Accessibility links

Полиция тоғыз шабуылдаушыны “жойғанын” хабарлады


Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі. Кеңқияқ, 1 шілде 2011 жыл.
Кеңқияқ ауылындағы полиция бөлімшесі. Кеңқияқ, 1 шілде 2011 жыл.

Шілденің 8-і жұма күні кешкі сағат тоғыз шамасында Кеңқияқ ауылында полицейлерді өлтірген күдіктілердің ізіне түсу барысында тағы бір сарбаз мерт болып, бірнешеуі жараланған.

Жұма күні Кеңқияқ кентінің Мұнайшылар көшесінде орналасқан үйлердің бірін тексеру кезінде оққа ұшқан полиция қызметкерінің майор шеніндегі Айболат Иманбаев екені шілденің тоғызы күні ресми түрде жария етілді. Үйден оқ атқандар бұдан бөлек полиция сержанты Тұрарбек Ешпағанбетовты жаралаған деп хабарлайды "Қазақпарат".

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Алмат Иманғалиев қарсылас жақтан тоғыз адамның оққа ұшқанын айтты.

- Қарсылас жақтан тоғыз адам жойылды, - деді Алмат Иманғалиев шілденің 9-ы күні Азаттық тілшісіне.

Кеңқияқ ауылы тұрғындарының айтуынша, атыс кезінде гранатомет пен БТР сияқты қару түрлері қолданылған. Ауыл тұрғыны Ардақ Құбашеваның айтуынша, кешкісін басталған атыс таңға дейін жалғасқан.

- Бірнеше сағат бойы мылтық дауыстары естіліп тұрды. Ақтөбеден дәрігерлер келді. Олар кеше кеткен болатын. Бірақ кешкісін қайта келді. Атыс орталық көшелердің бірінде болды, - дейді Ардақ Құбашева.
Алмат Иманғалиев, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы. Ақтөбе, 4 шілде 2011 жыл


Оның айтуынша, қазіргі таңда қауіпсіздік мақсатында ауылда газды өшіріп тастаған. Тұрғындардың тіпті ауыз суға да қолы жете алмай отыр.

- Ал ауа райы болса, 40 градустан жоғары ыстық. Тұрғындардан маза қашқан. Көшеге шықпауға тырысады. Ал атыс болған жердегі үй қираған деп айтып отыр, - дейді Ардақ Құбашева.

Азаттық тілшісі Кеңқияқ ауылының әкімшілігі мен полициясына хабарласқанмен ешқандай жауап ала алмады.

Маусымның 30-ынан шілденің біріне қараған түні Ақтөбе облысындағы Шұбарши ауылында екі полиция қызметкерін белгісіз біреулер атып кеткен болатын. Бірнеше күннен кейін осы қарулы топпен атыста тағы бір арнайы жасақ сарбазының мерт болғаны белгілі болды.

Осы апта басында Ақтөбе полициясы құқық қорғау қызметкерлерінің өліміне қатысы болуы мүмкін ақтөбелік алты азаматтың атын атаған болатын.

Дүйсенбі күні Ақтөбеде баспасөз жиынын өткізген ішкі істер департамент өкілдері жексенбі күні осы күдіктілердің бірінің ағасы оққа ұшқанын да хабарлаған еді.

Ақпарат бойынша, күдіктілерді ұстауға ішкі әскери бөлім солдаттары, ішкі істер министрлігінің «Сұнқар» мен «Бүркіт» атты екі арнайы жасағы және ақтөбелік «Арлан» мен «СОБР» атты арнайы жасақтар жұмылдырылған. Операцияға сонымен бірге әскери әуе көліктері де тартылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG