Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқаев: Сайлауды әділ өткізу - басты ұстанымым

Тоқаев өз жақтаушыларының форумында сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өтетін сайлауды ашық әрі әділ өткізуді қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Twitter парақшасында жазды.

"Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету – басты ұстанымым. Сайлаудың дәл осындай сипатта өтетініне кәміл сенемін" деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

Қазақстан президентінің айтуынша, барлық мемлекеттік органдардың күш-жігері әділ сайлау үшін жұмылдырылады.

"Азаматтық қоғамның қатысуы – ашық сайлаудың кепілі. Сайлау – қақтығыс алаңы емес, тұғырнамалар бәсекесі. Ұлт бірлігі – бәрінен қымбат" деп жазды Тоқаев.

Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын жариялаған сәтте де сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін айтқан. Кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 маусымдағы сайлауға кандидат ретінде ұсынған.

Сайлаудың әділ өтетініне сенесіз бе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

Қазақстан прокуратурасы заңсыз митингіге шыққандар "жазаланатынын" ескертті

Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Бас прокуратурасының ғимараты.

Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды 9-10 маусымда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "жауапқа тартылатынын" тағы да ескертті. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың үндеуі прокуратураның ресми сайтында 7 маусымда жарияланды.

"Рұқсат етілмеген акцияларға шақырғандар, ұйымдастырғандар, қатысқандар Әкімшілік кодекспен жауапқа тартылады. Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекс бойынша жазаланады" деп жазылған мәлімдемеде.

Прокуратураның мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде 9-10 маусымда заңсыз митингіге қатысуға үгіттеп жатқандар бар. Бірақ ведомство наразылық білдіруге нақты кімнің шақырып жатқанын айтпаған.

Үндеу Нұр-Сұлтан елде тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 9 маусымда азаматтарды бірнеше қалада митингіге шығуға шақырған соң жарияланды.

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда "мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны" жазылған.

1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.

​Осы заңның 11-бабында "әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы" деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның дерегінше, 2012 жылдан бері елде бейбіт жиын саны бес есеге азайған.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президет сайлауы өтеді.

Бас прокуратура: Үгіт-насихат кезінде санаулы ғана заң бұзушылық анықталды

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 3 маусым 2019 жыл.

Қазақстан билігі сайлауалды үгіт-насихат кезінде "санаулы ғана заң бұзушылықтарды" анықтаған. Бұл туралы 8 маусымда Орталық сайлау комиссиясында өткен жиында бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев айтты.

Прокуратураның дерегінше, үгіт-насихат кезінде негізінен заңсыз бірнеше сауалнама жүргізілген. Прокуратура сайлау алдында заңсыз сауалнама жүргізу бойынша жеті әкімшілікі іс қозғалған. Дембаев «бес жыл тәжірибесі бар компаниялар ғана жүргізе алады. Сауалнама жүргізер алдында Орталық сайлау комиссиясынан жазбаша рұқсат алу керек» дейді.

Бас прокурор орынбасары Дембаев науқан кезінде үгіт-насихат материалын әдейі бүлдіргені үшін Нұр-Сұлтан тұрғынына 15 айлық есептік көрсеткіш (37800 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

"Кандидаттан немесе оның сайлауалды штабынан шағым түскен жоқ" деді Дембаев. Прокуратура өкілі үгіт материалдары бүлінген кандидаттың есімін атамады.

11 мамыр күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары 7 маусым түнде аяқталады. 8 маусым – сайлау алдындағы тыныштық күні.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, биылғы сайлауға 1013 бақылаушыға аккредитация берілген. Президент сайлауын тоғыз халықаралық ұйымнан 866 адам және 41 шет мемлекеттен 147 бақылаушы қадағалайды.

Сот маңғыстаулық белсенді Көбейсіновтің қамаудағы уақытын созды

Жамбыл Көбейсінов.

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының осы ауданның тұрғыны Жамбыл Көбейсіновтің қамаудағы уақытын тағы 10 тәулікке ұзартты. Көбейсінов "заңсыз митинг өткізуге үгіттеді" деп айыпталып, 22 мамырда 15 тәулікке қамалған.

Мұнайлы аудандық соты бұл жолы Жамбыл Көбейсіновке Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 667-бабының 2-бөлігімен "полицияға қарсылық көрсетті" деп айыптаған. Сот шешімі 30 мамырда шыққан. Бірақ ол басқа бап бойынша жазасын өтеп жатқандықтан, жаңа үкім 6 маусымнан бастап орындала бастады.

Белсендінің әйелі Ділбар Құрбаниязова "күйеуін сайлау қарсаңында әдейі қамаудан шығармай отыр" деп санайды.

Сот 16 наурызда 35 жастағы Жамбыл Көбейсіновті Әкімшілік кодекстің "құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау" бабы бойынша айыптап, бес тәулікке қамаған. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтау филиалында өткен министрлердің ашық есік шарасына кірмек болған.

35 жастағы Көбейсінов - алты баланың әкесі, кенжесі әлі жасқа толмаған. Ол ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің халықпен кездесуінде әлеуметтік мәселелерді көтерген. Көбейсінов 2016 жылы Жер митингілерінде де көзге түскен.

Сайрагүл Сауытбай: Ендігі мақсатымыз - Швеция азаматтығын алу

Сайрагүл Сауытбай Азаттық тілшісіне сұхбат беріп тұр. Жаркент, 1 тамыз 2018 жыл.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай Азаттыққа Швецияға жетіп, құжаттарын рәсімдеп жатқанын айтты. Сауытбайдың сөзінше, қазіргі мақсаты - Швеция азаматтығын алу.

- Осы күнге дейін біз Қазақстаннан үмітімізді үзбеген болатынбыз. Ендігі мақсатымыз – Швеция елінің азаматтығын алып, Қытайдың қаупінен толық арылып, балаларымды жақсы оқытып, келешекте өз отанына барып, халқы үшін қызмет етуге тәрбиелеу. Швеция мемлекеті бізді өте жылы қабылдады. Бұл жерде заң кемелденген, жұмыстар жақсы атқарылады екен. Біздің барлық жағдайымызды толығымен жасап берді, - деді ол Азаттыққа.

"Балаларымды өз отанына қызмет етуге тәрбиелеймін"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Сайрагүл Сауытбайдың айтуынша, құжаттарды рәсімдеуге Швецияның мемлекеттік қызметкерлері көмектесіп жатыр.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған соң, 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға кеткен.

2018 жылы Алматы облысы Панфилов аудандық соты тамыз айында "Қытайдан Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты айға бас бостандығынан айыруға үкім етіп, бірақ жазасын "жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастырған. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Сотқа қатысқан Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортациялауды талап еткен.

Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беруді сұраған арызын қараған Алматы облыстық полиция департаментінің жанынан құрылған «босқын мәртебесін беру» жөніндегі комиссия оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан еді. Кейін Сайрагүл аталған комиссияның шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз берді. Талап арыз бойынша сот әлі жалғасып жатыр.

Астаналық белсенділердің үйлеріне тінту жүргізілгені хабарланды

Белсенді Ақмарал Керімбаеваның пәтері маңында жүрген аты-жөнін айтпаған екі азамат. 7 маусым 2019 жыл.

Кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында мамыр айындағы митингілерге қатысқан бірнеше азамат үйлеріне тінту жүргізілгенін хабарлады.

Сондай белсенділердің бірі Ақмарал Керімбаеваның көпқабатты ғимараттағы пәтеріне жеткен кезде штаттық киім киген ірі денелі белгісіз екі адам Азаттық тілшісінің жолын бөгеді. Олар өздерінің аты-жөнін айтпай, біреуі тілшіні смартфонына түсіре бастады. Екеуі де камерадан жалтарып, жүздерін көрсетпеуге тырысты. "Құжаттарыңызды көрсетесіздер ме?", "Тінтуге рұқсаттарыңыз бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Олардың бірі кейінірек "тінту шаралары жүріп жатқандықтан" журналисті әрі қарай өткізбейтінін айтты. Алдын ала ақпарат бойынша тінту жүргізгендер Ақмарал Керімбаеваның пәтерінің есігін бұзып кірген. Журналистің жанында болған құқық қорғаушы Данияр Хасенов телефон арқылы болған жайтты полицияға хабарлады. Тағы бірнеше астаналық белсенді үйлерінде тінту болғаны хабарланды. Ресми орындар оқиғаға байланысты әзірге жауап берген жоқ.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болады. Оған елді 30 жылға жуық басқарған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет қатыспайды. Ол наурыз айында отставкаға кеткенмен саясаттағы ықпалын сақтап қалды.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.

Қазақстанда соңғы кезде "жасанды сайлау кампаниясын" сынағандар көбейді. Олар шынайы балама кандидаттардың жоғын алға тартады. Батыс бақылаушылары бұған дейін Қазақстанда өткен бірде-бір сайлауды ашық әрі әділ өтті деп бағалаған емес.

Сот Серікжан Біләштің үйқамақ мерзімін тағы бір айға созды

Серікжан Біләш сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

7 маусымда Астана қалалық мамандандырылған тергеу соты "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үйқамақ мерзімін 10 шілдеге дейін яғни бір айға созу туралы шешім шығарды. Сот отырысына Біләш адвокаты Айман Омарова скайп арқылы қатысты.

Прокурор Ерзат Мусеев тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан үйқамақ мерзімін бір айға созуды сұрады. Ал адвокат Айман Омарова прокурор өтінішін қанағаттандырмауды, егер қанағаттандырылса, үйқамақты Нұр-Сұлтаннан Алматыға ауыстыруды немесе кепілмен босатуды өтінді. Бірақ адвокаттың бұл өтініштері қанағаттандырылмады. Сотта сөйлеген Серікжан Біләш жүрегіне жасалған ауыр операциядан кейін денсаулығының сыр бере бастағанын айтып, соттан өзін Алматыға ауыстыруды өтінді.

Судья Талғат Сырлыбаев наурыз айында Біләшті қамауға алу туралы қаулы шыққан кезде қамау орны нақты көрсетілмегенін алға тартып, оны Нұр-Сұлтанда ұстау заңға қайшы емес екенін жеткізді.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтерумен танымал болған тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш сотына адам көп жиналды. Олардың арасында оны қолдаған жақтастары, Қытай қазақтары болды. Сот процесі кезінде олар "Серікжанға бостандық!", Stop China! деген жазуы бар плакаттар ұстап, әлсін-әлсін "сот неге әділ өтпейді" деп айғайлап отырды.

Серікжан Біләш соты. 7 маусым 2019 жыл.
Серікжан Біләш соты. 7 маусым 2019 жыл.

Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшке "араздық қоздыру" бабы бойынша (174-бап, 2-бөлімі) айып тағылған. Бұған дейін де қорғау тарабы отбасы Алматыда болғандықтан Біләшті Нұр-Сұлтаннан сол жаққа ауыстыру туралы өтініш тапсырған, бірақ қанағаттандырылмаған еді. Адвокат Айман Омарова мамыр айының ортасында заң бойынша (Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 146-бабы) адамдарды үйқамаққа алу тұрғылықты мекен-жайы бойынша жүзеге асырылатынын, Біләшті Нұр-Сұлтанда қалдыру заңға қайшы екенін айтқан. ​

Қамау мерзімін ұзартуға байланысты өткен сот отырыстарында Біләш өзін Алматыдан астанаға алып келгеннен кейін қысым көрсетілгенін, Мұхтар Әблязовке қарсы шығып, Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына "ыңғайлы" жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің саяси астары барын жеткізген еді.

2019 жылы 10 наурыз түнде Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Дәл сол күні "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, жауып тастады (2 сәуірде қайта ашылды). Кейін Біләштің үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны анықталды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оның мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

Алматыда бір топ адам аналардың баспасөз мәслихатын өткізбей тастады

Өтпей қалған көп балалы аналар жиыны. Алматы, 7 маусым 2019 жыл.

7 маусымда Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюрода 20 шақты әйел көп балалы аналардың баспасөз мәслихатын өткізуге кедергі келтірді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өздерін "көп балалы анамыз" деп таныстырған тағы бір топ әйел жиында киіп кетіп, ұйымдастырушыларға қарсы дауыс көтерген. Екінші топ бірінші топқа көп балалы аналар атынан баспасөз жиынын өткізуге құқықтары жоқ екенін айтқан.

Жиынды өткізушілер және пресс-клуб иелері оларды тоқтатуға тырысқанмен, әйелдер көп балалы аналар мәселесін айтпақ болған ұйымдастырушыларды айыптаған. "Қазақстанның Украинадағыдай болғанын қаламайтынын" жеткізіп, "ел тыныштығын бұзбауды" талап еткен. Ұрыс шығарған әйелдер "мемлекеттің бес ай ішінде көп балалы отбасылардың барлық әлеуметтік талаптарын орындағанын" айтып, "мәселелері шешілмеген аналардың өздері құжаттарын дұрыс рәсімдей алмай жүргенін" жеткізген.

Ақырында жиынды ұйымдастырушылар кетіп қалған. Осылайша "Қазақстандағы көп балалы аналардың шынайы мәселелері: Алматыдағы жағдай" атты баспасөз конференциясы өтпей қалды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жиынға кедергі жасаған әйелдердің кейбірі "өздерін әкімдік өкілдері жібергенін" айтқан.

Жиынды ұйымдастырған аналардың бірі, көп балалы ана Жансая Жанабаева Азаттық тілшісіне көптен бері әкімдікке баспана мәселесін айтқанмен шешілмегенін, өзі сияқты аналар көп екенін жеткізді. Ал жиынға кедергі келтірген әйелдер осы шындықтың қоғамға жеткенін қаламайды деді.

- Кешеден бері олар маған хабарласып, жиынға бармауды, мәселелерді айтпауға үгіттеді. Мен мұны дәлелдеп бере алам, - деді Жансая Жанабаева.

Жиында "айғай-шу шығарғандар арасында" Асылы Осман, Аягүл Төреқызы сияқты қоғамға танымал азаматтар болған. Асылы Осман өздерін "әкімдік жіберді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол жиын жайлы кездейсоқ білгенін, "ел тыныштығын қорғау үшін жиынға барғанын" айтты.

- Қазақстандағы тыныштықты ештеңемен айырбастауға келмейді. Көп балалы аналарға көп уақыттан бері жағдай жасалып жатыр. Олардың кейбірі көлік сұрайды екен, көлік тұратын орын сұрайды екен. Егер [жағдайлары шынымен қиын болса] соны сұрай ма айтшы маған? Елге, жерге деген адалдық болу керек қой, - деді Асылы Осман.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов халықтың билікке наразылығы артып отырған шақта билік "белсенділер бригадасын" көп балалы аналарға қарсы ұйымдастырып отыр деп санайды.

Азаттық тілшісі жергілікті әкімдік өкілдеріне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Шымкентте газ құю станциясында жарылыс болды

Газ құю станциясындағы жарылыс. Шымкент, 7 маусым 2019 жыл.

7 маусымда Шымкентте газ құю станциясында жарылыс болып, станцияның жұмысшысы Ерлан Анар (1999 жылы туған) жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқарамасы хабарлады. Жұмысшының денесі күйіп қалған.

Қалалық төтенше жағдайлар қызметіне "Мұраз" компаниясының газ құю станциясында өрт шыққаны туралы хабарлама күндізгі сағат 11:03-те түскен.

Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, "өртті сөндіруге бастапқыда 15 техника мен 70-тей адам жұмылдырылған. Қазір 90 адам мен 21 техника өртті сөндіріп жатыр. Өрт толықтай сөндірілген жоқ".

Шымкент қалалық полиция департаменті өрттен кейін тергеу бастағанын хабарлады.


Қырғызстан мен Өзбекстан ортақ виза енгізу мәселесін талқылады

Көрнекі сурет.

Қырғызстанның Ош қаласында Қырғызстан және Өзбекстан парламенттері арасындағы әріптестік бойынша парламентаралық отырыс өтіп жатыр. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, отырыста Орталық Азия елдеріне арналған ортақ виза жүйесін енгізу мәселесі де талқыланған. Бірақ келіссөздің жай-жапсары әзірге хабарланбады.

Өзбекстан мен Қазақстан 2019 жылдың ақпан айында Еуропа елдерінің ортақ виза жүйесі Шенгенге балама Silk Visa жүйесін енгізуді жоспарлаған. Оған аймақтағы өзге елдер де қосылуы мүмкін екені айтылған.

Алайда жоба ақпан айында іске қосылған жоқ. Өзбекстанның мемлекеттік туризм комитетінің өкілі Улугбек Касимхожаев ақпарат құралдарына "екі елдің өзге елдермен орнатқан визасыз режим жүйесінің әртүрлі болуы" жобаның іске қосылуына кедергі болғанын айтқан. Сарапшы виза құнына байланысты да мәселелер бар екенін жеткізді.

"Қазақстандық виза мен Өзбекстан визасының құны әртүрлі. Біз қалай да оларды бір ізге түсіруіміз қажет. Қазір сол детальдардың бәрін қарастырып жатырмыз. Бұл виза жүйесін енгізуді жоғары басшылардың мақұлдағанын атап өту маңызды және қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.

Бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан Silk Visa жобасына қосылуға дайын екенін хабарлаған. Түркіменстан әзірге түпкілікті шешім қабылдамады. Бұл жобаға алдағы уақытта Түркия мен Әзербайжанды қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Алматыда ресейлік зерттеушінің Маңғыстау жайлы сурет көрмесі ашылды

Алматылық суретші Александр Угай, Андрей Фоменко және Esentai Gallery директоры Тоғжан Сақбаева. Алматы, 6 маусым 2019 жыл. .

Алматыдағы Esentai Gallery ғимаратында тарихшы, өнер сыншысы, аудармашы әрі эссеист Андрей Фоменконың "Кәдімгі тарих" атты көрмесі ашылды. Оған 70 сурет қойылған. Esentai Gallery-ның директоры Тоғжан Сақбаеваның айтуынша, әрбір сурет зерттеуге негізделгендіктен мұндай суреттер топтамасы көпшілікке бұрын-соңды көрсетілмеген.

Андрей Фоменко көрмеге 2017 және 2018 жылдары Маңғыстау облысына барған кезде түсірген суреттерін қойған. Әр сапарында өзі қызық деп тапқан нысандарды бірнеше рет жалғыз өзі жаяу аралап, зерттеген. Үш жарым тәулікте 115 шақырым жүріп өткен кезі де болған. Адасып қалмау үшін навигаторды қолданған. Өзгелермен байланысып отыру үшін телефонды ғана пайдаланған. Оның айтуынша, жолда ірі қауіп-қатер деп атайтындай жайттар болмаған - көбі ауа райына байланысты қиындықтар. Бір түні қатты жаңбыр астында қалып қалған. Бірде суы бітіп, әбден қаталаған.

Автор Үстірт шоқысы, Сор Түзбайыр, Шерқала, Айрақты тауында, Каспий теңізінің жағасында және Маңғыстаудың өзге де жерлерінде болған. Ол жергілікті жер бедерін, жануарлар мен өсімдік әлемін, мазарлар мен зираттар, петроглифтер, Шақпақ ата мешітін, жергілікті тұрғындарды суретке түсірген.

"Кез келген адам Ай, Марс, Венераға бара алмауы мүмкін, бірақ Маңғыстауға бара алады. Бұл табиғат жағдайы өте қатал аймақ. Онда тіпті тұщы су да жоқ, есесіне тұз көп, жылдық орташа температурасы өте жоғары. Климат жағдайына табиғаты да сай. Құдды метафизикалық әлемге өтіп кеткендей. Физикалық және метафизикалық әлем арасындағы дәл осы шекара мені таңдандырады. Суреттерімнің барынша қарапайым, анық, қатаң, өзі баяндап тұрғандай болғанын қаладым" деді ол.

​Салааралық зерттеулер кафедрасының профессоры, өнер саласындағы практик, өнертану ғылымының докторы Андрей Фоменко Санкт-Петербург қаласында тұрады және сонда жұмыс істейді. Зерттеулерінің негізгі тақырыбы: советтік фотоавангард. Суретке түсіру теориясы бойынша бірнеше кітап шығарған. Орталық Азияны жақсы біледі. Әкесі Қырғызстандағы Манас әуежайының құрылыс жобасына жетекшілік еткен кезде бірнеше жыл сонда тұрған. Бішкектегі көркемөнер училищесінде оқыған.

HRW Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритман.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия мәселелері бойынша зерттеушісі Мира Ритман 9 маусымда өтетін президент сайлауының "алдыңғы сайлаулардан еш айырмашылығы болмайды" деп санайды. Ол елдегі билік транзитін "мұқият жоспарланған және қатаң бақылауда тұрған әрекет" деп бағалады.

5 маусымда жарияланған "Қазақстандағы сайлаулар мен транзит елесі" атты мақалада Ритман Назарбаев отставкасынан кейін "авторитарлы жүйенің" сол күйі қалғанын жазған. Ол елде бұрынғыдай бейбіт жиын өткізуге кедергі жасалатынын, оған қатысушыларды ұстап қамайтынын, сөз бостандығы шектелетінін, журналистерге қысым көрсетіп, сайттар мен әлеуметтік желілер бұғатталатынын айтқан.

Зерттеушінің жазуынша, соңғы жылдары ел билігі белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистер, заңгерлер мен кәсіподақ басшыларына қысым жасау үшін оларға қарсы қылмыстық іс қозғап, қудалаудың түрлі амал-әдістерін қолданған. Зерттеуші 2016 жылғы жер митингілерінен кейін бес жыл түрмеге қамалған белсенді Макс Боқаевты мысал ретінде келтіреді.

Мира Ритман сайлау кампаниясының қысқа уақыт аралығында өтуі, оппозициялық белсенділікті шектеу, сонымен бірге кандидаттарда бар ресурстарды есепке алғанда бұл сайлаудың алдыңғы сайлаулардан айырмашылығы бола қоймайды деп санайды.

"Тоқаев Назарбаевтың "стратегиялық бағытын" жалғастыруға уәде берді. Алайда "Назарбаев мұрасы" - қуғындау, сыншыларды түрмеге тоғыту, өзгеше ойлайтындарға қысым көрсету, сөз бостандығын тұншықтыру - болашақ Қазақстанда болмауы тиіс" деп жазады Ритман.

Ритманның ойынша, Қазақстанның жаңа президенті сөз бостандығы ахуалын жақсарту, бейбіт жиын өткізуге рұқсат ету, Мақс Боқаев және өзге де түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатып, шынайы саяси оппозицияға жол ашу үшін "шұғыл түрде ірі қадамдар жасауы тиіс".

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталған. Үгіт жүргізу жұмыстары маусымның 8-і күні аяқталады.

Абаев наразы ананың бәріне бірдей пәтер беру мүмкін емесін айтты

Аналар алдына шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев (ақ кепкалы). Нұр-Сұлтан, 3 маусым 2019 жыл.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев маусымның 6-сы күні мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында "наразылық білдірген көп балалы әйелдердің бәріне бірдей пәтер беру мүмкін емесін" айтты. Министрдің сөзінше "жауапкершіліктің бәрін мемлекет мойнына артып қоюға болмайды, өйткені мемлекет көп балалы отбасыларға онсыз да көмек көрсетіп отыр".

“Көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Орташа есеппен бір отбасыға 100 мың теңгеден астам көмек беріледі. Бұдан бөлек мектептерде олардың балаларына тегін тамақ, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, оқуға түсерде квота қарастырылған. Бар жауапкершіліктен бас тартып, бәрін мемлекет мойнына артып қою қаншалықты дұрыс? Осы уақыт бойы әкімдікті қоршаған көп балалы аналардың ешқайсысы өкінішке қарай жұмысқа орналастыруды, біліктілігін арттыруды, тым болмағанда күйеулерінің жалақысын көтеруді талап еткен жоқ. Бәрі бір ғана нәрсені талап етті: "тап қазір баспана беріңдер, несие беріңдер" деді” деген Абаев сұхбатында.

3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып «әкім мен министрдің уәдесінен шаршағанын», Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Олар әлеуметтік жағдайларын жақсартуды, биліктен баспанамен қамтамасыз етуді талап еткен.

Наразы аналардың бірі "Біз тегін баспана сұрамаймыз. Бізге айына 30-40 мың теңге төлейтіндей етіп үй беріңдер" деген еді.

Ашынған аналар "астананың атын өзгертуге келгенде, қымбат-қымбат шараларды өткізуге келгенде мемлекет ақша табады, ал аналардың талаптарын неге орындай алмайды?" деп шағымданған еді.

Ал көп балалы аналарды қабылдаған Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев баспана сұраған аналардың талабының заңды-заңсыздығын қарастыратын мәлімдеді.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Дубайда жол апатынан 17 турист қаза тапты

Дубай.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында автобус жол апатына ұшырап, кемінде 17 адам қаза тапты. 9 адам ауруханаға түскен. Дубай полициясының дерегінше, оқиға 6 маусымда кешке болған. Жүргізушінің автобусқа арналмаған жолмен жүріп, жол белгісіне соғылғаны айтылады. Оманның мемлекеттік нөмірі тағылған автобуста 31 турист болған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі зардап шеккен немесе қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.

Ұлттық бюро: Вице-министр Суханбердиева жемқорлық күдігіне ілінді

Элмира Суханбердиева.

Бейсенбі, 7 маусымда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз хатшысы Жанна Бастарова білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға "пара алу" (366-бап), "кәсіпкерлікке заңсыз араласу" (364-бап) және "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (361-бап) баптары бойынша айып тағылғанын хабарлады. Ол тергеу амалдарының жалғасып жатқанын айтып, іске байланысты өзге ақпарат айтпады.

5 маусымда Нұр-Сұлтан соты білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваны екі айға қамау туралы сот шешімін шығарған.

Өткен айда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұловқа қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді.

Бастарова ұлттық бюрода екі істің байланысты екенін дәлелдейтін дерек жоқ екенін айтты.

Мемлекеттік баспасөздің жазуынша, Эльмира Суханбердиева 2016 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың тамызы аралығында білім және ғылым министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2017 жылғы тамыз айында "Болашақ" стипендиясының иегері атанған. Беркли университетінен шақыру қағазы болған. 2018 жылдың қыркүйек айында білім және ғылым министрінің орынбасары қызметіне қайта оралған.

Зеленский: Украинаның НАТО-ға мүше болу мәселесін референдумға шығарамыз

Владимир Зеленский. 5 маусым 2019 жыл.

Украинаның жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленский елдің НАТО-ға мүше болу мәселесін референдумға шығаруға уәде берді.

5 маусымда Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында Зеленский Украина мен оның азаматтарының тәуелсіз ұйымдарды таңдауына құқығы бар екенін айтты.

Оның айтуынша, билік "әрбір украин азаматына НАТО-ның қандай ұйым екенін, оған мүше болу соншалықты қорқатын нәрсе емес екенін айтып" түсіндіруі тиіс және "украин азаматтары дайын болған кезде бұл сұрақты міндетті түрде референдумға шығарамыз" деді.

5 маусымда шетелге (Еуропа) алғаш сапарын бастаған Зеленский Украинаның Еуроодақ пен НАТО-ның толық мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Бұған дейін мұндай мәлімдемені елді басқарған экс-президент Петр Порошенко да айтқан.

Мәскеу НАТО аумағының ұлғаюын әсіресе Украина мен Грузияның одаққа қосылу жоспарын жиі сынайды.

Білім және ғылым министрі отставка туралы айту әлі ерте деп санайды

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова әзірге отставкаға кетпейтінін айтты. Осы апта ортасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиеваға қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді. Ұлттық бюро мамандары әзірге істің толық мән-жайын айтпады. 5 маусымда Нұр-Сұлтан соты Суханбердиеваны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Оған қандай айып тағылғаны белгісіз.

"Егер Суханбердиеваны кінәлі деп тапса, отставкаға кетесіз бе?" деген Informburo.kz тілшісінің сұрағына министр "әзірге ештеңе айтпаймын, уақыт көрсетеді. Бірақ президенттің соңғы жолдауын ескерсек, онда бұл мүмкін шығар" деп жауап берген.

Қазақстанның ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мамыр айының аяғында "алаяқтық" бабы бойынша кінәлі деп танылған қарамағындағы департамент басшысына шыққан сот үкімі күшіне енген кезде отставкаға кететінін хабарлаған. 29 мамырда Нұр-Сұлтан соты кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповты үш жылға бас бостандығынан айырған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында елде "асқынып" кеткен жемқорлықпен күресу қажеттігін алға тартқан. Ол қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаса, мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетуі тиіс деген.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда сайлау күні дрон ұшыруды шектейді

Әуедегі квадрокоптер.

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті жексенбі, 9 маусымда Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында дрон ұшыруға шектеу қойылатынын хабарлады. Бұл күні елде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Қорғаныс және ішкі істер министрлігінің ортақ қабылдаған шешімінде таңғы 4 пен түнгі 12 аралығында шағын ұшу аппараттарын қолдануға шектеу қойылғаны жазылған.

"Аталған кезеңде бұл елді мекендер үстінен [дрон] ұшыруға рұқсат берілмейді" делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті хабарламасында. 500 метр биіктікке дейінгі аралықты қамтитын шектеудің әуежайлар мен авиарейстердің жұмысына қатысы жоғы айтылады.

2017 жылы тамыз айынан бері дрон сияқты шағын ұшыру аппараттары бар азаматтар оны қолдану үшін ұшу жоспарын көрсетіп, қауіпсіздік органдарынан рұқсат алуы тиіс.

Авиация комитеті аппараттарды рұқсатсыз ұшырған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертеді.

Сенатта Назарбаевқа "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді

Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.

6 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен сенат отырысына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, оған "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді.

"Бүгін сенат тарихындағы тағы бір ерекше күн - өткен отырыста депутаттар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор атағын беру туралы тарихи шешім қабылдады" деді сенат спикері, бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева Назарбаевты марапаттап тұрып.

Бұдан соң сенат мүшелері мінберге кезек-кезек шығып, Назарбаевты мадақтады. Депутаттардың бірі "сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз, оны әлем мойындайды" деді.

Көпшілікке құрмет көрсеткені үшін алғыс айтқан Назарбаев "арасында отырысқа келіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп тұратынын" айтты.

"Көп жағдай болды. Көп жұмыс істедік. Көп заңдар қабылдадық. Келіспеген заңдар да болды. Соның бәрін сенат қарап, ретке келтірді. Сондықтан еліміз тыныш болды. Ешқандай жағдайларға жол берген жоқпыз [...] Экономика жағынан сұрапыл күрес жүріп жатыр. Осындай жағдайда біз алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. Өз саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып, жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Қазір айтуға оңай. Бәрі дәл осылай бола қалған сияқты деп ойлайды. Бірақ сандаған келіссөздер, мандаған кездесулер болды" деді сенат отырысында сөйлеген Назарбаев.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, отырысқа ақпарат құралдарын кіргізбеген. Олар өзге залда орнатылған монитордан бақылауға мәжбүр болған. Бірақ жиын басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң монитор мүлде өшіріліп, журналистерге залдан шығуға тыйым салған. Сенатта шамамен 40 минут болған Назарбаев бұдан соң отырыстан кетіп қалған.

Бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілген еді. Бірақ оның дауыс беру құқығына ие емес екені хабарланған.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілді

Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. 27 мамырда сенат бюросының мүшелері ұсынысты түгел қолдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Назарбаев билікте болған жылдары оны "қызметін асыра пайдаланды", "өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты", "билікке наразыларды қудалады" деп бірнеше рет айыптаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат еркіндігін тұншықтырып отырған "жыртқыштар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.​

Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева екі айға қамалды

Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева. 9 қазан 2018 жылы түсірілген сурет.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 5 маусымда Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваны екі айға қамау туралы сот шешім шығарды. Бұл ақпаратты Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Суханбердиева қазір Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/1 изоляторында қамауда отыр.

5 маусымда жергілікті ақпарат агенттіктері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған. Шенеунікке нақты қандай айып тағылып отырғаны әзірге белгісіз.

Мемлекеттік баспасөздің жазуынша, Эльмира Суханбердиева 2016 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың тамызы аралығында білім және ғылым министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2017 жылғы тамыз айында "Болашақ" стипендиясының иегері атанған. Беркли университетінен шақыру қағазы болған. 2018 жылдың қыркүйек айында білім және ғылым министрінің орынбасары қызметіне қайта оралған.


Өзбекстанда BBC тілшісін аккредитациядан өткізді

Көрнекі сурет.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі 4 маусымда BBC телерадиокомпаниясының тілшісі Авазбек Тахировтің аккредитациядан өткенін хабарлады.

Өзбекстанда британдық ірі телерадиокорпорациясының қызметіне 13 жыл бұрын тыйым салынған. 2005 жылғы ресми дерек бойынша 187 адам қаза тапқан Әндіжан оқиғасынан кейін билік бірнеше халықаралық ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салған еді. Олардың арасында BBC, Азаттықтың Өзбек қызметі, "Америка дауысы" және өзге БАҚ болған.

Мамыр айының ортасында ұзақ жылдар бойы бұғатталып келген кейбір ақпарат құралдарының сайты қайта жұмыс істей бастады. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің сайты - Озодлик радиосы "қайта ашылған" ресурстар тізімінде болмады.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанда бұғатталған "Америка дауысы", BBC және өзге сайттар қайта ашылды

"Ферғана" ақпарат агенттігінің жазуынша, BBC-дің Орталық Азия елдері бойынша қызметі министрлікке аккредитациядан өту туралы 2016 жылы өтініш берген.

Бір жыл бұрын Өзбекстан билігі "Америка дауысының" Өзбек қызметінің тілшісі Навбахор Имамовты аккредитациядан өткізген. 2019 жылы сәуір айында Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі "Ферғана" агенттігінің ташкенттік тілшісі Андрей Кудряшевке елде жұмыс істеуге рұқсат берді.

Ресей мен Қытай өзара саудада юань және рубль қолдануды ұлғайтпақ

Қытай лидері Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин келісімге қол қойғаннан кейін. Мәскеу, 5 маусым 2019 жыл.

Мәскеу пен Пекин екіжақты сауда қатынасында рубль және юаньмен есеп айырысуды ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы 5 маусымда Кремльде Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін Ресей президенті Владимир Путин хабарлады.

Ол қазіргі кезде "екі елдің әріптестігі бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, ал негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес" екенін айтты.

Ресей президентімен өткізген келіссөзден кейінгі сөзінде Си Цзиньпин қазір Мәскеу мен Пекин қарым-қатынасы ең жақсы кезеңіне аяқ басты деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Ресей мен Қытай лидерлері Мәскеу хайуанаттар бағына екі панданы табыс ету рәсіміне қатысты. Путин бұл оқиғаны Ресейге көрсетілген зор құрмет пен сенімнің нышаны деп атады.

Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары бұрынғы СССР мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 70 жыл толуымен тұспа тұс келді. Қытай басшысы бұл сапарында Санкт-Петербургте 6-8 маусым аралығында өтетін халықаралық экономикалық форумға қатысады деп хабарланды.


Белсенді Сәуле Әбілдаханқызы өзіне шабуыл жасалғанын айтады

Дәрігерлер Сәуле Әбілдаханқызын қарап жатыр. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.

5 маусымда кешкісін Алматыда белсенді Сәуле Әбілдаxанқызын жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Белсендінің сөзінше, "Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінен шыққан сәтте оны бірнеше белгісіз әйел ұрып кеткен".

Азаттық тілшісі жедел жәрдем белсендіні ауруханаға әкеткен сәтін көрген.

Сәуле Әбілдаханқызы түскен №7 аурухананың бас дәрігері Қуаныш Жанболат Азаттыққа белсендінің денесінде тырналған іздер болғанын айтты.

- Қолдары, денесі тырналған. Оның бәрін жазып береміз. Басын рентгенге, ішкі органдарын УЗИ-ге түсірдік. Сынған жері жоқ, ішкі ағзалары аман. Хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлер қарады. Қолына қағаздарын беріп, қандай дәрі ішу керегін айтып, үйіне қайтардық, - деді дәрігер.

Алматы қалалық полиция департаментінен оқиғаға қатысты пікір алу мүмкін болмады.

4 маусымда полиция Сәуле Әбілдаханқызын департаментке шақырған. Белсендінің айтуынша, полиция шақыру себебін толық түсіндірмеген, "үстінен әлдебір әйелдің шағым түсіргенін" айтқан. Белсенді "шағымданған әйелді танымаймын" деген.

5 маусымда белсенді Facebook парақшасында полиция бөлімшеге қайта шақыртып жатқанын хабарлаған.

Сәуле Әбілдаханқызы билікке талап қойған аналардың мәселесі жайлы әлеуметтік желіде посттар жазып жүр. Ол биліктен көп балалы аналар мәселесін шешуді талап етеді. Белсенді Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясына қатысып қайтқан.

Белсенді Сәуле Әбілдаханқызының​ AzattyqLIVE хабарына келген сәті. 8 ақпан 2019 жыл.

Аналардың талабы қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:55:53 0:00

Сепаратистермен атыста үш украиналық солдат мерт болғаны хабарланды

Украиналық әскерилер сепаратистермен атысып жатыр. 23 мамыр 2019 жыл.

Украина қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, елдің шығысында сепаратистермен атыс кезінде Украинаның үш солдаты мерт болып, үшеуі жарақаттанған.

Министрліктің 5 маусымда таратқан мәлімдемесінде "сепаратистер 24 сағат ішінде оқ атпау режимін 16 рет бұзғанын" жазды.

Украина қорғаныс министрлігі бір сепаратистті өлгенін, біреуінің жарақаттанғанын хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский үш солдаттың өлімін "ашық агрессия" деп атап, бұл жағдайды "еуропалық әріптестерімен талқылайтынын" айтты.

2014 жылы сәуірден бері Донбасс пен Луганскіде Украина мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы атыстан 13 мың адам мерт болған.Киев және Батыс елдері Кремль сепаратистерге қарумен көмектесіп отыр деп айыптайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

2014 жылы қыркүйекте және 2015 жылы ақпанда Минск қаласында екі жақ және Еуропа елдері Украинаның Шығысында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Украина мен сепаратистер бір-бірін "Минск келісімін сақтамайды" деп жиі айыптайды.

Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанды

Белсенді Әлімжан Ізбасаров (ортада) әскерге аттанар алдында жақындарымен қоштасып тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.

5 маусым кешке қарай астаналық белсенді Әлімжан Ізбасаров Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариатынан әскерге кетті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Ізбасаровтың айтуынша, денсаулығындағы кінәраттары жайлы анализ қорытындысы шықпаса да, медициналық комиссия оны "әскерге жарайды" деген шешім шығарған.

5 маусым кешке қарай Әлімжан Ізбасаров және "әскерге жараған" бір топ жас Нұр-Сұлтан қалалық әскери комиссариатынан аттанып кетті. Комиссариат өкілінің айтуынша, олар Тараз қаласында әскери борышын өтейді және әскери антты 1 шілде күні қабылдайды.

Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанар алдында сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.
Белсенді Әлімжан Ізбасаров әскерге аттанар алдында сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 5 маусым 2019 жыл.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров 1 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, "полицияға бағынбады" деген айыппен бес күнге қамалған еді. Кейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін тағы он күн қосылған. Қамаудан шыққан соң Ізбасаров әскерге шақырту алған.

Бұған дейін 17 мамырда Алматы марафоны кезінде сайлау туралы "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбеков әскерге кеткен. Белсенді борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз ескерілмегенін айтқан.

Ақ плакат ұстап шыққаны үшін полиция әкеткен оралдық жас белсенді Аслан Сагутдинов пен Еуропа одағы кеңесінің басшысы Дональд Тускке Қазақстандағы жағдайды айтып ашық хат жазған белсендінің бірі Данияр Хасенов те әскерге шақырылғанымен, денсаулықтарына байланысты әскерге жарамсыз деп танылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG