Accessibility links

Астанада пастор Қабдуақасов екі жылға сотталды


Протестант пастор сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

ВИДЕО: Протестант пастор сотталды

Астана қалалық соты бүгін "Жетінші күн адвентистері" шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасовты "діни алауыздық қоздырды" деп айыптап, екі жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттықтың Астанадағы тілшісі хабарлады. Судья осылайша прокурордың бұған дейін Сарыарқа аудандық сотының Қабдуақасовқа шығарған үкіміне қарсылығын ішінара қанағаттандырған. Қабдуақасовқа жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілді.

Сот Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдықованың пасторды ақтау туралы шағымын қанағаттандырмай тастады. Қабдуақасовты сот залынан қамауға әкетті.

Сарыарқа аудандық 2-соты қарашаның 9-ы күні Қабдуақасовты «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабы (бұрынғы кодексте – 164-бап) бойынша айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарған.

Кейін Шалдықова сот үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты ақтау туралы апелляциялық шағым түсірген және сот материалдарындағы пасторды "діни алауыздық тудырды" деп айыптауға дәлел ретінде ұсынылған бірнеше аудио таспаны қайта тыңдауды сұраған. Прокурор К.Қамалбек адвокат өтінішіне қарсылық білдірсе де судья "сот тергеуін қайта қозғауға" қаулы етіп, аудио таспаны қайта тыңдатқан.

Прокурор Сарыарқа аудандық сотының бұл шешіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты 6 жылға соттауды сұраған.

Гүлмира Шалдықова Азаттыққа бүгінгі сот үкімін "тым қатаң жаза" деп бағалап, пасторды екі жыл бас бостандығынан айыру туралы үкімге келіспейтінін айтты. Адвокаттың сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан жоғарғы сотына шағымдану жайын ол Қабдуақасовпен ақылдаспақ.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған еді. Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG