Accessibility links

Қазақстанда «Мигрант» атты арнайы іс-шара өтіп жатыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан бойынша ақпанның 17-сінен бастап «Мигрант» атты арнайы шұғыл іс-шара барысында полиция қызметкерлері Қазақстанға кіру және осы елде жүру ережесін бұзған 4,5 мыңдай шетелдік азамат ұстап, жауапқа тартылған. Бұл туралы дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі басшысының орынбасары Олег Ващенко хабарлады.

Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, Қазақстанға кіру және жүру тәртіптерін бұзған осы 4,5 мың шетел азаматының 4110-ы тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін елдерден болса, 265-і алыс шетелден келген азаматтар екен. Олег Ващенконың айтуынша, заң талабын өрескел бұзғаны анықталған 563 шетелдік азамат Қазақстан территориясынан шығарылған. Олардың 27-сі алыс шетелден болса, 563-і ТМД елдерінен келгендер.

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі басшысының орынбасары Олег Ващенконың хабарлауынша полиция қызметкерлері «Мигрант» арнайы іс-шарасы барысында, сондай-ақ, шетелдік азаматтарды Қазақстанға шақырып, жұмыс істететін 1284 кәсіпорын және мекемелерді тексерген. Шетелден арзан жұмыс күшін шақырып, Қазақстанның ішкі заң тәртіптерін бұзуға жол берген 107 жұмыс беруші әкімшілік айыпқа тартылыпты.

«Ал шақырылған шетел азаматтарына дұрыс жағдай жасамаған 722 қазақстандық азамат әкімшілік айыпқа тартылды», - дейді Қазақстанның ішкі істер министрлігінің өкілі.

Оның айтуынша Қазақстанда заңсыздыққа баратын шетелдіктердің көбін ТМД елдері, соның ішінде Қазақстанмен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келетін заңсыз мигранттар құрайды екен. Мысалы, дүйсенбі күні Алматы қаласының полицейлері қаладағы бір құрылыс нысанын тексергенде ешбір құжатсыз жұмыс істеп жатқан 50-дей Өзбекстан азаматтарын ұстаған. Енді олардың мәселесін Алматы қалалық соты шешеді дейді полиция өкілі.

Орталық Азиядағы еңбек миграциясы мәселесін зерттеуші маман Елена Садовскаяның айтуынша, көршілес елдердегі экономикалық жағдайдың төмендігіне байланысты Қазақстанға заңсыз келетін мигранттар саны азаймайды. Өйткені, бұл мемлекеттер бұрын Кеңес одағы құрамында болған, бір-бірін жақсы түсінісетін, ортақ таныстары бар, бір тілде сөйлесе алады, сондықтан да оған қарсы тұру мүмкін емес дейді ол.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің еңбек миграциясы бөлімінің бастығы Сымбат Нұрпейісованың айтуынша Қазақстан жыл сайын шетелден 10 мыңдай азаматқа ғана Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат етеді. Олар көбінесе менежерлер және аса табылмайтын маман иелері болулары керек. Көп жағдайда бұл талап бұзылып жатады дейді ол.
XS
SM
MD
LG