Accessibility links

Мәжіліс отырысында депутаттар «Абай» шахтасындағы қазалы апат жайлы ләм-мим деп ауыз ашпады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қаңтардың 16-күні өткен Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған жарылыс жөнінде бірде бір депутат мәселе көтерген жоқ. Олар тек бір минөт үнсіздік жариялаумен және бір күндік еңбекақыларын қаза болғандардың отбасыларына көмек ретінде берумен ғана шектелді. Отыз адамның өмірін қиған оқиға жөнінде депутаттар неге тіс жармады?

Қаңтардың 11-де Қарағандының «Абай» шахтасында болған жарылыстан жеті адам сол кезде мерт болып, кейін екі адамның мәйіті табылса, кеннің астында қалып қойған жиырма бір адамды үкіметтік комиссия өлдіге санады. Шахталардағы апатты жарылыс Қарағанды кеншітерінде осымен үшінші рет қайталанып отыр. Жұмысшылар компания иелері осыған дейінгі қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз деген уәделерінің бірін де орындамай келеді дейді.

Түгелдей «Нұр Отан» партиясынан құралған мәжіліс депутаттары бұл қайғылы оқиғадан кейін жиналған жалпы отырысында шахтадағы апатқа қатысты қандай да бір мәселе қозғап, қайғылы оқиғаның себеп-салдарына қатысты пікір айтуды қажет деп таппады. Әр сәрсенбі сайын жиналатын мәжілісмендердің кезекті бас қосуында депутаттар қаза болғандарды еске алып бір минөт үнсіздік жариялаумен және бір күндік еңбек жалақыларын қорға аудару туралы шешіммен ғана шектелді.

Қарағандылық мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев жерлестерінің қайғысы туралы мәжілісте мәселе көтермеуінің себебін комиссияның жұмыс істеп жатқандығымен түсіндірді.

«Мәжілістің алты депутаты мен бір сенатор қайғылы оқиға болған жерге барып, көңіл айттық. Ал оқиға орнына не себептен үкімет басшысының бармағаны жөнінде айту маған қиын», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Ерлан Нығматулин қаза болғандардың отбасына барып көңіл айтқан депутаттар сол жерде жұмыс істеп жатқан комиссия мүшелерімен де кездескенін айтты:

- Мәжілісте мәселе көтеріп құр айқайлағаннан ешнәрсе шықпайды, қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Шешімін күтейік, ол қаңтардың жиырма бірінде шығады.

Ал депутат Владимир Нехорошев бұл оқиғаны парламентте көтеруге негіз жоқ деп санайды.

«Жарылыс болды екен деп, қуанып айғайлық па, жоқ әлде жаман деп жылайық па? Мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, кедергі келтірмейік», - деді депутат.

Нехорошевтің сөздеріне қарағанда жарылыс болған «Абай» шахтасына байланысты мемлекеттің барлық тетіктері іске қосылып жұмыс істеп жатыр. «Абай» оқиғасына байланысты Бекболат Тілеухан да әріптестерінің пікірін қолдап отыр.

Депутаттардың шахта жарылыстарына байланысты осылайша үнсіз қалуы бірінші рет емес. 2006 жылдың қыркүйек айында да Қарағандыда шахта жарылысы болған кезде мәжілісмендер бір минөт үнсіздік жариялаумен ғана шектелген еді. Сонда да олар «комиссия шешімі шықсын» деп жылы итеріп қойған. Соңында ол мәселе мүлдем ұмытылып кетті.
XS
SM
MD
LG