Азаттық радиосы

«Күлуді енді ғана үйрендім». Алтынай

Мәншүк АСАУТАЙ

Қар. 25, 2020

– Сол күн жадымда мәңгі жатталып қалды. Дастархан басында ас ішіп отырғанбыз, сөзден сөз шығып, ол бетімнен жұдырықпен салып қалды. Үнім шықпай, ішімнен тындым, бірақ көз жасымды тоқтата алмадым. Жылағанымды көріп, шашымнан ұстап қонақ бөлмеге сүйреп апарды. Жарты сағаттай басымнан ұрып, тепкіледі. Есім кіресілі-шығасылы, еміс-еміс қана білем. Кезекті соққысынан кейін шыдай алмай жан дауысым шыға айқайладым, – дейді Алтынай 15 жыл отасқан күйеуінен қалай кеткенін еске алып.

Алайда келіншектің ажырасу туралы шешіміне өзінің таяқ жегені емес, оған араша түскен 14 жастағы қызына күйеуінің қол көтергені себеп болған.

– «Жетер, қашанғы ұрасың?!» деп қызым айқай салып, оны итеріп қалды. Ондайды күтпеген күйеуім ашуға басып, «Тексіз неме, әкеңе қалай қол көтердің!» деп қызымды ұрмақ болды. Мен қорғамақ болып алдына тұра қалдым, сонда да баламды ауыр керзі етікпен салып жіберді. Қызымның денесі ұзаққа дейін көгеріп жүрді. Сол сәт өмірімді күрт өзгертуіме түрткі болды, – дейді Алтынай.

Екі жыл бұрын болған осы оқиғадан кейін келіншек қашуды жоспарлап, балаларының құжаттарын жинап, бірнеше күн дайындалған. Күйеуінің үйден шыққанда есікті сыртынан құлыптап, әйелін қамап кететін әдеті болған. Алтынай күйеуінің соққысынан тұла бойы сырқыраған соң дәріні уыстап ішіп жүріп, өз жоспарын ері сезіп қоймасын деп, сиырды да сауып, үйдің де шаруасын тындырып, күдік тудырмауға тырысқанын айтады.

– Күйеуім «білімің жоқ, ешкім сені жұмысқа алмайды, қалаға барсаң жезөкше боласың, балаларыңды балалар үйіне әкетеді» деп үнемі қорқытатын. Мен оның сөзіне сенетінмін. Қатты қорықтым, – дейді Алтынай.

Сәті түскен күні ол үш баласын алып, Алматыға қашып келген. Қаладағы дағдарыс орталығына хабарласып, ондағылар дәрігер мен полиция шақыртқан. Полиция Алтынайдың күйеуіне «алты ай әйеліне жақындамауды» ескертуден басқа шара қолданбаған.

Алтынай болса дағдарыс орталығында екі апта төсек тартып жатқан. Келіншекпен едәуір уақыт психолог жұмыс істеген. Соның кеңестерінің арқасында осыған дейінгі өмірін қайтадан ой елегінен өткізіп, өз-өзіне келгенін айтады.

Иллюстрация авторы - Жанара Қаңтарбай

– Өзімді жек көретінім соншалық, тіпті айнаға қарағым келмейтін. Біреуден қалған киімді киіп, қатыгез күйеуімнен көрген қорлыққа көніп жүре бердім. Сондай өмірге лайықпын, тағдырымның жазуы осы деп ойлайтынмын. Қазір соның барлығы қате екенін, әр адам бақытты болуға лайық екенін, өзіңе сенсең, ойыңа алғаның орындалатынына көзім жетті. Өзіңді жақсы көрсең өзгелердің өзіңді қорлауына жол бермейсің, қарсылық танытасың. Қолыңнан бәрі келеді. Қазір ешнәрседен қорықпаймын, тек балаларым аман болса болғаны, – дейді келіншек.

Психологтың көмегімен Алтынай жан-дүниесіне балалық шағында және ересек өмірінде ең жақын жанашыры болуы тиіс адамдар салған жараны жазудың жолы барын үйренген.

Қазір ешнәрседен қорықпаймын, тек балаларым аман болса болғаны

– Анамнан үш жасымда айрылдым. Анам балаларымның жағдайын жасаймын, ақша табамын деп жүріп, өзіне мүлдем көңіл бөлмепті. Сөйтіп жүргенде бір-ақ күнде өмірден өтті. Әкем екінші рет үйленіп, өгей шешем күн көрсетпеді. Сол қорлық пен зәбірден қашпақ болып, өзімнен 14 жас үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Бірақ мені «ешқашан жылатпаймын» деген ол екі айдан кейін маған қол көтерді. Осылайша әкенің де, ананың да, күйеудің де жылулығын сезінбей өстім, – дейді Алтынай.

Алматыдағы дағдарыс орталығына келген соң Алтынай қоқыс тазалайтын кәсіпорынға жұмысқа тұрған. Сол кезде өзін шын бақытты сезінгенін жасырмайды.

– Бүкіл Алматының қоқысын қолмен сұрыптадық. Бірақ мен үшін ол үлкен қуаныш болды. Біртіндеп адамдармен араласып, өзіме деген сенім пайда болды. Алғашқы 80 мың теңге айлығыма не алғанымды білесіз бе? Өмірімде бірінші рет жаңа көйлек сатып алдым, көк түсті әдемі көйлек, – дейді Алтынай.

Алғашқы 80 мың теңге айлығыма не алғанымды білесіз бе? Өмірімде бірінші рет жаңа көйлек сатып алдым, көк түсті әдемі көйлек

Қазір Алтынай пәтер жалдап тұрып жатыр, бірақ бір кезде өзін паналатқан дағдарыс орталығына келіп тұрады. Өзіме қиын сәтте қол ұшын берген жандарды ұмытуға болмайды дейді ол. Алтынай ресейлік ірі компанияның бірінде сауда өкілі болып жұмыс істеп жүр. Ақшасы көп болмаса да жұмысы өзіне ұнайтынын, өзі мен балаларына көп уақыт бөлуге мүмкіндік барын айтады.

– Жұмысыма күнделікті бірнеше сағат қана жұмсаймын. Қалған уақытта балаларыммен серуендеймін, өзім саябаққа барам, әр күнімнен ләззат алуға тырысам, – дейді ол.

Алтынайдың үш баласы: 17 жастағы үлкен қызы, жасы 11-ге келген ұлы мен алты жасар қызы бар. Өз сөзінше, үлкен қызына оны өте жақсы көретін және ешқашан ешкімнің жәбірлеуіне жол бермейтін анасы барын үнемі айтып отырады екен. Сөз соңында Алтынай видеожазбаны көрсетті. Онда кенже қызы анасы әлемдегі ең жақсы әрі сұлу жан екенін және оның әдемі күлкісіне тең келетін ештеңе жоғын айтады. «Мен күлуді енді ғана үйрендім» дейді Алтынай сыбырлап.

Оқи отырыңыз

«Қыздарым өскен соң өз хикаямды міндетті түрде айтып беремін». Әйгерім

Әйгерім Мекішева түсік тастап, әзер аман қалғаннан кейін күйеуінен кетуге бел буған. Аяғы ауыр келіншектің құрсағындағы баладан айрылуына күйеуінің ұрып-соғуы себеп болған. Үш баласы бар 32 жастағы келіншек осы оқиғаға дейін тоғыз жылға жуық күйеуінің әңгіртаяғына шыдап келген.

«Бұл сенің ғана емес, баланың да өмірін құртады». Индира

– Не айтатыны бар, әдеттегідей ұрып-соғатын, – деп бастады әңгімесін Индира. – Тұрмыстағы түрлі мәселеге, ақшаға бола ұрсысатынбыз. Ондайда күйеуім жұдырығын ала жүгіретін. Арасында кідіріс жасап алып, бірнеше сағат бойы сабаған кезі де болды. Қылқындырып, үйге қамап кететін. Бірде басымды жарып қойды.

«Көмек сұрасаң қол ұшын беретін жандар әрқашан табылады». Әсел

Әсел Машеваны бұрынғы күйеуі жиі қылқындыратын. Әлімжеттіктен Әселдің жүрегі лобып, көңілі құлазитын.

Зорлық құрсауын бұзғандар

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова тұрмыста әлімжеттік көрген жандарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап берді.