Accessibility links

Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты: «Б.Әбілев М.Тінекеевке 5 млн. теңге айыппұл төлесін» деген шешім шығарды.


Тамыздың 27-сі күні Алматы қалаcындағы Бостандық аудандық соты «Ақжол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбіловке қатысты азаматтық істе «Болат Әбілев мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеевке моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге тиіс» деген шешім шығарды. «Ақ жол» жетекшісі бұл шешіммен келіспейтінін, алдағы уақытта өзінің Алматы қалалық сотына шағым түсіретінін айтып отыр. Ал оны «ар-ожданыма тіл тигізді» деп сотқа беріп, моральдық шығын есебінде 1 жарым миллиард теңге талап еткен депутат Мұхтар Тінекеев сот шешіміне қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Бостандық ауданының соты әділ шешім шығарған жоқ. Мен онымен келіспеймін. Алдағы уақытта қалалық сотқа шағымданамын» дегенді айтты:

- Сот маған 5 миллион теңге айыппұл төлеуге шешім шығарды. Мен қалалық сотқа шағымданамын. Бостандық аудандық соты шығарған шешіммен келіспеймін. Айыппұлды төлемеймін.

Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың көктемінде депутат Мұхтар Тінекеев Болат Әбілевті республикалық телеарна арқылы «Тінекеев парламенттегі орынды 100 мың долларға сатып алды» деген сөзі үшін сотқа берген болатын. Бостандық аудандық соты осы мәселеге қатысты екі бірдей іс қозғап, бұған дейін қылмыстық іс бойынша Болат Әбілевке шартты түрде 1 жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. Біз дәл осы соттың жұма, тамыздың 27-сі күні азаматтық іс бойынша шығарған үкіміне қатысты Болат Әбілевтің үстінен сотқа шағымданушы мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеевке хабарласқан едік:

- Мен сот шешіміне қатысты ешқандай түсінік бермеймін.

«Ақжол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев «билік өкілдері мені алдағы сайлауға қатыстырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда. Бұл ретте мені Мұхтар Тінекеев сотқа бермесе де, басқа амал табылар еді» деген пікір білдірді. Әбіловтың бұл ұстанымымымен республикалық «Отан» саяси партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшісі Болатхан Тайжан да келісетінін айтады:

- Қызығы мен де дәл бүгін сондай ойды ойлап қалдым. Мүмкін шынымен де билік өкілдері сөйтер ме еді деп. Бірақ, себеп болмаса тиісе алмаушы еді. Мәселен қалған оппозиция өкілдері тіркеліп, бағын сынап жатыр ғой. Неге жалғыз Болат Әбілевке соншама жабысу керек оған қарсы күштер?.. Сондықтан жалпы Болат осылай болуына өзі себепкер болмауы керек еді. Өз басым сондай сот ісі болғанына қатты өкінемін. Меніңше, бұл соттың пайда болуына Болаттың өзінің қатысы бар.

Ал «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова: «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев пен мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев арасындағы сот ісі Әбілев парламент депутаттығына үміткер болып тіркелмей тұрғанда басталған болатын. Қазақстан республикасының «сайлау туралы» заңына сәйкес, Болат Әбілевке кандидаттық мандат берілген сәттен сот ісі тоқтатылуы керек еді» дейді:

- Ол кісі кандидат болмай тұрып басталған болатын бұл сот. Ал бірақ кандидат болып тіркелгеннен кейін мынау «сайлау туралы» заңға байланысты бұл кісіге қатысты ары қарай ешқандай шара қолданбауға тиіс. Өйткені, «сайлау туралы» заңда тура солай деп жазылған. Мысалы ресми түрде үміткер болып тіркеліп, қолына куәлік алғаннан кейін, Болат Әбілевке мына республика заңдарына сәйкес қудалануына жол берілмейді. Бірақ, енді оған қарамастан бізде заң орындалмайды. Бізде осындай шаруаның бәрі тек қана Астананың нұсқауымен ғана жүзеге асырылып келеді.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев өзінің әлі үміткерлер тіркеуінен шығарылмағанын, бүгінде сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып жатқанын айтты. «Мен депутаттық орын үшін ақырына дейін күресемін. Өйткені, Қазақстандағы қордаланып қалған мәселелерді тек парламент мінберінен ғана көтеріп, нәтижесінде оң жетістіктерге қол жеткізуге болады» дейді «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев.
XS
SM
MD
LG