Accessibility links

Жікшіл аймақтардың мойындалуы және басқа да даулар


Ресей президенті Д.Медведев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөз сөйледі. 28 тамыз, Душанбе, Тәжікстан.

Ресей президенті Д.Медведев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөз сөйледі. 28 тамыз, Душанбе, Тәжікстан.

Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған Ресейдің бұл шешімі басқа аймақтардағы “әзірше басылған жанжалдарды” қайта өршітуі мүмкін. Өйткені, ол аймақтарда да Ресейдің стратегиялық мүддесі бар.

25 тамыз күні Ресей парламенті (Федерация кеңесі мен Мемлекеттік дума) президент Дмитрий Медведевке қаратып Грузияның екі жікшіл аймағының тәуелсіздігін мойындауға шақырған үндеу қабылдаған соң, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның басшылары Кремлдің шешімін асыға күтті. Д.Медведев те көп күттірген жоқ, олардың тәуелсіздігін мойындау туралы келесі күні қабылдаған шешімі Мәскеудің саяси стратегиясының күрт өзгергенін аңғартты.

Осы айдың басында Ресей армиясының Оңтүстік Осетиядағы соғыс операциясының ізінше жасалған бұл қадам дауы әзірше басылған басқа аймақтарға әсер етуі әбден мүмкін. Ол – Молдованың Днестр жағалауы республикасы мен Әзірбайжанның армяндар басым тұратын Таулы Қарабақ облысы. Осы аймақтарда Мәскеудің стратегиялық мүддесі бар.

Д.Медведевтің өзі кешегі совет кеңістігінің әр түкпіріндегі түрлі дауды қатар қойып салыстыруға асықты. Тамыздың 25-і күні Сочи курортында Молдова президенті Владимир Воронинмен келіссөзі кезінде Д.Медведев бөлінген облысты қосып алу үшін Тбилиси сияқты ресми Кишиневтің де күш қолданбауы керектігін ақырын ғана ескертті.

Д.МЕДВЕДЕВ: - Соңғы уақытта “уақытша басылған” деп аталатын кейбір аумақтағы қақтығыстардың қаншалықты қауіпті болатынын аңғартқан белгілі оқиға болды. Ол Оңтүстік Осетияда әсіресе анық байқалды. Грузия басшылығының басы айналуынан шыққан басқыншылық әрекеттің нәтижесінде ол аймақтағы жанжал асқынып, соғысқа ұласты.
Бұл, тоқетерін айтқанда, қатаң ескерту, баршаға арналған ескерту болды. Қазіргі барлық жанжалға да біз осы тұрғыдан келуіміз керек деп есептеймін.
Ресей мен Молдова президенттері Сочиде келіссөз өткізді. 25 тамыз, 2008 жыл, Сочи, Ресей.

Оңтүстік Осетиядағы жанжал "Мәскеу Ресейге қосылуға ұмтылатын Днестр жағалауының да тәуелсіздігін мойындамай ма?"деп Молдованың үрейін туғызды. Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындау, әрине, егер Молдова басшылығы Грузияның Оңтүстік Осетиядағы басқыншылығына қарсылық білдірмесе, онда ресми Кишиневпен барлық қатынасын үзетінін мәлімдеген Днестр жағалауы мен оның жікшіл басшылығының үмітін оятты.

Бірақ Днестр жағалауындағы адам құқын қорғайтын қайраткер Григорий Воловой атап көрсеткендей, Ресейдің Днестр жағалауының тәуелсіздігін мойындай қоюы екіталай.

Г.ВОЛОВОЙ: - Халықтың басым көпшілігі егер Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігі мойындалса, онда Днестр жағалауы да соған үміт арта алады деп есептейді. Алайда, бұл жердегі ахуал тіпті басқаша. Басқаша болғанда, Днестр жағалауында грузин-абхаз және грузин-осетин қатынасына тән этникалық жанжал жоқ. Және де Абхазия мен Оңтүстік Осетияда болған ең басты мәселе – Днестр жағалауының Ресеймен ортақ шекарасы жоқ”.

Днестр жағалауынан басқа Таулы Қарабақ жанжалы тағы бар. Бұл даулы жер – халқының басым көпшілігін армяндар құрағанымен де, Әзірбайжанның шекарасына қарайды және өзге даулардан айрықша.

Абхазия мен Оңтүстік Осетияға немесе Днестр жағалауына қарағанда, Таулы Қарабақ халқының орыс паспорттары жоқ және Ресейден қамқорлық іздемейді. Таулы Қарабақтың аңсағаны – тікелей тәуелсіздік алу немесе Арменияға қосылмау.

Армения мен Әзірбайжан шенеунектері Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы іс-қимылын үнсіз бақылады. Ресми Баку Таулы Қарабақты өз билігіне қайтарғысы келеді және даулы жерін күштеп қайтару үшін қарулы күштерін нығайтты.
Армян жауынгерлері Әзірбайжан шекарасынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Газах ауданындағы күнделікті әскери жаттығуын өткізу үстінде. 12 шілде, 2008 жыл, Армания.

Бірақ ресми Баку Мәскеудің ызасын туғызбауды ойлады ма, соңғы апталарда Ресейге қарсы ашық пікір айтпады. Бірақ Әзірбайжанның саясаттанушылары мен журналистері Ресейдің Грузияға қарсы соғыс операциясын аянбай сынға алды. Солардың бірі – бұрынғы Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиевтің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі болған Вефа Қулу-заде.

В.ҚУЛУ-ЗАДЕ: - Менің ойымша, Ресей таулы Қарабақтағы жанжалды желеу етіп, басқыншылық операциясын Әзірбайжанға да қарсы қайталауы мүмкін. Арменияның туын тігіп қойып, Әзірбайжан жерінің 20 пайызын билеп отырған – Ресей, осы проблеманың кез-келген шешімін табуға бөгет қойып отырған да Ресей.
Ресей бұл жанжалдың басылуын қаламайды. Өйткені, бұл жанжал Ресейге Әзірбайжанды мазалап отыру үшін, Әзірбайжанды Ресей империясының құрамына қайта қосып алу үшін қажет.

Ресеймен әлдеқайда тығыз байланысы бар Армения Кавказдағы жанжалды қолдауға асықпады. Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде Ресей Арменияның қарулы күштеріне жәрдем берді және қазір Арменияда соғыс базасы бар.

Әзірбайжанның бай энергоресурстарына Ресейдің қол жеткізуге ұмтылуы да Таулы Қарабақ дауын Әзірбайжанның пайдасына қарай шешілуіне тосқауыл болып, Арменияның мүддесіне тиімді болды. Басқа жағынан келгенде, теңізге шығатын жолы жоқ Армения сыртқы сауда қатынасында, оның ішінде Ресей мұнайын импорттап алу үшін Грузияға тәуелді болып отыр.

Ресейдің Оңтүстік Осетиядағы соғыс қимылдары Әзірбайжанды да Таулы Қарабақты босату мақсатымен дәл сондай соғыс операциясына ынталандырмай ма? Кавказдағы соғыс Арменияны осындай ауыр ойға қалдырды. Бірақ Лондонда тұратын Кавказ бойынша сарапшы Том де Ваал (Tom de Waal) армяндардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ деп есептейді. Оның атап көрсетуінше, Кавказдағы соғыс қимылдары күйзеліске, қырғанға ұшыратып, қаншалықты қаупті болатынын көрсетіп, Әзірбайжанға үлкен сабақ болды.

Дегенмен де, -деп санайды Том де Ваал, - Дмитрий Медведевтің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауы – Таулы Қарабақтың тағдырына әсер етпей қоймайды. Бірақ 15 жылдан астам уақыттан кейін күн тәртібіне қайта қойылған бұл проблеманың бейбіт шешімін табу бұрынғыдан әлдеқайда күрделі болатын түрі бар.

Жалпы Том де Ваалдың атап көрсетуінше, Ресей мен Грузия әскерлерінің Оңтүстік Осетиядағы қақтығысы бүкіл дүние жүзіндегі уақытша басылған даулардың бейбіт шешімін табуды көздеген іс-қимылға ауыр соққы болып тиді.
XS
SM
MD
LG