес" берген.

Бұл байқауда оқушылар совет заманында жоғалып кеткен адамдардың өмірі жайлы зерттеулерін, сталиндік репрессия туралы ғылыми жұмыстарын қорғайды.

2016 жылы өткен байқаудың ақтық сайысында НОД белсенділері байқауға қатысқан оқушылар мен журналистерге ​көк дәрі шашып, жұмыртқа лақтырған еді.

Қырғыз-қытай шекарасы уақытша жабылады

Көрнекі сурет.

Қытай елінің бастамасымен "Күріш мерекесінің" тойлануына байланысты Қытай мен Қырғызстан арасындағы "Торугарт" және "Иркештам" өткізу бекеті 7-9 маусым аралығында жабық болады. Бұл туралы 5 маусымда Қырғызстан кеден қызметінің БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Ресми ақпаратта қырғыз-қытай мемлекеттік шекарасындағы аталған учаскелерде адамдарды, көлік пен жүк көліктерін өткізу 2019 жылы 10 маусымнан бастап қайта қалпына келеді деп хабарланған.


Прагада билікке қарсы соңғы 30 жылдағы ең ірі акция өтті

Прагадағы наразылық акциясы. Чехия, 4 маусым 2019 жыл.

4 маусымда Чехия астанасы Прагада коммунистік режимнің құлауына негіз болған 1989 жылғы революциядан кейінгі ең ірі наразылық акциясы өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияға 120 мың адам қатысқан.

Праганың орталығындағы Вацлав алаңына жиналған азаматтар премьер-министр Андрей Бабиш пен ол тағайындаған әділет министрі Мария Бенешованың қызметтен кетуін талап етті. Наразылар үкіметті "елдегі сот жүйесіне қысым жасайды" деп айыптады.

Прагадағы наразылық. Чехия, 4 маусым 2019 жыл.
Прагадағы наразылық. Чехия, 4 маусым 2019 жыл.

Чехиядағы наразылық сәуір айындағы полицияның мәлімдемесінен кейін күшейген. Онда полицейлер премьер-министр алаяқтық ісі бойынша сот алдында жауап беретінін айтқан. Наразылар жаңадан тағайындалған әділет министрі осы "іске араласуы мүмкін" деп қауіптенеді.

Бұған дейін Еурокомиссия дайындап жатқан баяндамада Еуропа одағының субсидиясын Бабиштің иелігіндегі компания пайдаланып отырғаны сынға алынғаны мәлім болған еді. Еурокомиссия мүшелері Бабиш мүдделер қақтығысына жол берген деп санайды. Чехия премьер-министрі бұл айыптаумен келіспейді.

Прагадағы митингіні "Демократияның миллион сәті" тобы ұйымдастырған. Онымен бірге жаппай наразылық акциясына бірнеше оппозициялық партияның депутаттары да қатысқан.

2017 жылдан бері Чехия премьер-министрі қызметінде отырған Андрей Бабиш "Ано!" ("Иә!") популистік партиясын басқарады. Чехияның ең бай адамдарының бірі саналатын оның дәулеті 3,7 миллиард долларға бағаланады.

АҚШ азаматтарының Кубаға қатынауы қиындады

Куба астанасы Гавана көшесінде ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

4 маусымда АҚШ қаржы министрлігі ел азаматтарының Кубаға білім алу үшін топ құрамында баруына, жеке ұшақ және кемемен саяхаттауына тыйым салатын жаңа ережені жариялайды. Бұл құжат бірден заңды күшіне енді.

Жаңа шектеулер тегі кубалық АҚШ азаматтарына Кубадағы туыстарына ақша жіберіп тұруына шектеу қоймайды. АҚШ әуе компаниялары да Кубаға қатынауын жалғастыра береді. Бірақ енді олардың қызметін тек Кубада туысы бар АҚШ азаматтары, қызмет бабымен Кубаға баратын журналистер сияқты бірен-саран адам ғана пайдалана алады.

АҚШ қаржы министрлігінің баспаөз хатшысы алдағы айда Кубаға қатысты тағы бірқатар шектеу енгізілетінін хабарлады.

2015 жылы Вашингтондағы Куба елшілігін ашқан Кубаның сыртқы істер министрі Бруно Родригес Паррилья бұл шектеулерді "халықаралық құқыққа шабуыл және барлық кубалықтардың азаматтық құқығын өрескел бұзу" деп атады.


Кубаға қарсы шектеу президент Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон биыл сәуірде мәлімдеген жаңа саяси бағыт аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл саяси бағыт Кубамен арадағы қарым-қатынасқа тың өзгеріс әкелген АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың саясатына қарсы бағытталған. Обама 1960 жылдардың басында Гаванамен арада үзіліп қалған дипломатиялық қатынасты қалпына келтіріп, АҚШ азаматтарының Кубаға баруын жеңілдеткен еді. Куба үкіметінің статистикалық мәліметі бойынша, бұл елге ең көп келетін турист саны бойынша АҚШ азаматтары Канададан кейін екінші орында тұр.

Трамп әкімшілігі Кубаны Венесуэла президенті Николас Мадуро режимін қолдайды деп айыптайды. Вашингтон Гавана Мадуроға көмекке 20 мың әскер жіберді дейді. Куба болса Венесуэлаға әскер емес, арнайы бағдарлама аясында дәрігерлер мен мұғалімдер жібергенін айтып, айыптауды мойындамайды.

Қазақстанда Ораза айт мейрамы басталды

Көрнекі сурет.

Сәрсенбі, 5 маусым күні таңертең Қазақстандағы мешіттердің барлығында айт намазы оқылып, Ораза айт мерекесі басталды. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсынады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді Ораза айт мерекесімен құттықтады деп хабарлайды Ақорда.

"Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттық пен адамгершілік құндылықтар - халқымызға тән игі қасиеттер. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!» делінген президент құттықтауында.

Биыл Рамазан айы 6 мамыр күні басталған. Шариғат бойынша, бұл айда мұсылмандар 30 күн ораза тұтып, ауыз бекітті.

Тағы

XS
SM
MD
LG