Accessibility links

Мұхтар Тінекеев енді Болат Әбіловтен 10 миллион долларды талап етем дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Парламенті депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі Мұхтар Тінекеев шілденің 28-күні «Ақ жол» партиясының тең төрағалары жариялаған мәлімдемеге қарсы ақпарат құралдары өкілдеріне өзінің пікірін білдірді.

Естеріңізге салай кетейік, шілденің 27-күні «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов соттың шешімімен шартты түрде бір жарым жыл бостандығынан шартты түрде айрылған болатын. Оны «ар ожданыма нұқсан келтірді, мен жайында жалған ақпарат таратты» деп Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев сотқа берген. «Ақ жолдықтар» мұны сайлау алдындағы «Ақ жол» партиясына жасалып отырған арандатушылық, оның саяси астары бар деп баға беріп отыр.



Мұхтар Тінекеевтің айтуынша, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбіловті сотқа беруінде ешқандай саяси астар жоқ. Ол тек өзі ғана емес, Қарағанды облысындағы 145 мыңға жуық сайлаушысына да жалған ақпарат таратып, кір келтіріп отыр делінді. Мұхтар Тінекеев Болат Әбілов егер менен кешірім сұраған жағдайда, бұл іс сотқа дейін бармас еді, мен әдейі Астанада және Қарағандыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Болат Әбіловке бір ай уақыт берем, бір айдың ішінде кешірім сұраса, істі сотқа бермеймін деп мәлімдегем. Алайда Болат Әбілов менен кешірім сұраған жоқ деп отыр, – дейді депутат Мұхтар Тінеккев.

Оның айтуынша, енді жақын күндері азаматтық іс бойынша Болат Әбіловтің үстінен тағы да сот үрдісі жалғасады. Онда Мұхтар Тінекеев Болат Әбіловтен моральдық залал келтірді деп 10 млн. доллар талап етіп отырғандығын айтады.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов Мұхтар Тінекеевтің істерінің артында Астанадағы биліктің тұрғанын жасырмайды. Болат Әбілов Мұхтар Тінекеевке қатысты айтқан сөздерінен ешқашан тайқымайтындығын айтады. Және одан ешқашан кешірім сұрамаймын дейді.

Айта кету керек, Мұхтар Тінекеев журналистерге берген сұхбатында Болат Әбілов кешірім сұраса әлі де кеш емес деген болатын. Ал заңгер, саясаткер Мұстақым Төлеевтің ойынша, Болат Әбіловке қатысты сот үрдісі әділ өткен жоқ. Мұстақым Төлеев сонымен қатар сайлау алдында бұл істің саяси астары бар деп есептейді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі, заңгер Жазбек Әбдиев бұл істен ешқандай саяси астар көріп тұрғам жоқ дейді. Саясаттанушы, сарапшы Әзімбай Ғали сайлау әділ өту керек десе, билік деп оппозиция да сот үрдісін саясияландырмау керек еді дейді.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов өзіне қатысты шығарған үкімге келіспейтіндігін білдіріп, жоғарғы сотқа дейін шағымданатындығын айтады. Ол «егер билік өзін сайлауға қатыстырмаймыз деп, шешсе мен күресімді жалғастыра берем»,– дейді. «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов пен Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев арасындағы келіспеушілік 31-телеарна арқылы Болат Әбіловтің сұхбатынан кейін туындады. Онда хабардың жүргізуішісі Арманжан Байтасовтың сұрағына Болат Әбілов «Сайлаудың өзі үлкен үлкен коррупция, мысалы өткен сайлауда Тінеккев депутаттыққа түсу үшін жергілікті әкім мен Орталық сайлау комиссиясына 50 мың доллардан беру үшін 100 мың доллар іздеп жүр деп естігем» деп жауап берген. Осыдан кейін Мұхтар Тінекеев Болат Әбілов мен туралы жалған ақпарат таратты деп, оны сотқа берді.
XS
SM
MD
LG