Accessibility links

Обама мен Маккэйннің алғашқы пікірсайысы өтті


Обама - Маккэйн пікірсайысы, 26 қыркүйек, 2008 жыл.

Обама - Маккэйн пікірсайысы, 26 қыркүйек, 2008 жыл.

Жұма күні кешкісін болған АҚШ президенттігінен үміткерлер – демократ Барак Обама мен республикалық Джон Маккэйннің бірінші пікірсайысы негізінен сыртқы саясат мәселелеріне арналды. 4 қарашадағы президенттік сайлауға дейін тағы екі пікірсайыс жоспарланған.

Сайлау алдындағы пікірсайысының Миссисипи штатының Оксфорд қаласындағы бірінші сатысында қос үміткер – демократ Барак Обама мен республикалық Джон Маккэйн – Ресейдің Грузиядағы іс-қимылын өткір сынға алды.

Сөйтіп АҚШ-тағы қос партияның президенттік сайлауға түсіп отырған екі үміткерінің пікірлері мен көзқарасы бір жерден шыққан жалғыз мәселе, ол жоғарыда айтылғандай, Ресейдің Грузияға қатысты іс-қимылын Маккэйн де, Обама да Ресей тарапынан дұрыс әрекет болмады деп бағалады.

Обама “өктемшіл Ресейді” аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қатер” деп атаса, Маккэйн Ресейді “іс-қимылдың халықаралық ережелерін сақтауға” шақырды.

АҚШ пен Ресйе қарым-қатынастарын қалай бағалайсыз деген сауалға жауап бере келіп, Обама Ресейдің өз көршілеріне қатысты мінез-құлқына алаңдаушылық білдіретінін айтты.

-Соңғы айлар мен апталарда не болғанына назар аудара келіп, біздің дамып келе жатқан Ресейге қатысты бағалауымыз- ол өте агрессивті және аймақтағы тұрақтылық пен тынышытыққа қауіп төндіруші деп айтуға тиістіміз. Олардың Грузиядағы қимылдары жол беруге болмайтын әрекет еді,- деп атап көрсетті Обама.

Маккэйн де Ресейдің Грузияға басып кіруін сынап, бұл Ресейде бұрынғы КГБ офицері, қазіргі премьер-министр Путин бастаған бағыт деп атап көрсетті.

Ол сондай-ақ Грузиядағы жанжалдан кейін АҚШ Украинадағы жағдайларды жіті бақылап отыруы керек деді.
Екі үміткер де НАТО мен Украинаның және Грузияның арасындағы байланыстың нығаюын қолдайтындығын айтты..

Президенттіктен үміткер кандидаттар арасындағы басты тақырыбы сыртқы саясат болған пікірталастың барысында негізгі қайшылық Ирақтағы соғыс пен Иранға қатысты саясат төңірегінде туды.

Обаманың айтуынша, АҚШ ең бірінші Иранның ядролық қару иеленбегендігіне көз жеткізуі керек. Ол сондай-ақ Ресей мен Қытайдың қолдауынсыз БҰҰ-ның Теһранға қарсы санкцияларын жылжыту қиын болады дегенді алға тартты. Демократтар кандидаты Теһранмен терең қарым-қатынас орнатуға шақырды. Егер президент болып сайлана қалсам, Иранмен тікелей дипломатиялық байланыстар орнатар едім деген Обаманың айтқандарын Маккэйн "ашықауыздық "деп сынады.

Екі канидатқа да Ирақтағы соғыс турасында және бес жарым жылдан астам уақытқа созылып бара жатқан осы соғыстан АҚШ қандай сабақтар алды деген тұрғыда сұрақтар қойылды. Бұған Маккэйннің жауабы төмендегідей болды:

-Мұндағы стратегия табысты болды, біз Ирақта жеңіске жетіп келеміз. Және біз ол арадан жеңіспен, мақтанышпен қайтатын боламыз.

Ирақ соғысынан қандай сабақ алынды дегенге қатысты Обама:

-Mенің ойымша, біз әскери күш қолданудан ылғи да бас тарта бермеуіміз керек деп ойлаймын. АҚШ халқын сақтап қалу керек болса, президент ретінде ондай қадамға мен де барар едім. Бірақ Ирақта біз өзіміздің әскери күшімізді ақылмен, тиімді пайдаландық деп ойламаймын,- деп атап көрсетті.

Обама да, Маккэйн де пікірсайыстың негізгі тақырыбы сыртқы саясатпен қатар елдегі қаржы дағдарысымен күресу жолдарын да талқыласты.

4 қарашада өтетін сайлауға дейін олар тағы 2 пікірталас өткізеді.
XS
SM
MD
LG